«Аппалон дәрігердің, Аклепийдің, Гигиел мен Панакеяның және түрлі тәңірлер мен тәңіриялардың атын атап, оларды куәға тарта отырып, мына серт пен жазбаша шартты шама-шарқымның жеткенінше адал орындауға ант етемін: өзіме дәрігерлік өнерін үйреткен кісіні ата-анаммен бірдей көремін, оған барымды бөліп беремін, әрі қажет жағдайда оның жоғын табуға көмектесемін; оның ұрпақтарын бауырларым деп есептеймін, егер олар осы өнерді үйренгісі келсе, оларға тегін әрі ешқандай шарт жасаспай-ақ сабақ беремін; оқу үстінде айтар ақылымды ауызша сабақтар мен ілімдегі қалған жайлардың бәрін өз балаларыма, ұстазымның балалары мен медицина заңы бойынша серттескен, ант беріскен шәкірттеріме хабарлаймын, басқа жанға айтпаймын. Аурулар режимін, зиян келтіру мен қиянаттан бойымды аулақ ұстай отырып, шама-шарқымның барынша оларға пайдасы тиетіндей етіп жасаймын. Ешкімге кісіні өлімге ұшырататын дәрі бермеймін, әрі оны жасау тәсілін көрсетпеймін; тап осылай әйелге түсік түсіретін пессарий ұсынбаймын. Өмірде де, өнерде де таза әрі адал боламын. Тас ауруымен сырқаттанғандардың денесін ешқашан кеспеймін, мұны осы іспен айналысатын кісілерге тапсырамын. Қайсы үйге кірсем де аурудың қамын ойлаймын, әдейі қиянат пен қастандық жасаудан, әсіресе әйелдер мен еркектер, азат адамдар мен құлдар арасындағы махаббаттан аулақпын. Емдеу кезінде, сондай-ақ емдемеген кезде де, адам өмірінің ішіндегі мүлдем жариялауға болмайтын жайларды көргенімді немесе есіткенімді құпия есептеп, жан баласына айтпаймын.
Антты бұлжытпай орындағаным үшін өмірде де, өнерде де бақытты болып, ел арасында мәңгілік даңққа бөленгеймін; Жалған ант беріп, қылмыс жасағандарды ант атсын».
Азат басын жастықтан жұлып алды. Ауа жетпей бастырылып қалған екен: екі иығынан ентігіп дем алады. «Ант атсын!.. Ант атсын!.. Ант атсын!..» Құлағы шың-шың етеді. «Пыссымылла, пыссымылла», − деп ішінен бірнеше мәрте қайталап қойды. Біраз уақыттан соң бөлме ішіндегі қараңғыға да көзі үйренейін деді. Қолаң шашы дудырап, оң қолын кереуеттің сыртына сермей тастап, шалқасынан түсіп ұйықтап жатқан әйелінің бетіне үңіліп қарады. Жоқ, бәрі орнында. Ендеше жаңағының бәрі түс болды ғой. Иә, түс. Бірақ анау... әлгі «Гиппократ анты ше?». Тұп-тура. Сонда қалай? Азат осы антты институт қабырғасында оқып жүрген кезінде, түу, осыдан жиырма бес жыл бұрын қабылдаған. Түсінде соның бәрін сөзбе-сөз қайталап шықты. Неге бұрын түсіне кірмей, бүгін кіреді? Кенет Азаттың есіне кешегі емханадағы істеген ісі сап ете қалды.
...Осы айдың басында Азаттың жеке емханасына бір ауру адамды әкеліп туысқандары жатқызды. Жүректің астын ала сол жақ қабырғасына оқ тиген. Азат мәнісін суыртпақтап сұрап еді, туысқандары аң аулап жүргенде қаңғыған оқ тиіпті-мыс деп жауап қайырды. Жүзіне қарасаң жап-жас жігіт. Шамасы Азаттың ұлымен жасты. Бірақ дене тұрқысы тым ересек. Байқұсты емханаға әкелгенше көп қан жоғалтқан екен. Үш апта өз-өзіне келе алмай жатты. Бір күні о баста осы жігітті емханаға әкелген туысқандарының бірі келіп, «жағдайы қалай?», − деді. «Жағдайы аса мәз емес. Өте көп мөлшерде қан жоғалтқан. Бірақ бар күшімізді салып жатырмыз», − деді бұл. «Байқұс бала қатты қиналды ғой, − бейтаныс адам қалтасынан қол орамалын алып көзін сүрткен болып, − жүріңізші былай», − деп бұны сыртқа қарай сүйрей жөнелді. «Аға, − деді сосын сыртқа шыққанда, − бұл баланы қинамай-ақ қойыңызшы». Азат әуеліде түсінбей қалды. «Қалай қинамай-ақ қойыңызшы?». «Енді, − анау төменге қарады, − енді, укол салып дегендей.., жанын тынышталдырыңызшы». «Қой, жігітім, сен не айтып тұрсың? Бұл дегенің қып-қызыл қылмыс қой. − Осы уақытқа дейін жүзден астам қызға түсік жасап берсе де бірде-бір адамның өмірін қыршынынан қиып көрмеген Азат шынымен-ақ шошып кетті. − Ө-ө-өзінің інісіне адам жамандық ойлай ма екен? Біз оны қайткенде де тірі алып қаламыз». «Ағасы, − беті-басы безеуленген қара жігіт кішкене қара сөмкесіне қолын салды да бір бума ақша алып шықты. Ақша болғанда, кәдімгі американың жап-жасыл доллары, дәл ортасынан сары резеңкемен буылған, − ағасы, мұнда он мың доллар. Әзірге ала тұрыңыз. Ал, кешке ана ініміздің сүйегін алып кетуге келетін жігіттер тағы да он мың доллар тастап кетеді. Келістік қой?!» Ол кері бұрылып, аула сыртында тұрған сүліктей қара немістің темір тұлпарына қарай беттеді. Жете бергенде мәшиненің алдында отырған жас жігіт атып шығып, әлгіге артқы есікті ашып, ол ішке отырған соң ілтипат жасай иіліп, еппен ғана есікті жапты. Сонда ғана Азат істің мәнісіне түсінгендей болды. Бірақ жиырма мың долларды бұған кім бір күнде беріп жатыр?
Ауру жігітті өзім қараймын деп басқа дәрігерлерді бөлмеден шығарып жіберді де, есікті іштен бекітіп алды. «Ақшасын жақсылап төлеген болуы керек. Главный врачтың өз қолына алуына қарағанда», − деп екі дәрігер дәлізге шыға бере сыбырласты. Естіп тұрса да Азат үндеген жоқ.
Екі дүниеден де бейхабар, келгелі бері кірпігі де қимылдамаған, тек жүрегінде ғана әлсіз тіршіліктің нышаны сақталған жас жігітке қан тамырлары арқылы құйылып жатқан системалардың шлангтарын түгел суырып алды. Біраз уақыт жүрек соғысының жиіліктерін көрсететін аппаратқа қарап отырды. Жоқ, бағанағыдай емес, жиіліктердің биіктіктері төмендей бастады. Бұл − жүрек соғысының баяулағанын көрсетеді. Азат орнынан тұрып, үстел үстінде бей-берекет шашылып жатқан шприцтердің бірін алды да басына болат ұшты инесін кигізе қойды. Жан баласына көрсетпей өз кабинетінен әкелген уколдың қақпағын ашты, сосын шайқап-шайқап жіберді де ұшы тесік инемен шыны құтыдағы сұйықтың бәрін шприцпен сорып алды. Дәрігер атаулының қанына сіңген әдетпен шприцтің ине кигізілген басын жоғары қаратып шертіп қойды да, ауасы шығып кетсін дейтін түсінікпен шприцтің тұтқасын басты. Сұйық дәрі иненің ұшына жетті-ау деген сәтте төсекте талықсып жатқан жігіттің жанына келді. Бойын бұрын-соңды болмаған үрейлі діріл билеп алған. «Адам өлтіру оңай дейсіз бе?!»
«Жаның жәннәтта болсын бауырым!». Азат бос қалған шприцті темір қалбырдың ішіне тастай салды да, шеткері тұрған орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Қол-аяғын билеген діріл әкетіп барады. Жүрегі лоблып, құсқысы келетін сияқты. Бағанадан бері адам денесіндегі тіршіліктен бірқалыпты, баяу белгі беріп тұрған кардиологиялық аппараттың дыбысы жылдамырақ шыға бастады. «Тың-тың-тың-тың». Азат екі құлағын тарс бекітіп алды. Бірақ әлгі дыбыс та қояр емес.
Қанша уақыт отырғаны белгісіз, құлағын жауып алған екі қолын босатса, бағанағы үзік дыбыс бірыңғай әуенге көшіпті. Аппараттың экранына қарап еді ирелеңдей өрілетін өркешті сызықтың орнына түп-түзу сызық пайда болыпты. «Бәрі бітті. Кешір мені Жаратқан! Сен де бауырым». Ол қиралаңдай басып бөлмеден шығып кетті.
* * *
Таңғы асқа отырған үшеуінде де үн жоқ. Көрер таңды көзбен атқызған Азаттың көзінің айналасы көлкілдеп ісіп кеткен. Мазасы да қашып тұрған тәрізді. Сабағыма кешігіп қаламын деп баласы алдындағы асын шала-пұла асап жатыр. Шай құйып отырған әйелі ғана асықпағандық кейіп танытады.
− Пап, а, пап, − деді ұлы Марат.
− Не болды, балам
− Көзіңіз неге ісіп кеткен?
− Жәй, әншейін, ұйқым келмей.., оның үстіне кеше қатты шаршадым.
− Әкеңнің жұмысы қиын ғой балам. Үнемі елдің қамын ойлап жүргені. Өлейін деп жатқан адамдардың жанын сақтап қалу оңай шаруа емес қой, − деді шай құйып отырған Тоғжан.
− Пап, машинаны бүгін мен айдайыншы.
− Қайда барайын деп едің?
− Ешқайда бармаймын, просто, қазір біз зауытта практикадан өтіп жатыр едік. Сәл алыстау.
− Жарайды, бірақ байқап жүр. Алматыда машина тым көп. Сен біреуді қақпағаныңмен, сені біреу қағып кетуі мүмкін.
− Иә, абайлап жүрші балам. Мәшинесі құрысын, өзіңе абай бол, − деді анасы әкесін қоштап.
− Құдай сақтасын. Ештеңеге ұрынбаспын. Әумин, − деді ұлы дастархан басынан тұра бере бетін сипап.
− Кілт айнаның алдында тұр. А-а, айтпақшы, Марат, практикаңнан шыққаннан кейін уақытың болса машинаны техосмотрдан өткізіп алшы, − деді Азат төргі бөлмеге қарай өтіп бара жатқан ұлына.
− Ага, келістік пап.
Жұмысқа келгеннен кейін байыз тауып бір орында отыра алмады. Кабинетінің ішінде сенделіп жүрді де қойды. Өзінің жеке қарауындағы пациенттеріне кіріп шықты. Бәрі дұрыс. Бірақ құрғыр көңілі әлі өрекпіп тұр. Басылар емес. Жанын қоярға жер таппайды. Бұрышта тұрған теледидарды қосып еді, тұщымды ештеңе жоқ екен. Арналарды ары-бері ауыстырып көрді де қайтадан сөндірді. Ақырғы тапқан ермегі күнгей жақ қабырғада ілулі тұрған Қазақстанның картасы болды. Батыс пен Шығыстың, Оңтүстік пен Солтүстіктің біраз қалалары мен ауылдарын шарлап шықты. Сосын Іле өзенінің бойындағы өзінің туған жерін біраз айналшықтап тұрды. Есіне бірнәрсе түсіп кеткендей жұмыс үстелінің үстіндегі сауыт тәріздес қорапшаның ішіндегі қызыл қою қаламсапты алып, туған ауылының атын бояп қойды. Өз ісіне масаттанған бала сияқты қызыл түске боялған Алматы мен Астана қалаларынан кейін тұрған өзінің ауылының атын қызықтай қарады. Тұра-тұра аяғы талғаннан соң өз орнына жайғасты. Шаршағаны да анық сезіліп тұр. Табанында дөңгелегі бар жылжымалы орындығының арқалығын түсіріп, шалқая жатқаны сол еді, кірпіктері айқасып, қалғып кетіпті.
− Азат Каримович, Азат Каримович. − Жұмысқа тұрғанына жаңадан ғана апта болған Жанар есімді хатшы қара қыз тақылдап тұр екен. − Азат Каримович, сізге бір кісі келіп тұр. Кірсін бе
− Не қылған адам?
− Білмеймін. Сізбен сөйлессем дейді.
− Жарайды, кірсін.
Есік тарс жабылды. Арғы жақтан хатшы қыздың сөйлеп жатқаны еміс-еміс естіледі.
− Ассалаумағалейкум, ағасы, − деді есікті еппен ғана жапқан ақсары жігіт. Өңі қашып тұр. Шамасы отыздың о жақ, бұ жағына шығып қалған-ау.
− Уаликім, − деді Азат жас жігіттің қолын ала бере жүзіне тура қарап, − иә, не шаруамен жүрсіз? Айта отырыңыз. Келіңіз, мұнда жайғасыңыз.
− Аға өз басым жұмыс істемеймін. Шиттей төрт балам бар. Әйелім де жұмыс істемейді, баламен отыр. Оларды асырап жүрген жалғыз мәшинем бар еді. − Ол сәл ойланып қалды.
«Бұны несіне маған айтып отыр? Әлде көмек сұрап келген туыс-муыс, жекжат-жұрағаттың бірі ме? Әй, осыларда алақан жаюын қоймайды екен».
− Өзім ала таңның атысынан қас қарайғанға дейін таксовайт етемін.
− Кешіріңіз, мен сіздің не айтпақ болғаныңызды түсіне алмадым?, − деді Азат бұдан әрі оның әңгімесін тыңдауға құлықсыз екенін сездіріп.
− Общем, ағасы...
− Тоқ етерін айтыңызшы.
− Қысқасы ағасы, бағана үйдегі бала-шағаға нәпақа іздеп қара жолға шыққам. Сосын қарғыс атқыр осы көшеге түсе қалмаймын ба. Мен жүріп келе жатқан көше главный болғасын мәшиненің жылдамдығын қаттырақ басқам. Кенет күтпеген жерден, қайдан пайда болғанын өзім де білмеймін, бір қуыстан жасыл «тойотаның» атып шыққаны. Рөлде жап-жас бала. Мен қанша тежегішті басқаныммен, машина сырғанаған күйі оны бүйірден соқты.
− Сөздің қысқасы, авария жасадыңдар. Анау «тойотадағы» жас бала кінәлі, да?, − деді Азат алдындағы отырған жігіттің жүзіне барлай қарап.
− Иә, әрине ол кінәлі. Бірақ бала қатты жарақаттанды. «ГАИ-ға» да хабарламадым. «Жедел жәрдемді» шақырып, келгенін күтсем жүріп кететін сияқты. Сосын елдердің айтуы бойынша жақын маңда сіздің емханаңыз бар екенін білдім де, әлгі баланы осында алып келдім. − Ол терең тыныстап бір дем алып алды. − Осыдан бір сағат бұрын әкелгем, врачтар операция жасамас бұрын ақшасын төле деп отыр.
− Ну, и что, бұл мемлекеттік емхана емес қой. Біз частныймыз. Осы операциядан түсетін ақшаға күн көріп отырмыз.
− Дұрыс, ағасы, мен сізді түсініп отырмын. Бірақ менде тап қазір операцияға төлей қоятын екі мың доллар жоқ. Бағана айттым, бала-шағамды таксовайтетіп асырап жүрмін деп.
− Не, ол баланың ата-анасы жоқ па? Неге ақшасын сен төлеу керексің? Солар төлесін, − деп үстел үстіндегі жасыл телефонды басып қалды да, − Жанар, маған емханаға жаңадан түскен пациентті қарап жатқан дәрігерді шақырып жіберші, − деді. Телефондағы дауыс құмығып естілді: − Жақсы, Азат Каримович.
− Енді маған не істе демексіз? − Азат алдында отырған жігітті жаңадан көріп тұрғандай таңырқай қарады.
− Не істе дегенде... сіздер операциясын жасай берсеңіздер. Мен баланың әке-шешесін тауып алып, жағдайды түсіндіріп айтып, ақшасын әкеп берер едім. Шындығы керек, қатты қиналып тұрмын. Өзіңізді менің орныма қойып көріңізші. Менің басыма түскен іс сіздің басыңызға түссе...
− Неғып түседі менің басыма?! Никогда түспейді!, − деді Азат ала-шапқын ашуланып. − Қайдан табасың ол баланың туғандарын?!
− Мен бағана оның документтерін алып қалғам. − Жігіт төс қалтасындағы әмиянды суырып алды да Азаттың алдына қарай ысырып қойды.
Азат қызғылт-күрең амиянның ішкі қалталарына салынған құжаттарды енді аша бергені сол еді, кабинетіне осы емханадағы өзінен кейінгі аса мықты, әрі тәжірибелі деп саналатын Ақыл Манасұлы кіріп келді.
− Келіңіз, Ақыл Манасович, отырыңыз, − деді Азат өзінің оң жағындағы бос тұрған орындықты нұсқап.
− Шақырған екенсіз, келіп қалдық.
− Аһа, рахмет келгеніңізге. Ақыл Манасович, жағдай былай болып тұр. Сіз қабылдап алған бала автокөлік авариясына түскен екен. Бірақ мына кісінің айтуына қарағанда бала өзі кінәлі сияқты. Енді бұл кісі операцияға төлейтін менде ақша жоқ деп отыр. Не істейміз?
− Жасайсыңдар ма жасамайсыңдар ма?! Маған соны айтыңдаршы?! − Ақсары жігіт ашудан қалш-қалш етеді. − Адам мына жақта өлейін деп жатса, сендер ақша сұрап отырсыңдар!
− Кешіріңіз, ашуланбаңыз, сабыр сақтаңыз. Сабыр, сабыр. Бұл сізге айқайлайтын өз үйіңіз емес. Бұл емхана, − деді Азат жігітті сабасына түсірмек оймен.
− Қайдағы емхана, бұл − нағыз адам өлтіретін жер! Сендер өстіп езіліп отырғанда ана жақтағы ақ халаттылардан үміт күтіп жатқан байқұстар бақилық боп кетеді!
− Қойыңыз, тіл тигізбеңіз. Дәрігер атаулы адам жанының арашашысы. Ақ халатты абзал жандар...
Ақыл сөзін аяқтай алмай қалды.
− Қайдағы адам жанының арашашысы?! Анда бала өлейін деп жатыр, мұнда сендер өздеріңді адам жанының арашашысымын деп бөсіп отырсыңдар. Ақ халатты абзал жаннан садақа кетіңдер, албасты жан... Еще «Гиппократқа» ант береді. Адал боламыз деп.
− Отырыңыз! − Азат орнынан атып тұрды. − Отырыңыз!..
− Ақыл Манасович, − деді Азат араға орнаған сәл үнсіздіктен кейін, − баланың жағдайы қалай?
− Жағдайы мәз емес. Ауыр хәлде. Операцияға өзіңіз түспесеңіз болмайды. Іш құрылыстарының бәрі аса қатты жарақаттанған. Ішке қан ұйып қалған және де менің болжауым бойынша ішектер үзілген сияқты.
− Айналайын ағатайлар-ау, тезірек операциясын жасаңыздаршы. Әлі аузынан ана сүті кеппеген бала ғой. Ең құрығанда өмірін сақтап қалыңыздаршы. Мен сіздерге ақшасын екі есе қып төлейін. Уәде берем.
Жас жігіттің жалынышты үнінен екеуі мырс етіп күліп қойды.
− Жарайды, өзіңіздің құжаттарыңызды тастап кетіңіз. Біз сізді осында күтіп отырамыз. Қашан ақшасын толық төлейсіз, сол кезде операция басталады.
Осы кезде телефон безілдеп қоя берді.
− Алло, − деді Азат тұтқаны құлағына тақай бере, − иә, иә, мен. А-а, Ақыл Манасович па, ол да менде отыр. Не боп қалды? Жағдайы ауырлап бара жатыр. Жақсы, түсінікті.
Ақыл орындығынан көтеріліп кетті.
− Азат Каримович, бағанағы бала ма?
− Иә, жағдайы қиындап бара жатыр екен. Тез барыңыз. Артыңыздан мен де барам.
− Дәрігер мырза, маған ана баланың құжаттарын берсеңіз. Әйтпесе мен оның адресін, ата-анасын қалай табам? − деді ақсары жігіт кетуге ыңғайланып.
− Ә, иә, қазір берем. − Орнынан көтерілген Азат шашылып жатқан қағаздардың арасынан қызғылт-күрең әмиянды алды да ішкі қалтасында тұрған жеке төлқұжатты суырып алды. Кенет көзі шарасынан шыға жаздап бақырайып кетті. Тұп-тура айнымаған өз баласы. Төлқұжаттың суретіндегі. Тағы да бажайлап қарады. «Тегі: Каримов. Аты: Марат». Өмірінде бір мәрте болса да Алланың атын атап көрмеген Азат бірнеше секундтың ішінде құдайға мың мәрте жалынып, қалған мәліметтердің сәйкеспеуін тіледі. Көзін бір саты төменге салды. «Әкесінің аты: Азатович. Туған күні, айы, жылы: 07.11.1986». Азат сылқ етіп отырып қалды.
Осыдан жиырма бес жыл бұрынғы, сона-а-а-у студент кезіндегі қабылдаған анты қайта-қайта құлағына келе береді: «Антты бұлжытпай орындағаным үшін өмірде де, өнерде де бақытты болып, ел арасында мәңгілік даңққа бөленгеймін; Жалған ант беріп, қылмыс жасағандарды ант атсын!».
Ақсары жігіт түкке түсінбеген күйі аңырып тұр. Кенет алдындағы дәрігер орнынан атып тұрып, сыртқа қарай жанұшырып жүгіре жөнелді. Бұл да артынан жүгіріп шыққан. Дәрігер дәлізді бойлай, операциялық бөлмені бағыттап, құстай ұшып барады екен. Бұл орнында тұрып қалды. Бәрібір бөтендерге кіруге болмайды.
«Жалған ант беріп, қылмыс жасағандарды ант атсын!». «Ант атсын! Ант атсын! Ант атсын!». Құлағы шулап қоя берген. «Расыменен-ақ мені ант ұрғаны ма?»
Жылжымалы төсекке таңылған баласының жүзіне үңілді: сұлқ жатыр. Құлағы құрғыр ештеңені естімейді. Оған төніп тұрған Ақыл Манасұлына қарады: оның бас шайқағанын ғана көрді. Тура қарсы алдындағы кардиологиялық аппаратқа көзін салды: түп-түзу сызық. «Ты-ы-ы-ы-ң».
Ақыл қолындағы резеңке қолғабын шешкен кезде айналасындағы дәрігерлер мен медбикелер ақырындап сыртқа шыға бастады. Ең соңында Ақылдың өзі де есікті жауып, ұзынша созылған орындыққа отыра кетті.
Баласының өлі денесіне қарап тұрған Азаттың жылағысы келген. Бірақ көзінен жауынның тамшысындай да жас шықпады. Көз алдынан өткен жолғы жігіттің жазықсыз бейнесі кетер емес. «Өлтірмеңізші, өтінемін, құтқарыңызшы!».
Кенет оның жүрегі бордай езілді. Не болғанын енді ғана түсінгендей аңырап қоя берген. Буындары босап, өлі дененің үстіне бар салмағымен құлап түсті. Басы дәл жүректің үстін ұрған екен, баласының жүрегіне құлағын тосқан күйі тәңіріне жалбарына берді, жалбарына берді. Екінші мәрте антты бұзбайтындығына, егер баласы тірі қалса ақ халатпен мүлдем қоштасатынына уәде берді. Баласының жазығы жоқтығын, кінәлі өзі екендігін естімей қалмасын дегендей айқайлап айтқан. Ары қарай ештеңе есінде жоқ. Шаршаған дене талықсып түскен.
Есін жиғанда әуелі құлағына кардиологиялық аппараттың дыбысы естілді. Адам денесінде тіршіліктің барын білдіретін үзілмелі әуен. Азат баласының денесінен басын көтермеген күйі көзін төңкере экранға қарады. «Мүмкін емес». Өз көзіне сенбеген адамның кейпінде басын шайқап-шайқап қойып тағы да қарады. «Шыққыр көзім шын көріп тұр ма?». Көзін жұмып, тағы да ашты. Тағы да үңіле қарады: ирелеңдеген сызық...
...Ирелеңдеген өмір...