Бассейн тазартушы боп жұмыс істегеніме алты жыл болды. Ылғалды жерде терім үлпіреп, тырнақтарым сынғыш боп кетсе де, бұл жердегі жұмысымнан кететін ой миыма келген емес. Миым жоғынан емес, тек мұнда қызығырақ. Анда-санда адамдарды құтқару үшін суға секіре кететін ақкөңілдігім бар. Кейде алыстан хлор қосылған, адамның сасық зәрі мен ащы тері аралас суды жұтып, тұншыққан адамдарды бақылағанды ұнатамын. Олардың қиналғанын көруден рақат аламын демеймін, тек әдемі көріністі бақылаған ұнайды. Секундына жүз елу кадр көрсем, жаны тәтті адамның суға жармасқан оғаш қимылдарының әр кадры әсерлі көрініске толы дер едім. Бірақ мен жұмыста болғалы мұнда бір адам болсын, батып өлген емес. Сондықтан қорқатын түк те жоқ. Сонда да біріншісі кім болатыны қызық.
Осы жерге күніне қанша адам келіп-кетеді. Олардың арасында жүзуді үйренгісі келетіндер де, үйрететіндер де бар. Кейбір қызық қуып келетін адамдар аяғын малып, қайта үйге кетеді. Осылардың бәріне жүзуді үйрететін тек екі адам ғана бар. Біреуі ересектерді дайындайды. Оларды қабылдауда көбірек ақша алатындықтан болар, техникалық жұмысшылармен (яғни мені де қоса айтқанда) онша араласа қоймайды. Ебедейсіз адамдар жүзе алмай жатқанында көмектескісі кеп суға секіріп түсетіні болмаса, өзі ондай рақымды адам емес. Бірақ оны бәрі «Мейірімді Гиппо ұстаз» деп атайды. Бірінші және үшінші сөздің не қажеті барын түсінбедім. Тіпті неге есімі Гиппо екенін де. Ол өзінің клиенттерімен қыдырғанды ұнататындықтан, оның хоббиі осы десек болады. Кез келгенмен қыдыра бермейді, әрине, тек ақкөңіл шәкірттерімен ғана.
Ал екінші жаттықтырушы таңертең менімен ұялғаннан амандасатын адамға ұқсайды. Себебі, екеуміз бір-бірімізге күліп амандасып, анда-санда әңгімелескендей боп судың температурасы, оған қанша көлемдегі химикат қосылатыны жайлы «су толы» әңгімелер ғана айтамыз. Егер бір-біріне күлімдеп амандасып, тіпті су туралы құмарлана әңгімелесетін адамдар дос саналса, онда оны менің досым дей беруге әбден лайық. Әдетте ол балаларды жүзуге үйретеді. Өзіне балалар «жаттықтырушы», «мейірімді ұстаз» деп атағанынан гөрі «Балық» деп шақырғандарын қатты ұнатады. Өзі балыққа онша ұқсамайды, желбезегі де жоқ. Тек балықтай миы аздап креативті болғандықтан шығар. Осы атау ұнағандықтан, мен де оған Балық деймін. Әрине, кейде адамдарға «Балық – менің досым» деп таныстырсам, қандай ойда болады екен деп ойланып қаламын. Бірақ адамдармен таныспайтындықтан, бұны тек менің қиялыма қалдырайық.
Жалпы орталықтағы тұрақты екі жаттықтырушы осы. Ал бассейн тазартушы өзім. Техникалық жұмысшылардың қатарында тағы бір адам бар. Бірақ ол кафельді едендерді ғана жуады. Егер оған бассейнді тазартуды бұйырса, судың бетін жуушы таяғымен сипап өтетін шығар. Сондықтан тек өз ісін атқарады. Ол бірде еден жуып жүріп маған бір ұсыныс жасаған. Әлі де сол ойды басымнан шығара алмай жүрмін. Айтқандағысы:
– Мен еден жуған суды бассейнге төгейін, сен бәрібір оны тазартасың. Орталықтағы су өз-өзін қамтығандықтан, суға кететін қаражат аз, ал бізге төленетін ақша көбірек болады.
Иә, сезгендеріңіздей, ол өзінікі еместі де үнемдегісі келетін, біртүрлі сараң адам. Бірақ неге әлі де байымағанын білмеймін.
Бүгін ол осы ойды қайтадан есіме салғысы келгендей еден жуған су толы шелекті бассейнге бағыттап, көздері ойнақтап, маған қарады. Ал мен бассейнге қарадым. Су ішіндегі адам еден жуушыға қарады. Үшбұрышты көзқараспен бір-бірімізге қарап тұрып қалыппыз. Төртінші боп ересектердің үйретушісі Гиппо келе қалды. Солай біздің көздер шайқасымыз аяқталды. Оқиға соңы: орталыққа жаңа еден жуушы керек.
Міне, осындай біртүрлі күн өтіп жатты. Солай аяқасты біздің суға бай орталығымызға жаңа қызметкер келгенін білдім. Еден жуу жұмысы қатты сұранысқа ие болған шығар деп ойлаған едім. Олай емес екен. Ол жасөспірімдерді су добы спортына дайындайтын боп шықты. Өзімен бірге бірнеше шәкіртін де ерте келген ұстаз келе сала бассейнді айналшықтап шықпай қойды. Қызғанғаным емес, бірақ бұның басқа жерлерден қандай ерекшелігі бар? Су. Су толы бассейн. Айналасында жүрген адамдар оған сүңгиді, жүзеді, болмаса батады, кейін судан шығып сүртініп, қайта суға секіре кетеді. Басқа түк жоқ жерді аралау бейсаналы әрекет секілді. Егер қойманы, жуынатын бөлмені, әжетхананы немесе директордың бөлмесін қараса, түсінер едім. Меніңше, бұлардың ішінде директордың бөлмесін аралау бәрінен де қызық болатын шығар.
Су добының үйретушісі бассейнге жақын келді. Судағы өз бейнесіне ұзақтау қарады. 11 секунд бойы тапжылмай қарағаны, судан қорқатын балалардың «тәуекелге бару немесе қорқақ боп қалу» деген ойынына ұқсады. Жаңа жаттықтырушы қарап тұрмай, суға сұқ саусағын батырып, аузына салғанда қайда жүрсіз. Бұл күлкімді шақырды. Бірақ күлкім келемін дегенше ол маған қарап тұрып:
– Суға қанша хлор қосасыз? Оған тұз қосасыз ба?
– Шамамен, нөл бүтін жүзден қырық тоғыз миллиграмм деңгейінде. Тұз қоспаймын. Барлығын германиялық құрылғы атқарады, мен оны тексеремін.
– Түк түсінбедім, бірақ бұл судың таза екенін білдіретін сияқты.
Қазір-ақ уытты судан өлейін деп жатса да, «түк түсінбедім» деп кететін адамдай көрінді. Сондықтан «Оның есімі кім екен? Ол адамдармен қалай араласады? Өзінің өмірі күреспеген, үйреншікті қандай әдеттері бар?» деген сұрақтарға ойлана бастадым. Ол бізден бетер топас болса ше? Болмаса мына жерде жүрген бәрімізден өткен ақылды адам боп шықса ше? Онда тіпті қызық. Мен одан өзім ғаламтордан сұрайтын ең қисынсыз сұрақтардың да жауабын сұраушы едім.
Келе сала шәкірттеріне бұйрық беріп, душқа жөнелткенінен-ақ бұл алаңда ысқырығы жиі естілетін адам ба деп қалдым. Мүмкін, олай да емес шығар. Маған доп ойнаушылары оны қалай атайтыны қызық. Егер шын есімі әдеміліктің, ұқыптылықтың мағынасын білдірсе, мен оның атын ешқашан атамай кететін сияқтымын. Мүмкін, Балық екеуміздей достық қатынас та орнамайтын болар. Гиппо екеуміз секілді көздің қиығымен бір миллисекундқа қарап қана қоятын таныстарға айналармыз. Балалар душтан іле шыға, жаңа жаттықтырушының алдына тізілді.
– Бәрі түгел ме?
– Иә.
– Керемет. Денелеріңді суға үйрете беріңдер. Сосын доппен жаттығуды бірден бастаймыз.
Шет тұстағы шезлоңдардың біріне отырдым. Назарым жасөспірімдерде. Әдетте орталықтың төбесіне дейін жаңғыратын дауыс бүгін өткен жаттығушылардан да асқан у-шуға толы боп естілді. Мүмкін, су добын ойнайтын адамдар өте шулы болатын шығар. Өз басым ондай ойындарды ешқашан тамашалаған емеспін. Балықтың айтуынша, су добын ойнайтын адамдар ерекше өткір дауысты болады екен. Себебі, допты қарсы жаққа жіберген сайын «А! ЭЙ! МӘ!» дей береді. Бұл доптың ауырлығынан ба, әлде сонша ызақорлардың ойыны ма, ол жағын Балық маған түсіндіре қоймады.
Біз жаңа жаттықтырушының киіміне қарап, ол шәкірттерінің бірі суға батып бара жатса, суға жедел секіре кетіп, құтқармайтын рақымсыз екенін болжамдадық. Бірақ су добы жарысының бассейн алаңындағы демо-нұсқасын тамашалап отырып, олар суға бата қоймайтынына көз жеткіздік. Демек балалар көкте қалықтағандай суда аяқтарын сермеп қана оңай баланс ұстай алса, онда жаңа жаттықтырушы өте білікті, әрі ақылды адам болғаны ғой. Біз бұған тамсанып едік, бірақ Балық бұған ренжігендей болды. Себебі, ол балаларды жүзуге үйретеді. Меңгерді-ау дегендердің өзі алаңның қақ ортасында «Өліп барамын! Балық, құтқарыңыз!» деп жан ұшырады. Бірақ Балық өз атына сай жақсы адам екенін ұмытпауы керек. Бар қолдауым осы болғанмен, Балықтың жаңа жаттықтырушыны көре алмай отырғанын бәрібір мен сезіп отырмын. Соған қарағанда енді ол өз атын ауыстыратын сияқты. Оған «Агносфитис» деген нұсқа ұсындым. Ол түсінбегесін, агносфитис динозаврдың бір түрі екенін айтып едім, Балық ренжіп қалды. Динозаврлар жойылып кеткені жайлы ұмытып кетіппін.
Балықтың есімін ойша Агносфитиске ауыстырамын дегенше жанымызға Гиппоның келгенін байқамаппын. Негізі ол еден жуушыны шығарып салған соң, директорге жағымпазданып, «мен ол еден жуушының әдепсіздігін сізге жеткіздім ғой» деп бір жақта қонақтап, қыдыра ма деген ой болып еді. Қасымыздағы үшінші шезлоңға шалқасынан жатып алды да:
– Жаңадан келген жаттықтырушы барын ести сала, аяқтарым жерге тимей қалай жүгіріп келгенімді білсеңдер ғой, жан бассейндестерім менің! Ойынды көру үшін тура желкенді балық секілді ұшып келдім.
– Желкенді балықтар ұшпайды ғой.
Бұл жауабыма біртүрлі аларып қарады. Себебі, оның ешқашан өрт болса да жүгірмейтін паңдығын бәріміз білеміз. Оның үстіне Гиппо біз сияқты ойындарға талдау мен талқылау жасай алмайтын ақымақтау. Сондықтан жаңа жаттықтырушының жұмысына, жасөспірімдердің дайындығына аса мән бере қоймады. Тыныш отырмай, дауыстап:
– Жаттығуыңыз қашан бітеді?
Жаңа жаттықтырушы бірер минут қалғанын айтқанмен, минуттар тез өткендей, ойын соңына да жетті. Шәкірттері судан шығып, еденді былшыта жуыну бөлмесіне жүгірді. Еденде бассайннен де көп су қалды. Күткен жаңа жаттықтырушымыз біздің жанымызға келді. Балық оны жақтырмағандай отырып:
– Маған сіз өте әдепсіз көріндіңіз. Мүмкін, менің көзім алдамас.
Балықтың тәкәппарлығын алғаш көруім. «Мен кіммен дос боп жүрмін» деген сұрақ ойымда көрініс тапты. Бірақ Балықтың айтуы да дұрыс. Жарайсың, досым, ол әдепсіз.
Гиппо орнынан тұрып:
– Есіміңіз кім болады?
– А.
– А?!
Осы кезде біздің арамызда түсініспеушілік басталды. Бір әріпті қайталаған сөйлеуге икемсіз адамдардай аңтарылып қалдық. Сырттан көрген адам бізді ботқаға таласқан тілсіз адамдар айқасын ұйымдастырып жатыр деп ойлар еді. Жаңа жаттықтырушы бұл тілсіздікті нүктелеп:
– Менің атым А. Шын атым өзіме ұнамайды. Көркемдік пен әдемілікті білдіретін ұзақ есімдерді жек көремін.
Ол бірер уақыт бұрын мен ойлаған нәрсені естіп қойғандай, өз есіміне деген жиіркенішін айтқанда, мен енді жаңа досым пайда болғандай қуандым. Бірақ біздің есімдерімізге деген мазақ күлкісін де жасырмады. Соған қарағанда енді менде шынымен жаңа дос бар сияқты. Негізі не үшін А. деген есімді таңдағаны қызық. Су добын ойнайтын шәкірттері «А!» деп айқайлаған сайын, ол «Ау?» деп елақтап жүре ме екен?! Осылайша біз жаттықтырушы А. бізден өткен топас екеніне көз жеткіздік.
А. өзінің су добы спортына келмес бұрын бір киім дүкенінде құпия тұтынушы боп жұмыс істегенін айтты. Гиппо бұны алаяқтық десе, Балық тіпті оның қандай қызмет екенін түсінбеді. Маған да ол түсініксіз нәрсе болды. Жаттықтырушы А. осы қызметтегі есеп беру, бағалау деген сияқты дүниелер ұнамағандықтан басқа нәрсемен айналысқысы келіп, солай су добы спортының жаттықтырушысы болыпты. Ең күлкілісі, ол жүзуді білмейді екен. Осы тұста Гиппо тағы бір рет «Алаяқ!» деп айқайлап жіберді. Ал Балық оның осал тұсын тапқанына мәз болды. Осылай біз жаттықтырушы А. топас, әрі қолынан түк келмейтін адам екенін білдік.
Бір-бірімізбен танысу сәтінде мен тағы бір жаңа нәрсені естідім. А. туралы емес, Балық туралы. Ол бүгін өзінің туған күні екенін айтқанда, өзімді ең жаман дос сезіндім. Өзгелер досының туған күнімен сағат түнгі он екіні көрсеткенде құттықтайды. Ал мен оны туған күні бітуіне сегіз жарым сағат қалғанда білдім. Гиппо оның бүгін туған күні екенін естігенде:
– Сенің туған күнің қар жауатын мезгілде емес пе?
– Жоқ, тек мен туған күні ғана қар жауған.
– Қойшы, сенің туған күнің қар жауған күні емес, қар жауатын мезгілде.
Осылайша біздің күнделікті өткізіп отыратын мәнсіз дебаттарымыздың тағы бір ойынын жаттықтырушы А. көріп, екеуіне қарап бір мырс күлді де:
– Не үшін ұрысып жатырсыздар? Туған күн болса, тойлаған дұрыс емес пе?
Гиппо:
- Жоқ, А. Ол сондай оңбаған. Өзін кішкентайларды жейтін қатігез балықтардай көрсеткісі келеді. Сондықтан бүгін ол өзінің жетістіктерін тереңінен баяндау үшін туған күн кешін ұйымдастырып, өзі туралы мақтана айтпақ ойы бар.
– Ей, сен мен туралы неге олай айтасың?
Пікірталас соңы төбелеске айналғалы жатты. Гиппо онымен тоқтамай:
– Әлде саған жаттықтырушы А. ұнап қалды ма? Мойындасаңшы, сенің туған күнің қар жауатын мезгілде ғой, шіріген балық!
О, Тәңірім! Мен қандай адамдармен араласып жүрмін?! Мен жұмысқа орналасқалы мұндай ұсақ-түйекке бола төбелес ұйымдастыруларын алғаш көруім.
А. бізге қарағанда сәл де болсын ақылы бар екен. Екеуін тоқтатып, «Ақыры туған күн болса, бүгінгі кешті бірге өткізейік» деген ұсынысын жеткізді. Әрине, тойып тамақ жейтінімізге бәріміз де қуандық. Солай өзімізді теңіз жағалауында отырған адамдардай сезіну үшін бассейннің төңірегіне дастарқан жаюды шештік. Өкінішке қарай, біздің нақұрыс еден жуушымыз жұмыстан шыққандықтан, маған еден жууға тура келді. Бұл бассейн тазартудан да қиын болды. Өте кәрі адамның қалтыраған қолдарындай алақаным тез әбіржіп кетті. «Туған күні құрысын!» деп үйге де кеткім келгені рас. Бірақ бір қызық боларын ішім сезгендей, қалғым да келді.
Дала қараңғылатқан уақытта біздің құмсыз жағажайымыз әйтеуір дайын болды. Төртеуміз бір үстел басына жиналдық. Бұрындары біз бірге мүлде отырмайтынбыз. Сондықтан болар мен үшін бір ерекше есте қалатын кеш болары сөзсіз. Солай дастарқанға отыра сала Балықты туған күнімен құттықтау басталды. Өмірімде мұндай бақытты дастарқанда отырмаған мен, тіпті қалай тілек айту керегін білмедім. Бірақ айтқаным Балыққа ұнаған сияқты, күліп «рақмет» дей берді.
Бәріміз мас бола берген кездегі бастаған әңгімеміз жаттықтырушы А. мен Балықтың шәкірттерінен басталып, кейін жалпы балалар туралы болды. Сол кезде «Біз туғаннан ес білгенге дейінгі жылдарды неге есімізде сақтай алмаймыз?» деген сұрақты Гиппо қойды. Оның бұл сұрағына А. жауап берді:
– Себебі, Жаратушы адамдар шындықты біліп қояды деп қорқады. Шынында біз ананың жатырында жатып қара құрдым жайлы, мұхиттың ең астындағы тіршілікті, параллельді әлемдегі құпиялар туралы білгенбіз. Бірақ әліппе үйрену керек болғасын, біз сондай ғажаптарды ұмытып кеттік.
А. ықылықтаған уақытта Балық:
– Дұрыс, дұрыс, жаттықтырушы А. дұрыс айтады. Сосын біз есейе келе «Өмірдің мәні неде?» деп сандырақтап бастадық. Негізі біз тумай жатып бәрін білгенбіз ғой.
Мұндай әңгімелерде мен түк айта алмадым. Мүмкін, жеткілікті түрде масая қоймаған шығармын. Тағы бір рет рөмкені іше бергенде жаттықтырушы А. күліп:
– Бірақ балалардың шынында ебедейсіз ақымақтар екенін де ұмытпайық.
Балық өзінің сүйкімді үйренушілерін еске түсіріп:
– Жаттықтырушы А., өзіңіз де бала болдыңыз ғой. Қойсаңызшы.
– Мен өзімді де қосып айтып отырмын ғой.
Бір-бірімізді мазақ етіп күле бастадық. Тура жындыханадағы басқа әлемдік жан досын көрген науқастай, мәз болдық. Аратұра бір-бірімізбен пікірталасты бастап кетіп, шаршаған соң тоқтаймыз. Мастықтың қызығы, ешкімге айтпай жүрген әңгімелерді жайып салуың шығар. Біртүрлі сұрақтар шеруі әрі жалғасып:
– Не үшін осы бассейн орталығын таңдадыңдар?
Бұл сұрағымнан бәрі аз аялдап қалды. Жаттықтырушы А. аса ұзақ ойланбады:
– Өздерің құпия тұтынушы боп істесеңдер, түсінесіңдер. Жүзу білмесең де, жаттықтырушы болу тіпті қызық. Өмір сүре алмасақ та, салбырап әйтеуір тыныстап жүргеніміздей қызық.
Гиппо бір нүктеге қадалып, жағын сүйеніп:
– Мен негізі жоғары лауазымды қызмет атқару үшін ақшасы көп адамдардың көмекшісі боп жүргенмін. Бірақ олар мені көздеріне ілмейтін. Сосын аялдамадағы хабарландыруды көріп осында келе салдым. Есесіне, осында келетін жүзе алмайтын ақшасы көп адамдарды суда өлмеуге үйретемін. Қандай керемет стратегпін!
– Сен тумай жатып, жоғары лауазымды адамның баласы болуды армандаған сияқтысың. Жолы болмайтын адам екенсің.
Балық әдеттегідей Гиппоны мазақ етті. Ал Балықтың өзі бала кезде суға батып кете жаздаған соң жүзуді үйренуге кеп, артынша осында қалған адам. Сондықтан ол өліммен бетпе-бет күресу үшін осында жүрген екен. Бұнысы оны қаһарман ретінде көрсеткен сияқты.
Біздің отырысымыз ұзаққа жалғасты. Тіпті Балықтың туған күні бір-екі сағат бұрын бітсе де, біз оны соза бердік. Бассейн алаңындағы жарықтар жалтылдап, көкпеңбек алаң атмосферасы біздің көңіл-күйге де әсер ете бастады. Басын үстелден көтерген А. әзер ауыз ашты:
– Біз бала кезде ойламадық қой…
Гиппо түсінбей:
– Нені ойламадық?
– Өскенде осындай бассейн орталығында жұмыс жасаймыз деп ойламадық қой. Еске алыңдаршы, біз бір-бір аңыз адам болғымыз келген еді…
– Е-е, дұрыс айтасыз, А. Мен өзімді өскенде аса қадірлі адам боламын деп ойлағанмын. Бірақ мен «Балық» деген есімі бар, әлгі мультфильмдегі фугу балығы Пафф секілді әлсіз есалаң тіршілік иесі боп қалдым. Ха-ха, Балық… Қайдағы Балық? Мен адаммын ғой.
Бұған күліп жібердік. Гиппо фугу балығының бейнесін келтіріп, тарқылдай күлді. Ал жаттықтырушы А. Балықтың иығын қағып:
– Біз былай жасайық. Төртеуміз де бұл жұмысты тастап, арманға жол тартайық. Өз мақсатымызға жетіп, бәрін таң қалдыратын, аты өшпес аңыз боламыз!
– Иә, өте дұрыс. Қолдаймын! Мен жоғары лауазымды адам болғым келген. Демек бассейн орталығының директорын өлтіруім керек.
Балық Гиппоны тоқтатып:
– Сен өзің нағыз барып тұрған… барып тұрған… ақымақ екенсің! Орталық директоры жоғары лауазымды емес қой. Одан да Ұлттық Спорт Коорпорациясының президентін өлтірсеңші. Армандарың өте майда екен.
– Адам өлтіргені несі?! Армандардың орындалуына ешкім кедергі емес қой. Бар болғаны, еңбек ету керек. Сондықтан мына сасық бассейн орталығын тастап, өз жолымызбен кетейік. Бәлкім, өмірлік миссиямызға қол жеткізерміз. Бірнеше жылдан соң теледидардан Балықты елдің құрметті азаматы деп көрсетсе, Гиппоны лауазымды тұлға ретінде көрсетер.
– Иә! Осы үшін біз бұл жерді тастауымыз керек!
– Арманға қарай алға!
– Біздің қолымыздан бәрі келеді! Өмір – ғажап!
Осындай отты сөздердің арасында А. маған сұрақ қойып үлгерді:
– Ал сенің арманың не?
Гиппо мен Балық та ұрандарын тоқтатып, маған сұрақ белгісімен бұрылды. Жауаптан қашу мүмкін емесін түсініп тұрмын. Мен де жалынды ұрандатып кетсем бе екен?! Әлде шынымды… Жоқ, шыншыл болуым керек:
– Білмеймін. Менде арманға деген жол болған емес.
– Қалай болған емес? Бәрінде де арман бар ғой.
– Жай ғана мен ештеңені армандамаймын.
Бәрі маған түсініксіз көзқараспен бірнеше секундқа қарап қалды. Балық мені оң жағымнан түртіп жіберіп:
– Сен сонда бізден бөлінгің келе ме? Жоқ, сен қателесесің! Біз бірге бұл жерден кетіп, адам секілді өмір сүретін боламыз! Армансыз адам – мүгедек!
– Яғни мен мүгедекпін деген сөз.
Гиппо сол жағымнан түртіп жіберіп:
– Мен білгенмін, директордың адамы екеніңді. Сен бізбен бірге болмасаң, үйіңе кете бер. Бұны да дос дейміз-ау.
Гиппоны бәрі қолдай түсті. Мүмкін, бұлардың айтулары да дұрыс болар. Арман деген жоғары лауазым мен құрметтіліктен тұратын шығар. Онда маған арман табу керек екен. Үшеуі менен бұрыла бергенде, «Шарап жасайтын фабрика ашқым келеді» деп ойыма келгенді айта салдым. Алдымда тұрған бөтелкелерге қарап есіме келгені осы ғана. Олар маған қарап шаттанып:
– О-о… Біз сенің сапалы шараптарыңды тұтынатын боламыз!
– «Досымыз фабрика директоры» деп мақтанамыз.
Солай бірауыздан төртеуміз де бұл қарғыс атқыр бассейн орталығын тастап, үлкен нәрсемен айналысып, «адам» сияқты өмір сүріп, бірнеше жылдан соң теледидардан бір-бірімізге сәлем жолдаймыз деп уәделестік. Осындай таудай талаппен туған күннің шымылдығын жауып қоштастық.
Таңертең бассейн орталығына келдім. Келгендегім соңғы рет жаттықтырушысы жоқ жүзуді үйреніп жүргендердің қайсысы бірінші боп суға бататынын тамашалағым келді. Бірақ менің бұл көріністі тамашалауыма бүгін де мүмкіндік жоқ екен. Себебі, алаңның төңірегінде жүрген үшеу әр жақтан өз шәкірттеріне ысқырықпен бұйрық беріп жатты. Олардың тіпті мен түгіл бір-біріне назар аудармайды да.
Алаңдағыларға қарап, бәріміздің де арман деген жолымызда құрылыс жұмыстары жүріп жатқанына, мүгедектер екенімізге, әрі бұның бәрін олардың да мойындағанына көзім жетті. Ойланып отырып, біздің бір-бірімізге сәлем жолдайтын теледидардағы эфир минуттары босағанын да түсіндім. Әрі Балықтың туған күні шынымен қар жауатын күні емес, қар жауатын мезгілде екенін кеше мен де білгенмін.