ӘБУ ЖАРҚЫНҰЛЫ. ҚЫРАН ҚҰСТЫҢ КИЕСІ

Жер-әлемді айналдыра ту сыртынан қоршап, қорғап тұрған көкшулан торғын астарлы һәм сиқырлы аспан күмбезінен тек биікте жүргендер ғана игіліктене алмақ!

Барша жан иелерінің өз өмірінде табиғат дүниесінің ұшан-теңіз қамқорлығына бөленер ләззат-бақыты, кездейсоқ қасірет-бейнеті тағдыр талайына, ерекшеліктеріне байланысты түрліше болатыны рас. Әлмисақтан Адам ата мен Хауа анаға ақыл-парасат, тіпті, жан-жануарға дейін енші үлестіріп, біреулерге қанат-құйрық берген Алла енді біреулерге төрт аяқты ғана сыйлаған. Келесі біреулердің маңдайына бауырымен жорғалауды жазған. Арыстанға айбат, жолбарысқа қайрат тарту еткен Тәңірім әлсіздерге солардың тіс-тырнағынан кейде құтылып кетіп, кейде тұтылып қалатын болымсыздау қорғаныш қалтырған. Тылсым құдіреттің бұл әділетсіздігіне күпірлік ойлаудың өзі күнә. Өйткені он сегіз мың ғаламды жаратып, жарық күн орнатқан, жылу таратып, тыныс алар ауа, қуат қылар ырыздықпен қамдаған ұлы Жаратушы біреуді екінші біреудің нәпақасына бұйырмаса, күреске толы тіршіліктің тамырына қан жүгірмес еді. Ендеше Хақ Тағала әділетсіздік істепті деуге аузымыз бармайды. Бірақ тым әспенсіп кеткендер Тәңірі ұйғарған тектен асып түсіп, әлі жеткендердің төбесіне шай қайнатады. Кейде түп-тұқиянын құртып жіберуден де тайынбайды. Әлсіздер әлемінің көз жасына қалатын, шексіз қан қарызына бататын шақтары жиі ұшырасады. Ақырында олар өз ажалын өздері әзірлейді. Адам баласына жер шары тар келіп, қазба байлықтар шақ келмей, сарқылып, таусылып бара жатуында осындай себептер жоқ деп айта аласыз ба?! Әрине, бұған бірдеңе деу қиын.

Мұзартты ұлы таудың асқарында, аспан астының шетсіз-шексіз шалқарында емін-еркін самғап жүрген сал қыран өз өмірінде біз елестетіп отырған таршылық пен тапшылықты бастан кешірмеген-ді. Қызылиектеп атып келе жатқан таң сәулесі көк жүзінде алдымен оның қияғына шалынды. Жебелі сүйірік қанаттарының ұшында қызыл жиектене үлбіреп, елбіреп тұрып үзіліп жерге жамырады. Шағылды шатқалдарға төгіліп  шашырағаны неткен таңғажайып көрініс деп еріксіз таңдай қағасың. Бұл арада күн – таудан шығып суға бататын теңіз жағалауы емес, құздан шығып құзға бататын тау арасы аңғар сайларға да ұқсамайды. Мұнда жер бетінен әлде қайда жоғарыда тұратын кеңістік зеңгір биікке шығып алғасын жердегілерге асу бермес жақпар құздар, үрейлі жаламалар бір уыс қана болып бүрісіп, бүктетіліп қанатының астында қалады. Жердегілер үшін анық көрінетін көкжиек кеңейіп, далиып кетеді де, аспан мен жердің, жер мен аспанның қай арадан қосылып, қай арадан бөлінетіндігін жай көздер ажырата алмайды.

Салалы алтын кірпіктерімен ишара білдіріп аспан теріскейінде өрістеген жұлдыздар табыны ізінше қайтып кеткеннен кейін, әлемнің жалғыз шырағы – күн  күлімсіреп оянды. Ең әуелі жер іргесіндегі көлбіреген алқызыл шымылдықтай мұнар ішінен тіршілік иелері оянды ма, жоқ па дегендей сәл сығалап алды да, көз қаратпас жарығымен жарқырап шыға келді.

Құйрығында қос қауырсын ақ жолағы бар қарашегір ашқарақ таңғы шабытпен ақ үрпек балапан түкті қарлы қиялардың үстінен еркін самғап келеді. Ызғарлы жел жалпақ жапырақты түгін тарап, қайраған сайын бойы сергіп, шапшаң қимылмен жылына түседі. Серпінді қылыш қанаттарын толғап қойып, шұғыл ширатпалы айналым жасап биіктей береді.

Зау биікке ұша білмейтіндердің қортық екендігін, әсіресе ақбас шыңдардың қиясында самғайтын қаршыға, қырғи, ителгі тәрізді қырандар ғана сезінеді. Олар жер бетіндегі жан-жанулар атаулының алты айлық жолын алты-ақ күнде басады. Көкірегіне нан піскен тәкаппарлардың қай-қайсысы да олардың алдында түкке тұрмайды. Адамның алымдылығы, тұлпарлардың шалымдылығы түз қыранының шаңына ілеспейді. Дауылды күндерде қияғын желге қайрап, қарыса қарсы ұшу мамықтай жеңіл, неткен талықпайтын  рахат десеңізші?!

Қарашегір аса биікте сүзіп жүріп, жаңа жауған аппақ қар бетінде жұққан жалғыз тамшы қан ніліндей қызарған түлкі сұлбасын қырағы көзі қалт жіберсін бе? Қара найзағайдай сорғалап келіп, көктен құйылды. Аспаннан төніп келе жатқан қатерлі сесті аңғарысымен тышқаншылап жортуылға шыққан түлкі атаулы лып етіп сөне қалатын әлсіз жалындай қалтарысқа түсіп көрінбей кететін. Құйрығын бұлаңдатқан әккі немелер жан сауғалап қопаларға, жыныс бүргенге тартатын.

Бұл жолы қан қызыл бояулы қаншық оңай жалтарып кететін сайқал түлкі мінезінің бірін де көрсетпеді. Дертті немесе жаралы мақұлықтай созалаңдап өрге сүйретілгенсіді. Бірақ ашқарақ тәбеті оянып кеткен  қыранның өжет құштарлық шабыты оның біріне қаратпады. Қанат екпінімен-ақ қиралаңдап босап, беріле бастаған көңілшек қыздай жасымсыған қызыл керді жұмарлап астына басты. Ақшулан таңынан көтере қайырып, шықшытынан алды. Таңынан ілген аяғын босатып алып, қанжар тұяқтарымен ыстық өкпенің ентігін бұрқ еткізді. Түлкі онсызда ажалына бой ұсынғандай еді. Қолды болған басқа тағылардай тұяқ серіппеді. Өз дұшпанының алқымынан ала бүріп бара жатқан тегеурініне бұлқынып қарсылық көрсете алмады. Езуінен ағатын сілекей орнына, ақ көбік шұбырып, қанталаған қызғылт жанарымен  қыранның алып желпуіштей қанатына қарап жатып, сөніп-өшіп бара жатты.

Қарашегір аш түлкінің бүйірін тесіп жіберіп, лезде қолқа-жүрегіне тұмсығын салды. Салалы һәм қайратты тегеуріндерімен басып тұрып, қан сорғалаған бауырын кесегімен жұлып алды да, бір-екі толғап жұтып жіберді. Осыдан кейін олжасынан тояттап қанша жегені есінде қалған жоқ. Ожар қабақтарының ішіндегі шүңірек көзі қарауытқандай, жүрегі жітірмелей соғып, тұла бойы дірілдеп қалтырап кетті. Өзіне не болғанын білмейтін күйде, түлкі денесінен тұяғын суырып алып, ұшып кетпек ниетпен қанатын жаза беріп, құлап түсті.

Тағдырдың трагедиялы шағы күтіп тұрғанын қайран қыран қайдан білсін?! Бір сәтке жұмулы көзін ашып алғанда, өзін адамның қолынан көріп шошып кетті. Ол аз дәурен сүрген өз тіршілігінде түз тағысына тырнақ салып, ауыз тигізгені де осы-тұғын.

Дене бітімі кесек, бөгенайы бөлек жаралған аса әлеуетті ата-енелерінің де сәтсіз шабуылын көріп білмеген. Әсіресе әкесі жанбауыр шөгел жүрек жұтқанның өзі еді.

Қарашегірді тірнек шағында қансонарға ертіп шыққан әкесі талай ұры шатқалдарды қағуылдап қорек іздеп жүріп, алғаш кезіккен арқарға түскен болатын. Ай мүйізді ту арқар таңы жарқылдап, ылдидан құлдилай жосытып бара жатып, сауырынан ілген жанбауыр шөгелдің қайратты тегеурінінен қапелімде тоңқалаң асып кете жаздап, бойын әзерге түзеткенімен, бүктеп басарға дәрмені жетпеді.

Арқасына батқан болат тегеуріннен жаны шыға қайқалақтағанымен, бұлшық еттері мығым, жетілген серпінді аяқтарымен көсіле шауып, сай ішіндегі жыныс тоғайға қарай бет алған. Салмақ жағынан деңгейлесе алмайтын күшке тап болған жанбауыр шөгел әлді арқардың жотасында кетіп, қалың ағаш арасында арандалар қауіп төнгенде, бір қолын босатып алып, кәрі теректің арбиған бұтағына жармаса кетіп еді. Ағындап есі кете үркіп, құйғып келе жатқан асау арқардың екпінімен жанбауыр шөгелдің бір қолы түбінен жұлынып, ұстаған ағашта қалып қойған-ды. Ержүрек қыран-әкенің ажалы осылай жетіп еді. Ендігіде қарашегірдің ажалы қалай жолығарын кім білсін?! Құсбегісымақтардың қаһарына ұшырап, обалды болмаса болғаны...

Тотыққан қараторы жүзінен ділі қатты жігіт ағасы Дулығаның қутыңдаған кеспірі жексұрын көрініп кетті де, үркектеген сезіммен арпалысқа түсіп бұлқына берді. Көшкен елдің жұртында қалған қадау-қадау қостардай андыздаған сирек тістерінің арасынан бұрқыраған сасық демі де жирендіріп барады. Бірақ екі иығынан қапсыра қысып алған қарымды қол қанатын жаздырар емес. Қолды болғанына жаны шырқыраған ол шыңғырып жіберді. Мұны сезінер Дулығадай пақырда жүрек жоқ қой шіркін..! Бұтты мініп, көкті тіліп ұшатын қайран бостандық-ай!

Былғары білезікті, төрт қырлап өрілген қайыс аяқбау қос жіліншікке тағылып үлгірді. Осыдан кейін-ақ жарық дүниені көр қылып, екі көзді астыңғы жиегінен тұмшалап жауып алатын бітеу томаға да басына қона кетті.

Қайран жарық дүние, қайран көгілдір аспан! Қайта айналған бақыттай сенің де бір оралар күнің болар ма? Саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарасып отыратын адам аңдуылынан құтылар шақ қашан болар екен?

– У жеген түлкінің етін жеймін деп улап, шала өліп жатқан жерінде ұстап алдым, – деп Дулыға жымың қағады. Бұл даланың бұлаңдаған түлкілері алдағы уақытта түгелімен менікі болғалы тұр, – деп кеудесін ұра мақтанады. Үйіне кеп төр алдында құс жастықты шынтақтай жастана қаймақты шайды сораптай ішіп шөлін басты. Құс түгілі өз балаларына әкелік мейір бағыштай алмайтын тасбауыр Дулыға қыранның денесінен уды шығару шараларын қайдан білсін! Дала төсінен әкелген күйі бірден  ырғаққа отырғызды. Қыран үшін одан асқан қорлық өтер ме? Бейшара болған тұтқын құс үйде екенін де, түзде отырғанын да сезбейді. Көз алдының бәрі көрдей түн. Алақанына ұстатқан әлпеншек арқан түйіншектерінен аяғы тайып кетсе, шыңырау құдық түбіне құлап кетердей қауіппен шеңгелін қыса түседі. Қысқан сайын арқан екі жаққа кезек теңселіп, тынымсыз шайқалады. Қарашегір күні-түні әлпеншек үстінде. Аударылып кетпей, тепе-теңдікті сақтап, жіп үстінде жан сақтаудың өзі мүшкіл халге түсірді. Әлпеншектің тербелісі бәсеңдей бергенде, Дукең қайтадан қозғап, сілкіп жібереді. Құлап кетпеуге тырысып, екі шеңгеліне қыса-қыса сан сіңірлері қарысып кетті. Білезіктері талып, әбден титықтады. Дымы құрып сорлағаны соншалық –талықсып қалғи бастағанда тағы сілкілейді. Өзі аш, өзі уланып әрең ес жиған қарашегір қанша әлсіресе де құлап кетпеуге тырысып бақты.

Ақыры ұйқы меңдетіп, бар мен жоқтың арасындағы күңгірт беймәлім әлемге есінен адаса шөгіп, шым батып бара жатып, тырнақтары жазылып кеткенін сезбей қалды. Сол сәтте жалп етіп құлап түсті де, бір жақ топшысын ауыртып алды. Осыдан кейін тыным бермейтін алтыбақан дәуірі қайта туды.

Жан азабымен қосылған тән азабы әбден меңдетіп қиналған қыран ақыры тірі дүниенің қызығынан түңіліп, бір жола өліп алуға бой ұрды. Әуре-сарсаңға салған сергелдең үш тәулікке созылғанда ол аспан әлемінен мүлдем безініп кетті. Сұм мінезді Дулығаның күткені де сол екен.

Насыбай салған ерінін ішіне жымқырып, туада сақауланып сөйлейтін кемістігімен:

– Жәлайсың, қыланым! Шенен мұндай қайшарлық күтпеген едім. Төжімді-ақ екеншің, – деді де қарашегірдің томағасын сыпырып алды. Біреулерден естігені бойынша аздап қызылдандырып, құсалы құстың ішін түсірмеудің амалын жасап, тошаладағы тас тұғырға отырғызып қойды. Биялайлы қолға қондырып алып, шеңгеліндегі қызылға шақырды. Бір-ақ асап жұтып жіберер аужалды сараңдықпен сығымдап, бірнеше рет шоқыттырып алды да, ұзын шыжымның ұшын барбиған саусақтарына орай қойды.

Құлықты бұзған қу құлқын-ай десеңші! Өзегің талып, өліп бара жатқасын көздің жауын алған қорегіне тұра ұмтылды, ұмтылмай қайтсын?! Не істеп, не қойғанын білмейтін есер біреуге бола, өшігіп аш отырудан оған не пайда?

«Мынау ызалы екен, ішқұстадан ас ішпей, ашығып өліп кетсе обал болар» – деп жаны ашитын, бостандыққа шығарып, ұшырып қоя беретін бір пенде табылмады-ау!

Адамзаттың пендешілігін Алла Тағала басқа тіршілік иелерінің маңдайына жазбасын деңіз!

         Бойынан әл кетіп, аш өзегіне түсіп бара жатқасын мәмілеге келуге көндіккен қарашегір шырғаға түсе бастады. Басының дымы кеппеген Дулыға он күн шамасында қыранды өзінше бабына келтіріп, салбурынға алып шықты. Зарығы өтіп торыққан аспан серісі шабыттанып самғау мүмкіндігіне ие болды. Бірақ оның ендігі жерде дербес жан бағып кетуі қиынға соқты. Тұла бойында түлкі алар  дәрмені қалды ма екен байқұстың...?!

Одан зорғы арқар, қарақұйрық ұстар, қасқырға шабар шағында күш-қуатынанмезгілсіз айырылған қапалы күйіне қарамастан, бір ноқатты аңғарғандай далбырлай көкке көтерілді.

Тырп етуге мұрса бермей тұяғына іліккен түлкімен еркін тайталасуға, шабуылдап жеткен Дулығаның досы қағушы боп жүрген Бұлантай аш бүркітке қас қылғандай даяр асын жырмалап әкетті.

Сан етінен аз шоқытып, екінші түлкіге алып шықты. Бүркіттің осы жолы тойғызар деген дәмесі тағы орындалмады. Үшінші түлкіге түскенде, Дулыға қозыкөш жерде қалып қойған еді. Ол жеткенше қара жапырақтатып, оңазалана түлкі етін түйдек-түйдегімен қылғытып жіберді. Келе сала жайрап жатқан түлкіні көрген Дулыға жемсауын бір басып ұстап жіберіп, қоя салды. Бұдан қорлық өтер ме?! Зорлықпен ауызын ашып тұрып, жүрек айнытарлық әлде нені езбектеп отырып жұтқызып жіберді. Жегенін желкесінен шығарып,  манағы қылғыған  қансоқтаны құстырып тастады.

Өнер сайысына түскен қыран алғашқы шабуылда шабытты бола бастаған сыңай танытты. Бірақ ақы иесінің асқан қаталдығы оны тіптен өшіктірді. Қандыкөз қыран ақырында сол қапталдың түлкісін қырып берген еді. Айналасы жиырма күнге жеткізбей, отызға жуық түлкі алып үлгерді.

Жайшылықта болса кейінде керек болар деп қажетінде алып, керексінбесе қоя беретін, тұқым-тұқиянын құртып жіберуге бармайтын қыран, осындай қадамға барды.

Ымырт үйірілген шаққа дейін далақтаған Дулыға мен Бұлантай «сасыған етке борсыған май» дегендей қатар жүріп үйге қайтар жолында қыранға түлкі көрсете алмады.

Ертеңінде ұйсысын қандырып күн найза бойы көтерілгенде төсегінен тұрған Дулығаның сәл де болса ақылына сәуле қонғандай сілейіп отырған қарашегірдің томағасын тартты. Қырағы жанары жарқ ете қалған қыран етсіз епті басын оң-солға толғай шапшаң бұрып, айналасын шолып, имек тұмсығын еңкейе тұмсығына жаныды. Сол-ақ екен, көк еркесі тіленіп ұмтылып қалған сәтте Дулыға оны қолынан ұшырып қоя берді. Сұрғылт аспанның суық желі қайықтың төсіне ұрылған майда толқындай бөтеге-бауыр мамықтарын қайыра жатқызып шарықтай жөнелді.

Бірақ биіктегі қыран көзіне қызыл реңді махұлық шалынбағына ашуланды. Жыраққа ұшып, адастырып кетуге дәрменсіздігін біліп, тым ұзай қойған жоқ.

Бойын кернеген ызамен салып ұрып төмен құлдилады. Әйт-бүйтіне қаратпай ағып келіп ат үстінен аударып әкетіп, соңғы күшін сарқа жұмсап Дулығаны бүре бүктеп бас салды.

Қатыгез адам мен қапалы қыранның жекпе-жек күрес майданы басталды да кетті. Жал-жаяны қиялай кертіп жеп, қазы мен құйрықты сусынға сорған қаныпезер қанша қырпулы болса да, ту сыртынан ала түскен қыран құстың темір тегеурінінен құтыла алмады. Бүркіттің сояудай тұяқтары  көкжелкесіне қадалғанда, борбаңдаған оның артына қайырылуға ебі келмеді. Екі қолымен басын қорғаштай берді де, арбаң-құрбаң алыса түсті. Бірақ қыранның қан шеңгелі қалың астарлы қасқыр ішікті тесіп өткенімен, өкпесіне бойлап жетпеген екен.

Жан алысып, жан беріскен айқаста ақыры бүркіттің басы қас дұшпаны Дулығаның  қолына ілігіп кетті. Қаншалаған олжамен қанжығасын қандаған құстың басын қыл мойыннан бұрап  жұлмалап жұлып әкетті.

Сонда да қыранның ұстаған жерін оңай жібермейтін имек тұяқтары оның денесінде қалып қойды. Сол күні сүйретіліп үйіне зорға жеткен Дулығаның желкесінен қадалған қыран тұяғының уыты өн-бойына жайылып, емханадан бір-ақ шықты. Жазықсыз қыранды жазалағандығынан болар, дәрігерлер тарапынан ешбір ем-шара өнім бермей, ақыры  аурухана төсегінде жатып қапыда көз жұмды.

«Әттең-ай! Қырын құстың киесі атты-ау!» – деп қайғыдан көкірегі қарс айырыла еңіреген Дулығаның әкесі Қаңтарбай қарияның қос бірдей соқыр көзінен аққан жас сақал-мұртынан жосыла сорғалай берді.

         

Павлодар облысы, Май ауданы.

Naizatas» журналы)