БАЙБУЛАТОВ САМАТ. БӘЙБІШЕ

Бастыққа келген қонақтың қасиетін бәйбішесінен сұра. Ол, рас. Күйеуі ақжағалы бастық болғалы бері Нұржамалдың дастарханынан қонақ үзілген емес. Не бір шенді мен шекпендінің, жазушысы мен ел сүйсінген серінің түр-түрін көрді. Бұлардың ауылына келген мәртебелі мейманның қай-қайсы да Нұржамалдың дастарханынан дәм татпай кетпейтін. Қонақ қарсылуға бұл да әбден үйренді. Тіпті күтпеген қонақты да бір шыны шәйін берсе де риза қылып қайтаратын. Баяғы күйеуінің абыройы үшін ғой мұның бәрі. Онысын әлгі бастық сымақ байы түсінсе нетті. Әкелген қонағын қанша баптап, асты-үстіне түсіп жатса да әйтеуір бір мін таба кететін күйеуінің өмірі қабағы ашылмайды. Тап бір өзін осы ауылға әкім бол деп Нұржамал сайлап қойғандай даладағы ашуын әйелінен алып, арасында зекіп, кез-келген нәрсеге тыжырынып қалатын қызба байының мінезін бұл байғұс беске біледі. Бірақ бір ренжіген емес. Қалай ренжісін? Кезінде өзінің сүйіп тұрып қосылған Ақылбайы ғой.

Екеуі студент болып жүрген кезде танысқан. Талайды қосқан би кеші бұлардың да жарасып кетуіне себепші болды. Ол кезде Нұржамал педучилещенің екінші курсында оқитын. Ақ-сары өңді, жүзіне қараған адамның жанарына бірден түсетін бота көзі бар, жіңішке қара қасы жіптей созылған, талдырмаш келген ауылдың албырт қызы құрбысымен би кешіне барған-ды. Орталық саябақта ине шаншар орын жоқ. Құмырсқадай құжынап жүрген студенттерден көзің сүрінеді. Ол кезде жастардың бас қосып, демалатын орны осы – би алаңдары болатын. «Қалаға келгелі бір де бір танцыға бармадың менімен. Осы жолы қалайда баруымыз керек» деп қиылған құрбысының сөзін жерге тастай алмай, еріп келген түрі осы. Қою қара шашы өзіне жараса қиылған, кең маңдайлы, ұзынша келген арық жігіт Ақылбай мұны бірден байқады. Кісі сұқтанатындай көркі болмаса да Ақылбайдың бойында өзгелерден табыла бермейтін ерекше батылдық бар тұғын. Әсіресе, қыздың алдында күмілжіп тұрмай, ойын ашық айтып, сезімін білдіруге келгенде алдына жансалмайтын. Тамағын бір кенеп алып, көмейіне қонған қоңыр даусымен не бір әдемі сөздерді, махаббат туралы ақындардың өлеңдерін оқығанда тыңдаған адамның таңдайын қақтыратын. Мұнысы көп қыздарға ұнайтын да. Әрине, оның бәрін сері жігіт сол қылықты қыздарға ұнау үшін жасайды-дағы. Бірақ Нұржамалдың жүрегін жаулаған мұның бұл қасиеті емес еді. Таныса келе білгені Ақылбай институтта құрылыс бөлімінде төртінші курста оқитын студент екен. Асып-тасып жатқан дәулеті жоқ, ауылдың қарапайым ғана баласы. Әкесі дүниеден ертерек өткен. Қолында жалғыз анасы бар. Анасы өмір бойы мектептің еденін жуып ауылда еңбек етіпті. Жалғыз басты ананың сүйенері осы баласы болғасын, соның тілеуін тілеп, ел қатарлы білім алып, қызметке орналасуы үшін байғұс ана жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс жасап, күнделікті тұрмыстан артылған ақшасын жинай беріпті. Содан баласы мектеп бітірген соң азды-көпті жинаған тиын-тебенін алып, оған әкесінен ерте қалғаны үшін беретін үкіметтің пенсиясын қосып қалаға келіп, институтқа оқуға түсірген көрінеді. Тағдырдың теперішін жалғыз өзі көтеріп келе жатқан шешесінің көрген бейнетін қарғадай кезінен сезіп өскен бала, шүкір, ақылды азамат болып ер жетті. Кездескенде айтатын екі-сөзінің бірінде «Ауылда анам бар. Оқуымды бітіре сала, дипломымды алып ауылға барамын, шешеме қарайласуым керек» дейтін. Нұржамалдың жүрегін селт еткізгені де Ақылбайдың анасына деген осы жанашырлығы, қамқорлығы болатын. «Анасын сыйлаған азамат, жарын да сыйлап, құрметтей біледі» деп отыратын мұның да шешесі. Осы сөздің әсері ме, әлде өзі де расымен ғашық екенін түсінді ме, әйтеуір соңынан көп жүріп, көңілін білдірген Ақылбайдың ниетін қабыл алып, дос болуға келісімін берген-ді. Содан Құдайдың бұйырған бір күнінде бұлар да үлкендердің батасын алып, дүркіретіп той жасап, жас отбасылардың біріне айналды.  Одан бері арада таудан аққан бұлақтың ағысындай болып он бес жылға жуық уақыт зырғып өте шығыпты. Енесі марқұм шынымен көреген жан екен, бұл жас келін болып түскен уақытта көмек қолын аямады. Көрінген балдарды бағысып, жастар аяққа тұрып кетсін деген ниетпен  келінінің жұмыс жасап, табыс табуына да қарсы болмады. Ақылбай келе аудандағы әкімшілікке маман болып жұмысқа орналасты. Оқуды қызылға бітірген сауатты маманға жұмыстың ауыры болушы ма еді, берілген тапсырманы уақытылы орындап, келген хаттарға мерзімінде жауап беріп, қызметін ұршықтай иіріп әкетті. Мұқияттылығының арқасында көзге түсіп, басшысының жақсы деген бағасына да ілікті. Содан ептеп көтеріле бастады. Нұржамал мамандығы бойынша мектепке орналысып, мұғалімдікпен айналысты. Сөйтіп бұлардың да тұрмыстары түзеліп, жағдайлары жақсара түсті. Бірақ өмірдің жолы тақтайдай тегіс болушы ма еді, сірә. Қос баласына тілекші болып, орталарында шауып жүрген аналары аяқ астынан аты жаман ауруға ұшырап, төсек тартып қалды. Қатты ауырды. Дәрігерлердің жасаған ем-домы қонбай, мендеген аурудан әбден әлсіреген ана бір түнде есін білер-білмес күйде тіл тартпай кетті. Бұл жағдай Нұржамалдың жанына қатты батты. Бірақ, тағдырға не шара. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ».

Бұлардың ауданнан қырық шақырым жердегі алақандай ауылға көшіп келгендеріне де екі жылдан аса уақыт болды. «Ойбай, сенің күйеуің Ардаққа әкім болып барғалы жатыр дейді ғой. Ішіңе қалай сыяды осының бәрі? Сүйінші сұрап, жақсы хабарды жумайсың ба оданда» деп мектептің мұғалім қатындары ұлардай шулап, мұғалімдер бөлмесін бастарына көтергендері бар. Қаңқу сөздің қайсы біріне құлақ түріп отырсың бұ байғұс. «Қойыңдар, қыздар. Әлі әкімнің өкімі шыққан жоқ қой. Біздің акиматты білесіңдер, мың құбылады. Қашпаған қашардың уызын сұрап, сендер де қатырасыңдар. Бұйырғаны болар» деп басу айтқандай болды қасындағыларға. Содан не керек, қатындардың аузына Құдай салған болуы керек, көп ұзамай Ақылбай Ардақ ауылының әкімі болып тағайындалды. Нұржамал аудандағы мектебінен өз еркімен шығып, қос баласының да құжатын алып, буынып-түйініп осы ауылға көшіп келді бір күнде. Ауылдың мектебінен бұған жұмыс табыла қоймады. Бірақ қайдан табылсын, өзі тоғыз жылдық мектептің штаты да азғантай ғана. Оған Нұржамал қайғырған жоқ. Балаларымды мектепке орналастырып, солар үйреніп кеткенше үйде отырғаным да дұрыс болар деп шешті. Оның үстіне, күйеуі әкім болғалы бері үйден де кісі үзілмейтін болды. Құдайдың құтты күні қонақ қарсылау.

...Ағаш оқтауын қолына алып, нан тақтайына аздап ұн сеуіп, Нұржамал еттің нанын илеуге кірісті. Қимылы ширақ. Әлсін-әлсін газ үстінде бұрқ-сарқ қайнап жатқан кәстүрөлге қарап қояды. Еттің де пісетін уақыты жақын. Салатқа деп әзірлеп қойған көкөністері бар аршитын. Тұздығы ол әзір емес. Үлгерем бе, үлгермеймін бе дегендей жарда тұрған сағатқа   қарай береді. Онысы тықылдаған күйі дегбірін одан әрі кетірді. Өзі мектептегі кенже баласын киіндіріп, үйге шығуға жиналған сәті сол еді күйеуі телефон соғып, «Бәйбіше, аяқастынан қаладан  комиссия келіп қалды. Кешке үйге апарып қонақ қыламын. Дастарханыңды әзірлеп қоярсың» демесі бар ма. Содан бұ байғұс қос өкпесін қолына алып, дүкенге қарай жүгірді. Қанша дегенмен заты әйел ғой. Дастарханға не қоятынын жолай ойластырып, тамақтың тізімін ойша құрастыра бастады. Дүкеннен керек-жарағын алып, бір қолымен баласын жетектеп, үйіне зорға дегенде жетті. Келе тамақтың қамына кірісіп, асығыста отқа түсіп, ойнап, қазанға түсіп, қайнап жатқан беті осы.  

Ақылбай әкім болғалы үй көрмейді. Алақандай ғана ауылдың бүткіл тірлігі осының қылдай мойнында. Қыс болса ауылды қар басып жатыр деп, қолына күрегін алып көше тазалайды, біресе жарық сөнді деп трансформаторды торуылдайды, біреудің қатыны туса түнжарымда оны ауданға сүйрелейді. Ең жеңілі өрістегі жекенің малы күйлесе, үйірге қосатын бұқаны тауып әкелу де әкімнің мойнындағы шаруа көрінеді. Онысын бірі бағалап жатса, бірі миығынан күліп, «сол да жұмыс болып па» деп мысқылдайды келіп. Әкім болуды кабинеттегі жұмсақ креслода отырып, қарамағындағыларды құлша жұмсау деп түсінетіндер бұл ауылда да жоқ емес. Содан болар, қит етсе «әкім қайда қарап отырға» салып ананы-мынаны мәселе қылып, акиматқа жиі келетін белсенді сымақтар Ақылбайдың аяқ алысын аңдып, сынап-мінеп отырады. Ол ештеңе емес-ау, бұл ауылға келетін комиссияның да қарасы үзілмейді ғой бір. Құттай ғана ауылдың несін тексере береді екен деп таңданасың кейде. Тексеріс келеді дегенді естісе, Ақылбай жұмыста қонуға бар. Азанда кеткеннен, түнде келсе келді, келмесе сол жұмысында түнеп шығады. Онысына Нұржамал да әбден үйренген.  

Өткенде осы ауылға үкімет монша салып берген. Бәлен күні соның ашылуы болады, аудан, облыс әкімдері қатысады деген хабар келді орталықтан. Ал кеп дайындал. Бір күн бұрын ауылдың шетінде тұратын Еркінбектің камазымен келіп, төр бөлмеде төсеулі тұрған кілемді, үйдегі түрлі-түсті теледидарды тиеп алып кетті. Жоғарыдан басшы келсе, үйіндегісін соның алдына таситын күйеуінің әдеті Нұржамалға баяғыдан таныс қой. Түсінді де, ештеңе дей қоймады. Қайтсын енді, жалғыз бұның емес, үлкенді-кішілі басшының басында болатын жағдай ғой баяғы. Содан кешкілік ауданнан келген бір топ қонағын ертіп, Ақылбай үйге келді. Аудан басында қызмет ететін бөлім басшылары бар, басқа ауылдардың әкімдері бар – бәрі сол моншаның ашылуында болыпты. Әкім жүрген жерде тайлы-тұяғы қалмай, ханның қырық уәзіріндей болып еріп жүретін әдеті ғой бұлардың. Шамасы, шара жақсы өткен болуы керек, баяғы жуамыз деп Ақылбай бір топ мейманды үйге алып келді. Қолында күні бұрын әкімнің алдына төсеймін деп алып кеткен кілемі бар. Соны көк шөпке жайып жіберіп, қонақтарын жайғастырды.  Бұл кілемнің қызмет етіп келе жатқанына да біраз болыпты. Жаңадан келін болып түскен кезінде Нұржамалдың жүгімен келген жасауы еді. Нұржамал жайылған кілемнің үстіне шәйін әзірлеп, дастархан дайындығына кірісті. Кіл еркектер болғасын дастарханға отырмай, іште әлсін-әлсін шәйін демдеп, ыдыс-аяғын жуып өз шаруасында жүр. Арақ-шарабын ішіп, масайып қалған қонақтар еркінси бастады. Ішіндегі месқарын, бойы бақалтақ қана келген жігіт ағасы, шамасы араларындағы үлкені болуы керек, қолындағы арақ құйылған рөмкісін көтеріп тұрып:

-Ақылбай Қымызбаевич, бүгінгі шараңыз өте сәтті өтті. Ауылда ашылып жатқан моншаңыз құтты болсын. Бәрі осы ауылдың тұрғындары үшін ғой. Еңбегіңіз жана берсін! Мен көп сөйлей алмаймын. Сол үшін көтеріп қояйық,- деді тілі күрметіле сөйлеп. Оны бәрі бірауыздан қолдап, рюмкілерін қағыстырып, алып қойды.

Кейін бәрі аяқ суытып келіп, дастархан басында қайта жиналды. Карта ойыны басталды. Арақ-шарап құйылды. Темекінің будақтаған көк түтінін құшырлана сорып, арақты суша сімірген еркектер кетуге, сірә, асығар емес. Ана бір көпшікті шынтақтай жатқан жүдеу жігіттің көйлегінің түймелері ағытылып, галстугі бір жағына қисайып кетіпті. Орысша-қазақша араластырып, шатып-пұтып ол да тост көтеріп, тегістей алдырып қойды. Ақыры қыза келе айтып отырған әңгімелерінің ауасы бұзыла бастады. Бойы ұзынша келген, бір көзінің қылилығы бар қара торы жігіттің аузына ақ ит кіріп, көк ит шықты. Сірә, жоғарыда отырған басшысына ренжулі болса керек. Әлгінің өзі жоқ болғасын, боқтап-балағаттап байғұстың құлағын шулатты. Ішіндегі жастауы ішімдік көтере алмайтын болуы керек, отырған жерінде лоқсып, тұруға дәрмені жетпей ал кеп құссын. Содан не керек, дастархан басын жау шапқандай қылып, таң ата бастаған кезде ғана қонақтар бір-бірін қолтықтай сүйреп, көліктеріне отырып ауылдарына тарасты. Ақылбай үйге кіріп, киімін шешпестен салулы тұрған төсекке құлай кетті. Бұлар жататын бөлменің терезесі жазғы сәкінің іргесінде тұғын. Нұржамал у-шудан түнімен көз ілген жоқ. Әлгілер кетті деген бойда «ертемен балалар көрсе, ұят болар» деп сәкінің үстін жинауға кірісті. Дастархан үсті жау шапқандай. Жағалай шөлмектің бөтелкелері. Шәй ішетін кесені темекінің күлімен толтырыпты.Тамақтың қалдығы шашылып, нанның бетін құмырсқа қаптапты. Кілемнің шеті құсықпен былғанған. Қонақтың орнын жуып-тазалап, бетінің бедері кеткен кілемнің үстін қалыпқа келтірем дегенше күн ұясынан шығып, таң атты. Одан балалардың тамағын әзірлеп, мектепке баратындарын оятып, оларды шығарып салды. Күн шыққасын жату бола ма, сол күйі шаруасын шаруалап, демалып жатқан күйеуіне кедергі болмасын деп, аяғын мысықша басып жүріп үйін жинады.

...Нұржамал тағы да сағатына қарады. Кешкі бесті төңіректепті. Салатын жасап отырып ойы сан-саққа жүгіріп, есіне қай-қайдағылар түсіп кеткен. Алаңдап кетсе керек. Кенет телефон шылдыр ете қалды. Күйеуі екен:

-Бәйбіше, етің қайнап жатыр ма? Комиссия әзір шығуға асығар емес. Әлі бухгалтерияны тексереміз деп отыр. Шамамен сағат сегіздерге таман апаратын болармын. Сол уақытқа ыңғайларсың. Үйде арақ-шарап бар ма еді? Жетпесе жүргізушіні жіберіп алдырармыз. Жарайды, көріскенше,-деді күйеуі асығыс-үсігіс сөйлесіп.

«Бәйбіше» деп келіншегін еркелеткен түрі. Қашаннан бастап бұлай еркелете бастағаны Нұржамалдың есінде жоқ, әйтеуір, соңғы кезде (әсіресе қонақтықтарда) «Бәйбішем», «Біздің үйдің бәйбішесі», «Әу, бәйбіше» деп отыратынды шығарған. Мейліші, сүйгенін еркелетіп, жақсы сөзін арнап жатса оның несі айып. Осыны іштей ойлап, риза болған Нұржамалдың жүзіне күлкі үйіріліп, өзінше мәз болды. 

Шай басына қоятын тәттілерін төргі бөлменің терезе жақтауына орналастырған соң, сандықтың үстінде сіресіп тұрған көрпелерін дастархан жабылған жер үстелдің айналасына жайып қойды. Не болса да әзір тұрсын дегені болар.

Сандықтың үстіндегі көрпені алып жатып, ойына осыдан екі жыл бұрын болған бір оқиға түсті.

Қыс айы болатын. Ақылбай үйге үстіне милиция формасын киген, қолында қара папкасы бар орта жастағы еңгезердей тақырбас жігітті ертіп келді. Екеуі де араққа сылқия тойып алыпты. Шамасы жұмыстан ішіп келген болуы керек. Ақылбай бәйбішесіне ертерек хабарласып, кісі келетінін ескертіп қойған. Нұржамалдың еті асулы, дастарханы жаюлы тұр. Бірақ босағадан аттаған мейманның бет-ажары бұған бірден ұнай қоймады. Үстінде милиция формасы бар демесең, түрі бір тартымсыздау. Жауға қарағандай суық жанары адамды қарып-ақ кетеді екен. Нұржамалдың өне-бойы мұздап, қорыққаннан денесі құсеттеніп кетті. Онысын сыртқа білдіре қойған жоқ. Әйелдік интуициясы бір сұмдықты сезді ме, әйтеуір, ерні дүрдиген, жүзінде жылуы жоқ тақырбас мейманға іші жыли қоймады мұның. Басының шүйде тұсында отадан кейін тігілген жуан тыртығы бар екен. Онысын ебедейсіз қозғалып, аяқ киімін шешуге оқталғанда байқады.

Қолдарын жуып, дастарханға жайғасқан екеуі әуелі «таныстық үшін» деп бір-бір рюмканы көмейге кұйып жіберді. Сол аралықта үйге Ақылбайдың досы Жомарт та кіріп келді. «Бізбен бірге бол» деп әдей шақырыпты Ақылбай. Онысына Нұржамал іштей қуанды. Әйтеуір, ес болады ғой. Тақырбастың қылықтары да тым ерсі екен. Үйде отырмын-ау демейді, дастархан басында жан-жағына түкіріп, тынымсыздана қозғалақтап отырады. Мұнысына Жомарт та тіксініп қалды. Бірақ қонақтың аты қонақ, ештеңе дей қоймады. Ас желінді, арақ ішілді.  Тақырбас қонақ әбден қызды.

-Талай қыздардың етегін ашқанбыз жас кезімізде. Әлі де қатындарды құлындай шыңғыртып, құрықтайтындай қуатымыз жетеді,- деді тақырбас дастархан үстін жинап жүрген Нұржамалға аларған көзін қадап, бір түрлі қылжақбастанып. Нұржамалдың зәресі зәр түбіне кетті. Әлгі Ақылбайда үн жоқ. Арақтың қуаты буынына түсті ме, піскен басша ыржия береді бар білгені. Қонақ қысылар емес:

-Заң біздің қолымызда. Қарсыласқан қыздарды сабап тұрып, сабасына түсіретінбіз. Сабаймын деп біреуін өлтіріп алғаным бар. Ниче! Жер бетінде не көп, қыз көп. Өлген қызды орманға апарып көме салдық. Ешкім іздеген де жоқ.

Нұржамал қорыққанынан қалшылдап кетті. «Мынау не қылған оңбаған адам Құдайдан қорықпайтын. Аузына келгенін оттауын қарашы. Қылмыскер болып жүрмесе нетті?» деп ішкі ойы сан-саққа кетті. Әлгінің қасына жақындап, алдында тұрған шай кесесін алуға оқталып еді, тақырбас еш қымсынбай, оң қолымен Нұржамалдың белінен сипап, қылық көрсете бастады. Мұндай арсыздықты күтпеген Нұржамал қолына ұстаған кесесіне шайын да құймастан, бос кесені тақырбастың алдына тастай салды. Ызадан кеудесін ашу кернеген әйелдің жанары жасқа толып кетті. Бірақ онысын сездірген жоқ. Бірдеңе десе, онсызда арақтың қызуымен отырған әлгілер төбелесіп, бірін-бірі жазым қыла ма деп уайымдайды. Оның үстіне арғы бөлмеде алаңсыз ойнап отырған балалар да шошып кетуі мүмкін. Қазанбас еш қымсынған жоқ, аршылған жұмыртқадай жылтыраған басын оңға да, солға да бұрып, өзінен өзі ыржалақтап, Нұржамалды түлкі көзімен ішіп-жеп барады.

-Келіншегің пединститутта оқыды дедің бе?- деді тақырбас алдында тұрған қиярды аузына салып жатып Ақылбайға қарап – бәсе, жүзі таныс, – деді ол азындағы қиярын үлкен құштарлықпен шайнап отырып.

 – Пединституттың алдын талай торуылдап, тәтті қыздарды гүл тергендей құшағымызға жиып, шалқып жүруші едік кезінде. Манадан бері байқап отырмын, көп қыздың арасында жүрген біреуін есіме салып отыр,-деді тақырбас ашықтан-ашық анайылықпен.

Әбден қорланған Нұржамал қолына ұстаған тасқұманын үстелдің шетіне тастай сала, ас бөлмеге қаша жөнелді. Көзінен жас тоқтар емес. Иығындағы орамалымен бетін басып, ал кеп жыласын. Бұл жағдайды арақтан әбден масайып қалған Ақылбай аңғарған да жоқ. Көзін бір ашып, бір жұмып ыржалақтап отыра берді. Күйеуінің осынша селқостығына одан әрі ызаланып, жүрегі қысылып, қорланып жылап отырған Нұржамалды сырттан кіріп келе жатырған Жомарт байқады. Мұның бәрі әлгі тақырбастың ісі екенін бірден түсінді. Бағанадан бері аузына келгенін оттап, көкезуленіп отырғаны ұнамап еді. Жомарттың кеудесін ашу кернеді. Сол ашудың қызуымен төрде отырған тақырбас қонақтың жағасына жармасып, әлгі әпербақанды сыртқа қарай сүйрей жөнелді. Тақырбас жөпелдемеде не болғанын түсіне алмай, көзі одырайып, жағасына жармасқан жұдырықтың ырқына тәлтіректеп ере берді. Досының оқыс қылығынан лезде есін жинап алған Ақылбай әлгі екеуінің соңынан шығып, арашаға кірісті. Арашаға қарап жатқан Жомарт жоқ бірақ. Көзі қызарақтап кеткен. «Иттің баласы! Асыңды ішейін, ыдысыңа тышайын деп отырсың ба?! Шаңыраққа қара! Өй, әкеңді..!» деп әлгі дүр ерін тақырбасты жұдырықпен төпелей жөнелді. Мастығы буынына түсіп, қорғануға шамасы келмеген әлгі батырсымақ сұлқ етіп, естен тана жерге құлады. Ақ қардың беті қызыл қанға боялды. Нұржамалдың зәре-құты қалмады. «Ойбай-ау, өлтіресің бе?» деп даусы жарғақшақтанып айғайлап жіберді. Ендігі жетпей тұрғаны кісінің өлімі. Бұған байғұс келіншектің жүрегі шыдамас еді. Ақ қардың үстінде ес-түссіз жатқан еңгезердей еркекті қолтықтап, үйге кіргізген Ақылбай жағдайдың осынша ушығып кеткенін сол кезде түсінді.

Келесі күні тақырбастың тоны өзгеріп сала берді. Түнде жеген жұдырығы әсер етті ме, әлде мына ауылдан аман-сау кеткенше асықты ма, әйтеуір, Нұржамалдың аяғына жығылып, «Жеңеше, жаздым-жаңылдым» деп өлердегі сөзін айтып кешірім сұрады. Нұржамал еңгезердей еркектің осынша езілгенін көріп, іштей аяп кетті. Кіреберісте тұрған етігін асығыс киіп, сыртқа беттеген тақырбас есіктен шыға сала жан-жағына жалтақтай қарап, зыта жөнелді. Содан бері бұл тексерушінің ауылдан қарасы көріне қоймады.

...Нұржамалдың ойын тосыннан соғылған есіктің тарсылы бұзды. Сірә, келген Ақылбай болуы керек. Бұл дастарханның дайындығымен жүргенде қас та қарайып қалыпты. Жуып тұрған ыдысын қоя тұрып, Нұржамал есік жаққа беттеді. Арғы жағынан дабырлаған дауыстар естіледі. Есік ашылды. Ішке бір-бірін қолтықтай демеп Ақылбай мен  көзінде көзәйнегі бар, жұқалтақ келген, бір қолтығына папкасын қыстырып алған  жүдеу еркек кіріп келе жатты. Екеуі де мас.

-         Бәйбішеее, біз келдік!