АСЫЛАН ҚУАНЫШҰЛЫ. САҒЫНЫП ЖҮРМІН...

Толассыз жаңбыр астында бір-бірімізге ұзақ қарап тұрдық. Тұмауратып қалыпты. Еріні дір-дір етіп аузымен әрең дем алады. Кенет ернімнен сүйді. Ұзақ сүйістік. Содан соң дем жетпеген ол сылқ етіп құлап түсті. Алдымда жансыз сүлде жатты. Өлі сұлулық.

   Түсім екен. Көзімді ашсам саябаққа кіре берістегі жалғыз орындықта жатырмын. Оның келуі керек. Келеді.
   Қызық, тура бір жыл бұрын бақытты болыппын. Іңір. Сағат жетінің кезі. Оның келемін деген уәдесін алмасам да, тіпті ол бүгін келмесе де, күндердің бір күні осы жермен өтіп бара жатып саябаққа кіре берістегі жалғыз орындықта отырған мені көзі шалып қаларына сенімім кәміл. Ал, сіз ол келгенше мына бір әңгімемді оқи отырыңыз:

 Кешірме мені...

«...Біз өмір сүретін әлем өң бе, түс пе – оны айту сондай қиын...»
                       Ким Ки Дук

 

   Таңертең теңіздің майлы топырағы күннің қызуымен құрғап, бетімді дуылдатып оятты. Ол тағы келмеді. Екеуміз осы жерде танысқанбыз. Жел үрлеген ақ көйлегінің етегін қайта-қайта қымтап, топырақпен аққу мүсінін жасап отырған.

– Кешіріңіз, – дедім. – Аққудың аты кім?

– Айнаш.

– Әдемі екен. – Оның еркелей жымиғаны, бидай өңіне әбден жараса қалған, езуінен сәл төменірек орналасқан иненің көзіндей ғана меңі, мұрнының ұшына соғылған күн сәулесі – бәрі-бәрі шынымен-ақ әдемі еді. – Сізді бұрын көрмеген сияқтымын... Кетікке жаңадан келдіңіз-ау деймін?

– Солай десе де болады.

– Солай болғанда... үйіңізді білесіз бе, әйтеуір?

Бала емеспіз ғой, тауып алармыз...

   Темекінің бір талын баппен алып тұтата бастадым. «...Айнаш... Қай жерден көрдім? Біртүрлі... Неге танысын көргендей жымиды? Әлде бұрын жүрген қыздарымның бірі ме екен? Жоқ, Айнаш деген қызбен сүйісіп көрмеппін. Мүмкін... Мүмкін емес. Оны ауылға келместен екі-ақ апта бұрын көрдім ғой.  Алматыдан. Аружанның түрін ұмытып қалмаппын және, сол баяғы төртінші сыныптағы қалпы. Өзгермеген. Бұл болса, мүлдем бөлек... Әлде... тура кинодағыдай боп шықса ше? Перзентханада жоғалып кеткен егізім болып шықса әрі егіз босанғанын мамам да білмесе...»

   Айнаштың жанына барып отырдым.

Айнаш, анау қайықты көріп тұрсыз ба? – оң жақта аударылып жатқан сыры кеткен ескі қайықты нұсқадым.

Иә?

Соның ішінде жылан бар. Байқаңыз, аққуыңызды жеп қойып жүрмесін.

Ол тағы да жымиды.

Өзіңіз атыңызды айтпадыңыз ғой?

Сұрамаған соң, дедім қолымды ұсынып. – Сатыбалды.

Оның алақанына алақаным тиген сәтте жаңағы айтқаным үшін өкіндім. Себебі, оның алақаны аққудың қауырсынындай нәзік еді. – Сонымен, қай жерден келдіңіз?

Мен де темекі шегейінші?

Болмайды.

Неге? – жүзінен бейкүнә еркелік байқалады.

Сіз – қызсыз.

Аққу болсам ше?

Иә, сіз аққуға ұқсайсыз. Бірақ аққулар темекі шекпейді.

Қалай ойлайсыз, періште күнә жасаса өле ме, әлде сайтанға айнала ма?

Сіз неге болмайтын әңгіме айтып отырсыз, бәрібір темекі шегуіңізге рұқсат бермеймін.

Жоқ, сіз менің жігітім не күйеуім емессіз. Ол тұрмақ Айнаш деген қызбен де сүйісіп көрмегенсіз. Неге сіздің айтқаныңызды жасауым керек?!

Шекпей-ақ қойыңызшы...

Жақсы. Онда қайдан келгенімді де айтпаймын.

Мүмкін сізді шығарып салармын?

Таң атпай ма? Менің әлі аққудың қанатын жасауым керек...

Мақұл, сіз қашан аяқтағаныңызға дейін күтемін.

Одан кейін ше?

Сізді шығарып саламын да, қай жерде тұратыныңызды біліп аламын.

Арада аздаған үнсіздік орнады.

Періште өліп қалатын секілді, деді ол.
Күнә жасаса ма, онда ол сайтанға айналатын шығар.

Жоқ, ол періште емес пе?!

Періште жерде жүрмейді ғой.

Махаббат періштесі... – дауысы ақырын, дірілдей шықты.

Сонда сіз махаббат дегенге сенесіз бе?

Сіз сенбейсіз бе?

Сенбеймін!

Онда сіз мені сүйіп қаласыз да, одан соң бәрі басқаша болады.

Ойпырмай, ә? Сонда қалай болады?

Менің қайдан келгенімді түсінесіз...

         Жанынан тұрып кеттім. Темекінің екінші талын тұтаттым. «Өзіне тым сенімді қыз екен... Айнаш... Сүйіп қаласыз дегеніне қарағанда егізім емес секілді... Тұра тұр, ол менің Айнаш деген қызбен сүйіспегенімді қайдан біліп қойды? Әлде көріпкел ме екен? Тіпті, «сүйіп қаласыз» деді-ау, ә? Оттаған екен. Мүмкін жағада ешкім болмаған соң ыңғай білдіріп тұрған болар? Бірақ «періште өліп қалатын секілді» демеді ме? Қызық қыз екен... Бәрібір көзі әдемі».

         Қасына қайта келіп отырғанымда, сұқ саусағының ұшымен аққудың қанатын сәндеп жатқан еді.

Аяқтап қалдыңыз ба?

Жоқ, сіздің мені сүйіп қалуыңызға әлі де жарты сағат бар.

Түсінбедім.

Түсінесіз.

Мамама ұқсайды екенсіз...

Көрдіңіз бе, баяу ғашық боп келесіз! Бальзак сияқты, – деп көзіме тура қарады. – Дегенмен, сізге жұбаныш болатын бір сөз айтайын ба?

Айта қойыңыз?

Қоштасу – тұнық сезімді лайлап алмаудың соңғы амалы ғана, деді оң қабағын көтеріп, «солай!» деген ыммен.

Ақын секілдісіз?

Мені кешірмей-ақ қойыңыз.

Не айтып кеттіңіз? Бәрібір сіздің үйді тауып аламын. Оны өзіңіз айтасыз. Себебі, мен сізге емес, сіз маған ғашық болып қаласыз.

Тіпті, мені өзіңізге қаратудың амалына кірісіп те кетіпсіз...

Жәрәйт, жұмған аузымды ашпаймын. Жаңағы айтқан жарты сағатыңыз өтпей-ақ өзіңіз әңгімеге тартатын боласыз.

Сүйретпемді Айнаштың жанына шешіп,жалаң аяқ теңіз кешіп кеттім. Жағаға соққан толқын келген екпінімен кері қайтқанында бақайымның ара-арасынан ұсақ-ұсақ құрттар қытықтап өтіп, топыраққа сіңіп жатыр, сіңіп жатыр. Айнаштың әлгі сөздері де кеудеме ақырын қонып жатыр, қонып жатыр.

«Баяу ғашық боп келесіз...». 

Қалтамнан темекінің қорабын алып, ішінен тағы бір ақсирағын тістеп, тұтаттым. «Көзі ғана әдемі. Қозының көзі секілді. Жағаға қалай тап болды екен? Мұнда таңертеңгілік ешкім келмеуші еді, тек сексеннің үстіне шықса да иілмей-бүгілмей Боқан ақсақал ғана серуендейтін жаға емес пе бұл. Қолындағы таяғы жағалаудың әр жерін түртіп сол ғана жүретін. Жаз шықса екеуміз осы жерде көрісіп, атам жайлы әңгіме айтатынбыз. Қазір ол да келіп қалар. Содан соң аппақ мұртын саусақтарымен бір тарап қойып алғашқы махаббаты жайлы әңгімелеп берер... Енді біздің қатарға Айнаштың қосылғаны ма!? Ақсақал тезірек келсе ғой, әлгі «жарты сағат» принціпін бұзып, Айнаш ашыла бастар ма еді...»

 «Мені кешірмей-ақ қойыңыз»...

Темекінің тұқылы пыш етіп сөнген кезде табаным да жағаның құмына үнсіз оранған еді.

Он бес минүттей қалған ба, қалай?

Айнаш ақырын ғана қайық жаққа мойын бұрды. Менің де назарым қайыққа ауды. Бұрындары достарыммен бірге тура артымдағы қиранды сарайдан басталатын жүгірісіміз сол ескі қайықты екі рет айналумен аяқталатын. Әліміз құрып, бүк түскен қайықтың табанына отыра-отыра кететінбіз. Одан қызыл балықтың исі мен теңіздің қошқыл исі араласа аңқып тұратын. Онсыз да сыры кеткен жиегіне әр жылы ауылды «ұстаған» «батырлардың» туған жылдары мен «мәжнүндердің» «махаббаттарының» есімдері ойылып жазылған; әріптердің тереңіне құм жұққан. Ал ық жағына күн түсін бұза бастаған, құрғақ теңіз шалаңдары жиналып қалған. Сол қайықтан сәл жоғарғы жағындағы анау көк шарбақты сары зәулім үйлерден шыққан туристтер бізге қарап риза болысатын. Сөйтетін де, теңізге қарама-қарсы тұрып, оң жақта алыстан көрінетін «Мұнара» жайын сұрайтын…

Мені ұмытып кеткен жоқпысыз? – дедім «аққудың» жанында жатқан шыбықты алып жатып.

Жұмған аузымды ашпаймын дегенсіз...

Менің әкем теңізші еді.

Қазір ше?

Қазір де теңізші шығар... Білесіз бе, көк теңіздің ортасында қаншама рет болған анау тесік қайық менен гөрі бақыттырақ, – дедім, құм бетіне «Айнаш» деп жазып жатып. – Бірақ бізден бақытты болмайтын шығар...

Сіз махаббатқа сенбейсіз ғой...

Баяу сене бастадым...

Он минут күтіңіз.

Сағатқа қарауға қорқамын. Мүмкін күмәнді сенімге балап жүрген өзіміз – өтірік шығармыз.

Өтірікті кешіруге болады.

Ал, сіз кешірмеңіз мені...

...Көкем әлі күнге сұр бойдақ. Әскерге кеткен кезінде сүйген қызын досы алып қашыпты. Шаңырақ көтере салысымен «Мұнарасы бар ауылға» көшіп кеткен оларды көкемнің көрмегеніне жиырма жылдан асыпты. Кім біледі, қоштасуға келмеген сүйіктісінің өз жүрегіндегі кіршіксіз бейнесіне әжім түсіріп алғысы келмеген шығар. Бірде көкем сылқия тойып алып, «қызының» сүгіретін көрсеткен. Көзі ғана әдемі екен. Қозының көзі секілді...

«Cancao do mar» әнін тыңдағансыз ба? – дедім, телефонымды қосып жатып.

Маған Лара ұнайды. «Oublier»-ді теңіз бетінде қалқып тыңдасаң...

Әнді қосып жібердім. Дәл төрт минут отыз үш секунд. Сол уақытта әлгі «жарты сағатқа» жетеміз.

         Мен ес білгелі бері мұнда қанша адам ғашығының есімін жазды, қанша бала қамал соғып ойнады – бәрін де жел көмді, толқын шайды. Өйтпегендерінің үстіне екінші біреу алдыңғысының жаңа нұсқасын жасады. Кейін біреулер дәл солай жасайды. Ал, айда-жалда құламаған қамал көрсеңіз, жан-жағына із түспеген адам есімін көзіңіз шалса, жақын маңайда ауыл жоқ деп біліңіз.

...Көзімді тас жұмып алып музыкаға ери бердім, елти бердім. Теңізден соққан самал жел бетімнен өбе берді, өбе берді. Кенет ернімнен әлдекім сүйіп алды.
 Айнаш!

         Көзімді ашқанымда Айнаш та, аққу да жоқ. Тек аққудың орнында «Айнаш» деген жазу ғана қалыпты. Шетінде – бір тал қауырсын.

         Ертеңіне дейін күттім. Келмеді.

…Таңертең теңіздің майлы топырағы күннің қызуымен құрғап, бетімді дуылдатып оятты. Ол тағы келмеді.

«Кешірме мені...»

 

 *  *  *

         Тура бір жыл бұрын университетке апаратын алдымдағы көшемен Есентай өзенінің жағасына екеуміз қол ұстасып барғанбыз. Өрік түстес күртешені желбегей жамылған ол көзінің қиығымен бір-бірінен ажырамастай көрінген қолымызға әлсін-әлі қарап қояды.
– Айнаш? – дедім кілт тоқтап, оған денеммен бұрылып.
– Ау?
– Неге тәттісің? Тіпті құшақтауға да қимаймын. Құшақтасам, сүтке шаң түсіп кететін секілді.
– Ал, сіз неге сонша қиялисыз?
– Мен неге сонша қиялимын? – өз сөзін өзіне қайталап бердім. Өз ырғағында.
– Әне, бәрін маған аударып тастайсыз үнемі, – ернін шүртитіп, Есентайға ойлы қалыппен көз тастады.
Өзеннің бастауына қарай ақырын аяндадық. Оң жақта, орындықта қарт ғашықтар бір-біріне қарап, алақандарын аялай сипап отыр. Айнаш оларды көріп, сүйсіне жымиды. Сол жақ езуінен сәл төмен тұрған түйір меңі баяу көтеріліп бара жатты. Жүрісімді жылдамдатып, алдына шығып алдым да, тұра қалдым.
– Айнаш?
Сұраулы жүзбен басын көтерді. Құшақтап алдым. Мұндай шалт қимылды күтпесе керек, жүрегінің дүрсілін жүрегіммен сезіндім.
– Жіберіңіз, ұят болады.
– Жібермеймін.
– Онда айқайлаймын қазір. Сосын көресіз.
– А, айқайлайсың ба, – дедім құшақтаған күйі көзіне қарап. – Дауысың жәй шығады ғой сенің, мен де көмектесейін, – деп жан-жағыма алақтап айқайға бастым: «Адамдар, мына қызға көмектесіңдер! Кө-м-е-ек! Ол жазғанды мен босатпай жатырмын! Көмектесіңдер мына қызға...»
Күлді. Қайтадан көзімін тоғысты. Жүрегі мүлде қатты соға бастады. Ерні дір-дір етіп... Дір-дір еткен ерніне ыстық демім соғылып, өзімді өртеп жібергенше жақындай түстім. Екеуміз ұзақ сүйістік. Содан кейін жаңбыр жауа бастады.
         Сол күні көрген қария тиін мүсінінің жанынан саябаққа қарай сылтып басып келе жатыр. Қолында кішкентай ғана итінің қарғыбауы...
         Ал мен әлі сағынып отырмын. Келетін шығар...

Мамыр айы. 2019 жыл