ҚОНАҚ ҮЙДІҢ КӨЛЕҢКЕСІ
(новелла)
Күзді ерекше жақсы көретін оқырмандардан иіліп тұрып кешірім сұраймын, бүгін – күздің ең бір елеусіз шағы. Көше қалтарысындағы кофеханада кофе ішіп, себепсіз мұңайып алатын, ойыңызбен алысып отырғанда панасыз бейшараның сізден азық алуға ақша сұрап, қалтаңыздан түк таппай, сіздің ізетпен ғафу өтінетін, одан кейін, оның кетіп бара жатқандағы «При советском союзе хорошо жил, колбасу жрал. Епту!..» деген дауысын естіп, аузыңызға темекі қыстыра салатын емес, жәй ғана көктемді аңсап, тұрған орныңыздан ешқайда аттап баспайтын күн. Көзіңізді жұмып жүріп-ақ асыңызды даярлай алатын үйіңіз түгілі, өміріңізде бірінші рет бір күнге жалдаған шағын қонақ үйдің тар бөлмесінде тұрсаңыз да солай...
Қара түнге тас төбесін қасытып, көше шамдары ерсілі-қарсылы ағылған көліктерге иіліңкіреді. Өзге жақтан бөтен ешкім келмейтін, тек осы қаланың тұрғындары демалу үшін ғана бас сұғатын мынау қонақ үйдің тіршілігіне, дағды бойыша, дәл осы сәттен бастап жан бітеді. Жол жиегінде такси тоқтатып тұрған анау екі сылқымды бұл бірнеше сағат бұрын қонақ үйге кіре берісте көрген. Жоқ, мұның іздегені осы қонақ үйдің әр бөлмесін, қуыс-қуысын бес саусағындай білетін екі сылқым емес еді. Ол жалғыз-тұғын. Баданадай көзі алыстан менмұндалайтын. Шалқақ басы ақсүйектігін аңдатып, онысына өзі риза болып кілт жымиып, күрт күңірене қалатын.
Әр қадамын санап, мұңды басатын сол қызды «Тордағы тотықұс» қонақ үйіне сүйреп әкелген өзі де, бұл да, тіпті, сіз де білетін бір жәйт еді.
– Сіз?.. – деді бұл.
– Иә, сіз маған хабарластыңыз, – деді ол.
– Кіріңіз.
– Кешіріңіз, бұл бөлмеде Etta James-тің әндерін қосып қоюға бола ма?
– Қалауыңыз білсін. Жайғасыңыз.
Бұл осы уақытқа дейін әйел баласының бар мінезі көзінен көрінеді деп ойлап келіпті. Енді түсінді: оның жан-дүниесі ерінінің ұшында дір-дір қағып тұрады екен. Әрине, сол ерін өзге ерінмен сүйіскен кезде немесе төмен қарай еңкейіп, әлдебір дүниенің дәмін алғанда жан-дүниесінің пыр етіп қайда ұшып кететінін бұл ойланып үлгермеді.
– Сізді осынша жас деп ойламаппын, – деді бұл. Содан соң сәл шегініп, сол қолымен екі кісілік кереуетті нұсқады. – Түн ұзақ. Асықпаңыз. Аяқ киіміңізді шешіп, анау жерге отыра беріңіз. Мен жуынып келейін.
Сөйтті. Бұл жуынатын бөлмеден шыққанда ол мұның бас киіміне бір қарады да, мырс етті.
– Қашанғы әдетім. Жуынған соң шашымды өйстіп бастырып қоймасам, дудырап кетеді, – бұл ыңғайсызданған түр танытып сәл тұрды да, қалаға қарайтын терезенің пердесін түсірді. – Айтпақшы, атыңызды кім қойған?
– Өзім.
– Бәсе, мен де солай ойлап едім. А. есімді танысым көп, дегенмен бұл сізге қарата айтылғанда ерекше құлпырып сала береді екен.
– Ал сіздің атыңыз маған түк ұнамады. Ешқандай мақсаты жоқ адамның шәй ішіп отырып қоя салған аты сияқты. Кешірім өтінем.
– Мәселе адамның атында емес. Мысалы, тотықұсыңызға ең жек көретін адамыңыздың есімін беріп, күнде қорлап отырсаңыз да, оны тордан шығарып жібергеніңізбен ешқайда ұзап шықпайды ғой. Қалай атасаңыз да бәрібір, оған өз аты ұнайды. Мені қорлады екен-ау деп те, енемді іздейін деп те қашып кетпейді. Ол өле қалған жағдайда сіз де қайғыра қоймайсыз.
– Басқа тотықұс сатып аламын дейсіз ғой. – А. күрсініп алды. – Түсінікті. Дегенмен мұндай атпен өмірден өтетініңіз өкінішті-ақ...
– Сырт киіміңізді шешіп қойсаңыз болады. Бөлме – жылы, түн – ұзақ. – Бұл оның жанына отырды.
Дәл осы сәтте, қаланың екінші бұрышында, әлдекім өз жөнімен кетіп бара жатқан қыздың қолшатырына тығылып, одан сағат неше болғанын сұраған болуы мүмкін. Қыз жігіттің ойын бірден түсініп, телефонына үңіледі де, майысыңқырап үн қатады. «21:58».
* * *
Etta James-тің әні бөлменің бұрыш-бұрышын, қуыс-қуысын аралап барып, пердеге сіңіп кете берді. Темекі түтіні, керісінше, түзу ұшып барып шамға соғылды да, жайылып кетті. Күлсалғышта – темекі тұқылдары. Біріншісін сары сирағынан қысып ұстағанымен, жеңіл лақтыра салған. Екіншісі – әбден жаншып сөндірген жіңішке шылым. Қып-қызыл далаптың табы бар.
– Шыныңызды айтыңызшы, – деді А. – Мені бұрыннан танитын ба едіңіз?
– Иә. Сені бұрын бір жерден көрген сияқтымын. Есімде жоқ.
– Сені дейсіз бе? Еркек кіндіктінің мәдениеті шауып келе жатып, төсекке сүрініп кете беретіні несі!? Уақасы жоқ, қалай ыңғайлы болса, солай айта беріңіз!
– Әңгіме онда жатқан жоқ. Құдайға да «сен» деймін мен. Жақын тартқаным ғой. Бірден кінәлап шыға келдің.
– Кінәлау емес. Ертең мені ұмытасыз. Ештеңе болмағандай басқаша өмір сүре бересіз. Мен де шашымды сарыға бояп аламын. Біраз уақыт өткен соң менімен қайта танысасыз. Ол кезде менің атым «М.» болады. Танымай да қаласыз. Негізі, бұған дейін де солай айтқансыз .
– Жоқ, мен сені өмірімде ұмытпаймын. Бір сәт есімнен шығармаймын.
– Ақталмаңыз. Мен мына жағдай үшін өкінбеймін. Тек аты нашар адамның аяп тұрғаны қынжылтады.
Бұл бас салып оның бетінен сүйіп алды. Негізі ерінінен сүйгісі келген, бірақ ол жүзін бұрып әкетіп, иығынан итерді. Өзіне күштеп қарату – бұл үшін түк қиын емес. Тіпті, соған оқталды. Алайда көзінен аққан жалғыз тамшы домалап барып қызыл көйлегінің жағасына сіңіп кетті. Өңі боп-боз. Шалт қимылдап, орнынан шұғыл тұрды да, есіктің жанындағы аяқ киімін киді. «Бала күніңде де осындай едің...із!». Бөлмеден шығып кетті. Мұның әлдене деуге дәті жетпеді. Ендігі тұрысы, міне. «Тордағы тотықұс» қонақ үйінен шығатын жалғыз қыздың қайда баратынын білмек. Оның түн ішінде такси тоқтатпайтынын, жаңбырдың астында қолшатырсыз біраз жүретінін бұл сезеді. Кезінде анау екі сылқым да жаңбыр астында ұзақ жүрген шығар.