ҚАРАУЫЛБЕК ҚАЗИЕВ. НАЙЗАҒАЙЛЫ ТҮН

 

Жаз айының жайдары таңы тағы да әдемi атты. Жауынның көптiгiнен қоңырланып, биiктеп алған батсайы раң шашақтарын сiлкiнiп, ертеңгi арайға бет бұра бастады. Азанғы самалмен азды-кем бұйра толқын ойнатқан көк дала кейпiнде жұмсақ нұр бар. Күн әлi ояна қойған жоқ.  Сөйтсе де, Көрпеш бүгiн ертелеп өзенге беттедi. Көңiлiнде өзiмен бiрге құлқын сәрiден түрегелген тыным-сыздау алаң бар ма, әйтеуiр жайбарақат жата алмаған едi. Мұздай сумен жуынып алды да, қоңыр самалға  кеудесiн  тосып,  Кербұлақ  өзенiне  тарт-ты. Ең алғашқыда жылдамырақ жүргенiмен, ауыл шетiндегi шатырлы үйдiң тұсына келгенде саябыр аяңдады. Егер ол бүгiн тағы кездесетiн болса, атын атап сәлемдесемiн деп ойлады. Сөйткенше болған жоқ, аула iшiнен жiгiт те көрiндi.

—Қайырлы таң, Көрпеш.

— Жағдайыңыз жақсы ма, Қайсар?..

Күнде осылай. Көрпеш жұмысқа бара жатқанда осы ауылға жақында келген шофер бала машинасының о жер,  бұ жерiн шұқылап есiгiнiң алдында жүредi. Екi ауыз сөзден бөтен әңгiмелерi болмаса да, күн сайын жүз көрiсудi екеуi де парыз санап алған сияқты. Әрдайым бастарын изесiп, бiр-бiрлерiне ишара бiлдiредi. Көрпеш бұрын бейтаныс жiгiттiң сәлемiне жай ғана iзет көрсетiп өте шығушы едi. Жаңа әлгiнде есiмiн атап амандасты. Неге екенi белгiсiз, сондай бiр сый ұсынғысы келдi. Сый болғанда, өз көңiлiнiң өтiнiшi тәрiздес күңгiрт тiлек, көмескi қалау... «Жап-жас қалпымен шофер болуын қарай көр өзiнiң...». Ол жаңағы баланың оныншыны биыл ғана бiтiрiп келгендiгiн есiне алды. Қалай екенi беймәлiм,  дәл қазiргi сәтте сол бала жайын-да еркелiгi аралас, елжiремелi сезiм құшағына бөленудi аңсағандай. Алайда ә дегеннен сырт бiреудi жүрегiне жақын алып, бауырына тартудың қисынын тап-пады. Сөйттi де сәл ғана жазғырғандай болды. “Өзi де қызық, күн сайын сәлемiн үзбейдi.

 Тұп-тура бұрыннан бiрге өскен жолдасым сияқты. Амандаспай-ай қойса, не етпекшi?.. Күнбе-күн жүз көрiсуге мiндеттi ме едiк. Егер мен сәлемiн алмай қойсам ғой, ыңғайсызданып қалады”. Ол  жiгiттiң аппақ iрi тiстерiн, реңiндегi үнемi құйылып тұратын ибалы iзетi мен жасырын нұр шашқан қоңырқай жанарын көз алдына келтiрдi де, сәлемдеспей   өтуге қия алмайтындығын аңғарды.  “Мейлi, сәлемде тұрған не бар дейсiң. Қаласам, барып қолын аламын...”Бағанағы үйдi қиып өткен жалғыз аяқ сүрлеу ау-ылдан шыға бере жасыл шөптердiң астын кеулей, әлденеше ирелеңдеп, Кербұлақ өзенiне құлайды. Өзен  мен  Көрпештiң  достасқанына көп уақыт өткен жоқ. Онжылдықты бiтiргеннен кейiн осы араның суын өлшейтiн қызметке тұрды. Онша-ма ауыр да жұмыс емес, күнiне үш мезгiл келiп, арнаулы аспаптағы көрсеткiш сандарды жазып қайтады. Өстiп жүрiп мына сүрлеудiң алғашқы iз таңбасын салған да өзi. Сондықтан да ауылдың қайсыбiр адамдары: “Бағана  Көрпештiң жалғыз аяқ  сүрлеуiмен  келе  жатып...”  немесе “Көрпеш сүрлеуiнiң сол жағына бұрыла берiп...” деп көрген-бiлгендерiн Көрпеш есiмiмен  байланыстыра әңгiмелейдi. Бүгiнгi қыз жүрегiнiң майса тартып, үгiлмелi сезiмге оранып оянуынан ба, жабайы жол жиегi соншама ыстық соқты.  Бүгiн де сан мыңдаған таңғы шық жайраңдап келiп Көрпештiң алды-артынан қаумалай бердi. Кейбiреулерi кер бетегенiң құлағында тұрып  көз  жүгiртсе, ендi бiреулерi балауса балдырдың балағынан сығалайды. “Есенбiсiң, таныс  қыз”  дескендей  игi  ниеттi, саф таза жарқыраулар...  Жаңа шығып келе жатқан жаз күнiнiң жалпақ жанары да қыз көңiлiнен сыр тартқандай.  “Көрпеш-ау, жапа-жалғыз жүрiп жалыққан жоқпысың, қалқам. Менмен басыңды сәл ғана еңкейтсең ғой, әлгi жiгiт заулап тұрған машинасымен зыр еткiзiп әкелiп тастаған болар едi”.

Расында,  Көрпеш бүгiн әлденедей жолсерiк iздегендей бiртүрлi сынық.  Жүгiрме жауыннан кейiн шық буына бөленген шырқау дала дидары күндегiден бетер күлгiн шуақ себелеп, күлiмсiрей құбылғанымен, Көрпеш көңiлiндегi алау сезiмдi алдаусырата алмады. Осыншама  балғын нұрға бөленген жас шұғылалы жайлау төрiнде тап-таза тәттiлiктен гөрi қалтыраған ыстық демдi сағыныш сазы басымдау.  Жапалақ  бауырындай бөрте жусанның тасасынан табан асты жамырап шыққан жеткiзбес аңсау бар ма?.. Қыз көзiнiң алдынан алдырмас сағымның белең берi елп ете түскенi ақиқат. Орнықпалы мекенi жоқ,  ары-берi қозғалғандай оқшау тiлектiң бүгiн таңда жүрегiне жабысқаныда анық. Сәби көңiлiнiң бейбiт жатқан түкпiрiне келiп, беймаза көршiнiң қоныстанып жатқанын да жақсы сезiндi... Ол бүгiнгi   таңмен бiрге қасына iлескен “шақырусыз қонағымен” алысып, өзенге қалай жеткенiн де аңғармай қалыпты. Майша созылып, сызыла сырғыған таныс ағын бұрала бүлкiлдеп алдына шықты. Қашан келсең де имене монтиып, iш тарта жүгiрген балауса қалпы со қалып екен. Ешкiммен iсi жоқ, мейiрлене жылы ұшыраған бауырмал пiшiнi әлi де өзгермептi. Тек, алқымындағы шырқауық жалбыздардың қабындап өскендiгiнен де арнасы тарылып, тұйықтала түскендей.Көрпеш еңкейiп  келiп,  еркелене  ирелеңдеген уақ  толқынға ернiн  тосты. Ентелей iлгерiлеген ойнақы иiрiмдi бiр-екі рет ұрттап едi, тұзы кем сияқтанып,  татымсыз көрiндi. Содан кейiн шөлiркемей iшкенiн есiне алды.  Әлденеден құтылғысы келген ниетпен бас қойғанын ойлады. Жүрегiне сұраусыз бойлап бара жатқан соны сезiмнiң  сағынышы  ма,  жоқ,  болмаса,  бейтаныс баланың барған сайын бойына үйренгендей байлаулы  бейнесiнiң  беймаза  бүлкiлi  ме?..  Әйтеуiр бұрын да бал татитын таза ағынның дәл бүгiн татымы кетiптi.  Ол айналасындағы  заттарға алғаш рет сұқтана қарады.  Алдында жатқан момақан өзен бiр-бiрiне бастарын үйкесiп, баяу мүлгiген балғын  құрақ, секпiл беттi бедiрейме тарғыл жартас, жер бауырлап, арлы-берлi  жүйткiген күнәсiз қарлығаш, осы өзен бастауынан шомылып шыққандай күлiмсiреп көтерiлген кербез күн  — барлығы  да:  “Басыңа түскен мазасыз машақатты көрiп тұрмыз, Көрпеш. Асау тай қаншама жабайы болғанмен,  жылқышы құрығынан құтылушы ма едi.  Мезгiлi жетiп, сағаты соққан тiрлiктiң айыбы қанша?.. Одан да сол серiгiңнiң баяндылығын күт!” — десiп, ақ пейiлдi, ақ жарқын ақылын ұсынғандай.

Ол күлтелi шалғынды кешiп келiп, өзенге мiнбелей төнген тiп-тiк жартасқа көз тiктi.

Құлама адыр алқымында қазақы үй орнындай аласа ойпаңға көкшiл гүлдер қоралана үйiлiп, жемге үйiрiлген сары уыз балапандай жыпырлай қалыпты. Түн қараңғылығынан үркiп барып, бiрiнiң қолтығына бiрi жасырынғандай опыр-топыр құжынайды. Ендi, мiне, жадыраған жақсы күннiң шыққанына қуанысып, разы болғандай.

Денелерiндегi мөлдiр тамшы үзiлген сайын сан түрлi сайранға кенелiп, жайраң қағады. «Екеулеп, не болмаса үшеулеп келiп көрер ме едi дәл мына пәк пейiштi. Шын шаттық,таза бақыт осы болмаса игi едi. Нәресте лебiндей бейкүнә сезiмнiң иесi кiм? Аңсаулы мерей осы болса, аймалап сипар алақаны қайсы? Осыншама ынтық ықыластың ел көзiнен сырт, тасада тұрып таусылатын болғаны ғой...»

Жас қыздың тұла бойын елжiреген сезiм самалы шарпып өттi... Айдалада, назардан тыс нарттай жанып, алқызыл гүл шайқалады. Майыса желпiнiп, манаурай мүлгiген келбетiнде нәзiктiк бар. Дүниенiң төрт бұрышы түгел құрмет,қошеметке толы. Олай болса, ине шаншуындай сұққылып өткен әлгi бiр әбiгер сезiмге жол болсын! Адам көңiлi осындай мақпал майсадан масайраған ләззат алмаушы ма едi. Бәрi де бар ғой, алыстан iздесе таптырмайтын әдемi көрiнiстiң iшiнде тұрған жоқ па. Ендеше, тұяқ тимеген ту шалғынға шалқалай жатып мауқыңды бас. Көрпеш бiрақ өйте алмады. Бiр уыс майда гүлдi жұлуға ұмтылып, үзе алмастан ауыр күрсiндi.Сөйттi де, өзенге келiп, суық суды бетiне, мойнына, маңдайына шашты... Ол әлден уақыттан кейiн керектi сандарды жазып алды да, ауылына барар сүрлеуге түстi. Жалғыз аяқ жол жиегi ұстара көрмеген сақал -мұрттай сабалақтанып, жабайы шөптермен көмкерiлiп алыпты. Қыздың қысқа етегi уақ бүрлi мамық көк бастарын сипалай сызып, шалғынға матырылып келедi... Шынын айтқанда, оның қайтқысы да жоқ едi. Осы арадан шыққысы келмей, бiршама аялдап жүргендi қалағанды-ды. Алайда белгiсiз бiр нәрсе жүрегiн бүлкiлдетiп, мазасыз түрткiлей беретiн сияқтанды.Сондықтан да ол  айналасындағының барлығын ұмытып, күндегiдей гүл шоқтарын жинамай, тұп-тура үйiне жеткендi жөн көрдi. Есiк-терезенi қараңғылап алып, жұмсақ жастықты бауырына басып, ырду-дырдудан алыс жайбарақат жатқанды аңсады. Сөйттi де, тез-тез  басып жүрiп кеттi.

Кiшкене тұмсықты айнала бергенде Көрпештiң есiмi аталғандай болды. Ол жалт бұрылып артына қарады. Қалың құрақты қақ жара қарсы келе жатқан қыздың Шарап екенiн бiрден айырды. Осы өзен бойындағы Ақтастыда тұратын кластас құрбысы. Неше жыл бiрге шуласқан сәби серiгi.

Көрпештiң жүрегi лүпiлдеп сала бердi. Он жыл бiрге оқыған мектептес сырласын дәл мына арада кездестiремiн деп ойлаған  жоқ едi. Асығып,тықырши күттi.

—Болсаңшы, малтықпай! Ертеменқайдан жүрсiң адасып?

—Сенiң анау аспаптарыңды күзетiп шықтым.

Бiрақ сен өтеуiң жоқ қызсың ғой...

Екеуi бiрiне-бiрi қарсы жүгiрiп,құшақтаса кеттi. Көрпеш: «Мынамен өтеймiн», —деп, құрбысының көзiнен, маңдайынан сүйдi.

— Жә, болды, бет-аузымды сiлекейлегенiң де жетер, немене, еметайың сонша езiле қалған?..

— Әй, Шарап-ай, әлi де әшкере әзiлiң қалмапты-ау! Сағынып,аңсады ма десем...

— Сағындым дейдi. Осы араға күнiне бiрнеше рет келiп-кетiп жүрiп, таяқ тастам жерге аяғы жетпеген адам сағындым дейдi. Мен оған сене қоярмын.

— Сен менiң жұмысбасты болып кеткенiмдi естiген жоқпысың?

— Иә, сен болмасаң, мына өзеннiң суын әлдекiм қотарып әкетедi дегендi естiгенiм бар.

— Жарайды, жеңiлдiм, Шарап! Менiң шын сағынғаным үшiн өкпеңдi қишы... Бiрақ мен сенiң осыңды аңсаппын. Ол Шараптың белiнен ұстап, шыр көбелек айналдырып жiбердi:

— Ал қайдан жүрсең ертелеп? Бұртимай,жөнiңдi айтшы,үй iштерiң аман ба?

—Орынбасардың дүкенiне бара жатырмын. Бүгiн үйге кiсiлер келмекшi. Оның iшiнде сен де боласың.

—Мен бе? Алла сақтасын. Мен қашан үлкендер санатына кiрiп едiм.

—Үлкен болғанда, өзiң қатарлас, ағамның жолдастары. Ертең туған күнi едi, соған жиналмақшы.

Ұят қой,бара алмайтын шығармын.

— Мен сенiң ырқыңа қоярмын?! Келгенде, ең бiрiншi өзiң келесiң. Құлағыңды бұрап тұрып алып барамын.Шарап жолдас қызының мойнына асылды.

—Тоқта, сонда кiм-кiмдi шақырмақсыңдар?

— Қорықпай-ақ қой, сенiң идеалың болар жiгiттер толып жатыр.

—Сен ендi өстiп кетесiң. Аттарын атауға болмай ма дегенiм ғой...

— Аттарына құмар болсаң —  Әскен,Рахтай, Әлдихан,Сайлау,Нүсiп, Мұхтарқұл,Жұмахан... тағы  кiм... әлгi сендердiң ауылға бiр шофер бала келiп едi ғой, аты қалай едi?

—Қайсар ма?

—Иә, иә, сол бар,тағысын тағылар.

Көрпеш көңiлi дiр еткендей. Жұқалаң қызыл арай бетiне де ойнақтап  шығып едi. Бiрақ бұл құбылысты құрбысы байқаған жоқ.Тек қана әзiлiн жалғастырып:

—Тағы да санайын ба, жоқ, осылардың iшiнен-ақ бiреуiн таңдап аламысың, — дедi.

Көрпеш те әзiлге орай:

—Жақсы болды ғой, жалғызсырап жүргенде жiгiттердi көбейткенiң, — дедi.

Дегенмен,Қайсар есiмi аталған жерде бiртүрлi жуаси түсiп, iркiлiп қалды. Алыстағы бөгде есiм қыздың еркiн демiн әзер алдырғандай...

Шараптың әлгiнде «Орынбасардың дүкенi» деп атаған жерi осы Қербұлақ өзенiнiң бойындағы ескi қыстау. Тау тұрғындарының тiзе қосып, мiнгесе отыратын елдi жиыны. Онша қашық та емес, осы арамен есептегенде қозы көш қана жер. Жайлаудағы жалғыз сауда орны болғандықтан, әлгi дүкен малшылар арасында Орынбасар деген сатушы жiгiттiң есiмiмен аталып кеткен. Екi құрбы ең алдымен осында келмекшi. Екеуара келiскен келiсiм бойынша, Көрпеш бүгiн үйiне қайтпайды.Бүгiнгi түндi құрбысымен бiрге қонақтармен  өткiзедi. Апасы мазаланбау үшiн о кiсiге Шараптың iнiсiн арнайы жiберiп, хабар айтқызады. Мұның бәрi оп-оңай шешiлдi.Сөйтiп, Көрпеш өмiрiнде алғаш рет анасының рұқсатынсыз бөтен ауылға түнеп шығуға бел буды...

Түн әбден кiрдi. Жұлдыздар пырдай жанып, қаумалап тұрғанымен, батыс жақта бүлкiлдеп от ойнатқан ойнамалы қалың бұлт бар.Тек тау iшiне ғана тән жым-жырт тыныштық. Ауық-ауық иттер үредi.Түн көрпесiн жамылып, жамырай шырылдаған шегiртке үндерi бiр сәт те басылған жоқ. Бақа шуылымен үйлесiп, үзiлмей қатаймаған ұзын-сонар әуен бесiгi тербелгендей.

Көрпеш ыстық үйден тысқашыққанда өзеннен соққан үлпiлдек самал  аймалап келiп мойнына, денесiне сүйкендi. Рақат лебiндей жадырай желпiнген жеп-жеңiл тыныс. Бар бойыңды балауса барқытымен көмкерiп,балмұздақ мамығын ұсынатын сияқты.Қыздың ойынан мандолдың сағынышты жұмсақ үнi әлi де айыққан жоқ.

Солқылдап, көкiрегiңнен әлдененi суырып алардай сұңқылдаған тәттi сазы құлақ түбiнен естiлiп тұр. Бiрақ мандол тартқан жiгiт  ұнамады. Ұнамағанда әрбiр ән тартқан сайын бұған бар ықыласын салып, iшiп-жеп қоярдай өкшелеген көз қарасын жақтырмады. Сол жанардан жалтарып, назарын басқа жаққа аударғансып отырғанмен,  қызып, құтырынып алған отты шырақ қалай бұрылса, солай кезенiп, телмiре қадалады. “Жүрегiмдi түсiнсең неттi. Мен де басы жұмыр пендемiн ғой.Тұла бойымның шымырлап отырғанын көрмеймiсiң?..”

—деп жалбарына түскендей. Ең алғашында әдемi әуеннiң  шуағына шомып, момақан музыканың құшағына бөленгенiмен, кейiн тым берекесi кеттi.Темекiнiң шоғындай жабысқақ жанар жас қызды  үйден шығып кетуге мәжбүр етiп едi...

Ол бағана пеш алдында Қайсармен қалай кездескенiн есiне алды. Қоңыр костюм, ақ көйлек киген жас жiгiт машинасынан түсiсiмен қолын жуу үшiн су iздедi.Шараптың жанындағы Көрпештi көрсе де, тiс жарын еш нәрсе дей алмады.Су iздеп жүргенiн сезген Шарап:

— Қайсар, шәугiм таппай жүрсiз бе?— дедi.

Сөйттi де, Көрпешке бұрылып:

— Сен ана шәугiмдi әпере салшы, бауырсағым күйiп  барады,  — деп ошақ басына қарай жүгiре жөнелдi. Көрпеш есiк алдындағы шәугiмдi көтерiп Қайсарға қарсы жүрдi. Сонда ғана жiгiт аппақ iрi

тiстерiн көрсетiп:

— Саламатсыз ба, Көрпеш, — дедi.

Көрпеш белгiсiз қысыла:

— Бүгiн таңертеңгiсiн сәлемдескен жоқ па едiк? — деп күлдi.

— Қайдан бiлейiн, қыздарды көргеннен кейiн есiмiз шығып кеттi ғой.

— Сондай да әдетiңiз бар ма едi?..

Көрпеш Қайсарға тағы бiр сөз айтуға оңтайлана берiп едi, Шараптың iнiсi келiп:

—Қайсар аға, мына төменгi ауылдағы бiршама кiсiлер келмей жатыр.Соған барып қайтсақ қайтедi? — деп әңгiмесiн бөлiп жiбердi.

Қайсар қолын шайып болған соң:

— Рақмет, Көрпеш. Мың жасаңыз, — дедi.

Көрпеш бiр нәрсе деуге Шараптың iнiсiнен қымсынып, жай ғана басын изедi. Одан кейiн бетпе-бет оншама оңтайлы ұшырасу болған жоқ. Қалың көптiң бiрi ғана болып отырысты. Тек бiр жолы  Қайсарға жолдастарының бiр-екi рюмка шампанды қатарынан iшкiзiп жiбергенiн байқап, кезектi би үстiнде:

— Қайсар, сiз көп iшпеңiзшi...— деп өтiндi.

— Не себептi?..

— Әрдайым жол үстiндесiз. Оның үстiне, iшiмдiк сiзге жараспайтын сияқты.

— Мақұл, ендi бiр грамм да татпауға уәде беремiн.

— Уәде емес, iшпесеңiз болғаны...

Көрпеш Қайсардың кейiн де бiрнеше рет жолдастарымен   соғыстырып жатқанын байқады.

Бiрақ оның осы қылықтарының өзi жарасымды,лайықты көрiндi. Сонан кейiн ол жас сәби баланың орынсыз көп қылығын кешiре салғыш үлкендерге ұқсап, сүйсiнген пейiлмен Қайсардың ту сыртынан мейiрлене көз тастап отырды.Көрпештiң  көңiлiне  ендi  бiрде таң азанғы саф сезiм қайта оралды. Сол аппақ таң не себептен бұрынғыдан оқшау атты? Қазiр көзiн жұмса, осы қараңғы түн iшiнiң өзi самаладай жарқырап, күмiс шық жауһарын жалт-жұлт жағып, бейкүнә гүл бастарын бұлғап, ашылып жүрiп беретiн тәрiздi. Сол сағынышты сезiм кiмдi жоқтап едi? Мына жүрген Қайсарды ма?Әй, ол емес шығар. Одан басқа болар. Қайсар болатын болса, оншама қашық емес,өз маңындағы бiреу екен ғой. Бағанағы бақыт таңы соншама алыс адамды мегзеген сияқты емес пе едi? Жоқ, әлде мұның бәрi әшейiн алдамшы сағым ба?.. Тегiнде, торға түскен торғайдай шығар есiгiн таппаған баянсыз бұлқыныстың қай бағытқа жетелерi белгiсiз едi.

Мазасыз мандол қайта шырыл қақты.Сампылдап, сары желдей есiлген ерке дауыс қайта аңқылдай бастады. Тұп-тура Көрпештiң қасынан тартылғандай тап-таза анық естiледi. “Байғұс, көзiн қазiр кiмге сүзiп, сүрiне жаздап отыр екен”, —деп, мандолшы жiгiттi есiне алды.Текенiң көзiндей шатынаған жасыл жанарларды елестетiп, сәл ғана жымиды... Жұмсақ бүлкiлдеп, жауынша себеленген мыс iшек әуенi iшi-бауырына кiрiп, әлдеқайда жүршiлеп, қол созғандай! Сиқырлап сөйлеп,сағыныш лебi желпiнiп тұр.Жас қыздың мына түндi жамылып, елден бөлектенiп, алыс сыртқа кеткiсi келдi.Мүмкiн, көңiлiндегi беймаза аңсаудың тыншуы сол болар. Отырғандардың ешбiрiне бiлдiртпей, өзен бойлап үйiне кетiп қалса ше? Оған батылы жетер ме екен? Батылы болғанда, қазiргi қараңғы түннен қорқып,  үрейлену емес, жеке шығып кеткеннен кейiн ерiксiз жетелеген елiкпе сезiмнiң сағынышы басыла ма, жоқ па?! Арқандалған аттай, аптықпа аңсаудың осы жиынға, мына Қайсар отырған ортаға қайта шақырмасына кiм кепiл. Әйтеуiр Көрпештiң жүрегi бүгiнгi күндерi дағдысынан тыс, ерсi әрекет жасауға құмартып алған сияқты... Қарсы жақтан қып-қызыл қос жанар жылт ете түстi. Қара түндi қақ жарып, қас қаққанша зырлап келген дөңгелек шоқ елп бердi де сөндi. Өрiстегi жылқы жанары ма? Мүмкiн,киiк шығар.Жауын құртындай ирелеңдеп найзағай сызығы көрiндi. Ирек-ирек  жазу жазып о да өштi. Бiрақ күн күркiрi естiлген жоқ. Айнала сол балқып қорыған балық майындай дем-дымсыз қоңырланып жатыр. Шоқтай жыпырлап, тынымсыз от бүрiккен көк жұлдыздарын бүркеп, ендi аз уақыттан кейiн жауын жауады деуге сену қиын.Үнсiз ымдасып, үндемей сауық құрған момақан оттарды жауын суына қиғың келмейдi. Дегенмен, аспанның батыс бауырындағы алыс түкпiрде  жылан тiлiндей сумаңдаған сансыз сызық жортып жүр... Көрпеш  те тура осы құбылыс кейпiндей емес пе екен! Мол жауын алдындағы момақан тыныштық сезiлгендей ғой. Әлсiн-әлсiн әлек берiп, алыстан  торыған сағыныш сезiмi өз iшiнiң ойнамалы найзағайы ма?..

— Көрпеш-ау, Көрпеш!

Шараптың даусы дәл қасынан естiлгендей:

— Мына қызды түн жұтып кеткен бе? Көрпеш?!

Көрпеш әлi де үн қатпады. “Егер менiң атымды Қайсар осылай атап  шақырса, қалай боп естiлер едi?..” — деп ойлап тұрды.

Шарап ендi iнiсiне дауыстады:

— Сен Көрпештi көрген жоқпысың?

— Көрпештi ме? Көргенiм жоқ. Әлгiнде iште едi ғой.

Шарап iшке кiрiп iздейтiн болды. Соны сезген

Көрпеш:

— Мен мұндамын,Шарап. Соншама түйе жоғалтқандай айқайлағаның. Тұп-тура қасыңда тұрмын ғой, — деп үн қатты.

Жолдас қызы дауыс шыққан жаққа қарай жүрдi.

— Немене, тiлiң байланып қалған ба?Қаншама айқайласам да үн қатпайсың.

— Әдейi iстедiм.

— Жiгiттер сенi сұрап жатыр. “Жұлдызым қайда батты? Айымды бұлт шалғаны ма?” — деп әсiресе мандолшы жiгiт әнге қосып жоқтап отыр.

— Ақырып, дабырлама. Сен одан да маған Қайсарды шақырып бер... Жолығатын шаруам бар.

— Е, байғұс, не болып қалды?

— Тiлiмдi алшы,Шарап, ешкiмге  бiлдiрмей ертiп келшi...

Ең соңғы сұрау сияқты соншалықты қимас өтiнiш.Бала кезiнен бiрге өскен бейкүнә серiгiнiң осы күйiн құрбысы бiрден ұқты. Бұл турасында әзiлдеп ешқандай артық сөз айтудың қажетi жоқ екенiн де жақсы сезiндi. Сөйттi де, тiптi ыңғайсызданып, басылып қалды. “Солай де... Апырай, осы күнге дейiн iшiне қалай сыйып жүрген? Маған да сездiрмегенi ғой!”

— Жарайды, Көрпеш,мен қазiр ертiп шығамын.

— Тек өзiне ғана айт.

Көрпеш әлденеге анық бет бұрғанын айқын байқады. “Бар сергелдеңiң себебi осы болса, сонымен тынсын!” Жүрегi дүрсiлдеп   аузына тығылғандай.Өзi де кәдiмгiдей қатайып, ширап алды...

Дабырлап сөйлесiп Шараптар да шықты. Шараптан оқтау бойы алда келген Қайсар Көрпештiң қолынан ұстады:

— Менi шақырдыңыз ба, Көрпеш?

— Үйге қайтқым келдi, апарып тастамайсыз ба?

— Мен дайынмын.

Көрпеш Шарапқа бұрылды:

— Шарап, айып етпе, менiң үйге қайтқым келдi.

— Мен не дейiн, барыңдар...

Қайсар жылдам барып машинасын от алдырды да, қос қыздың қасына келiп тоқтатты. Көрпеш те асығыс қимылдап, кабинаның есiгiн аша бердi.

— Қош, Шарап!

— Жолдарың болсын...

Су жаңа мотор онша үн шығармастан саздау жермен төмен құлдилап, қою түн iшiне енiп кеттi.

Артындағы қос кiшкене қызыл шамы бiр өшiп, бiр жанып, Шарапқа қош айтысқандай. Әлдеқайдан лықсып келген отты өксiк Шарапты еркiне қоймады. Демiне тұншыққандай булығып, екi қолымен бетiн  басты. Ыстық тамшы саусағының арасынан төгiлiп, бiртiн-бiртiн жерге тамды... Алыстан айқыш-ұйқыш найзағай ойнап жатты!