ҚАНАҒАТ ӘБІЛҚАЙЫР. ПЕРІШТЕЛЕР ЖОҚ ЖЕРДЕ...

Достар бүгін тағы кездесті. Олар әшейінде әр сөзі мен әрекетіне мұқият бақылау жасап, өзгеге ішін бермей түксиіп жүргенімен, жеке қалғанда ойларына не келсе соны айтып, не қаласа соны істеп, әуейіленіп кетеді. Ең қымбат көліктер мен ең әсем виллалардың, нарқы жоғары жерлер мен ең құнды акциялардың иесі саналатын достар мұндайда өңдегі суықтықты, сақтықты, биязылықты, дипломаттық қарым-қатынасты ұмытып, кәдімгі кейіптеріне енеді. Араларына бөтен адам кіргізбей, ең таңдаулы орындарда құпия көңіл көтереді. Осындай оңаша отырыстың бірінде олар бір-бірін таң қалдыруға уәде байласты. «Мені ештеңемен таң қалдыра алмайсың» деп басталған даудың неден туғанын өздері де аңдамай қалды.

– Сонымен, шарт қандай?

– Ең бастысы, бір-бірімізді қайталамай-мыз!

– Сосын, кім қалай таң қалдырам десе де шектеу жоқ!

– Таң қалдыратын адам қайда апарғысы келсе де ешкім қарсы болмауы керек!

– Жо-жоқ. Бұл тым артық!

– Неге?

– Менің ұсынысым, таң қалдыру тек осы елде ғана болсын. Сыртқа, яғни,  шетелге шықпайық. Ол жаққа онсыз да барып жүрміз ғой.

Бәрі бір күліп алды да, басқа шарттарды түгендей бастады.

– Айтпақшы, біреудің таң қалған, таң қалмағанын қалай білеміз?

– Әркімнің арына салайық!

– Пах, арға бағына қалғанын қара!

   Тағы да күлкі.

– Түрлі сұмдық болатын сияқты-ау...

– Неге сұмдық дейсің?

– Енді түрлі сұмдық ойлап табатындарың рас қой. Мені жақсы бір іс істеп таң қалдырам деп ойламай-ақ қойыңдаршы.

– Сонымен, қашан бастаймыз?

– Дайынмын дегендерің бүгін-ақ бастай беріңдер. Ертең демалыс. Мен бәріне хошпын.

– Жоқ, бүгін тым тығыз болып кетеді. Бір апта уақыт берілсін бәрімізге. Ал кімнің  бастайтыны жеребе арқылы анықталсын.

– Келістік. Ал  тарт жеребеңді!

Олар ақ қағазға бір, екі, үш деп сан ретін жазды да, ортаға шашып кеп жіберді. Таласа-тармаса алған жігіттер өздерінің нешінші екенін айғайлап айтып жатыр. Біреуі сол рет бойынша тізімдеп шықты.

– Мен төртінші екенмін. Бірақ  келісім берсеңдер сендерді бүгін-ақ таң қалдырайын, – деді іштеріндегі біреуі жүн кеудесін орамалмен ысқылап.

– Менің қарсылығым жоқ, – деді бірі.

Бәрі оны бірауыздан қолдады. Өйткені, іштеріне біраз жынды су барған, шетінен көңілді. Оның үстіне бас қосқандарына көп уақыт өте қойған жоқ, қу көңіл тағы бір қызықты қалап тұр.  

– Ендеше, бір айналдырып құйып жібер. Ол жерге тым сергек бару міндетті емес! –  деді манағы жүн төс.

– Әй, бізді қайда сүйреп бармақсың?

– Ойын шарты бойынша баратын жер алдын ала айтылмайды және талқыланбайды.

– Келістік. Баста бізді, ұлы мәртебелі қолбасшым!

– Көшбасшым де!

Олар тағы да қарқылдай күліп, әр нені сөз етіп жүріп киініп, сыртқа шықты. Көліктеріне отырып, жолбасшыларының соңынан ерді. Көп ұзамай орталықтағы шетелдік үлкен мейрамхананың алдына тоқтады.

– Әй, сен бізге иттің етін жегізгелі жүрсің бе?

– Әлде бақа-шаян ба?

– Онда бізді таң қалдырам деп дәмеленбей-ақ қой. Біз оны сол отанына барып тұрып жеп келгенбіз.

– Үндемей ғана ере берсеңдерші соңым-нан!

Жүн төс сенімді адымдап бастай жөнелді. Алдын-ала хабарлап қойған ба, алдыларынан қысық көз біреу шықты да қосымша есіктен кіргізіп, ұзын дәлізбен оңаша бір бөлмеге бас-тап келді. Қызыл-жасыл жарығы жарқ-жұрқ еткен бөлмеде караокэ, бильярд столы, мойны сорайған кальян, қысқасы, керектінің бәрі тұр. Олар дастарқанға отырып, қызыл-жасыл шамдар мен даңғаза әуенді сөндіргеннен кейін жүн төс жаңа өздерін бастап келген қысық көзге иек қақты. Ол «Түсіндім» дегендей жылы жымиып шығып кетті. Сәлден соң есік ашылып, түрлі сусындар мен шөп-шаламдарын көтеріп даяшылар кіре бастады.

– Мұныңмен де бізді таң қалдырам деп ойлама! – деді достардың бірі.

– Ау, даяшы, дәл соныңды ашпай-ақ қойшы, исі қолқаны қабады, – деп екіншісі даяшының қолындағы шөлмекті нұсқады.

– Негізі, үлкен астың алдында жиіркенбей осыдан бір-екі тартып жібергендерің жөн еді, –  деді жүн төс.

– Жоқ, баяғыда бір дәмін көрем деп, ұшынып, өліп қала жаздадым. Керек емес. Егер ішкізгің келсе, өзіміздікін алдыр, – деді тағы бірі.

Сонымен, ортаға өздерінікі келді. Бәрі дабыр-дұбырмен сілтеп отырғанда беті жабылған үлкен ас та келіп жетті. Иісі мұрын жарады, ерекше тәбет ашатын қоспаларды аямай-ақ пайдаланған сияқты. Әркімнің алдына қос табақтан тартылды. Бірінде ет сорпасымен, екіншісінде етті дәмдеуіштер мен көкөністер қосып қуырыпты. Ішімдік бойларына тарап, желігіп алған топ тамаққа қомағайлана бас қойды. Маңдайлары тершіп, бірі сүйек мүжіп, бірі сорпаны ашқарақтана ұрттап отыр. Кекірігі азып, газды су сұраған біреуі жұмсақ орындыққа шалқая түсіп:

– Ал, бауырым, салтанатты көрінісің қашан басталады? – деді.

– Қандай көріністі айтасың?  – деді жүн төс.

– Әлгі бізді таң қалдырмақ болғаныңды айтам!

– А-а. Қазір сәл шыда. Басқалар да тамақтанып болсын. Қайда асығасың?

– Жоға, асығыстық жоқ. Сен ұмытып кетпесін дегенім ғой.

Көп ұзамай бәрі тамақтанып болды. Марғау тартып, бойларын ауырлап, жантая кеткендері де, орындарына шалқалай жатқандары да «Ал не дейсің?» дегендей жүн төске қарайды.

– Қалай, дәмді ме?

– Сөз жоқ. Тіл үйіреді екен.

– Ал ненің етін жегендеріңді білесіңдер ме?

– Иттің бе?

– Торай болар...

– Жоқ!

– Ары ұзаса борсық немесе суыр!

– Жоқ!

– Зарықтырмай айтсаңшы енді!

– Бізді, барлық құрлықты аралап ұлу мен маймылға дейін жеген бізді тамақпен таң қалдырам деп отырсың ба?

– Онда айтайын. Сендер қазір ғана адамның етін жедіңдер!

– Не-ме-не?

– Оттайсың!

– Сену, сенбеу өз еріктеріңде. Бірақ  мен таң қалдырдым деп ойлаймын.

Бөлме ішін үнсіздік жайлады. Ұзақ үнсіздік. Мүмкін мүлде қысқа үнсіздік болар. Кенет біреуі лоқсыған күйі орындықтан еденге аунап кетті.

– Иттің баласы! – деді бірі. –  Иттің баласы, қазір сені сол адамдардың артынан жөнелтем!

Дастарқандағы пышақты жүн төске қарай лақтырды. Жүн төс бұғып үлгерген жоқ, пышақ ұшып барып босағаға соғылды. Бұл уақытта қолына шанышқы алған ол столды айналып бара жатыр еді. Есін әлі толық жия алмай есеңгіреп қалған достар екі араға түсе кетті. Бірі жақтап, бірі араша түсіп, бірі жер-әлемді ламайлап құсып, бірі қайта-қайта арақ ішіп, әп сәтте атшаптырым бөлменің астаң-кестеңін шығарды. Апыр-топырға мейрамхананың тәртіп бақылаушылары араласты. Бірақ, әрине, бірағы бар ғой бұл топтың! Басқа мейрамханалардағы сияқты немесе басқа қонақтары секілді бұларды сүйреп шығарып тастамады. Қираған дүниелерді төлейсіңдер деп кепіл зат та алған жоқ. Бәрі сабырға келген соң ештеңе болмағандай қираған ыдыстар мен төңкерілген столды, сынған теледидар мен орындықтарды сөзге келмей ауыстырып, жинап-теріп, түк болмағандай қайтадан дастарқан жайды.

– Болар іс болды – деді осы топты ылғи ұйымдастырып, бас-көз болып жүретін қасқабас үсті-басын ретке келтіріп жатып. – Осы тойғанымызбен артымызды қысайық! Бұл ойынның басы да, соңы да осы болсын!

– Ойын тоқтамайды, – деді манағы пышаққа үйір бойшаңы. – Ойын жалғасуы тиіс. Бірақ мынандай иттікке жол бермейік!

– Бұл иттік емес. Ойын шартында осы елдегі кез келген нәрсемен таң қалдырамыз, шетелге шықпаймыз деп келіскенбіз. Және бұл мейрамхананы елімізге мен әкелген жоқпын. Жұмыс істеп тұрғанына он-он бес жылға жуықтады, – деді маңдайына сулы шүберек басып отырған жүн төс. Жейдесінің жағасы мен бір жеңі айырылып кетіпті.

– Дегенмен, бұл дұрыс болмады, – деді бірі. – Егер біреуміз осыдан ауыра қалсақ, барлық шығын сенің мойныңда!

– Рас, ойнасақ та шектен шықпайық, – деді тағы бірі.

– Сонда қалай? Сонда осыны білетіндер, арнайы іздеп келіп жейтіндер бар ма?

– Әрине, бар. Бәрің білесіңдер, ол елде бұл баяғыдан мәлім. Қолы жеткендер сондай мейрамханаларға барып, тапсырыспен жасатады. Құны удай. Әсіресе, шарананың, жас балалардың бағасы қымбат...

– Болды. Осы жерден қоя салшы, – деді мұрнына сулық тығып, қанын тоқтатып отырған біреуі.

Беті-қолдарын жуып, киімдерін ретке келтіріп, өз-өздеріне келген достар қайтадан дастарқан басына жиналды. Бәрі сауығып алған, бәрі бүгіндікке тіпті татып алмаған сияқты.

– Мына дастарқаныңда бас жарып, көз шығаратын ештеңе жоқ шығар, –  деді бірі мырс етіп.

– Құрсын, «Бәледен машайық қашыпты» деген. Енді сендерді таң қалдырмай-ақ қойдым, – деді жүн төс. Бәрі қайтадан стақанға қол созды.

***

...Арада апта өткенде достар қайта бас қосты.

– Кезек менде ме? – деді жеребеде бірінші болған шикіл сары. Өзі ылғи күліп сөйлейтін, қуақыланып жүретін жігіт бүгін тіпті көңілді. – Көздерің мен ауыздарыңды байлап қойсам ба екен?

– Мақтанбай қоя тұр. Әлемдегі бар қызықты үлгергенімізше көріп жүргенімізді ұмытпа!

– Онда еріңдер соңымнан. Бірақ келісіп алайық. Менің дегенімнен шықпайсыңдар!

– Бопты, баста!

Олар жұптарын жазбаған қалпы қаладағы ең қымбат түнгі клубқа келді.

– Егер жалаңаштармен таң қалдырам десең, алжыған екенсің!

– Кальян-палян, шөп-шаламыңа да түкіргеніміз бар!

Тобымен қарқ-қарқ күледі. Бәрінің ойында – «Бұл жерде не болуы мүмкін?» деген бір сауал. Бәрі де бірінші болып ойлап тапқысы келеді. Олар тағы да көпшіліктен алыс, тыныш және аса қымбат қонақтарды ғана қабылдайтын бөлмелердің алдына келіп тоқтады.

– Ал енді соңғы рет еркін тыныстап, өз-өздеріңе келіп, реттеліп алыңдар! Мен сиқырлы есікті ашам! – деді салтанатты дауыспен шикіл сары. Сосын, баппен ғана есікті тықылдатты. Іштен анық естілмесе де бір әсем үн жетті. Шикіл сары есікті айқара ашып, өзі бастап ішке кірді. Бөлме алакөлеңке екен, ештеңе анық көрінбейді.

– Қане, мырзалар, бәріңіз кіріп болдыңыз-дар ма? Олай болса, мен есікті жауып, жарықты жағайын!

Шикіл сары қуақыланып алған, даусын құбылтып, әртістерше сөйлейді. Жігіттердің бәрін қаз-қатар тұрғызды да, өзі есікті жауып, жарықты жағып кеп қалды. Төрде, мамық диванның үстінде жылтылдаған сары көйлек киген бір қыз отыр. Бәрі тосылып қалды. Қыздың қолында ром ба, коньяк па, қоңырқай сұйықтық құйылған хрусталь бокал. Жігіттерге қарап жымиып отыр. Бәрінде бір ғана ой: «Қайдан көрдім?» Үнсіздік ұзаққа созылып бара жатыр. Сәлден соң шикіл сары сенімді басып барып, қыздың қолынан сүйіп, жанына отырды.

– Сонымен, мырзалар! Таң қалдыру бәйгесінің жеңімпазын жариялай беруге қарсы емессіздер ме?

Араларынан біреу әлемге жақсы таныс бір есімді атады.

– Таптыңыз! Дәл соның өзі! Анджелина Джоли, Бритни Спирс, Дженнифер Лопес, Мадонна, Селин Дион, Джулия Робертс, Пенелопа Крус, Камерон Диаз, Си си кетч, Тейлор Свифт... тағы кім бар еді? Кезінде әлемді тамсандырған, қазір де пах дегізер сол арулар естеріңізде ғой. Ал қазір күллі дүние осы аруға қарап аузының суы ағып отыр! Қолынан сүйгеніңіз не? Жүріп өткен ізінен сүйсем деп, сыртынан болса да бір көрсем деп!

– Рас, бұл тым тосын жаңалық болды!

– Таң қалдыңдар ғой, иә? Форбес журналы бұл аруды осымен екінші рет әлемдегі ең қымбат әнші деп бағалады.

– Сонда біз бұл аруды көрдік. Жарайды, қолынан сүйерміз немесе қазір дастарқандас болармыз. Сонымен бәрі бітті ме?

Жігіттер есін жия бастады. Кезегімен келіп қыздың қолынан сүйіп, ілтипат көрсетіп жатыр.

– Сонда сендерге одан артық не керек?

– Қызықсың, бауырым! Бізге көп нәрсе керек. Оның үстіне бұл қыз біздің елге күнде келе бермейді.

– Сендердің осындай ашқарақ екендеріңді білетіндіктен, ол жағын да қарастырып қойғам!

– Содан?

– Содан дейтін несі бар? Бұл ханшайымның бір елге келу құны елу миллион доллар тұрады. Оны өзім көтердім. Ал басқа шаруаларыңа, кешіріңдер, мырзалар, мен аукцион ойнатам. Кім жеңеді? Сол алады!

– Бір-ақ адам ба? Сен не, ақымақсың ба?

– Бауырым, бұл жезөкше емес. Ал әлемдегі ең қымбат жезөкшелердің бір түні қанша екенін интернеттен өздерің де көрген боларсыңдар? Бұл – мегажұлдыз! Бүкіл әлем бір көрсек деп ынтығып отырған перизат!

– Бағасын асырдың. Сенен жақсы продюсер, жо-жоқ, жап-жақсы сутенер шығады екен!

Бәрі жарыса күліп алды. Анандай ғажайып қызды мүлде ұмытып кеткен. Мал саудалап жатқан сияқты, абыр-сабыр. Мегажұлдыз өзіне қарағандарға бокалын бір көтеріп қойып, күлімдеп отыр. Мүлде бейкүнә тәрізді.

– Онда не тұрыс? Аукционыңды баста! Доллармен бе, еуромен бе?

– Маған бәрібір!

– Жоқ. Мен аукционға келіспеймін!

– Не боп қалды?

– Жігіттер, мен жаманды-жақсылы алты-жеті жыл экономика министрі болдым. Енді ойлап қараңдар, қыздың келу-кету сапары толық төленген. Солай ғой?

– Солай!

– Аукционнан түскен ақшаны тағы соған бермекпіз? Солай ма?

– Солай!

– Ол өзіне тиесілі ақшасын алып қойған. Тек, бір шаруа ғана қалып тұр. Рас па?

 – Рас!

– Ендеше, біз аукцион деп несіне даурығамыз? Аукцион деген жеңімпазды тақырға отырғызу ғой. Жеребе тастаймыз. Кім жеңіп шығады, қыз сонікі. Ал оның құнын ортақ жарнадан төлейміз. Сонда бағы жанған жігіттің қалтасына салмақ түспейді!

– Табылған ақыл!

– Мысалы, мен жеребеден жеңіліп қалдым. Бірақ қызды еліне тыныш жібергім келмей тұр. Сонда не істеймін?

– Оны енді қалтаң шешеді. Ол жағында біздің шаруамыз жоқ!

 

***

 

...Тағы бір апта аяғына жетті. Жеребе бойынша таң қалдыру кезегі дәу қараға келген еді.

– Мен сендерге нағыз қызықты көрсетейін. Әйтпесе, бәрің үйкүшік болып кеттіңдер! Ешкім артық сұрақ қоймасын, бүгін мен бастықпын. Айтқанымды орындайсыңдар, айдағаныма жүресіңдер!

Ол бәрін далаға алып шықты да, жол талғамайтын үш көлікке бөліп отырғызды. Сосын, өзі бастап қала ішімен зулай жөнелді. Біраз жүрген соң үлкен бір ғимараттың алдына келіп тоқтады. Тағы да өзі бастап ішке кірді. Алдынан арсалаңдап өзге ұлт өкілі шығып, бәрімен жағалай амандасты.

– Мынау қаладағы қару-жарақ дүкендерін толық қамтамасыз ететін жалғыз қойма. Бұл жерде сапасыз дүние жоқ. Қалаған киімдерің мен қаруларыңды таңдап алыңдар!

– Кіммен соғысамыз? – деп күлді пышақ пен шанышқыға үйірі.

– Аңға шығатын болсақ, мен осы жерден үйге қайтайын, – деді бірі.

– Үндемеңдер дедім ғой сендерге. Аңға шығу бізге таңсық болып па? Сондықтан,  сабыр сақтаңдар, –  деді де дәу қара мылтықтың ұңғысына үңілді. Қару-жарақтың тілін жетік білетіні көрініп тұр. Қайсысын алса да сарт-сұрт еткізіп шашып, бір демде қайта жинайды. Достар абың-күбің әңгімемен әскери киімдерді таңдай бастады. Арада бір сағаттай өткенде жасанған топ тауға қарай тартып бара жатты. Жол-жөнекей бір-екі жерге аялдап, табиғат аясында жүрек жалғап, шөл басқан достар қас қарая тау қуысында тігулі тұрған шатырға маңдай тіреді. Жол бойы ұрттап-татып отырып әжептәуір қызып қалған топ шатырға бірден кіре қоймай, қаракөлеңке қоюланғанша тыста жүрді. Дәу қараның әбден дайындалғаны көрініп тұр. Бір жұмысшы кәуап пісіріп жатса, қол созымда тағы бір-екеуі қойды бүтіндей үйітіп жатыр. Шатыр ішінде де қарбаласып жүрген жұрт. Айта беруге өзің жалығатын бақуатты отырыс, кеу-кеу әңгіме, даңғаза күлкі түннің бір уағына дейін созылып, қонақтардың алды бір сөзін он қайталай бастағанда бәрі төсекке қисайды. Таза, дымқыл ауада, тұмса табиғатта ұйқылары қанып, құрыс-тырыстары жазылып, сергіп қалған топ келісіп алғандай-ақ күн шықпай оянды. Таңғы астарын ішкен соң достар шатырдан қозыкөш жердегі алаңқайға жиналды. Дәу қараның жанында бейтаныс бір жігіт жүр.

– Жігіттер, бұл өте қызық ойын. Мүмкін, кейбіреуіңе таныс та болар. Мына жігіт арнайы сынақтан өткен, әскери оқу-жаттығудың бәрін шемішкеше шаққан, ең үздіктердің бірі.

Расында, бейтаныс жігіт темірдей тартылып тұр еді. Бұлшық еттері білеу-білеу.

– Анау көз ұшында жалау қадаулы тұр. Дүрбімен қараған адамға анық көрінеді. Осы жерден шамамен он шақырым. Біз бұл жігітті тура осындай қашықтыққа тікұшақпен апарып тастаймыз. Ол межелі уақытта жалауға жетіп үлгеруі тиіс. Ал біздің міндетіміз, оны соған жеткізбей атып түсіру!

Ол кәдімгі бала күні атыспақ ойнағандай бұл сөздерді тым немкетті айтып тұр. Достардың қолында кәдімгі суық қарулар. Ең бастысы, бейтаныс қабақ та қаққан жоқ. Әлденеге бекініп алғандай тас-түйін. Дәу қара қойнынан әскери карта шығарды.

– Міне, мына шеңбер біздің ойын алаңы. Қай тараптан есептесең де жалау дәл ортада. Бізде бір тікұшақ, екі мотоцикл, жол талғамайтын үш дөңгелекті мотокөлік, бес ізкескіш ит және рация бар. Бәрі түсінікті ме?

– Түсініктісі түсінікті ғой. Бірақ әр ойынның өз ережесі болады. Мәселен, бұл жігіт жалауға аман-есен жетсе немесе біз атып тастасақ, оның соңы немен бітеді?

– Жалауға аман жетсе, жүз мың еуро сыйақы алады. Жете алмаса, бұл екеуміздің арамыздағы келісім бойынша отбасына бес жүз мың еуро төлеймін. Сендер куәсіңдер!

– Жә, ол жағына бізді араластырмай-ақ қой. Отбасы мұның қайда жүргенін біле ме?

– Ол маңызды емес. Бұл оққа ұшса, жауынгерлік тапсырма орындау кезінде мерт болған болады. Ешкімге артар кінәм жоқ деген қолхаты тағы бар.

– Ал  бастадық па? Ендеше, іске сәт, бауырым! Аттан!

Бейтаныс жігіт сол үндемеген қалпы тікұшаққа барып отырды. Күнделікті жұмысына кетіп бара жатқандай тым салмақты.

– Кім қандай көлік түрін таңдайды? Қане, екі-екіден бөлінейік!

– Мен көлікке отырайын. Тікұшақты суқаным сүймейді, – деді пышаққа үйірі. Белгіленген уақытта рацияға хабар келіп түсті де, достар иттерін жетелеп, көліктеріне жайғасты. Тікұшақ аспанға көтеріліп, бірден бағана бейтанысты алып кеткен бағытқа қарай ұшты. Ішіндегі үш жігіт дүрбімен айналаны түк қалдырмай тінтіп келеді. Жердегі көліктер әр бағытқа бет түзеген. Рациядан үздіксіз шыққан дауыстар тікұшақтың гүріліне бірде жұтылып кетсе, бірде анық естіліп тұр. Арада он бес-жиырма минут өтті. Бейтаныс жігіт көрінбейді.

– Жер жұтып кетті ме бұл итті! – деді қасқабас кейіп.

– Мына тауда көлік жол тауып жүре алмайды. Бар үміт бізде, – деді тағы бірі айғайлап.

– Олар жалауға жақын барып, тосып жатуы керек, меніңше!

– Онда ол әділетсіздік болады. Ол сонша жерден жан алып, жан беріп келгенде жалаудың түбінен атып тұрып ата салу жігіттік пе?

Осы кезде:

– Әне! – деп айқай салды қасқабас. – Әне, кері айнал. Ана тұрған бір топ қарағайға кірді.

Ол тікұшақтың есігін ашты да, автоматын дырылдатып ата бастады.

– Төменде. Сәл төмен ұш. Ол әлі сол жерден шыққан жоқ.

– Жігіттер, солтүстік-батысқа қарай қозғалыңдар. Біз оны тауып алдық, –  деді екіншісі рацияға айғайлап.

– Енді менен құтылмассың, бәлем! Осы да ойын ба? Ә дегеннен таптық, бах еткізіп ата салдық, – деп сақ-сақ күлді қасқабас. Бірі терезеден төменге үңілді. Ештеңе байқалмайды. Тікұшақ болса бір шоғыр қарағайды айналып ұшып жүр. Желігіп алған үшеу ештеңенің қарасы көрінбесе де жарыса оқ атып жатыр.

– Аналар жеткенше біз атып алсақ қызық болар еді, иә, – деді вискиді шөлмектің аузынан ұрттап отырған бір дос.

– Кәне, кәне, кері бұр. Анау шықты қарағайдан. Кері бұр деймін мен саған.

Тікұшақ қайта кері айналғанда бейтаныс жігітті вискишіл анық көрді. Жанұшырып орманға қарай жүгіріп барады екен. Алдында, бір аялдамадай ғана жерде жартас, шоғырлана өскен қарағай тұр. Оған жетсе, оңай өлмесі анық. Бірақ көздері қанталап, еліріп алған үшеу мүмкіндік бере қояр ма? Тікұшақ гүрілдеп төніп келе жатыр. Оның даусы қаз келгендей тып-тыныш орманды ұлар-шу қылып, автомат сақылдап жатыр. Абырой болғанда, тікұшақ ойлы-қырлы жерге тым қатты жақындай алмайтын, достар да күнде қару ұстап жүрген кәнігі мергендердің қатарынан емес еді. Бейтаныс, расымен-ақ, шебер екен. Бір бағытта ғана жүгірмей, бірде оңға, бірде солға лып ете қалады және жылдамдығын жоғалтпастан қайтадан артқа шегінеді. Тікұшақ айналам дегенше алға ұмтылып, тағы біраз жер ұтады. Ол тікұшақтағыларды ақымақ қылып, бір-бірімен айқайластырып, ұшқыштың жер-жебіріне жеткізіп, жартасқа жетіп үлгерді.

– Біз сендерді көріп келеміз. Нысана әлі сол жерде ме?

– Иә, осында. Топ қарағайдан шығып, жартасқа кіріп кетті.

– Алға жылжуына мүмкіндік бермеңдер. Біз жақындап қалдық.

– Жаяусыңдар ма?

– Иә, біздің көлік етекте қалды. Қос доңғалақты мотоцикл болмаса, жалғыз аяқ жолмен жүре алмадық!

Рациямен аз-кем тілдескен үшеу айналасын тағы шола бастады. Дүрбіге үңіліп отырған біреуіне қасқабас дүрсе қоя берді.

– Дүрбісіз-ақ бәрі анық көрініп тұр емес пе?

– Көрінсе, тапсаңшы. Маған не қыл дейсің?

– Табатын несі бар? Ол ана жартаста бізді аңдып жатыр. Көзіміз сәл тайса, жоғары қарай жөнейін деп.

– Оқты босқа ата бермесеңші. Одан бірдеңе шыға ма?

– Оққа басың ауырмай-ақ қойсын. Әне, жәшігімен тұр.

– Қане, көріне ме? Сен тағы біраз төмендесеңші.

– Бұдан төмен түсе алмаймын. Онсыз да басымды тәуекелге тігіп отырмын,  – деді ұшқыш.

– Тәуекелшілін мұның. Сенің тәуекеліңді біз шешеміз. Жыныма тиме өйтіп!

Вискиді шөлмектің аузынан ішіп отырған дос алдындағы қораптан граната алды да, жартасқа қарай тастап кеп жіберді. Дәл тасқа барып түскен гранатаның  даусы жер-әлемді басына көтерді. Жартас жаңғырып, тастар күл-парша болып айналаға шашылып, мүлгіген тау іші азан-қазан. Үш дос сақ-сақ күледі.

– Біздің оғымыз тимесе де, шашылған тастың бірі басын жарды оның!

– Басын жармаса да, құлағы бітеліп қалған шығар!

Жартастың етегін паналап, бұқпантайлап бара жатқан бейтанысты бұлар байқамады. Қарағайға дейін біраз жер. Ит ерткен жаяулар келіп қалмаса мыналардың көре қоятын түрі жоқ. Даурығып, бірін-бірі тыңдар емес. Тікұшақ әлі сол төңіректі айналып жүр. Бұлар анда-санда төменге оқ атып қойып, жаяулардың келуін күтуде.

– Сендер не, еңбектеп келе жатсыңдар ма?

– Әлде көліктеріңді арқалап алдыңдар ма?

Әр сөзді айтқан сайын бірін-бірі қоштап, жарыса күледі. Арада тағы біраз уақыт өткенде жаяулардың алды көрінді.

– Нысана қайда?

– Нысанаң мына жартастың ішінде!

Олар тағы қарқылдады. Енді жағдай қиын. Алғашқы екі топ иттерін босатып жіберді. Иісшіл иттер бағана граната жарылған жерге келіп, сәл айналсоқтап  жүрді де, жартасты бір айналып шықты. Сосын, келісіп алғандай арс-арс етіп жоғары қарай жүгіре жөнелді.

– Ақымақтар, жынды көбелекше бұл жерді неменеге айналып жүрсіңдер, ол орманға кіріп кетіпті ғой.

– Қайдағы орман? Ол осыннан шыққан жоқ. Міне, төрт көзіміз түгел соны бақылап отырмыз!

– Басты қатырмай алдыны шолыңдар. Ол тіке бармайды. Із тастап, қиыс кетуі мүмкін. Үшінші топ, жалауға қарай тура тарта беріңдер!

Дәу қараның аң қағып, жол шолып әбден әккі болып алғаны әр сөзінен көрініп тұр. Тікұшақ жартасты артқа қалдырып, орманның үстімен баяу ұшып келеді. Арнайы таңдап алынған ауқымды шеңберде ағаш тым қалың өспеген, бұл аңшыларға берілген мүмкіндік. Бірақ жарқабақтар мен шоқ-шоқ шыршалар қашқан жанға да пана болатындай еді. Оған тікұшақтағылардың салғырттығы мен жаяулардың күнде қимылдамаған соң денесін ауырлап келе жатқанын қосқанда бейтаныс жігіттің жалауға жетуіне көп кедергі қалмаған. Тікұшақ төңіректі түгел сүзіп келе жатыр. Манағыдай емес, үш дос төменге өте мұқият қарап отыр.

– Бұл өзі жын ба, пері ме? Жаңа қай жағымыздан өтіп кетті?

– Мүмкін әлі сонда шығар?

– Жоқ. Бір емес, екі ит соңынан кетті. Олар қателеспейді.

– Қателеспейтінін қайдан білдің?

– Көрдің емес пе жаңа? Менімен салғыласпай алдыңа қарашы!

– Жер жағдайын әбден біліп алған мыстан-ау деймін. Он шақырымның жартысын жаяу-ақ жүріп тастады.

– Нысана байқала ма? – деп айқайлады рацияның арғы жағындағы дауыс.

– Байқалса, өзіміз де айтармыз, – деп, мына жақтағылар дарылдай күлді. Виски ішіп отырған дос масая бастапты. Қолындағы мылтығын бас-көз жоқ, тарс еткізіп атып қояды.

– Жігіттер, біз бір итті тауып алдық. Өлтіріп кетіпті, – деген дауыс шықты.

– Қай маңдасыңдар?

– Шеңбердің дәл орта шенінде. Шығысты арқаға алғанда жалау оң жағымызда тұр.

– Қап, иттің баласы расымен-ақ қиыс кетіпті. Үшінші топ жалауға жақындадыңдар ма?

– Жоқ, шамамен, әлі екі шақырымдай бар!

– Үшеуің топтаспай, араларыңа екі жүз, үш жүз метр салып жүріңдер! Біріңе болмаса да, біріңе ұшырасып қалуы әбден мүмкін!

– Құп болады, басеке!

– Тікұшақтағылар айыппұл төлейді!

– Е, не үшін?

– Арада екі сағат өтті. Түк бітірген жоқсыңдар. Ең болмаса, жаралау қолдарыңнан келмеді.

– Мықты болсаң, өзің жарала! Адам ату оңай дейсің бе?

Қасқабас тауып айттым ба дегендей, жанындағыларға қарап, алақанын тосты. Екеуі жайылған алақанды бір-бір соғып, бәрі бір жамырасып қалды.

– Енді бір сағатта жанармай бітеді, – деді рацияға тікұшақты басқарып отырған ұшқыш.

– Құрып кеткір, қанша сағат ұшатыныңды білмедің бе? Неге артығымен алмайсың?

– Басеке, мен мөлшерден артық алып жүре алмаймын.

– Өшір үніңді, басекені көрсетем қазір саған!

Олар тікұшақпен жалаудың үстіне келіп аялдады. Айналада тырс еткен тіршілік иесі көрінбейді. Мынандай даңғазадан бәрі безіп кеткен сияқты.

– Осы жерге қон. Мен түсем, – деді вискишіл дос.

– Қонуға рұқсат жоқ, – деді ұшқыш.

– Сен маған тіл қайтарма. Осы жерде біржола қалғың келе ме әлде? – деді ол айғайлап.

Осы кезде рация сарнай жөнелді.

– Сендер андағы жақта не істеп жүрсіңдер? Сендер, жалпы, ойын шартын білесіңдер ме?

– Ойындарың осылсын! Ойын дейді ғой. Менің қуығым сыздап кетті.

– Тез төртінші топқа қарай қозғалыңдар. Ол сол маңда болуы керек.

Тікұшақ қайтадан жылжып кетті.

– Атаңа нәлет, қон дедім ғой мен саған!

Вискишіл ұшқышқа қарай ұмтылды. Қасқабас оны ту сыртынан құшақтап алып жіберер емес. Екеуі тікұшақтың еденіне құлап, ары-бері аунап жүр. Үшіншісі ғана ештеңемен шаруасы жоқ, мылтығын кезеніп, төменге қадалып алған. Арада тағы жарты сағат өтті. Дәу қараның сөзі рас. Тікұшақтан еш пайда болмады. Мүмкін дәу қара тікұшаққа отырғанда мана алғаш кездескенде-ақ атып тастар ма еді? Ал мыналар екі мүмкіндікті де жіберіп алды. Жердегі топтар әр тараптан жалауға жақындап қалды.  Бейтаныс жігіт бой көрсетер емес. Сонша жерден алқынып, өліп-өшіп ақсаусақ жігіттер жалауға жетіп қалғанда күнделікті он шақырымды ойнап жүріп жүгіріп өтетін арнайы жасақтың таңдаулы жауынгері қайда? Бәрі аң-таң. Рация үздіксіз саңқылдап жатыр. Қозыкөш жерде жалау желбіреп тұр. Сирек өскен қарағайлар мен жалаудың аралығы екі жүз метрдей ашық алаңқай.

– Әне кетті, –  деп ышқынды жердегі біреу. – Әне, жалауға қарай кетіп барады!

– Тікұшақ, ұмтыл! Тікұшақ, тездет!

Бәрі жамырап айғайға басты. Тікұшақ жалауға қарай тіке салды. Бейтаныс жігіт ол аралыққа қалай жеткенін ешкім аңғармапты. Жалауға ең жақын тұстан, бағана өзі бір көрініп жоқ болған жартасқа мүлде қарама-қарсы тұстан атылып шығып, құстай ұшып келеді. Желігіп алған үшеу тікұшақтың екі жақ есігінен оқты қарша боратты. Жүз қадам ғана, иә, ұзаса жүз ғана қалды. Екі тараптан екі ит қуып келеді. Қарсыдан тағы екеуі шықты. Олар жалауға бұрын жететін сияқты. Бірінші жетсе, жігіттің алдынан шығып жолын бөгейтіні анық. Оған дейін тікұшақ та жетіп үлгереді. Бұл уақытта жалғыз қарағайдың түбінде мылтығын кезеніп дәу қара отыр еді. Нағыз атқыштың өзі. Екі ит жалаудың жанынан зу етіп өтіп, бейтанысқа қарсы ұмтылды. Шеберлік деген осы болар, ол жүгірген күйі алғашқы иттің үстінен секіріп өте шықты да, екіншісін құлақтан ала кетті. Екеуі ұмар-жұмар құлады да, жігіт бір аунап барып орнынан қайта тұрды, ит мойны қайырылған күйі сол жерде қалды. Осы аралықта өз екпінімен өтіп кеткен ит қайта келіп қалған еді, дәу қара шүріппені басқан болуы керек, алға ұмтыла берген бейтаныс оң жағына қарай шыр айнала құлады. Тістемекке енді оқталған ит кері шоршып түсті де, жігіттің үстіне төне кетті. Сол мезетте тікұшақ та келіп жеткен. Оқты көтерді ме, әлде жанды жеріне тимеді ме, итті сүйретіп бейтаныс орнынан қайта тұрғанда:

– Болды, атпаңдар! Ойын аяқталды, – деп, дәу қара рацияға айғайлап жатты. Оны тыңдайтын ес қайда? Жөн-жосықсыз тарсылдатып келе жатқан үшеу бейтанысты оққа көміп өте берді...

Жалаудың жанындағы тегіс жерге тікұшақ қонды. Жаңа ғана адам аттым-ау деген ой қаперінде жоқ, вискишіл дос дәрет сындыруға кетті. Қалған екеуі бейтанысқа қарай беттеді. Жан-жақтан бір-бірлеп басқалар да жиналып жатыр. Жалауға он метрдей ғана жерде көлбей түсіп жігіт жатыр. Үстінде сау тамтық жоқ, алғашқы кездескен ит тістеді ме екен, балтырының еті жалбырап кетіпті. Соңғы ит білектен тістеген екен, сол айырылмаған қалпы, тісі қарысып қалыпты. Дәу қара мылтықтың ұңғысын салып жатып, әрең ажыратып алды. Бәрі жиналып, талай уақытқа дейін үн-түнсіз тұрды. Содан кейін барып, сол тұрған орындарына құлай кетті.

– Ол жеңіп еді ғой. Ол орнынан қайта тұрған соң неге қоя салмадыңдар? – деді пышаққа үйірі.

– Мен сол кезден бастап айғайладым ғой. Біреуің тыңдамадыңдар, – деді дәу қара.

– Жалауға әлі он метр бар болатын, – деді вискишіл.

– Сен мүлде сөйлемеші. Аңға ешқашан ішіп шығуға болмайды, – деді дәу қара ызамен.

– Ол аң емес, – деді вискишіл.

– Саған сөз өтпес!

– Сендер тікұшақпен жүріп ештеңе істей алмадыңдар. Енді ашық жерге шыққанда ұялмай қалай аттыңдар?

–  Бірдеңеден құр қалғандай үшеуі жарыса атып жүр ғой, – деді шикіл сары.

– Жә, алғаш атқан біз емес, – деді қасқабас. – Оның үстіне бұл жігіт ұтылған жоқ. Егер мені айыпты десеңдер, келісілген бес жүз мың еуроларыңның үстіне елу мың қосайын!

– А, иә, айтпақшы, бұл жігіт саған қайдан жолықты? Бұған қалай келісті?

– Бағана киім-кешек алған қойманы білесіңдер ғой, – деді дәу қара. – Соның қожайыны менің досым. Өзі әскери адам, қазір зейнетте. Мына жігіттің бұрынғы бастығы. Бұл соған жұмыс іздеп келіпті.

– Бұл арнайы жасақта демеп пе едің?

– Болған дедім. Кейін жағдайы келмей шығып кетіпті. Әскерилерді ары-бері лақтыра береді емес пе? Ал бұл  жалғыз ұл екен. Кәрі әке-шешесі, әйелі мен төрт баласы бар. Сондықтан,  таңертең барып, кешке үйіне қайтатын жұмыс іздепті. Ең қиыны, тірнектеп жүріп салған үйі, қора-жайымен қоса өртеніп кеткен.

– Бала-шағасы тірі ме?

– Абырой болғанда бәрі дін аман. Амалы құрып, бұрынғы бастығына келіп, мән-жайды айтып отырса, сәйкестік дегенді қойсаңшы, шетелдің тура осындай киносы болып жатқан ғой. Өздерің де талай көрген шығарсыңдар. Бірақ ол қаланың ішінде қашады. Біз сияқты еріккендер қуалап жүріп атады.

– Иә, менің есімде. Ескі фильм.

– Содан бұл: «Шіркін, лайықты бағасын берсе, бала-шағам үшін мен де тәуекел етер едім», – дейді. Сол жерде досым маған хабарласты: «Осылай да осылай. Бір жақсы, сенімді жігіт бар. Оққағар қылсаң да өкінбейсің. Сенің үш-төрт боққарыныңа бой бермейді», – деп. «Көрейін» дедім, бардым, көрдім. Келісті-ақ жігіт екен. Мән-жайды түгел естідім. Сөз арасында киноны да сөз етті. Сол кезде ойыма осы ойын сақ ете қалды.

– Өзіңді қаншаға бағалайсың? – дедім.

– Қала шетінен шағын бір үй алсам, жетеді, – деді. Қысқасы, бағана өзім айтқан бағаға келістік. Қалғаны өздеріңнің көз алдарыңда өтті.

– Мен жүз мың еуро қосам, – деді пышаққа үйірі.

Ұяты жеңген жігіттер өз бағаларын айтып жатты. Тек, вискишіл ғана:

– Өздерің келістіңдер. Оны ешкім зорлаған жоқ. Енді неменеге жүректерің елжірей қалды, –деп теріс айналып кетті.