...1974 жылдың жазы. Біз сегізінші класты бітіріп, каникулға шықтық. Бір топ кластас балалар ойлана келе, бұл мерзімді босқа өткізбеуге келістік. Жас құрылысшылар отрядын құрдық. Мен, Сержан, Батырхан, Тәжібай, Айдын бесеуіміз бір бригада болдық.
Күндер өтіп жатты. Біз құрылыс жұмысына бірте-бірте көндігіп келеміз. Алғашқыда балшық илеп, тас әперіп, қайыр тасып қана жүрдік. Үйрене келе кейбіріміз сылақшы болып та істеп, үйрене бастадық.
Бір күні екі бала аудан орталығы Шетпеден шифер тасуға барады дегенді естідік. Оларды шофер жігіт Серікбай апаратын болды. Бригадир Ескендір ағай:
- Кім барады? - деп өз талқымызға салды.
- Мен барайын, - дедім.
- Мен де барамын, - деді Тәжібай. Біздің бұл батыл жауабымыз Есекеңе ұнап қалған болуы керек, риза болған кейіппен «екеуіңіз барасыңыз» деді.
Түс ауа жолға шықтық. Газ-51 автомашинасы әп-сәтте-ақ біздің шағын ғана Шайыр ауылын көзден таса қылып, аудан орталығына қарай ала қашты. Екі ара едәуір жер. Біз әңгіме айтып жол қысқартпақ болдық.
- Неткен тамаша таулар! - деді Тәжібай Қаратаудың терістік беткейіндегі төрткіл құздарды көрсетіп.
- Расында да, - деп қостадым мен.
- Тәжібай, әңгіме айтшы?
- Абзал, мен саған көңілімде жүрген бір ойымды айтайын ба? - деп Тәжібай қарсы сұрақ қойды.
- Айтсайшы.
Тәжібай қандайда бір толқыған сезімнің құшағыңда аз ғана отырды да, үлкен кісілерше сөз бастады.
- Мен неге екенін білмеймін, көп армандаймын. - Ол маған бір қарап алды да, сөзін жалғастырды. - Бір арманым – ұшқыш болу. Көк зеңгір аспанда құстан да жылдам зымырап, самғағым келеді. Екіншісі, мына тауларды (ол қолымен алыстан көрінген Шерқала шатқалдарын нұсқады) қопарып зерттейтін, Маңғыстауымның қазына-байлығын ақтаратын геолог болу. Ал соңғы арманым осылардан туындайды десе де болады, өмірді сүйемін...
Тәжібай сөзін аяқтады. Мен ойланып отырып қалдым. «Мен армандадым ба екен,сірә? Жоқ? Неге? Сонау сәби кезімнен осы күнге дейін ақын болам, жазушы болам деп жүргенім арман емес пе? Иә, әр адамның өз арманы бар екен ғой...»
Үнсіздікті ауылдан шыққалы бері сөзге қосылмай отырған шофер бұзды:
- Неғып үндемей қалдыңдар?
Серікбай жас жігіт болатын. Таушық кәсіптік-техникалық училищесін биыл бітірген ол он сегіз ғана жаста. Оның бізбен ойнап-күліп отырғысы келді ме, білмеймін:
- Қызың бар ма? - деді маған қарап жымиып.
- Не қыз? - дедім мен түк түсінбеген сыңай байқатып,- мендей балада қайдан қыз болады?
- Мылқау, - деді ол мұрнымнан тартып.
- Өзің, - дедім мен ерегесіп.
Осылай әрнемені бір айтып отырғанда Шетпеге де жақындадық. Алыстан көп қабатты ақ үйлер көзге шалынды.
Міне, келіп те қалыппыз. Тез-тез түсе қалдық та, дайын тұрған шиферлерді тией бастадық. Тиеп жатырмыз, тиеп жатырмыз... Қолымыз да талып барады. Әрең дегенде болдық-ау әйтеуір. Енді ауылға кері қайтпақшымыз. Азырақ отырып тыныққаннан кейін:
- Отырыңдар, жүреміз, - деді шофер.
Қозғалып та кеттік. Машина орташа жылдамдықпен келеді. Поселкеден үш-төрт шақырымға дейін жолға шыққанша - қаз-қатар үйлер. Сол үйлердің орта жолында «Шайтан көпір» деп аталатын көпір бар. Әрқашанда жер, су аттарын қойғанда мүлт жібермейтін халық осы көпір атын да тауып қойған сияқты. Өзі тар, тегіс жолмен келе жатқан машина ол арадан кері бұрылып, айналып өтеді.
Міне, біз мінген машина да сол көпірге жақындап келіп қалды. Кенет...
Құлап барады екенмін. Көзіме машинаның доңғалақтары түсті. Төбемнен аждаһадай төніп қалыпты. Басым айналып, жер-дүние төңкерілгендей болып елестеді...
Құлап түстім...
Сәлден соң есім кірді. Үсті-басымды ұстап қараймын, сау секілді. Тек қана бірер жерім шыдатпайды, содан қан ағып тұр. Мен оны елеместен орнымнан тұрдым да, Тәжібайды іздедім. Сөйткенше, жаныма Серікбай да келіп қалды.
- Тәжібай қайда?- айқайлай сұрақ бердім. Ол «көрмедім» дегендей екі иығын қиқаңдатты.
Тәжібайды іздеп таба алмадық. Ұшты-күйлі жоқ. ішімнен «қайда кетті?» деп таң қала ойлаймын. Бір кезде шашылған шиферлердің арасынан үздігіп шыққан адам даусы естілгендей болды. Жан ұшыра, жанталаса арши бастадық...
О, сұмдық, бұған кім сенер! Өңім бе, түсім бе? Түсім шығар... Жоқ, өңім сияқты. Жаңа ғана қиялымен дүниені шарлап, көңілді күйде қасымда отырған Тәжібай үстінде сау-тамтық жері жоқ, қып-қызыл қанға боялып жатыр...
Екінші рет есеңгіреп кеттім...
***
Төмендегі мектеп жанындағы үйден шыққан қызыл шырайлы бала жоғарыға қарай ынтыға жүгірді. Шаршаса да, тоқтар емес, жүзі қара күрең тартқан, жүрісінде бір асығыстық бар. Жанынан өткен адамдар еріксіз көңіл аударарлықтай.
Бұл Жантас болатын. Жаңа ғана Шетпеден келген ағайындары жолда аударылған машина көргендерін, оның маңынан бала да көргендерін айтқан. Тереңірек сұраған Жантас бұларды біздерге жорыған ғой. Содан үйге айтуға, хабарлауға келе жатыр екен.
Тәжібайдың үйі жолда. Жантас жақындап қалды. Бұл кезде Тәжібайдың анасы түйе саууға қора жаққа қарай кетіп бара жатыр еді. Шарбақты айналғанша Жантас та жетті.
- Апа... Сәлем бердік, апа...
Жалт қараған Жаңыл апа Жантастың түнерген жүзіне қарап, үрейленіп қалды. Дегенмен жамандыққа жорығысы келмеді. Еріксіз Тәжібайы есіне түсті.
- Немене, айналайын? - Жантас кідіріп қалды. Аузына сөз түспеді. Пәк көңілді анаға «Тәжібайлар аударылыпты» деп қалай айтады?
- Жантасжан, бірдеңе болып қалды ма, айтсаңшы?
- Тәжібайлардың машинасы жол-да-а... тоқтап қалыпты...
Ай, қайран дос, ақыры жамандық айтқызбадың. Ондай сөз айтуға дос жүрегі дауаламады. Иә, достық, сенің тұғырың әрқашанда биік қой!
- Неге тоқтапты? - Ана үрейленейін деді. Жантас бұл жерде шындықты айтқанның дұрыс екендігін түсінді.
- Жаңа біздің үйге Шетпеден кісілер келіп еді, соның адамдары... жолда аударылған машина көргендерін...
Ана теңселгендей болды. Жантас та өзінің көңілі босап бара жатқанын сезіңді.
- Тезірек жетейік, Жантасжан, гаражға жүгір, машина сұра.
Ана өзіне-өзі келе алмай тұтығыңқырап қалды.
- Абзалдың үйіне айтып кетейін, апа.
- Жоқ, сен жүгір гаражға, мен айтайын. Сен машина тапқанша біз дайын тұрамыз.
Ана құрақ ұшты. Жантас гаражға қарай бар екпінімен жүгіре жөнелді. Қайран ана жүрегі, дос көңілі!
...Жеңіл машина жылдамдықты барынша үдетіп зулап келеді. Бағыты - Шетпе. Машина ішінде төрт адам бар: қос ана, Жантас және шофер жігіт Қанатбай. Машина құстай ұшады. Бірақ, бұған да іштегілердің күпті көңілі толар емес.
Дала, хош иісі бұрқыраған жусандар, Қаратау бойын жиектей асыр салған тай-құлындар, небір көркем көріністер көліктегілердің назарын аудара алмайды.
- Ананы қараңдар!
Өлі тыныштықты бұзған шофер даусына олар бастарын тез көтеріп алды.
- Не, ол не?
Дауыстар қатарласа шықты, көздер ілгері қарай қадалған... Төңкерілген машина, дабырласқан адамдар, шашылған құрылыс материалдары, милициялар, дәрігерлер...
Олар машинадан жүгіре түсті. Ілгері жақындауға қорқып, өзіме-өзім келе алмай тұрған мен анамды көргенде «мама» деп ұмтылдым. Шіркін, ана құшағынан ыстық не бар дүниеде?!
Сол кез есіме Тәжібай түсіп кейін бұрылдым. Әлде болса бір жамандықты сезген Жаңыл апай ілгері аттай берді де, тоқтап қалды. Қарсы алдында дәрігерлер машинасы, жанында Тәжібай жатыр еді...
- Тірі ме?! - Ана даусы ащы шықты.
- Тәжібайым, құлыным! - Жерде сұлап жатқан Тәжібайын ана құшақтап, сүйіп жатыр. Ол бір сәт еңкейіп, құлағын ұлының жүрек тұсына тосты да, айқайлап барып талып кетті. Қара шашы қопарылып бетіне түсті.
...Көзімді ауруханада аштым. Оянған бойда «Тәжібай!» деп айқайлап жіберіппін. Жанымда әке-шешем отыр екен.
- Бір жерің...- дей берген анамның сөзін кілт қиып:
- Мама, Тәжібай сау ма? - дедім ентігіп.
Анамның жанарынан жас ыршып кетті. Сабырлылық сақтаған әкем: «Иә, бар, бар», - деді. Сене алмаған мен:
- Мама, Тәжібай осында ма? - деп орнымнан ұшып тұрдым.
- Ойбай, жат! Үстің толған жара ғой, жат, - деді анашым. Сосын Тәжібайдың енді жоқ екендігін естіртті.
Сол күні түнімен көз ілмей шықтым. Көз алдымнан Тәжібай кетпеді. Сәл қалғысам, «Тәжібай» деп шошып ояна бердім. Ұйқым қашты. Қайтсем де Тәжібайды жамандыққа қия алмадым. Ол қазір есіктен «жұмысқа кеттік» деп кіріп келетіндей көрінді.
Көп ұзамай ауылға келдім. Тура Тәжібайдың үйіне тарттым. Қан-сөлсіз өңім бозарып, мұң шалған жүзім қуқыл тартып, жақындай бердім. Қалың көпшілік маған ысырылып жол берді.
Кірдім. Әншейінде қараторы, сұлу өңді Жаңыл апайды танымай қалдым. Санаулы күндерде шөгіп кетіпті.
Иә, ана қасіреті қиын екен. Екі көзі ісініп кеткен, ештеңе көрер емес. Бойымды асқан аяушылық сезім билеп кетті.
Жанымдағы адамдар «Абзал, Абзал келді» дегенде әлсіз ана белгісіз бір әуенмен зарлап қоя берді. Қолын созып, мені құшағына құшырлана қысты. Сол сәт ол маған өз анамдай болып кетті. Мен оған Тәжібайдай болып сезілген болуым керек, ол мені қасіретті, қаралы құшағынан көпке дейін босатпады.
«Таңертең кеткен Тәжіжан...» Әркімдер басу айтты. Ана булығып, еңірей берді. Менің көзімнен де жас ытқиды. Төбе құйқаны шымырлатар мұндай үнді естіп тұрып, жыламау мүмкін емес те еді.
Ана әрең дегенде басылғандай болды. Сол бір ананың зарлы әуені көкейімде ызыңдап тұрып қалды...
Үйге келіп жазу үстеліме отырдым. Көзімнен аққан ыстық жасты сүртпестен қаламымды қолыма алдым. Ойыма өлең жолдары орала берді.
...Құлын-тайдай тебісіп бірге өсіп едік. Бір-бірімізге қатты сөз айтып, немесе ренжісіп көрген емеспіз. Бала болсақ та, дос көңілі дегенді жақсы түсінуші едік.
«Жан досыма» атты өлең жазылып бітті. Көз алдыма Тәжібайдың аңқылдаған бейнесі келеді...
...Қабір басы. Кластас балалардың бәрі де келген. Мен олардың және өз атымнан жан досым, тумаласыммен ең соңғы рет қоштастым.
«Қош, Тәжібай, қош. Сенімен біз қимас дос едік. Бір сәтке көрмесек, сонша сағынып, жападан-жалғыз жүре алмаушы едік. Әттең, өмір бізді бір жүре беруге жазбапты...»
Міне, барлық кластастарың келіп тұр. Бәрі де сені бақиға қиғысы келмейді, бірақ жазмышқа амал не?..Сені ұмытпаймыз, әрқашан да есте ұстаймыз, дейді олар. Қош, топырағың торқа болсын».
Бір уыс топырақты алдым да, жас қабірдің үстіне тастадым.
«Тірілерден көрген ең соңғы жақсылығың осы. Япырмай, күні кеше ғана айға ұшталған ақ арманның бір уыс топырақ болып қалғанына таңым бар...»
Мен тас-талқан болған ішкі дүниемді әрең билеп, тіп-тіке көкке қарадым. Мөлтілдеп жасқа көмілген жанарымнан ұшқындар ұшқандай болды...
Мен жанымдағы жандардың бәріне қарадым. Бәрінен де ұшқындар ұшып жатқан сияқты. Әне, әне... анау...