АЛТЫНГҮЛ КЕНЖЕҒАРАҚЫЗЫ. ОҚЫЛМАҒАН ХАТТАР

Қабағы бір ашылмайтын, түсі суық Ысқақ қарттың бүгін жүзі жадыраңқы. Әдетте көп тыңдап, аз сөйлейтін ақсақал сөзшең болып кеткендей. Дастархан басына жиналған ауылдастарын күнде көріп жүрсе де, әркімнің жағдайын сұрап, биылғы қыстың қатты болғандығын сөз етті. Қарттың былайша жадырауына себеп бар. Сүт кенжесі бес жыл  елден жырақта жүріп, оқуын аяқтап келді. Өзге балаларын қатал мінезімен уысында ұстап, қабағымен ғана тәрбиелеп өсірсе, бұл баласына я кенжесі болғасын ба, я жас ортасына жеткен кезде көрген баласы болғасын ба? Әйтеуір тым жұмсақ. Бірақ онысын баласына білдіртпейтін. Күзде оқуына кетіп, демалысқа келгенше жанын шүберекке түйіп жүретін. Көзі тірісінде елге оралып, қызмет жасап, аяқтанғанын көріп кеткісі келетін. Алла сол тілегінің бірін орындады. Баласы дипломын алып, туған үйіне оралды. Енді тіпті арманы жоқтай көрінді. баласының құрметіне деп, әрі дәстүр бойынша елдің батасын алсын деген ниетпен қыс бойы жемдеп, күткен жирен биесін сойып, ауылдың үлкен-кішісін түгел дастарқанына шақырған. Жалғыз өскендігі де бар, оның үстіне жаратылысынан адамға жұғысы жоқ қарт бәйбішесі бұл дүниеден кеткелі тіптен жалғысырап, ішіндегісін ақтарып ешкімге айтпақ түгіл, шүйіркелесіп сөйлесе бермейтін. Жанына кітап пен газет-журналды жолдас етті. Таңнан-кешке дейін ермегі сол. Ара-тұра аулаға шығып, ауамен тыныстағаны болмаса, қонақтыққа да бара қоймайды, бұрынғыдай емес жүріс-тұрысы ауырлаған. Бүгін енді өзі бүкіл ауылды қонақ етіп отыр. Қарттың жүзінің қуаныштан бал-бұл жанғанын көрген қатарластары «Балаң келмей жаман болып жүрген екенсің ғой. Әй, бала, тез оқып қайтатын оқуға түспедің бе? Әкең шерменде болып жүрген екен ғой. Әй, кенже бала деген ыстық екен» деп қағытып жатыр. Қарт та «иә, бүгін айтып қалыңдар» деп  қосыла күлді. Баласы да әкесінің мына жадыраңқы жүзіне қарап, бүгін көргендей елмен бірге таңқалып отыр.

 

*** 

Ақсақалдар өткен-кеткенді айтып, шер тарқатысты. Үлкендер батасын беріп, қонақтың алды алғыстарын айтып шығып жатты. Баласы да ризашылығын білдіріп жатыр. Әйел адамдар легімен шығып бара жатқан «пошташы апа» атанып кеткен апай бұны ымдап шақырып алды да, «Кеткеніңше, тіпті уақыт болса, ертең біздің үйге келіп кет. Саған бұрыннан беру керек бір зат бар. Міндетті түрде кел» деді. Абдырап қалды. Ол не зат екен? Осы пошташы апайды көрсе, бала күні есіне түседі. Ауылдың пошташысы осы апай болса, бұл әкесінің пошташысы еді. Әкесі бұрыннан газет-журнал жаздырып алып оқитын, бұған да оқытатын. Оқығысы келіп оқымайтын, қорыққаннан оқитын. Кейін әдет болып қалыптасып кетті. Мұның газет-журналды алуға барғысы келмейтін. Оның екі себебі бар еді. Бірі – көшелерінде бос жүретін қара иті, екіншісі – сол үйдің қыздары. Өзінен төмен оқитын тетелес төрт қыз бар. Құрдас балалар «Сол үйге жиі барасың. Қайсысын ұнатып қалдың?» деп мазақ қылады. Бір-екі рет барғысы келмей «өзі әкеледі ғой» деп қиқаңдап көрген, әкесінің бір қарасы өңменінен өтіп кетті. Кейде келген хат, газет-журналды апайдың үлкен қызы таратады. Оны көрсе, құрдас балалар тағы мазақ қылады. Сондықтан өзі барып қайтатын еді.  Сол күндерді езу тарта еске алды.

Бұл түнімен «ол не зат болды?» деп ойлап дөңбекшіп шықты. Әкесі де ұйықтай алмай жатқан сияқты. Қартайған сайын «ұйқы қашады» деген осы болар. Әйтеуір таң ағара бастаған кезде ұйықтап кетті.

***

Әкесі мен ағасының күбірлесе сөйлескен дауыстарынан оянды. «Бізді таңнан оятып, жұмысқа салатын едіңіз» деген ағасына «Сендер оқымадыңдар. Бұл оқудан шаршады. Қағаз кеміріп оқу оңай дейсің бе? Ұйқысын үйінде қандырып алсын» деп зілсіз айтты. Масаттанып бұл жатыр. Есіне пошташы апай түсіп, орнынан ұшып тұрды.

Дастарқан басында ас қайырған әкесі:

  - Басқа  шаруаң жоқ шығар.

 - Жоқ қой. А...айтпақшы пошташы апайдың үйіне барып қайтамын. Кеше шаруам бар деп еді.

- Солай ма? Ол не шаруа? Қызын бермекші ме?- деп күлді. Дастархан жинап жүрген жеңгесі әкесімен қосыла күлді де:

- Қайыныма ол үйде қыз қалмады-ау деймін, - демесі бар ма? Оның да есіне достарының сол үйдің қыздарын бұған қосып мазақтайтыны есіне түскен сияқты.

 Ағасының қызы сықылықтап күлсін-ай. Қызарақтап қалды.

- Ал жолың болсын барып кел, - деді әкесі.

Көшеге шығып, өзі талай құмын көкке шығарып ойнаған ауылының айқұш-ұйқыш болған жолына қарады. Ауылда көше аз болса да, осы жол көп. Пошташы үйіне апартын жолды тауып алып, келе жатқаны сол еді. Бұрылысқа жетпей құрдастары адлынан шығып, «жүр, жүрдің» астына алды. Әкесінің үйде күтіп қалатынын айтып еді. «Көкеңе айттық. Біздің үйде қонақтықта боласың» дедік, хабары бар деп қоймады. «Көкең» дегендері әкесімен бірге тұратын ағасы. Бұлармен қосылса, үйге бүгін қайтпайтынын білді. Пошташы үйіне кіріп шыға қояйын десе, бұрынғыдай мазақ қыларлары айдан анық. Амалсыз көнді де, солармен еріп кетті.

***

Өзі жорамалдағандай сол күні таң біліне келді. Аяғының ұшымен басып, төр үйге қарай өтіп бара жатыр еді. Әкесінің бөлмесінің жарығы жарқ етті де, қайта сөнді. «Мен сені күтіп жатырмын», я болмаса «қай уақытта келгеніңді білемін» деген белгісі сияқты. Жанына барып жатуға ұялды. Құрдастары қоймаған соң, әрі өзі де «бала емеспін ғой» деп біраз «жұтқаны» бар еді. Жиюлы төсек үстінен жастықты алды да, жерге жантая кетті.

Оянса, түс болған екен. Аяқ жағында әкесі отыр. Бұл сасқаны ма, қорыққаны ма? «Ассаламұғалейкум!» деді. Әкесі де саспастан «Молда бол» деді. Күні кеше ғана өзімен мақтанған әкесінің алдында басқа баласы болып көрінгендей болып ұялып қалды. Абырой болғанда әкесі үндемеді. Әкесінің сыры өзіне мәлім. Басқа ойлағаны бар екенін іші сезді. Орнынан тұрып, сыртқа шықты. Мұны көрген жеңгесі:

-         Пошташы апайдың үйінде бала болып қалып қойды ма деп уайымдап едім. Келіпсің ғой - деп қағытты.

-         Жоқ...Ол үйге бармадым.

-         Түсіндік. Жолда басқаларға «қолды болып» кеткеніңді,-деп мұның қайда болғанынан хабары бар екендігін білдірді.

Шай үстінде әкесі «Көкеңе көмек болсын, қорадағы қиды ойып шығар» деді. Бала кезінде  әкесі қиды ойып дайындап қоятын. Бұл соны шығарып, өзінше «адам» болып қалатын. Сол есіне түсті. Бұны кешегі қылығы үшін алған жазасы екенін түсінді.

-         Пошташы апайдың үйіне барып келейін...

-         Кеше кеткен сияқты едің ғой.

-         Кеше болмады.

-         Болмады ма? Бармадың ба?

Әкесі осылай құртады. Одан да салып қалмай ма? Қызарақтап орнынан тұрды.

-         Барып кел. Шаруасы маңызды сияқты. «Қалаға қашан қайтатын еді» деп жеңгеңнен де сұрапты. Тағы адасып, басқа шығып кетіп жүрме.

 

***

 

Апайдың үйінің шарбақтарының өзгергені  болмаса, бәрі сол қалпы екен. Өзі қорқатын қара иті жоқ екен. Бірінен кейін бірі жүгіріп шығып, тізіліп тұратын қара қыздар да жоқ. Есесіне немерелері болу керек екі ер бала жүгіріп шықты. Ауыл балаларының әдетімен қос қолдап, амандасып жатыр. «Молда болыңдар» деп бұл да білгенін айтып жатыр. Екеуі бұған қызыға қарап қояды. Ауылға келгелі бері көршілер, ағайын-туыс сыйлап қонаққа шақырып, «Біздің ауылдың шаңында өскен бала да шетелде оқып келді»  деп мұнымен мақтанып жүр. Бұл мақтауды сүйе қоймайды. Оған бола ма? Мына екі қара сирақтың да бұның кім екенінен хабарлары бар сияқты. Оны түрлерінен оқыды.

-         Әжең қайда?

-         Үйде.

-         Мен келді деп айтшы.

-         Намаз оқып жатыр.

Дәл баяғыдай күту керек. Сүт тартып болғанын, не бие сауып келгенін күтіп отыратын. Енді міне, намаз оқып болғанын күту керек. Өз ойымен арпалысып отырған кезде есік ашылып:

-         Амансың ба? Қалың қалай? Әкең сен келіп, қуанып қалды. Үлкендер сондай ғой. Көптен көрмеген соң ба? Қартайып кеткен сияқты. Үйге кірсеңші. Бөтен адамдай көшеде отырғаны несі?- деп апай сөйлей жүріп, ішке кіргізді. Төр бөлмеге өтіп, сандықты ашты. Ішінен ақ орамалға оралған затты алды да:

-         Сен де бөтеніміз емессің ғой. Елдің баласысың. Аман-есен елге келгеніңе қуанып жатырмыз. Мынау – менің бес жыл бойы сақтап келгенім. Кімдерге кімнің хат жазатыны бәрі менің алдымнан өтті ғой (Мұнысы «құпияларыңды білемін» дегендей көрінді). Бұрынырақта сен хат жазып, саған хат келіп түратын еді (Бұл қызарақтап қалды). Кейін сен оқуға кеткен соң да сол жақтан хаттар келіп тұрды. Мен бір-екі рет жеңгеңнің қолына ұстатқанмын. Бірақ сен демалысқа келген кездерде «тағы да хат келмеді ме?» деп мені көрген кезде сұрамаған соң,  қолыңа тимегенін білдім. Білемін ғой. Үйді почта келген күні алыстан торуылдап жүретін едің. Сондықтан бұл тегін хаттар емес екенін түсіндім де, «демалысқа келген кезде өзім берермін» деп одан кейін үйлеріңе апармадым. Жинап жүрдім. Бір жылы мен келгенше, оқуыңа кетіп қалыпсың. Одан кейін мен төркіндеп кетіп, кеш келдім. Сәті енді түсті. Міне, хаттарың. Ашылмаған, оқылмаған. Сарғайып та қалған шығар. Әр хат әр жылда келген. Егер сенің өміріңе қатысты болып, кешіктіріп алсам, кешірерсің. Бәрін бір адам жазған. Бір адреспен келген,- деп ақ орамалға оралған бес конвертті қолына қолына ұстатты.

Аяқ астында дүние дөңгеленіп кеткендей болды. Жүрегі ауызына тығылып кетті.

-         О не дегеніңіз, апа! Рақмет сізге ,- деп үйден атып шықты. Артынан «нан ауыз тимедің бе?» деген апайдың дауысы естіліп жатты.

 

***

 

Көшеде келе жатып орамал ішіндегі хаттың сыртына қарады. Жазу көзіне оттай басылды. Дәл сол маржандай тізілген жазу. Өзіне ғана таныс жазу. Хатты жазған кім екенін бірден білді. Жүрегі тарс-тұрс етіп, кеулесінен шығардай болып тұр. Жан-жағына қарап, оңашалау жер іздеді. Ондағы ойы ешкім жоқ жерде оқу.  Бірақ есіне әкесі түсті де, «рнежітіп алармын» деп үйіне қарай бұрылды. Айтқанындай әкесі көшеде таяғымен жер сызып, мұны күтіп отыр екен. Хаттарды жейдесінің ішіне тыға салды.

-         Жайшылық па?

-         Иә.

-         Саған деген қызы да қалмаған сияқты еді. Бала қылмақшы ма екен? –деп өз сұрағына өзі күліп алды.

-         Болмайды дедім. Жаман баласы әкеме де керек дедім.

-         Жөн айтқан екенсің. Жүр. Шаруаң бітсе, басқа жұмыс күтіп тұр,-деп алдына түсті.

Хатты оқығысы келіп бара жатса да, әкесінің алдында абыройдан айырылып қалмайын деп қораға қарай бұрылды.

Жеңгесі жазда отыратын ас үйдің ішін тазартып жүр екен. Есік алдында тұрған шешесінің от самауырын көрді. Бала күні де, шешесі де есіне түсіп, көзінің алды дымданып кетті.

-         Жеңеше, бүгін осы самауырдан шай қайнатып ішейікші.

-         Айтқаның болсын.

Осы жеңгесіне әбден риза.  Әкесінің бабын тауып, күтіп отыр.  «Туған түтінім» деп келген-кеткен туғандарының ешқайсысын ренжіткен емес. Мұның да еркелігін көтереді.

Жейдесін шешіп жатып, хатты қайда қоярын білмеді. Ас үйге кіріп, пештің мойын жағындағы қуысқа қойып кетті. Ойында ештеңе жоқ. Тезірек қиды ойып, хатты оқу. Әкесі де қарауылдап отырып алды. Бүгін бір шешендігі ұстап, шешіле сөйлеп, өткен-кеткенді айтып отыр. Бұл сөзін бөлмей тыңдады. Әңгіме астарынан бұның өміріне, келешегіне қатысты әкесінің жоспары бар екенін іші сезді. «Қанша жасармын дейсің?» деген сөз төркінінен-ақ түсінді. Әкесі бірақ ашып айтпады. Бұл да түсінбеген кейіп танытты. Кешке дейін біраз қиды ойған соң «бүгінге болар» деп демалыс берді. Жуынып-шайынып шығып еді. Манағы самауырға қарындасы от жаға алмай отыр екен. Қағазды бұрқыратып жағып, ішіне тастап жатыр. «Мұны бұлай жақпайды. Қағазға қайнай ма екен? Қаншасын жағып жібергесін» деп қағазды орап алып, жанқаны жағып жатқан.  Өзіне таныс жазуға көзі түсті. Шошып кетті. Өз көзіне өзі сенбей, жанталасып жанған қағазды үрлеп, қолымен басып өшірді. Қарындасы аң-таң.

-         Мұны қайдан алдың? Қалғаны қайда?- деп жүгіріп ас үйге кіріп еді. Хат орнында жоқ.

-         Қайда? Қалғаны қайда? Басқа қағаз таппадың ба? –деп қарындасына тап берді.

-         Жанып кетті ғой.

Бұл аяғының астындағы құмды бұрқ еткізді. Есін жиып:

-         Оқыдың ба?-деді. Жылап тұрған ол басын шайқады.

-         Шыныңды айтшы. Ұрыспаймын.

-         Жоқ.

-         Бұл хаттар ғой. Қарамайсың ба?- деп өзін оттың ортасына тастағандай күйде сезінді. Ашу қысып тұр.

-         Мен хат екенін білгем жоқ. Ашық жатты. Керек емес қағаз деп ойладым.

-         Мен оқымасам, сен оқымасаң? Кім оқыды? Не жазылғанын, не жазғанын ешқайсысымыз білмейміз. Оқысаң айтшы?- деді жалынғандай болып.

Басын шайқаған қарындасына одан сайын ыза болды. Даусы қатты шықса керек. Жеңгесі үйден атып шықты.

-         Не болды? Неге ашуланып тұрсың?

Жеңгесінің сұрағына жауап бермей, ауладан шыға жөнелді. Қолында қалған хаттың жанған бетін жазып, оқи бастады.

«Мен сені әлі сағынып жүремін. Ұмытайын деп қанша оқталдым. Қолымнан келмеді. Сен бір рет те жауап бермедің. Егер сезімің суыса, бір ауыз жазсаңшы. Мен де солай саған деген сезімімді суытайын. Сен мені ойламайтын да шығарсың... Бір рет болсын ойлағаның да қанша хатыма бір жауап жазар едің. Ренжеймін. Ашуланамын. Сосын уақытың жоқ шығар деп сені ақтап аламын. Тым болмаса қай жақта екеніңді жазсаңшы.

Күтуден шаршадым. Басқа жанды сүймек түгіл, жақсы көруге батылым жетпейді. Менің сезімімді, махаббатымды өзің құлыптап кеткендейсің. Кілті сенде сияқты. Жүрегім сенен басқа ешкімге ашылмады. Жаным, өзгені сүйсең де мен қарсы емеспін. Қанша уақыт өтті. Арамыз қашық. Сендегі сезім суып кеткен де шығар. Бірақ санам соны түйсінсе де, жүрегім түсінгісі келмейді. Не жүрегімнің құлпын өз сезім кілтіңмен аш, не қайтарып бер... Мен сені сағынып жүрмін...» Оқығаны осы. Екінші жағын аударып қараған. Астыңғы жағында күнін қойған екен. Екі жыл бұрын жазылған хат. Қалғаны жанып кеткен. Қайта-қайта оқыды. Бары осы. Қай жақта екенінен хабар да ала алмады. Конверт те жоқ. Бағана бір рет болсын конверт сыртындағы мекенжайына қарамаған екен. Бұлай боларын кім білген?

Бұл «ол мені ұмытты ғой» деп жүрсе, керісінше ол мұны ұмытпаған екен. Алғашқы сезім деген тәтті екен. Бас есеп жоқ, пәк күйде қалай көрінсе, солай сүйесің. Мұның да оған деген сезімі адал еді. Ел арасы жақын емес. Әрі қанша жыл хабарласпады. Сондықтан бір хабары болмаған соң ұмытты деп ойлаған.  Көңілі қимаса да, ендігі тұрмысқа шыққан болар дер жүретін. Енді міне, қолына қанша жылдан кейін тиген хатта тағы не жазылғанын да, қайда екенін де біле алмады. Тап бір ауызына тигелі тұрған дәмін тартып алғандай болды. Өз-өзіне ашуланды. Әкесіне ренжіді. Қағаз таппағандай мына қара қыз да хатты отқа жағып. Өзі де бір самауырынан шай ішкісі келіп...Кімді жазғырарын білмей отыр. Айтпақшы «ашық» болды деді ғой Кім оқыды? Жеңгесі оқыса, қалжыңдар еді ғой. «Сатып ал» деп бұрынғыдай есін шығаратын еді. Бұрындары апайдың қыздары почта таратқан кезде хат жеңгесінің қолына тисе, мұның әбден зықысын шығаратын. Шаруаға жұмсаса ғой. Жоқ. Бірде биле деп, бірде тағы бір нәрсе ойлап табатын. Хатты алу үшін бұл амалсыз көнеді. Әлде әкем оқыды ма? Олай істей қоймас.  Қолындағы күйген жарты бет хатқа қарап, тағы да үңіліп, ойымен арпалысып отыр. Әкесінің жанына келгенін сезбеді.

-         Не болды, балам?

-         Жай...

-         Қарындасыңды жылатқаныңа қарағанда жай емес сияқты ғой.

-         Пошташы апай бес жыл сақтап берген хаттарды... Бес минутта жоқ қылды.

-         Не хат? Маңызды ма?

-         Маңызды сияқты еді. Енді білмеймін.

-         Оқымап па едің?

Басын шайқады. Тағы бірдеңе айтса, өз-өзіне жылап жіберетіндей көрінді.

-          «Бұйырған кетпес ...» деген. Бұйырмаған болып тұр ғой. Саған о баста бұйырмаған дүние болса, міне осылай қолыңнан сусып кете береді- деп қолына бір уыс құмды ұстап.

-         Бұйырмаған деп сонда не көнуім керек пе? Ештеңені өзгертуге болмай ма?

-         Басқа амалың бар ма? Жасап көр. Қолыңнан келсе...

Әкесінің сөзінің жаны бар шығар. Шынымен бұйрық болмағаны ғой. Көз алдына жанып жатқан хат алғаш рет сүйген қызының сезімі лаулап жанып жатқан сияқты, ал бұл сол сезімді өз қолымен тұншықтырып, демімен үрлеп сөндіргендей болып көрінді. Жүрек түкпірінде сақтап, өзгеге айтпақ түгіл өз-өзіне айтуға қызғанатын алғашқы сезіміне деген сағынышы сыздап тұрды. Ұмытпағанын түсінді. Жүрегі өрекпіп, дәл сол алғаш рет көргендегідей күй кешті. «Осы уақытқа дейін өзімді біреу сағынып күтіп жүретіндей көрінетін. Сол сен екенсің-ау?! Сезім түйсігім алдамаған екен. Мен болсам, соны сезе тұра бір рет іздемеппін. Ойлап жүргенмен, ештеңе өзгерте алмаппын. Кешір, жаным. Сенің сезіміңе лайық болмағаным ғой. Қолымнан басқа келері жоқ сияқты» деп іштей күбірледі. Қолындағы хаттың жанып кеткен жарты бетімен бірге жарты өмірі текке өтетіндей көрінді. Ол дәл осы сәтте сүйіктісінің «Мен сені сағынып жүрмін» деп хатты аяқтап, мекенжайы жазылмаған конверт ішіне ешқашан жолданбайтын, иесі оқи алмайтын сағынышқа толы хатын салып жатқанын сезбеді. Тек жүрек тұсын ине сұғып алғандай шаншып кетті де, көзінен жас бұрқ етті. Тылсым дүниенің бір тартылыс күші деген бәлкім осы болар?

Әке баласының батып бара жатқан күнге қарап тұрған жасқа толы қып-қызыл болған жанарынан аяулы дүниесін жоғалтып алғанын анық оқыды. «Күн батса, таң атпасына қоймайды. Өмірдегі өкінішің осы күнмен бірге батып кетсін» деп іштей тілек етті.