Тамылжыған тамыз айының кеші де ерекше. Қызара батып бара жатқан күннің сәулесі теңіздің бетіне қызыл бояу төгіп тастағандай болып көрінді. Осы бір көріністі күнде тамашаласа да, әр күні өзінше ерекшелене бататын сияқты. Әлде бұның көңіл-күйімен үйлесе ме екен? Әйтеуір жаны тыныш табады. Күні бойы кабинетте отырып, шаршағанын теңіз жағасына келіп басуды әдетке айналдырған. Кейде шалбарының балағын түріп тастап, жалаң аяқ теңіздің толқындарымен ойнайды. Ондай кездерде жаны рақаттанып, балаша шаттанады. Кей кезде су бетіне қарап, ұзақ отырып қалады. Жалғыздығы есіне түскен кездегі күйі осындай. Жалғызы жалғыз емес-ау, достары, жанындағы қызметтестері бар. Бірақ жаны жалғызсырап тұрады. Басқа қалада, жаңа ортада, жаңа қызметке үйренісіп кету де оңай емес екен. Әсіресе, елден жырақта жүріп, көп дүниеден бейхабар болған соң ба екен бәрі жат дүние болып тұрады. Бой үйрету үшін әлі де уақыт керек сияқты.
Елге оралғанына өзі де қуанды. Әкесінің жанында болған санаулы күнде әке шаңырағының ыстығын, туғандардың ықыласын сезінді. Әкесі балаша қуанып, қасынан жібермей ұстады. Кәрілік те жетіп қалған екен. Бұрынғы қаталдығы бәсеңсігендей. Әлде анасының дүниеден ерте озып, соңында жалғыз қалғаны жанына батып жүргендіктен бе екен? Бойын тік ұстағанымен, жан жарасы бар екенін жанарынан оқуға болатын сияқты. Жұмысқа шығатын күн жақындап, жолға жинала бастаған кезде қимай жүргенін байқады. Жолға шығар алдында жанына шақырып алып, ақылын айтты. Өзінің қызмет жасаған кездерін еске алып, бейнетсіз күндердің де болмайтынын айта келіп, тамағын кенеп негізгі тақырыбына көшті. Осы әңгіме жайлы қозғалатынын өзі де сезіп, қашқақтап жүрген. «Менің қойдың жасындай жасым қалды. Тік жүргенім болмаса, әкең баяғыдай емес. Қартайды. Балалардың сенен басқасы өз жолдарын тауып кетті. Сені ойлайтын едім. Аллаға ризамын. Аман-есен елге келдің. Абыройлы болдың. Менің де арманым орындалды. Әке үшін ұлының болғаны бір абырой, ал ұлының әке атына лайық болғаны одан да зор бақыт, балам. Мен өзіңе ризамын. Әттең шешең көре алмады. Ол да тағдырдың жазуы шығар. Ендігі тілегім сенің аяқтанғаныңды көрсем деймін. Көзімнің тірісінде шаңырақ көтергеніңді көріп кеткім келеді. Сол кезде «анау жаққа» да тыныш кетермін» деп ойын айтты да, «не дейсің?» дегендей бұған тесіле қарады. Бұл үнсіз қалды. Дәл сол кезде оның іші алай-түлей еді. Өткен жолы пошташы апай ұзақ уақыт өзіне жазылған хаттарды сақтап келгенде, бұл сол хаттың біреуін де ашып оқи алмай қалған. Ғайыптан айырылып қалғандай болды. Қолында жанған бір хаттың жарты беті ғана қалды. Сол жарты бет қағазда өзін сүйген жанның жүрегінің жартысы лүпілдеп тұрғандай болды. Сол күннен бері жаны тыныш таппай жүр. Жұмысқа кіріскен соң, бәрі ұмытылып кететіндей көрініп еді. Ұмыта алмады. Керісінше, есінен шықпай қойды. Жарты беті жанған хатты бойтұмардай сақтап жүр. Сол күні кеште қалғанын жағып жіберуге де қимады. Қолы бармады. Бейне бір өз сезіміне сатқындық, қиянат жасаған сияқты болып көрінді. Сол кеште болған оқиға есіне түссе, іші ашиды. Елге оралған кезде ауылда біраз уақыт болған. Ауылдағы поштада жұмыс істеген апай бұған келген хаттарды сақтап жүрген екен. Қанша уақыт сақталған хатты қарындасы ойламаған жерден самауырға от тұтату үшін жағып жіберген. Жанып жатқан хаттарын көріп, өзін өрттеп жатқандай күй кешкен. Сол хаттармен сезімі бірге өшіп кетті ме десе, күннен-күнге өршелене тұтанып жатқандай көрінеді. «Мен сені сағынып жүрмін...» деген жолдарды оқыған сайын сүйіктісі өзінің жолын күтіп жүргендей болады. Бірақ қай жақта күтіп жүргені белгісіз. Қалың ой құшағына енген жігітті жанына келген ер адамның жөткірінген даусы селк еткізді. Жүзі таныс сияқты. Анықтап қараған кезде таныды. Жағалауға келген сайын көріп тұратыны есіне түсті. Байқағаны үнемі жалғыз жүреді. Бір-екі рет қатарласа теңіз жағалаған болатын. Ол өз оймен, бұл өз ойымен. Содан таныс адам сияқты қарсы кездесіп қалса, бас изесіп өтеді. Бүгін де қарсы кездесті. Өз-өзіне ыңғайсызданып қалды да, бұрыннан таныс адамындай қолын беріп, амандасты. Бүгін бірінші рет жүзіне анықтап қарады. Бурыл тартқан шашы өңіне жарасып тұр. Қалың қабағының астындағы көзі жылы көрінеді екен.
- Қалайсың, жігітім?
- Шүкір. Өзіңіз?
- Шүкір... Қараймын үнемі жалғыз жүресің. Бұл жаққа қыдырып келген екен дейін десем, жиі көремін. Қала тұрғыны сияқтысың. Теңізді тамашалауға келеді деп ойлайын десем, теңізбен шаруаң жоқ, өз ойыңмен әлек сияқтысың. Мазалаған бір ой бар-ау, бауырым? – деп жылы жанарын сығырайта қарады. Жігітке сырын біліп қойған адамдай болып көрінді. Кібіртіктеп қалды.
- Қалаға жаңа келгенім рас. Әлі үйренісе алмай жүрмін. Ал теңіз... Теңізді тамашалап болғанмын. Мұхитты да көрдім.
- Солай де... Мұхитты көрсең, теңіз деген не тәйірі дейсің ғой.
- Солай болар... Бірақ әрқайсысының орны бөлек...
- Ол рас, бауырым... Қазбаламай-ақ қояйын онда. Сөзге жақын емес сияқтысың.
- О не дегеніңіз, ағасы? Негізі сөзге онша емес едім.
- Ойлауға шебермін де.
Жігіт одан сайын қысыла түсті. Ойын оқып тұрғандай сезінді.
- Сырттай қараған адамға қалың ойға шомылып, шешімін таба алмай жүрген сияқты көрінесің. Мен әр кеште осы жерде серуендеймін. Сенің келгеніңе біраз уақыт болды. Үнемі жалғыз жүресің. Өз-өзіңмен, ойыңмен арпалысып, бір шешім қабылдай алмай жүрген сияқты болып көріндің. Мен де бұл жерге жалғыз келемін. Жаным тыныш табатын жер осы. Сені де өз қатарымнан ба деп қалғаным ғой. Жасың кіші болған соң сен деп жатқаным. Ренжіме, бауырым.
- Жо-жоқ. Сіздің жасыңыз үлкен. Бәрі дұрыс.
- Өз-өзіңе қожа сияқтысың. Бойдақсың ғой шамасы.
- Иә. Бойдақпын.
- Қандай тамаша шағың?! Шіркін десеңші?! - деп бір тамсанып қойды.
- Солай болар...
- Бауырым, қыстың күні қар сататындай сөзге сараңсың ба, әлде әңгімеміз жараспай тұр ма?
- Жоқ, аға. Жалпы шешендігім шамалы. Бірақ жақсы тыңдаушымын.
- Солай де. Сол сөзге сараңдығыңнан саяқ жүрсің бе? Сырттай қарасам, бір ой маза бермейтін сияқты ғой. Шешімі жоқ дүние болмайды, бауырым.
Дәл осы кезде жігітке бейтаныс адам көріпкел адамдай болып көрінді. Жанын жеп жүрген ойдың шешімін таба алмай жүргені рас еді. Бейтаныс болса да ойындағысын жайып тастаса болар ма екен, әлде бір-екі ауыз сөз айтты екен деп ішіндегі сырын лақ еткізіп төге салғаны әбестік пе екен? Екіұдайы болып тұрған бұның ойын оқып қойғандай әңгімені ол өзі бастап кетті.
- Адам баласы не ойласа, сол болады екен деп көп қателеседі. Ойлағаны іске аспай қалса, әркімді бір жазғырады. Кінәні басқадан іздейді. «Мен қай жерден қате жібердім, неге осым дұрыс болмады?» деп өзінен қате іздемейді. Басқаша айтсам, өз-өзінен есеп алмайды. Есеп сұралмаған жерде амалыңды жасап кете бересің. Қателік осы жерден басталады. Кейде пендешілікке салынып, «маңдайыма жазғаны осы» деп бәрін тағдырына жаба салады. Былайша айтсақ, күреспейді. Өзім де сондай едім. Әйтеуір әңгіме бастадым. Айтайын. Тыңдауға бармын дедің ғой. Мына ағаңнаң өмірінде «шіркін-ай» деп тамсанғанынан, «әттең-ай» деп өкінгені көп. Өзің сияқты мен де жас болдым. Жастық шақта бәрі жарасымды ғой. Жас кезімде сүйген қызым болды. Керемет жан еді. Сұлу еді. Ол қандай сұлу болса, сондай қарапайым еді. Тәкаппарлығы жоқ болатын. Жақсы көрдім. Ол да мені сүйді. Жолдас балалар сұлулығына сұқтанатын. Бірақ мен қызғанбайтын едім. Сүйіктіме сенетінмін. Біздің уақытта оқып жүрген кезде әскерге жасың келіп тұрса, бірден әскерге шақыртатын. Мені солай екінші курста оқып жүрген кезімде әскерге алды. Достарым шығарып салды. Сүйген қызым да келді. Күтетінін айтып, уәде берді. Әскерде жүрген кезде үзбей хат жазып тұрды. Бәрі жарасымды еді. Әскерден келген соң арамыз суып кетті. Оның өз себебі болды. Әскерден келген соң елге бардым. Ауылдағы бар достарым, құрдастарым жиналып, біраз күн тойладық. Ол уақыттың отырыстары да ерекше еді ғой. Біріміз домбырада, біріміз баянда ойнап, ән шырқап... Несін айтасың? Тамаша кездер еді. Туғандар кезектесіп қонақ етті. Күні-түні жиын. Біраз уақыт елде болдым да, қалаға оқуымды жалғастыруға кететін болдым. Жолға шығар алдында достарым жиналып, бәрі үйге келді. Анам дастархан жайып қарсы алды. Бәрін өз баласындай көретін еді, жарықтық. Ол замандағы аналар да басқа еді ғой. Қандай жоқшылық, таршылық көрсе де, сондай көңілдері тоқ, пейілдері кең еді ғой. Дастархан басына жиналған достарыма бір қарап алды да, «Айналайындар, мен сендерге ризамын. Балам келгеннен бері табанын жерге тигізбей күтіп жүрсіңдер. Менің ғана емес, елдің баласы екенін көріп қуанып отырмын. Балама да, сендерге де ризамын. Енді міне, оқуына жүргелі отыр. «Жолдас» деп тілекші болып, шығарып салуға келген екенсіңдер. Енді мен сендерге өтініш айтайын. Қанша күн жандарыңда жүрді. Ал бүгін рұқсат етсеңдер, баламды өзім шығарып салайын. Балама оңашада айтарым бар» деп тоқтады. Әрине, жігіттер келісті. Анам айтқандай бәрі үйдің алдынан қоштасты. Қыс іші еді. Анам аттың божысын өз қолына алды. Мұнысынан әңгіме тізгінін де өзі алатынын бірден сездім. Ол кезде көрші ауылдан ұшақ ұшатын. Сол кезде ауылдан бір бала оқыса, бүкіл ел болып, жолына қаражат жинап, аналарымыз бен жеңгелеріміз бар дәмдісін сөмкемізге салып жататын. Қандай кеңшілік еді?! Менің де жолыма ағайын-туыс қолында барын жинап, анама көмек беріп, қыстың сары аязында көлікпен сатылап жеткеше, ұшақпен бір күнде жетсін деп ұшаққа билет алып берген болатын. Бұл жақсылықтары осы күнге дейін есімде. Ұмытқан емеспін. Ауыл арасы жеті шақырым қашықтықта. Анамның ерте шыққанынан-ақ ұзақ әңгіме болатынын, не менен нақты бір жауап күтетінін ішім сезді. Шана ақ қардың үстінде сырғып келеді. Астымызға шөпті қалың етіп салған екен. Анам түлкі ішігінің өңірін бір жөндеп алды да, тамағын кенеді. Шанаға жегілген аттың жүрісін тамашалап келе жатқан мен бірден бойымды жинап алдым. Анам сөзін бастап кетті.
- Балам, мен өзіңе ризамын. Қалаған оқуыңа түстің. Адам баласы мамандық таңдау да, жар таңдауда қателеспеу керек деп ойлаймын. Екеуі де маңызды. Өзің қалаған мамандық өмірлік азығың. Жаның сүйсініп, қызмет жасайсың. Содан рақат алып, жемісін көресің. Ал жар таңдау одан да маңызды. Бар өмірің сәнімен жарасып, салтанатты өтуі өмірлік жарыңа байланысты. Өмірдің шын ләззатын сол кезде білесің. Жай ғана бір тақырыпта әңгіме айта алсаңдар, сәл нәрсеге бірге қуана білсеңдер, тіпті сөзге келіп қалсаңдар да, бір-біріңе «айналайын-ау» деп тіл қатқанға не жетсін?! Шынайы сезім сол артық кеткен тұста бірің тосылып күткен кезде, бірің тыңдап, бірің құптаған кезде сыналады. Жоқшылық пен таршылықта сыналады. Соған дайын болса, нағыз отбасы болып, шын жар болудың қиындығын да, жақсылығын да көресің. Бұл есіңді жүрсін дегенім ғой. Бірақ мен дәл қазір саған басқа әңгіме айтқалы отырмын. Балам, абыроймен отан алдындағы борышыңды да өтеп келдің. Ол ер азамат үшін үлкен абырой, бедел. Неше күн елің де, жора-жолдастарың да сый-құрмет көрсетті. Сыртыңнан қуанып та отырдым. Тіл-көзден аман болсын деп іштей тілеп те отырдым. Ең алдымен, әкеңнің емес, осы елдің баласы екеніңді ұмытпа. Мына ел (қолындағы тобылғы қамшысымен айналаны нұсқап) саған тілекші. Ол жақта сені Сәкеңнің баласы деп емес, осы өңірдің баласы деп таниды. Ел-жұртыңның абыройын ойла. Бұл бір. Екінші айтарым, өзіңе қыздар тым үйір екен (бетіме жымыңдап бір қарап алды). Оны да байқадық. Пәтшағарым менің. Жә, ұялмай-ақ қой. Ата-ана балаға сыншы. Көз бізде де бар. Менің осы айтқанымды есіңде сақта. Бұл жақта бар қыздар, ол жақта да бар. Семейің шағын ауыл емес. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды. Алдыңдағы ағаңның беделін түсірме. Есіңе сақта. Менің айтайын дегенім осы. Ерте үйленіп, ағаңның жолын кеспе. Бауырының тойында ағасы бір өзі той атқарып жүргенін қаламаймын. Ақылың бар. Өзің артын қорытып ал.
Анам осыны айтты да, алысқа жанарын тікті. Мен жолды жаңа көргендей болып, тесіліп қарап қалдым. Анамның не айтқысы келгенін түсіндім. Алдымда тетелес өскен ағам бар болатын. Ол бір себептермен әскерге менен кейін алынды. Мен келген кезде ол әскер қатарында еді. Анамның осы сөзі дәл сол күнде айтқандай әлі құлағымда тұр. Аэропортқа жалғыз өзі шығарып салды. Мен ұшаққа мініп бара жатып, ақ түбіт орамалының ұшымен көзін сүртіп тұрған анамды көрдім. Сол сәтте етегіне оралып өскен бала кезімнен дәл қазіргі кезге дейінгі анамның бейнесі зу етіп өте шықты. Мен де ішімнен шешім қабылдадым. Тым асығыс қабылдадым ба, оны осы күнге дейін білмеймін. Әйтеуір бір өкініш қанша жыл бойы мазалап келеді. Бір аузының жарасы бітпеген дерт сияқты.
- Сосын, аға. Анаңызға сөз бердіңіз бе?
- Анама сөз бермедім. Анам өз жауабын менің үнсіздігімнен алды. Менің айтқанын орындайтынымды білді.
- Сонда қалай болды? Сіз сүйген қызым болды деген едіңіз ғой.
- Иә, бауырым. Қалаға келдім. Келгенімді естіген соң сүйген қыз да алып-ұшып келді. Мен салқын қабылдадым. Ондағы ойым бойы үйрене берсін дегенім ғой. Ол маған не болғанын түсіне алмады. Бір демалыс күні Ертіс өзенінің жағасына жүріп қайтайық деп шақырдым. Ол етегі бүрмеленіп тігілген ақ көйлегін киіп келді. Талдырмаш бойына сондай жараса кеткен. Шашын екі өрім етіп өрген. Арқасында еркелеп ойнап келе жатқандай көрінді. Еш алаңсыз, қасымда болғаны үшін қуанып келе жатқанын көріп тұрып, қандай ауыр болса да, өз шешімімді айту керек болдым. Кілт тоқтап, қолын алдым да, менің саған айтарым бар дедім. Көздерінде сондай бір қуаныш болды. Жүзі балбұл жанып тұрды. Көмейіме ащы өксік сияқты бір ащылау дәм келді. Бойымды тез жиып алдым да, оқуымды жалғастыру керекпін, содан кейін біраз уақыт жұмыс істеймін деп өз жоспарымды айтып, оған өз өмірімнен әлі орын бере алмайтынымды айтқым келді. Бірақ онымен екуімізді де алдағандай болатын сияқты көріндім. Солай ойладым да, бетіне қарап тұрып, екеуіміздің бірге бола алмайтынымызды айттым. Екеуіміз де жаспыз. Қызу кезіміз. Жастық отымен арамызда жақын қатынас болса, мен оны тастап кете алмайтынымды, әрі анама берген уәдемді бұза алмайтынымды айттым. Мен үшін сүйген жанның абыройы биік еді. Айтарымды айттым-ау. Бірақ өзім естен таңған күйде болғандай едім. Есімді жиған кезде оның ботадай боздап жылағанын көрдім. Осы бойымен барып, суға батып кететіндей көрдім. Содан қолынан ұстап, жатақханасына қарай жүргенім есімде. Қолын тартып та, алмады, кет демеді де. Жылап келе жатты. Үнсіз жылап келе жатты. Мен іштей егілдім. Бірақ өз шешімім дұрыс деп ойладым. Оның арын ойладым. Өз-өзіме сенімсіз болғандықтан емес, бауырым. Жас болған соң бас бермейтін сәттер болады. Сондай кезде өз сезіміме, сүйгеніме адал болайын деп шештім. Қыз жылап қалды. Мен қайырылмадым. Қазір шыдамас едім. Жастық қой. Сол кезде мұның дұрыс болмады деп тоқтатар ешкім болмағанын айтсаңшы. Осы күні сол өзегімді өрттейді. Жылап қыз қалды. Оның да өз армандары барын мына мен есепке алмаған екенмін. Содан не керек. Мен өз шешімімді қабылдаған соң, қанша ауыр тисе де, қызды көрсем, айналып өтіп, жүзіне қарай алмай, кездесіп қалудан қорқып жүрдім. Шындығында, мен өзімді ерлік жасағандай көретін едім. Енді ойласам, қыздың жасаған ерлік екен. Бір ай бойы мен тұратын жатақхана жанына келеді де, тереземе қарап жылап тұратын. Бір ай бойы сол әдетінен танбады. Мен көрсем де, көрмегендей болатын едім. Өзімше еркек болған түрім ғой. Курстас жігіттер оны аяп, менің әрекетімді түсінбей жүрді. Себебін де біле алмады. Мен өзімше сүйген қызыма адал болдым деп жақсылық жасаған болдым ғой. Сөйтсем, өз анам айтқан өмірлік жарымнан өзім бас тартқан екенмін. Кейде ойлаймын, осынша ынтазарлықпен жақсы көрген адамды неге ренжіттім, неге кешірім сұрамадым деп. Не үшін бас тартқанымды неге ашып айтпадым екен. Айтсам, кейін анамды сыйламай кететін сияқты көрінді. Бір өзі бізді отыз екі тісімен тістелеп жүріп өсірген, жастай жесір қалса да, табанымызға бір шөкір кіргізбей, арқалап өсірген, әкесі бар жігіттер оқи алмай, елде күрек ұстап қалып жатқан кезде білім алсын, әкем болмаған соң осылай қалып қойдым демесін деп әр баласының қолына өзі айтатын «қатты қағазды» алғызу үшін барын салған анамның қадірін кетіріп аламын ба деген қорқыныш болған сияқты. Шын сүймедім дейін десем, жүрегімнен осы күнге дейін неге өшіріп тастай алмай жүрмін деп ойлаймын. Жауабы жоқ сияқты. Міне, мендегі жай осындай.
- Сонда сіз сол қызды сүйетініңізді біле тұра, бас тартқансыз. Анаңыздың бір ауыз сөзі үшін.
- Сүйген жанның адал болуы үшін. Өзім адал болу үшін.
- Аға, сонда да... Сіздікі қателік сияқты.
- Сосын кімге үйлендіңіз дейсің ғой?... Басқа қызға үйлендім. Үйленер алдында ол қызды іздедім. Алғашқы сезім қай уақытта болсын ыстық болады. Сағынғанымды сездім. Басқа жанды дәл оны сүйгендей сүйе алмайтынымды түсіндім. Бірақ бәрі кеш еді. Оны іздеп барғанымда, тұрмысқа шыққанын естідім. Өз бармағымды өзім тістеп қалдым. Сол кезде неге іздедім деп өкініп қалдым. Әйелімді жақсы көрдім. Ұнаттым. Бірақ сүю деген басқа екен. Осы күнге дейін көз алдымда ағаш түбіне келіп, терезеге қарап жылап тұрған сұлбасы келеді де тұрады. Жүрегім шаншып кетеді. Отбасын құрдым. Аллаға шүкір ұл-қызым бар. Анама берген уәдемде тұрдым. Дүниеден өткенше ризашылығын айтып отырды. Анам ақ сауытым еді. Ол бар кезде мені ешқандаай жамандықтың оғы тимейтіндей көретін еді. Жаны пейіште шалқысын, жарықтықтың. Бірақ, бауырым, өзіме қай балам қашан үйленемін, үйден ұзаймын десе, шын сүйген жандары болса, алдарына кесе көлденең тұрмаймын де уәде бердім. Өмірдегі ең бастысы сүйген жанмен өмір сүру екенін түсіндім. Өмірлік серік деген сол. Сені барыңмен де, жоғыңмен де қабылдайтын жан екен.
- Аға, мен дәл қазір екіұдай күйдемін. Мені ұмытып кеткен болар деген жан ұзақ уақыт бойы күтіп, хат жазып, іздеген екен. Одан менің хабарым болмады. Жуырда ғана білдім. Ойымда жүрсе де, ұмытқан болар, не үшін іздеймін деп өз ойыммен ғана жүрген екенмін. Енді іздеп барайын десем, тұрмыс құрып кетті ме екен? Сондай жағдай болса, көңілім қалып қоя ма деп ойлап... Ойым сан-саққа бөлініп...
- Бәсе... Терең ойда жүретін сияқты едің. Сүйіп өтсең де, сүймей кетсең де, бауырым, бұл өмір өтеді екен. Кейін күйінесің, өкінесің. Ойланба. Сен ойланып жүрген кезде өмірің де өте береді. Мына батқан күннің артынан таң атады. Осылай жалғаса береді. Біздің өміріміз өте береді. Сондықтан мүмкіндік болса, оны жібермеу керек. Мына шалға не жоқ? Ақсақал болып, ақыл айтар шағында алғашқы махаббат деп әңгіме айтып отырған дерсің, бауырым. Бірақ әр пенденің ішінде сыр, көңілінде мұң, әр жүректің көтерген бір ауыр жүгі болады... Іште сақтай алмадым. Алғаш рет ақтарылып айтып отырмын. Танымасам да өзіңе ағымнан жарылдым. Жеңілдеп қалдым. «Қанша уақыттан бері енді неге есіңізге түсті?» деп ойлап отырған боларсың. Тыңда. Өткен айда қатты ауырып, жүрек талмасымен ауруханаға түстім. Бұрын да ауырыңқырап жүретін. Осы жолы құлатып түсірді. Еc-түссіз бірнеше күн жатыппын. Оны кейін білдім. Есмдіжиған кезде жайлап көзімді аша бастадым. Айнала аппақ. Мұрныма дәрінің иісі келді. Сол кезде ғана қайда жатқанымды түсіндім. Таң ағарып атып келе жатыр. Тірі қалғаныма шүкірлік етіп, күбір еттім. Кеберсіген ернімді жалап қоямын. Су ішкім келді. Басымды есік жаққа бұрып едім. Кереуетіме таяу жерде орындықта ұйықтап отырған ақ халатты қызды көрдім. Мейірбике болар деп ойладым. Қозғалып көріп едім. Жүрек тұсым шаншып кетті. Ыңырсыған даусымды естіді ме, мейірбике оянып кетті.
- Қош келдіңіз! Ояндыңыз. Шүкір... Сізге сөйлеуге болмайды. Қазір...- деп жаныма келді. Жүзінде қуаныш. Менің тірі қалғаныма менен артық қуанып тұрған сияқты көрінді. Мені сөйлетпеді. Мақтаны сулап, кеберсіген ернімді жібітіп, әзірге су ішуге болмайтынын айтты. Мейірбикені шақырып, тапсырма беріп жатқан кезде ғана дәрігер екенін түсіндім. «Бар бейнетіңіз артта қалсын. Тез сауығып кетіңіз» деп күлімсірей қарады. «Құдай-ау, адамға адам ұқсай береді екен-ау? Тура сол қызға ұқсайды. Жанары да қатты ұқсайды. Әлде мен шатастырып тұрмын ба? Өлім мен өмір арасында жатып, оны есіме алғанымнан өз-өзімнен ұялғандай болдым. Сөйлеуге болмайды деген соң үндемей жаттым. Мейірбике келіп, ине салды. Сол әсер етті ме, ұйықтап кетіппін. Күбірлесе сөйлескен мейірбикелер даусынан ояндым.
- Жолы болған адам болды. Бір ажал аузынан қалды ғой.
- «Көрер жарығы бар» деген осы болар.
- Иә, дәл ұшаққа отыруға шығып бара жатқан кезде жедел жәрдем көлігі келіп тоқтағанын айтсаңшы. Біздің дәрігерлер аман алып қалуы екі талай еді.
- Әрине, мұндай күрделі отаны жасап көрмеген соң...
- Жас болса да, қолы жеңіл әрі өз ісінің шебері екен. Адамшылығын айтсаңшы. Басқа біреу болса, ұшақ күтіп тұр деп кете берер ме еді?
- «Әкелеп» жылаған қызға қарап, аяп кетті ғой деймін. Отадан кейін «әке» деп жоқтайтын баланың, «әке» деп атайтын адамның болғаны да бақыт» деді ғой. Соған қарағанда әкесі жоқ сияқты. Не болса да адамгершілігі мол. Жас болса да, білері мол қыз.
- Мен де соны ойлап отырмын. Мына ағайға ерекше қарады. Отадан кейін де күні-түні жанында болды.
- Мүмкін дәрігер ретіндегі міндеті болар.
- Мүмкін...
- Ағай оянған кезде шақырыңыздар деп еді. Қарап қояйын. Ұзақ ұйықтап жатыр.
Мен көзімді жұма қойдым. Екі медбике әңгімелерін сыбырласып, жалғастырып жатты. Екеуара әңгімелерінен біраз нәрседен хабардар болдым. Жас маман болса да, бірнеше күрделі ота жасап жүрген бұл дәрігер біздің қалаға кезекте тұрған төрт адамға ота жасауға келген. Бірақ арнайы келген дәрігерге бірнеше емделуші өтініш жасап, оларға кезектен тыс тегін ота жасаған. Мен жүрек талмасымен ауруханаға түскен кезде есік алдына әуежайға апарып салатын көлікті күтуге шыққан сәті екен. Дәл сол кезде жедел жәрдем дәрігерлері мені каталкаға салып, түсіріп жатқан болу керек. Ес-түсіз жатқан менің жағдайымды көріп, ішке қайта кіріп, бірден отаға дайындаған. Содан бері үш күн бойы менің жанымда екен. Мұны естіген соң, тіпті не істерімді білмедім. Шынымен жолым болған екен деп Жаратқанға ризашылығымды білдірдім. Көзімнен жас тарамдап ағып жатты. Ер-азамат екенімді ұмытып кеттім. Дәрігер қызға риза болдым. Мейірбикенің бірі менің жылап жатқанымды байқап қалған сияқты.
- Аға, сізге қобалжуға болмайды. Қуансаңыз да, өз-өзіңізді ұстаңыз. Бар қорқыныш артта қалды. Алла шипасын берсін.
Мен езуімді тартып, рақметімді айтқан болдым.
- Мен дәрігерді шақырып келейін - деп екінші келіншек жылдам басып шығып кетті де, тез арада ертіп келді. Орта бойлы, талдырмаш келген, бұрымы ұзын, аққұба өңді қыздың жүзіне енді үңіле қарадым. Менің қадала қарағанымнан қыз қысылып қалды. Жанарымен жанарым түйісіп қалды. Дәл сол көзқарас. Көз деген ешқашан өзгермейтін, өспейтін дене мүшеміз ғой. Мен осы көзден кезінде анамның сөзі үшін бас тартқан сүйіктімнің көзін көрдім. Сол көзден «таныдың ба?» деген сұрақты оқыдым. Дәл қасыма келген кезде кеуде тұсындағы бейджден атын оқыдым да, өз ойыма өзім сендім. Дәл сол соңғы рет жылап тұрғанына қарамастан мойнымды бұрмай кете барған қыздың қызы. Менің сүйіктімнің қызы. Енді мен үнсіз жыладым. Олар менің аман қалғаным үшін жылап жатыр деп ойлаған болар. Мен ар мен ұяттың арасында арпалысып, жылап жаттым. Дәрігер қыз дәкемен көзімді сүртіп жатты. Атын оқыған сайын жүрегім езілді. «Мен сені өмір бойы аялап өтемін» деп уәде берген кезімде «Олай болса, қызымыз болса, Аяш деп атаймыз. Сосын сен үнемі мені де, оны аялап отырасың» деп еді. Мен уәдемде тұра алмадым. Ал ол қызының есімін дәл солай атаған. Өз топшылауым осы болса да, өз-өзімді солай деп сендірсем де, бәлкім сәйкестік болып қалар деп те ойладым. Соңғы ойыма сенгім келмейді. Солай жатып, тағы ұйықтап кеттім. Екінші күні әжептәуір жеңіл ояндым. Ояна салып, дәрігер қызды іздедім. Жоқ екен. Көңілім құлазып кетті. Есіктің ашылуын күтіп біраз жаттым да, шыдамай шақыру түймесін бастым. Алып-ұшып мейірбике қыз келді. Бәрі дұрыс екенін айтып, дәрігерді сұрадым. Бүгін елордаға қайтатынын, бірақ маған жолықпай кетпейтінін айтты. Іштей риза болдым. Алаңдап, күтіп жаттым. «Сұрақты қалай қойсам, не деп бастасам, әлде мүлдем басқа адам ба?» деп сан сұраққа жауап іздеп жаттым. Бір уақытта келді. Кереуетімнің жанына орындықты қойып, жақындап отырды. Күтіну, емшара қолдану туралы айтып түсіндірді. Содан кейін бетіме қарап:
- Cізге анам сәлем айтты. Есіңізді жинағанша, күнде бес уақыт намазында дұға етті. Сіз де мені таныған сияқтысыз. Мен анама қатты ұқсаймын. Кеше түсіндім. Таныдыңыз. Мен сізге ота жасағаннан кейін анама хабарласып, бүгін күтпеуін, ауыр отадан кейін ол адамның есін жинауын күтетінімді айттым. Сол кезде сіздің аты-жөніңізді карточкаға толтырып отырғанмын. Құжатыңызды дауыстап оқып тұрған мейірбикенің даусынанам естіп қалған екен. Аты-жөніңізді анам қайталап сұрады. Мен аты-жөніңізді оқып едім. «Туған күні бесінші тамыз ба?» деді. Солай дегенім де, онда есін жинап, өзіне келгенше жанында бол. Бәрін кейін айтамын. Бөтен адам емес» деді. Бір сырдың барын мен де түсіндім. Бірақ қазбалап сұрамадым. Екінші күні кешкілікте анам өзі айтты. Маған ертегі сияқты көрінетін әдемі хикаяның басты кейіпкері сіз екенін сол күні білдім. Анам махаббат, сезім туралы айтқан кезде ерекше тамсанып айтушы еді. Ондай сезім болмайды дейтінмін. «Мүмкін» деп кейде құлазып қалатын. Ал кеше бәрін ашып айтты. Мен тіпті сізге қызығып та, қызғанып та қарадым. Анамның осынша жасқа келсе де, сізге шаң жуытпай әлі де сол жас кезіндегідей аялай жақсы көргені үшін, ал әкемді солай жақсы көре алмағаны үшін қызғандым. Бірақ менің сізді жазғыруға, анамның жалғыз қалғаны үшін киюге құқым жоқ деп ойлаймын. Өйткені, Сізге жүрегінен орын беріп, анамның сый-құрметіне лайық болсаңыз, мен еш кінә таға алмаймын.
Маған алғыс айтпасаңыз да болады. Бұл менің міндетім, парызым. Анамның осы күнге дейін аялап келген сезімінің иесі екеніңізді білген соң, мен де ерекше мейіріммен қарады. Анама ұмытылмаған махаббат сыйласаңыз, сол кезде ерекше сезіммен сүйген боларсыз. Олда әркімнің қолынан келе бермейді. Сол үшін ризамын. Сіздердің араңыздағы сезім, махаббат аяқталмай қалған сияқты... Қазір анам зейнетте. Ұзақ жылдар дәрігер болды. Әкеммен ұзақ тұрмады. Өзімді де, оны да алдап өмір сүріп, сырт көзге бақытты отбасы болып «салтанат» құрғанша, бөлек кетелік деп өзі мені жетектеп кете барды. Бар өмірін маған арнап келеді. Әкей, сіз алаңдамаңыз. Анам сізді кешірген. Әр ананың өз арманы, өз тілегі болады. «Ана болған күні оның анасының да тілегі орынды екенін түсіндім деді. Бәрін кешірдім. Ешкімді жазғырмаймын. Әкеңді де кінәлай алмаймын. Сол үшін оның қадірін білетін әйелмен бірге болғанын қаладым. Ешкімге кінә артпаймын. Бұл менің өзім қолыммен жасап алған тағдырым» деп айтты. Анам сіздің іздеп келгеніңзді де біледі екен. Сол уақытта тәкаппарлық басым болды ғой деймін. «Тұрмыс құрып кеткен деп айтыңдар» деген екен құрбыларына. Сізге реніші орынды болған шығар. Анам кеш тұрмыс құрған. Сіз бақытты екенсіз. Сізді жақсы көретін отбасыңыз бар. Қызыңыз да бақытты. Сіздей әкеге қыз болу да бір бақыт деп ойлаймын. Мен бүгін жолға шығамын. Елордаға келсеңіз, емшара алу керек болса, кардиология орталығынан таба аласыз. Тез сауығып кетіңіз. Өзіңізді күтіңіз. Ал анамды іздемей-ақ қойғаныңыз дұрыс. Ол сіздің тілекшіңіз екенін біліп жүрсеңіз болды.
Осыны айтты да, орнынан тұрды. Мен не айтарымды білмедім. Менің не айтарымды естуден қашты ма, «шаршамаңыз» деп ақырын басып шығып кетті. Содан бері үш ай өтті. Әлі есімді жинай алмай жүрмін. Отадан емес, сол оқиғадан кейін ес жинай алмай келемін. Дәл сол кезде сүйіктімнен бас тартып, естен танып жүрген кездегідей күйдемін. Ешкімге де айта алмаймын. Бірақ айтқым келеді. Бір хабарын алғаным үшін де қуанып қалдым. Ұл-қызым бары рас. Бірақ аналарымен ажырасып кеткенімді білмейді ғой. Бір-бірімізді қажытпай, сыйлы қалпымыздан ажырасып кеткенбіз. Басқа жанды сүйетінімді, ұмыта алмағанымды білетін оған да ауыр тиген сияқты. Бар жағдайын жасап, адал болуға тырыссам да, қызғанышы басылмады. Солай екі жаққа кеттік. Балаларым мені жақсы көреді. Оларға дән ризамын. Кейде жалғыз жүргеніңіз ұнамайды деп қояды. Жалғыздықтың да жақсы кездері болады. Сол жалғыз өзім үйде болған кезде қызым құлап жатқан жерімде келген екен. Осы оқиғадан кейін мазам кетті. Кейде оны іздеп барғым келеді. Бірақ қызының «іздеп, әуре болмаңыз» деген сөзі жолымды кес-кестеп тұр. Кезінде бақытты ете алмаған, енді не керек деген сөзі ме екен деп ойлаймын. Дәл мына теңіз толқыны сияқтымын. Жартасқа келіп соғыла беремін. Сондықтан бауырым, әр нәрсені өз уақытында жасау керек. Анама сөз беріп, ағамнан кейін үйлендім. Елге сыйлымын. Ұл-қызым бар. Бірақ жаным құлазып, жүрегім сыздап тұрады. Өмірдің ең бақытты кезі сол ғашық кезің сияқты екен. Ағаңның хикаясы осындай, бауырым. Сол өз ойыммен өзім болу үшін үнемі осы жерге келемін. Су сияқты сылдырап ағып, тазарғым келеді. Ойымды тазартқым, бойымды өкініштен тазартқым келеді.
Үнсіз тыңдап отырған жігіт те терең ой тұңғиығында еді. «Не істесем екен?» деп ойы санға бөлініп жүрген кезде мына хикая тіпті әсер етті. Өмірдің бел ортасында мына самайы ақ, шашы бурыл тартқан ағасы сияқты өкінгісі келмеді.
- Аға, мына оқиға шынымен кездейсоқтық емес сияқты. Сіз жылатып кеткен қыздың перзенті сізге екінші рет өмір сүруге мүмкіндік берген сияқты. Тіпті оның анасының да жалғыз болуының өзі бір себеп шығар. Неге біздер осы бір адамның бақытты болғанын көре алмаймыз. Сөз етеміз. Меніңше, әр адам қай жаста болсын бақытты болуға лайық.
- Па, шіркін! Сөйлейді екенсің ғой. Тыңдаушы ғана ма десем... Сен маған бір әңгіме шетін бастап келе жатыр едің. Мен өз жайымды айтып, бөліп жібердім ғой деймін.
- Ол маңызды емес. Таразы басына салып, не істесем деп салмақтап жүр едім. Мен шешім қабылдадым. Мен өкініп қалмас үшін алдымен қадам жасайын. Бір қадам ғана. Ол сан жолға апарар. Мен өз жолыма шығайын. Өмірде ең маңыздысы сіздің анаңыз айтқандай бар өміріңді бірге өткізетін сүйген жанмен бірге болу екен. Сіз сияқты өкінбес үшін мен қанша уақыттан бері шешімін таба алмай жүрген істің басына жету үшін жолға шығамын. Аға, сізбен дәл бүгін кездесуім де, сіздің хикаяңыз да кездейсоқтық емес деп ойлаймын. Айып етпесеңіз, мен қайтайын.
- Не болса да, берекелі іс болсын. Ал жолың болсын! Жақсы хабар күтемін.
Кешкі салқыннан бойы тоңазыған ол жас жігіттің ізіне қарап тұрып, «мен жете алмаған жерге сен жетіп, бақытты бол» деп тіледі. Көзі жасаурай берді. Осы сәтте жас жігіт те артына бұрылып қарап, теңіз жағасында күннің батқанына қарап тұрған бурыл шашты ағаға қарап, «Мен сіз сияқты қателік жасамаймын. Бақытымның қолынан ұстап, сізге бата беріңіз деп келетін боламын. Сіздің аяқталмаған махаббат хикаяңыздың нүктесі де бірге қоярмыз. Ең алдымен өзімді сағына күткен жанға жетейін. Содан кейін сіздің сүйіктіңізді де іздеп табамын. Мүмкін сол кезде жүрегіңіз тынышталар. Бақыт деген жүрек тыныштығында екен» деп қадамын адымдап басты. Бет алысы әуежай еді. Билет алуға емес, бақытына қарай асығып бара жатқанын өзі де сезді.