Түс ауып, жұмыстың дәл қызған кезі. Жұмысшылардың ортасында ертеңгі күннің жоспарын талқылап тұрған Айсағынның жанына алқына жүгіріп хатшы қыз келді.
– Айсағын Мирасұлы, сізді бастық шақырып жатыр. Тезірек жетіңіз.
– Не жағдай болды? Жаңа ғана кеңседе кездесіп едім. Бәрі дұрыс сияқты еді ғой, – деп таңдана қараған инженерге хатшы:
– Жүріңізші, – деп жалына қарады.
– Қанша рет ұялы телефоныңызға ол кісі де, мен де телефон соқтым. Телефон көтермеген соң, көлігін беріп, «алып келіңіз» деп мені жіберді.
Абыржып кеткен қыздың түрі аянышты еді. Өзін оның алдында кінәлі сезінген Айсағын жұмысшыларға тапсырма беріп, соңынан ерді. Ойы сан–саққа кетті. Ең алдымен «не бүлдіріп қойдым?» деп ойлады. Бірақ ештеңені таразыламай, бастықпен ақылдаспай жасамайтынын өзіне сенімді. Әлде кешегі құрылыс басындағы кейбір жіберілген қателіктерді участок бастығына баса айтып еді. Содан үстінен арыз айтып барды ма екен? «Айтса, айта берсін. Менікі дұрыс» деді іштей. Мұны жас деп басынғысы келетіндер жоқ емес. Бірақ басшылары жас маман болып келгеннен бері өз қасына алып үйретіп, кейде қатты айтып, кейде әкелік қамқорлығын білдіріп ақылмен айтып, көп нәрсеге үйретті. Басшылары сырт көзге қатал адам сияқты көрінгенімен, жүрегі жұмсақ жан. Оны кейін байқады. Басшыларының бойындағы көп қасиетті байқап, соны өзі де үйренуге тырысып жүр. Жұмысқа бәрінен ерте келіп отыратынын көрген соң, бұл одан бұрын келуге тырысады. Ерте келген кезде дәліздің бір басынан шақырып алып, «оразаңды аштың ба?» деп шай беріп жүреді. Бұл ыңғайсызданып қалады. Жиналыстардан кейін алып қалып, жағдайын сұрайды. Сондай кезде өз әкесінен көре алмаған мейірімді бастығынан көргеніне не қуанарын, не қуанбасын білмейді. Әкенің арқаңнан қағып, бір мақтау айтқанына не жетсін деп ойлайды. Мұның жас болса да, еңбекқор, жауапкершілігіне риза болғандығынан болар, әйтеуір көрген жерде елдің алдында мақтауын жеткізіп жатады. Ол біреуге ұнап, біреуге ұнамай жататыны тағы бар. Мүмкін ең алғаш жұмысқа тұрған күні ертіп әкелген нағашы ағасының сөздері әсер еткен шығар.
Жұмысқа орналасуға баратын күннің алдында нағашы ағасы келді. «Жалғыз жиенім білдей бір компанияның инженері болып жатқанда мен үйде жата аламын ба?» деп келіп қалдым деп бір күлдіріп алды да, «Ертең өзім бірге ертіп апарамын. Баяғыда колледжге оқуға түскен кезде де өзім апарғанмын. Енді өзім нүктесін қояйын» деді. Айсағын қарсы келе алмады. Сөзінің жаны бар. Қайда барса да осы нағашысы жетектеп жүретін. Анасының да сенері осы нағашысы. Іштей ұялса да, ертіп барды. Биік кеңсе алдында тұрған нағашысы «Тура менің жиенім отыратын кеңсе екен!» деп қалды. Бұл басшылардың алдында өз жобасын қорғап шықса, нағашысы жоқ. Әр кабинеттің есігін ашып, нағашысын іздеп кетті. Есігі ашық тұрған кабинет алдынан өтіп бара жатқан кезде таныс дауысты естіп, тоқтай қалды. Студент кезінде тәжірбиеден өткенде басшылық еткен таныс ағайдың алдында нағашысы әңгіме айтып отыр. Таныс адамдар сияқты еркін сөйлесіп отыр. Сондағы айтқаны дәл қазіргідей есінде. «Ол – біздің жалғыз әпкеміздің ұлы. Әпкеміздің тағдыры ғой. Бұйрық сондай болған болар. Айсағынның әкесі де, шешесі де өзі. Өзіңіз де таңданып отырсыз ғой. Көпшіл етіп тәрбиеледі. Жалғыз бала деп емес, көп баласының біріндей өсірді. Әке жанында өспеген бала басқаша ғой. Мен де іштей уайымдап қоятын едім. Бірақ өзінен де болар. Ер мінезді болып өсті. Сіз де қайрап қойып отырыңыз. Қайраққа пышақты жаныған сайын өткір болады ғой. Менің сізге жолығуға келгенім себебі сол. Жалғыз әпкеміз үш бауырына, біздерге бір өзі қамқор бола алған кезде біз жалғыз жиенге қорған бола алмағандығымыз еркек атымызға сын болар деп ойладым. Сіз де біреудің нағашысы боларсыз? Жиен назары қатты ғой. Қамқор бола жүрерсіз» деп орнынан тұрған нағашысына кейін тікелей басшысы болған ағай қолын беріп, «Аманатқа қиянат жасай алмаспын. Сіздей нағашысы бар жиен жаман болмас» деген еді. Бұл жайға сырттай өзі куә болғанымен, нағашысы да, басшы ағай да тіс жарып көрген емес. Айсағын болса, екеуінің де сенімінен шығу үшін жұмысқа ерте келіп, кеш кететін. Адам сенімін ақтау деген өте қиын екенін осы жылдары білді.
Бүгін хатшы қызды арнайы жіберіп тұрғанына қарағанда іс не насырға шапқан, не жақсылыққа болар деп түйді. Хатшы қыздан сұрайын деп бір оқталды да, үндемеді. Ол да «шаруамнан қалдырдыңыз» дегендей бұртиып отыр. Телефоны кабинетінде қалып қойғаны енді есіне түсті.
Көлік жүйткіп келіп, құрылыс компаниясының кеңсесінің алдына келіп тоқтады. Әлі де ойын жинақтай алмай отырған бұған хатшы «түспейсіз бе?» дегендей бетіне бажырая қарады. Бұл да оны жаңа көргендей қарап қояды. Туфлиінің біз өкшесін тық–тық еткізіп алдына түсті. Сол тықылдан ойы сейіліп кеткен сияқты. Екеуі басшы кабинетінің алдына келіп тоқтады. Бұған «кіре беріңіз» дегендей ишара білдірді. Әдеті бойынша есік қағып еді. «Кіріңіз» деді. Ішке кірген мұны көріп, бастық орнынан ұшып тұрды. Бұл артқа шегіншектеп кетті. Ұрып жіберетіндей көріп тұр. Ал басшысы болса, мұны бас салып, құшағына алып:
– Ау, бала, қайда жүрсің? Құтты болсын! Не телефон көтермейсің? Не жігіттер көтермейді?, – деп бастырмалап жатыр.
– Кешіріңіз. Телефон кабинетте қалып еді. Немен құттықтап жатырсыз? – деп абдырап.
– Ойпырмай, мұндайда болады екен–ау? Әлде әлі естімедің бе? Онда сүйінші! Ат ұстарың дүниеге келді. Сен әке болдың.
«Сен әке болдың!». Қандай керемет сөз еді. Бойын ерекше сезім билеп кетті.
– Қалағаныңызды алыңыз. Сүйіншіңізді беремін.
– Бағана сен шығып кеткен соң, анаң хабарласты. Сенімен байланыса алмаған соң, хатшыны жібердім. Өзім жиналыста болдым. Ал сен үйіңе бар. Анаңның қуаныштан жүрегі жарылып кетпесе болды. Көмек керек болса, хабарлас. Бар бүгін боссың... Әке болған түрің сенің...
Мұндай жаңалық естеймін деп күтпегендіктен бе, әлде әке болу сезімін бойын биледі ме? Әйтеуір тілмен айтып жеткізе алмайтын күйде тұр. Көшеге шығып, көлігіне отырды. Алдымен перзентханаға бармақшы болған еді. «Анаңа бар» деген сөз ойына оралып, көлігін анасының үйіне қарай бұрды. Шындығында, мұның анасынан басқа ешкімі жоқ еді. Көз алдына қуанып жүрген анасы елестеді. Оны да қуантқысы келіп, жол бойындағы гүл сататын дүкеннен анасының жақсы көретін раушан гүлдерін сатып алды.
Баспалдақтан екі–үш аттап, анасының пәтеріне де жетті. Есік қоңырауын шырылдата басып тұр. Ешкім ашпады. Анасы бір жаққа шығып кеткен сияқты. Есікті өз кілтімен ашып, үйге кірді. Ешкім жоқ. Ас үйден кеспенің иісі аңқып тұр. «Ай, маматайым–ай! Кеспе пісіріп, сорпасын көтеріп, перзентханаға кеткен болып тұрсыз–ау?» деп жымиды. Анасының бөлмесіне кірді. Бөлме ішіне көз жүгіртіп шықты. Тап–тұйнақтай. Алғаш рет көріп тұрғандай әсер алды. Жұмыс үстелінің үстінде мұның бала кезінде анасымен түскен суреті, одан кейін өзінің бала кездегі суреттері тұр. Анасының оңашада өткенді еске алғанын бірден түсінді. Кенеттен шеткерек тұрған әкесі, анасы үшеуі түскен суретке көзі түсіп кетті де, бойын көңілсіздік биледі. Қолына алып, ұзақ қарап тұрды. «Осындай бақытты күнде де бірге бола алмадыңыз, әке. Анамды қанша ренжітсеңіз де, ол сізді менің әкем деп әлі күнге дейін сыйлап келеді. Мен өзімнің перзентіме де, жарыма да адал боламын» деді әкесінің жансыз бейнесіне уәде бергендей. Анасына қайтадан қоңырау соқты. Қоңырау жетіп тұрғанымен, анасы тұтқаны көтермеді. «Естімей тұр ма екен? Бәрі дұрыс шығар. Неде болса, перзентханаға кеткені анық» деп, сол жаққа баруға шығып кетті.
***
Ал Алмаш болса, келіні телефон соққаннан бір орында байыз таппай перзентхана жаққа шығып кеткен. Кіргізбейтінін білсе де, қасында жақын адамы бар екенін білсін деп кезекші мейірбикеге келгенін айтып еді. «Апай, ұзақ күтесіз. Үйге барыңыз. Өзім хабарын берейін» десе де, айналшақтап кете алмады. Перзентхананы қайта–қайта айналып жүріп алды. Қайтсін енді? Мойнына бұршақ салып жүріп, Алладан тілеп алған жалғызының тұңғышы дүние есігін ашқалы жатқанда бұл қалай үйде отырсын. «Бұл жүрісім не? Жарыс қазан жасау керек еді? Үйге қайтайын. Қол–аяғын бауырына алу үшін сорпа дайындайын» деп те ойлап қояды. Бұл жерден ұзап кетсе, келіні жалғысырап қалатын сияқты көрінді. Көптен күткен сәбиі дүниеге келген кезде бүкіл әлемде жалғыз қалғаны есіне түсті. Сол кезде өмірін нұрландырған бауырындағы перзенті болатын. Өткен күнді еске алмайын десе де, құрғыр қызыл түлкідей жылт етіп қала береді. Арпалысып келе жатқан ойын «Алмуша» деген таныс дауыс бөліп жіберді. «Құдай–ау, таныс дауыс. Кімнің даусы еді?» деп ойлап болғынынша талдырмаш келген ақ халатты келіншек жақындап келіп қалды.
-Қыз–ау, даусым қарлықты ғой. Жаным-ау, артыңа бір қарау деген жоқ екен. Әлі сол жас кездегі әдетің қалмаған екен, – деп бастырмалатып жатыр.
Алмаш келіншек дәл алдына келген кезде ғана мектепте бірге оқыған ең жақын құрбысын таныды.
-Сәлем, жан құрбым менің?! Сені кездестіремін деп ойламағанмын. Түу, қандай кездесу десеңші?! Жаным-ау, бар екенсің ғой.
Қос құрбы құшақтарынан бір–бірін босата алмай ұзақ тұрды.
-Қайдан шықтың? Мені қайдан көріп қалдың?, – деп Алмаш таңданысын жасыра алмады.
-Перзентхана. Үстімде ақ халат. Ал енді ойлан. Алмуша-ау, менің дәрігер екенімді ұмытып қалдың ба?
-Жоқ. Оны білемін ғой. Сенің де осында екеніңді білмеппін. Әрі перзенханада көремін деп ойламаған едім.
-Иә, құрбым. Байланысымыз үзіліп қалғалы көп болды ғой. Сені қайтып танымайын? Терезе алдынан «мені таныдың ба?» деп жүз айналып өтсең? Қайта-қайта өтіп, басымды айналдырдың.
-Солай ма? Менен басқалар да жүр ғой.
-Жүр. Ішке кірейік. Перзентхана сыртында жүргеніңе қарағаныңда ішінде біреу бар екені белгілі. Оның кім екенін де анықтап алдым. Сүйінші Алла қаласа менікі болады – деп ішке қарай дедектете жөнелді.
-Әй, мана осынша жалынған кезде кіргізбеп едіңдер ғой.
-Ол кезде сенің Алмуша екеніңді ешкім білмеді. Енді бәрі өзгерді.
Жас кезінде де өзінің айтқанынан қайтпайтын, ойына алғанын жасамай тынбайтын құрбысының жайы өзіне мәлім болған соң айтқанына көнбеске амалы қалмады. Жас босанатын келініне бір себептігі тиетінін сезіп, іштей қуанып та келеді. «Жолым болды. Жарқыным менің, бәрі Жаратқанның қалауы. Іздегенім өзі алдымнан жарқ етіп шықты. Шүкір».
-Алмуша, тәртіп бәріне бірдей. Сен осы кабинетте күт. Мен қазір келінжанның жағдайын біліп келейін. Бәрінен хабарым бар.Терезе алдынан бірнеше рет өткен өзіңе бәріміздің назарымыз ауды. «Бұл кім? Бір жағдай болды ма?» деп сұрап едім. Мейірбике «Мен айттым. №3 палатаға түскен келіншектің енесі. Босануына әлі ерте үйге қайттыңыз деп едім. Кетпей қойды» деді. Құдай-ау, мұндай да ене болады екен ғой деп таңдандық.Шыны керек. Содан жағдайын біліп, енесіне айтайын деп палатаға бардым.Сол кезде картасындағы жазбадан Айсағынның келіншегі екенін білдім. Ондай есім өте сирек қой. «Жолдасыңның есім менің бала күнгі құрбымның ұлымен аттас екен. Өте сирек есім деп едім. «Солай ма? Менің енемнің аты – Алмаш» демесі бар ма? Содан тәмтіштеп сұрадым да, өзіміздің Айсағынның келіншегі екенін білдім. «Онда перзентхананы айналып жүрген өзімнің Алмушкам екен ғой» деп жүгіріп шыққаным сол ғой. Келініңнің тәрбиелі екені көрініп тұр. Өзің үшін қуанып қалдым. «Келін қайынене топырағынан» дейтін еді ғой. Тура сендер жайлы айтылған екен. Балалар бақытты болсын. Сен осындай бақытқа лайықсың, құрбым. Мен өзіңмен хабарласпай кетсем де, шет жағасын естіген едім. «Алтынның қолда бар да қадірі жоқ» дегені рас қой. Әттең, анау ақымақ қадіріңді білмеген екен. Әдемі өміріңді де, өзіңді де қор қып ...Өткенді еске түсірмей-ақ қояйық. Сен отыра тұр. Мен қазір...
-Мені осында деп айт. Ештеңе уайымдамасын. Өзің де ақылыңды айт.
-Қыз-ау, елдің бәрі туып жатыр. Бармыз ғой , – деп бір шаншып алды.
-Әлі өзгермегенсің.
-Сен де өзгермегенсің.
-«Жаным-ау, аузы күйген үрлеп ішеді» деген. Бәрі де бір-бір үйдің үміті, қуанышы ғой. Аман жандары қалсын. Ал менің жалғыз жарығымның орны бөлек сияқты. Өзің білесің талай жылап жүріп тілеп алған ұлымды тісіммен тістеп жалғыз өсірдім. Шүкір. Алланың назарында болғаны шығар. Аман-есен осы күнге де жеттік.
-Әрине жаным. Бәрін түсінемін. Бәрі жақсы болады. Маған сен. Жалғыз емессің. Мен бармын.
-Шүкір. Құлынымның жолы ашық болсын. «Сабақты ине сәтімен» деген. Қанша жыл қайда екен деп ойлап жүрген құрбымды кездестірген күн мен кездескен жерді айтсаңшы.
-Ойыңда болғанымызға шүкір. Өткенді ұмытамын деп бәрімізді сызып тастадың ба деп ойлап едім. Ал мен кеттім. Сен жайғасып отыра бер.
Ақ халаты талдырмаш денесіне жарасып-ақ тұр. Сол жарқын қалпынан бір өзгермеген. Жайна екеуі бір мектепте оқыған. Ол 9- сыныптан кейін облыс орталығындағы медициналық училищьеге оқуға түсті де, бұл мектепте оқуын жалғастырды. Әр каникул келген сайын екеуі бір-бірінің үйіне қона жатып, әңгіме айтатын. Не деген таусылмайтын әңгіме десеңші?! Бұл оқыған кітаптарын айтып, талдайтын. Құрбысы жалығып кетсе, «іш пыстырмашы» дейтін. Ол да бір дәурен екен - ау? Алаңсыз кездері екен ғой. Училищьені аяқтаған соң бір жыл жұмыс жасап, Алматыға жоғары оқу орнына түсті. Ата–анасы да сол жаққа көшіп кетті де, содан кейін сирек кездесетін болды. Алмаш тұрмысқа шығатынын жазған кезде «құдай-ау, күйеуге шығу керек екенін біледі екенсің ғой» деп қағытқан. Ол сөзінің астары бар еді. Жоғары оқу орнына түскен кезден кітап құшақтап жүретін құрбысына арасында ақыл айтып қоятын. Үйден алысқа ұзап көрмеген бұған «Алматыға келсеңші» деп шақырған құрбысының сөзі бір басқа әлемге шақырып жатқандай көрінетін. Қолына диплом алған соң бірден мектепке жұмысқа тұрып, еңбекке араласып кетті. Ата-анасының қасында үкілеп өсірген жалғыз қыз болғасын елдің бәрі қызығатын. Өзі де артық ауыз сөзге жоқ, кішіпейіл еді. Тұрмысқа шығатынын ата-анасына айтқан кезде анасынан бұрын әкесі қатты уайымдап еді. Әке жүрегі сезді ме екен? Өкінішке орай, сол бақыттан басы айналған тойында бала күннен бар сырын бірге бөліскен құрбысы келе алмады. Бірақ Айсағыны туғанда құшағына жиырма бес раушан гүлін көтеріп келгені есінен шығар емес. «Сен осыған лайықсың, құрбым» деп бауырынан басып, ұзақ жібермеген еді. Екеуі қосыла жылаған. Содан кейін көп кездесе алмады. Енді міне, Айсағынның әке атанар күні алдынан тағы жарқ етті. «Осы қыз менің Жаратқан жіберетін періштем емес пе екен ?» деп ойлады Алмаш. Дәліз жаққа құлақ түріп еді. даусы шығып жатты. Бұйрық беріп жатыр ма, тапсырма беріп жатыр ма? Әйтеуір сол бір староста кезіндегідей даусы нығыз шығып жатыр.
– Ал құрбым менің, сенің келінің менің келінім. Ештеңе уайымдама. Бәрі жақсы болды. Бәріне ескертіп айттым. Жалпы барлық аналарға бірдей қараймыз. Енді қолыма түскен соң сенің келініңе ерекше қарайтыным рас. Сен былай істе. Бұл бірінші рет босанып жатқан соң толғақ ұзақ болатыны белгілі. Мен өз бақылауымда ұстаймын. Сен ештеңе уайымдама. Үйге барып, ана жарыс қазаныңды жасай бер. Мен де үлгерсем келіп қаламын. Енді менен құтыла алмайсың. Баяғы бала күндегідей бір көрпенің астында тығылып жатып, таң атқанша сырласамыз. Сенің маған айтарың көп. Мен тергеуші боламын. Барлық сұрағыма жауап алуға тиіспін. Келінің де «Мамам үйге барсын. Қан қысымы бар. Ауырып қалады деп жатыр».
– Өзі қиналып жатса да, мені ойлап жатыр екен ғой.
– Қоя сал, сені емес, болашығын ойлап жатыр. Ауырып қалсаң, немереңді кім қарайды? , – деп бір рақаттанып күлді.
– Түу, сен түк өзгермегенсің, «тентек қыз» деп тегін айтпаған екен біздің ұлдар.
– Олар біліп айтты ғой. Ал сені «оқу соққан» дейтін. Қайсысымыздың атымыз жақсы? Менікі жақсы естілетін сияқты.
– Солай–ақ болсын. Мен кетсем, ештеңе болмай ма?
– Сен отырсаң да ештеңе болмайды. Одан да кешкі асқа дайындал. Мені күт. Сүйінші сұрап үйге барамын.
– Жақсы. Уәде ғой. Мен үйде күтейін.
Екі құрбы перзентхана алдында қоштасты. Алмаштың соңынан қарап тұрған Жайна «Осы қызға көз тиді-ау? Кім бақытын қызғанды екен? Әлпештеп өсірген ата-анасының да жүрегі езіледі ғой. Үш ұйықтасам да, дәл Алмашты жалғыз қалады деп ойламап едім. Шүкір. Ұлы ақылды азамат болып өскен екен. Келінді де жарастырып беріпті. Енді солармен алданар» деп бір күрсінді. Ал Алмаш болса әлі өз–өзіне сене алмай келеді. «Ботамды сенімді қолға тапсырдым. Осы күнімді ешкім қызғанбасыншы. Құлындарыма көз тимесін. Мені сынағаның жетер. Мен-ақ көтерейін. Тек баламмен сынама, Жаратқаным» деп күбірлеп бара жатты. Ендігі ойы үйге тез жетіп, дастарқан жаю. Ерте бастауға да қорқып келеді. Өзі де тым ырымшыл. Автобус аялдамасына жеткенше жоспарын жүз өзгертті.
Үйге келген соң сақтап келе жатқан сүр қазықартасын шығарды. Ыстық сорпа ішсін деп жас қойдың етін бөлек салды. Өзінше тірлік жасап жүрсе де, ойында бір нәрсе жүрді. «Келіннің аман-есен жаны қалса, немерелі болғанын айту керек шығар. Қандай болса да әкесі ғой. Ол ата болдым деп қуана қоймас. Айтпасам, менің де қаным емес пе деп тағы шығар. Не болса да, өзім айтайын. Балам хабарласса, бірдеңені дүңк еткізіп, ұлдың беті қайтып қалар» деп бір ойлады. Өткен қалай болса да, ызғарын соғып тұрады ғой. Онсыз болмайды да. Көптен ашпаған қызыл чемоданды алып шығып, ескі фотоальбомдарды алған кезде Алмаштың жүрегіне ине сұғып алғандай болды. Отбасы болып бірге түскен суретті қолын алып, жаңа көргендей тесіліп қарап отырды.
Осындай да уақытта жылжымай қояды. Әр істің басын бір шалып, мазасы кете бастады. Телефон соғуға тағы да ыңғайсыз сияқты. «Қандай хабар болса да, өзім айтамын деді емес пе? Мазасын алмайын. Оның үстіне менің ботамнан басқа да келіншектер бар. Бәрі аман болсыншы. Қайсысы болсын бір үйдің үкілеп өсірген қыздары ғой. Балама да әзірге ештеңе айтпай-ақ қояйын. Алаңдап жұмысын істей алмас. Сүйінші хабарын айтармын» деп екі бөлме арасында жүрді де қойды. Ой шаршатты ма, біраз демалайын деп қисайып жатып еді, ұйықтап кеткен екен. Телефонның шырылдаған даусынан оянды. Абдырап, тұтқаның түймесін баса алмай жатыр.
-Қыз-ау, телефонды құшақтап отыр екен десем, әзер көтердің ғой. Ал сүйіншіңді дайындай бер.
-Қалағаныңды ал. Бүгін бәріне көнемін.
-Ұлымыздың атұстарының бауы берік болсын. Бәрі жақсы. Сорпаңды ал да кел. Сосын бүгін бәріне көндім дедің. «Айтылған сөз – атылған оқ» бүгін кешке екеуіміз қыздар отырысын жасаймыз. Ешқандай сылтау қабылданбайды.
-Рақмет, құрбым. Алла разы болсын. Айсағыным туғанда сен қуанып маған келген едің. Енде мен саған барайын. Келістік.
-Онда күтемін. Ұлыңа хабарды өзің берерсің.
Сөзінің аяғын күтпестен тұтқаны басып тастады. Мұның уәдесін алған соң болды да. Қуаныштан бір тұрып, бәр отырған Алмаш ұлына хабарласты. Әдетте жұмысы шұғыл болмаса, телефон соға қоймайтын. Ол да соған әдеттеніп алған. Қолы қалт еткен кезде өзі хабарласып тұрады. Телефонын көтермегесін бастығына телефон соқты. «Түсі игіден түңілме» деген жылы жүзді бастығы Айсағынға жұмысқа тұрғаннан бері қамқорлық жасап, жол көрсетіп келеді. Әкенің ақылы, бағыты керек кезде бұлар ажырасып кеткен еді. Содан ұлы жасық болып өсе ме деп іштей уайымдайтын. Бірақ өз бауырлары ер мінезді болып өсуіне ықпал етті. Кейін осы бастығы әкелік қамқорлығын жасап отырды. Қуанышты хабарды естіп ол да қуанып жатыр. Жүрегі орнына түсіп, жас сорпасын, ыстық шайын дайындап, перзентханаға жетті. Таңертең кездескен мейірбике алдынан кездесе кетті.
-Қызым, менен сүйінші сұраймын деп едің ғой. Жайна апайларыңыз алдын орап кеткен сияқты. Бір ауыз жылы сөзің жүрегімді жылытып еді. Менің осындай бақытты күнімнен естелік болып қалсын, қалқам. Осыны кім бірінші сүйінші сұраса, соған беремін деп едім. Міне, өзіңдікі. Қолымды қайтарма, – деп қолындағы алтын жүзігін шешіп берді.
-Ой, апай, ниетіңізге рақмет. Мұндай сыйлықты ала алмаймын – деп жас қыз тартыншақтанғанына қарамастан өзі саусағына тақты.
-Менің ана болған, әже болған жолымды берсін. Бақытты бол, қалқам!
-Мұндай сыйлық алып көрмеген едім. Қалай болар екен? Ыңғайсыз сияқты.
-Болды. Екеуіміз ғана білеміз. Мына пакетті менің қызыма апарып берсең болды.
Құрбысы бәрін көріп тұрған екен. Қуанып тұрған мұның жүзіне қарап:
-Сенің жанарыңдағы мұң енді сейілген сияқты ғой, жаным. Осындай күндер көп болсыншы. Сен мені сыртта күтесің бе? Мен жарты сағат ішінде дайын боламын.
–Сен жұмысыңды аяқта. Асықпа. Осы жерге жақын қалалық бақ бар. Алма бағы . Сол жерде күтейін. Сол жерде шайханада бар. Осы қалаға келген кездегі өзім жиі келетін жылы орным еді.
– Ол жерді білемін. Жақсы сол жерде кездесейік.
***
Көптен келмеген болатын. Бақ іші де өзгерген. Жаңа көшеттер де отырғызылған. Айнала да ерекше бір тыныштық орнаған. Жайна келген кезде таба алмай қалмасын деп қақпа есігі көрініп тұратын орындыққа жайғасты. Құрбысы да көп күттірмеді. Қолында екі балмұздақ.
–Баяғы оқушы кездегідей бір жайланып отырып, балмұздақ жейік.
– Сенің де шығармайтының жоқ екен.
– Шайханаға сосын барамыз. Мына әдемілікке қарап, таза ауамен тыныстап отыра тұрайықшы. Тергеуге де жақсы.
– Тентексің. Өзіңе соның әлі жарасады.
Қос құрбы балалық шақтарын, таныстарын еске алып, біраз әңгіме айтты.
– Алмуша, жаным, жаныңды ауыртатын болса, айтпай–ақ қойсаң да болады. Бірақ сен бақытты болуға лайық едің. Ортақ достардан естіп қалып жүрдім. Көп жылдан бері араласпай кеттік. Бәріміз тірлік соңында кеттік. Сенің орның мен үшін ерекше еді. Сылтау айтып ақталамыз. Бірақ керек кезде бір–бірімізге демеу бола алмаған сияқтымыз.
– Өмір ғой. Менің басымнан не өтпеді дейсің? Сыртым бүтін, ішім түтін қанша жыл өмір сүрдім. Саған айтып, ішімді бір босатып алайын. Бірақ ұзаққа кететін сияқтымын. Ұзақ әңгіме.
– Мен сол үшін бүгін саған уақытымды арнаймын. Бағана қуанып тұрсаң да, көзіңдегі мұң мазамды алды. Тыңдаймын. Уақытым жеткілікті. Алда да күндер бар. Дегенмен, менің жаным тынышталар емес. Сенің бұл жаққа келуіңнің де өз себебі бар.
–Әке-шешем қызымызды құтты орнына қондырдық деп қуанды. Мен де бақытты едім. Бірақ ол бақытым ұзаққа созылмады. Күннен-күнге уайымым көбейіп кетті ғой. Той үстінде жарымның мені жалғыз тастап, жолдастарымен кетіп қалғанына жылап едім. Ол бұл уайымымның жанында түк болмай қалды. Неден қате жібердім, не жаздым деп ойлаймын. Үйленгенімізге біраз уақыт болды. Бірақ мен бала көтере алмай жүрдім. Уақыты келер деп күтейін десем, күнде жолдасымның «Неге көтермейсің? Әке-шешем менен сұрай береді. Мен не деп жауап беремін. Олардың да жасы келді. Немере сүйгісі келеді» деп күнде айта бергені тіпті тығырыққа тірегендей болады. Ішіп келуі де жиілеп кетті. Таң атқанша жастығым су болып кетеді. Жылап жатамын. Ол сезсе де,білсе де, «жыламашы» деп бір жұбатпайды. Сол жаныма одан сайын бататын. Таңда құрсүлдерімді сүйретіп жұмысқа кетемін. Кешкісін үйдегілердің жайын жасап, тамағын беріп, не жейміз десе, соны дайындап, алдарында айыпты адам сияқты зырылдап жүретін болдым. Атам болмаса, енем тіпті маған жібімейтін адам сияқты. Жолдасымның сөзінен кейін олардың алдында жүзімді көтеріп қарамайтын болдым. Үй іргесі жақын болса да, әке-шешеме де бармаймын. Көшеге шығып, ешкім көрмейтін жерге барып, дауыстап жылап аламын. Үйге келсем, Дәрмен не ішіп келеді, не теріс қарап жатып қалады. Кейде осылай ұйықтап қалғанына риза боламын. Әйтеуір жан жарамды тырнамаса болды деп ойлаймын. «Сен тусаң, сол күні бәрін қоямын» дейді. Ол сөзіне сенбеймін. Қайдан білейін? Мүмкін қояр. Ішімдегіні кімге айтарымды білмедім. Өзіңнен басқа ешкімге сыр ақтарып көрмеген едім ғой. Оны өзің де білесің.
– Сол кезде бір рет телефон соғып, шет жағасын болсын айтпадың ба? Сен де бір қызық адамсың? Шынымды айтсам, сол жігіт маған о бастан ұнамады. «Тойда қыз жолдас бол» деп ұсыныс жасаған кезде сен үшін келісіп едім. Соңында бәрі өзгеріп, тойыңа да жете алмадым.
– Ойымда болдың. Бірақ сенің де жағдайың да ол кезде мәз емес еді. Анаң ауырып, өздерің қиналып жүрдіңдер. Сол үшін мазаңды алғым келмеді. Маңдайыңа не жазылса, одан қашып құтыла алмайтын сияқтысың. Мен бәріне көндім. Үйге ішіп келуі күннен-күнге жиілеп кетті. Енем де мені кінәлайтын болды. Менің түсінігімде тұрмыс құрған әйелдің бақыты жарымен бірге сырласып, жарасып жүру, бала сүю деп ойлайтын едім. Бәрі керісінше болып кетті. «Сүйіп қосылдым» дегенім артық болар. Бірақ жақсы көрген жарым «бала көтермедің» деп күнде жанымды ауыртып, ішіп келеді. Екінші күні кешірім сұрап алып, тағы өз әніне басады. «Мен қай жерден қателік жібердім?» деп жауабын таппадым. Әйтеуір менің кінәм жоқ сияқты. Адам баласы өз-өзін ақтауға келген кезде алдына жан салмайды. Мен де адам баласымын. Ақталғаным емес. Шынымен еріме адал едім. Келіндік міндетімді де орындап жүрмін. Қайынжұртым мақтауымды асырып айтып жатады. Оның бәрін қойшы. Осы қай қылығым еріме жақпады екен? Өліп–өшіп, «күйдім-сүйдім» деп жұмыстан шықсам алдымнан күтіп алып, үйге дейін шығарып салатын еді ғой. Соның бәрі енді қайда кетті? Аз уақыт ішінде сезім осылай су сепкендей басыла сала ма екен? Мен әке-шешемнің бетімді қақпай, алақандарына салып аялап өсірген қызы едім ғой. Олар мені бақытты деп ойлады. Анам іштей сезе ме? Ашып айтпаса да, «Бастарың әлі жас...Болады ғой» деп жұбатады. Әкем тіпті бұл жайлы ауыз ашпайды. Мен іштей егіліп тұрамын. Өксік тығылып келсе де, теріс қарап білдірмей кетемін. Қашанғы осылай жүрер екенмін? Үй ішіндегілер де жазғырып тұратын сияқты. Басқа салса, бәрін көресің, көнесің. Әйтеуір сөйтіп жүріп қуаныштан да жылайтын күнім жетті ғой. Жаратқан мені жалғыз қалдырмаған екен. Тілегімді қабыл етті. Мен бала көтердім. Есіңде ме? Бір топта бірге оқыған құрбым бар еді ғой. Сен сол қыздан қызғанып жүретін едің ғой. Сол құрбым тойға келіп, мені жұмысқа іздеп келген екен. Әңгңмелесіп отырып, жай ғана «белім ауырып, тыныс алысым ауырлап кетті» деп едім. «Сенің сабағың құрсын» деп сүйрелеп отырып, емханаға алып барды. Сол жерде дәрігер тексеріп, сүйінші хабар айтты. Менің жылағанымды көріп түсінбей қалды ма? «Алғызасыз ба?» дейді. Құдай-ау, әр батқан күн мен атқан таңнан тілеген перзентімді алғызасың ба дегені несі? Дәл қазір алып тастағалы тұрғандай шошып кеттім. Ойлап қарасам, біреулер перзентке зар, біреулер безіп жатыр. Әркімнің тағдыры әр қилы. Бірді айтып, бірге кеттім ғой. Жолдасым қатты қуанды. Мен анама айттым. Ол да іштей тынып жүрген ғой. Менімен қосылып жылады. Әкем де үнсіз жылап тұрды. Солай мен шын бақыттың не екенін сезіндім. Осы бақытымнан айырмаса екен деп тіледім.
– Жолдасың содан кейін ішуін қойды ма?
– Жоқ, жаным. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген. Бала көтермедің деген құр сылтау екен. Содан кейін көрдім ғой. Жүрегіңнің астында жүрегі бірге соғып тұрған балапанымның алғаш рет қозғалғанын сезінген күн есімде. Өзінің тірлік иесі екеніңді сездіріп жатты. Қандай керемет сезім десеңші?! Қозғалмай қалса, қорқып кетемін. Бауырымды жылытатын балам болатынын біліп, қанша қуансам да, әкесінің мінезі мен қылығын өзгерте алмадым. Күнде ішіп келгенінен ұяламын. Соны білдірмейін деп ата-енемнің алдында барынша жағдай жасап, жүгіріп жүрмін. Бірақ мен неге ұялу керекпін? Олардың өздері тәрбиелеген баласы. Енді бір жағынан ойласам, ол менің баламның әкесі ғой. Ертеңгі күні баламның әкесі үшін ұялғанын қаламадым. Сондықтан барымды салып тәрбиелеп көрдім.Бірақ түк шықпады. Мен бекерге қорықпаған екенмін. Шынымен, Айсағын есейген сайын әкесінің әр қылығы үшін ұялып, үйден шықпайтын болды. Құлыным кішкентайынан сезімтал еді ғой. Есіңде болар. біздің қаланың ортасында алма ағаштары отырғызылған бақ бар еді ғой. Көктемде алма ағаштары гүлдеген кезде ұлымды баққа ертіп апардым. Аппақ гүлдерге таңдана қарап, әдемілікке бірінші рет сұқтана қарады. Бақтың ішің ерекше аңқып тұрды. Бір гүлді жұлып алып, менің шашыма тағып: «Маматайым, сіз сондай әдемісіз. Сіз де алма ағашының гүлі сияқтысыз. Иісіңіз тәтті. Өзіңіз де ақ гүл сияқты әдемісіз. Сіз алма гүлісіз. Мен өскенде сізге арнап алма ағашын отырғызамын» деген. Құлыным сол уәдесінде тұрды. Коллежде оқып жүрген кезде біздің тұрған үйіміздің алдына үш алма ағашын екті. Барлық көршілердің ермегі осы үш түп алма ағашы болған. Әр көктемде гүлдеген ағаштың жұпары сол бақытты балалық шағын есіне түсіріп тұрды. Ол әкесі екеуіміз арамыздағы жағдайлардан бейхабар еді. Мен оның бақытты үшін өзімді құрбан еттім. Ол үшін өкінбеймін.
Ұлым қоңыр күздің ең жылы күнінде туды. «Ат ұстар дүниеген келді» деп бәрі қуанып жатыр. Мен ұлымды аман-есен қолыма алғаныма қуандым. Барлық қиналған кездерім ұлымныі шыр еткен дауысын естіген кезде ұмыт болды. Мен кім үшін өмір сүретінімді білдім. Одан кейін екі рет бала көтергенімен, олар шетінеп кетті. Ұлым жалғыз өсті. Содан кейін барымды осы баланың тәрбиесіне, білім алуына салдым. Баланың жалғыз болғаны да қиын екен. Балажан болғаным үшін бе екен? Соңында осы бір баланың бетіне қарап қалдым. Ұлым жалғыз болмасын деп соңғы көтерген баладан кейінгі жағдайымды өзің білесің? Қиналған кезде өзіңді іздедім. Сол ауыр опрециядан кейін көп ойландым. Төрт күн ауруханада ес жия алмай жаттым. Баламды көрмеген төрт күн төрт айдай болды. Аппақ қабырға мен төбеге тесіліп қараймын да жатамын. «Көрер жарығың бар екен» деп дәрігер де айтып жатыр. Әлде ұлымның бағына аман қалдым ба екен? Әйтеуір ауыр операциядан аман қалдым. Өмір жайлы ойлануға уақыт жетерліктей болды. Бір өлім ауызынан қалған соң ойымды да, өмірімді де өзгерту керек деп ойладым. Бар жастық шағымды кімге арнадым? Қадірімді білмеген ұлымның әкесіне құным бес тиын сияқты. Ол менің қадірімді білмеді ме, әлде мен өз бағамды бағылата алмадым ба? Әйтеуір арамыз бір жараспай қойды. Осы төрт күн ішінде бір рет келіп, жағдайымды сұрамауы соның жауабы сияқты болды. Дәрігер «енді бала көтеремін» деп ойламаңыз десе де, жанкештілік жасаған түрім бар болсын дедім. Өз жаным аман қалды. Жыладым. Сәбиіңнің жүрегінің соғып тұрғанын естіп тұрып, айырылу оңай емес екен. Қолымнан келері тек сол жылау болды. Бірақ асылық болмасын, Алладан тілеп алған жалғыз жарығым аман болсын деп өз-өзімді қолға алдым. Содан бір ай бойы ауруханада жаттым. Сенесің бе? Бір ретте келмеді. Сонша қадірім жоқ па деп жыладым. Бір күні телефон соқты. Масаң дауыспен «Қалайсың?» деді. Бірінші рет жиіркеніш сезім пайда болды. «Сені уайымдап жүрмін»деп бірдеңе айтып жатты. Тыңдағым келмеді. Телефонды тұтқасын басып тастадым. Қайта-қайта хабарласты. Оның мені уайымдап емес. Менің тұтқаны басып тастағаным үшін ашуланып жатқанын білемін ғой.
-Алмаш-ау, неге сонша соқыр болдың? Қадіріңді білмеген адаммен қалай тұрдың? Мен шет жағасын естіген кезде бұл қызға не болған деп ойладым? Құрбыларымыз да сені ешкіммен араласпай кетті. Жолдасы нашар жігіт дегенді жиі естіп жүрдім. Ал соңғы рет ауруханадағы жағдайыңды өзім тікелей білген кезде өзім келіп, ажырастырып жібергім келді. Жағдайы ауыр деп сені уайымдап жүрген болар деп хабарласып тұрсам, «әйел жолда, бала белде» деген сөзі маған жетті. Содан-ақ қор болған құрбым-ай дедім.
-Одан кейін де талай құқайын көрдім . Сол кезде Айсағынның есі кіріп қалған. Әкесі «мамаң ауырып қалды» деп нағашысының үйіне апарып тастапты. Мектепке бауырларым кезектесіп апарып жүріпті. Маған бір рет бауырым ілесіп келді. Терезеден көргісі келген екен. «Мамаң тұра алмайды» дегенді естіп, сол күні түнімен жылап шығыпты. Мені енді тіпті көре алмайтындай болып көрінген сияқты. Мен ауруханада бір айға жуық жаттым ғой. Ауруханадан бауырым шығарып алып, әкемнің үйіне апарды. Олар да бәрін сезеді ғой. Тек менің көңілім үшін ештеңе айтпайды. «Жиен біздің үйде. Сонда барайық. Үйіңе асықпай барарсың, тәте» деді бауырым. Мен тек басымды изедім. Үйде ешкімнің күтіп отрмағанын өзім де білемін. Жылағым келді. Өксік тамағымды тығылып тұрды. Бауырым айнадан ма,ан қарап отыр екен. Жүзін бұрып әкетті. Оның да жанары жасқа толы еді. Барын алдына салып, еркелетіп өсірген апайының мына түрін көру оған да оңай емес еді. Құндақтаулы бауырын көтеріп келеді деп күтіп жүргенде, аппақ қудай, екі жағы суалған мені көріп балам да, әке-шешем де жылады. Мен ғана жыламадым. Көз жасым таусылған сияқты. «Үйде бол. Өзім күтейін» деген шешемнің сөзін тыңдамай, ұлымды ертіп үйге келдім. Әкесі үйде жоқ екен. Иесіз үй сияқты. Балама білдіргім келмесе де, жылап тұрғанымды екі иығы дірілдеп тұрғанынан сезді ме екен, ұлым жүгіріп келіп құшақтай алды. «Мама, әкем де сізді сағынып жүрген шығар. Мен де сағындым. Жыламаңыз» деп бетін жуған жасын сүртіп әлек болды. Сол күні «сенің алдыңда ешқашан жыламаймын» деп сөз бердім. Сол сөзімде тұрдым. Әкесі тек екінші күні үйге келді. Әдетінше ішіп келген. Амандасты да, төсекке барып құлады. «Семіздікті қой ғана көтереді» деген сөз осыған қатысты айтылған сияқты. Шашылып жатқан киімдерін жинайын деп көтеріп едім, костюмінен әтірдің иісі шығып тұрды. Бөтен иіс. Өз–өзімнен жиіркендім. Не үшін жүрмін деп ойладым. Түнімен жылап шығып, таңда тағы да бала үшін деп түк болмағандай тұрдым. Ұлым әкесі екеуімізідің арамыздағы салқындықты сезе бастады. Мен сыр білдірген емеспін. Той мен қонаққа жарқырап бірге барамын. Жадырап жүруге тырысамын. Бәрі сырттай қызығатын. Бірақ үйге келген соң менің қараңғы бөлмеде жылағанымды ұлым көріп жүрген екен. Амалы жоқ ол да бүк түсіп жатып қалатынмын дейді. Ақыр соңында шыдамады ма? Бір күні төбемнен су құйғандай «әкеммен ажырасыңызшы» деді. Момын баламның аузынан мұндай сөз шығады деп күтпеген мен бетіне ұзақ үнсіз қарап отырып қалдым. «Мама, сіз бақытты болуға лайықсыз. Неге өз-өзіңізді бағаламайсыз? Өміріңіз өтіп жатыр. Мен үшін уайымдамаңыз. Менің әкем де, шешем де сізсіз. Мен үшін өзіңізді құрбандыққы шалмаңызшы. Мен сіздің өмір бойы жылап жатып, жылап тұрғаныңызды қаламаймын» деді. «Әкең жайлы жаман ойлама. Ол саған өмір сыйлады. Сені әкесіз өсіре алармын. Бірақ әкең кімге керек? Саған кім өз әкеңдей болар?» дедім. Әкесінің басқа әйелмен көңіл қосып жүргенін біле тұра айттым. Баласының алдында әке қадірін кетіргім келмеді. «Ол қандай болсын сенің әкең» дедім. Сөз осымен бітті дегенім ғой. «Мама, есіңізде жүрсін. Мен сізді ешқашан кінәламаймын. Маған сіз керексіз» деді артымнан. Одан кейін де талай оқиға болды. Ұлым 9-сыныпты бітіріп жатты. Бірінші сыныпқа барған күндері есіме түсті. Саптың басында тұрды. Оқуын жақсы оқыды. Балам аттестатын алған күні сол өзіміз жиі баратын алма бағына алып бардым. Екеуіміз көп әңгімелестік. Балам да іштей сезді ғой деймін. «Мама, бұл жерге гүлдерді тамашалауға келмеген шығармыз» деді. Сол-ақ екен, есімді жиып алдымда өз шешемімді айттым. «Балам, мен шешім қабылдадым. Сен екеуіміз ғана жаңа өмір бастаймыз. Басқа қалаға кетеміз. Менің де бақытты болғым келеді. Бала деп сені ештеңе сезбес деп ойлайтын едім. Өткен жылдары «ажырасыңызшы» деген сөзіңді есту маған оңай тимеді. Ол менің ойыма келмеді дейсің бе, балам? Бірақ әке-шешем, бауырларым, ел алдында өзімді кінәлі сезінетін едім. Әкең әдетін қояр деп ойлап келдім. Барымды салып, сен әкеңнің сол жаман әдетін көрмесе екен деп келдім. Бірақ сен де ержеткен екенсің. Бәрін байқап жүрген екенсің. Өз балаңның ауызынан мұндай сөз есту тіптен қиын екен, балам. Сен де намыстанады екенсің. Әкеңе айтып едім. Ол ашуланып кетті. «Мен сияқты әкесіне риза болсын» дейді. Не үшін риза болуы керек екен? Мен көп ойландым. Мен өзім үшін емес. Сенің бақытың үшін осындай қадамға бармақшымын. Мен де шаршадым. Менің де бақытты болғым келеді...». Ұлым үнсіз отырып қалды да, басын иығыма салды. «Мен сіздің аяқ астынан шешім қабылдамайтыныңызды білемін. Қандай шешім қабылдасаңызда құрметпен қараймын» деді. Сол күннен кейін бір аптадан соң екеуіміз кимдерімізді ғана алып, осы жаққа кеттік. Осылай балам екеуіміз жаңа өмір бастадық. Ол студент атанды. Мен жаңа ортаға кірдім. Бәрі бірден керемет болып кеткен жоқ. Десек те, тыныш өмір сүре бастадық.
Балам студент болып жүрген кезде туған күніме ерекше сый жасады. «Мама, далаға шығыңызшы» деп болмады. Көшеге шықсам, жаңадан отырғызылған үш түп алма ағашы тұр. «Маматайым, баяғыда мен сізге алма гүліне ұқсайсыз деп едім ғой. Сіз ертіп апарған алма бағында сізге уәде бергенмін. Есіңізде ме? Міне, өз ақшама осы үш түп алма ағашын сатып алып, сізге арнап отырғыздым. Туған күніңізге. Бұл ағаштар сіздің туған күніңізде, әр көктемде гүлдеп тұратын болады. Сіздің өміріңізде сондай керемет әдемі болады» деп мені бір жылатты. Бала күнде айтқаны бар еді ғой. Балалықпен айтқаны ғой деп ойлап едім. Құлыным – менің өмірімнің көктемі екен. Бүкіл көршілер болып, үйдің алдында туған күнімді атап өттік. Қанша жылдан кейін есімде ерекше қалған туған күнім еді. Сол күннен бастап үш түп алма ағашын көрші ата-әжелер ермек қылды. «Айсағынның ағашы» деп әспеттеп күтті. Ұлым да тыңайтқыштар алып, әктеп күтті. Күтімі жақсы болғандықтан ба, әлде шынымен өмірімдегі өзгерістен бе? Сол үш түп ағаш әр көктемде аппақ болып гүлдеп, көшеде әдемі болып жайқала өсті. Ал аңқыған иісі тіпті керемет еді. Жастар сол алма ағашы түбінде жиі отыратын. Елдің бір жақсы көретін орны болды. Кейін жаңа үй алып, біз басқа жаққа көштік. Бірақ әр көктемде, алма ағашы гүлдейтін кезде міндетті түрде барып тұрамыз.
Айттым ғой.Бәрі бірден керемет жақсы болып кетпесе де, балам екеуіміз жадырап жүрдік. Құлағым да тыныш. Күйеу «әйелім, балам не болып жатыр екен ?» деп бір іздеп келген емес. Баламның оған деген көңілі суып бара жатты. Баламмен менің бақытты күндерім басталып кеткен сияқты. Осыны сыртқа шығарып айтуға да қорқатын едім. Мен бар өмірімді ұлыма арнадым. Колледж аяқтап, жоғары оқу орынына түсті. Оны үздік дипломға аяқтаған күні қатты толқыдым. Әттең ақымақ әкесінің өз өмірінің жалғасының қадірін білмеді ғой деп күйіндім. Телефон соғып, диплом алатынын айтқым келген. Баласы үшін бір қуанып қалсын деп. Сосын ол ойымнан айнып қалдым.Оның ойынша мен оған сатқындық жасаппын. Баламды басқа қалаға алып кетіп, үн-түнсіз ажырасып алыппын. Сонда менен не күтті екен? Осы жағдайға өзінің жеткізгенін ойламағаны ғой. Тіпті, мен ажырасуға өтініш бергенімді айтқан кезде мұртын балта шаппаған. Керісінше, осы дұрыс болды деген сыңай танытты. Сонда ғана жалындаған жастық шағымды өз қолыммен қор қылып келгенімді түсіндім. «Ұят болады» деп өмірімді де, ойымды да өзгерте алмай келген екенмін. Ұлым әкесі үшін намыстанып келетін еді. Жанын түсінсем де, әкесін сыйлап өссін, ертеңін ойласын, өзі де әке болады» деп қатты айтып тастайтынмын.
-Жайнашым, маған ең қиын соққаны ұлымның «үйленемін» деп айтқан күні болды. Ол шаңырақ көтерген кезде не істеймін деп ойлайтын едім. Бір жөні болар деп жүрдім. Уақыт зыр етіп өте шықты. Ол күнге де жеттім. Тойда жалғыз тұру ештеңе емес-ау? Көзі тірі әкесінің тойында болмағаны ауыр тиетін сияқты. Ұлыма әкесінен көңілі қалғанын білсем де, өзі барып айтуын өтіндім. Ақылдым менің. Мен үшін келісті. Бір жағынан қуанып барған кезде беті қайтып қала ма деп те уайымдадым. Ол үйге келгенше мазам кетті. «Той күнін айтып, тойға шақырдым. Келетін сияқты» деп айтқанда риза болдым. Содан кейін «Балаңның тойында батаңды бер. Кіндігіңнен тараған жалғызың ғой. Басқа ештеңе керек емес» деп өзім хабарластым. Әкесі келді. Екеуіміз бөтен адамдар сияқтымыз. Тозыңқырап кеткен екен. «Әке, маған талай костюм әперіп едіңіз. Жүріңіз. Мен сізге бір костюм әперейін» деп дүкенге ертіп кетті. Әкесі қуанып қалды. Мен өз тәрбиемнің текке кетпегеніне риза болдым. Той үстінде бір ши шығып қала ма деп те қорқып отырдым. Бірақ бәрі ойдағыдай өтті. Той соңында ұлым асабадан микрофон сұрап алды. «Мен бүгін күйеу жігіт болып отырсам да, дәстүрді бұзып, маған жақын адамдардың алдында, яғни сіздердің алдарыңызда бір ауыз сөз айтқым келеді» деді. Әкең екеуіміз бір–бірімізге қарадық. Қалыңдығыңды ортаға алып шығып, біздің қасымызға келіп тұрды. «Мен әке-шешемнің Алладан тілеген баласы едім. Алла қалауы солай болған шығар. Бірақ анамның жанында ержеттім. Анам өмір бойы менің жақсы-жаманымды бір өзі көтеріп келе жатыр. Мен құласам, көтеріп алды, жыласам, жұбата білді... Мен ешкімді кінәлағым келмейді. Анамның тағдыры осы болар. «Әйел қырық шырақты» деген бар ғой. Анамның сол шырағының бірі мен болармын. Мен үшін бәріне көнді. Өз бақытын менен, баласынан көрді. Ал әкем өз бақытын басқа жақтан іздеді. Өзі ойлағандай болды. Мен оны да кінәлай алмаймын. Анам оған кінә қоймаған жерде менің жазғыруға хақым жоқ деп ойлаймын. Әке, сіз бақыттысыз! Анам сіз жайлы ешқашан жаман сөз айтып көрген емес. Маған жақсы әке болсаңыз,ол сіздің жарыңыздың, менің анамның арқасы. Әке, мен өз бақытымды бағалап өстім. Бүгін анамның жанында қатар тұрғаныңыз үшін, балаңыздың бар екенін ұмытпағаныңыз үшін ризамын. Ал анама мен өмірімнің соңына дейін қарыздармын. Сен менің жарым болып, босаға аттаған күннен сыйлайтын екі адамың осы екі жан. Әкем, анам. Осы екеуінен басқа ешкімім жоқ. Анам сыйлап келген, маған сыйлатып үйреткен әкемді сен де сыйлап жүр» деп келінге қарады. Ол біздің алдымызға келіп, иіліп сәлем етті. Келіннің маңдайынан сүйіп жатқан жолдасымның көзінен жас үзіліп түсіп жатты. Елдің бәрі егіліп жылап тұрды. Мен ғана жылай алмадым. Менің көз жасым таусылғалы қай уақыт. Көз жасын сүрткен әкесі маған қарап, «Балам дұрыс айтты. Мен екеуіңді де бағалай алмаппын. Баламды жақсы азамат етіп өсірген екенсің. Рақмет,саған» деді де үнсіз шығып кетті. Бәрі де кеш еді. Ұлыма «әкеңді сыйлап жүр» деп айтып отырғаныммен, оның сыйы ең бақытты күні есігін ашқан АХАЖ алдына ажырасу туралы анықтаманы алып шыққан күні кеткен еді. Мен жабырқап шықсам да, білдірмедім. Ал әкең қуанып тұрғандай көрінді. Мүмкін солай болып көрінген шығар. Мен өзім үшін емес, ұлымның болашағы қалай болар екен деп, соны ойлап жабырқап едім. Уақыт бәріне емші екен. Ол күнде ұмытылды. Жолдасымның екінші құрған отбасынан баласы болмады. Тым болмаса, бала үшін тұрақтап қалсын деп ойлап, соны тілеп келемін. Сен мені «не деген ақымақ әйелсің?» деп сөгерсің. Шыны сол. Күші кеткен кезде қаңғып қалмаса екен деп ойлаймын. Жастығында біліне бермейді ғой. Ол өзі соны ойлай ма екен? Білмеймін. Ұлым үйленген кейін өз өмірлерін бірге бастасын, мен тек сырттын бақылап тұрайын деп бөлек тұруды шештім. Ұлымның қарсы боларың білдім. Бірақ дұрыс шешім таптым. «Менің өз өмірім, тірлігім бар. Сендер өз беттеріңше өмір сүріп үйреніңдер. Енді сені бір Жаратқан мен жарыңа тапсырдым. Сен мені «мамалап» іздейтін жастан өттің, құлыным. Сен мені түсінерсің» дедім. Балам біраз уақыт ренжіп жүрді. Мен де айтқанымнан қайтпадым. «Сенің де, менің де баратын бір үйіміз болғаны жақсы. Балам, менің де бір айтқаным болсыншы» деп өтіндім. Соңында көнді. Жатар кезде болмаса, үнемі менің жанымда жүреді. Ес білгеннен анасынан ажырап көрмеген ұлыма менен бөлек тұру кәдімгідей ауыр тиді.
-Балаңды да, аз уақыт ішінде келініңді де жақсы тәрбиелеген екенсің. Ризамын. Әркімнің бақыты әртүрлі.Бірақ жарынанғ біреу баладан бақытын табатын сияқты.
-Ол рас. Мен барымды балама салып, жан–жағыма қараған емеспін. Бақытымды тек баламмен байланыстырдым. Осы бақытымды үркітіп алмасам екен деп тіледім. Менің де бақытты болғым келетін. Мен сол ұлымның әкесінен кейін бүкіл еркек атаулылыға көңілім қалған. Сол кезде өзім әйел ретінде сезіне алмаған бақытты балам болашақ жарына сыйласа екен, бір әйел бақытын өзінің сүйген жарынан сезінсе екен деп сені барынша нағыз азамат етіп тәрбиелеуге тырыстым. Ол арманым орындалғандай. Аналық бақыттың дәмін татып, жемісін көрсем де, әйел бақытын сезе алмадым. Менің де бақытты болғым келеді.
-Жаным–ау, сен шын бақытты болуға лайықсың. Үнемі ойлайтын едім. Осы қызға елдің көзі тиді деп. Қанша алақанын салып аялайтын жігіттер болды ғой. Неге осыған барып ұрынды екен деп қанша ойладым. «Соны қойшы» дейтін едім қыздар күйеуің туралы айтса ашуланып. Олар тура керемет қып айтатын. Ал мен өзім хабарласып тұрған кезде өлім аузынан аман қалған сенің жағдайыңды айтып тұрған кездегі жауабынан кейін мүлдем жек көріп кеттім. Сен болсаң, «қолы тимей жатқан шығар» деп ақтадың. Өзіне де дауа жоқ екен, не деген махаббат мен түсінбейтін деп ойладым. Сол жолы көп сырдың беті ашылса да, сенің жаныңды ауыртқым келмеді. Сөйтсем, сен ұлың үшін бәріне көнген екенсің. Мұны екінің бірі жасай алмайды. Сен сияқты ашуды ақылмен жеңе білетін, істің соңын сабырмен күтетін жанның ғана қолынан келеді. Сен енді өз бақытыңды ойла. Әлі де жассың. Ұлыңның өз өмірі бар. Келін қанша жақсы болса да, саған бөтен адам. Өзің де келін болдың. Мен айтпай–ақ та білесің. Өзіңді ойла. Әдемі жастамыз. Өзім ұзатып жіберейін сені
-Оны енді уақыт көрсетер...Жас та келді. Әже атанып жатқан кезде қайдағы ұзатқан. Осы сенің шығармайтының жоқ.
-Ал мен сізбен толықтай келісемін. Тек ұзату күнінен хабарым болсын, –деген дауысқа екі құрбы жалт қарады. Қолында екі құшақ гүлі бар Айсағын тұр.
-Құлыным менің, қашан келдің, қайдан таптың? – деп құшағына алды. – Ал бауы берік болсын. Міне, сен де әке болдың.
-Амансың ба, балам. Құтты болсын! Қандай азамат болып өскенсің?! Мені таныдың ба?
-Сәлеметсіз бе, апай?! Әрине, таныдым. Сізді көргеніме өте қуаныштымын. Перзентханада болдым. Бәрін естідім. Мамамның осындай жақын құрбысының ұлымның кіндігін кескені үшін қатты қуандым. Енді кіндік шешесі кім болады деген сұрақ жабық.
-Солай ма? Үндемей отырғанын қарашы. Не деген қызсың?
-Енді ұлымыз өзі айтсын деп күтіп отырмыз ғой. Ақылыңнан айналдым. Осыны айтқаныңа ризамын. Өзің туған кезде бір тойлап едік. Енді міне, сенің ұлың туды деп бір тойлаймыз.
-Сіздер басқа тойға көшіп кеткен сияқтысыздар.
-Ой, ол мына апайыңның шығарып отырғаны ғой. Көңіл аударма. Білесің ғой тентек екенін...
-Мамаларым менің, жүріңіздер. Мен сіздерді шайға шақырамын. Мамам екеуіміз үнемі келетін шайханаға барайық.– деп алға түсті де, кілт тоқтап:
-Мама , бүгін алма ағашы гүлдегенін көрдіңіз бе? Сізден де бақыттың иісі аңқып тұр.
–Иә, балам. Бақ ерекше гүлдеп тұр екен. Жақсылыққа ырымдайық.
–Мен бір түп алма ағашын отырғызып келдім. Ол сіздің бақытыңыздың алма ағашы болады. Алма бағының гүлдеген күні сіздің бақыт бағыңыздың гүлдегені деп біліңіз. Сол алма бағында сіз аппақ көйлек киетін боласыз. Бақытты боласыз.
–Балам-ау, аппақ көйлек кигізіп шешеңді ұзатайын деп пе едің?
–Онда тұрған не бар? Өз қолыммен ұзатамын. Солай емес пе, апай? Міне, көмекшім де өзі табылды. Бақытты өміріңізге өзім табыстаймын. Тіпті кімге ұзататынымды да білемін.
– Солай ма екен?.. Біздің көп нәрседен хабармыз жоқ екен ғой. Ал енді дәл қазір айтпасаң. Мен бір қадам алға аттап баспаймын.
–Түу, мына қыздай. Жасың қырықтан асса да, әлі еркесің. Осы біздің жездеміз қалай шыдап жүр екен ? Алла сабыр берсін жездеме.
Ана мен бала бір-біріне қарап, жанарларымен-ақ ұғысқандай болды. Жайнаның мінезі Алмашқа мәлім. Жақсы көретін құрбысы жайлы жиі айтатын болған соң, Айсағын да бұл апайының мінезін білетін еді. Кейде таңқалатын. «Жайна апайдың мінезі орнынан тез қозғала қоймайтын сіздің мінезіңізге қарама-қайшы. Қалай құрбы болып жүрсіздер?» деп анасынан сұрайтын.
–Анашым, сол күннің тым ұзаққа созылғанын қаламаймын. Алма ағашы гүлдеп болғанша той жасаймыз. Сіздің айтқаныңызды тыңдап келдім. Енді сіз мені тыңдайсыз. Жаңа әңгімелеріңздің ортасында келіп, бәрін естідім. Айып етпеңіздер. Мамам жоқ болып кетсе, осы жерден іздеп табамын. Жаңа сіздер шығып кетті деген кезде бірден осы жерге келдім. Мама, сіз маған ашып айтпасаңыз да, келініңіз құлағыма сыбырлап айтқан. Мен ренжіп едім. Қызғанып едім. Мұным дұрыс емес екен. Тым өзімшіл болған екенмін. Менің өз өмірім болғаны сияқты, сіздің де өз өміріңіз болуы керек. Ешкімді тыңдамаңыз. Жүрегіңізді тыңдаңыз. Өткен өмірдің өшіріп тастау мүмкін емес. Бірақ жаңа атқан таңмен жаңаша өмір бастауға болады. Сіз әйелсіз. Бақытты әйел болуға әбден лайықсыз. Бағалай білген жанның бақшасында гүлдей жайнап өмір сүруге лайықсыз, анашым. Алақанына салып аялаймын деген жанның арманын орындаңыз. Жаратқан сіздей жанды екінші рет сынағына алмас. Берген сынағынан өттіңіз. «Жарығым» деген екенсіз. Жарығыңыз сәуле шашып тұрсын десеңіз, сіз де бақытты болу керексіз. Болмаса, жарығыңыздың сізді ойлап көмескі күндері болмақ.
–Жарығым менің!
Жайна шыдай алмай Айсағынды құшақтай алды. Алмаш емес, тағдыр тауқыметін өзі көргендей солқылдап жылады.
– Қыз, сен маған уәде бергесін. Солай ғой. Ал ендеше менің айтқанымды жасайсың. Қазір шайханаға емес, үйге барамыз. Жарыс қазанға асқан ет бар. Дастархан дайын. Бүгін бәрін бірге тойлаймыз. Өзің айтқандай кейінгі қалдырып қажет емес. Әйтеуір болатын істі шегіндіруге болмайды. Ал кеттік. Алға түсіңдер ,– деп анасы мен баласын дедектетіп ала жөнелді.
-Көнбеске амал жоқ. Ал кеттік.
Аппақ гүлге көмілген алма бағынан шаттана күліп бара жатқан дауыстарға қосылып, құстар да ән салып тұрды.
***
Алма бағының ішінде той өтіп жатты. Айсағын өзі айтқанындай алма ағашы гүлдеп біткенше анасына аппақ көйлек кигізіп, той жасады. Анасының жанарынан алғашқы рет бақыттың ұшқынын байқады. Жылы жүзінде риясыз күлкі ойнаған. Анасына көзімен аялай қарап, қолын жібермей отырған еріне қарап қуанды. Қызғаныш сезімі де жоқ. Анасын бақытынан қызғануға хақы жоқ. Оны түйсігі де айтып тұр. «Осылай қолынан жібермей ұстаңызшы» деді іштей. Жанарына жас үйірілді. Үстел үстіндегі вазада тұрған раушан гүлінің бір тал гүлін жұлып алды да, анасының шашына қадады. «Есіңізде ме? Сізге алма гүліне ұқсайсыз деп едім. Бұл сіздің бақыт гүліңіз» деп бетінен сүйді. Немересін еркелетіп тұрған анасының да есіне сол сәт түскен болуы керек. Басын изеді. Ол кезде екеуі де өмірлерінің мұншалықты өзгеретінін сезбеген еді.
–Адам өмірінің де гүлдейтін кезі болатын сияқты, балам. Менің өмірім–бағымның ең бір гүлдеген кезі осы болар. Көп күткен көктемім болды ғой.
–Анашым, енде « менің де бақытты болғым келеді» деп айтпаңызшы. Тек мен бақыттымын деңізші.
–Жоқ, балам. Мен бақыттымын. Сырласатын келінім, әңгімеміз таусылмайтын жарым, ақылдасар жарығым, ертегімді тыңдайтын немерем бар. Одан қалды ойланып болғанша, істі жүзге асырып жіберетін Жайна апайың бар.
Екеуі қосыла күлді. Анасы баласын құшағына алып, маңдайынан бала кездегідей құшырлана иіскеді. Ұлы да еркелей түсті.Жұпар иісі аңқыған алма бағындағы шаттыққа толы күлкі мен қуанышты жандардың дауысы түн ортасы ауғанша толастамады.