Алпыс қаралы ауыл Қарабиік қырқасынан сығалаған күнге сығырайып қарап, демін ішіне тартып тұр. Отын-суы дайын. Алдағы алты ай қысқа сақадай сай. Көрші Жұмаштың үйі ертеңгі борандарда қар ұстамасын деп, ат бойымен бірдей қаңылтыр қоршауының қақпасын алып тастапты. Әр қораның төбесінде шөмеле-шөмеле шөп үрпиіседі. Үйлердің бақшасынан шыққан түтін жер бауырлай жайылып, ауылды сиқырлы мекенге айналдырғандай. Жер мен көктің ортасында қалықтап тұрған мекен.
-Менің ұлым үлкен жігіт болды, «бригадир» Болаттың кенже қызын келін қып алам... – деді қартаң әйел шайқап жатқан қаймағынан көзін алмастан. Табалдырықта тұрған баласына естірте әдейі айтты. - Айтқаным айтқан, бригадирдің қызынан басқа ешкім керек емес! Бар, малдарды жайлап кел...
Бір жақ бүйіріне қарай майысып, мойнын созып, сойдақ-сойдақ тістерін көрсете ыржалақтаған бала сыртқа шығып кетті.
* * *
Қоңыр күздің бейуақ мезгілі. Өз-өзіне риза болып, қора жақты бетке алған Еркебұлан самал желмен жеткен түтіннің иісіне мұрнын тосты да, көкке қарады. Батып бара жатқан момақан күннің көк аспанға бүркіп кеткен сары бояуы сүт пісірім уақытта ескіріп, қоңырқай тарта бастаған екен. «Біздің ауылға күз келді...» деп ойлады Еркебұлан.
«Балалар мектептен келе жатыр. Олардың киімі қандай әдемі?! Неге мені де мектепке қабылдамайды? Өткенде апам ертіп апарғанда директор тәте: «...әлі де оқуға дайын емес, қазіргі бағдарлама өте ауыр, қабылдай алмайды, тым кеш қалып қойды. Балалардың оқуына бөгет болады, кешіріңіз... Он алты жастағы жеткіншекті жеті жасар балалармен бірге отырғыза алмаймын... » - деп еді. Неге олай айтты екен? Неге мен қабылдай алмау керекпін?! Апам «сен ешкімнен де кем емессің!» дейді емес пе? Мен емес, директор тәтенің өзі жаман!
Жамансың, сен, директор тәте!..»
Ол өз ойымен өзі алысып тұрды да, еміп біткен бұзауларды орнына қамауға беттеді.
* * *
Еркебұлан бүгін тағы ұйықтай алмады. Әлдеқайдан пайда болып, сай-сүйегіңді сырқырата шыңғыратын үн найзағайдай жарқ етіп, тамұқ-түнді қайта-қайта тіліп өтеді. Қара аспан қарс айрылады. Сосын әлдебір түсініксіз жануар төсегіне секіріп мініп, аяғына еркелей сүйкеніп, тырнақтарын батыра тырнап, кеудесіне шығады. Не алып тастай алмайсың, не қозғалып тұрып кете алмайсың. Кеудесін сұп-суық мұрнымен түрткілеп, мойнын тікенек тілімен жалайды. Бетіне кеп төнеді. Сосын тағы да жалғыздық бөлмесін жаңғыртқан үн тосыннан жасалған соққы сынды жарқ ете қалады. Не өңі емес, не түсі емес. Жыл сайын күзде, кейде көктем мезгілінде, әсіресе құстар ұшып келіп, ұшып кетіп жататын күндері осы жан дерті Еркебұланды қатты қыспаққа алады. Биыл тіпті есін тандырды.
Ол жеңіл киініп далаға шықты. Қора жаққа бара жатыр еді аспанды қаққа айырып, тағы да жарқ еткен үн жүрелетіп тастады. Шарбаққа арқасын сүйеп, басын қос қолымен қысты. Айқайлайын деп еді дауысы шықпады. Тұрайын деп еді буыны босап кеткен екен. Мына тозақ түнді тоқтататын жалғыз-ақ жол бар. Еркебұлан оны жақсы біледі.
* * *
Ол көз алдында ағып жатқан жұлдыздар арасымен тәлтіректей адымдап, өзенді бетке алды. Мектеп директорының үйі ауылдың ортасымен өтетін Жарлы өзенінің арғы қабағында. Үлкен көпірден өтсең болды, оң жақтағы қызыл қақпалы еңселі үй.
Еркебұлан көпірге жеткенде қара аспанды қақ жарған үн тағы қайталанды да, сәл аялдауға тура келді.
Жыл сайын көктемде Жарлы өзені жал-құйрығы төгілген асау айғырдай тулап, бұл көпірді ағызып әкете береді, сондықтан жұтаң жөнделген. Еркебұлан бұл көпірге жиі келгенді жақсы көреді. Өзенге аяғыңды малып, ағысынан көз алмай отырсаң, өзіңді шексіз теңіз төсімен әлдеқайда жүзіп бара жатқан кеменің палубасында отырғандай сезінесің. Сосын суды шолп еткізіп су перісі шығады. Белінен төмен балық, денесі мен басы айдай сұлу ару. Ұзын шашы су бетінде толқын-толқын із тастап, кемемен бірге жарыса кетеді. Бір кезде жақынырақ жүзіп кеп, Еркебұланның аяғын нәзік саусақтарымен сипап, кірпігінің астымен таңдана қарап, тереңдерге шақырады. Бұндай кездері Еркебұлан суға үнсіз сырғып түсіп, екеуі қол ұстасқан күйі тұңғиықтарға, балықтар патшалығына кетіп бара жатқандай күй кешетін.
Дәл қазір Еркебұланның көпірде отыратын уақыты жоқ. Төтесінен қиып, қуыс-қуыспен жүріп, мектеп директорының қора жағына ет пісірім уақытта әзер жетті. Демі жиілеп, екі иінінен демалады. Көрші-маңайдың өтірік мақтағанына елтіп, қораларын тазалап, қиын ойғанда бұлай ентікпеуші еді...
Жан дерті аяқ-қолын өзіне бағындырар емес. Көз алдындағы барлық жерде мың-миллион құмырсқалар құжынап жатыр. Әне, олар аспанға да өрмелеп шығыпты. Құмырсқалардың арасынан жылт-жылт етіп жұлдыздар өлімсірейді.
«Қазір, қазір... Құтқарамын сендерді!»
Еркебұлан мал қораның үстіне өрмелеп шығып, жан қалтасындағы сіріңкені алып, бір шырпысын тұтатты да, аяқ астына тастай салды. Лап етіп тұтанған құрғақ шөптен құмырсқалардың күйіп, тырс-тырс етіп атылғаны естіледі...
«Ха-ха-ха! Өліңдер, құмырсқалар! Қаша алмайсыңдар енді! Сол керек сендерге!»
Еркебұлан қорадан секіріп түсіп, алды-артына жалтақтап, көпір жаққа қарай жүгірді. Әп-сәтте тұтас қораны шарпыған күннің жыртығындай жалын ауыл аспанына қол созып, үй иелерін оятқан. Бірер минутта алыс-жақындағы көрші-маңай жиналып, азан-қазан басталды. Еркебұлан жанына маза бермеген дерттің емін күтіп, көпірдің маңындағы қияқтардың арасында құлағын түріп жатыр.
«Қазір, қазір... Еркебұлан! Саған не керек екенін білемін. Олар сені ақымақ дейді ме? Олар сені түсінбейді ме? Қазір көмектесем...»
Әбжыландай тілін жалаңдатқан өрт қорадан малдарды шығартуға мүмкіндік бермек түгілі, адам баласын маңына жақындатар емес. Жап-жарық от аспанмен тілдесіп жатыр. Өрт маңындағы айғай-аттаннан саңырау Егінбай да оянды. Ол ауласына атып шығып, сасқалақтап, қолына күрек ұстай сала томпаңдап жүгірем деп қайта-қайта сүрініп құлайды. Күлкілі... Егінбай жоғалтқан күрегін іздеп жатқанда Еркебұланның да көптен күткен сәті келіп жетті. Аспан астын жаңғыртып, жамыратып, жап-жарық боп, мың-миллион құмырсқалар көзді ашып-жұмғанша аппақ көбелектерге айналып, әлем ұлы нұрға бөленіп, тап-таза әуен естілді. Еркебұланнан басқа ешкім түсінбейтін сыйқырлы әуен – өрт құшағында арпалысып, жанұшыра шыңғырған сиырлардың, қойлардың дауысы. Ауызынан сілекейі ағып, көзі айналып бара жатқан Еркебұланның мұрнына күйген жүннің иісі келгенде кіші дәретін ұстай алмай қалды. Қандай рахат!..
* * *
-Еркебұланның алты жасқа толған туған күніне саңырау Егінбайдың баласы мысықтың марғауын сыйға берген еді. Марғау өте кішкентай және сүйкімді болатын. Еркебұлан марғаудың тамағын өз қолымен беріп, жіптің ұшына жүн байлап алып, күні бойы бірге ойнаудан жалыққан емес. Ата-анасының қарсылығына қарамастан жанына да алып жататын. Терезе сыртындағы қыстың ұзақ кештерінде ертегі айтып беретін.
-Бір күні Еркебұлан ерте оянып ап, марғауын іздей бастады. Пешке ағаш тығындап жатқан анасынан сұрап еді, таң атқалы көрмегенін айтты. Көрмегенін айтты да кішкене каучуктағы солярканы пештің ішіне шашып, сіріңкемен тұтатып, есігін жылдам жауып, сыртқа асығып шығып кеткен. Шығып кеткен бетте баланың аппақ әлемін кескілеп, тілгілеп, сындырып, шырқырай жалынып шыңғырған мысықтың дауысы естілді.
-Мысығым пештің ішінде қалып қойды, апааааааа! – деп айқайлағысы келді Еркебұлан.
-Мысығым мені тұншықтырып бара жатыр, апаааааа! - деп айқайлағысы келді Еркебұлан.
* * *
Көзін ашса, анасы көрші үйдің кемпірімен шай ішіп отыр екен.
-Аластадың ба?
-Иә, алдараспанмен аластадым. Мысықтың қарғысы жаман ғой, түні бойы қайта-қайта шошып оянып, «көмектесіңдер!» деп айқайлайды. Құрғыр мысық тоңған соң жылы пештің ішіне кіріп алған емес пе? Мен ағаш тоғытып, тұтата салдым, қайдан білейін?! Келсем пештің тесігі аңғал-саңғал, үй іші күйген жүннің иісі, өзі талып жатыр, сорлы бала...
* * *
-Еркебұлан, маған бұлай мүләйімсімей-ақ қой. Сен сияқтылардың талайы өткен алдымнан. Талайы түрмеде шіріп жатыр. Жассың, кәрісің, маған бәрібір... – деді қысық көзін одан сайын сығырайтқан тергеуші. – Жиырма шақты үй отын-сусыз қалды, жүзге тарта ірі қара мен ұсақ мал өртеніп кетті. Тұтас ауыл сорлады. Сен өзі не жоспарлап отырған баласың? Әлде бұл біреудің тапсырмасы ма? Мойында! Айт, кәне!
Тар бөлме жаңғырып кетті. Тергеушінің мінезін әбден меңгеріп алған қабырғалар онымен жағаласып, қосарлана сөйлеп тұрғандай әсер етеді. Басын екі қолымен қысып алған Еркебұлан:
-Мен олардың кім екенін түсіндім! – деді күбірлеп. Кешеден бергі сөйлегені осы. Бір ауыз жауап ала алмай отырған тергеуші орнынан атып тұрып, «айтқаныңды жалғастыра бер, айта түс, тоқтама» дегендей ымдап, тағы сөйлеткісі келді. Бірақ өз оймен өзі арпалысқан Еркебұлан қайта үнсіздік құшқан.
-«Оларың» кім? – тергеуші дауысын бәсеңдедіп, жыландай ысылдады. Сосын шыдамы жетпей үстелін жұдырығымен бір ұрып: - Кім олар?! – деп ақырды.
-Періштелер... Ақтан шалдың шөбін өртеуге барғанда алдымнан екі адам шықты. Бірінің басы жоқ, қолы шолақ, екіншісі тіпті белден төмен көрінбейді. Киімдері аппақ, түрлері сұсты. Мені Ақтан шалдың қорасына жолатпай қойды. Екінші, үшінші, төртінші күні де... Олар қораны қорғап жүрді. Кімдер екенін енді түсіндім... Түсіндім... Ақтан шалдың немересі бар. Есімі Балнұр. Өзі намаз оқуды үйреніп жүр. Маған өткенде «Аятүл Күрсі сүресін оқыса аспаннан екі періште түседі екен, олар таң шапағы шыққанша ұйқыңды күзетеді, әлі толық жаттаған жоқпын...» деп еді. Балнұр сүренің әр жерінен үзіп-үзіп оқыған соң әлгі екеудің бірі бассыз, бірі аяқсыз түскен ғой. Мен түсіндім! – деді Еркебұлан.
-Тоқта, тоқта! Не айтып кеттің сен?! – тергеуші жігіт қаламын үстелге тастай салып, сықырлақ орындығына қайта шалқайып отырды. Көзін жерден алмастан теңселіп отырған Еркебұлан дұға оқығандай:
-Ақ мата жамылып алған... Басы жоқ... Қорасының маңында... – деп, қайталауын тоқтатар емес.
Тергеуші қызылт телефонды құлағына тосып, бір-екі ауыз сөз айтқаны сол еді, еңгезердей екі жігіт көзді ашып-жұмғанша жетіп келді.
-Мынаны «дурдомға» апарып тастаңдар! – деді қатулы қабағын жібітіп.
Екі жігіт Еркебұланды алып кеткен соң, тергеуші үстел үстіндегі бейберекетсіз шашылып жатқан қағаздарына сұрықсыз қарап отырды да, суырмасынан темекі мен сіріңке алып, терезенің алдына келді. Далада жапалақтап алғашқы қар жауып тұр екен. Ол темекісін тұтатты да, шырпы ұшындағы оттың өлім биіне бір сәтке көз тастап, үрлеп өшіре салды.