Құдайдың құтты бір күнінде менің басыма өте қызықты ой келді. Анығырақ: менің киносценарий жазатын әдетім бар еді, соған жақсы идея таптым. Ондай идея бүкіл әлемде жоқ. Әйтсе де, өзім дүниедегі жаңалықтар мен тарихты қатырып білмейтінмін. Мен де Адаммын ғой, өзімді «жаңалық ашушы» сезіндім. «Идеяммен жұрттың бәрі ауыратын болады»,-дедім пендешілікпен. Сценарийіммен Голливудта фильм түсіріледі де, мен бірден атақты болып шыға келем. Арманым жаман емес шығар?..
2013-жылдың жазында Еленорамен ойын-сауық кешенінде тамақтанып отырғанмын. Түн. Біз киноға кірмес бұрын ауқаттанып алмақшы едік. Көрші үстелде толықтау бойжеткен тамақтанып отырған. (Еленора толық адамдарды жақтырмайтын)
-Тамақты жей береді, жей береді, сосын «толып кеттім» (келістіріп, шамданып отырған қыздың дауысын салып) дейді.
– Еленораның жыны ұстап айтқаны. Күле салдым.
Еленораның кеудесі мен бөксесін шыбықтай белі жалғаған. Бұтына тырысқан джинсы киеді қашанда. Сәнденбей үйінен аттап баспайтын шығар сол қыз.
Жарайды, көп созбайын, Еленора – менің дос-қызым. Алайда мен оны сүймедім. Қалаған адамым басқа. Еленораға қолым оңай жетті, оның үстіне ең қолайлы шақта, қыз керек кезде. Еленора – маған уақытша баспана тәрізді еді. Жалғызсырап жүрген жанымның тығыла тұратын орны.
Әңгімесін тыңдамаймын. Құрбысының жігітінің мінезі, сыйлаған сыйлығы, үстіндегі «Adidas» киімі, қолындағы «Iphone»-ның бағасы, одан қалса, корей сериалдары, ондағы жігіттердің мінезі... Түк те қызық емес. Тыңдап отырған секілді, «аһа»,-деп қойып, өзіммен-өзім болам.
-Кеше қорқынышты түс көрдім. –Мен: «аһа, айта бер»,-дей салдым. Әсірелеп айтады өзі.
-Жерде жалғыз өзім қалыппын. Ешкім жоқ, ойлашы. Адамдардың бәрі Айға көшіп кетіпті,-деп, күліп алды. –Жаман иә?
Дәл сол сәтте санам бұл сөздерді шап беріп ұстай алды. Сценарийдің идеясы туған шақ.
Еленораға: «Адамдардың бәрі адасып жүр»,-деп, «философ» болып айтқаным есіме түсті. Мұны неге сүйеніп сөйлегенімді ұмытып тұрмын, өйткені өзім түсінбейтін, біреуден естіген сөз болатын. Сонсоң, «Айдың сәулесінен шабыт аламын»,-дегенмін. Рас, Айды көрген сайын бірдеңе жазғым кеп кетеді.
Енді менің не ойластырғанымды қараңыз: мен Еленораға «Ай» мен «Адасқан адамдар» туралы ақпар бергенмін және ол Еленораның санасында жүрген. Сонымен, ол түс көреді. Түсінде: өзі адасып жалғыз қалған, ал басқалары Айға көшіп кеткен. Әрине, менің ақпарым бойынша нақты емес, араласып, шатасқан, әйтсе де, оның түсі қалай пайда болғанын жобаладым. Енді менің ойымша, адамдардың түс көру себебі былай: олар бірдеңені ойлайды немесе біреуден естиді, бірақ өздері ұмытады (ұмытпауы да мүмкін); біршама уақыттан кейін соған ұқсас затты, сөзді естіген кезде бейсаналы түрде ұмытылған ой тіріледі де, түс болып оралады. Мысалы, Еленораның толықтау қызды кекеткенінен кейін мен мынадай түс көрдім: әпкемнің арықтағысы келіп жүрген құрбысы жүр екен деймін... Оны көрмегелі жарты жыл болған шығар, аяқ-асты неліктен ойыма түсті ол?
Сценарийді бастамас бұрын, зерттеу жұмыстарына кірістім. Зерттеуім де қарапайым: интернеттегі мағлұмат және өзімнің тәжірибем. Интернеттен көзқарасы «мен сияқты» ғалымдарды тыңдап көрдім. Оларды мойындамадым, себебі олардың көмегінсіз, өзім таптым ғой. Интернет ақтарып, өзім күнде көрген түстерімді жазып жүрдім және оның қай ойдан шыққан түс екенін ізденумен болдым.
Сценарийдің авторы, өзім туралы айтайын. Мен үш қыздан кейінгі өмірге келген жалғыз ұлмын. Сезімтал, қияли, өнерге үйірсек... Ептеп киносценарий жазуды үйрендім. Интернеттен оқыдым дағы, «танылмаған сценарист» болып шықтым. Сценарий жазуды үйреніп алып, киностудияларды бомбыладым-ау кеп.
Еленораны сүймейтінімді айттым ғой, есіңізде ме? Менің, жақсы көретін қызым – Кәусар. Дене бітімі Еленоранікіндей тартымды емес, аса толық та емес, томпақ қыз. Үйінің жалғызы. Ауқатты отбасынан.
Кәусардың жанары мені байлап ұстап отырушы еді. Оған әңгіме айта беретінмін, айта беретінмін мыжып. Ал оның бет-әлпетінен ешқандайда қарсылық, «қойшы» немесе «қумашы» деген сыңай білінбейтін, сондықтанда жақсылап «оттап» алатынмын. Сүйсініп тыңдап отырған секілденеді. Мүмкін шынымен солай, бәлкім, сондай түр жасап отыра бере ме екен, көңілімді қалдырмас үшін?.. Сонда да, оған әңгіме айту – ғанибет! Рахат... Күлімсіреп қарап отырады, ал мен беріліп, даусымды күшейтіп-бәсеңдетіп, сыбырлап-айғайлап әңгіме айтам.
Кәусармен таныстығым былай болды: ол – досымның группасындағы қыздың құрбысы; сосын бір отырыста бір-бірімізбен таныстық, биге шақырып, әңгіме айтып, телефонын, интернет почтасын сұрағыштап, хабарлама жазғыштап жүріп араласып кеттік. Кейіннен «қыз бен жігіт» атандық. «Ғажайып» танысу емес, қарапайым.
Ол мәдениетсіз сөйлейтін жігіттермен, өздерін биік қып көрсететіндермен сөйлескісі келмейтінін айтатын. «Адамдарда сана бар ғой. Жабайы болмау керек»,-дегені жадымда. Кейбіреулерді өзімен сөйлесуге лайық көрмей, кей достарымның сұрағын жауапсыз қалдыратын. Үндемей қоятын, болды. Өзінің принциптеріне сай достарыммен қалжыңдасып, әңгімелеседі дағы, боқтық сөздерді байқамай айтып қоятындармен қырсығып сөйлеспейтін.
Егер көшеде бөтен кісі әлденені сұрай қалса, Кәусар барын салып, білгенінше жауап беретін. Сондай мейірімділікпен, ілтипатпен...
Кәусардың болмысын анықтайтын тағы бір мағлұмат: ол ырымдар мен нақыл сөздерге құлақ аспайды. Ол менің үйіме келе беретін, мен оныкіне барамын. Барғысы келеді, барады, болды. (Ал Еленора: «қойшы, қыз басыммен», «бір түрлі»,-деп келіспейді).
Әпкелерім тұрмыс құрып кеткен. Балалардан үйде мен ғана. Әке-шешем қонаққа, сапарға кеткенде үй бос. Кәусарды шақырып алушы едім. Қараңғылықты ұнатамын ғой. Романтика... Тыныштық. Жататынбыз. Мен аузымды аямаймын: сөйлей берем. Ләззат аламын, тыңдаушым болса. Кәусарға біткен-бітпеген сценарийлерімнің сюжетін бастан-аяқ баяндайтынмын. «Қой»,-демейтін ол да.
Кәусар қуанышын, өкінгенін білдіртпеуге тырысатын. Бәрі көзінде. Жанары «о-о-о»,-деп тұрады, болмаса, «а-а-а»,-дейді немесе маңызды емес, бей-жай қарайды. «Урра», «Түу», «Фуу» дегенін естімеппін.
Оның қолына жағылған кремнің иісі... Үлпілдек, әрі ылғалды саусақтарымен бетімнен сипаған сайын, кремнің иісін иіскеуші едім...
Байқаған шығарсыз, Кәусарды суреттегенде барымды салам. Барымды салғаннан бұрын, көп сөйлеймін. Мыжымалық қасиетім Кәусардың да жүйкесін жеп жіберді ме екен, әлде әңгімемнің қызығы таусылып, қайталана берді ме, ол менен кетіп қалды. Мәскеуден бірақ шықты. Оқуға барды, әрине. Дегенмен кетпей тұрып-ақ біз айырылысып қойғанбыз. Жолымыз айырылмас бұрын, интернеттегі «достары» көбейді. Бейтаныс жігіттермен өзара қалжыңдасып... Өз өмірін өзі білетін, «дербестігін» айтып, менің пікірімнің маңызы болмай... Түсінікті шығар?..
-«Сен жақсы жігітсің. Мен сені өмір бойы сыйлап өтем. Рахмет!»,-деген хабарлама келді. Бәрі түсінікті еді. Жалынып, не үшін екенін сұрағым келмеді. «Қойшы»,-деп ойладым, сонымен қойдық.
Кәусар Мәскеуіне кеткен соң, Еленора жолықты. Интернетпен танысып, кездесіп, киноға барып, кафеге отырып...
«Бұрынғы қыздарыңды көрсетші»,-дегені есімде Еленораның. Кәусардың фотосын көрсеттім. «Осы ма?»,-деді ол маған. «Талғамың жоқ екен»,-деген астармен. Кәусардың бөксесіне қарамаппын, неге екені.
Егер Еленора сөзімді бөлмей, көзқарасыма «қумашы»,-деп жауап қатпағанда, бәлкім Кәусарды іздемес пе едім? Алғашқы кезде тыңдаған сыңай танытып, түсінгендей басын изеп отыратын. Келе-келе Еленораға сценарийімнің сюжетін айта бастағанымда, телефонымен хат жазысып кетті. Қалай айтам ары қарай? «Қумашы»,-дегенінен кейін мүлде сөйлегім келмейді. Тіпті, көңіліме тиіп қалса керек, біреуге әңгіме айтып жатып «қуып кеттім бе?»,-деп сұрайтын болыппын.
Қыздарды қоя тұрып, түс пен сценарийге оралайық. Еленораның сөзінен туған идеямды қатты жақсы көрдім. Шынайы.
Түс туралы әркім әр түрлі пікірде. «Құдай бізге ерік беріп, еркіндікке жіберді ғой. Бәрі өзімізден. Бәрі өзіміздің жұмыр басымызда жинаулы шығар»,-деген тоқтамға келдім.
Бірақ, білесіз бе, түс туралы идеяны тапқалы, сценарийді бастағалы бері ұйқылы-ояу өмір сүре бастадым. Күндерден шатасып... Уақыттың маңызы болмай... Таңға дейін сценарий жазам, кешке дейін ұйықтаймын, тамақ ішіп алып, қайта кірісем. Ұйықтаған кезде ес-түссіз оянбай қорылға басады екем, үйдегілердің айтуынша.
Ата-анамның ақырындап қабақтары шытыла бастады. Жұмысым жоқ қой, оның үстіне. Бірақ ерте тұрып, сергек жүруге талпыныс жасадым. Оятқышты таңғы сегізге-ақ қойып жүрдім, оята алмайды. Өшірем де, ұйықтаймын. Сосын телефонымды шифонердің үстіне қойып көрдім; «өшіру үшін тұрған кезде есімді жиямын»,-деген оймен. Көмектесті алғашқы күні. Күні бойы шаршап, не тірі, не өлі екенімді ажырата алмай, ұйқысырап жүрдім. Келесі күні шифонердің үстіндегі телефонымды өшіріп тастап ұйықтауға үйрендім.
«Мен жұмыстамын. Үйдесің ғой, үйді реттестіріп қойшы»,-деп, шешем кішігірім жұмыстар тапсырып, өтініш жасай берді. Есімде жоқ, бір-екі апта қайталаған шығар. Ұйқылы-ояу әлемдемін ғой мен. Ұмытып кете берем, ойымда тұрмайды. Түс пен сценарийден өзгені ойлауға шама жоқ, неше түрлі сұрақтармен басымды әбден қатты онсызда.
-Жалқаусың. Үйде-е-е жатырсың әншейін,-деп, анам сөкті. Бұл - маған ауыр соққы. Жалғыз ұлмын, оған қоса кенжесімін, еркелеп, еркін өскендіктен, мына сөздер мен үшін ұрсып, айқайлағанмен тең.
Ата-анам ақылы оқуға түсірген, мамандығыммен тіл табыса алмай, өнер мені өзіне елітіп әкетті де, оқу қалды. Екі жылғы оқуымның төлемақысын желге ұшыра салдым, әншейін. «Жұмыс істеуім керек!»,-дегенді ең көп ойлаған мен шығармын. Бірақ өзімді басқа саладағы жұмыстарға қимадым. Өзімді одан да жоғары орынға лайық, танымалдылыққа ие болатын жан деп есептедім. Жалқаулық осы шығар бәлкім?.. Бір шетінен, бір үйдің ұрпағын жалғастырушы жалғыз ұлмын: үйім бар, машинам бар. Маған не керек?
Өлім туралы ойланып кеткенім, есімде. Мұндай ойға неғып барғаным да белгілі шығар: жанымды түсінетін қыздан айырылдым, жылу жоқ; не еңбегім еленбейді, ешкімге керексіз сценарийлердің авторымын... Анамның айтқаны көңіліме тиді. Сосын бейсаналы түрде «өлімнің» төңірегіне бардым да.
-Өлген жақсы шығар.
-Несі жақсы оның?
-Сынақ бітеді ғой. Ешкім сынамайды сосын.
-Қызықсың сен.
-Шын ғой.
-Бірақ сен өлме.
-Өлгеннен Құдай сақтасын.
Міне, өзіммен осындай диологтар болды. Жаспын ғой, өлгім келмеді. Қайда әлі, Голливудқа бару керек. Халыққа автограф бермеймін бе?
Бұл ойдан менің санам түс жасап шықты. Түнде көрдім.
Жатырмын. Қараңғылау. Денеме қарасам, қабырғаларым шіріп барады екен. Шошыдым. «Көміп тастаған ба?»,-деп ойлап қоямын. Тұрып кетіппім. Сөйтсем мені жерлеп тастапты. Тұрып кеткен менің жаным екен. Әкем тұр. Жыламайды да. Мені аяудың орнына, бей-жай рай танытады. «Онысы несі?».
-Арақ,-деді әкем. «Арақ» дегенін түсіне алар емеспін. «Мен ішпейтін едім ғой?..».
Оянған соң, «Арақ» дегеннің қайдан шыққанын іздеп көрдім. Әкемнің бір ақын туралы әңгіме айтып бергені есіме оралды. Айтуынша, ақын арақты көп ішіп, ажалы арақтан келіпті. Ал миымда «ажал» мен «арақ» бірігіп кеткен. Өлім жайлы түс көремін, ал менің алдымнан «арақ» айналып шықты.
Мұндай, ойда-жоқта, тақырыпқа сай емес айтылатын сөздерді түстерімде талай кезіктірдім. Түртіп жазып жүрген қолжазбамдағыны қараңыз.
«Достарыммен жүр екем деймін. Олар күліп жатыр. Досым: «Күлсей, қалжыңдап жатырмын ғой»,-дейді маған. «Сосын күлем»,-дей салдым. Оянғаннан кейін де, бұл сөздер күлкілі болды».
Былай да болды: мамам мені құшақтап, бетімнен сүйіп жүр екен... «Мамам»,-деп ойлап қоямын, бірақ бет-әлпеті анама ұқсамайды. «Мама»,-деп қоямын сонда да.
Өлгенімді түсімде көргелі бері, білсеңіз, кәдімгідей үрейленіп қалдым. Кәусарды паналағым келді. Кәусар маған көмектесе алатын жалғыз адам тәрізденді. Егер әке-шешеме, туыстарыма, достарыма ойларым мен түстерім жайында айтсам... Олар: «Соңғы уақытта бір түрлі болып жүр еді, жарықтық»,-дейтіндей сезіледі. Қайтыс болған кісі жайлы осылай айтады ғой. Егер мен айтсам, өлетінін білген адамға ұқсап шыға келем. Міндетті түрде өлетіндеймін. «Топас» ой иә?
Бір сәт, бүкіл әлем менің санамда ғана өмір сүретіндей көрінді.
Кәусардың аяғына жығылып жылап, «көмектесші»,-дегім келді. Күлкілі, әрине. Айырылысқалы бері сөйлеспептік. Бір-екі рет почтасы хат жазғанмын халін сұрағансып, бірақ ол қайырылмады. Оның жан-дүниесі, көзқарасы қандай екенін кім білсін, десе де, менің жанымды ұғатын Кәусар ғана секілденді.
Ойлағаным Кәусар болса, әрине, мұңлы махаббат жайлы жазамын. Голливудта түсірілуі тиіс сценарийдің қысқаша оқиғасы былай өрбиді...
Ақын жанды жігіт қызға ғашық болады; ол қыздың басқа жігіті бар; ақын жанды жігіт ол туралы түстер көреді; түсінде сүйіктісімен болған кездер мен қиялындағы, «шіркін» деген ойлар араласып, әлгі жігіт түс көріп жүріп-ақ бақытты ғұмыр кешеді. Әлдеқашан қаза тапқан анасын күнде көргендіктен, «өмірде жоқ» екені білінбейді де. Ақын жанды жігіт өзі өлең жаза бастайды.
Өз шығармаммен өзім ауырдым. Уақыт өтіп жатыр, өтіп жатыр. Ал мен «ұлы іспен» шұғылданудамын. Күн мен түнім ауысқан. Жалқау өмірім өзгеріссіз.
Түс кезі, ұмытпасам. Анам қоңырау шалып жатыр екен деймін. Басым зың-зың.
-Бардың ба?-деді мамам.
-Қайда?
-Жездеңнен кредиттің ақшасын әкел деп едім ғой.
Мүлде есімде жоқ. Сөйтсем, анам жұмысқа кетерінде мені оятып алып, соны түсіндіріп кетіпті-міс. Көзім ашық, кәдімгідей қарап жатыппын. «Жарайды»,-деп келісіппін, бірақ есіме түсіре алсамшы. Жоқ. Ондай сөзді естіген де, айтқан да емеспін.
Былтыр үлкен әпкем мен жездем мама-папаға өтініп, өздері уақытылы төлеп тұратындарын айтып, несие алғызған. Әперді. Жарты жылдан кейін, жездемнің сөзі жерде қалды. Ақша таба алмай... Айғай-шу. Әпкем жылап... Кіші әпкелерім жұбатып... Маған өте қатты ұнамағаны – несиені төлейтін мерзім жақындағанда жездем мен әпкемнің телефондары өшірулі болғаны. «Лақтырып» кеткендей...
Кейіннен бәрі түзеліп, орнына келді. Қар жауған қабақтар жылып... «Күн» шығып. Сонда да «жезденің» маңайында «лақтырып кетуге» ұқсас бір ой сақталып қалыпты.
Жездемнен несиенің ақшасын әкелдім де, ұйқына қандықмақ болдым. Сонсоң, түсімде кімді көргенімді білсеңіз ғой... Кәусарды. Не істеп, не дегенін анық көзалдыма келтіре алмаймын, әйтеуір, қолынан ұстап жүр екем. Мәзбіз!
Ертесінде достарымнан Кәусардың Мәскеуден Алматыға оралатынын естідім. Ой лып етті... «Кәусарды түсімде көрдім ғой. Алдына-ала сезгенмін бе?». Мұның қате түсінік екенін өзіме өзімше дәлелдедім.
Бәленің бәрі – жездеме байланысты ойда жатыр. Жездем кішігірім сатқындық жасады. Лақтырып кетті. Кәусар да. Хатыма жауап жазбады. Анық-қанығын түсіндірмеді. Бір досымның мына сөзі жадымнан кетпейді: «Кәусар сені лақтырып кетті ғой иә?». Жездем мен Кәусардың сатқындығы санамда сақтаулы, демек, ұқсас ойлардың алмасуы ғана.
Таныс жолдастарым, достарым Кәусарды күтіп алуға шақырды, алайда намысым жібермеді. Жалғыз өзім күні бойы үйден аттап шықпадым.
«Еленораға «сүймейсің»,-деп тисіп, жанын қоймай, үйге ертіп келсем болады ғой?» Оны үйге шақырып алып, тамақ жасататынымды, жарықты сөндіріп тастап вальс билейтінімізді қиялдадым. Қылдырықтай белін қапсыра құшақтап, там-та-там...
Кеш бата, бейуақта қалай қылжиып қалғанымды білмеймін.
Есіктің қоңырауы шырылдайды. Тұруға зауқым жоқ. Шешініп жатыппын. Шалбарымды ғана кидім. Көзімді ашам, жабылып қала береді. Есік жаққа бара жатырмын, әйтеуір. Аштым. Кәусар тұр. «Кәусар?». Көзімді уқалап-уқалап қоямын. «Ұйықтап қалғансың ба?»,-деген сықылды сөздерді айтып жатыр.
-Иә, иә, кір,-деп, кіргіздім үйге.
Жүгіріп барып, беті-қолымды жуыппын деймін. Ұйқыдан арыла алар емеспін. «Ол неғып келді?»,-деген сұраққа жауап таба алсамшы.
-Мәскеу қалай екен? –Кәусар сұрағыма жауап қайтарудың орнына, көзіме тіке қарап, күлімсіреп тұрды. Жақындап барамын... Үлпілдек, ылғалды алақаны менің киімсіз кеудеме тиді. Кремнің иісі...
Бұл оқиғадан кейін екі-үш күн өтті де кетті. Ол күндері не өзгеріп, не жаңалық болғанынан хабарсызбын. Сосын бары-ы-п ойландым. «Кәусар шынымен менікіне келді ме?»... Ата-анамнан сұрадым. Олардың көңіл-күйлері түсіп кетті. Уайымдағандары.
- Саған не боп жүр өзі? Құданың тойына барып келдік қой?..-деді анам.
Менде бәрі дұрыс екенін, тек ұмытшақ бола бастағанымды ескерттім. Дәрігерге қаралуым керектігін қайталап, анам қатты алаңдады.
Демек, анам мен әкем расымен үйде болмаған. Дегенмен, Кәусардың үйіме келгенін дәлелдемейді ғой. Интернетке кіріп, оған хат жазып жібердім. Әдеттегідей, жауапсыз.
Әлі күнге күмән туғызады... Еленораны үйге әкелгенімді қиялдадым; Кәусардың Мәскеуден оралғанынан хабардар болдым; «екі ақпар бірігіп, түс жасап берді ме?»,-деген күдік бар. Әйтсе де, сол түнгі оқиғаны түс деуге қимаймын...
Бұл әңгіме қайта қозғалмады. Түсініксіз күйінде қала берді. Ең бастысы – «Кәусар менікіне келдіге» сеніп, бақытты болып жүргенімде сценарийді бітіріп үлгердім. Жеңілдеп қалдым. Белсенділігім артып, екі-үш күн қатарынан қыдырдым. Бостандық.
Ақыры, Еленора құрбысының жігітімен таныстырды. «Adidas» киіп, «Iрhone» ұстаған, күлегеш жігіт екен. Сөйтіп, бір күнді төртеуміз өткіздік.
Еленора менің әңгімемді өзі жарытып тыңдамаса да, мені сыртымнан көл-көсір қып мақтап жүреді екен. Құрбысының жігіті жалпақтап, қасымнан шықпады.
-Сценарий жазады екенсің ғой иә? Базар жоқ. Сыйлаймын. Киноға қашан түсеміз?-Мұндайды естігеннің өз рахаты бар екен. «Жап-жақсы сценарист екенмін»,-деген қу ойлар жылтыңдап, мені ыржыңдата берді. Ырзамын. Еленораны жақсы көріп кеттім, шынымды айтсам. Еленораны жақын тарта алмай жүрсем... Бетінен сүйіп-сүйіп қойдым.
Бір аптадан кейін, Голливуд, сценарий, тың идеяларды қойып, күзетшілікке орналастым.