АЛИШЕР РАХАТ. ҚАРА МЫСЫҚТЫҢ ҚОЖАЙЫНЫ

Қара мысық иесі сипаған сайын, сүйсіне көзін сығырайтады. Пыр-пыр... Теледидарға көзін ғана қадап қойып, диванда отырған қожайынының алдында бүрсиген қалпы. Пыр-пыр... Үй егесінің тамырлары адырайып кеткен аппақ күрек қолдары басынан жанап өткенде, сәл еңкейіп, арқасына қарай ойысқанда еңсесін көтеріп, келесі сипалауды күтеді. Жетінші қабаттағы пәтерде екеуі жетімсіреп... Құлаққа қарай жанталасатын дыбыс жоқ: теледидар болар-болмас міңгірлейді, жоғарғы жағы сәл ашық пластик терезеден қаланың дауысы сығылысып кіріп, талып естіледі. Үй жануарының еркелегені ғана анық. Пыр-пыр... Екі ғашықтың аймаласып жатқандағы діріл үніне ұқсас.

Қара мысықтың ермек үшін «ойнай» тұратын тышқандары жоқ. Жұмыссыз. Өмірдің бейқам бір толқынындағы жануардың жүрісі де, тұрысы да, баяу. Маңғаздана аяғын айқастыра басып екі бөлмелі пәтердің ішін аралап жүреді де, қояды. Есінеп, қалғып-мүлгіп... Қарны терісінен шыққан үлкен қара теледидардың үстеліне бір шығып, арт жағындағы қуыс-қуысын қарағансып, екі кісілік төсектің астын тіміскілегенсіп, ванна жақтан әлдене іздегенсіп, шағын шкаф пен шифоньер жақтан сезіктенгендей, жатады да, сәлден соң айналып кеп, ас бөлмедегі тоңазытқышқа мияулайды. Қожайын үйде болғанда осылай алдына жата кетіп, жалғыздығын тыныштыққа айырбастайды.

Телефоны шырылдағанда қара мысық мән бермегенсіп, көзін ашпастан, отыра берген, алайда иесінің төбесінен құйрығына дейін сипалаған қолы қайтып оралмады да, тұтқаны көтерді, әрі демі жиілеп... Қожайын емес, бағынышты кісіше көндіге басын изегенсіп, әлденеге келісіп отыр. Тұтқаны қойғаннан кейін, телефонмен сөйлескенге дейінгі сабырмен емес, әлдеқайда асыққан алақанымен қара мысықты шала-пұла жалап өтті де, шифоньерден киімдерін ауыстырып, айнаның алдына кеп, шашын тарап, қара жемпір, қара туфлиін киді де, есіктен аттап шықты. Әдеттегіше, қожайын сол есіктен шыққан сайын шырт-шырт еткен дыбыс естілді.

Мысық егесін шығарып салған соң, екі-үш мәрте терезеге секіріп, жақтауына әрең ілінеді де, қалаға қарап отырды. Төменде кішкентай-кішкентай түрлі түсті әлденелер ары-бері сап түзеп кетіп жатыр. Ондайға үйренген жануардың көзі мына әлемнен сырт айналып, ойға батқан адамша әйнектің арғы шетіне ұзақ телміріп тұрды.

***

Қара мысықтың иесі подъезден шыға бере мүжілген бетон баспалдаққа қара туфлиі тиді де, аулада отырған екі кемпірге бас изей амандасып, тұрақтағы көлігіне бет алғанда, құлағын кемпірлердің сөздері қуып жетті.

-Осы ғой, ә?

-Иә, осының әйелі.

-Әйелінің жүзі жылы, әп-әдемі еді ғой. 

Қожайынның қураған сарғыш жапырақтарды сындырған жүрісі өзгермеді, тіптен ішінде де, алай-дүлей сезім болмады, өйткені дауысты-дауыссыз әріптерден құралған сөздерді сол күйі, қалай естіді, солай санасының қара қалтасына тығып жіберді. Миының ойлап, саралап, сараптайтын сахнасының артымен білдіртпей апарып, күмп еткізді. Оның қайыры мынада: жол бойы ойланып, басы қатып, жүрегі ауырмайды. Қожайын жетінші қабаттағы пәтеріне кіргенде ғана ойланады, ал подъездтен аттағанда, ой-өрісін автоматты режимге қойып, «қайталау» деген кнопканы баса салар еді де, денесін «жұмысты бітіруге» жұмсайды. Қаумалаған, шулаған көліктер, кептеліс, радиодағы әуен оған түк те әсер етпейтін.

Тоқсан бірінші жылы зауыттан шығып, тағдыр айдап Қазақстанға келген көлігін дыр еткізіп оталдырды да, абайлап артқа жүріп, айналардан көз мөлшермен есептеп, ауладан үлкен көшеге жол тартты. Көлігінің жылы ескі болғанымен, іші-сырты жып-жылтыр тұғын. Радиодан сүйіктісінің махаббатын қайыршы секілді қол жая сұраған әлдекімнің әні әуелеп жатыр. Көше ортасында иелерін арқалап, небір себептермен қаланың жан-жағына асыққан түрлі-түсті машиналар. Жол жиегінде қол созған пассажирлерге асығып, кесе көлденең шыға келетіндер де, оларға ашуланып, сигналын ұзағынан басып, көлік терезесінің арғы шетінен ауыздарын жыбырлата өткендер де, бағдаршамға тоқтағанда, төбесіндегі жасыл жарықтың жануына сонша үңілгендер де, биік машинада отырып, келеңсіздіктерді елемейтіндер де, музыканы бар дауысына қойып, тежегішті тақалғанда басатындар да, күйгелектігін шылыммен күйдіретіндер де, бәрі-бәрі әлдеқайда әр түрлі мақсаттың артынан ерген. Көшені жағалай орналасқан тротуардан жаяу жүргіншілер төмен-жоғары ағылуда. Аналарының жатырынан қашып шығып, табытына бағыт алған пенделер қала көшесінде сабылысып...

Ол жиырмаға тола қоймаған бойжеткенге жалға берген пәтеріне жеткенше үш көріністі санасының қара қалтасына тығып қойды. Алғашқысы бағдаршамның бірінде тоқтап тұрғанда, жол жиегіндегі террасада отырған еркек пен әйелдің тамақты қомағайлана ауыздарына тықпалағаны. Келесісі – жаяу жүргіншілерге арналған жолақ жолдан құшақтаса өтіп бара жатқан қыз бен жігіт, әсіресе жігіттің көзіндегі жылмысқы жымиыс... Соңғысы – трассаның оң жағында баяу келе жатқан Қожайынның жолын кесіп, қол созған пассажирді бұдан қызғанған көлік жүргізушісі. Жанынан өтіп бара жатып көз тастаған еді, әлгі таксисттің ерегесуге дайын көзқарасы...

***

Кезінде әйелі екеуі тұрған пәтердің қоңырауын басқанда, есіктің арғы шетінен еденді табанымен сырып бері қарай жүрген дыбыс шықты. Сырп-сырп... Кілттейтін жерден шырт-шырт... Тәніне жабысып қалған қызыл халаттың ішінде түк жоқ сияқты, себебі үрленіп алған кеудесінде кішкентай екі нүкте қылтиып тұр. Иығынан сәл асатын сары шашы дымқыл, ұйысып қалған. Сап-сары мойнының желке тұсындағы майда-майда балапан шаштары кеуіп үлгерген.

Қожайын одан алдымен сәлемдесуді күткен, бірақ екеуінің көзі түйіскенде барып ойынан адасып қалды, өйткені бойжеткеннің жанары «алдымда адам тұр» деп тоқтаған жоқ. Қожайын осы қыздан үшінші рет байқады: алғаш пәтер кілтін бергенде, кейін екінші айдың төлемақысын алғанда да... Мына қыздың жанары кісіге тоқтамайды. Иен даладан көз қадайтын нәрсе таппай тұрған кісіше жанары сүзіп өтеді. Ештеңеге бөгелмейді де. Әйтпесе, Қожайын осы пәтердің алдына келгенде өзінің үстемдігін сезінер еді, әрі осы қыздың алдында тұрған барлық квартиранттар оның алдында именетін. Ал мына бойжеткен тұздай көк көзімен көрмегендей сыңай танытады. Тіптен Қожайын өзінің осы әлемде бар екеніне күмәнданып қалардай... Құдды бір қыздың ойынан құрастырып алған пендесі секілді. Мұхит түстес көзіне батырады да тастайды. Қырыққа тақаған Қожайынды да, оның артында тұрған дәліздің қабырғасын да, лазер секілді тесіп өтіп, озон қабатын ойып, хаостан бірақ шығатындай... Іркілмейтін көзқарас. Ол өзін Қожайын қылып ұстағандықтан, айна-көз оны осы үйдің егесі ретінде өзіне шағылыстыра көрсетуі керек еді, алайда көк көздің ішінде бәрі тұйықталып, кескін кері қайтпай, жұтылып...

«Бері жүр» дегендей, есікті ашық қалдырып, бойжеткен өзі әжетхана мен ванна жаққа аяғымен еденді сырып бет алғанда ғана ол шашырап кеткен ойларын жинады да, «жұмыс бабымен келген Қожайын» режиміне ауысты.

Әжетхана мен ваннаның тар бөлмесінде екеуі қысылыса кіргенде, қожайынның табаны суланып, жерге қараса, түйілген дымқыл сары шарф жатыр екен. Бойжеткен бірден еңкейіп сары шарфпен еденді асығыс сүрткен болды да, ваннаға сығып алды. Кезінде жұбайы кір жаятын жылы су келетін ирелеңдеген күміс түстес құбыр жұлынып түсіпті. Жанарына күмән толтырып алып, Қожайын «труба сынды» деп шақырған пәтерді жалға алушыға бір, сынған құбырға бір қарағанда-ақ, сары қыз бірден түсіне қойды.

-Төлеймін,-деп қысқа қайырды қыз. Дауысы да жиырмаға толмаған арудікіне ұқсамайды, салмақты... Басынан қар арылмайтын таудың ысқырық желіндей үн... Суық. Нақты. Өзіне сенімді. Ешқандай әйелге тән ұяңдық, қысылу, қымтырылу жоқ, тек жалға беруші мен жалға алушының арасындағы келісімшарт секілді қарайтындай. Қожайынның күдігінен айналып өтіп...

-Сантехник шақырта салмадыңыз ба?-деді Қожайын жылтыр құбырды қолына алып. Алайда көк көз қыз пысылдап демалған күйі тұра берді. Жылтыр темір труба ыстық су құбырына жалғанған жерінен майысып, кеңіп кеткен екен. Ұстап салып көріп еді, қоқылдап тұр. Тар кеңістікті мелшие пысылдап демалған қыздың үні сүйемелдеп... Унитаздың ішінен шыққан кіші дәреттің иісі Қожайынның мұрнын қышытып... Бір ойы «құбырды ауыстыру» деген мақсаттан сытылып шығып, дәреттің ащы иісін құшырлана иіскегісі кеп, бар назарын шашып жібермек боп... Осы бір иістің өзгешелігі бардай сезілді ме, әлде санасының аш Қожайынды «ерекше иіс» деп алдағаны ма?..

-Қазір келемін,-деп, өзінің ойларынан өзі шошып, Қожайын миындағы геолокацияға В нүктесі қылып жақын маңдағы базарды алды да, есіктен шығып кетті.

***

Базардан жаңа құбыр мен көлігінің багажынан плоскогубц, кілттерін алып, пәтерге кіргенде, жатын бөлмедегі терезенің алдына қойып алған үстелінің үстінде бойжеткен... Арқасы жоқ орындықтан бөкселерінің ортасына жиырылған қызыл халаты көзіне бірден ұрды... Қолына қағаз бен қалам ұстап, ойға шомған көк көз бойжеткен бұған бұрылмай, оның қашан келетінін, қашан кететінін нақты білетіндей, елемей отыра берді.

Оның демалысы сондай қатты ма, әлде, Қожайынның екі құлағы сол жақта болды ма, әйтеуір, құлақ түбінен пысылдаған үн кетпеді. Құдды бір үйіндегі қара мысығы тәрізді... Терезенің алдында бүрісіп алып... Пысылдап...

Трубаны кілтпен бұрап, жалғап жатқанда, клеткалары сөл бөліп, тері бұрқ етіп, тәнін дымқылдандырып жіберді. Тар бөлменің ауасы да айналатын жер таппай оның мұрнын айналшықтап жүргендей... Кіріп-шығып... Дәреттің иісі мен тердің иісі араласып, құлқынның қылын шерткенсиді. Естеліктермен еліктіргісі кеп, әйелімен осы пәтердегі ескі көріністерді көзалдына әкеп қойсын... Бірақ, Қожайын ол ойлардың бәрін мидың қара қалтасына тықпаштап жатып, трубаны жалғады да, құрал сайманын жинап, дәретханадан шығып, сол мелшиген күйінен танбаған қызға қарата:

-Жеті мың! Келесі айдікімен қоса есептеймін,-деп, әйеліне қатысты естеліктері бар пәтерден қашып бара жатты.

***

Есігін ашқан кезде мияулап қара мысық күтіп отыр екен. Табалдырықтан аттап баса сала, жұмыспен кеткен кісінің кейіпін үйінде қара мысығы бар, ажырасқан еркекке ауыстырды. Әрі әлемнің кіндігінде тұрғандай өзін еркін сезініп... Осы нүктеден қаланың әр бағытына тартып кете береді, бастапқысы да, соңында оралатыны да – осы пәтер. Бар жауапкершілікті есіктің сыртына тастап кеткендей... Мамыражай күйден тас-түйін болған миындағы қара қалта біртіндеп ашылып... Бейне бір құмырсқаның илеуіндей, бірақ бірте-бірте құжынай бастайтын тәрізді. Ақ параққа тамып кеткен сиядай жан-жағына жайылып... Подъезден шыға бергендегі екі кемпірдің ретсіз әріптері мозайка секілді құрастырылып кірген құлақтан қайтадан сыртқа шығып, ауаға ілінетіндей. «Осының әйелі кетіп қалыпты»,-деп пе еді, әлде, «балалы бола алмаған соң кетіпті» деген бе еді?.. Қара қалтаның қуысында бұрынғы әңгімелердің әріптері қалып қойып, қазір бірге шығып жатыр ма, түсініксіздеу, алайда ол бәрін ақтаратын... Мияулаған мысығының бұрыштағы ыдысына асын салып жатып, ауладағы кемпірлердің сөздерін санасында шайнап... Сүйемелдеп, баяу ойнап тұратын фон музыка секілді қосып қойып... «Барлық әйел ана болғысы келеді ғой»... «Мүмкін, мәселе күйеуінде емес шығар»...

Меңірейген қалпы газ-плитаға шәйін қойып, тоңазытқыштан шұжық пен ірімшікті алып, жылт-жылт ете жалаңдаған пышағымен турап, буфеттен нанды үстелге орналастырып... Өзінің аш қарнын өзі тойдырмақ болып... Пәтердегі әйелдің де, еркектің де рөлін жалғыз актер ойнап жүр...

-«Егер оның ары таза болса, үйге таласар еді ғой»,-дейді ойша, онысы – кемпірлерге берген жауабы, оның үстіне ол сезімдерін сыртқа экспорттамайды, осылай өз-өзін қамтамассыз ететіні болмаса.

Ысқыра қайнап, төгілуге шақ қалған шәугімге қарап, әжетханаға кіргісі келді. Унитазға көздеп, шорылдатып жатқанда мұрнына сары жылы судың иісі жеткенде барып, жалға берген пәтердегі иістің бұдан өзге екенін түсінді. Әрі, бұл тақырыпты әзірге жабық қалпында қалдыру үшін, әжетханадан тезірек шығып, қолын жуып, тамақтанатынын асығыс ойлай бастады. Тамақ ішкен соң, теледидарды қосып алып, диванда мысығының қасында жатса...

***

Күндіз көкте жалғыз күн болғандықтан ойлары да жинақылау сияқтанатын, кеш бата ыржың-ыржың ететін алыстағы жыпырлаған жұлдыздар сықылды Қожайынның да ойлары бір мезетте сан-саққа алып ұшар еді. Көптің көзіне көрінгісі келмейтін ойлары оянып... Террасада тамақтанып отырған еркек пен әйелдің, жолақ жолдан құшақтаса өткен қыз бен жігіттің, әлгі таксисттің ортақ нәрсесін іздеп бір ой жолға аттанды, онымен қатар әйелінің босанып-босанбағанын жорамалдап екіншісі кетті, құйрығына басын тығып алып, жанында пырылдап жатқан мысығына тиген алақандарынан тағы бір ой тұтанып... Миына тапсырма беріп қойып, ойларын жайып жіберіп, өзі диванда шалқасынан жатыр. Жалға берген пәтердегі әлгі иісті аңсаған бір ойы тіміскіленіп жүріп, еденде жатқан сары шарф пен сынған трубаға жеткенде, жан-жаққа сағым қуып кеткен санасы бір тоқтамға келіп, бәрі тыныштала қалды. Сынған құбыр мен сары шарфты ешкімді, ештеңені місе тұтпайтын көк көзімен байланыстырып алып келіп, нақты бір тоқтамға тақалды да, Қожайын орнынан атып тұрды. Маужыраған қара мысық екі құлағын тікірейтіп, диванда әп-әдемі бірге жатып, аяқ-асты апыл-ғұпыл киінген егесінен көз алмай қарап тұрды. Иесі сыртқа беттегенде, артынан тұра ұмтылып, жүгірген еді, есік шырт-шырт етті. Қара мысық қараңғы бөлмеде терезенің жақтауына екінші рет секіргенде ілініп, майда-майда сарғыш жарықтар қаптаған қалаға қарап отырды.

***

Жалға берілген пәтердің арендаторын асылып тұрған қалпында көруге деген дайындығын Қожайын есіктің алдында тұрып бір қайталап алды да, екінші кілтпен шырт еткізіп, ашты. Бөлменің жарығы сөндірулі болғанымен, көшенің сарғыш жарығы терезеден талып төгіліп, үй іші алакөлеңке. Аяғының ұшымен дәретхана мен ванна жаққа жүріп, мойнын соза қарап еді, ішінен жарығы жанып тұрса да, есігі жабық екенін байқады. Есік пен жақтауының кірікпей қалған жерінен сәулесі қысылып жарқырайды. Мысықтабандап кеп, шиқылдаған есігін тығылып ашты, әйткенмен дайындалып келгені бекер болып шықты, көк көз қыз тек жарықты өшіруді ұмытқан секілді. Бірақ есіктің ашылуымен бірге тар бөлмеден іші пысқан унитаздағы ащы иіс қара мысықтың егесінің мұрнына жанталаса кіре жөнелді. Әлде, Қожайын қаттырақ иіскеді ме, жоқ әлгі иіс дәретхананы алып кетті ме, беймәлім, бірақ құшырын қандырып жіберді. Өкпе мен танаудың арасын түгел толтырып тастағандай... Аяқ киімін шешпеген қалпы, білдіртпей жатын бөлмеге енді. Көрпенің астынды пысылдап жатыр. Үйіндегі пырылдап ұйықтайтын қара мысығына ұқсап кетті ме, әйтеуір сүйкімді бір сәт... Шалқадан түсіп... Бірақ бойжеткен сондай жинақы, бейне бір оянып кетсе, не істеу керегін анық білетін кісіше... Аузы да, көзі де тарс жұмулы, тігінен тік қатып қалған. Екі қолын асқазанының үстіне айқастыра асып қойып...

Иіс... Әлсін-әлсін... Алыстан талып жетеді... Қожайынға қызық болғаны – ашық қалдырған дәретханадан келіп жатыр ма, жоқ көрпенің астынан ба?.. Ванна жаққа еңкейіп бір-екі мәрте мұрнымен сорып көріп еді, онша білінбейтін секілді, баяу еппен бұрылып, көрпеге бетін тақап, иіс іздегені сол-ақ екен, көрпенің ішінен әлдене жыбыр етті. Қожайынның көзі жеткені – иістің қайнар бұлағы матаның астында екен, әрі дәретханадағыдай ащы емес сияқты ма?.. Бөлек, десе де, ұйқас... Көрпеге қайтадан басын жақындатқанда, көз қиығымен қыздың бет-әлпетін аңдып... Мұрнына иісті магнитше тартқанда, тағы да көрпе астынан әлдене жыбыр етті де, қыздың оң жанары сығырайып ашылып, Қожайынға сығалай бір қарады да, лезде тарс еткізіп жұма қойды. Ештеңеге бөгелмейтін көз гауһар тастай жылт етіп... Төмен жақта тіміскіленіп жүрген қырыққа таяған еркекке көз-сәулесі тірелді, бейне бір миллисекундтарда шарфтан іздеген ажалын пәтер егесінің құшағынан көргендей... Пысылдаған қыздың үні енді ұйқыдағы арудікі емес, бөтен еркектен жасқанған қорғансыз қыз баланың қорқынышына айналып... Сүйкімділік жантүршігерлік үрейге боялып... Қожайынның маңдайынан суық тер бұрқ ете қалды. Лап беріп... Егер қазір бойжеткен атып тұрып, шыңғыратын болса, жаңа салынған құбырға сары шарфпен асылған қызды полиция тауып алып, суицид деп қылмыстық істі жаба салуға болады деген лек-легімен ағылған ойларын тежей алмай...

Бұл оқиғаны тірідей миындағы қара қалтасына салды дағы, қыздың ояу екенін аңғармағансып, табанының ұшымен оқиға орнынан қашып шығып, дәлізбен аяқ-қолы дірілдей баспалдаққа бет алғанда, шырт-шырт деген есік кілттеген дыбысты естіді.

***

Табалдырықтан аттағанда қара мысық кіре берісте екі құлағын тікірейтіп мұны күтіп отырғанын көрді де, тамырлары адырайған дір-дір еткен қолымен меншігіндегі жануарды бүйірінен ұстап көтерді де, темір қара есіктен шығарып жіберді. Мысықпен бірге Қожайын деген мәртебесі де сыртта қалғандай... Есікті шырт кілттегенде жол бойы төгілуге шақ қалған қара қалтасындағы ойлары босап шығып, үйдің ішіне жайылып кетті. Жан-жақтан шуылдасып... Алғаш рет сыртқа шыққан қара мысықтың мияулағаны қара темірдің арғы шетінен еміс-еміс...

Ауладағы екі кемпір оның жеке өмірін ажалдары жеткенше талғажау етіп, террасада отырған аш еркек пен әйел адам етін жеуге білектерін сыбана дайындалып, жолақ жолдағы жігіт құшағындағы қыздың сенімін шыңғырта зорлап, жолаушыны қызғанған таксист көзі қанталап, пышақ ала жүгіріп... Тірі қалу үшін бәріне даяр адамдардың арасында анадайда бөпесін құшақтап, өмірге ғашық көздерімен жәутеңдеп экс-әйелі тығылып тұр. Бөтен еркегі барын білген күнгідей көздері аянышты... «Мені жіберші, өтінемін, маған сенен ештеңе керек емес. Екі үйге де таласпаймын, ештеңенің қажеті жоқ. Тек ренжімей, мені жіберші» деген мына әлемнен бақыт іздеген жанарына мөлдіреп қана жас толып... Майда-майда тастары анық көрінетін бұлақ іспетті. Дәл сол сәтте әйелінің өмір сүруге деген құлшынысының құны бұның бүкіл ғұмырынан қымбатқа түскені, әрі мәндерінің құлдырауына әкеп соққаны санасын торлап...

Көзі қарауыта бергенде, өмір үшін күресте бірін-бірі таптап жатқан қара қалтасынан шашылып түскен адамдардың ішінен мысық секілді тіміскіленіп, сары шарфпен асылып өлген жиырмаға толмаған қыздың етін иіскелеп жүрген өзін көрді дағы...

Мияулаған мысықтың үнін бәсеңсіткен темір есікке сүйеніп тұрып, құйрығын жерге ұрды. Тарс еткен дыбыс бұл пәтерде соңғы рет қашан шыққаны, белгісіз еді. Құшырлана иіскегіш мұрнынан су аға бастады. Тізесін құшақтаған тамырлары адырайған қолдарына жұртты жатырқағыш бір тамшы жас ағып түсті. Екі... Үш... Көмейінен құсық секілді бейтаныс жабайы бір үн төгіліп, қыстыққан өз дыбысынан өзі шошып, кісі өлтіруге дайын ойларын көршілері біліп қоярдай, аузын лезде алақанымен жаба қойып, тұншыға қыңсылай жөнелді. Дірілдеген алақаны сәл ашыла қалса, өксік қашып шығып, жоғары жағы жартылай ашық тұрған пластик терезеден өтіп, қаланың шуылына ілесе кетеді.

 

 

 

Суретті салған: Алина Ниязова