Ол өзін қарама-қайшылықтан шықтым деп ойлады. Енді ол ақ пен қара, жақсы-жаман, дұрыс-бұрыс, төмен-биік, о дүние мен бұ дүние деген ұғымдарды бар болғаны өзі «өтуге тиіс өмірдің сабақтары» деді. Уақытты игердім, тағдырдың ойынының күл-талқанын шығардым деп ойлады. Ал өмірді – ұйқы, түсті – шын деп ойлады.
Сөйтіп жүргенде өзінің де үстінен кәдімгі шахматтың тақтасындағыдай біресе қара тасы, біресе ақ тасы болып Біреулердің ойын жүргізіп келгенін сезбепті...
Сол себептен істеген әрекеттерінің бәрін өзі дұрыс деп санаған-ды. Өзіне бәрі сондай дұрыс көрінетін. Дегенмен, ойынның аты ойын. Біреу жеңіп, біреу жеңіледі. Мысалы, қара тасты ойнап жүргендер – өзінің иесінің айтқанын ғана істеп жүре беретін кәдімгі қуыршақтар. Олар өмірді өздерінің иесі сызып берген ереже деп қана түсінеді. Ол ереженің дұрыс-бұрыстығына еш уақытта бас қатырмайды. Тіпті өздері табынып отырған құдайдың өзін «қатыгез бе, мейірімді ме?!» деп бас қатырмайды.
Әйтеуір, алда бір қорқыныш бар...
«Көзге көрінбеген белгісіздіктің барлығы қорқыныш» демекші, бұл қорқыныш ұлғайған ауру болғаны соншалық, тұқымнан тұқымға жалғасып, жаңа туған пәк нәресте сәбидің өзі ешбір себепсіз қараңғылықтан, кез-келген түсініксіз нәрседен қорқатын болып туатын болды. Енді бұл жаратылыстанушылар тарапынан қатардағы табиғи инстинкт саналатын болды. Ғылымда кез-келген қорқынышты жындылықтың, яғни, шизофренияның белгісі деп санаса да, оған зер салып жатқан ешкім жоқ. Балалар үлкендерден, жұмысшылар бастығынан, әйелдер күйеулерінен (немесе керісінше!) қорқу керек болды. Ал біреуді сүйіп қалсаң ше? Оны айтудан қорқынышты не бар? Кез-келген жерде кезекте тұра қалсаң, екінің бірінің әңгімесі ертеңгі өмір үшін қорқыныштан басталмай ма? Ең соңы өлімнің не екенін ешкім білмесе де, барлығы содан қорқады.
Мынаған зер салыңыз, ал ақ тастарды ойнайтындар өлім дегенді, қорқыныш дегенді қара тасты ойнайтын қуыршақтардың иелері ойлап тапқан өтірігі екенін жақсы біледі. Сондықтан олар жер бетінде саны аз болса да ештеңеден қорықпайды.
Қара тас боп ойнайтындар нашақорларды, арақкештерді, қаңғыбастарды қоғамның ең сорлысы санап, оларға жирене қарайды. Ал ақшаға құмарлықтың дерті одан миллион есе жезөкшеліктің ең сұмдық түрі екенін, өзіндегі бұл ашкөздікті ауыздықтауға ілуде біреудің ғана шамасы келетінін ұғынғысы да келмейді.
Өзіңнің «ақ тас» немесе «қара таспен» ойнап жүргеніңді білгің келсе, «миыңның үстіне» шығып қара. Сол кезде барып көзіне қара көзілдірік киіп алып бәрін басқарғысы келетін қара шайтан – ол сенің өзіңнің зұлым ақылың екенін анық көресің. Бірақ қорқынышты қанша айлакер болсаң да, ақылыңмен басқара алмайсың. Махаббатыңмен ғана басқара аласың. Сондықтан кімнің махаббаты көп болса, сол бәрін жеңіп шығатын күшті.
...Қайран шахмат тастары-ай! Мықшия-мықшия жаңылыспай келе жатқан жүрістеріңе болайын! Ал қызықтың көкесі, шынында, осы екі түрлі тастардың да иесі Біреу ғана болса ше? Ойынның аты ойын, ол қара тастармен де, ақ тастармен де ойнай беруі мүмкін ғой. Олай болса, кім-кімді жеңді?!