АЙНАШ ЕСАЛИ. СҮЙКІМСІЗ ЖІГІТТІҢ СУРЕТІ

– Анау өзім сияқты, шілтері әдемі терезені көрдің бе? Мен сол бөлмеде тұрамын, есіңе сақтап ал, – деді Салтанат маған қарап қутыңдап.

Мен көп қабатты жатақхананың терезелерінен әдемі шілтері барын көзіммен іздеп, танауымды пыш еткізіп тартып қойдым.

– Іздеп келгенің жақсы болды. Адаспай қалай таптың? Өзің де өсіп қалыпсың ғой. Кіп-кішкентай қыз едің, – деп Салтанат жатақхананың есігіне қарай аузы тынбай сөйлеп келе жатыр. — Интернаттарыңда дұрыс тамақтандыра ма? Жүр, тамақ ішіп алайық. Сосын мен сені қыдыртамын, – деп ол мені кекілімнен сипап еркелетіп қойды.

Мінезі қалай өзгерген. Ауылда әркімге жеңгетай болып, аузы жабылмай қутыңдап жүретін Гауһар жеңешемнен айнымай қалыпты. Мынау баяғы жәудіреп тұратын ұялшақ Салтанат емес. Бірақ бәрібір ол сұлу-ақ. Тек кинода ойнайтын сұлулар секілді. Шашын кеспегені қандай жақсы болған, деп соңынан бұрымына қызығып еріп келемін. Сөйтіп өзімнің ербиген, ақ бантикпен екі бөліп өріп қойған бұрымсымағымды сипап қойдым.

– Ішіп ал, жесейші. Апам да қызық. Мені аш жүр дей ме екен. Талқаны мен құртын келген-кеткеннің бәрінен беріп жібереді.

Ауылда қазір содан үлкен ас болмай тұр ғой. Заманның дөңгелегі кері кетіп, көп үйдің дастарқанынан күй тайғалы қашан.

Интернаттың қырлы стақаны мені жалықтырса керек, ауылдағыдай шұңғыл кесемен шай ішкен әлдеқайда мәндірек сияқты көрінді. Темір кереует пен қақиған үстелден гөрі, Салатанаттың апасы беріп жіберген құрақ көрпеге аунап, ауылға барғандай жаныма жақын тиіп, жадырап қалдым.

Салтанаттың қойған сұрақтарына «иә» мен «жоқтан» басқа жауап айтпаймын. Үстіне кенеп қап кигізіп қойсаң да сұлулығы әсте кемімейтін Салтанаттың жүріс-тұрысы, шайды жинағаны, бәрі-бәрі интернаттың сұрқай біркелкі тіршілігіндей емес, басқаша әсер етті.

– Менімен бірге дискотекаға барасың ба? – деді Салтанат киініп жатып. Үндемесем де осындай аса көрікті әпкеме еріп жүретініме іштей қуанып тұр едім.

Салтанат үстіне майда қызылды-жасылды, көбелек тектес гүлдері бар, қып-қысқа, мықынын әрең жауып тұратын көйлек киіп алды. Аппақ, оқтаудай түзу екі аяғы талантты мүсіншінің қолынан шыққан мінсіз туынды сияқты. Ұзын шашын тарқатып жайып жіберді. Көйлегінен шашы ұзын.

– Егер ауылда дәл осылай көшеге шыға келсем, жұрт «Ескендірдің қызының көйлегіне мата жетпей қалған ба?» деп күлер еді, иә, – деп Салтанат айнаға қарап күліп қойды. Өзінің көркіне өзі де көңілі толғандай, айна алдында әпкем көркіне масаттанып, әрі-бері бұрылып қояды.

Далаға шықтық. Жатақхана алдында темекі шегіп отырған жігіттердің біреуі Салтанаттың басынан аяғына дейін мойнын шалқақтата көз жүгіртіп, ысқырып жіберді.

– Па, шіркі-і-і-н, королева, қайда кетіп барады? – деді оны қостаған екіншісі кекесінсіз.

– Көрдің ғой, әпкеңді, – деп күлімсіреп Салтанат маған бір көзін қысып қойды.

Келер жолы қайда келетінімді ұмытып қалмайын деп, әрең, сарсылып іздеп жүріп тапқан жатақхананы есіме сақтап қалайын деп, артыма бұрылдым. Жатақхана сыртында «3 құрылысшы-жастар жатақханасы» деп бадырайып орысша жазылып тұр екен. Кіріп-шығып жүрген жастардың тоқсан тоғыз пайызы қаракөз жастар.

Айтпақшы, ауылдағы Ескендір шал «қызым оқуға түсті» деп өлердей қуанып, көрші-қолаңға ағыл-тегіл дастархан жайып, қуанышын бөліскен жоқ па еді?

– Салтанат, сені біздің ауылдағылар институтта оқиды деуші еді ғой. Ал, мында студенттердің емес, жұмысшы-жастардың жатақханасы деп жазылып тұр ғой, – дедім шыдай алмай.

– Салтанаттың институтта оқығаны рас, студент болғаны да рас. Бірақ қазір студент емес. Кейін айтамын, үлкейгенде түсінесің, – деді де шуы мол би алаңына мені жетектеп кіріп кетті.

– Қазір айтсаң да түсінемін, айтшы, – дедім, енесінінің артынан ентелеген бұзау секілді көп адамдардың арасында қыстырылып-қымтырылып әрең өтіп келе жатып. Ол музыканың айғайынан менің сұрағымды естіген-естімегені белгісіз, даңғаза шудың ішінен біреулерді іздеп мойнын созып, маған қарап басын шайқап, алақанымен құлағы мен аузын көлегейледі. Естімеді ме екен, әлде жауап бергісі келмеді ме? Жоқ, әлде, кейін сөйлесеміз дегені, мүмкін қажеті жоқ деген ишарасы шығар, мен де сосын үндемей қоя салдым.

Екі өкпесін жұлқып, билеп жатқан жастардың арасында біз де жүрміз. Салтанат өзі іздеген топқа жақындасымен-ақ жігіттер жарылып, ортадан орын берді. Сұлулық деген қандай құдіретті күш! Сиқырлы таяқ секілді, жалт еткенде арбалмайтын адам жоқ. Көрікті, аса көркем қызбен бәрінің де билегісі келеді. Келесі би басталған сайын Салтанатқа жапа-тармағай бірнеше жігіт қатарынан ұмтылады. Әне бір, еңгезердей сымбатты жігіт Салтанатты билеп-төстеп, иемденіп барады.

Ысырыла-ысырыла, биден шеттеп қалдым, ішім пыса бастады. Салтанаттың көзі маған бір түскенде кетейікші деп ымдадым. Би алаңынан Салтанатпен бірге екі қолын қалтасына салып, қораздана күжірейіп, әлгі жігіт те ере шықты. Қараңғылық баяғыда түскен, күздің алғашқы күндерінің ызғары байқалады.

– Шаршадың ба, тоңған да шығарсың?

– Кетейікші, – дедім оған қарап.

– Билемеген адам тоңады. Әлде де билей тұрсақ қайтеді, қыздар? – деді жаңағы жігіт Салтанатқа бір жағы өтінгендей қиылып.

Салтанат маған «не істейміз?» дегендей сұраулы жүзбен қарап еді, мен кеткім келіп тұрғанын білдіріп, маңдайымды тыржиттым. Оның үстіне манадан бері билемей шетте Салтанаттан көз алмай тұрған ұсқынсыздау, шикіл сары жігіт те көңіліме неше түрлі күдік ұялатып тұр еді. Сонымен «қораз жігіт» (өзімше оған іштей сондай ат қойып алдым) бізді шығарып салмақ болды. Өзінің де аты Ораз екен.

Жатақханаға қарай аяңдап келеміз. Самаладай жарқ-жұрқ еткен, даңғазаға толы би алаңы да артта қалып барады. Жарық көшелер кейін қалып, жаңадан салына бастаған үй құрылыстарына жақындағанда Салтанат:

– Мына үйлерді біз тұрғызып жатырмыз, – деді мақтанғаны, әлде өкінгені белгісіз.

– Сіз секілді аруға балшық илеп, кірпіш көтерген обал екен. Сіз сияқты аруға актриса болу ғана лайық, – деп «қораз жігіт» Салтанаттың сүйріктей саусақтарын алақанымен әспеттей көтеріп, ерніне апармақшы болып еді, ол қолын сілкіп тартып алды.

– Мынадай сүмбіл шаш ежелгі ертегілер заманындағы аруларда ғана болған шығар, – деп тағы да Ораздың жападай алақаны Салтанаттың шашын желкесінен бастап сипай келе мықынына аялдады.

– Сіз де мына шешендігіңізбен құрылысшылар арасында босқа қор болып жүрген сияқтысыз ғой, – деді Салтанат алға қарай ыршып түсіп. Ораз бағанағы би алаңындағы биязылығынан арылып, кейпі бір түрлі өзгеріп келе жатыр еді.

Ұрттап алған болу керек, аузы ашылғанда арақ иісі аздап мүңк ете қалды.

Салтанатқа «тез жүрсеңші» деген кісіше алға озыңқырап, безілдеп келемін. Олар артымда асықпай басып келе жатыр. Қайта-қайта соңыма бұрылып, асықпайтын Салтанатқа ызам келе бастады. Енді бір уақытта әлгі жігіт бір қолымен Салтанатты иығынан қапсыра құшақтап алыпты. Тез-тез жүре бастаймын да олардың қарасы ұзай бере қалт тоқтап, жақындағанша күтіп тұрамын. «Тез жүрсеңші» деген ишарамен Салтанатқа қарап, басымды изеп қоямын.

Тым ұзап кетсем керек, бір кезде Салтанаттың дауысы шар ете қалды. Қолы сумаңдап келе жатқан жігіт қай кезде менің сұлу әпкемді лақтай бақ еткізіп, көк шөптің үстіне атып ұрған?!

– Бота, балапан, балапан, – деп Салтанат менің кішкентай күнімдегідей тұншыға шақырады. Алысып жатқан екеуінің қасына жетіп барып, әліме қарамай-ақ, әлгі жігіттің арқасына жармаса кеттім. Сырттай қараған біреулер үшін мына сурет, әрине, сайқымазақ комедиялық көрініс болып көрінері хақ. «Қораз жігіт» мені шыбын құрлы көрмей жерге жалп еткізе салды. Шамам келмесе де қайта ұмтылдым. Тағы да оңдырған жоқ, ұшырып жіберді.

– Балапан, балапан, – дейді арпалыса ышқынған Салтанат.

Көзіме Салтанаттың жоғары жағында жатқан сынық кірпіш оттай басылды. Жүгіріп барып кірпішті қолыма алдым.

– Өй, өй, мынау жынды ма? Таста! Қазір екеуіңді де өлтіремін, – деп күжірейген жігіт Салтанатты тастай салып маған ұмтылды. Осы сәтте бізге қарай едіреңдеп келе жатқан манағы сүйкімсіз жігіт көрінді.

...Көзімнің оты жарқ етіп, құлап бара жатып, бізге қарай ышқына ұмтылып келе жатқан манағы сүйкімсіз жігіт жанарыма оттай басылды. Бәрі бітті деп ойладым, бәрі бітті...

Есімді жиғанда қасымда жылап отырған Салтанатты көрдім.

– Балапан, көзіңді ашшы, – дейді Салтанат жыламсырап. Қасында тізерлеп бағанағы би алаңындағы билемейтін жігіт тұр.

– Кет, – деп айғайлап жібердім. Денем қорқыныштан қайта дірілдеп қоя берді. Тағы да талып бара жатқан сияқтымын.

– Балапан, қорықпашы, бұл бізбен бірге жатақханада тұратын Нағашыбек қой, – деп Салтанат мені басымнан қапсыра құшақтап, жалаңаш тізесіне жатқызды. Көйлегі тым жоғары көтеріліп кеткен екен. Бәріне кінәлідей көрінген осы бір қысқа көйлектің етегін топыраққа былғанған қолдарыммен төмен тартқылап, аппақ санын жауып жатырмын. Мына әрекетім Салтанатқа да ес кіргізгендей, мені сүйемелдеп, орнынан атып тұрды.

Үшеуіміз жатақханаға қарай келе жатырмыз. Адамдардың бір-біріне жасаған кісәпірлігінен ұялғандай, аспандағы жұлдыздар да әрең-әрең жылтыңдайтын секілді. Маған сол сәт анау артта қалып бара жатқан, бітпей тұрған құрылыс алаңы секілді дүниенің бәрі алқам-салқам, қораш та, сиықсыз, мәнсіз, сұлулықтың өзі де мағынасыз болып көрінген еді.

Кейін мен шикіл сары жігіттің бізге Алла айдап жіберген құтқарушысы екенін білдім. Бірақ ол Салтанаттың бүкіл тағдыры екенін сол кезде білген жоқ едім. Оны Салтанаттың өзі де ұққысы келмеді.

Нағашыбек Салтанаттың бөлмесіне жиі келеді. Әрине, оның Салтанатты өлердей сүйетіні айтпаса да түсінікті. Артынан көлеңке сияқты салпақтап жүргені. Сол, еріп жүріп қой, Салтанатты бір абыройсыздықтан құтқарып алып қалғаны. Нағашыбек көрікті қыздың құдіретіне арбалғандай, мінезі ашық Салтанат сампылдап сөйлеп отырғанда көз алмай қарап отырады. Ал, шынына келсек, ол құтқарушысының көңіліне қарап қана онымен бірге анда-санда киноға, Медеу жаққа қыдырып қайтқаны болмаса, үнемі Нағашыбектен қашқақтап жүретін.

Салтанат бірде Нағашыбектің студент екенін, сырттай оқуын жалғастырып, тапқан табысын әке-шешесіне беріп, оған қоса күндізгі бөлімде оқитын қарындасына қарайласып тұратынын айтып еді. Қысқасы Нағашыбек Салтанатты ессіз жақсы көргенімен, көлеңкесі сияқты еріп жүргенімен бәрібір оған ұнамай-ақ қойды. Сол жігіттің аты аталса болды тыжырынып шыға келетін.

Сонымен, ол екеуі кітаптардағы ғашықтарша жарасып кете қоймады. Нағашыбек Салтанат үшін ғайыптан пайда болған құтқарушыдай болғанымен олардың арасы күн сайын жақындаудың орнына алшақтап бара жатқан еді. Сұлу қыздан үміті үзіле бастаған Нағашыбек соңғы келгенінде:

– Салтанат, ең болмаса суреттерімізбен алмасайықшы.

Сағынғанда естелік болсын, – деп өтініпті.

Әрине, Салтанат та ақымақ емес қой (мүмкін өміріндегі ең үлкен ақымақтығы да сол шығар), әдемі болып түскен бір суретін Нағашыбекке сыйлапты. Өзі де жігіттің берген суретін оның көңілі үшін естелік ретінде алыпты. Салтанат Нағашыбектің берген суретін өзінің сурет альбомының бір шетіне жабыстырып қойды. Ал, құрбылары сол суреттегі ебедейсіздеу тұрған, шикіл сары жігіттің суретін көрген сайын:

– Мынауың кім, ей? – деп жырқылдап күлуші еді. Салтанат бір түрлі қызарақтап:

– Әй, жәрәйды... Тамақ сұрап тұрған жоқ қой, тұра берсін. қайырымды бір жігіт, – дей салатын.

Алайда, жерлес әпкемнің жанынан тәулік бойы табылуға даяр табынушылары көп болса да, Салтанаттың бағы ашылмады. Ол сырты жылтыраған, сұлулығына ғана сұқтанып, ішкі әлеміне үңілмей, өзін көрікті жаратылған бір бұйым ретінде ғана иемденгісі, яки болмаса бір ғана құшып кетуді мақсат тұтқан жігіттерден талай аузы күйіп, үрлеп ішейін десе де армандаған адамын әйтеуір жолықтыра алмады. Барлығы да тәңір сұлу етіп жаратқан қызды жақсы көріп, ғашық болғанмен қасында еркек біткен балға үймелеген арадай болып жүретін аруға үйленуге тәуекел етпеді. Ондай батырлар табылған кезде Салтанаттың біреуге басыбайлы жар болуға деген ниеті болмады. Ал, баяғы оқиға жерлес әпкем екеуімізді жақындатып жібергенмен, кейін тағдыр біздерді бөлек арналармен ағызып әкеткен еді.

Мына қызықты қараңыз, мен кейін Нағашыбекті бірнеше рет теледидардан көрдім. Баяғы жиырмаға жетер-жетпестегідей ұсқынсыздау емес, әжептеуір ысылып, ақылды кейпі оны кәдімгідей тартымды етіп көрсететіні байқалды. Шашы да сонау бозбала кезіндегідей үрпиіп тұрған жоқ. Тым жинақы, кәдімгідей жігіт болып алыпты. Жалау қылып көрсетерліктей жақсы қызмет пен абыройдың құлағынан ұстап отырған сыңайы бар. Бірақ мен бұл кезде Салтанатты жоғалтып алған едім...

Елге барған сайын білетіндерден Салтанатты сұраймын.

«Салтанатты қалаға барып, бұзылып кетіпті, пәлен дейді, түген дейді...» деп, жанға түрпідей тиетін сөздерден басқа ол туралы жөні түзу әңгіме жоқ.

Ауылға барған сайын бұрынғы кеңшар орталығындағы автовокзал қасындағы қарағаштардың көлеңкесінде бидай көже сатып отыратын кісілерден бір кесе мұздай көже ішіп алып, содан кейін ғана үйге аяңдаймын. Бұл менің бала кезімнен қаныма сіңген әдет. Шаң басқан «пұшық аптауыздан» түсіп, салқын бидай көжені қолыма ала бергенде, атына мініп, қамшысы салбырап келе жатқан Ескендір атайға ұқсайтын шалды байқап қалдым.

Әбден қартайып, шөгіп, аузындағы тістерінің шөгірі қалған Ескендір атаны таныр ма едім, танымас па едім, қария аялдаманың жанындағы ағашқа атын байлап жатқанда, көже, шемішке сатып қана қоймай, ауылдағы негізгі ақпарат көзіне айналған көже сатушы әйелдердің бірі:

– Мынау қызы жынданып кетті деген шал ғой! Байғұс-ай, бір-ақ уыс болып қалыпты ғой. Қызын үйде байлап ұстап отыр дей ме?! – деп сампылдап, көжесін сапырып, құюға ыңғайлана бастады.

Ескендір атай қамшысын қонышына қыстырып, қатындарға жақындады.

– Әй, Қаншайым келін, құйшы бір кесесін, – деді Ескендір шал Зылиханың көже құюға ыңғайланып жатқанын көрмегендей, шеткері отырған можантомпай, толықша сары әйелге жақындап. Мен кесемді кері ұсынып, Салтанаттың әкесіне қарама-қарсы жүрдім.

– Ата, қаліңіз қалай? – деп қолымды создым.

Ескендір шал көзін сығырайтып, алақанын жейдесіне сүртіп, қолымды алды.

– Шырамыта алмай тұрмын, қай баласың? – деді жылы ұшыратып.

– Мен ғой, Салтанаттың досы – Балапан-Ботамын ғой, – деп дауысым қарлығыңқы шықты.

– Ә, Ботам, бойжеттің бе? – деп Ескендір шалдың бет-әлпеті бұзылып, атына қарай аяңдады. Мен де соңынан ілестім.

– Ата, Салтанат қайда? «Тілің кесілгір әлгі кесір әйелдердің сөзі жалған болып шыққай!».

– Ботам-ау, қызымның бағы ашылмады ғой. Естіп жатқан шығарсың. Құдайым бармақтай бағын қимады қызыма. Көрікті қылып жаратқанша, өрісті етіп жаралса нетті... Ақыл-есінен айырды ғой, қу Құдай, – деп Ескендір атай кемсең-кемсең етті. Бір тамшы жас сақалын бойлай сырғып келіп, қолындағы көжеге тамды.

– Ата, Салтанат үйде болса, көре кетейінші, – дедім тамағыма өксік тығылып.

– Несін көресің, несін көресің, балам-ау, – деп ол кісі атын жаяу жетектеп үйіне қарай аяңдады. Мен де артынан ілестім.

Біз аулаға кіргенде, Салтанаттың шешесі самаурынға көсеумен ошақтан алып, шоқ салып жатыр екен.

– Қайда жүрсің, байғұс-ау? Шайымыз қайнай-қайнай таусылатын болды ғой, – деп кемпір отағасына қарап сөйлеп келе жатып мені көрді де, алақанымен көзін күннен көлегейлеп, бізге қарай жүрді.

– Бұл қай бала? – деді Салтанаттың шешесі сәлемімді алып.

– Бұл бала аялдамада жолықты. Баяғы Салтанаттың Алматыдағы «Балапаны» ғой.

Салтанат мені еркелетіп, үнемі солай атайтын. Салтанаттың шешесі мені тани салысымен құшақтап, кемсеңдей жөнелді.

– Салтанатқа келдің ғой сен, Ботам-ай. Баяғы Салтанат жоқ қой, жоқ! Тілің тасқа тигір, мына жұрт «Қызыңды адам жаратты ма, періште жаратты ма?», «Сурет-ау, сурет!» деп сұқтана беруші еді, түбіне жетіп тынды ғой, – деп шешей зарлай жөнелді.

Көшедегі әйелдердің жаңылыспағанын білгенде, менің сан жылдардан кейін бала-Ботадан адам болып, ақыл-есім кіргенде, сол сұлу әпкеммен бір сырлассам, екеуіміз баяғыдағыдай таң атқанша әңгімелессек дейтін көкейдегі сары арман, ауылға деген сағынышым сап тыйылғандай тамағымды бір нәрсе кернеді де қалды.

– Қойшы енді! Сұңқылдамай, шайыңды әкел! Мына бала да шөлдеген шығар, демін алсын.

– Салтанатқа барсын да, мүмкін таныр, – деп Ескендір атаның дауысы дірілдеп, атын жетектеген бойы төбесін қамыспен жапқан қораға кіріп кетті. Дірілдеп бара жатқан жауырынына қарап, жылап барасыз-ау дедім шарасыз іштей жігерім құм болып.

...Мен кіргенде ескі кілемнің үстінде Салтанат теріс қарап отыр екен. Бөлмеде ол отырған ескі кілемнен өзге басы артық бұйым көрінбейді. Жәй басып барып, Салтанатты ту сыртынан құшақтадым. Мені күнде көріп жүрген кісіше, мағынасыз бұрылып қарады да қойды. Жанына тізерлеп, отыра кеттім. Көзімнен ып-ыстық жас домалап барып, Салтанаттың шашына құлады. Баяғы сұлу Салтанат қой мынау. Ауырғаны да, ақылынан адасқаны да мүлде өтірік сияқты.

– Маған тамақ берші, қарным ашты, – деді Салтанат жалынышты көзқараспен.

– Күнім-ау, тамақ жесең әкелемін ғой, садағаң кетейін, – деп менің артымнан ілесе кіріп, үндемей тұрған Салтанаттың шешесі тарпылдатып, кебісін сүйретіп қайта шығып кетті. Шашы баяғы оқиғадан кейін қайта тарақ көрмегендей қобырап тұр.

Таныды ма екен, танымады ма екен деген оймен көзімнің жасы мен автобустың шаңына айғыздалған бетімді алақаныммен сүртіп, терезеге жақындадым.

О, Тоба! Терезенің алдында баяғы Нағашыбектің альбомнан жыртып алынған суреті жатыр екен...