АЙКЕРІМ ҚИЫҚБАЙ. БАЙЛЫҚ

Қара қазанда қайнаған тіршілік кешіп сабылып, сандалып жүргенімізге, дәлірек айтсам бірге өмір сүргенімізге үш жыл толыпты. Үшке толған сәбидің тілі жетіліп, өзіңмен салғыласар сәті секілді біздің ыстық махаббаттың отына күйіп,  бір-біріміздің мінезімізді әбден жаттап, қисық қылықтарына көз жұмып, осы өмірге көндім деген сыйқымызды танытар тірлік еді. Алғашқы жылдағыдай ренжісулер мен ұрысулардың саны азайған. Бірақ онсыз тағы өмір сүре алмасымыз белгілі. Сол бір тірліктің шапанын жамылып тағы бір таң атты. Ұйқыдан көз ашпай жатып ол өз әдетіне салып әуелі менің тұрғанымды қадағалап жатыр. Біздегі  қалыптасқан бірақ бекітілмеген ережелер қатарына бұл да кіреді. Төсегімнен мысықша керіліп тұрғанда бойымды суық өбіп, денем тауықтың терісіндей тітіркеніп кетті.

Ас үй жақтан маған тиесілі міндеттерімді біреу меншіктеп жүргенін сездім. Әрине енем. Оны ерте тұрғызатын менің мазасыз қайын атам. Таңғы шайды ләм мим деместен үнсіз іштік. Атам әдеттегі төртінші кесе шайдан кейін тойғанын білдіріп жақсылап кекірді де жайланып шалқайып отырды. Ал енемнің әуелгіде шай құйылған кесесі елеусіз қалып, алдында үш төрт ыдыс сайрап тұр. Оның өзінің әдеті сол. Қант салынған ыдыста қант біткен соң түбінде түйір болып қатып қалған қасықтай қантты еріту үшін ақырғы кәсесіндегі шайды соған құйып жақсылап араластырып, шайқап ішіп алады. Ендігі кезекте майдың босаған ыдысы. Оның жан-жағына жағылған майдың қалдығын әуелі сол қолымен ыдысты жақсылап ұстап оң қолының сұқ саусағымен айналдыра сүртіп тілімен жақсылап жалап алады. Қаласа оған да шай құйып ішеді. Қалған ыдыстар босамаған соң ол жақсылап кекіріп, «болдық» деп орнынан тұрып бара жатып «Дәрі іштік пе?» деп атама қарап, жауабын күтпестен тоңазытқыштың есігінде тұратын дәрі салғыш құтыдан өзіне біреу, атама біреу әперіп су ішетін дәстүрлі ыдысқа су құйып қылқ-қылқ етіп жұтып жіберді.

Сөйтіп дастарқан басында екеуден екеу қалған кезде ендігі отырыстың мәні кете бастағанын сезіне бастадым. Ал ол  болса екі көзі кітапта, әлі үнсіз отыр. Сол қалпы көзі маған түсіп кетсе «болсаңшы енді» деген ишарат білдіріп, басын қиқаң еткізетінін сезіп отырмын. Бүгінгі жоспарда кешегі алған елу мың теңге жалақыны жұмсап келу. Бір күн үйге қондырып, алып ертеңінде таратамыз. Өткен айда Әсеттің дүкеніне бес мың теңге қарыз болдық. Әуелі соны қайтарамыз. Жолай тағы қарыз адамдарға соғып ақшасын берсек, қалғанына керегімізді алып, ақшаны тауысқасын жаңадан қарыз аламыз.  Қолымыздағы әлі жартылай қарызы қайтпаған  жалақының қалғанын қайда жұмсайтынымды ойша саралап келемін. Жыртығымыз ай сайын көбейіп, бірі жамалса, жылыстап екіншісі саусағын шошайтып тұрар дәстүрі белгілі.

Қам қарекеттің шатырынан алыстап, қиялдап кеттім. Шіркін, қалаған дүниеңді алып, өмірі жүзін көрмеген қымбат дүкендерді шірене аралап шығып, арасынан таңдап тұрып су жаңа киімдер сатып алып, саудагерге бума-бума ақшаны ұстатып, кете барсаң. Және оған еш қынжылмасаң. Себебі қалтаңда әлі ондай буманың бес алтауы бар болса. Сонда не болар еді? Әрине базарға өз көлігімізбен келеміз. Алған нәрселерді көліктің артқы есігін ашып сала сап, қолтықтасып қымбат дәмханаға барамыз. –Жаңа сөмке аласың ба? дейді ол мейірлене. Жоқ өткенде ғана алғам  деймін мен. Қане деп тартып көреді. Сол кезде шошып кеттім. Менің  дорбадай болған көк сөмкемді ол тартып маған ежірейе қарап тұр екен.

– Немене есіңнен танып тұрсың? Болсаңшы, қалтамызға сай келер дүниені алайық та қайтайық. Сөмкемді ашып, ішінен ақша алып, таңдаған емес, арзанға табылған затымыздың хақысын бердім.

Суық күнде базар аралап ұзақ жүргендікі ме, аяғымның басы қатып, мүлдем жансызданып қалды. Қолымда үйден алып шыққан салпаң құлақ ала дорба. Ішінде бағана үйден шығарда енем тапсырған кір сабын, тіс пастасы мен киім жуғыш ұнтақ, сусабындарды  алдым. Оның ішінде көзге көрініп тұрғанда ала салған ұсақ түйегі тағы бар. Дедектеп үйге жеттік. Келіп аяғымдағы етігімді сыпыра беріп басына көзім түсті. Аш иттің аузындай аңырайып қалыпты. Екеуі де. Іс-қимылымды аңдап қалған ол қасыма жетіп келіп

- Не болды? Жыртылып қалып па?-дейді.

Үндемедім. Жүрек жалғап алған соң бізі мен жібін құшақтап, менің етігімді тігуге кірісті. Бір кезде маған жалт қарап:

- Көресің! Кейін бізде бәрі болады! Тек шыдашы! Біз бәріне адал жолмен жетеміз. Ал адал адамдар қашанда қиындыққа төзуі керек. Кейін саған қалағаныңды әперем! Айтқаным айтқан-деді.

Дәл сол сәтте маған бағанағы байлықтың түкке керегі жоқ екендігі, осы бір сөздің өзі маған жылуды да, бақытты да бере алатындығына кәміл сендім.