АДАЛ ШӘРІПҰЛЫ. ЖАУЛАСҚАН ҚАЛА

Ескі қаланы ессіз үнсіздік басқан.

Көне автовоз бекетінің қарсы алдындағы жол жиегіне жағалай орын тепкен дүкендер мен дәмханалардың қарсы алдына  күнде кешқұрым  қартаңдау екі қайыршы әйел бас қосатын.

Киген киімдері жұпыны, әлдеқашан тозған, кірлеген шаштары ұйпаланып, қолдары күстенген. Тұрмыстың тауқыметі мен жоқшылықтан әбден қажықаны сонша, екеуінің де ес-ақылдары да ауыса бастаған.

Екеуі осы қаланы мекендегелі көп болған. Екі түрлі дінге сенетін екі ұлттың өкілі еді. Екеуі тіпті бір-бірінің тілдерінде түсінбейтін, аттарын да білмейтін. Солай бола тұрса да  кеш бата үйреншікті орында, төртінші дүкеннің алдында  бас қосатын. Ал басқа дүкендер оларды маңына да жолатпай қуып жіберетін .

Қашаннан бергі жинаған керексіз ескі-құсқы дүниелерін жан-жағына реттеп қойып жайғасқан соң, әңгімеге кірісетін. Бірі өзінің бүгін қайда болғанын, қайсы бір оңбағанның таяқ жегенін, қайдан тамақ тауып қорек айырғанын айтса, екіншісі өзінің баяғы балалық шағы, сондағы жақсы естеліктері жайында сөз қозғайтын. Бірде жетесіз ұл, қаскөй де қайырсыз келіннен көрген қорлығын айтып күрсінетін.

Бір қызығы екеуі екі бөлек тілде сөйлеп, бір-бірінің не айтып жатқанын мүлдем түсінбесе де, бір-бірінің жүзіне тесіле қарап мұқият тыңдайтын еді. Онсызда бұларды  тыңдайтын басқа бір адам пендесі жоқ еді, мына әлемде.

Тек, төртінші дүкеннің бес жасар қызы ғана анда-санда бұларға жаны ашып қолындағы заттарымен, кейде су, кейде жеп жүрген тәттілерін бөлісуші еді .

 

*   *  *

 

Бұл қалада екі түрлі  тілде сөйлейтін, екі бөлек дінге сенетін,  екі ұлттың адамдары тұрады...

Бірі ұзын сақалдарын көкке бояп,  балақтарын тобықтан жоғары шорт кесіп алатындар. Енді бірі ұзын сақалдарын қоңырға  бояп, балағына кестелі шілтер тігіп алатындар. Қаншама ғасырлардан бері жалғасқан діни  алауыздықтан сақтану үшін тіпті қаланы биік дуалмен екіге бөліп тастағанымен,  күнделікті тіршілік қамымен бәрібір мидай араласып жататын. Әр дүйсенбі күні жеті рет қоңырау соғылып, тау баурайындағы Құдайлар мүсіні қойылған ғибадатқанаға бас қосқан  қоңыр сақалдылардың қарсы алдына, алтын жалатылған хан тағындай биік мінберге жайғасқан дін басылары жан-жағына менменси, паңдана қарап отыратын. Сосын сұқ саусағымен аспан көзін шұқып алардай шошаңдатып, кедейлік пен қарапайымдылықтың ұлылығы туралы ұзақ уағыз айтатын.

Сәлден соң  көк сақал қоюдың қандай оңбағандық һәм азғындық екенін, олардың Құдайға қарсы, қарғысқа ұшыраған қауым екенін айтудан жалықпайтын.

Ал, сейсенбі күні ғибадатқана қоңырауы алты рет соғылған соң сонда жиналған көк сақалдылар дін басыларының айтуы бойынша, қоңыр сақалдылар жер бетіндегі ең оңбаған халық екеніне кәміл сеніп қайтатын. Себебі, балаққа кестелі шілтер жалғамау азғындық, бұдан асқан дінбұзарлық жоқ.

 

* * *

 

Бір күні әдетке айналған қақтығыс тағы да бұрқ ете қалды қалада.

Таң азандағы базарда, бір-біріне қарыз екі саудагердің ортасындағы ерегес, бір-бірінің діні мен Құдайларына тіл тигізуге ұласып, ақыры  кісі өліміне соқты. Артынан  өлген кісісі үшін кек алмақ болған  қоңыр сақалдылар жиналып  қаруланып шабуылға шықты .

Кәрі-жас, ер-әйел демей көшеде кезіккен қарсы жақтың адамдарын аяусыз соққыға жықты. Түстен кейін дайындалып жиналып, қаруланған көк сақалдылар қарсы шабуылға өтті. Екі тарап жүріп өткен жолдың артында қан қақсаған ел, өртенген үй, қанға боялған кінәсіз адамдар қалды.

Асфальт жолда тұруға шамасы келмей, қан жуған беттерін екі алақанымен сипап, ыстық қанға боялған қолдарына қарап мең-зең болған адамдар, жан ұшыра қашқан, айқайлаған азан-қазан болған ескі қала.

Есі ауысқан екі қайыршы әйел үшін мына ақылы сау адамдардың осы бір у-шуы  шынымен түсініксіз еді. Бірақ, бір-бірімен қырылысқан екі тарап, екі қайыршы әйелдің үстінен аттап кете барды. Мына әлем екі бейшара міскінді шынымен ұмытқан.

Оларға бақытты күлкіні ғана емес, мынау бейбақ пенделеріне берген  бір-біріне деген жек көру, жаулық, қаны кекпен  рахымсыздық сезімдеріне де араластырған жоқ.

Кешқұрым қақтығысқа үкімет әскері араласты.

Көргендердің айтуынша олар көшеде кезіккен адамдарды аң сияқты атып ойнаған. Сосын таң ата бүлікшілерден босаған ескі қаланы өліктерден тазалап,  қанға боялған ескі қаланың тас едендерін  жуып-шайып тазартып шыққан.

 

* * *

 

Бірер күннен кейін көше сыпырушы әйел екі қайыршы ғаріптің жоқтығын байқап,  дүкендердің алдында орындықта тісін шұқып отырған екінші дүкен қожайынынан сұрады.

– Қос бейбақ  көрінбейді...

«Қайдағы бір қайыршы әйелді мендей ақсүйек бай-патшадан сұрағаны несі?» дегендей, жақтырмаған қожайын мұрынмен мырс етіп теріс айналды. Сосын бір зымияндық есіне келе қалып, көше сыпырушыға  қарап:

– Оларды үкімет әскері атып тастады. Одан кейін әскери техникамен арлы-берлі таптады – деді, оң қолын пистолет формасына келтіріп, сұқ саусағымен шекесін тірей.

Осыны айтып, аса бір жиіркенішті дауыспен қарқылдай күлді. «Бұдан сұрап нем бар еді?» деп өкінді, көше сыпырушы, сәл үнсіздіктен соң. Үкімет әскері атса атып тастаған шығар, оны қойып төртінші дүкендегі бес жасар қызды да әке-шешесімен бірге үйіне қайтар жолда өлтіріпті. Оның жанында ешкімі жоқ қос пақырға кім жаны ашысын дейсің?» деп күбірледі.

«Өмірінің басы қандай белгісіз болса, соңы да сондай белгісіз болып мына ғаламнан өте шыққан міскіндердің көмілген жері де белгісіз...» деп ойлады тағы да, байқұс екі әйелдің күнделікті отыратын орынына құлап түсіп жатқан, сүреңсіз суық күн лебінен сарғая қураған жапырақтарды сыпырып жатып.

...   ...   ...                       

Қос ғаріптің жоқтығын көше сыпырушыдан басқа байқаған да, өлім күйіне еліте қайғырған да ешкім болған жоқ.

Ескі қаланы тағы да ессіз үнсіздік басқан.