Қабыл Әбдірахманұлы КӨЗҚАРАС

«Әй мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас істерінен.

Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар.

 Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды.

Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?»

 

  (Құран Кәрім «Мәида сүресі» 90:91)   

 

Қоғамға мықтап арқандалған екі азамат, қолын алмаққа 150 шақырым жердегі қажыға келе жатыр. Кезінде комсомол тойларда қызыл шарапқа бөгіп алып, үсті-үстіне «горька-горька» деп айқайлайтын бұл екеуі МАИ қызметкері болып жұмыс жасаған кездері қалтасын арам ақшамен қампайтқан, бүгінде діндар бола кеткен кластасының қажылық сапарынан көрген-білгенін естуге келе жатқан  беті еді. Осы екеуінің жүрісін көргенде, Алланың бұйрығымен өліп тірілгендер туралы хикаяттарды «жан түршігерлік» айдарымен беретін «қызық» газеттері  ойға оралады. Осы екеуінің қылығын жазып отыратын екі иығындағы мәңгілік рух иелері періштелер де «жантүршігерлік ақыл-ой иелері» деп мінездеме беретін шығар сірә. Осы жерде екеуін әлдебір құбыжық деп суреттелетін мәңгілік рух иесі машинадан суырып алып таудың жартасына бастан қадап миын шашып жіберсе де обалдары жоқ дейсің.

Рульде отырып алып қоңыр әңгіме айтатыны әке-шешесін бақпай тастап кеткен, әйелінің юбкасынан шыға алмай жүрген шырақ еді. Қасындағысы «құлдың маңдайын мұрны толтырады» дегендей мұрыны қандай зар еңіреген болса топастығы да сондай еңіреп тұрушы еді. «Қажыға барып, Арапа тауына шығып Алладан, қарыздан, кредиттен осыларды құтқара гөр» - деп тілек тіледімге бола келе жатыр. Жайшылықта жылына бір, онда да Амал мерекесінде телефоннан амандасса амандасар, басқа кезде бір-бірінің хабарын алмайтын кластастар еді. Қажының тілегін Алла қабыл етсін. Зәрре бағыштан жарылқаушы Жаратқан ием кең ғой. Осы екеуі не әңгіме айтысып келе жатыр тоқталайын. Әліне қарамай екеуі философиялық әңгіме айтып келе жатыр.

- Өмірдің өзі иллюзия, - дейді рульдегі.  

- Тап, менің ойымдағыны айттың, менің құмар ойындарға барып жүргенім де сол, - дейді қасындағы хохолдарға ұқсас шашы аппақ қудайы.

- Өмірді иллюзия дейтінімнің дәлелі ретінде мен саған мына әңгімені айтайын, - дейді рульдегі шиқылдап күлетін кісі.

- Ал тыңдайық, - дейді маңыздана мығымсып қасындағысы.

Рульдегі: «арбасын сайламаса байың, қат-е-ен, қайнамайды шайың, қат-е-ен, жайнамайды жайың, қат-е-ен», - деп әндетіп алып қоңыр әңгімесіне кірісті.

- Автовокзал кассасынан да арнайы қалааралық жолаушы тасымалдайтын «газельдерге» сатылатын билет жоқ. Ал, жекеменшік «газельдерге»  жолаушылардың мінгісі жоқ. Қалааралық «газельге» сатылатын билет құны 750 теңге. Жекеменшік «газелге» отырсаң 1000 теңге. Жолаушылар 800 теңгеден берелік дейді. Жекеменшік көлік жүргізушілері көнбейді. 1500 теңгеден таксиге отырғанша 1000 теңгемен жететін жерге жетіп қалайық дегендер саны 10-ға жетпейді. Бұл тартыс қашанға созылары белгісіз еді. Бала-келіні мен  4-5 немересін ерткен әже келіп: «1000 теңге болса 1000 теңге-ақ болсын, көз байланбай асып кетейік»  деп «газельдің» артқы салонына үйірлі жанды  бастап: «Біссіміллә! Я, Бекет ата, жар болагөр» деп жайғасып жатқанда, ошарылып тұрғандар қопарылып артқы салонды толтырып тастады. Шофердың жанына мен жайғастым. «Ай, бала!  Қасыңнан орын сайла» деп дауыстаған жанға қарасам - Құлтай екен. Бұл Құлтайдың істемеген кәсібі жоқ. Құдай сүйер қылығы жоқ жексұрынның өзі еді. Горбачевтың заманында алыпсатар болды, бертінде жер сатып басы дауға қалды. Көр қазушыларға ілесіп ескі қорымдардан көр де қазды. Борсық аулап майын да сатты. Құрылысшыларға бригадир болып өзбекстандық гастарбайтерлердің ақшасын бермей зар илетті. Оқыған кездері  театрдың жылтыңбай артисі де болған. Алпысқа енсе де тіп-тік бойы денсаулығы сыр бермегенінен хабардар етсе, ақселеу өсіңкі қобыраған шашы күтімсіздігін аңғартар еді. Сәкен Сейфулинге еліктеп қойған сұлу мұрты сарғыш тартып, астыңғы ерні  салбыраған ауыздылау кісіні сұрықсыз етіп жібереді екен. Студент кезінде қойған сұлу қара мұрты темекінің түтініне ыстала-ыстала жирен тартып кеткен. Сабақ бергенде үнемі бірдеңеге алаңдап кіржиіп отыратын. Жайшылықта жадырап жүретін де, сабақ кезінде тықырши беретін. Әй, бір көсіліп сабақ өтпеген бұл салық жинайтын агент болып кетіп еді. Сөйтсек, бұл карта ойнайтын сұмпайының өзі екенін, ұтылып қалғанда әйелін тіккенін ауыл аймақ құтыртып айтатын еді. Жай айтпай жігітте бір құмар болсын деп Құлтайды жақтай сөйлейтіндердің дәріптеуіне иланып заманымыздың қаһарманы - геройы ғой деп бала діліміз идеал көретінбіз. Жексұрынның мені жақын тартып өзімсініп: «Ай, бала!» деуіне кәдімгідей ішім жылып қалды.

Алдыңғы салонға екеуіміз жайғастық. Құлекең сыраны аямай сілтеген бе, сыра сасып тұр. Киімі де оңып, теңбіл тартыпты. Шілдеде көнетоз пиджак іліп, джинси шалбарланып алған. Қазақы ақсақалдың киінуі жоралғысынан бөлектеу киінген Құлтайдың қазақшылап амандасуы дұрыс екен. Машинасын бажасы сұрап мініп кеткенде әмиян машинаның бордошогінде кеткен, әйелінің қан қысымы көтеріліп тезден жет деген соң, машинасына қарамай жолға шыққан беті екен. Үнемі машинамен жүретін адам қалтасын қарманса 320 теңге шығыпты. 320 теңгенің 200 теңгесін таксиге төлепті де 120 теңгесі бар көрінеді. Бет сипайтын жөні бола тұрса да, бірде Түркия, бірде Ресейлетіп жүріп үйге соға алмапты. Ұзын сөздің қысқасы ауылдың баласы жолда қалдырмас деп маған жағдай айтты. Ғабит Мүсіреповтің сөзі бар ғой: «Бай жұпыны киінсе де бай екені белгілі, жарлы жұтынып киінседе жарлы екені белгілі, өңі не киімі айтып тұрады» деген. Өзім де: «Неғылған Түркия, неғылған Ресей» деп отыр едім. Түйсігім алдамапты. Бұл дүниеде не ғәріп? Құмар ойынға берілген жарлы  ғәріп. Бұл дүниеде кім арсыз? Құмар ойынға берілген жарлы арсыз. Қатар құрбысына  не балаларының құрбысына  әдейі арсалаңдап аржайы көрінеді. Кездесе қалса құдайдың құтты күні қарызға ақша сұрайды.

Құмарпаздың құлдық ұрып қарызға ақша сұрағанының қасында совет әдебиеті өмірін сұрықсыз етіп суреттейтін жалшының жағдай айтып жыланғаны, қайыршының мүсіркесін деп мүләйімсігені әлһам шүкір ме дерсің. Құлтайды аяғаным жоқ. Иттің етінен бетер жек көре отырып 1000 теңге бердім. Қуанып кетті. Сұлу мұрты тікірейіп, бетіне қан жүгіріп, астыңғы салбыраған ерні тартылғандай болып: «Машинаң жоқ па еді?»-ге көшті. Машинамның барлығын покрышкалары нашарлау екендігін, ауыл арасына болмаса 150 шақырымға жүрексінгенімді айттым.

- Нешелік покришка? - деді Құлтай тап бір жарылқаушымдай.

- Он төрттік, - дедім мен.

- Он төрттік всесезонкі екі шина үйде қолданусыз тұр. Балалар иномаркі айдайды. Балдызым қарызын қайтара алмаған соң беріп еді. Жарты бәсіне сатамын. Су жаңа, жер баспаған, балалар сатып жібермесе тұрған болар, - деді.

Енді мен асығайын. Құлтайға көзқарасым өзгерейін деді. Адам болғасын қандай жағдай болмайды. Бажасы машинасын мініп кеткен. Кемпірі ауырып қалған соң жанталасып келе жатқан беті-дағы. Өзімнің де өлі тірісіне бата оқи, құтты болсын айта бармаған жерім де баршылық. Қу тірліктің қамытын киіп алып жүрген жоқпыз ба?

- Ең соңғы аялдамадан түсіп қалып бірге кетейік, машина сонда тұр. Машинаммен үйіңе жеткізіп саламын, шиналарыңды жарты бәсіне аламын, - дедім. - Жарты секунд ойланғандай болған Құлтай мән бермегенсіп: «Жарайды», - деді.

Сенімсіздеу болып машинаға мінген Құлтай тықырши берді. Шарбағы тозған, қақпасы жоқ, қараусыз қалған сарайға  жалғастырып басталмай жатып тоқтап қалған үлкен үйінің тасы сарғайып, тұзы сыртына тепкен, жетімсіреп тұрған ауланың алдына тоқтатты. Адам жасайтын үй сиқы жоқ. Тауықтың боғындай болып тышқақтатқан насыбай түкіріктері жүрегіңді айнытады. Қайдағы су жаңа, протекторлары желінген екі шинаны басталмай жатып тоқтап қалған үйінен алып шықты. Ыңғайсызданып қалдым. Шиномонтаждан 1000 теңгеге алуға болатын көнетоз дүниелер.

- Қаншаға дейсің? - дедім жеккөргенімді білдіре дауысымды қатайтып.

- 5000-нан алдым екеуіне бес мың бер де ал, - дейді.

- Су жаңасы 10000 теңге, екеуіне 3000 берейін, - дедім. Алғым келіп тұрған жоқ. Сонша жерден келгесін көңілін қимадым.

- Алшы, алшы, далада жатыр ғой, мұнша сараң болармысың, - деді.

Ұялған тек тұрмас дегендей: «Қалада үш бөлмелі үйім бар, арзан болған соң мал сақтаймын ба деп жақында алған үйім еді. Мыналарды бұзып тастап коттедж салмақ ойым бар, - деп жүріс-тұрысын жуып шайды.

«Ағайымды өкпелетіп алған жоқ па екенмін, қаттылау айттым-ау» деп өкіндім. «Адам жаны нәзік емес пе? Бетке айтамыз деп қателесеміз. Сол қателіктеріміз достықтың жолын бөгейді. Қалада үйі болса, шаруашылықпен айналысамын десе, несі айып. Ыңырантып түйе айдап отырған шаруалардың отырысы да оңып тұрғаны шамалы. Бірақ осы қоқысын бұлдаған несі екен?!» деп мен кеттім.

 

  ***

 

Араға екі күн салып баяғы картқа тігілетін жеңгеміз жаман «Жигулиін» есіктің алдына қаңтарды. Ашуы қатты келді. Әй-шәй жоқ шаңқылдай жөнелді. Мен де тап сол кезде Лев Толстойдың «Крейцер Сонатасын» оқып жатыр едім. Толстой өзім екен ғой деп беріліп отырған кезім. Әйел затын - «әзәзіл, жер бетіне сұрқиялықтың дәнін егуші» деп сыпаттайтынын құп көріп айналама жеккөрушілікпен қарап, пұшайман болып отырған мені бала-шағамның көзінше жазғырмасы бар ма.

- Әкең жәдігөй еді. Сен оданда асып, ағаңа жаман арақ беріп басын айналдырып, інімнің әкеліп қойған «Опелінің» шиналарын неге алып кетесің? Мелисаға беремін, тапқан екенсің ақымақты, - дейді. Түсіндірейін деп едім, аузымды аштырмады. Тым болмаған соң гараждағы аяқтарын алдына лақтырып тастадым. Танымағансып: «Бұл емес, ол су жаңа болатын, түс алдыма, тауып бер, - дейді. Ант су ішсем де тоқтар емес. Басым бәлеге шатылғанын түсіндім. «Құлтай қайда?» деп едім. «Қаңғып жүрген шығар. Онда шаруам жоқ. Базардан алып бересің, алып бермейді екенсің Құлтайыңмен қосып сотқа беремін», -  деп қарап тұр. Оған әйел қосылып, шоқ бәлем, шоқ деп шақшадай басымды шарадай  қылды. Амалсыз сыбайыма жағдайды айтып жыларман болып 20'000 теңге алып бердім. Сыбайым қағаз жаздарып ал дегесін. 20'000 теңгеге опель вектраның шинасын саттым деп қағаз жазып берді. Бұл маған жұмыс болды. Содан  зәлім Құлтайды іздейін. Телефоны жоқ та шығар. Телефоны болғанымен бұндайлар алмайды. Қаладағы үйін білмеймін, өткендегі жатағына ертесі таңертең бардым. Жеңгей машинасын қыздырып бір жаққа кеткелі тұр екен. Сәлемімді алмады. Құлтайды сұрадым. Зорлап қосақтап қойған адамындай анда деп үйдің сыртын  иегімен нұсқады да кірі бес елі  машинасын асығыс айдап кетіп қалды. Машина дауысы көміп естірмей тұр екен Құлтай лоқси құсып үйді айнала берді. Сұлу мұрттың езу тұсы  құсықпен ылғалданып жүрегіңді айнытады.

- Кеше тойдан шығып едім. Неғып жүрсің, - дейді дым білмегенсіп.

- Әй, өледі деген адамың өгіз сүйреп жүр ғой, - деймін кейіп.

- Ағаңды өлсін демесең бірдеме алып келші, қазір бала келеді содан алып беремін, - деді

   Жексұрынның баласын күтуден басқа лажым  жоқ екенін білдім. Үйінің іргесіндегі дүкеннен бір бөтелке сыра алып келдім. Аһылап-үһілеп отырып сыраны ішіп жан шақырғандай болды.

- Бермеуің керек еді. Мен саған зорлап сатқаным жоқ қой. Мен өзімде екі шина бар екенін айттым. Маған не дейсің. Сәулемен араңыздағы саудада шаруам жоқ. Мен үш мыңыңды білемін.

- Ай, мен бақандай жиырма мың теңгені кемпіріңе санап бердім. Өтірік айтуға  құдайдан қорықпайсыңдар ма деп ізгілік моральға салдым.

- Сәулені сотқа бер де өндіріп ал, - деді.

- Сен куәлік бересің бе, - дедім.

- Қайдағыны айтып басымды қатырма, жаздырып алған қағазың бар емес пе соны куәлікке тарт, - дейді Құлтай.

Ақша қайтпайтынын түсіндім. Құлтай мен кемпірі орыстар айтпақшы «Муж и жена - одна сатананың» өзі болып болған екен. Байғыз дейтін құс бар соның аузына шымшықтың өзі түседі дейтінді еститін едім. Бұл Байғыздарға өзім жемтік болғанымды бағамдадым. Енді қулыққа көштім.

- Кешегі мың теңге,бүгінгі 400 теңге, шинаның үш мың теңгесі жәмі 4400 теңгені бересің, - дедім.

- Мойныма қарыз, - деді.

- Балаңнан алып бермейсің бе, - дейін.

- Баланы араластырма, бір братичкі маған кеште ақша беруі керек, кешке беремін, - деді.

- Үйден аламын ба, - дедім.

- Жоқ, кеште үйде болмаймын сенің аулыңда пәлен адресте боламын, - деді.

    Менің үйімді білуіне қарағанда кемпірі екеуі іштес екенін білдім. Зәлім Құлтай құдай жазаңды берсін дегенді іштей айттым. Осы кезде сүйрете басып үйді айнала біреу келді. Құлтайдан аумай қалған ұзын бойлы жігіт кірді. Сәлем берген жоқ босағаға отыра қалды.Әкесіне жек көре қараған баласы: Шешем қайда, - деді.

Жорта мейрімді кісі бола қалған Құлтай: - Шешеңді Асарсқа жібердім, - дейді.

Құлтайдың өтірік айтып отырғанын адам жұмсайтындай тозаңның түйіріндей де  отбасында  беделі қалмағанын қауқарсыз жанары ұқтырып тұрды.

Өтірігіне әбден тойған адамша ұлы: - Соткім қайда, - деді.

- Тауып алған братичкі кеште әкеледі, - деді Құлтай.

- Әй, ЧМО! - деді баласы әкесіне қарата, мынаны адам деп келіп жүрсіңбе бұл нағыз иттің өзі деп маған қарады.

- Балам, - деді Құлтай жыламсырап.

- Балам деме маған, Шорт! еббалнигіңді сындырамын, - деді баласы.

Әй, қойыңдар дегенше болмады босағадағы су толы шелекті баласы Құлтайдың үстіне ақтара салды. Қолы үйреніп қалған ба әлде үлкен пышақ ұялғаннан кеседінің кері ме жанұшыра тік көтерілген Құлтай иектің астынан дәлдеп соқты ау деймін, баласы мұрттай ұшты. Қайдан алғанын аңғармайда қалдым дайындалып отыратын болуы керек, қолына ас пышағын алған Құлтай баласының кеудесін қос тізесімен баса сол қолымен сыртымен иегін көтере алқымынан ормаққа ыңғайланып: бауыздаймын, - деді. Бауыздағалы жатыр екен деген мен Құлтайдың қолындағы пышағын жұлып алдым. Пәледен машайық қашыпты деген кім бар десе Кеңес бар екен дейді ғой, пәлесін маған жабар бәлемдер не болса да әкесін алып кетейін деп, Құлтайды қапсыра құшақтап сыртқа шықтым. Ашуыңды бас темекі, арақ алап берейін деп алдап алып шықтым-ау әрең дегенде.

Қанасына симағандай болған Құлтай былай шыға бере: Маған бір шөлмек арақ закуска, темекі алып бер, - деді. Ылау жолдың шетіне тоқтап дүкенге кіре бергенімде Құлтай айқайлай: - Жақсысы  арақтан екі шөлмек аларсың, - деді. Мен екі шөлмек түгілі төрт шөлмек алып беруге қайыл едім. Жаңағы жерде әкелі баланың біреуі мерт болса басым кететінін ойласам үрейім ұшатын еді. Екі шөлмек арағы, темекісі закускісі бар Құлтай абыройлы болып манағы болам деген адресінде қалып қойды. Көңілдене: - әй, бала кеште келерсің, кемпірдікінде қарармыз, -  деді. Енді көрмегенім Құлтай болсын десемде үйдегі қысым шыдатпай  сол адреске кеште келдім.

 

Кішігірім мереке тарап, абыр-сабыр басылып, іште кіл картожниктер қалған екен. Отырыстары американдық  фильмдегі үндіс жерін  отарлаушы бандиттердің отырысындай көңілді-ақ отырыс екен. Жеті қол болып үш жерде құмар ойын жүріп атыр.

Ортадағы жетілікте үш адам қалған. Ортада  ұлты татар әлде ноғай, сақалы өскен ұзын тұра әбден масайыпты. Шұлығын башпайына дейін түріп тастаған. Шалқалай  жатыр. Қазақшасын орыс акцентімен сөйлейді.

- Сыра  құй, - дейді.

- Сендер сатып алыңдар. Мына тұрған шөлмектер менікі, мен қонақпын, - дейді Құлтай кеңк-кеңк күліп қасындағы синдикат болғансып отырғанына көзін қысып сыраға арақ қосып ұсынады. Басын көтеріп алып қаталап келген жолаушыдай бокалдағы арақ қосылған сыраны бөліп-бөліп сіміріп салып қайта шалқалайтын жексұрын шынымен күлкілі еді. Құлап жатып таратылған картаны жерді сипағандай қолына алып ашып қарамай-ақ потолокты бес мыңға көтерді.

- Кобышыңды көтеруіңе қарағанда қолың  келген екен, - дейді Құлтай.

- Жантақ жейсіздер, - дейді шалқалап жатқан.

- Аша алмаймыз, бес мың өтті, - дейді Құлтай 1000 теңгелік салып.

- Аша алмаймыз, өтті, -  дейді Құлтайдың синдикаты жерге дым салмаса да.

- Тағы бес мың, - дейді шалқалап жатқан.

- Ақшаңды сал, - дейді Құлтай.

- Ақша, міне, мынада, - деп орта бөксе былғары кошелокты  сол  қолының сұқ саусағымен шертіп көрсетеді.

Арсыз Құлтай кошелокты алып 10'000 теңгелікті ортаға тастады. Картты қосып алып отыр ма, жер түгел ме, қадағалап жатқан ешкім жоқ. Ешкім жоқ болғанда жетіліктің төртеуі сыптай болып ұттырған да партын алып шығып кеткен. Таусылмайтын бір братишкісін синдикат етіп зәлім Құлтай үй иесінің жұмыстасы экскаваторшыны тонап отыр. Маған көңілдене қарап қойып Құлтай картты ашты: крестен 31 екен. Синдикаты қолын  қарап жіберіп «ТТ сан шақырған екен» деді. Шалқалап жатқан қолын қарады ма, қарамады ма, ортаға лақтырып жіберді: шаршыдан 19 екен. Ортадағы жиырма мыңның 5000 теңгесін синдикатының алдына жайлап қойды. Шалқалап жатқаны:

- Арақ құй, - деді. - Құлтай арақ құйды. Басын көтеріп қағып салған экскаваторшы: конды көтерейік 20000-нан қоямыз, - деді.

- Еркіңіз білсін, - деді Құлтай. Жоғарыдағы жетілік ақсүйектерше ережесімен ойнап отыр. Төрдегі қалпақты кісі:

- Ринат, болды, ойнама, - деді. Шалқалап жатқан Ринат: - Ақша менікі, сенікі емес, - деді. Құлтайға сол керек. Мырс-мырс күлді. Құлтайдың синдикат братишкісі қарнынан күлді. Карта тағы үлестірілді. Бұл ретте шалқалап жатқан Ринат картасын қарады да лақтырып ортаға тастады. Екеуі ашылып қалды, екеуі екі басқа екен. «Түрлі түмен келген екен» деді де Құлтай жердегі картты жауып, Ринаттың алдына тастады. «Қол келмепті» деді синдикаты көз қысып. «Көкеңе келіпті» деді Құлтай.

- Ринат, айда, - деді Құлтай ілтипатпен.

- Айдасам он, жоқ, жиырма, - деді ол.

- Ақша сал, - деді үшінші ойыншы.

- Ақша, ақшадан кладвиштерің болады, - деп кошелоктан жиырма мың теңгелікті шалқалап жатып ортаға салды.

- Өтті, - деді синдикат. Бірақ ақша салмады.

- Өтті, - деді Құлтай 5000-дықты салды. Шалқалап жатқан екі қолын бірдей екі  рет: -Өтті, өтті, - деді акцентпен. Құлтай да кеңк-кеңк күліп: - Өтті, өтті, - деді. Синдикат қарнымен күліп: - Менен де өтті, - деді.

- От героев былых времен, - деді мас Ринат.

- Өтті дегеніңіз бе, - деді Құлтай.

- Арақ құй, - деді Ринат. Арақ алып келші деп маған 1000 теңгелік беріп жатыр еді. Төрдегі қалпақты кісі:

- Тоқтат, - деді.

- Тоқтат, тоқтат, сағат тоқтамайды, тук, тук, тук... бермесеңдер сатып алып ішемін, -  деді Ринат.

- Аш, аш, - деді Құлтай синдикатына. Синдикаты карты жайып салды. Қарғаның тұзы екен. Мұртынан күлген Құлтай крестен жиырма бірлігін ашты. Ортақ мүліктей болып жатқан кошелокқа қол жүгіртіп, жерге тиесілі ақшасын ортаға тастады. Шалқалап жатып ойнайтын картожниктің картасын ашпастан жауып тастады. Ақшадан қырман алған Құлтай: - Енді бір қол ойнайық та тұрайық, қонақтан ұят болар, - деді. Құлтай  тершіген қолымен карта үлестіре бастады.

- Кошелокті сілкейік, - деді Құлтай. Ең соңғы бір бес мыңдық, бір екі мыңдық ақшаны ортаға салып  қойып қол қарасты. Құлтайда түйеден 15-тік екен. Синдикат братишкіде крестен 18-дік екен. Ринатттың қолын жауып тастауға ыңғайланған Құлтай қарап еді: қарғадан 26 екен.

-16 екен, ала бер, - деді.

- Жантақ кушайте, бешбармақ, баран, - деді шалқалап жатқан картожник.

Қойны қонышын арам ақшаға толтырып алған Құлтайдың синдикаты: - Темекі тартайық, - деді.

Үшеуміз тысқа шықтық. Құлтай көңілді. Жиырма мыңдықты қолыма ұстатты. - Қалғанын қазір мені үйге апарып тастағанда беремін. Такси ақшаңды молынан беремін братишка, - деді. Мені Құлтайдың братишкасы деп қалған болуы керек, синдикат: - Үйге сызу керек, - деді.

Қайта ішке кіре бергенде әлдекімнен ақша сұраған жоғарыдағы жетіліктің біреуі ұялы телефонмен сөйлесіп жатты. Бір орын босады деген Құлтай ішке кіргенде жоғарыдағы ақсүйектерше ойын ережесін бұзбай ойнап отырғандар карта үлестіріп жатыр екен. Кон екі жүзден, жүріс 500-ден, потолок 2000-нан екен. Ырс-ырс етіп төбедей болып отырған қысық көзді қарақалпақша қосып сөйлейтін кісі қолы қалтырап картты ой сығалады-ау  келіп сығалады-ау. Екеуін ашты үшіншісіне шыдамы жетпеді-ау деймін сол қолының алақанындағы үш карттың сыртқысын фокусниктерше оң қолының алақанымен  көз ілеспес жылдамдықпен қағып қалды. Күйеуіне сырын алдырмас қатындарша қарғаның дамасы безерген қалпында жалп ете түсті. - Ай болмады, - деді де 500-дікті қинала ортаға тастады. Мұртты сылыңғыр: -Қара, 1000, - деді. Төрдегі қалпақты кісі: - Ердім, - деді. Төртінші, бесінші және алтыншы ойыншылар кері шегінді.

- Әй, яғау, 19-ға нан жоқ шығар, - деді бірінші қол картасын жауып жатып.

- Революция! Төңкеріс! – деп сылыңғыр қара сенімсіздікпен картасын ашып тастады: 17 екен.

- Революцияның көкесі азамат соғысы, осы екеуі де жеткілікті шығар, - деді картасының тек екеуін көрсеткенде шаршының 18-дігін шығарған  төрдегі ердім дейтін қалпақты кісі. Картаны көңілдене таратып отырып: - Балалар, логикасы жоқ жазармандар жазды екен деп революцияны төңкеріспен шатастырмаңдар. Революция қоғамды түбегейлі өзгертеді, революцияға миллиондаған адам қатысады. Төңкеріс төрелердің тақты бір-бірінен тартып алуы сияқты, қоғам түбегейлі өзгермейді. Салт сақталады. Бұған мүдделі аздаған топ қатысады.

Босаған орынға Құлтай жайғасты. Жеті қол толықты. Арнайы статусы бар бірінші қол осы ауылдың палаушысы екен. Палаушы «темныйлатып» 500-дік жіберді. Ернін орынды орынсыз сылпылдата беретін осы ретте екінші қол болып отырған сақ ойнайтын саңырау карташы жауып тастады. Құлтай 1000-мен шықты.

- Сен ауа дегенде мен яқ дедім бе, - деп көңілденген мес қарын 2000-дықты ортаға тастады.

- Туһ, поэзия! - деп сылыңғыр қара 11 көрсететін картасын жауып тастады. Соңғы қол шварц деп жиырмалықпен ашты. Құлтай мен әдейі қарақалпақша қосып сөйлейтін кісі свар болды. Қалпақ киген, сылыңғыр қара, палаушы жігіт қосылды. Саңырау картожникпен ағаш үйді арендаға беретін ойыншы қалыс қалды. Қосылғаннан болсын деп қалпақты мен свардың бір жағын ұстаған жігіт екеуара келісті.

- Маңдайға кеттім, - деді Құлтай. Құлтайдың тілеуін тілеп мен отырмын. Қасында бір сағат жүрем деп Құлтайдың тілеулесіне айналып шыға келдім. Біраз айдасқасын карт көрісейік деп бір-біріне картын көрсетіп, екеуі карталарын жауып тастады. Үшеуі қалды. Төрдегі қалпақты кәнігі болып алған сыр берер емес. Сылыңғыр қара шыдамсыз ба әлде ақшасы аз ба, бір айналғасын қарғадан жиырмалығын көрсетті. Жиырма сварда үлкен сан. Ойнайтын сан. Төрдегі қалпақты: - Жауып таста, жиырма бірді ұстадым, - деді. Құлтай: - Сварға жіберейік, - деді. Қалпақты кісі: - Ашылсын, - деді. Құлтай жиырма бірді ұстады. Енді төртеуі кетті. Қол шығайын десе шығады-ау, крестің жиырма алтылығымен Құлтай алды.

- Братишка, арақ әкел, - деп мені жұмсады. Келсем, тағы свар екен. Енді қалпақты кісі мығым шықты. Бокалға толтырып құйдыда Құлтай тартып жіберді. Ринат экскваторшы қорылға басты. Құлтай айналасына қақырынды. Қалпақты кісі: - Әй, мал емессің ғой, жорта істеме, білмейді деймісің, сыраға арақ қосып ананы тонап алғаныңды. Енді қашпаққа қиқаңдап отырсың ғой, - деп ашу шақырды.

- Әй, шоқай, оттапсың. Мықты болсаң қызыңды тыймайсың ба? Елді бүлдірді ғой, - деді Құлтай қай-қайдағыны көңірсітіп. Бұның қашпаққа ыңғайланғаны анық еді.

- Оңбаған алаяқ! Талайдың қарғысына қалған кісәпір!  - деді қалпақты кісі.

- Әй, жизнь, мені өгейсіттің-ау! - деп Құлтай ұшып тұрды. Жасаулы карта жасаулы күйінде қалды. Құлтай өкіріп жыласын. Мас адамның кейпіне түсем деп мас болып қалды.

- Нәйіссіңдер, нәйістермен отырғым жоқ. Кенгешок! Айналайын братишкім, құтқар, мені талатпа оңбағандарға, - деп балаша жер тепкілеп жылады. Шынымен аядым.

- Аға, жүр, - деп алып кеттім. Үйіне барғанша жылаумен болды. Кетерімде шұлығынан шығарып санаған кіл бес мыңдық ақшадан бір дана 5000-дықты қолыма ұстатты.

Таңертеңгі картина көз алдыма келіп әуестік жеңіп қайтер екен деп, машинаның терезесін ашып тастап  сәл аялдадым.

- Кемпір, а кемпір! Опель алып беретін болдым. Медет братишкі Опелін сататын болды. Келістім. Ылақтыру керек болса, бәрін ылақтырдым! - деді көңілдене сөйлеген Құлтай үйіне кіріп бара жатып. Бұл үйде есік кілттенбей ме әлде Құлтайдың түнделетіп келетінін біле ме? Свет жарқ ете қалды. Шамасы кемпірі қуанып бейілденіп қалды-ау деймін. Электр жарығы үйді ерекше нұрландырып жібергендей болды. Екі жексұрын қырман алғандай ақша санап жатыр-ау деген пенделік ой қызғаныш туғызғандай ма? «Астапыралла, Астапыралла, мен де жексұрынға айналып бара жатқаным жоқ па деп өз олжама риза болып үйге қайттым. Жексұрындар жиіркенішті болғанымен жексұрындар бір-біріне сәл рия білдірсе шексіз мейірімді, бақыт шіркін күйін шерте беретін сияқты-ау. Әне, иллюзиялы көзқарас деген осы, - деді рульдегі. Қасындағысы: - Дұрыс, - деді.