Айдарбек күндегі дағдысы бойынша, қаланың орталық көшелерінің біріне келгенде автобустан түсіп қалды. Арқасына асып алған қорапты гармоны, он жақ иығына ілген жол қапшығы бар. Екі қолы бос емес. Екі қолы — қос қолтығына тіреген балдақтың тұтқасында. Күн көзі биік үйлердің тасасынан енді ғана көтеріліп келеді екен. Ол оң аяғының ұшы жерге тимей, тізесі бүгілген қалпында балдаққа сүйеніп, әлі түтін мен газға құмыға қоймаған мамырдың мамық ауасын сіміре жұтып сәл тұрды да, кенет тұсаулы атша қарғылақтай жөнелді. Баратын жері аялдамадан алыс емес-ті. Үйреншікті ізімен шоқаңдап келді де, төрт көшенің түйілісіндегі жерасты жолына түсті.
Күні бойы жаяу жүргіншілер дамылсыз ағылып жататын жерасты жолында бірнеше дүңгіршек-дүкендер бар. Аяқ киімдер жөндейтін етікші, ескі фотоларды жаңғыртып, рамаға салып беретін суретші, газет-журнал, кітап, тағы басқа ұсақ-түйек сататын жаймалар... Айдарбек балдағын тықылдатып тұстарынан өткенде, жаңағы «көршілері» бас изеп, енді біреулері қолдарын бұлғап, сәлемдесу ырымын жасады. Бірақ ол ешқайсысына аялдаған жоқ, салқын сыз білініп тұратын алакөлеңке дәліздің бос тұрған бұрышына қарай бет алды. Күнделікті өз орнына келген соң, дуалға сүйеніп тұрып, иығындағы жол қапшығы мен гармонын асықпай жерге түсірді. Қапшықтың ішінде бүктемелі орындық бар-тұғын. Балдағын қабырғаға сүйеп қойды да, сол орындыққа жайғасты.
Аз-кем аялдап, ентігін басты. Алақанын ашып-жұмып, балдақ тұтқасында қарысып қалған саусақтарын икемге келтірді. Таңертеңгі мезгілде адам аяғы сирек. Тек, бетон төбенің үстінде ерсілі-қарсылы ағылған машиналардың ғана дүбірі естіледі. Ол осы қалпында бірнеше минут қимылсыз отырды да: «Қой, жұмысқа кірісейік» деді өзіне-өзі дем беріп. «Жұмысы» бәлендей күрделі емес-ті. Қапшықтан алған әлдебір газетті алдына жайды да, шет-шеті мыжырайған ескі қалпағын соның үстіне қойды. Осыдан кейін ғана қасындағы қорапқа қол созған. Шүберегі сетінеп, сыры көше бастаған ескі қораптың ішінде әлі өні түсе қоймаған қоңыр ала гармонь бар-тұғын. Соны аса бір киелі атты ұстағандай аялай көтеріп, тізесіне қондырды. Аспа бауларын иығына іліп, кәнігі саусақтар неше алуан үн шығарған гармонь тілдерін бір сыдыртып өтті.
Бүгін неден бастаса екен? Айдарбектің репертуарында қазақша, орысша, татаршасы аралас жүзден астам әуен бар. Бірақ оларды бір шетінен тарта жөнелмейді, кәдімгі концертке шыққан адамдай іріктеп, талғап орындайды. Бір жағы өзінің көңіл-күйіне де байланысты, кейде думанды, салтанатты, ду-ду саздар шалқыса, енді бірде кілең бір сыңсыған мұңлы әуендер кезек алады. Ол кейінгі кезде қала халқының құрамын — ұлтын, жас мөлшерін де ескеретін болған. Мәселен, жұрттың бәріне ортақ «Катюшаны» құйқылжытқан кезде бірде-бір майдангер бұрылмай кеткен емес. Таяуда өткен 9-мамыр мерекесінде күні бойы осы «Катюша» бастатқан майдан әуендерін тартты-ау! Адамдардың пейілі кеңитін мейрам күндерінде түсім де мол болады... Міне, қазір де ми таблосында: «Махаббат вальсі», «Құстар-құстар», «Дунай толқындары», «Мәскеу түбіндегі кештер», «Ғалия бәну» секілді бірнеше жазу жарқ-жұрқ көрініс берген. Бірақ дәл осы сәтте басқыштан түсіп келе жатқан бір топ жастарды көзі шалып қалды да, «Ақ бантикті» сызылта жөнелді.
Бүгін де қарқыны жаман емес. Ары-бері өткендер мұның қалпағына бес теңге, он теңгеден ақша тастап жатыр. Ішінара жиырма теңгеліктер де ұшырасады. Адамдар да әр қилы: кейбіреуі бір міндеттен құтылғысы келгендей садақасын тастай сала, асығыс өте берсе, енді біреулері гармонь үніне құлақ түріп, біраз байырқалайды. Қасындағы кітап жаймасына, киоскілерге үңілген болып, асықпай тыңдайтындар да бар... Қайыршыдан «сдача» сұрау ұят, тағы біреулері қалтасынан ұсақ ақша таппай, кесегін беруге қимай, сипаланып әуреге түседі. Әрине, Айдарбек ешкімге де кінә тақпайды. Бұл күнде адамдардың асып-тасып тұрмағанын, тіршілік деңгейінің де әркелкі екенін түсінеді. Біреу бай, біреу кедей. Қайыршының антиподы — қалталы байлар ғой. Бірақ байлар мына жерасты жолына өмірі түспейді. Олар, әне, бетон төбенің үстіндегі асфальт көшеде машинамен зулатып барады.
Айдарбек алғашқы кезде өзінің осы кәсібіне қатты намыстанып, бетімен жер басқандай болушы еді. Кейін бұған да еті өліп, үйреніп кетті: «Мен көрінгенге көз сатып, алақан жайған қайыршы емеспін ғой. Өнерін сатып күн көрген тіленшімін» деп өзінше бір бәтуа тауып алған. Өнерге ақы төлейтін болған соң сен сахнаға шығып сайрайсың ба, әлде осылай жер асты жолдарында отырасың ба, бәрібір емес пе?! Айырмасы — концерт залдарында билет бағасы сәл қымбаттау, мұнда су тегін арзан. Тіпті, ештеңе төлемей-ақ тыңдауға болады. Филармонияда арнайы жарнамалар жапсырылып, билет арнайы кассада сатылса, мұның кассасы — алдында жатқан қалпақ. Ал тыңдаушының саны жағынан, бұл кез келген театрды он есе орап алуы мүмкін.
Бір күн бетін, бір күн сыртын берген тұрлаусыз Дүние деген осы. Өз заманында «Сеңгіртаудың серісі» атанған. Айдарбек еді, ендігі отырысы мынау! «Мәдениет үйінің меңгерушісі» деген әжептәуір мансабы бар-тұғын. Қол астында автоклуб, киномеханик, кітапханашы, күзетші деген сияқты әлденеше адам істейтін. Ауданда көркемөнерпаздар үйірмесі болды. Солар сенбі сайын бас қосып, көпшілікке концерт қойып жататын. Ол кезде Сеңгіртаудың той-думаны Айдарбексіз өткен бе?І Қашан көрсең, тойдың төрінде гармонын құлаштай тартып отырғаны... Қазір ойласаң, соның бәрі көрген түс сияқты.
Не ғажап, айналасы төрт-бес жылдың ішінде сол серуенді Сеңгіртаудың ту-талақайы шықты ғой. Ең алдымен ауданның белсенділері Айдарбек түсіне бермейтін неше алуан сылтау тауып, ортадағы малды құртты. Мал кеткен соң, халықтан хал кетті. Ұйысып отырған ұжымдар таратылып, қалың ел саудырап бос қалды. Арада тағы бірер жыл өткенде, Сеңгіртау өз алдына аудан болудан қалын, көрші ауданның кешіне тіркелген. Сол-ақ мұң екен, кәсіпсіз, иесіз қалған жұрт күнкөріс қамымен жан-жаққа бытырай бастады. «Ораза, намаз —тоқтықта», мұндайда сенің әнің мен күйін, «Мәдениет үйін» кімге керек? Есігіне қара құлып салынған күйі қаңырап қала берді.
Жұмыссыз қалған Айдарбек алғашқы бірер жылда әркімнің тойын басқарып, гармонь тартып күн көрген. Бірақ той да күнде бола бермейді. Бола қалған күнде де қалтасы жұқа ағайын ақы төлеп жарытпайды. Той дастарқанының бір шетінде отырып, ішіп-жегеніңді ғана аужал тұтасын. Оның үстіне кейінгі кезде гармоньның да қадірі кете бастады ғой. Қазіргі жастар гармоньнан гөрі таспаға жазылған жын ойнақ музыкаға селкілдеп билегенді ұнатады. Кейін келе Айдарбекті ешкім іздемейтін болды. Бір тәуірі, мұның бұлай ешкімге қажетсіз болып, далада қалған кезін Қайша марқұм көрген жоқ. Әйелі осыдан бірер жыл бұрын қайтыс болған. Семейдің полигонға жақын аудандарында осындай бір мұғаллақ өлім бар. Адамдар ауырмай-сырқамай, сап-сау отырып-ақ қылжың ете қалады. Қайша да сөйтті. Кешкі ас үстінде сөйлесіп отырып, құлап түсті.
Сонымен Айдарбек бір үйде он үш жасар қызы Айгүл екеуі ғана қалған. Үлкен ұлы Айқын Алматыда оқып жүр. Құдай-ау, соны оқуға түседі деп кім ойлаған?! Өткен жылы өз талабымен жұлқынып кетіп еді, емтиханда тәп-тәуір баға алып, теміржол институтына түсіп кетіпті. Бірақ сол жалғыз ұлдың төбесін көруге де зар болды-ау! Бұрынғыдай емес, жол ақысы удай қымбат. Ары-бері жүре беруді екі жақтың да қалтасы көтермейді... Содан Айдарбек ары ойлап, бері ойлап келді де: «Менің осы жүрісімнің аты не? — деген бір күні өзіне-өзі сұрақ қойып. — «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деуші еді. Өлсем де, Сеңгіртаудан алысқа барып өлмеймін бе? Тым құрыса Алматыға жетіп, екі баламды бір жерден көріп жүрейін де...».
Осы ойға бекіген Айдарбек қолда қалған жалғыз сиырын сатып, азын-аулақ ақша құрастырып алды да, былтыр жазда Алматыға тартып отырды. Киім-кешегін бір шамаданға салып, Айгүлін жетектеп, қара гармонын арқалап алған. Өнерім барда жерде қалмаспын, үлкен қаладан жеңіл-желпі бір жұмыс табылар деген дәмесі де жоқ емес. Бірақ «үйдегі ойды, базардағы нарық бұзады» дегендей, ол үміті ақталмады ғой. Осында келген соң Алматыны тәуір-ақ шарлады. Бармаған жері, қақпаған есігі жоқ. Өзі сырттай жақсы білетін өнер ордаларын түгел дерлік аралап шықты. Еш жерде орын жоқ. Сөйтсе, бұлардың өзі де штаттарын ықшамдап, қысылып-қымғырылып зорға отырған көрінеді. Қайда барса да сіркесі су көтермейтін адамдар:
— Жігітім, дәмең тіпті зор екен! — деді филармония директоры бар ашуын бұдан алғысы келгендей. — Ауылдан келген сен сияқты «завклуб» түгіл, осындағы атағы бар артистердің өзіне орын таппай отырмыз.
Осыдан кейін-ақ Айдарбектің арда көңілі су сепкендей басылған. Мәдени мекемелер былай тұрсын, жай қара жұмыстың да реті келер емес. Шеттен келген бұл түгіл, Алматының тепсе темір үзетін, он саусағынан өнер тамған өз азаматтары жұмыс таппай жосып жүр... Айдарбектің бар бітіргені — Айгүлді осындағы мектеп-интернатқа орналастырды. Айқын — институтты жатақханасында. Тәуір оқитындар қатарында азын-аулақ стипендия алады екен, бірақ онысы күнделікті тамағына да жетпейтін көрінеді.
Айдарбектің өзі қала сыртындағы бір танысынын ескі лашығын жамап-жасқап, сонда тұрып жатқан-ды. Сөйтіп жүргенде күз өтіп, қыс түсті. Құдауанда, «жұт жеті ағайынды» деген рас екен. Алматыға алғашқы қар жауған күні, шет жақтағы бір кеңсеге күзетші керек деген соң, соның жайын білейін деп асығыс жолға шыққан-ды. Бір көшеден өте бергенде аяғы тайып кетіп, шоңқиды да қалды. Бақытына сол арада бір мұсылман кездесіп, дереу дәрігерге әкелген. Бұл кедей қырсықты қойсайшы, оң аяғының асықты жілігі шатынап сынып кетіпті. Ол баяғы марка көңілмен, аяғым жазылғанша осында жата тұрармын деп ойлаған. Бірақ қазір ауруханада айлап жатқызуды қойыпты. Дәрігерлер мұның аяғын гипске салып қатырған соң, бірер апта ұстады да:
— Енді үйіңізге қайта беруге болады. Гипсті екі айдан кейін бір-ақ аламыз. Сол кезде хабарласарсыз! — деді мұны бір сәнді сарай, жәйлі төсек күтіп тұрғандай. Амал жоқ, шығуға тура келді.
Әй, бұл аяқтың да бейнетін тәуір тартты-ау! Сөйтсе, құдайдың өзі ретін келтіріп, жаңа бір нышанға бастап тұр екен ғой. Осы бақытсыздық Айдарбектің бүгінгі кәсібіне жол ашты. Оның өзі де ойламаған жерден кездейсоқ басталды.
Дәл сол ауруханадан шыққан күні қала сыртындағы «пәтеріне» қайтпақ болып, автобус аялдамасына қарай балдақпен шоқандап келе жатқан. Үйренбеген кісіге балдақпен жүру де оңай емес екен. Оның үстіне жер тайғақ. Аялдамаға арқан бойы жер қалғанда, кенет балдағы тайып кетіп, бұл анадай жерге ұшып түсті. Сынған аяғының қан қақсап ауырғаны сонша, есінен танып қала жаздаған. Жол жиегіндегі әлдебір теректі сүзе қулаған екен, домалап кеткен бас киімін алуға да шамасы келмей, сол жерде есеңгіреп отырып қалды, Сеңгіртаудың суырынан Қайша марқұм тігіп берген сол баяғы ескі малақай жаяулар жолында шалқасынан түсіп жатыр.
Осы арада бір күтпеген жағдай болды. Мұның тұсынан өтіп бара жатқан егделеу орыс әйелі бос жатқан малақайға он теңгелік ақша тастады. Іле-шала тағы бір еркек бес теңгелік тастап өтті... «Қап, мыналар мені жол жиегінде отырған қайыршы деп ойлады-ау! — деді Айдарбек іштей қатты қорланып. — Менің казіргі сықпытым, шынымен-ақ қайыршыға ұқсағаны ма?»
Бірақ малақайын алуға асыққан жоқ. Мына жағдай өзіне де қызық көрініп, «енді не болар екен» дегендей, әлдебір әуестікпен отыра берді. Не керек, сол күні кілең қайырымды адамдар тап болды ма, әлде жарымжан аяқ пен қос балдақ аяныш тудырды ма, айналасы жарты сағаттың ішінде алпыс теңгедей ақша түсіпті. Бұл аз табыс емес: екі бөлке нан немесе екі литр сүт деген сөз. Үнемдеген кісіге екі күндік нәпақа... Осы арада Айдарбекке мынадай ой келді: «Ау, өзегін талып бара жатса, үлкен қалада осылай қайыр тілеп те күн көруге болады екен ғой! Бұл жерде мұны кім таниды? Кімнен ұялады?»
Айдарбек тағдырдың жазуымен тіленшілік жолына осылай түсті. Балдақпен жүруге біршама жаттыққан соң гармонын арқалап, теміржол вокзалына барып көрген. Адам көп жүретін жер ғой, түсім жаман болған жоқ. Күнделікті нан-шайын айырып қана коймай, балаларына да талғажау боларлық бірдеңе түсіп тұрды. Әр он күн сайын Айқын мен Айгүлге күн көрістік ақша беріп тұрады. Тек, бір жаманы вокзалда қарауыл көп. «Сырттан келген сыйлы қонақтардың көзіне түседі» дей ме екен, полиция тыным таптырмай қуа береді.
Сонан кейінгі бір қауіп: бұл маңда Семей жаққа қатынайтын жолаушылар көп екен. Таныстарымен ұшырасып қалуы мүмкін.
Бір жолы қызық болды. Айдарбек көппен бірге сығылысып, перронға қарай өте бергені сол еді, Сеңгіртаудан келген бір жерлесімен соқтығысып қала жаздады. Бір кездегі совхоздың білдей парторгі қазір сауда-саттықпен айналысатын болса керек. Көтерген буыншақ-түйіншектерімен әуре боп жүріп, Айдарбекті байқамай қалды. Бұл да жалт беріп, теріс айналып кеткен. Сөйтіп, құдай бір сақтады. Анау аузына сөз тұрмайтын, әрі мұнымен дәм-тұзы жараспай өткен жігіт еді. Егер көріп қалса, «Ойбай, Айдарбек Алматыда қайыр тілеп жүр екен» деп бүкіл Сеңгіртауға жаятыны айдан анық... Бұл содан бері теміржол вокзалына көп жоламайды. Қала ішіндегі автобекеттер мен базар төңірегін, осындай қаға беріс жерасты жолдарын сағалайды.
Айдарбектің қатты сақтанатын ендігі бір қаупі — мына түрімен балаларының көзіне түсіп қалмау. Өзінің қорланып, жер тезек болғаны жетер, көз қарашығындай сол құлындарын жасытқысы келмейді. Оларға «бір қоймаға күзетші болдым» деп өтірік айтып қойған. Балалар қайдан білсін, сол сөзге сеніп жүр... Ал әбден ашынып алған өз басы былайғы жұрттан именіп, қысылуды қойған-ды. Соншама намыстанып, қорланатындай не бар, шынында? Бұл бір жетіскенінен қайыр тілеп жүр ме екен? Жеке бұл емес, талайдың басына түскен зауал. Өзінде жоқты жасырмай, жұрттан көмек сұрағанның не айыбы бар? Бұл біреудің дүниесін ұрлап немесе тартып алып жатқан жоқ қой. Адамдардың өз еркімен ұсынған садақасын ғана алады. Ұрлық — күнә, садақа — сауап. Қаншама адам бұған садақа беру арқылы сауапқа батып жүр. Ендеше мұның қуғаны да — құдай жолы. Адамдардан алым салық жинайтын құдайдың қызметкері...
Өз кәсібін осылай заңдастырып алған Айдарбек кейінгі кезде бір нәрседен ғана қатты қысылатын болып жүр. «Осыным адалдыққа жатпайды-ау» деп құдай алдында өзін күнәлі санайды. Олай дейтіні, дәрігерлер осыдан үш ай бұрын мұнын аяғындағы гипсті алып тастаған. Айтыстарына қарағанда, сынған сүйек жымдасып, жақсы біткен көрінеді. Өз көңіліне де солай. Ұзақ жүрістен кейін кейде аздап сырқырайтыны болмаса, көп мазаламайды. Үй ішінде таяқ ұстамай-ақ жүре береді. Тек, сырт көзге, көшеге шыққанда ғана балдаққа сүйенеді. Соған үйреніп қалыпты. Осылай жүрсе қазіргі кәсібіне құп жарасатын сияқты. Балдақ — мұның өзін ақтайтын бет жүздік қаруы ғой. Бұл күнде музыкаға елтитіндер некен-саяқ. Ал балдақ қашанда жұрттың аянышын туғызады.
Осы «харамдығын» ойлағанда, Айдарбек бір сот жерге кірердей ұялып кетеді де, іле-шала: «Менің аяғым сынғаны рас қой. Сол әбден жазылғанша балдақпен жүре тұрсам, ештеңе бүліне қоймас» деп өзін-өзі жұбатады. Бұл да талайды көріп жүр: тіленші-қайыршылардың да небір су жұқпас суайттары бар-ау! Олар күн сайын бір сылтау табады:
— Үйім өртеніп кетіп еді...
— Ауруханадан бүгін ғана шығып едім.
— Ақшамды ұрлатып алып, ауылға қайта алмай жүрмін! — деп зарлағанда беттері бүлк етпейді.
Олардың қасында Айдарбектің балдақпен жүргені ойыншық емес пе?! Адам өтірікті қайбір жетіскенінен айтады дейсің. Бір кітаптан оқығаны бар, Үндістанда қайыршылық өз алдына бір кәсіп көрінеді. Кейбіреулері жеті атасынан бері қайыр сұрайды екен. Тіпті, жұрттың аянышын туғызу үшін, балаларын сәби кезінде әдейі кемтар ғып жіберетіндер де бар деседі... Құдайым атадан балаға ауысатын, сондай саржамбас қайыршылықтан сақтасын!
Осылайша әр ойдың басын бір шалған Айдарбек төмен тұқырып алып, «Ғалия бәнуды» баяу сызылтып отырғанды. Кенет, әлдекімнің өзіне төне тоқтағанын сезіп, басын көтеріп алды. Осы төңіректі қарауылдайтын полиция сержанты екен. Дүнген бет, дүрдік еріндеу келген қазақ жігіті.
— Иә, тағы келіп қалғансың ба? — деді бірден «сенге» көшкен ол мардамси езу тартып.
— Енді қайда барамыз? Үйренген жер...
— Қалай, табыс коп пе?
— Бұйырғаны жатыр ғой, әне! — Айдарбек қалпақ ішінде қобырап жатқан ұсақ ақшаларды нұсқады.
— Сендердікі рахат! — деді сержант жанарсыз балық көзін ақшадан айырмай. — Жандарың қиналмайды, үкіметке көк тиын салық төлемейсіңдер...
Айдарбек «қызығып тұрсаң, орын айырбастайық» деуге бір оқталды да, үнсіз қалды. Бір күн де болса билігі жүріп тұрған адаммен ерегіскенде не табады?
— Жарайды, шаруаңды жалғастыра бер. Түстен кейін бір айналып соғармын, — деді сержант кетіп бара жатып.
Айдарбек іштен тына күрсінді. Бір айналып соғатыны — «бір шөлмектік бірдеңе дайындап қой» дегені. Оның көңілін таппасаң, тағы пәле. Мына жерден қуып шығудан тайынбайды. Өз балаларын асырай алмай жүргенде, сержант та бұған «үшінші бала» боп жабысты. «Аш иттің артын сұқ ит жалайды» деген осы да.
Сірә, түс мезгілі болып қалған-ау, адам аяғы сиреп қалыпты. Соның бір белгісіндей, қарсы қапталда кітап сатып отырған Шамғон шал бұған қол бұлғады.
Айдарбек-ай, өзегін талған шығар, бірер кесе шай ішіп, жүрек жалғап ал! — деді дүкеннің терезесінен басын қылтитып.
Айдарбек алдындағы ақшасын санап, қалтасына салды да, балдағын тықылдатып, солай қарай бет алды. Жаңа осы маңдағыларға тамақ пісіріп сататын татар кемпірі бұған екі-үш тал самса тастап кеткен. «Ғалия бәнудін» құлақ ақысы. Шайға қосып жемек боп, сол самсасын да ала жүрді.
Шамғон шал — Оралдың қазағы. Жасы жетпіске таяп қалса да, сакал-мұртын мұнтаздай қырып, үсті-басына шаң жуытпай жүреді. Бұрын осындағы баспалардың бірінде әжептәуір қызмет атқарған екен. Ендігі кәсібі — кітап жаймасы. Саудасы күсет боп, біраз пайда түсті ме екен, қарт бүгін көңілді. Екі кісі зорға сыятын дүңгіршек-дүкеннің артқы қуысында, әлдебір жәшіктің үстіне шағын дастарқан жайыпты. Біраз нан турап, аршылған көк сарымсақ қойыпты. Енді бір тәлеңкеде қабығымен пісірілген картоп, тауықтың екі борбайы жатыр.
— Кел, төрлет! — деді тар есіктен сыналанып зорға кірген Айдарбекке бұрыштағы бос орынды нұсқап.
Күн көзі шалмайтын жерасты жолында күндіз-түні шам жанып тұрады. Шамтон тоққа қосылған қалайы шәугімді шыжым бауынан ажыратып, екі кесеге шай құйды. Сонан соң бір қуысқа қолын сұғып жіберді де, аузы ашылып, иығынан төмен түскен арақты алып шықты.
— Жүз грамға қалайсың? — деді мұның бетіне қулана қарап. Сонан соң жауап күтпестен оны да екі стақанға бөліп құйды. — Кел, бауырым, амандық-саулық үшін алып қоялық!
Айдарбек арақты көптен қойып жүрген-ді. Денсаулығына жақпағандықтан емес, ақша үнемдеу үшін «бюджеттен» мүлде сызып тастаған. Кейінгі кезде мұны бұлай қонақ қып сыйлаған кім бар? Соны ойлағанда көңілі босап, «отты суды» бұл да тартып жіберді.
— Балаларың қалай, оқып жүр ме? — деді Шамтон басытқыға көк сарымсақты күрт-күрт шайнап.
— Шүкір, балаларым аман. Солар ғой — менің ендігі сүйенішім, — деді Айдарбек те көк жуаға қол созып. — Құданың әмірі, екеуі де жақсы оқиды. Ұлым — институттың екінші курсында, қызым — жетінші класта.
— «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» деген ғой. Балаларың аман болса, әлі-ақ қатарға қосылып кетесің! — деді Шамғон алдындағы тәлеңкені бұған таман жылжытып.
«Жүз грамнан» кейін екеуі де көңілденіп, келді-кеттісі жоқ әрнені әңгіме ғып отыр.
— Біздің Оралда татарлар көп тұрады, — деді Шамғон бір сөздің кезегінде. — Бала жастан құлаққа сіңгеннен болар, сен ойнаған «Ғалия бәну» мен «Сарман бойларын» тыңдағанда, бойым балқып кетеді.
— Кезінде татар қыздарымен гулайттағансыз ғой, шамасы?
— Е, жас кезде не болмады дейсің? Татар қыздары қылықты болады... «Шағанның бойы көк шалғын, шалқамнан жаттым шаңқай түс» деп Қасым Аманжолов айтқандай, айлы кештерде Шағанды жағалап, қыздармен ұзақ-ұзақ қыдыратын едік, — деп, Шамғон сол бір қайта оралмас күндерін еске алғандай, баяу күрсінді. — Айдарбек, сен қазір нешеге келдің?
— Қырық алтыдамын.
— Түу-у, бала екенсің ғой! Менің тұңғыш қызым сенен бір-ақ жас кіші екен, — деді шал қолын сермеп. — Осы сен консерваторияда оқыдың ба, әлде қарадай қасқыр соғып жүрмісің?
— Қайдағы консерватория?! — деді Айдарбек кеңк кеңк күліп. — Бар бітіргенім — Семейдің музыкалық училищесі ғана. Әкем мектепте мұғалім болатын. Мен, сірә, өзге пәндерге қырсыздау болдым ба, маған жастай домбыра, гармонь сатып әперіп, музыкаға баулыған — сол әкем марқұм еді.
— Е, бәсе, сүйегінде бар екен ғой. Өнер сүйекке бітпесе, құр оқығаннан ештеңе шықпайды, — деді Шамғон жас жігіттей қызуланып. — Бағың жанбағаны болмаса, сен кез келген оркестрде ұялмай ойнайтын адамсың ғой. Тіпті. сахнада жеке концерт беруіне де болады.
Соңғы жылдары ешкім маңдайынан сипамаған Айдарбектің мынадай жылы сөзге көңілі босады. Сәл бөгеліп отырды да:
— Қайтеміз, тағдырдың жазуынан асатын не бар? — деді тамағына әлдене кептелгендей қылғына тіл қатып. — Арты атам бай болғаны үшін жазықты болып, 1928 жылы Сібірге жер аударылған екен, сүйегі сол жақта қалыпты. Өз әкем қатардағы ауыл зиялысы — мұғалім болды... Ал, өзге жұрт еркіндік алып, мәре-сәре боп жатқанда, менің отырысым — мынау!
Осыны айтқанда тіленшінің жанарына жас толып кеткен-ді. Енді бір сөз айтса-ақ төгіліп кеткелі тұр.
— Сен өйтіп жасыма! — деді Шамгон мұның бетіне шаншыла қарап. — Ен бастысы, біз азатпыз ғой! Ешкімге құл емеспіз... Ана балаларыңның тілеуін тіле!
Бұл кезде Айдарбек те тез ес жинап, қайтадан қатайып алған-ды.
— Бізді қойшы, сол балалар біреулерге құл болып, алақан жаймаса болғаны да! — деді ширақ үн қатып. — Қой, «жұмысқа» кірісейік. Айтпақшы, мен бүгін сержантқа «салық» төлеуім керек.
Күндер осылайша баяу жылжып өтіп жатты. Айдарбек біраз толғанып жүрді де, ақыры балдақты тастауға бел байлады. Әлдеқашан жазылған сау аяқпен балдаққа сүйеніп жүру адалдыққа жатпайтыны өз алдына, ол құрғыр жүріс тұрысқа да қолайсыз екен. Көлікке мінсе де, анау-мынау жерге сыймай әлекке түсіп жатқанын. Егер тіленшіге лайық форма қажет болса, одан гөрі сыпайырақ, басқа түрін ойластыруға болады ғой. Кешікпей оның да ретін тапты. Ол енді қолына таяқ ұстап, қоңырқай көзілдірік киіп жүретін болды. Таяқ—бір жағы қару. Ал көзілдірік күннен қорғайды. Сырт қараған кісі «көзінде ақауы бар» деп ойласа, тіпті жақсы. «Соқыр музыкант» қалыптасқан ұғымға да сай келеді.
Балдақтан құтылғалы Айдарбектің адымы ұзарып, өрісі кеңіп қалған. Бұрынғыдай бір жерде сарылып отыра бермей, қаланың кісі көп жиналатын тұстарын емін-еркін аралайтын болды. Өйткені, мына жерасты жолынан халықтың осы төңіректе тұратын белгілі бір тобы ғана өтуі мүмкін ғой. Ал, адамдар бір мәрте садақа берген тіленшіге біразға дейін бұрыла қоймайды. Сондықтан, шонсонысын іздеген ысқаяқ малшыдай, күн сайын қоныс жаңалап, өріс өзгерткен теріс емес. Айдарбек те кейінгі кезде біресе базар жағалап, келесіде автобус бекеттерін сүзіп, енді бірде мешіт пен шіркеуді сағалайтын болып жүр. Сонда бір байқағаны, әлде мешіт пен музыка бір-бірінен алыс жатқан дүние ме, мұсылман мүриттерінен гөрі, шіркеу маңындағы сопылардың қолы ашықтау көрінеді. «Пасха» мейрамына тура келген сол жексенбіде Айдарбек те орыстың ескі әуендерін бабына келтіре бір ойнады-ау! Соған орай түсім де жаман болған жоқ.
Мұның көше аралап жүріп, тағы бір аңғарғаны, қалада кейінгі кезде өзі сияқты кезбелер бұрынғыдан да көбейіп кеткен екен. Танымал тіленшілердің сыртында, кейін қосылған неше түрлі сұраншақтар, алақан қарап, құмалақ салатын кемпір-шал дейсің бе, қаптап жүр. Көршілес өзбек, тәжіктен ауған келімсектер де аз емес. Айдарбек сол қайыршы-тіленшілердің жаңа тобын көргенде, дүниеден түңілгендей көңілі құлазып, қатты мойып қалды. Мойығанда, жаңағы тіленшілер жұрттан түсетін нәпаканы бөліседі деген іштарлықтан емес, жуық арада оңала қоймайтын заманның беталысын көріп қайғырған.
Айдарбек он шақты күн көрінбей кетіп, жерасты жолына қайта оралғанда, көршілері ауыздарын ашып қалды. Баяғы балдақты тастапты. Оның орнына тәп-тәуір таяқ ұстапты. Сақал-мұртын басып, үсті-басын ретке келтіріпті. Арқалаған сол баяғы гармоны демесең, тұр-тұлғасы да мүлде өзгеріп кетіпті.
— Өзін тіпті сындардай сұлу жігіт екенсің той! — деді Шамғон шал мәз-мейрам болып. — Сенін гармоныңды сағынып қалдық. Бүгін бір әкесіне танытып, «Ғалия бәнуды» аңыратшы.
Оны басқалары да қостап, әрқайсысы сүйікті әндеріне заказ беріп жатыр. Бүгін Айдарбектің де мерейі тасып, арқасы қөзыңқырап келген. Көптен бері өзін бұлай сергек сезініп көрген емес. Баяғы бір бақытты, бапты кезіндегідей гармоньды құтырына тартқан ол, жерасты жолын лезде сырлы сазға толтырып жіберді. Мұндайда екі иығын қомдап, қоңыр гармонымен біте қайнасып, бірге құйылғандай, тұйғынша түйіліп алатыны бар. Салалы саусақтары гармонь тілдерінде өр текедей ойнап, жоғары-төмен жүйткігенде көз ілеспейді. Қолындағы қоңыр гармоньның да бүгін картасы бір жазылған шығар-ау! Бірде аққудай сұңқылдаса, бірде боташа боздайды... Ол бүгін әрі-бері шұбырған, кейде өзіне қызыға қарап қалған адамдар легін де байқаған жоқ. Шер-құмардан шыққанша күй артынан күй төгіп, ұзақ сілтеді.
Әйтеуір, бүгінгі күнде бір өзгеше сыр бар. Сірә, ғарыштан рахмет нұры жауды ма екен? Бүгін адамдардың да он жамбасымен тұрғанында күмән жоқ. Бір уақытта қараса, алдындағы қалпағы ұсақ ақшаға лық толып, жайылған газеттің үсті де бада боп қалыпты.
Бәйге аттай қолтығы жазылып, бусанып алған Айдарбек келесі бір сәтте айнала-төңірегін вальс ырғағына толтырып, Огинскийдің «Полонезіне» басып отырған. Күй біте берген шамада біреудің өзіне қарай беттегенін байқады. Иығында погоны бар, әскери адам. Басында сержант па деп селк ете қалған. Жоқ, сержант емес, майор екен. Полиция емес, қарулы күштердің офицері. Ұзаса отыздың ішін енді аралаған қазақ жігіті бұған жақындап келді де:
— Аға, кешіріңіз, сізбен сөйлесуге бола ма?—деді жайдары үн қатып.
— Айта беріңіз, құлағым сізде!
— Менің осында сізді тыңдап тұрғаныма біршама уақыт болды. Гармоньды бабына келтіріп, тамаша тартады екенсіз!
— Оған таңданатын не бар? Гармоньды жаңа ұстап жүрген жоқпыз ғой, — деді Айдарбек оншалық мән бере қоймай.
— Нота білетініңізге шүбәм жоқ. Музыкалық білімді қай жерде алдыңыз?
— Менде асып бара жатқан білім жоқ. Бітіргенім — музыкалық училище ғана. Қазір «колледж» дейтін болған ба?
Майордың жүзі бал-бұл жанып, бұрынғыдан ары жақындай түсті.
— Онда тіпті жақсы! Біз әскери округ қарауында жаңадан ұлттық ансамбль құрайық деп жатырмыз. Бізге баянист болып келуге қалайсыз?
«Тәңірім-ау, мынау не айтып тұр? Өнім бе, әлде түсім бе?!» Айдарбек өз құлағына сенер-сенбесін білмей, аңырып қалды.
— Қазір оқу бітірген музыканттар аз емес қой. Бірақ сіз сияқты виртуөздар сирек кездеседі, — деді майор сөзін жалғап. Айдарбек әлі үнсіз отыр. Тамағына өксік тығылып, сөйлеуге шамасы келер емес. Майор оны басқаға жорыса керек, қалпақ маңында қобырап жатқан қағаз ақшаларға бір қарап алды да:
— Әрине, бізде жалақы жағы тым жоғары емес. Оның есесіне, үймен қамдаймыз, жүріс-тұрысыңыз тегін болады, — дегенді үстемелеп айтып жатыр.
Айдарбек бұл кезде өзіне-өзі келіп, есін жия бастаған. Майордың нені меңзеп тұрғанын түсінді де:
— Бауырым-ау, мен ақшаны есептеп отыр дейсің бе, күтпеген қуаныштан есеңгіреп қалдым, — деді ағынан жарылып. — Өйткені мен сахнаны әбден сағынған адаммын!
Мына майор әскери адамдар секілді дікілдеген біреу емес, қыздай сызылған биязы жігіт екен. Әй, жай адам болмас, сірә, ғарыштан түскен періште шығар. Ол да қуанып кеткенін жасырмай:
— Онда, келістік, аға! Ертең сағат он бірде бізде осы мәселе бойынша комиссия болады. Мына адреске қалайда келетін болыңыз! — деп қойын дәптерінің бір бетіне әлденені сүйкекте те жазды да, Айдарбектің қолына ұстатты.
Сол күні Айдарбек үйіне ерте қайтты. Жол-жөнекей шаштаразға кіріп, шашын қидырды. Сақалын дөңгелете тұжыртып, әдемі мұрт қойды. Моншаға түсті. Үйінде, тұрмыстан қанша қысылса да, сатуға көзі қимай сақтап қойған сахналық киімі болушы еді, соларын үтіктеп, ретке келтірді. Баяғы сері кезінде концертке киіп шығатын қара костюм, ақ көйлек, қара бантик, лакталған жылтыр бәтіңке... Жеңіс мейрамында баяғы әскери формасын киіп шығуға құмар қарт майдангердей, Айдарбек те қайта жасанып, көрші үйдің айнасына барып үңілгенде, өзін танымай қала жаздады. «Адам көркі — шүберек» деген осы. Көптен айнаға қарап кім көрген. Соңғы жылдары сылынып, едәуір жүдеген екен. Костюмі кеңіп қалыпты. Шашында бір тал ақ жоқ еді, самайын қырау шала бастапты. Әйтсе де, кезінде көрікті болған жігіттің сыры кетсе де, сыны кете қоймаған.
Ол бүгін қалай да жолы болатынын, кешегі періште майордың бұған жайдан-жай кезікпегенін, құдайдың өзі бір жақсылыққа бастап тұрғанын ішкі бір түйсікпен сезінген-ді. Сол болжамы теріс кетпеді. Алдымен нота сауатын байқап, сонан соң баянда әр түрлі күй тартқызып көрген төрешілер Айдарбектің орындаушылық қабілетін аса жоғары бағалады. Сол сәтте ақ бұйрықтан өткізіп, қолына «әскери-ансамбльдің музыкант-солисі» деген куәлік ұстатты.
Сол күні түс әлетінде көшеде гармонь арқалаған бейтаныс жігітке жұрттың бәрі-ақ таңырқай қараған шығар-ау! Өйткені, Айдарбек өзін тоқтата алмай, ағыл-тегіл жылап келе жатыр еді. Алты ай қыс қатып жатқан тоң енді ғана жібігендей. Қорланған, жәбірленген, жасыған күндерде шықпаған жас енді шығып, бет-аузын жуып кетті. Бақыт пен сордың арасы тым алыс емес екен-ау! Ол енді балаларына жеткенше асығып келеді. Мына хабарды айтып, соларды қуандырмақ, балаларының мерейін үстем етпек.