Жарықтық әкемнің қара аты бар еді…
Жануар әкемнен басқа тірі жанды маңына жуытпайтын, өзінің тұрқы тым үлкенде емес, бас-аяғы, жұп-жұмыр, қысқа белді, сауыры кең, жаясы жалпақ, тұяғы төңкерілген тостағандай жұмыр болатын. Осы бітіміне қарап әкем «бұл нағыз жортуылдың жылқысы, мінезі қанша шәргез болғанымен жануарым есті иесіне адал» деп әңгіме ететін.
Бірде әкем ауылдан аудан орталығына бару үшін бірде-бір көлік таба алмай, амалсыздан қаракеріне мініп жолға шығады. Күн суық, боран ұйтқытып тұр. Ауыл мен ауданның арасы аттылы кісіге бір қонып баруға тура келетін, жол ортасына келгенде арт жағынан келіп жеткен машинаның сигналынан жол жиегіне шығып артына бұрылып қараса, машинаны тізгіндеп отырған біздің жамағайын туысымыз екен. Әкемді қалаға дейін жеткізіп салатынын айтқан соң, қара аттың айыл-тұрманын дұрыстап тартып он екі таспалап өрілген бұйра қамшысымен жүгенін қанжығаға байлап атының басын ауылға қарай бұрып жібереді. Өзі машинаға отырысымен артына қараса жануар осқырынып алып құйрығын тік шаншып ауыл қайдасың дегендей ағыза шапқылап кеткен көрінеді.
Арада қытымыр қыстың ызғары қайтып күн көзі жылынып қар-мұздар еріп, көктемнің жылымық бейнесі келе бастаған. Көктеммен қатар келетін ауылдың беймаза тірлігі басталатын. Қыстай міністе болған қаракерді бір-екі таң асырып көктем шыға көрші-қолаңның біраз тай-құнандары мен біздің үйдің азын-аулақ жұмыр тұяқтарын қосып алып әкем мен Базар аға екеуі Орқашар тауына қарай беттеп кетті. Сондағы ауыздығымен алысып текке шоқырақтап, қос құлағын қайшылап қатарласып келе жатқан торқасқаны алдына шығарғысы келмей паңдана басып, жан-жағына алма-кезек көз тастап алдыда жол бастаған қаракердің қылығын әке жырдай қылып айтатын. Ол кісінің тақымына көндігіп, ырқына әбден төселіп алған қаракер атамның әкеме берген еншісі еді.
Бірде атамның үйір жылқысының ішіндегі мама биелердің бірі болып қалған қара бие аяқ астынан жоғалып кетеді. Алыс-жақынға ат шаптырып іздесе еш хабар болмапты. Бір жерде байыздап тұрмай жортуылдап жүретін, қоралы қойды аңдыған аш қасқырдай қыс болса Жайыр-Майлыға, жазда Орқашар мен Тарбағатайға орағыта көшкен Құлыстайдағы қалың елдің арқа еті арша, борбай еті борша болып жиған азын-аулақ малына даланың төрт аяқтысы емес ауылдың екі аяқты жыртқыштары маза бермейтін, көзің тайып кетсе болды көмекейлеріне бірақ түсіретін. Қара биеден еш дерек болмаған соң ту биені біреу болмаса біреу жетелеп кетті-ау! - деп енді қалғаны аман болсын, өліп-өскен мал жақсы, өлмей өскен бас жақсы. Басымыз аман деніміз сау, бала-шағамыз аман болсын! - деп отырғанда иттер абалап аттылы адамдардың дауысымен ат тұяғының дүрсілі естілген соң әкем сыртқа шығып, қос аттылы еңгезердей екі бірдей құдайы қонаққа есік ашып үйге кіргізеді.
Есіктен кіре естерін енді ғана жиған екеуі атама қабаттаса амандасады. Төр алдында жантайып жатқан атам бұл екеуінің сәлемін салқын жүзбен қабыл алып, дастарқан басына шақырып шай ішіп отырып бағыт-бағдарларын сұрай келе, жоқ сұрай бастайды атам: «Жортуылдап ел мен жерді көп шолып жүрген кәнуілгі шолғынсыңдар менің жалдас қара бием із-тозсыз жоғалып кетті, көрген білгендерің бар ма? Жолшыбай көздерің шалып жатса тізгін ұшымен өз қолыма табыстасаңдар сендерді де сый-сияпатсыз қалдырмаймын, әйтеу, естеріңде жүрсін» - дейді. Ана екеуі қара күрең шайдан бір ұрттап, атама бір қарап бастарын изеседі. Біреу қуып келе жатқандай асығыс екендерін байқатып, екі-үш тостаған шайды қорпылдата жұтып үйдегілерге алғыстарын жаудырып, есік жаққа қарай бетей берген екеудің соңынан әкем тағы да ере шығады. Бұл жолы шыққанынан үйге кіргені тез болады.
Есіктен кіре әкем атама:
-Мына келген қос мықтың қара биені басқарып тастаған жоқ па екен? Сіз жоқ жайлы сөз қозғазай бастағанда бөкселері бүлкілдеп бір орында дұрыстап отыра алмай, екі айрықтарынан тер сорғалап, бір ағарып, бір қызарып әбден мазалары кетті, сырттарынан бағып отырдым, сыртқа шыққанда да бір нәрсені көзім шалып қалғандай екеуінің астындағы қос жирен қара терге малшынып ілгерінді-кейінді кетіп тұр, деп бар күдігін айтып салады.
Осы арада атам бірден сөзге араласып:
-Бұл келген екеуін есіктен кіргеннен байқадым, қазбалап көп нәрсе сұрағанымда сондықтан. Ана екеуі істесе біздің құтқуырлап отырғанымыздан сезіктеніп артық қимыл жасамаса керек, бұларың аңыс-аңдып келгенге ұқсайды. Бұлардан келсе малың аман балам, атам кесіп айтты.
Атамның айтқаны айдай келді. Ертесі таңға жуық малдарды өріске беттеп бара жатқанда, ауылға қарай жанына ерткен құла құлыны бар қара бие кісінеген бойы қорғанның ішіне кіріп кетеді.
Лапас астында қайыстарын таспалап кесіп отырған атам:
- Бұйрығы бар мал деген осы деп қазан- ошақ басында жүрген апама әй, кемпір қораның есігін аш! - деп өзі әндете басып құлынды биені қораға кіргізіп, мәре-сәре болып жатқанда атам мен апамның қастарына бойындағы қуанышын жасыра алмай шолжаң қағып әкем жетіп келіп, жас төлдің екі жағына алма- кезек шығып арлы- берлі шапқылап жүр, Мал соңында жүрген ауыл баласы мал дегенде ішкен асын жерге қояды емес пе?
Жоғалып табылған мал олжа деп айтушы еді атам. Бірақ осы жылы жаз жайлауға көшкен мезгілде күн аяқ астынан бұзылып, бұршақ аралас жаңбыр жауып арты селге айналып Орқашар тауының етегіндегі бір қауым елді бір шайлықтырып кетті. Осы жолғы жауын-шашында біздің шаңырақтан атамның қара биесі таңнан кешке дейін құтырына соққан бармақтай- бармақтай бұршақ жонынан өтіп жұлынына тиген болу керек тынысы тоқтады.
Құла құлын сол күннен бастап әкемнің меншігіне өтіп, сылап-сипап бағып қағыпты, тіпті әкем қас қарая ауылдың аяғындағы жоңышқаға жіберіп таң бозынан үйге қайтып келетіндей етіп жақсылап тұрып үйретті, жаман малды бақсаң аузы-мұрыныңды май етер дегендей жаман тай келесі жылында айғырдан шығып байталында қара атты құлындады. Қаракер әкемнің қол тума жылқысы болғандықтан өзіне қатты ыстық әрі бір-бірін қатты түсінісетін.
Күн шыға ауылдан шыққан әкемдер сәске түс мезгілінде тау бөктеріне жетіп, Аққия асуынан жылқыларды ары асырып, әкем астындағы қара аттан түсіп айылдарын ағытып жүгенін сыпырып жатып жана байқады. Аттың басындағы қайыс ноқта қыс бойы тұрғандықтан жауын суымен әбден матасып сіресіп қалыпты. Жылқылар арттарына қарамастан бетегені бір жұлып жеп алдыға бір қадам жылжып жайылып кетіп барады. Жылқылар ұзаған сайын қара ат та дегбірсізденіп бір жерде тыным таппай мазасыздана бастаған байқаған әкем одан арман асыққанда сіресіп қатып қалған қайыстың шешілетін түрі жоқ. Жалма-жан әкем қынынан бәкісін алып ноқтаның түбіндегі тамақ бауын қиып жіберді де ноқтасын сыпырып алып қара атты шылбырмен сауырға тартып кеп жіберді. Тұра шапқан қара кер қозыкөш жер ұзап кеткен жылқыларға көзді ашып жұмғанша жетіп жылқылардың жанында да байыздап тұрмай, сайды құлдилап басын тұқыртып алып әкемдер тұрған етекке қарай ағызып келіп, таяқ тастам жерде тұрып кісінеп әкемді шақырғандай болады. Әкем қолындағы ноқта жүгенін жанындағы серігіне ұстата салып қарсы алдында тұрған қара керге қарай жеңіл қимылдап адымдай басып асыға жүріп атының жанына келгенде бейне баласындай еркелеген қара ат басын изеп әкемді иіскелеп, әкемде қара кердің жал құйрығын сипап мойнынан құшақтап көп тұрды. Сырттарынан бағанадан қарап тұрған әкемнің серігі адаммен хайуанның арасындағы шынайы сүйіспеншілікке қайран қалып өз көзіне өзім сенбей еріксізден көңілім босап екі көзге жас келгенін өзімде байқамай қаппын.
Әй, жылқы малы есті ғой шіркін! - деп екі адамның басы қосылса осы сәтті айтып отыратын. Күн қызарып ұясына батар шақта әкеммен серігі екеуі бір атқа міңгесіп үйге келіп түсті. Әкемдер үйге түсісімен анамда бір табақ етін әкеп ортаға қойды. Астан жеп отырып әкем анам мен серігіне атамның әр уақытта айтып отыратын бір сөзі есіне түсіп көңілінің аздап қобалжып тұрғанын айтып, әй мен қара кердің басындағы ноқтаны бекер-ақ қидым ғой. Әкем малдың басындағы бас жібін аяғындағы тұсамысына дейін лажы бар байлауын шешіп алындар әсте қимандар деуші еді. Соны ойлап көңілім аздап аласұрып тұрғаны деп өз ісіне өкінгендей нышан байқатып қара кердің тілеуін үстел басындағылар болып бірге тіледі. Күннің көзі жылынып жаз жайлауға шығар уақытта көштен бұрын барып жер жағдайымен малға да жанға да жайлы қоныс көздеп келген көрші ағамыздың есіктен үй ішіне өзінен бұрын сөзі енді. Төр алдында шынтақтап жатып таңғы шайды ішіп отырған әкем:
- Ой саған не болды сонша даурығып жарығым бәрі тыныш па?
- Сол тыныш болмай тұрғаны ағасы. Үстел басында отырған анаммен әкем екеуі де абыржып не болды айтшы жұмбақтамай? Үстел шетінде отырған көрші ағамыз шайдан бір сораптап ұрттады да күні кеше жайлауға барып қайтар жолда арасанның асуында сіздің қара аттың жемтігін көрдім. Арасанның аюлары алып ұрған сияқты. Әкемде үн жоқ, өз-өзін кінәлағандай күбірлеп сөйлеп сыртқа шығып кетті. Қолтума ыстық болады деуші еді.
Жаздың соңғы айларының біріне тұспа-тұс келген айт мерекесі болуы керек, біз жыл да айттың бірінші күні айт намазынан кейін әжем отырған үлкен үйге бару біз үшін қалыпты жағдай себебі ол үй біздің әулеттің қасиетті қара шаңырағы, бір атадан тараған ауылдағы бес-алты үйіміз үшін темірқазық іспеттес болған.
Ертесі күн шыға салысымен әкем далаға бекітіп қойған Қаракерімен арбасын әзірлей бастайтын, енді бұл да біз үшін қалыпты жағдай үйткені әр жыл сайын екінші айт та менің нағашымның, әкемнің қайын жұртының, анамның төркініне баруы да үйреншікті жағдай болатын. Таңғы асымызды ішер-ішпестен баратын жерімізге асығатынбыз, әрине асығыудың жөні мен үшін аса мейірімді нағашы атам мен нағашы апмның аялы алақаны мен ыстық ықластарымен қоса тәтті-дәмділері жаныма шуақ силайтын.
Екі ауылдың арасы асыра айтқанда 20 шақырым әйтпесе оданда бері болуы мүмкін, үй-ішімізбен арбаның үстінде отырмыз. Әкем Қаракерге бір қамшы салмастан ғана шылбырды бірде тартып, бірде жіберіп құйқылжытып отыр, қаракердің кекілін жел есіп жеңіл машиналар сияқты зымырап алдына атты кісімен арба салмай ауыл орталығына енді кіре бергеніміз сол екен. Бұрылмадан жолға қарай құлақтары ербеңдеген қос есек аяқтағы тұсамысмен аяңдай басып жол жиегіне қарай беттеп келеді. Бұны көрген Қаракер құлағын қайшылап бар пәрмені мен жанұшырып асфальт жолдан қатар жатқан бірақ бағыты басқа қара жолға қарай ала қашып қозы көштей жүрген соң әкем дізгінді тартпастан атына ерік беріп абыржымастан артына бажайлап қараса 1-2 шақырымды артқа тастаппыз ,енді ғана аттың басын іркіп кері бұрды да торбы көп тарамдалған ауыл жолының тағы біріне түсті.
- Ой, Сәкен көрдің бе? Менің Қаракерім қандай қасиетті жануар десеңші сасық көлшіктен су ішіп, оған аунап маңайындағы қоқыр қоқсықтың бәрін жей беретін күші адал болғанымен сүті арам есек дейтін хайуаннан безінгенін өз көзіңмен көрдің ғой. Бұл енді жұмыр тұяқты хайуанның бәр- бәрінде бола бермейтін тектілік, малда иесіне тартады - деп анама қалжыңдап, қарқылдап күліп зулап барады.
Міне содан бері неше жаз, неше қыс өтті. Бір уақыт өткен күнге үңілсем Қара ат та, әкем де, бәрі де көрген түстей көз алдымнан өте шыққан сияқты. Әкеге деген сағыныш бір сәтке басылар емес, шіркін!
Қара атын қарашығындай көретін әкем еске оралғанда қос жанарға тұшщы судың кемек дәмі келе береді.
Қайран менің қара нарым- ай!
Сіз нағыз дала философысыз.