Биыл қазақ әдебиетінде елеулі еңбегі бар, өзінің «детективтік» қызығушылықтарымен танымал болған Әмірхан Балқыбектің туғанына елу жыл толып отыр. Тиісінше құрмет те, насихат та көрсетіле жатар. Ал қазіргі айтылмақ сөз — сыншының ойынан сынық алу болып қана қала береді.
Ақынның сыни дүниелерін оқып жүргенімде «Мың бір түннің қос түні. Екі жазушы және біз» атты мақаласына көзім түсті. Көз жүгірте келе оның сүйікті жазушым — Пауло Коэльоға қатысы барын білгенде қызығушылығым артпаса кеміген жоқ. (асықпасаңыз, сәлден соң мақаланың жалпы мазмұнымен толықтай таныс боласыз).
Пауло Коэльоның дүниежүзілік әдебиетте орасан зор орны бар. Сонысына қоса «ұрлықшы» («халтурщик» дей ме?!) деген дықпырты да кеңге жайылған. Мұның себебі — шығармаларындағы сюжеттің өзге әдебиеттерден алынатындығы, өз ойынан ешқандай оқиға ойлап таба алмайтындығы, тіпті көркемдік-шығармашылық қабілетінің жоқтығы дей тұралық. Әзірге..
Жазушының атын әлемге танытқан бірден-бір шығармасы — «Алхимик». Егер оқыған болсаңыз, автор шығармаға кіріспес бұрын, Оскар Уайльдтың нәркес (нарцисс) жөніндегі оқиғасын тілге тиек етеді: «Өзінің бұлақтағы бейнесіне тамсанатын сымбатты жігіт туралы миф Алхимикке белгілі болатын: Нәркес суға қарай бергені соншалық соңында сол суға тұншығып көз жұмады. Кейіннен жағада жаңа гүл өсіп шығады да, оған жігіттің құрметіне Нәркес деп атау қояды.
Бірақ Оскар Уайльд бұл оқиғаны өзгеше әңгімелейді» деп мифті түрлендіріп әкеткен үзіндіні сол күйінде баяндайды.
Романға эпиграф ретінде дәйектелген үзінді шығарма оқиғасымен мүлде жанаспайды. Сонда автор бұл эпиграфты неге таңдап алды деп ойланып қаласың. Соңынан барып, Коэльоның астарлы түрде рұқсат алып жатқандығын байқайсың. Өйткені ол да шығыстық оқиғаны түрлендіріп, «Алхимикте» айтылғандай: «Адамзатқа ортақ тілді» тапқысы келеді. Өзінің ізденістерінің түйіні осы романда дей келе, Хемингуэй, Блэйк, Борхесті еске алып және роман оқиғасының Борхестің әлдеқандай эпизодымен үндесетіндігін де айтуды ұмыт қалдырмайды. Сол себептен, Әмірқанның: «Коэльо бұл сюжетті Борхестен жымқырған, бірақ өңдегенде ол ұрлығының жымы білінбей кеткен» деуі өте үлкен қатыгездік болар деп шамалаймыз.
Еліміздегі қай-қай кітапханаға бармасаңыз да Оскар Уайльдтың «Дориан Грейдің портретінен» өзге дүниесін таба аласыз деп айта алмаймын. Бұл шығармасына дейін де танымалдыққа ие болған эстет ханзадасы еуропа жұртын өзінің өнерге қойған өлшем таразысы арқылы тамсандырған еді. Ал біздің мәдениет үшін абсурдтық әдебиеттің өзі сыртқы жүнін томпайтатын секілді...
Жә!
«Алхимик» туралы сөз бастаған екенбіз, жарты жолдан жалаңаш қалдырмай, романға негіз болған «түс көру» мотивін де айта кетейік. Романның желісін ұстап тұрған мифологиялық кейіпкерлер мен автордың философиялық ой-түйіндеулері бір уақ сыртқы дүниеге алдануға мұрша бермейді. Шығыс әдебиетінің асыл қазынасына айналған «Мың бір түн» оқиғалары 21-ғасырға дейін талай баланың қиялына азық болған болса, бүгінде олай деп айту үлкен қателік болары сөзсіз. Ал «Алхимиктің» жайы мүлде басқаша. Борхес пен Коэльода кездесетін ортақ мотив — түс көруді Әмірхан Балқыбек бір эпизод ретінде қарастырған болса, біздіңше, идеялық тұрғыдан олар өзгешеленеді.
Өзіңіз байқап көрсеңіз, Коэльо шығыстық кеңістік пен ислами түсінікті уысынан шығармайды. Пирамида жанында көмулі жатқан қазына, Меккені көргісі келетін дүкен иесі, Сантьягоны ғашық еткен Фатима — қалай болғанда да Коэльо «Мың бір түннен» алынған эпизодты тұмшалап жатуға тырыспайды да. Сондай-ақ, алақанында жатқан байлыққа қол жеткізу үшін адамға ұлы сенімнің керек екендігін де жасырмайды (қарауыл бастығында құдайға, өзіне деген сенім болмағандықтан түсіне илануды қорлық көріп, соңында тегін байлықтан құр қалатыны секілді).
Діндер арасындағы ортақ сабақтастықты таба білген жазушының бұл шығармасында ешқандай үгіт-насихат та, идеологиялық табалау мен көкке көтеру де байқалмайды. Сондықтан да, Коэльо шығыс философиясының насихатшысы, батыс әдебиетінің таңдаулысы болып қала бермек.
ҰЛЖАН ӘДІЛОВА
Әмірқан Балқыбек
«МЫҢ БІР ТҮННІҢ» ҚОС ТҮНІ, ЕКІ ЖАЗУШЫ ЖӘНЕ БІЗ
Жора-жолдастарымның үйіне бас сұққанда, егер барса, алдымен сөредегі кітаптарына көз салуға тырысамын. Араларында бұрыннан білетіндерім кездесіп қалса, кәдімгідей қуанып қалатыным бар. Ол кейде кездеседі, кейде кездеспейді. Көбінесе ұшыраспайды десем де болады. Ал өзім іштей ондай үйлерге бір бөтендігім, жаттығым барлығын аңғарамын. Бұл менде біраздан қалыптасқан дағды. Қысқасы, өзімді өзім «кітабына қарап кісіні таны» деген ұғыммен өмір сүретін секілді сезінемін. Әрине, бұл мен оқығанды басқалар да оқуы керек деген өзімшілдіктен болмауы тиіс. Шамасы, ортақтастырар көңіл-күйді іздеуден туындайтын болар. Дегенмен бір байқағанымды айтуым қажет қой деймін. Ол – менің құрбы-құрдастарымның ертегі оқымайтындығы. Сөзіме дәлел ретінде Қалмақан Әбдіқадыров немесе Қалтай Мұхамеджанов аудармасындағы «Мың бір түнді» Алматыдағы талапкер ақын-жазушы замандастарымның бірде-бірінің үйінен ұшыратпағанымды айтсам да жеткілікті шығар. Рас, қазір ертегі оқып ой көркейтетін заман ба? Дегенмен....
Былтыр Қазақстанға португал жазушысы Пауло Коэльо келді. Бір байқағаным, бізде де оқырманы көп екен. Алматының әлдебір зәулім сарайларының бірінде осы қаламгермен кездесу өтті. Кездесу деген аты болмаса, көпшілік сүйікті жазушысының қолтаңбасын алуға екі-үш көш жер кезекке тұрған ұлылықты дәріптеу рәсімі болды. Мынадай қошеметті қазақтың анау-мынау жазушысы көрсе, шаттанудан жүрегі жарылып кетер еді. Шын айтамын. Ал Коэльо мұндайға бой үйретіп алған секілді. Өйткені, ол үшін Қазақстан дарынын мойындатқан ендігі көп мемлекеттердің бірі ғана емес пе?!
Иә, осы Коэльо жайлы, оның кәлласында Қазақстанға келу туралы қиял оянудан көп-көп бұрын, біз де естігеміз-ді. Өзімнің белгілі һәм әбден мойындайтын ағаларымның бірінен «әлем жазушыларынан кімдерді оқу керек?» деп кеңес сұрағанымда осы Коэльоны атаған. Ағам «әлемдегі соңғы модный жазушы осы» деді. «Модный» екендігіне жаңағы қолтаңба үлестірілген кездесуде көзім тағы анық жетті. Бірақ ол кездесуге дейін Коэльоның біраз кітабын мен де ақтарыстырып үлгерген болатынмын. Танысуды «Ақ сарбаздың кітабы» дейтін туындысынан бастаудың сәті түскен. Ақиқатымды айтайын, көңілімнен шықпады. Өйткені, шамамен осы аттас бір бестселлерді 90-жылдардың басында қайсыбір қазақ ағамның жазғанын жақсы білетінмін. Ол дүниенің көлемі осы дүниеге шамалас болғанымен қамтитын ауқымы кең-ді. Кітап адамның әркім болып өмірге қайта-қайта келе беретіндігі туралы еді. (Қысқасы буддизм). Ал жаңағы қазақ ағам өмірге ылғи да тарихтан есімі белгілі айтулы тұлға болып келіп отырған. Олардың қатарында эллиндік Грекиядан бастап бүгінгі Ресейге дейінгі көптеген даңқтыларды атауға болады. Ағамның өзі болса осы туылысында адамзат баласын ақырзаманның алапатынан арашалаушы ақ сарбаздың нақ өзі болып дүниеге келген. Қысқасынан қайырсақ қазақ терминаторы. Анығын айтсам, ол кезде бұл кітапқа да көп таң қала қоймағам. Өйткені, алдында Будданың тіршілікке қайта-қайта келгіштей беретіндігінің себептері туралы (рух әлде сана эволюциясы дейміз бе) «житақ» деп аталатын кітапшамен танысқаным бар-ды. Ондағы Будданың құлаш сілтесінің өзі менің қазақ ағамдікінің қасында сәбидің тарихқа емес, тәттігі құмартқанындай ғана еді. Коэльоны оқуға кеңес берген ағама осыны айтқам. Ағам да саспады, «ең мықты дүниесі «Алхимик» көрінеді, соны оқы» деді. Роман деген аты болмаса, заты кішкентай ғана кітапша екен, мұқабасы жұқалтаң арзан біреуін алып бір түнде оны да сүзіп шықтым. Бірақ оқыған сайын есіме өзіме бұрыннан таныс бағзы бір сюжет түсе бергендей болды. Иә, таныс. Бірақ жобасы жадымда біршама бұлыңғыр тарта бастаған. Тіпті қайта ақтаруға шамам жетпей қалса, санамның бір бұрышында мәңгіге қалып қоятындай кейіпте. Әйтеуір алдымен түйсінгенім – Коэльоның мына дүниесі ұрлықы дүние екендігін аңғарғаным болды.
Кейде ойлаймын, әдебиетші болмағанда детектив болар едім деп (әкемнің айтқанын істемедім ғой). Әйтеуір бір күдіктенген жеріме қатты шүйілетінім бар. Кейде ондай шүйілуім ай, жылдарға созылып кетеді. «Жүргенге жөргем ілінеді» дегендей, оларым кейде нәтиже де беріп жатады. Бұл жолы да солай болды. Күмәнімнің айдай ақиқат екеніне алдымен көзімді жеткізген айналайын Борхестің өзі еді. Осы автордың «Жалған жәйттардың жалпы тарихы» (Хорхе Луис Борхес, «Всеобщая история подлогов», Санкт-Петербург, 2004) жинағын ақтарыстырып отырғанда «Екі түс көрішінің тарихы» атты әңгімесіне көзім түсе кеткені. Көлемі шап-шағын, бір беттен асар-аспас қана. Бірақ Коэльоның романының қаңқасы осы бір бетте жатыр еді. «Араб тарихшысы әл-Исхаки баяндайды» деп басталатын әңгіменің жалпы желісі мынадай: Бағзы бір заманда әлдебір каирлік тұт ағашы түбінде ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде аузынан алтын төгілген бір адам: «Сенің бақытың парсылар елінде, Исфағанда, бақытыңды іздеп сол елге сапар шек», - дейді. Осы түске кәдімгідей ұйыған араб бар жиған-тергенін сатып, дүние қылып, біршама қаржымен көп кешікпей Исфағанға жүріп кетеді. Арып-ашып ақыры мұнда да жетеді-ау. Бір мешіттің ауласына түнемелге тоқтағаны сол еді, мешітке көрші үйге дәл осы кезде ұрылар түсіп, айқай-шу көтерілгенде тәртіп сақшыларының қолына түскен жалғыз бейбақ біздің түске сенгіш арабымыз болып қалады. Аяусыз қатты ұрып-соққаннан екі күн есінен танған байғұсты үшінші күні қарауыл бастығының алдына әкеліп, сұрақ-жауап басталғанда бұл шынын айтады. Кінәсіздігін, барлығына себепші түсі екендігін айтып жылайды. Сонда қарауыл бастығы қарқылдап күледі. «Дәл осындай түсті мен бір емес, үш рет көрдім. Онда маған әлдекім, керісінше, Каирге бар, онда ортасында субұрқағы бар бақтан сәл шеткеріректе тұт ағашы тұр. Соның түбін қазсаң мол байлық табасың дегенді-ді. Мен бармай қойдым. «Түс түлкінің боғы» деген. Сенің таяқ жеп отырысың мынау. Мә, аз-маз ақша. Аман-сау тұрғаныңда еліңе қайқай», - дейді. Араб аман қалғанына шүкіршілік етіп кері зытып берген. Келе сала баяғы өзі саясында жатып түс көрген тұт ағашының түбін қазған. Өйткені қарауыл бастығының түсінде көргені дәл осы ағашқа сай келеді. Белден қазып қалып еді – о, ғаламат, бір сандық алтынның шыға келгені! Осылайша, түске сенгіш араб байлыққа, бақытқа кенеледі.
Ұзын-ырғасы осындай. Ал осы оқиға, айттық қой, Коэльода романға айналып кеткен. Мұнда қой бағып жүрген испан баласы түсінің жол көрсетуімен Мысырға аттанады. Жолсапар жазбаларын қоспасаңыз, қалғаны тұп-тура жаңағы әңгімедегідей. Яғни, Коэльо бұл сюжетті Борхестен жымқырған, бірақ өңдегенде ол ұрлығының жымы білінбей кеткен. Менің түйсігім осы жерде «жоқ, Борхестің өзі де бұл сюжетті басқа біреуден ұрлаған болса ше?» деген сауал тастаған. Сосын Борхестің өзі де әңгімені айтушы өмірде болған-болмағаны белгісіз әл-Исхаки деген біреу деп отырған жоқ па? Бірақ Борхестің оқырмандары бұл жазушының әркімде бар сюжеттерді өз керегіне қарай еркін пайдаланатындығын жақсы біледі. Ол тіпті ойдан авторлар ойлап шығаруға да бейім. Борхес мұраларында тіпті ешқашан жазылмаған кітаптар да дерек көзі ретінде пайдаланылды деген сілтемелер кездесіп қалады. Әлем оқырмандарының Борхесті әдебиет таңғажайыпшысы дейтіндігі оның осындай айтып болмайтын тәсілдерге құмарлығынан болуы бек мүмкін. Қысқасы, бір жұмбақты шешу үшін тағы да бір жұмбақ қолдан тудырылды.
Айтып айтпай не керек, Борхестің бұл әңгімесінің жұмбағы арабтың «Мың бір түні», Шаһризаданың 351-352 түндері айтатын әңгімесінде жатыр екен. Борхес мұрасын зерттеушілер шаршамай, талмай мұны да анықтаған ғой. Сосын кітаптың соңына қосымша ретінде берген.
Міне, «Мың бір түннен» Борхес, Борхестен Коэльо алып дамытып (әлде «Мың бір түннің» өзінен алды ма?), атақты «Алхимикке» айналдырған екі түннің әңгімесі осындай. Екі түннің әңгімесі Коэльоны әлемге әйгілі етті. Ол қазір әлемдегі ең бай жазушылардың бірі. Біреудің түсін сатып алып бақытын тапқан кәдуілгі ертегі кейіпкері.
«Қайран Шығыс, – деймін ішімнен. – Өзіңнен алғанды өзіңе қайтадан өңін айналдырып әкеп сатып, қаншама еуропалық, америкалық байиды. Ал сен өзің алтынның үстінде отырып, олардың құмнан жасалған жасанды алтынына құмарта көз қадайсың. Ерігіңнен айрылсаң, артынан еріп кетуге даярсың. Мұндай халде тағы да қанша жыл, «ғасыр өткізер екенсің?»... Сосын өзіме кездейсоқ қойып алған сауалыма өзім жауап таппай қиналамын.
Ал менің құрбы-құрдастарымның ертегі оқығысы келмейді. Әлде Борхес пен Коэльо ақымақ та, біз ақылдымыз ба? Ақылды болсақ, Коэльоның қолтаңбасын алуға ұзақтан-ұзақ шұбырма кезекке тұрмас едік қой. Бұл туралы «Мың бір түнде» не бар екен, қарап көрейінші...
2005 жыл.