…Тоқсан екiншi жылдың басында мен жұмыссыз жүрдiм. Қырықтың ырқасына ендi шыққан адамға үйде отырып қалу қиын болады екен. Үйде отырсаң – үйге сыйың жоқ. Бала-шағаның алдында да беделiң қалмайды. «Мына кiсiнiң баратын жерi жоқ па?» деп мүсiркейтiндей.
Көзтүрткi болмайын деп, көшеге шығасың. Қалам ұстайтын кiсiнiң барар жерi белгiлi – Жазушылар одағы. Өзiң сияқты берекесi қашқанның бәрi бiр мезгiл одақта бас қосып, уақыт өткiзедi. Қолы бос адам өсек айтады, бiрiн-бiрi жамандайды. Әлемдiк әдебиеттiң мәселелерiн шешедi. Одан қол босаса, «отыз екi қағаз, төрт сабаз» деген кәсiп бар. Яғни, Шәйiм Шаваев, Қайсар Жорабеков, Ғабиден Құлахметов, Қалаубек Тұрсынқұлов, Ескен Елубаев, Тынымбай Нұрмағанбетов секiлдi iрiлi-ұсақты қаламгерлер преферанс ойнаймыз. Түннiң бiр уағына дейiн керiлдесiп жатамыз. Өзiң тұрғыластармен шарап iшу де бiр ғанибет. Тегiн арақ бар десең, түн ұйқысын төрт бөлiп, төсегiнен тұрып келетiн құрдасым Тұрсын Жұртбаев секiлдiлермен тоқайласа қалсаң, ауруханаға түскенше iшiсуге тура келедi. Осындай бiр түрi бар, мағынасы жоқ, басы бар, аяғы жоқ сергелдең өмiр бастан өтiп жатыр едi…
Одақтың үшiншi қабатында досым Несiпбек Айтұлы жолығып қалып:
– Менiң қарамағымдағы әдеби қызметкердiң орны бос тұр. Олқысынбасаң, осы жұмысқа тұрсайшы, – деп кеңес бердi. Несiпбек «Қазақ әдебиетi» газетiнде поэзия бөлiмiн басқаратын.
– Олқысынып қайтейiн. Бiрақ Оралхан менi жұмысқа алмайды ғой, – дедiм шынымды айтып.
– Неге алмайды?
Несiпбек бiлмейтiн бiр жәйттi есiме түсiрдiм. Жазушы Қоғабай Сәрсекеевтiң 50 жылдығы үйiнде тойланды. Мерейтой иесiмен туысқандық жақындығым бар мен дастарханның төменгi жағынан, үй иесiмен иықтас орын алдым. Төрде өңшең қасқалар, жайсаңдар. Едәуiр кешiгiп жалғыз келген Оралхан Бөкеев менiң қарсы алдыма жайғасты. Кербұғыдай кекiрейiп, басын бiрер сiлкiп алған соң:
– Осы мен сенi онша жаратпаймын! – деп, бетiме тесiле қарады. Мүйiзi қарағайдай жазушы ағамыздың ай-шай жоқ, төбеден қойып қалғаны жанға батып-ақ кеттi. Менi жаратпайтын, сырттай жауығып, өшiгiп жүретiн үлкендi-кiшiлi қаламгерлер толып жатыр. Оралханмен арадағы осы эпизодты кейiн айтып бергенiмде, құрдасым Көпен Әмiрбек те:
– Мен де сенi кезiнде ұнатпаушы едiм. Сыртыңнан қарағанда ешкiмдi менсiнбейтiн, тәкаппар адам сияқтысың. Сөзiң түйеден түскендей. Дүрдиген түрiң де жексұрын. Араласа келе, соның бәрi сыртқы, алдамшы әсер екенiн бiлдiм. Ендi сенiң жүрегiң жұмсақ адам екенiңдi жұртқа дәлелдеумен шаршап жүрмiн, – деп едi.
Ақиқатына келгенде, менiң мiнезiмнiң оңып тұрғаны жоқ. Қасымдағы әйелiмнiң көзiнше әлгiндей сөздердi себепсiз айта салған Оралханға:
– Менiң де сенi сүйiп бара жатқаным шамалы! – деп дүңк еткiздiм. Оралхан сөз қайырған жоқ. Сәлден кейiн дастархан басында үзiлiс жарияланды да, келесi отырыста Оралхан өзi қатарлы классиктердiң қасына, төрге озып кеттi. Күллi қазақ баласы мойындаған, тау тұлғалы жазушы ағамнан жоқ жерден жәбiр көрiп, көңiлiм нiлдей бұзылған мен орнымда қалдым.
Сөйткен Оралхан Бөкеев ендi менi жұмысқа алушы ма едi?!
– Алады! – дейдi Несiпбек. – Ол да сен сияқты сырты дүрдигенi болмаса, жаны жiбектей нәзiк адам. Қазiр мен кiрiп, сен туралы айтып шығайын. Кетiп қалма!
Кетiп қалуға да болушы едi. Жұмыссыздыққа да етiм үйрене бастаған. Қыстың ортасы. Үйде соғым сойылған. Әйелiм жұмыс iстеп, айлық табады. Балаларым стипендия алады. Аштан өлiп, көштен қалып бара жатқаным жоқ. Сонда да, бiр ерегес iшiмде бас көтердi. Кетпейiн, Оралханның айтқанын естiп кетейiн деп ойладым: ұзыннан өшi, қысқадан кегi жоқ, айдаладағы Оралхан Бөкеевтiң менi жек көретiнi несi?!
Теледидарда бас редактор болып қызмет iстеп жүргенiмде, журналист Өмiрсерiк Жұмановты Оралханмен бiрге елiне жiберiп, қаламгердi туған үйiнде киноға түсiрткенiм бар едi. Бұл телеочерк Қазақ теледидарының қорында сақтаулы, оқта-текте қайталап көрсетiп жатады. Сол Оралханға не жаздым екен?
Бас редактордың кабинетiне сүңгiп кеткен Несiпбек көп кiдiрген жоқ, аңқылдап қайта шықты:
– Айттым ғой мен саған! Оралхан келсiн деп жатыр. Дүңкiлдемей, дұрыс сөйлес, – деп маған бiлген кеңесiн де берiп, сүйрегендей етiп, есiктен кiргiзiп жiберiп, өзi тыста қалды. Есiктен кiре берген маған:
– Сен шынымен бiзге жұмысқа тұрғың келе ме? – дедi Оралхан.
– Неге тұрмауым керек? – дедiм қитығып.
Оралхан екi сөзге келген жоқ:
– Мына жерге отыр да, поэзия бөлiмiне әдеби қызметкер боламын деп арыз жаз, – дедi. Жаздым.
– Қазiрден бастап жұмысқа қабылдандым деп есепте. Iске сәт! – дедi Орекең.
Баяғы кикiлжiң әрi қарай жалғаса ма деп едiм, ол да сөз қозғамады. Мен де үндемедiм.
Бұл «Қазақ әдебиетi» деген кiсiнi жалқау ететiн жер екен. Келгiң келген уақытта жұмысқа келесiң. Кеткiң келген уақытта кетесiң. Өзiңе тапсырылған жұмыс көлемiн орындап, апталық лездемеде төбе көрсетiп отырсаң болды. Қызметкерлер сайдың тасындай: Оралханның орынбасарлары Тұтқабай Иманбеков пен Жүсiпбек Қорғасбеков, жауапты хатшы Қайырбек Асанов, бөлiм меңгерушiлерi Иранбек Оразбаев, Несiпбек Айтов, Жаңабек Шағатай тәрiздi өңкей дарынды жiгiттер.
Арада апта өтер-өтпесте, түскi үзiлiс уақытында, өз бөлмемде әлдебiр қағаздарды қарап отыр едiм, Оралхан кiрiп келдi.
– Сен бұл жерде неғып отырсың?
Сұрақты онша ұғынбай қалғанымды аңтарылған түрiмнен аңғарды-ау деймiн:
– Анау төрдегi үстелдiң басында неге отырмайсың? – деп сұрады.
– Ол екi үстелдiң басында екi бөлiм меңгерушiсi – Несiпбек Айтов пен Иранбек Оразбаев отырады. Мен әдеби қызметкермiн ғой. Орным – осы.
– Маған жүршi! – деп Орекең керi бұрылды. Соңынан ерiп кабинетiне келдiк. Оны-мұныны сөз етiп бiраз отырды да:
– Сен баяғы менiң сөзiмдi көңiлiңе алып жүрсiң бе? Мен өзiм сондай қасқамын. Айта салам да, өзiм азап шегiп жүремiн. Жарайды ендi… Саған арнап «Өнер» деген бөлiм ашайын. Бастығы да, қызметкерi де өзiң бол. Бөлек кабинетте отыр. Редакция алқасына мүше боласың, – дедi.
Айтты – көңiл тазарды. Осы күннен бастап Оралхан аға екеумiздiң арамыз жақындай бастады. Шақырып алып, кеңес сұрайтын болды. Жауапты жұмыстарды тапсыратын болды. Редакцияның бөлмелерiнде анда-санда өтiп тұратын «шай iшулер» кезiнде бұл кiсiнiң жаны жайсаң, жүрегi жомарт адам екенiн анық тани бастадым. Осындай басқосуларда сұлу даусымен өлең оқиды екен. Бейiмбет Майлиннiң «Шұғаның белгiсi» әңгiмесiн жатқа оқығаны қандай ғажап!
– Әй, өзi де Шұға десе шұға едi-ау! – деп өкiнiп бiр тоқтағанда, бәрiмiз де қобалжып, орнымызда омалып отырып қалушы едiк. Дүрдиген сырты болмаса, Оралханның iшiнде жап-жарық шырақ жанып тұрушы едi.
Бас-аяғы екi-үш айдың iшiнде тонның iшкi бауындай болып, жақын араласып кеттiк. Екi үйден кезек шай iшетiн болдық. Бiрге жолсапарларға шықтық. Ағадырдағы Ағыбай батырдың тойына, Талдықорғандағы Ғали Ормановтың тойына, Жезқазғандағы Аппаз Қаражiгiтовтың тойына бiрге барған кездер күнi бүгiнгiдей есiмде. Жезқазғанға Қайырбек Асанов екеуi аттанбақшы едi, жеме-жемге келгенде маған да «барасың» дедi.
– Бас редактор барған жерге бiздiң қосарланып барғанымыз ретсiз шығар, – деп шегiншектеп едiм:
– Қамшының сабындай қысқа ғұмыр ғой. Бiрге жүре тұрайық та, – деп мұңая сөйлегенiн ұмыта алмай жүрмiн. Бұл кезде Оралханның демi бiтуiне екi-үш ай ғана қалған екен ғой.
Қарт жазушымыз Аппаз Қаражiгiтов Қайырбекке қасқыр iшiк кигiздi де, Оралхан екеумiзге кәрiстердiң екi радиоқабылдағышын сыйлады. Ұшақтан түсiп, үйге барып, шай iшiп отырғаным сол едi, Орекең телефон шалды:
– Ей, менiң радиомның сағаты бар екен, – деп балаша қуанып тұр екен. – Сенiң радиоңда сағат бар ма?
– Бiзде де бар шығар, Ореке. Кәрiс ағайындардың бiр қалыптан шығып жатқан арзан радиосы ғой!
– Сен әлi ашып көрмеген екенсiң ғой. Әрине, буржуйларға дүние таңсық емес. Бiз классик болсақ та қатарға қосыла алмай келемiз…
Орекең Жазушылар одағы берген екi бөлмелi тар пәтерде тұрды. Сонысы өзiне қатты бататын.
– Айханым мен Айжаным өсiп келедi. Мына қуықтай екi бөлмеге сыймайтын түрiмiз бар, – деп уайымдайтын.
Кеңес өкiметi тарап, дүние астан-кестең болып жатқан алакөбең шақ. Жаңадан шыққан байлардың алдына тұрып болмайды. Оралханның да, менiң де тұрмысымызды түзегiмiз келедi. Қол қысқа. Көбiне бiздiң үйде шай iшiп отырып, түрлi жоспарлар жасаймыз. Алдында ғана «Ауылдағы қазақ қаламгерлерiнiң ұйым серiктестiгi («АҚҚҰС») деген қауымдастық құрылып, Оралхан – президент, мен – вице-президент болып сайланғам. Айтпақшы, менiң бұл жұмысқа жегiлуiм де кездейсоқ жүзеге асып едi.
Бiр күнi, қауымдастықтың құрылтайы алдында Орекең шақырып алып:
– Тұтқабай Иманбеков вице-президент болады. Сен соның орнына бас редактордың орынбасары боласың, – деген шешiмiн жариялады. Өзiмiзбен жақсы араласып-құраласып, сыйласып жүретiн Тұтқабай ағамыз жеме-жемге келгенде «АҚҚҰС»-қа барғысы келмедi.
– Менi қызметтен шеттетiп жатырсыңдар, – деген өкпесiн айтты. Осыдан кейiн Орекең «АҚҚҰС»-қа менi сайлатты. Кейiн «АҚҚҰС»-тың әжептәуiр ауқатты ұйымға айналғанын көрген Тұтқабай ағамыздың шынымен өкiнген шақтарына да куә болдық.
Сонымен Орекең екеумiз «АҚҚҰС» арқылы шаруа жүргiзуге талпындық. Темiрше Сарыбаевты Ақсуға жұмсап, сондағы ақын Жамау Бұқарбаев арқылы бiр мәшине қаптаулы қант алғызып, оның жартысын Көкшетаудағы менiң әкiм досым Құрманхан Бұқарбайұлына жөнелтiп, ол жақтан бiр КамАЗ картоп алдырып дегендей…
Екi Бұқарбайұлының еңбегi еш болды: Арқадан көктем шыға алдырған таңдаулы картопты қалай сатудың ретiн бiлмей «Алматыэнергосеть» деген ұйымдағы бiреуге түсiрiп берiп едiк, ол ақшамызды бермей сырғақсытып жүрдi де, бiр күнi өзiн мәшине басып кеттi.
– Қант, картоп операциясы осымен бiттi, – дедi Орекең ызаланып. – Ендi темекi операциясын бастаймыз.
Сөйтсек, Орекең бiр отырыста Алматы темекi фабрикасының директоры Қадыр деген жiгiтпен танысқан екен. Қазiргiдей Куба сигаралары мен Англия сигареллалары тiрелiп тұрған заман емес. «Қазақстан» сигаретiнiң көзден бұл-бұл ұшқан кезi.
– Әлгi директордан сұхбат алып кел. Газетке жедел жариялаймыз. Осыны пайдаланып, бiр миллион қорап «Қазақстан» сигаретiн отыз тиыннан сатып аламыз да, үш сомнан сатамыз. «АҚҚҰС» ақшаның астында қалады, – деп қуанып отыр екен.
Фабрикаға барып, сұхбатты да даярладым. Бiр миллион қорап сигареттi де алуға келiсiм жасадым. Баюдың аз-ақ алдында тұр едiк…
– Менi атып тастайтын адам жоқ! – деп Орекең аяқ астынан шала бүлiндi. – Кеше Дулаттың үйiнде қонақта болып… Балконда темекi тартып тұрып, ендi темекi сатып байитынымызды айтып мақтанып қойыппын.
– Е, Дулат өзiңiздiң досыңыз, «жетi жетiмнiң» бiрi емес пе?
– Дулат әлгi темекi фабрикасының директорымен бажа екен. Бiздiң достығымыздың жазылмаған заңы бойынша, бiрiмiзден бiрiмiз озып кетуге болмайды. Ендi қара да тұр, Дулат әлгi темекiнi бiзге бергiзбей қояды!
Рас екен. Әлгi миллион қорап темекiнi бiз фабрикадан шығарып алуға тиiс күнi де, одан кейiн де директор Оралхан екеумiздi маңына жолатпай қойды. «Темекi» операциясы да күйреп тынды. Артылып қалған қантты Орекең қайтыс болысымен, үйiне берiп жiбергенiм есiмде. Айтпақшы, Дүкеңнiң бажасынан сұхбат алуға барғанымда, Орекең екеумiзге мың қорап қара сүзгiлi «Қазақстан» сигаретiн сыйлаған. Оралхан аға қайтыс болған күндерi сол қара сүзгiсi бар сигареттi көзiмiзден жас аққанша құныға сорып жүрдiк қой.
1968 жылы бiз оқуға келiп түскенде, «Лениншiл жас» газетiнде әдебиет бөлiмiн басқаратын Оралхан Бөкеевтiң әдеби даңқы дәуiрлеп тұрған болатын. Газеттiң бiрнеше нөмiрiне шығатын әңгiмелерiнiң жалғасын оқу үшiн ертемен газет дүңгiршектерiнiң алдын күтушi едiк. Сол романтикалық әңгiмелер бiзге өлең сөздей, тiптi әсем әндей көрiнетiн. Ұзын, қою қара шашы желкесiн жапқан жас жазушының шығармашылық бақытына қызыға да, қызғана да қарайтынбыз. Кейiн ешкiмге ұқсамайтын хикаяттарымен өзiн әбден мойындатқан жазушымен аз уақыт та болса қанаттас өмiр сүргенiм – әлi күнге сағынып еске алатын кездерiм. Таралымы әбден құлдырап кеткен «Қазақ әдебиетiн» насихаттау үшiн 1992 жылдың соңында ақындар айтысын өткiзiп, тiзе қосқан шақта оның қандай күрескер екенiне көзiм жеттi. Айтыскер ақындар мен термешi-жыршылардың республикалық қауымдастығын бiрге құрдық. Дәл осы еңбегi үшiн кейiн Оралхан Бөкейдiң құрметiне үш рет ақындар айтысын өткiзуге тура келдi. Қаратай елiнiң ортасында өткен осы жыр сайысында ақын iнi-қарындастары Орекеңнiң асқақ бейнесiн өлең сөзбен сомдауға құлшынды. Қара сөзбен жырлайтын қаламгер осы құрметке лайық едi.
1993 жылдың шiлде айында Оралхан Бөкеев 50 жасқа толуға тиiс едi. Мамыр айының басында Несiпбек екеумiздi оңаша шақырып, кеңес құрды. Туыс-туғанның аздығын, ет-жақындарының бiрiнiң соңынан бiрi бақилық болғанын айтып, мұңайып отырды. Өз ауылындағы адамдардың қатыгез, тасбауыр болып бара жатқанына мынандай мысал келтiрдi:
– Шайды балмен iшкендi ұнатам. Шiркiн, бiздiң Алтайдың хош иiстi балына ештеңе жетпейдi ғой. Елге бiр барғанымда ауданның бiрiншi хатшысына бал құйдырып бер деп өтiнiш жасадым.
– Қанша бал керек едi?
– 7-8 литрдей болса…
– Ыдысыңды менiң жүргiзушiме тапсыр. Ұшаққа сол апарып бередi, – дедi хатшы.
10 литрлiк бiр ыдыс сатып алдым да, жүргiзушiсiне бердiм. Сенесiңдер ме, жоқ па – тура бал құйып берiптi. Ыдыс 10 литрлiк едi ғой. Бiздiң ауыл осындай! Осы әңгiменi айтып ызалана күлген Орекең шiлде айының 3-i күнi Несiпбек үшеумiздiң менiң «Жигулиiммен» Қатонқарағайға аттанатынымызды хабарлады.
– Неге менiң «Жигулиiммен»?
– Сенiң орындыққа жапқан тыстарыңды түнеу күнi Бақытжамал Эмираттан алып келген. Сондай ұнайды маған!
Осындай уәжге тоқтайсың ба, тоқтамайсың ба? Сiрә, өзiнiң қызмет бабында мiнетiн «Волгасын» елiне мiнiп баруға сақсынса керек.
– Елiңiзге достарыңыздан кiмдi шақырасыз? – деп сұрадық Несiпбек екеумiз.
– Ешкiмдi де шақырмаймын. Оларды күтетiндей құдiреттi туысым жоқ. Аудан басшысының тiрлiгi әлгi. Елдегi Жұмадiл досым да өзiм секiлдi қу сирақ кедей. Шыңғыстайда бiр тайым бар. Соны соямыз. Үшеумiзге бiр жұма жеуге содан артық не керек? Қатонның ауасының өзi не тұрады! Айтпақшы, қайтарда мен ұшақпен ұшып кетем. Сендер жермен қайтасыңдар.
– Неге ұшып кетесiз?
– Бiр жұма Шыңғыстайда арақ iшкен сендердiң иiстерiңнен менiң басым айналады.
Осылайша жоспары сызылып қойған алдағы сапарға шықпай қаламыз деп кiм ойлаған…
Сол 1993 жылдың мамыр айының соңында, Қазақстан Жазушылар одағының бiрiншi хатшысы Қалдарбек Найманбаев бастаған 15 шақты қаламгер Түркияға сапар шегiп, Мағжан ағамыздың 100 жылдығына арналған шараларға қатыспақшы едiк. Сапарды ұйымдастырушылардың бiрi ретiнде мен де, «Қазақ әдебиетi» газетiнiң бас редакторы ретiнде Оралхан Бөкеев те делегация құрамына енген едiк. Сәуiр айының соңғы күндерiнiң бiрiнде Орекең менi кабинетiне шақырып алды да:
– Мен Түркияға бармайтын болдым. Сен газетке сапарнама жазып келесiң, – дедi («Мағжанның Түркиясы» деп аталған сапарнама «Қазақ әдебиетi» газетiнде жарияланды).
– Сiз неге бармайтын болдыңыз?
– Мен Үндiстанға жүремiн, – дедi Орекең.
Үндiстанның басшысы Алматыға ресми сапармен келгелi жатқан. Соның алдында бiр топ қазақ журналистерi Үндi елiне барып қайтатын болыпты да, iшiне Оралхан Бөкеев те қосылған екен. Орекеңнен басқасының бәрi – жас қаламгерлер.
– Ылғи бала-шағаның арасында сiзге не бар, Ореке? Үндiстанға менi жiберiңiз де, өзiңiз Ыстамбұлға барып келiңiз, – дегенiм есiмде.
– Түркияға барсам, Қалдарбек пен сен берген тиын-тебендi санап жүредi екенмiн. Үндiстан сапарын үкiмет қаржыландырып отыр. Бiз де есеп шығара бiлемiз, шырақ! – деп әзiл-шыны аралас жауап берген Оралхан: – Мен не көрдi дейсiң? Қырымға барсам емделуге бардым. Переделкинода жазудан қолым босамады. Елбасымен Еуропаға бiр барып келгенiм болмаса, осындай тегiн сапарға бiрiншi рет шыққалы отырмын ғой. Жас болса, жер ортасы елуге келiп қалды, – деп мұңайды.
Қыс айларының бiрiндегi кеңесу кезiнде:
– Қылшылдаған кезiмде өзгелер үшiн жұмыс iстедiм. Ендi өзiм бас редактор болған кезiмде қаңсып қалған басыма идея келер емес, – деп налығаны бар едi. Сол күнi профессор Тұрсынбек Кәкiшевтiң «Астананы Ұлытауға көшiрсек қайтедi?» деген мақаласын дайындап әкелiп, оқуға бергенiмде айтқан сөзi едi. Мен күмәнданып әкелген сол мақаланы нөмiрге салуға пәрмен берген Орекең астананың көшпей қалмайтынын болжалдап жүр екен ғой.
Орекең Үндiстанға 10 мамыр, жаңылмасам, сенбi күнi аттанды. Жауапты хатшы Қайырбек Асанов екеумiз Жазушылар одағына келiп, шығарып салдық. Көлiгiне мiнгелi тұрып:
– Қайырбек, маған екi шөлмек арақ әкелiп, қоржыныма салып бершi, – деп өтiнiш жасады.
– Арақ iшпейсiз ғой, оны қайтесiз? – деп Қайырбек таңданды.
– «АҚҚҰС»-тың қоймасында отыз жәшiк арақ тұр емес пе? – деп мен ұсыныс айттым.
– Сенiң қисық шөлмегiңдi шетелге апарғаным ұят болар, – деп күлдi Орекең. – Iшпесем де, қоржынымда жүрсiн. Қолымды жуамын. Мен өзi иiс-қоңысты жаратпаушы едiм. Үндiстанда қысы-жазы ауа ауыспаған соң иiс болатын шығар…
Қайырбек «Балалар әлемi» дүкенi жағынан тез оралды да, бiзбен қол алысып қоштасқан Орекең көлiгiне мiнiп, жүрiп кеттi.
Оралхан Бөкеев Делиде мамырдың 17-сi күнi қайтыс болыпты. «Агра қаласына сапарлап барып, Тәж-Маһалды тамашалап, қайтар жолда әзiл-қалжың айтысып, көңiлдi болып едi» дейдi көргендер. Өкпесiнiң iлесi бар едi, 56 градус ыстыққа шыдас бермеген тәрiздi. «Сорқұдықтың басына сорға бола қонды әкем» демекшi, осы сапарға бармай-ақ қойшы деген менiң сөзiмдi қабыл алса, әлдеқалай болар едi деп ойлаймын да жүремiн.
Оралханмен айнымасқа, айырылмасқа табысқанымды бiлушi едiм. Бiрақ дәл осылай жылдам қоштасамыз деп ойламаппын. Көзiмнiң жасы сорғалап жүрiп жоқтау жаздым. Жиырма шумақтан астам сол жоқтау Оралханның мәйiтiн Мүсiрепов театрынан алып шығарда айтылып тұрды. Бiздiң шешелерiмiз, жеңгелерiмiз боздақтарын солай жоқтаушы едi. Жоқтау үстiнде iштегi шер-шеменiн, қайғы-зарын сарқып айтып, мауқын басатын. Мауқымды басқан сол жоқтаудың мәтiнiн де сақтап қалмаппын.
Оралхан үздiге жырлап өткен Шыңғыстайға, Мұзтауға, Қатонқарағайға өзi өмiрден өткен соң оншақты жылдан кейiн ғана жолым түстi. Оралханның ауылы, үйi, Оралханның мектебi, мұражайы деген түсiнiктер пайда болыпты. Оралханның жерлестерi Оралханның атын айтып мақтануды үйренiптi. Тоба.
Маралшылардың тау басындағы «Верхотур» деген қосынан таң алдында төмен түсiп келе жатып, жолдан адастым-ау деген күдiк көңiлiме кiрдi. Сиырын өрiске шығарып жүрген жiгiт ағасы жол жиегiнде тұр екен. Жөн сұрасам:
– Мен жол сiлтей алмаймын. Осы жасқа келгенше мына Большенарымнан арғы жаққа аяқ басып көрген жоқпын, – деп шынын айтты.
Жан-жағын шыршалы-самырсынды, таулар қоршаған, адамдары томаға-тұйық ауылдан шыққан Орекең қалай алысқа ұзап кеткен! Қандай биiктерге шығып кеткен?
Сол биiктен, Оралханның биiгiнен төменге қарасаң – басың айналады