«Жұлдыздар отбасы» журналының бас редакторы Рысбек Үркімбайға берген сұхбатым «Фариза апай қатардағы көп депутаттың бірі болған жоқ» деп аталыпты.
Ол сұхбатта «Фариза апамыздың қайраткерлік қырын сізден артық ешкім айта қоймас деген оймен сізге қайрылған едік» деген сұрақтарға барынша адал жауап бергендеймін.
Ондағы айтылған негізгі ойлар мынау:
97-нің желтоқсанында Алматыдан Ақмолаға көштік. Жарты жыл жатақханада тұрдық. Келер жазда қызметтік пәтер бергенде Абай көшесі 1-үйде бір кіреберісте, ол кісі 4 қабатта, біз 7 қабатта тұрдық. Одан сайын жақын болып кеттік. Жұбайым Зибагүлді өте жақсы көрді.
Парламент Мәжілісінің қызыл залындағы 4 орындық болатын үш қатар парталардың (басқаша атаудың керегі жоқ, шынында кәдімгі оқушы партасы сияқты еді), оң жақ шеттегісінің екінші қатарында үш алыптың арасында отырдым.
Қазіргі депутаттардың кім екенін көп адам біле бермейтін сияқтанады. Ал, Шерағаң, Қаратай ағамыз, Фариза апамыз үшеуінің қатар отырғанының өзі Мәжіліс залына бір айбар беріп тұратын еді. Осынау үш қайталанбас тұлғаның қасында бірге болғанымды мақтаныш етемін. Көп үлгі, өнеге алдым. Біз Қаратай ағамыз екеуміз экономика саласынан, апай Шерағамыз екеуі руханияттан Парламент қабырғасында талай-талай келелі мәселелердің көтерілуіне мұрындық болғандаймыз.
Фариза апай тек ақын ғана емес, қайраткер журналист, публицист те болды. Қазақ халқының тағдырына қатысты небір өткір мәселелерді көтерді. Бір бейнемұрағатта белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сағат Әшімбаев Фариза апайдың публицистикалық мақаласын көрсетіп, «Мынадай өткір ойды
біздің жігіттеріміз де айта алмайды» деп баға беріпті. Бұл сонау 1991 жылдарға дейінгі кезең. Демек апам депутат болмай тұрып-ақ депутаттың міндеттерін атқарып жүрген екен. Осындай мінез – қазақтың тағы бір аруақты ұлы Сәбит Оразбаевтың да бойында бар.
Бұлай айтып отырғаным – адам лауазымына, қарап емес, мінезіне қарап-ақ ел мұңына қатысты ойларды айтып, өзі үшін емес, туған елінің рухани тереңі мен талғамды тілегін қымбат тұтатынын көрсетіп тұр.
Ол өмірге бос келмеген, жан-жүрегімен, ақыл-парасатымен туған халқына рух бере келді.
Шығармашылық жолын журналистіктен бастаған Фариза апай журналистикада қалам тартудан еш тартынған емес. Очерктері мен эсселерін өлеңмен де жазды (әнші Майра), ал Кәмшат Дөненбаева, Бибігүл Төлегеноваларға поэма арнады. Апайдың «Сұхбатында» «Қыз тағдыр», «Мүшәйра» өлеңдер циклы немесе «Асанқайғының зары», «Дәркембайдың Абайға шағынуы», «Дала тағдыры», «Қарғыс», т.с.с. замана мұңын толғайтын топтамалары бар.
Фариза апайдың көп жақсы қасиеттерінің бірі – бір қазақ үлкен демей, кіші демей, ел тарихына, бүгінгі күнімізге қатысты игілікті іс атқарса, естіген немесе оқыған сәтте, оны насихаттап, айта жүретіні еді. Солардың есімдегілерінен бірер мысал.
Білікті практик заңгер, белсенді қоғам қайраткері, руханият жанашыры, халықтың мәдени мұрасын зерттеуші Бекет Тұрғараұлы «Мәдениет жылы» деп жарияланған 2000 жылы тарихтағы барымызды бағалап, жоғымызды түгендеуге ықпал ететін бір іс жасады. Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорын құрды және сол арқылы біреуі «өмірде болған адам» деп, біреулер «болмаған» деп талас туып жүрген Қожаберген жыраудың болғанын дәлелдеп, «алтын кездіктей қап түбінен шығарып», қайта танытуға шарапатын тигізді. Сол жылдың соңында Петропавл қаласында «Қожаберген жырау Толыбайұлының Отан тарихы мен қазақ поэзиясында алатын орны» деген тақырыпта алғаш рет республикалық ғылыми-теориялық конференцияның өтуіне мұрындық болды. Мұндай жиын біз қатысып, куә болған, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде де зор серпіліс жағдайында өтті.
Бұған дейін Қожаберген жырау есімін көпшілік жұрт «Елім-ай» әні мен «Елім-ай» дастаны арқылы еміс-еміс естіп, сенер-сенбесін білмей келген болса, айтулы ғалымдар мен мамандардың, білікті тарихшылар мен әдебиетшілердің басын қосқан алқалы жиындар еліміздің барлық аймақтарында өтуі, Қожаберген жырау бабамызды жұртшылыққа тереңірек таныстырды, тарихымыз бен әдебиетіміздегі алар орнын бағалап көрсетті.
Бұл – алға қойылған үлкен мақсаттың бастамасы еді. Тәуелсіздіктің арқасында өз тарихымызға терең үңіліп, талай ақтаңдақтардың беті ашылды. Рухани жаңғыру бағдарламасы – елге үлкен серпіліс әкелді. Еліміздің үлкен атпал азаматының бірі, бүкіл Қазақстанға белгілі меценат, заңгер-ғалым, тарихшы Бекет Тұрғараев бағдарламаға іс жүзінде ерекше мән беріп, бір өзі мәдениет министрлігі мен бір облыс әкімдіктерінің атқаратын жұмысына барында қолдау жасады.
Қазығұрт ауданы Шарапхана елді мекеніндегі «Батыр бабалар» мемориалдық кешенінде қос батырға ескерткіш қойылды. Халық қаһармандары Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрдің ескерткішін салтанатты түрде ашты.
Осылайша тұрғындар ерекше оқиғаның куәсі болды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» идеясында бағдарланған шаралар жүзеге асты. Бүгінде ары-бері өткен жұрттың бәрі екі қаһарманның ескерткішіне көз тоқтатпай өте алмайды. Күре жолдың бойында орын тепкен еңселі ескерткіш ел рухын асқақтатып, мәртебесін биіктете түседі. Бұл тарих – бәрімізге үлгі, бәрімізге сабақ. Бекет Тұрғараев бұрын Салқам Жәңгір мен оның сарбаздары қаза тапқан жерге белгітас қойған болса, Қазығұрттағы ескерткіш – сол белгітастың нүктесі болды.
P.S: Осы орайда есімізге түседі. Еуразия ұлттық университетінің профессоры Дихан Қамзабекұлының ұйымдастыруымен, белгілі заңгер, қоғам қайраткері Ирак Елекеевтің және көптеген арлы азаматтардың еңбегімен Мәскеуде жерленген алаш арыстарының бірі Смағұл Садуақасұлының мәйіті Астананың ортасында қалып қойған ескі зиратқа әкелініп жерленді.
Осы қорымда өзге де қазаққа танымал адамдар жерленген, олардың бізге белгілі болғандары Балуан шолақтың Ғалиясы, осы өңірдегі дін жетекшілері хазіреттер мен қалпелер, атап айтқанда Белгібай шайық, Ақтамақ хазіреттер жатыр.
Осындай аруақты адамдардың мәңгілік мекенін күтімге алып, ұмытылған тарих іздерін осылай тістеп-тірнектеп жинақтап, қолдап, ертеңгіге жеткізіп отыру – біздің әрбіріміздің парызымыз.
Бекет Тұрғараевтың демеушілігімен «Ұлы Жеңістің 70 жылдығы» қарсаңында Қазығұрт ауданында «Бабалар рухына тағзым» кешені салтанатты түрде ашылып, сол мекеннен соғысқа аттанып елге оралмаған 384 боздақтың аты мәрмәр тасқа жазылып, мәңгілік алау оты жағылып, «Ерлер есімі ел есінде» деген 21 метрлік алып монумент тұрғызылды.
Осының бәрі: «Мен қолымнан келгенін жасадым, Сіз де өз мүмкіндігіңізге қарай үлес қосыңыз. Бұл істер – біздің халқымыздың рухани жаңғыру жолындағы қызметінен көрініс беріп тұрсын» дейтін азаматтың азаматының ісі ретінде тарих парақтарында орнын алары сөзсіз.
Апайдың көп қырының бірі елдегі жаңашыл мекемелерге барып, олардың қазақтың жетілуі үшін не атқарып жатқанын көру еді. Сол оймен бірде Астанадағы «Назарбаев университетіне» барып қайтайық деген соң бірге бардық. Барар жол бойында өзінің көңіл түкпірінде сақталып жүрген: «Осы мекемеде қазақылықтың белгілері бар ма екен?» деген сөз айтты.
Біздің апайдың араласып тұратын сіңлісі, педагогика ғылымдарының докторы, Назарбаев Университетінің профессоры, ұстаз, ғалым, Жазушылар одағының мүшесі Гүлтас Сайынқызы қарсы алды. Ол педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ақын, көптеген кітаптардың авторы еді. Барған кезімізде сондағы қазақ тілі, әдебиет және мәдениет кафедрасының меңгеушісі екен. Бүгінде сонда оқытушы, әрі «Рухани жаңғыру» орталығының меңгерушісі.
Гүлтас Құрманбай апайға өзінің «БОЙТҰМАР» атты кітабының қолжазбалық нұсқасы сыйлады. Бұл кітапты парақтап көріп, сезімтал ақынның көңілі бірден көтерілді. Кітап қыз бала тәрбиесіне және бүлдіршіндер тәрбиесіне арналған екен. Жаңа түскен келіннің міндеттері, өзін-өзі ұстау әдебі туралы қарапайым тілмен жазылған педагог-ұстаздың ақыл-кеңестері отау тіккен жастар үшін өте пайдалы. Кітаптың екінші бөлімі «Жақсы мінез сабақтары» деп аталыпты. Кішкентай бүлдіршін кезінен сәбиді тәрбиелі болуға, өзін барлық ортада дұрыс ұстауға, дұрыс сөйлей білуге үйретеді екен.
Кейін бұл кітап жарыққа шықты. Өкінішке орай, біздегі кітап тарату ісі төмендеп кеткендіктен, бұл кітап басқа да керекті кітаптар сияқты өз оқырманын толық тапқан жоқ.
Билікті көп сынап жүріп, билік басындағы Нұрсұлтан Назарбаев пен Иманғали Тасмағамбетовті ерекше құрметтейтін және онысын ашық, жария түрде мәлімдеуші еді.
Бірыңғай мадақ сөздерден құралған жазбалары болған емес. Әр мақаласында елге ортақ проблема көтеретін еді.
Егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі де, сол жылдардағы қарымды күресі де баршамыздың көз алдымызда.
Соңғы 5 айда күніге таңертең ауруханаға ыстық тамақ апарып тұрдық. Суып қалмасын деп таксимен барамыз, қайтарда ақшамызды қимай автобуспен қайтамыз. Апамыздың ауруы жеңе бастағанда да бір рет нала болған сөзін естімеген жігер-күшіне күні бүгінге дейін қайран қаламын. Әдетте, ауру адамға көңіл сұрай барсаң, тек кеселі жайында айта беретінін талай көргенбіз ғой. Рух биіктігі деген осы шығар...
Ауру меңдемей тұрып, кетерінен жыл жарым шамасы бұрын жұбайым екеумізге: «Менің атқарылуымды сен екеуің жасайсыңдар» деді. Жүрегім шым етті. Нені мегзеп тұрғанын сезсем де, әзілге сайып: «Бізге билікті бере қояр деймісіз...» дедім батырланып. «Түсініп тұрсың ғой...» деді.
Айтқанындай ауырлап бара жатыр деген қоңырау шалынғанда тез жеттік. Мейрам суын беріп, оң жаққа жатқыздық, жаназа алдындағы діни рәсімдерін атқарыстық. Осылайша біз апамыздың аманатын орындадық.
Сұхбаттан соңғы блиц-сұрақтарға берген жауаптарым мынадай болды:
«Фариза Оңғарсынқызының ең жақсы қасиеті қандай?
- Турашылдығы.
Фаризаның қандай мұңы болды?
- Рухани жалғыздық. Жалғандыққа жаны қас еді.
Насихатталуына көңіліңіз тола ма?
- Жоқ. Түрлі шаралар өтіп жатыр. Бірақ, біркелкі. Жан-тәнімен берілген емес.
Не жасауға болар еді?
- Мақтау-мадақтаусыз, шыншыл, құжатты сериал жасалса деймін. Оған сценарист, режиссер, жүргізуші болатындар, шын көңілімен жасайтындар бар. Өзінің сақталған сұхбаттарын, өлеңдерін, жазбаларын қосып 10 сериялы фильм жасаса, ол барлық мектептерге, оқу орындарына жеткізілсе нұр үстіне нұр болар еді.
Қандай өкінішіңіз бар?
- Әбіш Кекілбаевтің, Фариза Оңғарсынованың, Ақселеу Сейдімбектің, Кәкімбек Салықовтың өлгеніне бес жыл өткен соң ғана атын атауға, аталым беруге болады деген Үкімет шешімі – қазаққа жасалған қиянат. Ол арқылы ұмыттырылмайды бәрібір!
Тағы не айтасыз?
- Қазақ ұрпағын «обал, сауап, борыш» деген үш ауыз сөзбен тәрбиелеген. Осы тәрбиеден айнымауға тиіспіз. Мораль, адамгершiлiк, ұят-иман, обал-сауаптан гөрi ақша, атақ, мансап, билiктi көбiрек пiр тұтқан заманда Фаризаны ел есіне көбірек салып тұруымыз керек.
Қазаққа не айтасыз?
- «Қиындау заманда тұрмыз. Әлемде кедейді адам сапынан шығарып тастау әрекеттері басталғанына 30 жылдан асты. Сонда да, мәселе ақшаның бар-жоғында емес, ар-иманда. Еңбегін сауып, іс қылуда. «Жеңіл жол іздеп әуре болма, оқы, білім ал, ғылымға бейімдел. Кедей болу ешкімнің маңдайына жазылып қоймаған. Тырыс. Ұмтыл. Жасыма. Жігерлен» дер едім!»
Білімді ел» газетінің қызметкері Сәния Сүлейменнің осы секілді сұрақтарына да жауап беріппін (16 қазан 2015):
«Үкіметіміздің қаулысы бар, онда: «Аса көрнекті азаматтардың атын тарихта мәңгіге қалдыру үшін көшелерге, мектептерге, оқу орындарына, мекемелерге аттарын беру өлгеннен кейін 5 жылдан кейін жүзеге асырылсын» делінген. Бұл қаулыны дұрыс-бұрыс деп жатпағанда, менің ойымша Бәйкен Әшімов, Фариза Оңғарсынова, Кәкімбек Салықов, Еркеғали Рахмадиев, Қадыр Мырзалиев сынды ардақтыларға бұл қаулыны жеңілдететін уақыт жеткен сияқты. Кімге барып айтсаң да қаулыға сілтеме жасайды. Сонымен кейінге қалдырылып тұр. Қолдан келгені мезгіл-мезгіл басына барап құран оқып, гүл қойып қайту мен фейсбукқа өлеңдерін ұсыну болып тұр».
Апамызды жақсы көрдік. Алдымен Шымкенттегі облыс әкімі Асқар Мырзахметов өткізген асқа қатыстық, Оны облыстық жазушылар бірлестігін басқаратын Әбілдә Аймақ пен ақын Ханбибі Есенғараева жүргізіп отырды.
Облыс орталығында өткен жиындағы зиялы қауым өкілдері, ақын жазушылар қатысқан кездесуден соң, апайдың облыстағы жақын достары қатысқан осындай бір кеш Нәзира Тәшімбетованың ұйымдастыруымен Сарыағаш қаласында да өткізілді. Оған Сайлаукүл Барахова, Әселхан Қалыбекова, Асхан Майлыбаева қатысып, сөз сөйледі. Кешке аудан әкімі де қатысты. Оны аудандық газеттің қазіргі редакторы, ақын Мұрат Бекей жүргізді. Кеш өте мағыналы, мәнді болып өтті.
Содан шығып, ертесіне Мақтарал ауданында да туыстарды жинап дастархан жайып, дұға бағыштағымыз келді. Солай болуы тиіс еді. Солай жасадық.
Бірақ сонда апайға арнап өз ауылымның (бұрынғы аудан) орталығында 25 адамды шақырып, ас арнап, құран оқытқым келгенде бір ағам: «Бұл не? Атыңды шығару ма?» - дегенде, оның түсінігіне қапаланып, ештеңе айта алмай, мүжіліп қалып едім.
Дүниеден ерте кеткен Рахымжан Отарбаев туралы жазбамда да апаға қатысты жерлері бар екен:
«Бүгін Астанада дара тұлға Рахымжан Отарбаевқа арналған ас беріледі және аудиокітабының тұсаукесері болады. Асығыс кетіп қалғанына өкінеміз. Біз аяулы адам дүниеден өткенде «Алланың дегені болар» деп өзімізді жұбатамыз.
Фариза апамызда да сондай сезімде болғанбыз. Ол кісінің ерек ойлары көп болатын. Соның бірінде: «Мұқағалидың берері көп еді, ерте кетіп қалды» дейтіндер бар, мүмкін ол берерін беріп, өз биігіне көтерілген соң, одан төмендегісі келмеген болар» деп еді. Осы секілді ойды кетерінен аз бұрын Ақселеу Сейдімбек те айтқан.
Тағы да Фариза апама жүгінсем, пайғамбар жасына жеткендегі бір сұхбатында: «Мен поэзияда айтарымды айттым, жазарымды жаздым» деп еді...
Фейсбукте Ұлықбек Есдәулет те: «Киіз кітап» - менің биік шыңым, енді содан төмендемеу үшін тырысуым керек» деді.
Рахымжанның уақыты болғаны өкінішті, дегенмен «Жайнаған туы жығылмай» тұрғанда кеткені деп жұбатамыз дағы өзімізді...
«Жатқан жерің, жайлы болсын, Фариза апаға ұқсаған, ешкімге бас иіп төменшіктемеген, басына ноқта симаған аяулы дос!» деп қаламыз
30.03.2018».
Фариза апам: «Сені қашан болса да, шенеуніктен болған ғалым деп таниды. Біржақты рухани дүниеңмен айналыс. Тілің төселді» - деген еді 2003 жылы.
Мақұл дегенмен оны да тастай алмадым Арамдыққа бара алмайтын басым, барлығын ретті, қалыпты етемін деп әлі әуре болып жүрмін. 2017 жылдың үздік оқытушысы деген бағалы номинацияны иелендім. 7 ғылыми кітап шығардым. Оларды республика бойынша таратып жатырмын. Университеттің ғылыми кеңесінде және министрлікте есеп бердім.
Мәжілістің 2 шақырылымының орта шеніне келгенде: «Апай, өмір бұлай барлық жағы тең жорға болып жалғаса бермейді, ертең мерзіміміз біткен соң керексіздеу болып қаламыз. Сіз барлық жазғандарыңыздың таңдаулыларын жинақтап, көптомдық кітап әзірлеңіз, соны шығарып қоялық. Сіз депутаттық қағаздарыңызды маған беріп, көмекшіңізге осы кітаптардың басылмағанын бастырыңыз, дайындатыңыз - дедім.
Сол айтқанымды орындап бір жылға жетпей 10 томдық кітабын шығарды. «Сенің арқаңда бітіп қалған бір жұмыс болды» деп ризалығын айтты.
«Мынауың бұрынғыдай тек мемлекеттік тапсырыспен, ұзақ жылдар бойы күтіп шығарғаннан дұрыс екен, әрісі қосымша табыс көзі екен ғой, оның үстіне көз алдыңда таралып жатқанына риза болады екенсің», - деді.
Бір ауданның әкімі хабарласып қалғанда: «10 томдық кітабым шығып еді, содан 10 комплект беріп жіберейін, саттырып бер» депті. Ол: «Біреуін жіберіңіз, осындағыларға көрсетейін, егер мақұлдаса, жіберерсіз» дегенде трубканы лақтырып жібердім, - деп еді бірде...
Трубка лақтыру апайда кездесіп тұрушы еді. Есіме соның өзім куә болған біреуі түсті. Екі жігіттен тұратын, атағы жер жарған бір ансамбльдің жетекшісіне қоңырау шалып: «Отбасымызда той бар еді, соған келіп бір-екі ән
айтып кетесіздер ме?» дегенде: - Апай 10 мың доллар болса, бара береміз ғой, - депті. Сонда менің көзімше телефон трубкасын лақтырып жібергенін көрдім.
Марфуға Айтхожина Астанада мерейтойлық кеш өткізгенде апай сөйлеп былай деген еді: Ақын – ол Ақын. Өлеңші емес. Әрбір құс өзінше сайрайтыны сияқты, әр ақынның өз қабілет-қарымы, түсінігі, өмірге көзқарасы әртүрлі. Ақындардан әртүрлі өлең туатыны содан. Ақындар «анау мықты, мынау төмен» деуден немесе «мен №2-ші ақынмын деп кеуде соғудан сақтануы тиіс. Марфуға ондай сөздерден биік қыз, - деп еді.
Астанаға жаңа көшіп келген жылдары Жастар сарайында өзі ұйымдастырып өткізген бір айтыста бас жүлдені Қостанайлық қайраткер қыз Әсия Беркеноваға бергізді. «Сенің кіл орыстардың ішінде жүріп, ұлтыңды, тіліңді насихаттап, қорғап жүргеніңе рахмет, жүлдеге сен лайықсың» - деді.
Сонда да кейде «аяғымен емес, аузымен жүретін қазақ» өз адамы төмен бағаланып қалғандай сезінсе, айта жүреді, ештеңеге қарамайды, ұмытпайды.
Әлия Дәулетбаеваның бір жазбасы бар: «Әшейінде ол кісіні сыртынан сөгіп, едәуір әңгіме айтатын кеудемсоқ біреулердің апамды көргенде құйрықтарын бұлғаңдатып, иесіне еркелеген иттей маймаңдап қалатындарына өлгенше таң едім» - деген.
Фариза ақынның:
«О, Жасаған!
Сүйе алар жүрек беріп,
неге маған сүюді мұң еткенің,
дәл осындай қасірет тілеп пе едім?!» деуі шыншылдықтың шыңы деп санарлықтай.
Апай қашанда қыздардың қорғаны болатын.
"Бес саусақтың бірдей болмайтыны секілді, әйел атаулының бәрі шашы ұзын, ақылы қысқа салпы етектер емес. Сондай-ақ олардың әрқайсысы Томирис немесе Әлия мен Мәншүк екен деп те ойлауға болмайды. Бірақ әйел де – жаратушының перзенті. Олардың арасында да даналар мен даралар болады..."
Менімен туыстасып ағалы-қарындас болып, 30 жылдан бері бірге келе жатқан әнші қыз Қапаш Құлышева Конгресс-холлда жеке концерт беріп шақырғанда, министрлік пен әкімдіктен ешбір қолдау болмай тұрғанына наразы болып, менімен үйіне барып келіп, Қапашқа сахнада тұрып сый жасап еді.
Көп жыл мемлекет қызметінде болған Рашиля Мурсалиева, Өскемендегі досы Жазира, Ғалымдар үйінің директоры Ғайникен Айдарханқызы Бибатыровалармен достығы кісі қызығарлықтай еді.
18 жылда бір рет те тілі тиген жоқ, ауыр сөз естімедім. Жұбайымды көрсетіп: - Сен мынаның арқасында адам болып жүрсің, - деп қоятын. Басқа біреу айтса, қарсы сөз айтпасақ та, жауықпасақ та, жек көріп кетпесек те, өшіміз кеткендей қызарақтауымыз мүмкін еді. Апамызға ондай мінез көрсетпедік. Өйткені, бұл сөзі біз екеумізді бөлмей жақсы көруі деп санауымыз еді...
Апай ем-шаралардың дәстүрлі емес түрлеріне де көңіл бөлетін. Жиірек ауыратын жұбайым Зибагүлге естіген-білгендерін айтып, осындай бір тәуіп,
емші бар екен, соған барып келсеңші деп отырушы еді. Оған еліге кететіндей мүмкіндік бізде бола бермейтіндіктен, үндемей қоя саламыз. «Түнеукүні мен айтқан емшіге бардың ба» деп ол кісі де тергемейтін.
Бір күні бір баласы кеселденіп, Жетісайға апарып тәуіпке көрсеткім келеді, соны ұйымдастырып бер деді.
Мақұл, -дедім. Ұйымдастырдым, баратын болды. Бірақ бір орынсыз сөз айтып қалдым: «Қашыртқаным емес, жер асты суы жақын жердің адамдарында ерекше қабілет болмайды ғой, апай...» дедім.
- Туһ! Бәрібір барамын, бет алып қойдым. Барып келген соң-ақ айтсаң болмай ма? - деп реніш білдірді.
Бұл сөздерді апайдың өзі үйреткендей жасқанбай ойларымызды айта жүргенімізге мысал ретінде жаздым.
Интернеттен Таня Кува деген әйелдің: «Одни люди, войдя в нашу жизнь, потом исчезают бесследно. Другие – запечатлеваются у нас в сердце; благодаря им мы уже никогда больше не будем прежними» деген сөзі есіме түсіп, іздеп тауып алып, Фариза апама да қатысы бар екен деп ұсынып отырмын.
Карлос Кастанеда: «Вещи остаются неизменными. Ты просто изменяешь свой взгляд на них, вот и все» - депті.
Мен қанша мақтап-мадақтағанмен апамның бағасы асып кетпес, бірақ бұл жазбаларымды оқығандар өлеңдерін оқып, содан нәр алсам деген құлшынысқа ие болар деген ойға баратынына сенімдімін.
Біздің дамуымызға ықпал етуші ең негізгі үш түйін - Ар, Ұят, Намыс. Ондағы:
Ар – кісіні адамгершіліктен шығармай ұстап тұрушы күзетші;
Ұят – адам арға бағынбай, адамгершілік шекарасынан шығып кетіп жатқанда оянатын ішкі сезім;
Намыс – ар мен ұят екеуінен аттап бара жатқан адамды тоқтататын ішкі күш.
Осы үшеуі адамның мәдениетін, рухани адамгершілік бет-бейнесін көрсетеді.
Бұларға лайық болу үшін сана, білім, мәдениет керек.
Ар мен ұят - иманнан. Өмір мен ар-ұят түбірлес, мәндес. Өмір деген ұғымға ар мен ұят деген сөздер синоним. Яғни, арың мен ұятың болмаса, бұл өмірде жүрген-тұрғаныңнан пайда жоқ.
Ұят пен намысты, ұят пен арды бөлек-бөлек көрмеу керек. Адам ұятына тиген соң намысы келеді. Сондықтан, ұятың кетсе, арын жоғалады, арың кетсе, намысың да қалмайды. Осылайша адамшылдығыңа да нұқсан келеді.
Ұят деген арлылық. Өзіңе тиістіден қағылатын ынжықтық емес. Қорқақтық емес, жігерсіздік емес, қайта адамды Құдай жолымен жүруге қамшылайтын күш. Пара алу ұят болу керек, пара беру ұят болу керек, бірақ адал еңбекпен нан табу ұят болмау керек. Ұрламау керек, біреудің айыбын баршаға жаймау керек, біреудің затын алмау керек. Бұлардан жаза емес, ұят тоқтатуы керек.
Адамдардың бәріне бірдей жағу мүмкін емес шығар сірә...
Бір кісі Фариза апай дүниеден озған күндері желіге былай деп жазыпты:
«Исі қазаққа есімі белгілі ақын апамыз дүниеден өтті.
Сонда еліміздегі ең жасы үлкен қарттың бірі ғой деп сөз берілген ақсақал марқұмның бұрын бір жігіті болғаны, содан кейін бұл марқұм күйеуге тимей дүниеден өткені туралы «баяндап» берді.
Ал телеарналардың сол ақын апамыз туралы түсірген жобалары нағыз ток-шоу болды. Жүргізуші жігіт жиналған жұртқа бір минут түрегеп тұруға пәрмен беріп, бәрі саптағы сарбаздай қақиып қатты да қалды.
Біреулер сөз сөйлеп апамыз өзіне «Шабыт» фестивалінің дипломын тапсырғанын, үйіне келгендерге ол кісі асты мол қып пісіргенін айтып жатты.
Оны да қоя тұрыңыз! Сол кездері, яғни сол кісінің жамбасы жерге тимей жатып, Мұқағали Мақатаевтың оған арнаған өлеңін қосып отыруды әдетке айналдырды.
Біле-білген адамға бұл да әлдебіреулердің Мұқағалиды ана жерге де, мына жерге де тыққыштағысы кеп жүретін парықсыздығы, парасатсыздығы, әрі надандығы сияқты көрінеді де тұрады. Ал Мұқағалидың сол «Фаризаға» деген өлеңі ауыздан тастамай, кез-келген жерге кірістіріп отыратындай керемет өлең де емес. Бұл өлеңде не керемет образ, не асып баратқан терең ой, не алуан түсті бояулы сурет те жоқ. Осы күні екінің бірі жазып жүрген арнау өлең ғана. Ондағы «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деген ешқандай адам таңданарлық, таңғаларлық сөзде емес. Мұнда Мұқағалидің Фаризаға деген ғашықтық сезімі де жоқ. Жай бір ақынның бір ақынға арнауы ғана. Ал оны қайтыс болып жатқан адамның қаралы қоштасуы кезінде жасанды күңіреністі дауысқа салып қайталай беру де сірә, тобырлық мәдениет бүгінгі қазақтың төріне шыққанының айқын айғағы шығар- ау, ә? Тобырлық мәдениетте құлдық психология басым, ол сондықтан өзінікінен гөрі өзгенікіне құмар болады. Егер билік басында өз ұлтының тілін, дінін, бүкіл қадір-қасиетін бірінші кезекке қоюды ойламайтын дүбәра, шұбартіл мәңгүрттер отырса, олар ең әуелі өз ұлтын оңай басқарып тұқыртып ұстау үшін де осындай тобырлық мәдениетті қолдап, жел беріп отырады».
Бұл сөз де бір «тәжірибе» шығар...
2016 жылдың 25 желтоқсаны күні Фейсбукте былай деп жазыппын: Маке Кемел. 25 декабря 2016 г.Фариза апамның туған күні бүгін. Ешкімге ұқсамайтын ерекше қасиет иесі еді. Ауруханада жатырмын. Интернет жоқ газет жоқ тып тыныш. Зиба мен балалар келе жатыр, басына барып, дұға оқып қайтамыз.
Осыған келген көп хаттың бір-екеуі: Асхан Майлыбаева Аға, тезірек сауығып кетіңіз. Сізге ауыруға болмайды!
Ия, Фариза апамның туған күні... Қасында болған күндерді сағынып отырмын. Жан апатайым-ай, жаны жаннатта болғай! Дұға бағыштаудан басқа не амал бар?
Сізді тəтем екеуіңізді ерекше жақсы көретін еді... Ләйла Оразбай Мәке, сауығып кетіңіз. Фариза Апамыздың жаны жаннатта болсын. Кішкентаймыздан өлеңіне, өлеңі арқылы өзіне ғашық болып өстік қой.
Мемлекет қайраткері, үлкен жүректі азамат Рашиля Мурсалиева 2018 жылдың 31 қазанында Фейсбуктен маған былай деп хат жазыпты: «Мәке! Фариза апаға ризамын, Өзіңіздің отбасыңызбен таныстырып кеткеніне! Сау-сәламатта, елдің жақсылығында кездесуге жазсын!»
Мұндай сөздер оп-оңай айтыла салмайды.
Фариза апам әдетте диалект сөздерді пайдаланбайтын: Сонда да: «Қирап отырмын!» деп қалды бірде.
Кейде ұтымды бір әзілдерді де айтып отыратын. «Шешейдің өлгені болмаса, ауруы менен күшті емес еді» деп анам айтқан, - деп Фариза апай ауруын айта беретін адамдарға тыжырынушы еді.
Фариза:
Сендер барда жырым бар, қаным да бар,
желбірейтін туым бар тағым да бар.
Жүдеп жүрсем, жігер бер, жалынға мал!
Арқа тірер, жалғанда сендер барда
өзім кетсем мұңлылау әнім қалар...