ҚОНАЕВ БЕРДІБЕКТІ ҚАЛАЙ МОЙЫНДАДЫ?

«ӘУЕЗОВТЕН КЕЙІН ОСЫ ҮЙДІ КӨРГЕН ЕҢ ҮЛКЕН ЖАЗУШЫ – БЕРДІБЕК»

Сағат он бірдің кезінде негізінен зейнеткерлер және мен секілді қолы бостау адамдар қыдыратын. Мұхтар Әуезов музей-үйінің алдындағы қыста қарға толып қалатын фонтанды енді айнала бергенімде, атымды атап айқайлаған жіңішкелеу таныс дауыс естілді, жалт қарасам, Бекең – Бердібек Соқпақбаев. Өз қатарластары секілді қабат-қабат қалың киіну, әйтпесе, ұзын пальто, шұбатылған тон сүйрету дағдысында жоқ, серуенге лайық, адамды тоңдырмайтын да терлетпейтін бойына шақ шолақ күртеше, кендір шалбар (джинсы), аяғында көбінесе кроссовка, бас киімі де жеңіл, жылы, жүннен жасалған тоқыма. Тез, ширақ жүреді, танымайтын адам зейнеткер деп емес, бокс па, гимнастика ма тренері деп қабылдаса болатындай. Кейде қолында бұтақтан жона салған таяғы болады. Қашанғы дағдысымен қолғабын шешіп, ып-ыстық, жігерлі алақанымен қолымды қатты қысып амандасты да:

– Бір қызық оқиға болды, бала, мен саған соны түп-түгел айтып берейін, өзге әңгімеге содан кейін оралармыз, – деп бір күліп қойып, дәл қазір кіріспесе ұмытып қалатындай, асығыс сөйлей бастады.

– Әнеу күні осы көшенің бойымен Комсомол көшесіне дейін бір барып, қайтадан айналып, Шевченкомен енді төмен түсе бергенімде, бір топ жігітке жолығайын. Өзіміздің жігіттер, жазушылар ішіндегі үлкені ыздиған Балғабек, одан кейін шіренген Сейдахмет, одан кейін томпиған Тұманбай. Бас-аяғыма ұнатпай бір қарап шыққан Балғабек:

– Әй, Беке, сенделбай жүріспен қанша туфли тоздырдың екен? – деп қалды.

– Қырық жыл бойы тырп етпей, шалбардың артын тоздырып, бір босағаны күзетіп отырғанда саған шыққан мүйіз қайсы?

Қаттырақ айтып жібердім бе, Балғабек басынан көп сөз асырмайтын, үлкен мансаптағы, ресми қызметтегі адам ғой, қайтарған жауабымды ұнатпай, түйіліңкіреп қалды. Оны сезе қойған Сейдахмет сөзге араласып:

– Туфли де, шалбар да табылар, жақсы ағалар, аман болыңдаршы осы, – деді екеумізді бітістіргендей. Содан кейін маған қарап:

– Беке, бүгін қазақ үшін тамаша, айтулы, ғажап күн ғой, – деді. Мен әуелде бұл сөздің мағынасын түсінбей қалдым.

– Қандай күн еді, қаңтардың көп күнінің бірі емес пе?

– Бұл дүниеден мүлде аулақ жүретін қайран Бекем-ай, – деп сөзге Тұманбай араласты. – Бүгін Димекеңнің, Қонаевтың туған күні. Құттықтауға бара жатырмыз.

Мен аңтарылып тұрып қалдым. Шынында, ол датаның маңызын, тарихилығын білмейді екенмін. Сейдахмет мені қолтықтап, зорлап жетелегендей болып, өздеріне ілестіре бастады.

– Жүріңіз. Бірге барамыз. Құттықтаймыз. Ақсақал қуанып қалады. Енді екінші қолтықтан Тұманбай алсын.

Үйіне барып, туған күнімен құттықтамақ түгіл, өмірімде ол кісіні екі қадам қашықтықтан жақын көрген адам емеспін. Аяқ астынан бүйткенім ешбір қисынға келмейді. Тіпті барған күнде «бейтаныс мынау қайдан жүр» деп жақтырмаса, намыстан өлмеймін бе? «Жоқ, баруым дұрыс емес» деп қарсыласқаныма қарамай, аналар аяқ-қолымды жерге тигізбей, жұрттың бәрі сыртынан жақсы білетін Димекеңнің үйінен бір-ақ шығарды.

Есік ашық тұр. Дәлізде Димекеңнің өзі қарсы алды. Үстінде сұрша, тығыз матадан тігілген, жағасыз желетке. Тамағына дейін түймеленетін қызыл күрең көйлек, қыры сынбаған қара шалбар, түсі кетпеген, сынып, мыжыраймаған туфлиі аяғына құйып қойғандай жарасымды екен. Көңіл-күйі жайдары, жүріс-тұрысы ширақ. Сексенге кірді дейтіндей емес.

Бізді кабинетіне қарай өткізді. Қабырғаның барлығында кітап сөресі. Көзім шалып отыр. Дүниенің барлық саласына арналған сан алуан еңбектерді талғаммен, білікпен жинаған. Менің кітапханаға көзімді тігіп, басқа сөзге онша мән бермей отырғанымды сезді білем, Димекең әңгімені жаңа арнаға бұрды.

– Бұрын жұмыс қол тидірмеді ғой. Қазір күндіз-түні сырласым да, мұңдасым да – осы кітаптар. Бұл кітаптар бұлданбайды, «ананы айттым, мынаны айттым» деп бәлсінбейді. Барлық сырын ішіне бүгіп, оқырманын күтіп тұра береді. Біздің байлық – осы. Бәріңнің де өз қолдарыңмен жазып берген кітаптарың бар. Мен ондай еңбектерді түгел жинап, сөреде сақтаймын. Кітап бермейтін сараң мынау Бердібек, – деген кезде мен іштей ойладым: «Үйіңізге бірінші рет жігіттердің зорлығымен әрең келіп отырмын. Алдыңызға барып көргенім жоқ. Сонда кітапты қалай беремін?» – деп. Бірақ, жұмған ауызды ашпай, әдеп бағып отырмын.

Димекең креслодан тұрып, шеттеу сөренің шыны қақпағын сылдыратып ашты да, ішінен бір кітапты суырып алды:

– Мынау сенің кітабың, Бердібек. Француз тіліндегі «Менің атым – Қожа». Парижге барғанда Мұхтардың «Абай жолын» және сенің осы кітабыңды сыйлаған, – дегенде басым айналып, құлағым шыңылдап кеткендей болды. Жігіттер:

– Кәні, кәні? Көрейікші, – деп барып, аяғында:

– Ойбай, Беке, мынау керемет жаңалық қой, жуу керек! – десіп шулап кетті.

Кітап қолыма тигенде қуаныштан қаным тасып, жүрегім лүпілдеп соғып, бетім қызара бастағанын сездім. Ол кезде Алматы түгіл, Мәскеу баспаларының жағдайы аса мәз емес, кітап көбіне қоңырқай, газет қағазына басылады, мұқаба қалың қағаздан, ұзаса картоннан, анда-санда көзі тірі классиктердің қолы маталы, тері мұқабаға әрең жетеді. Қолыма ұстап отырған дүниенің авторы өзім екеніне көзім сенсе де, көңілім сенбей, сәбиін еркелеткен ана іспеттес пейілде кітаптың аппақ сүттей қағазға басылған беттерін парақтап, мұқабасын сипалап, суретші келістіре салған Алатау тарабына, Қожа, Сұлтандар бейнелеріне қарап отырыңқырап қалған күйімді аңғарған Димекең:

– Өй, Бердібек, жоғалтқан ботасын қайтадан тауып алған інгендей еміреніп отырсың ғой. Бұл кітапты бұрын көрмеп пе едің? – деді.

– Шыққанын естігенмін. Кітапты бірінші көруім. Басқа да аудармалар қолыма тимейді. Шетелден қаламақы да келмейді. Ол жаққа барып алатын Тахауи, Әбдіжәмілдер ғой.

– Мен біреудің берген сыйлығын екінші қайтара басқаға берген адам емеспін. Сен қанша қызыққанмен, бұл кітап өз орнына барып тұрсын, – деді үй иесі французша «Қожаны» сөредегі орнына қайтадан қойып.

Димекеңнің анда-санда тұрып, адамдардың қасына барып, иығына қолын салып, еркелеткендей етіп жылы сөз айтатын мінезі бар екен.

Бір кезде жазушылар отырған жерге қарай жүрді. Мен ойлап отырмын: қызмет бабы жоғары Балғабекке, не атын күнде аузынан тастамайтын Сейдахметке, не жаңа ғана қатырып жазылған арнау өлеңін нәшіне келтіріп оқыған Тұманбайға тоқталатын шығар деп. Біреуі де болмады. Екі қолын екі иығыма салды. Алақаны ауыр әрі ыстық екен. Сөйлей бастады.

– Бүгінгі менің мынау туған күнге жайған дастарқанымдағы ең үлкен адам – Бердібек. Тіпті, анық шындықты айтсам, жазушы баласында қазақта Әуезовтен кейін осы үйді көрген ең үлкен жазушы – Бердібек…

Бала-бозбала кезімде Қасым Аманжоловтан, қазір Тахауи Ахтановтан, кейінгі інілерімнен естіген ауызша мақтау сөздердің көбін көңіл көтеру үшін айтыла салған көпшік деп қабылдап, артынан ұмытып кететін аңқау басым мына сөздерді естігенде шошып кеттім. Басқа-басқа, айтып тұрған – кеше көсеміміздей көрген Қонаев. Қатты қысылып, орнымда отыра алмадым.

– Ойбай, Димеке, қойыңыз, – деппін сасқанымнан.

–Тұра тұрғын, інім, мен әлі айтып біткенім жоқ. Мен жаңа мұның французшаға аударылған «Қожасын» көрсеттім ғой. Сол бойынша түсірілген фильм Канн фестивалінде бас жүлдені жеңіп алған. Білетіндер, менің кинооператор құрдасым Ескендір Тынышпаев айтады. Ол «Оскарың» тіпті әдебиеттегі Нобеліңнен бірде-бір кем емес деп.

Мына сөздерді естігенде буын-буыным босап, тамыр-тамырым түгел иіп, көз алдымнан қызыл-жасыл сәулелер жүре бастағандай болып кетті.

– Мен осы классик жазушы Бердібек Соқпақбаев үшін көтеруді сұраймын, – деп оймақтай рюмкасын көтеріп қарап тұр.

Мен арақ, шарап, сыра атаулыны тастағалы қай заман. Оның бәрі ұмытылды. Кеше ғана сылқиып тойып алып, енді бас жазуға асыққан адамның өзіме жақсы белгілі күйіне түстім. Арақ па, коньяк па, виски ме, білмеймін, алдымда тұрған бір рюмка ішімдікті алды-артыма қарамай тарттым да жібердім. Басыма бірден шапты, маңдайдан тер бұрқ ете түсті.

 

«ӨМІРІМДЕ ЕСТІМЕГЕН МАҚТАУ СӨЗДІ ДИМЕКЕҢНІҢ АУЗЫНАН ЕСТІДІМ», - ДЕДІ БЕРДІБЕК

 

Мақтау сөздер құтыртты ма, көптен ауызға алмай кеткен ішімдік желіктірді ме, сөйлегім кеп, сөйлегім кеп қопаңдап, ақыры шыдай алмай, қолымды ербеңдетіп орнымнан атып тұрдым. Менің бірдеңені бүлдіретінімді сезді білем, үш жазушы да жаратпай ала көзбен қарады, сол-ақ екен, тіпті құтырып кеттім.

– Әрине, бұлар менің сөйлегенімді ұнатпайды. Есептері түгел. Атақ десең –атақ, мансап десең – ­мансап, үй десең – үй – бәрі осыларда, Димекең мен Байекеңнің дәуірі дүрілдеп тұрғанда талай алдарына барған, сұрағандарын алған, – дегенімде біреу жақтырмай тыжырынып, біреу құптағандай күліп отырды.

– Сен неге бармадың, сен неге алмадың?

Мына сөз қотырдың аузын жұлып алғандай, қайтадан өрекпіп, ешкімнен рұқсат та сұрамай, тіпті айқайлап, шәңкілдей жөнелдім.

– Мен Қазақстан түгіл, одан зорғыға да арызданғанмын кезінде. Әділет, шындық бар екен деп. Отыздың ішіндемін онда. Азия және Африка жазушыларының Дүниежүзілік конференциясының атына, Ташкентке жағдайымды айтып, үйсіз-күйсіз жүргенімді көрсетіп телеграмма салам деп өмір бойы пәлеге қалдым емес пе? КГБ-сы да, ЦК-сы да, Жазушылар одағы да итті қуалағандай соңыма шоқ алып түсіп берсін. Бұрынғы бұрыш-бұрыштан пәтер жалдап, сылқита сыра ішіп жүрген күндеріме зар боп қалдым. Кітап басылуы да тоқталды. Атым тізімге қосылмайды. Айналайын орыстарым болмаса, аштан өлетін едім. Әлгінде бәрің жабыла мақтап жатқан «Қожаны» қорғайтын қазақтан біреу табылмай, Мәскеуде жарияланғаннан кейін көзім аздап ашылды. Бірнеше қайтара басты, көп тілдерге аударды, қалтамды толтырып қаламақы берді, – деп шайқақтап тұрғанымда Димекең сөзімді бөлді:

– Әй, Бердібекжан, сен жазушысың, қазақтың «Жыламаған балаға емшек бермейді» деген сөзін жақсы білсең керек. Не кемістігің бар, үйің жоқ па, атағың жоқ па, құрметтен кендемісің? – деп мені жұмсақ жымиып сабырға, бәтуаға шақырғандай болды.

Мен тағы бұзылып бара жаттым:

– Бір әйелім, үш балам, екі бөлмелі үйім, «Жигулиім», бұрын жазған кітаптардан басқа түгім де жоқ. Тіпті, ең аяғы кәсіподақ берген Мақтау қағаз да бұйырған жоқ.

Димекең тағы араласты:

– Менде қазір бір әйел де жоқ, шырағым. Тәубе, бір кісідей өмір сүріп жатырмыз.

– Сіз дүрілдеп тұрған шағыңызда қол ұшын берген жоқсыз, бүгін мені мақтап, жүрегімді жара жаздадыңыз. Түгел айтатынымыз өтірік. Барлығы өтірік. Кітап өтірік. Газет өтірік. Адамдар арасындағы қарым-қатынас өтірік. Өтірік, өтірік. Бәрінен жалығып кеттім.

– Өй, мына тентек не деп кетті? Бәйкен екеуміз ештеңені ала кеткен жоқпыз ғой. Қалды бәрі. Жарты мыңдай Жазушылар одағы мүшелері бар екенсіңдер, маған келсеңдер де, Бәйкенге келсеңдер де сұрағандарыңды бердік, нәубез қалған кісі жоқ. Ал енді саған көмек жасай алмасақ, онымыз дұрыс болмаған. Ол қатені қазіргі бастықтар түзейтін шығар, – деп Димекең қайтадан қасыма келіп:

– Дүниенің бәрі өтірік емес, інім. Дүниеде жақсылық пен жамандық, достық пен опасыздық, қайыр мен қатыгездік, ұят пен арсыздық, кедейлік пен байлық, қамқорлық пен озбырлық қатар жүретіндігіне менің көзім әбден жетті. Адам ретінде соны ұға білу аз, көтере білу керек, бауырым, – деп арқамнан қаққанда, мен жылап жібердім. Сірә, мас болып қалған шығармын. Бұдан кейінгі нәрсенің бәрі сағым ішіне кіргендей бұлыңғыр: біреулер тілек айтты, Бибігүл ме, Ермек пе, ән салғандай, қалай тарастық, қашан үйге қайттық, біреуі анық есімде жоқ.

Ертеңіне бас жазылып, қалпыма келгендей кезде ана екеуіне қарағанда маған жақын жүретін інім Сейдахметке телефон соғып: «Жолығайық, далаға шық», – десем, қыңырайып қалыпты. «Бүлдірдіңіз, бүлдірдіңіз», – дей береді. Бірақ, ақыры көндірдім. Бағанадан саған айтқан әңгіменің ұмытып қалған кейбір жерлерін маған ұрыса отырып, «былай дедіңіз ғой» деп мойныма қойып берді. Сонымен, бала, мен өмірімде естімеген мақтау сөзді Димекеңнің аузынан естідім және ол кісі де өмірінде естіп көрмеген тентек сөзді менен естіді, – деп Бердібек сылқ-сылқ күлді.

Таудан түскен адам ақ қар, көк мұз іспеттес, өзі де таза, шығармалары да таза, классикалық туындылар берген қаламгер ағамен пейіліміз, сөзіміз, қалжыңымыз жарасып, қол боста қыдырыстап, реті келгенде қаладағы, таудағы үйлерінде, кафе, ресторанда Алла берген ырзықты бөліп жеп, мұң-қайғы бөлісіп, шер тарқатып, баз кешкен сол бір бұлаң күндер көзден бұл-бұл ұшқалы қашан...

 

Рымғали Нұрғалидың «Таудан түскен адам» естелігінен ықшамдалып алынды