Елуінші жылдары Зейнолла Қабдоловтың сөзіне жазылған Әбілахат Еспаевтың әйгілі "Жайық қызы" әні көпшілікке кеңінен тарады, қазір де әнсүйер қауымның ықыласына бөленген туынды. «Жайық қызы» туралы Зейнолла Қабдолов «Менің Әуезовім» кітабында былай деп жазады: « Қызық болды. Талқылау тойға айналып кетті. Мәкен бастап, бәріміз ән салдық. Сонда Мұхаңа екі әннің мәтіні, әсіресе екі әннің екі жолы қатты ұнаған. Бірі – Нұрсұлтан Әлімқұловтың «Сыры ғой бұл екеуміздей талайдың» деген сөзі де, екіншісі – менің «Болсайшы бәрі сондай қарындастың» деген сөзім.
–Сол әннің соңғы шумағын айтшы! -деді Мұхаң. Айттым:
Ажары атқан таңдай ару жастың,
Қасы бар қанатындай қарлығаштың.
Жанары жан біткенді елжіреткен,
Болсайшы бәрі сондай қарындастың.
«А-һа-һай, дариға-ай» осы шумақты тыңдағаннан кейін жадына өзінің жалын құшқан жастық шағы, жас шақтағы ессіз шырғалаңы, тап-таза уыз махаббат таңы – бәрі кенет қайтып оралып ойын да, бойын да қатар баурап алды ма, кім білсін, әйтеуір Мұхаңның жадырағанын көрсең. Қарасұр сұлу жүзі нұр-шұғылаға тола балбұл жайнап:
- Қайда сол қарындасың? – деп орнынан тұрып кетті. Жан-жүрегім елжіреп кетті. Есіме Сәуле оралды. Бәрінен де айрықша аппақ болған ақ Сәуле! Сәуле менің ұғымымда өзімнің «Сәулеме» айналғандай түйсіндім». Сәуле – «Жайық қызы».
"Жайық қызы" - академик Зейнолла Қабдоловтың жары - Сәуле Қабдолова
Бұл әннен соң композитор Әбілахат Еспаев «Маржан қыз» әнін жазды. Әннің сөзін жазған – белгілі сатирик ақын Садықбек Адамбеков. Әнге арқау болған Маржан қыз – Жайық өңірінің батыр қызы еді. Дала заңын жатқа білген, күш-қайраты еркектерден кем түспеген Маржан қыз – Тылдың батыры!
Индер ауданы, Елтай ауылында өмір сүрген Маржан Енбаева еңбегімен ерлігін танытып, 18-ден асқан шағында 1942-1946 жылдар аралығында колхоздың 300-дей жылқысын шашау шығармай бағып, вагонмен соғысқа жөнелтіп отырған. Оған 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ол кезде Маржан қыз 24 жаста еді.
"Маржан қыз" әніне арқау болған Маржан ана
Жалпы атыраулықтар Жайық қыздарына қос бірдей гимн арнаған композитор Әбілахат Еспаевқа қандай құрмет көрсетсе де жарасатын сияқты. Қазақ қыздарына арналған әндер баршылық. Фариза апайға да арнап көптеген әндер жазылды. Фариза апамыз қазақтың қайраткер қызы Шәмшә Беркімбаеваға «Қыз-ғұмыр» атты тамаша әнін арнады. Әуенін композитор Әсет Бейсеуов жазған.
Мен де ойлайтынмын үнемі. Жаны жайсаң қайраткер қыздар жайлы… Біз алдымыздағы буынның ерлігіне бас иіп, қадірлеп өскен ұрпақтың өкіліміз. Сондықтан ба, ел алдында абыроймен қызмет етіп жүрген қыз баланың бойынан ақыл мен білімді, іскерлік пен салмақты, кейде талапшыл мінезді де іздейміз. Сондай мінезді жан арамызда жүр. Ол – Атыраудың ару қызы Рашида десек, қателеспес едік. Расында іскерлігін ел мақтайтын облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипованың ақылдылығы мен білімділігіне, көркем мінезіне көргеннен тәнті болдым. Әсіресе, маған ерекше ұнағаны, әжемнің көзіндей көрінер оның білектей бұрымы еді. Бұрым дегенде, ақын Рахат Қосбармақовтың ертеректе жазған «Бұрым» деген өлеңінде мынадай жолдар бар еді: «Қап-қара бұрым киепеті күшті жылан боп, шашы келтені шағып жатқандай көрінді». Қыз бұрымын көргенде, ойланасың, қызығасың. Сыйлас құрбым, замандасым Рашиданың бұрымына таққан зерлі шашбауым болсын деп осы әнді арнадым. Әнін жазған – жас композитор Жанат Нұрсұлтан.
Білектей бұрымың-ай
Атырауда бір қыз бар Рашида,
Сендей асыл сирек қой расында.
Жібек пен Хиуаздың бейнесіндей
Күлімдеп көз алдымда тұрасың ба?!
Қайырмасы:
Сырғалы сұлуым-ай!
Білектей бұрымың-ай!
Мөлдіреп қарайсың-ау,
Әжемнің тұнығындай.
Жүзіңнен нұр төгілер шуақтайын,
Өзіңді қалайша мен ұнатпайын.
Арқаңда ойнақ салған бұрымың-ай,
Еркелеп таудан аққан бұлақтайын.
Салтымның сәні мен сымбатындай,
Халқымның қасиеті-қымбатындай.
Қыз бұрымы, шашбауы сылдыр-сылдыр,
Сыңғырлап құлағымда тұратындай.
Маржан ЕРШУ,
ақын-аудармашы,
филология ғылымдарының кандидаты