Қазақтың классик ақыны Есенғали Раушановқа арналған әдеби апталықтың соңғы күнінде ақынмен біраз жылдар бойы бірге жүрген қаламгерлермен сұхбат құрған едік. Қайталанбас ақынның болмысын танытатын әсерлі әңгімелерді назарларыңызға ұсынамыз.
— Есенғали Раушановпен қалай, қашан таныстыңыз?
Шәмшия ЖҰБАТОВА:
– Есенғалимен 1975 жылы тамыз айында таныстым. Екеуміз де С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне құжат тапсырдық. Ол 17 жаста болатын. Екеуміз де Сыр тобының түлектеріміз. Өлең жазатынымды естіп, бөлмеме іздеп келді. Сол күннен бастап күндіз емтиханға дайындалып, түнімен поэзия кештерін өткізе бастадық. Есенғали ақындарды топ-тобымен ертіп келіп, бізге салтанатпен, мархабатпен таныстыратын. Бөлмедегі қыздар жиналып, дастарқан жасап қоямыз. Ол оқуға түсе алмай, "Тарихта қалар дарын едім мен, тарихтан құлап қалдым мен" деп елге қайтты. Бір топ конкурстан аман өткен болашақ студенттер Алматы-2 вокзалынан Жаңақорғанға шығарып салдық. Бейсебай Кірісбаев арамызда болды. Сол жолы бәріміз жиналып, тұғырға қонған құстың мүсінін сыйға тарттық. Құс қанатты ақын боларына күмәнсіз сенген едік. Ол күз айында әскер қатарына кетті. Танкистер дивизиясында 2 жыл әскери борышын өтеді. Хаты үзілмейтін...
Светқали НҰРЖАН:
Ақынмен танысқаныма биыл тура қырық жыл болды. Есенғали туралы өткен жылы жазылған «Ей, ескі жыр – есті жыр...» атты эссемде бұл сұраққа толық тоқталғанмын. Содан үзінді келтіре кетейін:«...Бұрын ауылдан шықпаған маңғыстаулық қос бозым – Ермек Аманшаев (болашақ драматург-шенеунік) екеуміз конкурстан бірге құладық. Бір орынға он екі адам таласқан қиян-кескі шайқаста жарты балл жетпей жығылдық... Әрине ол шақта (1979 ж.) советтік қоғамды жемқорлық індеті әбден меңдеген. Кейінгі Тәуелсіз мемлекетімізді, яки Қазақтың Рухани уә дүнияуи қазынасын үптеушілер мен тонаушылар сол қоғамда «стажировкадан өтіп» жатқан. Жоғарғы оқу орындарына, әлбетте, жоғары санатты КазГУ-ге өз біліміңмен түсу қиямет тірлік. Оның үстіне, «алыс облыстан келген», «малшының баласы» дейтін жеңілдіктер сол жылы алынып тасталды. Шынын айтайын, оқудан құлап қалғанымызға біз онша қайғырған жоқпыз, қайта елге қайтатын болғанымызға қатты қуандық! Шаң бораған аулымыздың әрбір итін де сағынып ек…
Сонымен, «Көктем-3»-тің алдынан квас алып, қуанышымызды «жудық». Киоскіде Фариза апамыз басқаратын сол кездегі біздің сүйікті журналымыз «Пионердің» (кейін «Ақ желкен») жаңа номері бар екен, Есентай жағасындағы көк шалғында аунап жатып парақтай бастадық. Айқарма бетке Есенғали Раушанов деген жас ақынның өлеңдері шығыпты. Бұрын-соңды кездеспеген соны сой. Есім-нәмінің өзінен мүлде бір алыс өлке, әлде бір шет қиянның тылсым сәулесі шағылысардай. Ал өлеңдерінің ілкі жолдарынан-ақ маған ты-ым-тым-м етене бір иіс бұрқ ете түсті! Ол ерте көктемде түсімде көрген Пейіштің жұпары сынды басымды айналдырып жібергені… Сәлден соң әлгі ғайыби мастықтан айығып, қайта оқи бастадым. Сөйтсем, мынау жұмбақ жырлардан бұрқырап тұрған – Маңғыстаудың иісі! Жалма-жан Ермекке: «Ей, мына өлеңдерден Маңғыстаудың иісі шығады!» деппін есіріктеніп. Ол журналды иіскеп көріп, мынаның есі дұрыс па дегендей, маған сезіктене қарап қояды…»
Қысқасы, 81-де қалаған оқуыма түстім. Сол жылы күзде ҚазМУ-де сырттай оқитын Ес-ағам сессияға келді. Ол кезде Жизақта жұмыс істейді. Үй-іші әлдеқашан атажұрт – Маңғыстауға көшіп кетіпті. Бұл кезде ақынның атағы дүркіреп тұрған. Бауыржан Үсенин марқұм бар, басқа да жігіттер болып журфак жатақханасында қонақ қылдық. Қасында Қанат Тәкебаев деген досы болды. Кейін өзі де Алматыға көшіп келді. Әуелі теледидарда, сосын «Жалын» журналында қызметке кірісті…
Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ:
– 1982 жылы Алматыға келіп, ҚазМУ-ге оқуға түстім. Сол шақта Алматы қандай еді, шіркін! ҚазМУ қалашығындағы №8 жатақхана ол кезде болашақ филологтардың еншісінде болатын. Ауылшаруашылық жұмысынан келген соң өзімізбен қатар орыс бөліміне оқуға түскен Сәлима Раушанова атты қызбен таныстық. Орыс тобының қыздары «Сәлиманың ағасы Есенғали Раушанов деген мықты ақын екен», –десті. Ақын атын алғаш естуім осы еді. Сәлима – Есенғали ағаның «Сен қалтырамашы жалғыз жапырақ / Менің де жалғыз қарындасым бар», «Маңдайын сүйіп келеді қайтқым биыл да /Сағынған жалғыз қарындасымды жұбатып», «Анама ұқсайтын жалғыз адам бар дүниеде/ Ол сенсің деп мен неге айтпай келгем әлі күн», «Алыстан көзге көрінер жалғыз бәйшешек /Адырға шығып ағасын күткен баладай», – деген өлең жолдарының кейіпкері, ағалық ықылас-мейірін төгіп ерекше жақсы көрген қарындасы.
Сәлима 2015 жылы бақилық болды. Қарындасының қазасына қабырғасы қайысқан Ағаның сонда жазылған өлеңі:
2015 ЖЫЛҒЫ ОРАЗАДА ЖАЗЫЛҒАН ӨЛЕҢ
Көп болды ғой – көрінбеді күн көзі,
Ай да, күн де, жұлдыз да жоқ – бұл не өзі.
Табалап тұр тасбауырлау ағасын
Табиғаттың дүр кезі.
Шұбар ала бұлт көшеді шұбап кіл,
Уай, не дейді, не дейді аспан? –
Құлақ түр.
Жаңбыр емес, тереземнің сыртында
Менің жалғыз қарындасым жылап тұр.
Аспан жаққа кетіп қалды сол бала,
Іздеп барса таба алар ма сорлы аға?
Сорлы ағасы қалып қойды жолда ана,
Енді қайтып көрмесіне қорлана.
Қалып қойды соқыр, мылқау, керең боп,
Ақ құлыншақ көкем қашан келер деп,
Жұмаққа да кірмей, есік алдында
Мені күтіп тұрған сынды елеңдеп.
Мына жаңбыр қашан тоқтайды?
Сәлиманы оқу бітіргеннен кейін және соңғы көруім – 2008 жыл. Ағаның елу жасқа толған мерейтойында Ақтауда жүзескен едік...
Кейіннен, Есенғали ағамен 1985 жылы бір курс жоғары оқитын Светқали Нұржан ағам таныстырды. Ол кезде Есенғали аға «Жалын» журналында екен. Өлеңдерім Ес-ағаңның қолдауымен осы «Жалында» жарық көрді. Сол алғаш көргенімде өте салмақты, өз жасынан әлдеқайда ересек көрінетін ол кісінің өңі салқын сабырға толы еді. Есенғали аға, Светқали аға, тағы бір жігіт, ұмытпасам Есжан Айнабеков, бәріміз «Қаламгер» кафесіндегі бір столда аз-маз сұхбаттастық. Аға әңгіме арасында бір өлеңін оқыды. «Екі қабатты жаңа үйлер салу керек деп // Прораб жігіт жүгіріп жүрді дедектеп», – деген жолдары есімде қалыпты. Өлеңдерімді сәл бұрын Светқали аға журналға жолдаған. Соны еске салып: «Мына Жанат қарындасыңыздың өлеңдері», – дей беріп еді, «Шығады ғой, шығады, жақсы өлең неге шықпасқа», – деген бір-ақ ауыз сөз айтты Ес-аға. Оның өзі немқұрайлылау айтылғандай болды. Көп ұзамай-ақ өлеңдерім «Жалында» жарық көрді.
Студент кезімізде қолымызға «Келінтөбе» жыр жинағы түсіп, өлеңдерін ерекше сүйсініп оқыдық. «Бар еді сол ауылда бір жас ақын» деген кітаптың беташар өлеңінен бастап, «Мұратберген оқудан құлап келді», «Моторшы Мұқи», «Бейнеуді көргендегі ой», «Маңғыстау ескерткіштері» – осылар сияқты әрбір өлеңінен ерекше леп есіп, айрықша әсерленгеніміз есімде.
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ:
— Қашан, қалай танысқаным нақты есімде жоқ. Алматы станок жасаушылар зауытында жұмыс істеп жүріп, Фаризама апама барып, сәлем берудің соңы сәтсіз аяқталғасын мен ақын-жазушыларға аса жолай бермейтінмін.
Бірақ Ес-ағаңның өлеңдерін жатқа оқыдық. «Планета боп Есенин айналып жүр, Есенғали ауылда қой бағып жүр...» деп жымыңдамайтын студент жоқтың қасы еді. Ұмытпасам, Бақытжан Қосбармақтың осы өлеңнің желісімен жазған әдемі жыры «Жас Алашқа» шықты-ау деймін. «Шолпан жұлдыз туғанша» қолдан-қолға өтті. «Тасырқағанда тас жауған Тас болды ұйықтар айлағым. Қасқырдан анау қас жаудан, Тартып ап апан жайладым» деп аяқ астынан «Еркек» екеніміз еске түсіп, «Әйелден ақын шықпайды, Биші не күйші болмаса...» деп те талай қоқиландық. Бірақ талай жиында көріп жүрсем де жақындап барып, сөйлескен емеспін. Топ арасында тұрып «Ассалаумағалейкум» дегеннен аспадым-ау деймін. Бірдеңе жібермейтін.
Бір күні телефон соқты. «Есенғали Раушанов», – деді хатшы қыз. Сәл абдырағаным рас. «Бауыржан, — деді трубканың ар жағынан қоңыр дауыс, — саған бір шаруа бар. Баяғыдан бері білетін, етене жақын адам секілді сөйлегеніне ішім жылып еді. Бір інісі әскерден келіп, Бейнеуге кетіп барады екен. Алматыда өскен, бұрын батыс жаққа барып көрмепті. Соны күтіп алып, пойызға отырғызып жіберу керек. Ол кезде Ақтау, Бейнеу жаққа бара жатқан адам міндетті түрде 7-8 сағат Ақтөбеде аялдайтын. Күтіп алып, үйге алып келдім. Ес-ағаң айтқандай, тым жуас бала емес, удай пысық жігіт екен. Қайтар жолда тағы да соқты.
Одан кейін де жақындап кете қоймадық. «Ассалаумағалейкум», «Уағалейкумассалам». Ары кетсе, аман-саулық сұрасудан аспайтынбыз. 2006 жылы жатқан жері жайлы болғыр Есенбай Дүйсенбайұлы «Жазушы» баспасынан «Уәде» атты кітабымды шығарып берді. «Есенғалиға өлеңдерің ұнады, — деді ағам жарқылдай сөйлеп, — мыналар, Мейірхан, Ертай, Бауыржан үшеуінің басы бір қазанға қалай сыйып жүр-ей деді, — деп қарқылдай күлді.
2011 жылы әуелі әкем, жүз күннен кейін шешем дүниеден озды. Бір қатты торығып отырған сәтімде Ес-ағаң телефон соқты. Нөмірімді Жанат Әскербекқызынан алыпты. Өзінің шешесін еске ала отырып, жақсы әңгіме айтты. Содан кейін жиі хабарласып тұратын болдық. Ақтөбеге келген сәтінде өзен аралап кетуші едік. «Мына өзен бастауын қайдан алады?», «Жалпы ұзындығы қанша шақырым?». «Қандай құстар бар?». Сұрақтарына жауап бере алмай басым қататын.
Бесқала туралы көп сұрайтын. Кіндік қаны тамған Хожелідегі «Мәздімхан сұлу» қорымы туралы әңгімелерді тыңдағанды ұнататын. «Көп туысымыз сонда қалды...» депті әжесі. Қуан аға, Сағи аға туралы әңгімелері қатты қызық еді. Әсіресе, Сағаңның даусын салғанда, өзі де ерекше жадыраушы еді. Ол туралы кейін бөлек жазсам деймін.
Өтежан ағаның туғанына 80 жыл толуына орай өткен жиынға келгенде «Хан моласына» бардық. Байғанин ауданына да бірнеше рет сапарладық. «Ноғайты менен Ебейті, Екі су еді қонысым...» деп өзі жазғандай, аталары осы жақта өмір сүрген ғой. Бейнеу мен екі ортада көшіп-қонып жүрген. Кейін аласапыранда Бесқалаға ауған. Есенғали сонда туған. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Келінтөбе ауылында мектеп бітірген. Мырзашөлде жұмыс істеген. Алматыға сол жақтан барған.
Ес-ағаңды сүндетке отырғызған адам атақты Ыбырайым ахун екен. Сүйегі Түркістан облысы Жетісай ауданы Қараөзек ауылында жатыр. Тоқсаныншы жылдарда ахунның артында қалған мұрасын кітап қып шығарған Ес-ағаңның інісі, белгілі журналист Раукен Отыншин ахунның аруағына деп Байғанин ауданында өткен асқа Есенғали Раушановты арнайы шақырыпты. Бұндағы ағайынмен аралас-құраластығы сол кезде басталған.
«Сендер, ақтөбеліктер, менің әкемді түрмеге жапқансыңдар...» дейтін кейде ашуланған түр танытып. Күліп құтылушы едік.
Соңғы кезде жиі келетін. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинмен ағалы-інілі болып араласты. Облыстық Мәдениет басқармасының ұсынысымен Едіге туралы пьеса жазғалы жүр еді...
— Ақынның өмірдегі болмысы қандай еді?
Тәуелсіздік жылдары әдебиетке келген буынның Есенғали ағадан қолдау, қамқорлық көргенін жиі естиміз...
Шәмшия ЖҰБАТОВА:
– Қызу қанды, албырт, баладай аңқылдаған ақ жүрек жан еді. Аузына алса, көмекейі көрінетін. Өте әсершіл болды. Ішкі мәдениеті жоғары еді. Өмірінде байлығын айтқан емес. 27 жасында банктегі жинағында 10000 доллар қаражаты болды. Ақшам көп деп шашқан адам емес. Жоқ деп те айтпайтын. Керемет ақынмын деп көзге ұрмады. Мендегі кітаптары тез тозатын. Жұлым-жұлымы шығып, жылдам ескіретін. Бәрі сұрап алып оқитын. "Ес-аға, жаңалап берші мына кітапты" десем, тағы бір данасын елеусіз ғана ұсына салатын. Оның жай жүріс-тұрысының өзі тегін адам еместігін білдіріп тұратын. Тұрқы бөлек арғымақ еді. Жасымыз қатар болғанымен, ағалық қамқорлықты өз жауапкершілігіне алды. Алдында именіп, әдеп сақтап тұратынбыз. Әзіл-қалжыңға өте шебер болды. Жарқылдап, жайдары жүретін. Тұрмыс-тіршілік маңайындағы әңгімені ұнатпайтын. Бірден кесіп тастаушы еді. Жүгенін ала қашқан асау адам болды.
Светқали НҰРЖАН:
– Ес-ағам өте күрделі тұлға еді. Ол өмірін мінез-сауытына тығылып өткізді десем де болады. Білмейтін жұрт оны қатал жан деп ойлады. Бірақ оның жұмбақ әлемі – мұң мен мұнарға бөккен көгілдір әлем. Оңашада жылайтынын білетінмін. Ал жылай алатын жан (долылықтан емес) – жүрегі үлкен адам! Ол ізіне ерген іні-қарындастарын сол жүрекпен сүйді. Соларға қызмет қылды. Мысалы, солардың бірі – өзім... 85-жылы 23-тегі бозым баламын. Поэзия корифейі Ә.Тәжібаевқа бата-сөз жазғызып менің топтама өлеңдерімді «Жалын» журналына шығарған Ес-ағам еді. Ол кезде «Жұлдыз» бен «Жалынға» шықсаң, жүмілаға атың кетеді. Бірден мәшһүр шайырға айналып шыға келесің. Оның үстіне Әбділдә ақсақал бата беріп жатса, ойлай бер... Ал Есенғалидан жақсылық көрмеген жас ақын кемде-кем. Ол отанға оралған қандас бауырларды қалай жақсы көргенін өздері айта жатар...
Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ:
– Есенғали Раушанов кім, қандай жан болғанын қазақ баласы жақсы біледі. Сырт көзге қатқыл, суықтау, ішін алдырмас паңдау көрінгенімен, жаны нәзік, көкірегі шежіре. Арғы бергі тарихты, ел есіндегі жайтарды ғана емес, әлемдік өнер мен әдебиет, ұлы тұлғалар өмірі, екінің бірінің қабылдауына келе бермейтін күрделі теориялық байламдар ағамыздың әр жазбасынан, сұхбатында айтқандарынан анық көрінбей ме. Қазір қолданыстан шығып бара жатқан ескілікті сөздер, астары терең тіркестер ағамыздың сөйлеу һәм жазу тіліне тән құндылық болды. Мен таныған Есенғали ерекше болмысты, рухани бітімі бөлек, көкірегі тұнған қазына жан.
Есенғали ағаның аста-төк мейірімі өзінен кейінгі іні-қарындастарының бәріне дерлік жеткен болар. Сонау 90-жылдардың ішінде бір топ жас ақынның тырнақалды туындыларының жарық көруіне қамқорлық көрсеткенін білеміз, одан кейін де қаншама жас қаламгерлердің мерзімдік басылымдарда, баспаларда өлеңдерінің шығуына жәрдемі тигені белгілі. Есенғали аға қолдаған іні-қарындастарының алды қазіргі поэзияның талантты өкілдері болып қалыптасты.
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ:
— Иә, біздің буынға қамқорлығы көп болды. Ес-ағаң директор болып келгеннен кейін 1996 жылы «Жазушы» баспасынан 7 жас ақынның — Сабыр Адай, Болат Жетекбай, Сәндібек Жұбаниязов, Маралтай Райымбекұлы, Әмірхан Балқыбек, Батырболат Айтболатұлы, Дәурен Берікқажыұлының кітабы шықты.
Тілімдей-тілімдей сол кітаптардың салмағы біз үшін том-том дүниелерден артық еді. Батырболат екеуміз оның кітабын алып келе жатып, тоқтай қалып, қайта-қайта қарай бергеніміз есімде. Маралтай арсалаңдап, дереу бізге жеткен. Сол кітап оның төлқұжаты есебінде жүрді. Милиционерлер «Құжатың қайда?» дегенде алақандай кітабын көрсететін.
Сол жеті кітап туралы Мейірхан Ақдәулетұлы ағам «Жалын» журналына ғажап мақала жазғанда, біз өз қатарымыздың жетістігіне қатты қуанып едік.
Біздің жігіттер ақынға былай да хабарласып тұратын. Маралтай өз ағасына еркелегендей кәдімгідей ырбаңдайтын. «Батырболат, мен сенем, ақын болад!» деген қолтаңбаны Батош Жазушылар одағының мүшелігіне өткеннен кем көрген жоқ. Әмірхан бірде айықтырғышқа түсіп қалғанда бірден Ес-ағаңа звондапты. Ол келіп шығарып алып қана қоймай, аяқ киімін жоғалтқан досымызды үйіне апарып, бір бәтеңкесін кигізіп жіберген. Дәл соны кисек, Есенғали бола қалатындай, аяғымызды кезек-кезек сұғып едік...
— Ақынмен бірге жүрген сәттегі қызықты оқиғалар есіңізде ме?
Шәмшия ЖҰБАТОВА:
– Мінезі ұрыншақ болды. Бас сұқпайтын жерге басын тығып, аяқ астынан пәлеге қалып жүретін. Төбелеске де кет әрі емес. Есенғалидың Жазушылар одағындағы бір жиында өлең оқып тұрғанында, Әбіш аға келе қалады. Ақынның жұлдызы жарқырап жанды. Бірде Фариза апай қаһарына мініп, мені қыспаққа алғаны бар. "Есенғали досың тағы біреуді оңдырмай сабап кетіпті. Тез тап та, маған ертіп әкел" деді. Екеуін басында таныстырған мен едім, жүрегім аузыма тағылды. Ал Есенғали ұшты-күйлі жоқ. Жертөле қазып алып, ішіне кіріп, жатып алған дерсің. Сол "оқиғадан" соң Есенғалидың төбелесін естіген емеспін. Әбіш аға мен Фариза апайдың қылбұрауы қаттырақ болған секілді. Есенғали қарттармен қарияша, қатарластарымен тең адамдай, әйелдермен құрбысындай сөйлесетін. Ешкімді жазғырмайтын, кінәламайтын. Кімге де болсын ақыл айтпайтын. Біреудің қызық қылықтарына күліп қана қоятын.
Светқали НҰРЖАН:
– Талай қызық өтті. Ілкі бірін айтып берейін. Қысқы сессияның кезі-тін.
Әдетімше, төмендегі журфактық достарыммен мыжыңдасып қоңырауды өткізіңкіреп келе жатыр ем, бір аудиторияда Есенғали араб тілінен сынақ тапсырғалы отыр екен. Қолында А.Ковалев пен Г.Шарбатовтың «Учебник арабского языка» деген оқулығы. Ол менің де шет тілі ретінде араб тілін оқитынымды білетін. Жаңа айтқанымдай, ол журфакта – сырттай, мен филфакта іштей оқимыз. Ұстазымыз ортақ – Г.Рамазанова апай. Күйгелектеу мінезі бар апай мені мүлде жақтырмайды. Оның түрлі себебі бар. Басты себебі, әрине өзімнің шеңберді бұза беретін оңбағыр болмысымда. Екі жыл бойы «қанын ішіп» қойғанмын. Ағаммен амандаса беріп ем: «Так, Раушанов, дайынсыз ба? – деп Гүлжан апай жетіп келді де мені көріп, көзі көзілдірігіне сыймай кетті. – Нұржанов, мұнда неғып жүрсіз? Қоңырау соғылғалы қанша болды?!» Менің де біраз дәрпім шығып қалған кез, Есенғали сабақты қатырып жүрген «авторитет-студент» деп ойласа керек: «Бұл Светқали менің інім...» – дей берген, апай тіпті түтеп кетті: «Аа, значит, Нуржанов сыздін ыніңіз бе? Вот, онбаган – сіздын ыніңіз!..» Орысша-қазақша шатты-бұттылап мұғалима бұрқырап жатыр. Ағамның алдында абыройымды айрандай төккен апайыма мен де жандәрменгүн қарсы сөйлеп: «Қойыңыз, апай, менің оңған-оңбаған екенім әлі толық айқындалып болған жоқ. Үлкен адамсыз, асығыс пікір жасамасаңызшы», – деп қыжырттым. Енді апай арашаға түскен Есенғалиға қарап ышқынып кеткені: «Так, Раушанов, ыніңіз қандай оңбаған болса, сіз де жетісіп тұрған жоқсыз!..» Сөйтіп у-шу болып әлгі жерде зорға тарадық. Арты әйтеуір ырың-жырың болып бітті-ау. Кейін Ес-ағам осы оқиғаны еске алып: «Сол кезде білмегенімізді қарасайшы, Гүлжан сен екеуміздің жеңгеміз екен», – деп күліп жүрді... Бұл енді аудитория деңгейіндегі «қызықтар» ғой. Кең көлемдегі «қызықтарға» да кейінірек, ағамыздың топырағы құрғағасын оралармыз, ғұмыр болса...
Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ:
–Есенғали ағаның айтар тағлымды әңгімесі көп болатын. Әдеби бас қосуларда, жиындарда ағаның әңгімесін тыңдап қалуға ұмтылатынбыз. Әңгімелескенде кімді болмасын баурап алатын, әр сөзі қорғасын құйған сақадай салмақты болатын. Әзіл-қалжыңының өзі жай емес, тұспалы дөп, қисынды шығатын. Қаламдас ағаларына еркелейтіні болар, қатты қалжыңдасқан сәттерін көрдік. Әбіш ағаның 70 жасқа толған тойында күллі қаламгерлер Маңғыстауда, үлкен тойда тоғыстық. Ақтаудан Оңды ауылына, одан Кендірліге автобуста ақын-жазушылар жүрдік. Өте көңілді орта. Ду-ду әңгіме. Бір кезде артқы орындықтардың бірінде отырған Есенғали аға бір қатар ғана алда, сол жақ қатарда (өзі оң қатарда) отырған Дулат (Исабеков) ағаға ұялы телефонынан звандай бастады. Мереке (Құлкенов) аға, тағы басқамызға «үндемеңдер» дегендей белгі берді де: «Дулат аға, қалайсыз. Бұл Алматы қалалық әкімдігінен ғой. Алматыдасыз ба? – деп, дауысын әдейі құбылтып, құмықтырып шығарып, анық еместеу етіп сөйлеп отыр. Дулат аға болса: «Алло, алло, естілмейді. Мен Маңғыстауда жүрмін. Барған соң сөйлесейік», –деп, трубкасын басып қойса, қайта звандайды: «Дулат аға, Дулат аға, сіз қайдасыз!». Дулат аға тағы да: «Әлө, әлө, естілмей жатыр, барған соң сөйлесейік», – деп трубканы басып қояды. Осылай аз болса бес мәрте қайталады. Екеуінің арасында отырған біздер ішегіміз түйілгенше тұншыға күлдік. Дулат аға ештемені аңғармайды. «Мына біреу быдың-быдың етіп, бірдеңе дейді. Әкімдіктенмін дей ме, дұрыс естілмейді дауысы», – деп, телефонын қалтасына салып жатып, бізге қарап әңгіме айтып қояды... Бұл звандап тұрған артқы орындықта отырған Есенғали інісі екенін мүлде байқаған жоқ. Біздің неге күлкіге булығып отырғанымызда да шаруасы бола қоймады... Сапарымыз осындай қызықты, әдемі қалжың, әзілдермен жалғасып еді...
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ:
— Ағамыз қызық адам еді ғой. Көп нәрсені тура айтпай, тұспалмен жеткізетін. 2008 жылы телефон соқты: «Бауыржан, қалайсыңдар? Ақтөбе аман ба? «Жұлдыз» журналынан Ертайдың поэмасын оқып жатырмыз», — деді де трубканы қоя салды. Алдында ғана Ертай Ашықбаевтың «Қобыландының қонысы» атты поэмасы шыққан. Шамасы, Ес-ағаңа ұнаса керек. Бірақ авторға ләм-мим демепті.
Былтыр уатсап арқылы: «Ертай сұпыға соңғы кезде «Әдәбиати Қазақия» кәзиті дұрыс шығып жүр дегейсің» деп хабарлама жазыпты. Бұл — Ерекеңнің Ес-ағаң туралы «Қазақ әдебиетіне» шыққан «Өтіріктендірілмеген өлеңдердің иесі» атты мақаласына білдірген алғысы деп ұқтым. Өзіне тағы хабарласпаған.
Биыл туған күнімде Есағаңнан хат алдым. Дәлірегі, хат емес, сурет. Менің 50 жасыма келген кезінде сахнада қанатын жайып, сөйлеп тұрған сәті: «Мынау кім, Назарбаев па?». Еріксіз күлдім. Ес-ағаңша құттықтаудың түрі ғой.
«Ақын деген бірде — қарт, бірде — сәби» — деді Мұқағали. Ағамның кейбір қылығы баланың қылығынан аумайтын. Мысалы, жас күнінен бірге жүрген досы Қасымхан Бегмановпен кейін қатты араздасыпты. Тіпті аты аталғанын ұнатпайтын. Бір күні оңаша әңгімелесіп отырғанда маған: «Сені де осы қасымханшыл дейді ғой...» — деді кенет түйіліп. Қатты сасып қалдым. Бірақ шегінетін жер жоқ еді. «Аға, айтыңызшы, мен Қасымхан Бегмановты неге жек көруім керек? Төлеген ағам қайтыс болғалы бері елу жыл өтіпті. Содан бері Қазақстаннан екі ақын ғана арнайы іздеп, басына барды. Бірі — Светқали ініңіз, екіншісі — Қасымхан. Оның үстіне сол сапардан кейін ол өз баспасынан осы кезге дейін ешкім керек қылмаған "Қарақалпақстандағы қазақ ақын-жырауларының мұрасын" кітап қып шығарды. Шаруам біткесін, одан жалт бұрылсам, адамдығым қайсы?». «Өй, сен де бір... Ақшасы болғасын шығарған да». «Қалталы жігіт көп қой, аға! Біздің ауылдан да қаншама адам бар. Шығарса, қайда қалыпты?»
Осы жерде тағы қателестім. Сөзімнің бір ұшы өзіне де тиіп тұр ғой. Тілімді тістегеніммен кеш еді. «Аға, — дедім сосын, — Қасекең сізді қатты сағынып жүрген сықылды. Бесқалада бес күн бірге жүргенде сіз туралы көп айтты. Қатты дос болыпсыздар ғой...». Жалт қарады. Көзінде бір от жарқ ете қалғандай болды. Бірақ үндеген жоқ.
Кейінірек тағы бір сөз үстінде байқамай Қасекең туралы айтып қалдым. Бұрынғыдай ашуланған жоқ, ештеңе дей де қоймады.
2019 жылы қыркүйекте елордада өткен әдеби жиынға бардық. Күндізгі жиыннан соң, қаланы аралап, қонақ үйге кіре бергенімде Ес-ағаң звондады:
— Ниердесің?
— Нөмірге келіп жатырмын.
— Тез маған көтеріл.
— Яқшы, яшуллы! Екеуміздің әңгімемізге кейде өзбек, қарақалпақ тілі «кіріп кететін» осылай.
Келсем, Қасымхан аға екеуі шай ішіп отыр екен. Ағыл-тегіл әңгіме. Біреуі бастайды да, екіншісі іліп әкетеді. «Есіңде ме, Келінтөбедегі...». «Бабайқорғандағы отырыс ше...». «Сондағы ана қыздың аты кім еді-ей....». Ішек-сілелері қатып күледі. Әбден сағынысып көріскендері көрініп тұр. «Қаскембай, сен жүзімді тәуір көруші ең ғой. Мә, же, — дейді Ес-ағам өз қолымен ұсынып.
— Баукен, сен асығып отырсың-ау деймін. Жас жігітсіңдер ғой, басқа да шаруаларың бар шығар. Ал бара бер, — деді бір кезде Ес-ағам күліп. Неге шақырғанын сол күйі айтқан жоқ. Бірақ мен түсіндім. Қатты қуанып шықтым. Кейін екеуі жақсы араласып кетті. Арадағы көп кірбің шайылыпты. Ес-ағам дүниеден озғанда Қаскең уатсап арқылы жазысқан хаттарын фейсбукке жариялады. «Мен сол Қоңыраттың түбіндегі Хожеліде туғанмын ғой. Білесің. Ақтөбедегі Бауыржанды алып, нәсіп болса, мықты көлікпен сол жақты бірге аралауымыз керек. Оған да айтқам бұны...» — депті Ес-ағаң бірде. Сірә, Қасымхан ағаның «Қоңыратқа барғанда» атты өлеңін оқығаннан кейінгі әңгіме болса керек. Нәсіп болмады ғой...
Қазір қарап отырсам, соңғы жылдарда жалғыз Қасымхан аға емес, біраз адаммен татуласыпты. Көбіне жақсы сөзін айтып үлгеріпті. Бұл да Алла-Тағаланың берген нығметі емес пе?
— Есенғали ағаның әрбір сұхбаты әдеби ортада резонанс тудырған үлкен дүниелер еді.
Әсіресе, ақынның әдебиет жайлы ойлары жастар үшін тағылымы мол дәріс іспетті.
Ақынның тағы қандай ой-толғаныстары есіңізде?
Шәмшия ЖҰБАТОВА:
– Есенғали ой-толғаныстарын ортаға салмайтын. Тек сұқбаттарында ғана ашылатын. Өзін жай, қарапайым адам ретінде ұстады. Есенғалиды қазақы оқырман бірден қабылдаған жоқ. Ақынға ештеңе де оңайға түспейді. Жанкешті еңбегімен, құйма алтын талантымен бәрібір танылды, мойындатты. Лауазымды болды, атақ-даңқты иеленді. Ел таныды, жер таныды. Ол өзінің бойынан тысқары бір күшпен ғұмыр кешті. Жаратушы ием аққудың қауырсынынан қалам ұстатты да , сол қаламның үздіксіз жорғалауын қас қақпай бақылап отырды. Сүйді, күйді, сағынды, мұң кешті. Жаратушым сол құбылыстардың бәрінен өткізіп, ақ парақты алдына тосты. Есенғали кеткелі онсыз мына қарабайыр өмірдің әрі қарай қалай жалғасарын білмей, басым дал болды. Сол Есенғали, 17 жастағы Есентай салалы саусақтарымен желке шашын тарақтап, көз алдымда тұрып алды. Дауысы жағымды еді.
Светқали НҰРЖАН:
– Мен Есенғали ағаммен көп сырласқан адаммын. Әңгімеміз тек қана әдебиет, отанның болашағы, атажұрттың тағдыр-тарихы туралы өрбитін. Әлем, орыс әдебиетін тым терең білетін. Бірде Төлен Әбдік маған: «Есенғалидың Бунин туралы мақаласын оқып, әсіресе Чеховтың әңгімелерін жіліктейтін жеріне келгенде: «Орыс прозасын мұндай ғып бақайшағына шейін шағатын қазақ ақыны бар екеніне тәнті болғаным сонша, көпке дейін есімнен шықпай қойды!» деп еді...
Ол соңғы кезде ауылға жиі келді. Өткен жылдың күзінде ай емес, апта сайын Маңғыстауға келумен болды. Іні-қарындастарын жиып алып, жыр-ән айтқызып, күй тартқызып қызықтайтын. Бой жасап жүр екен ғой, жарықтық. 16-жылдан бастап: «Өмірдің арты шуып келеді. Шалдарымның жанында, ататопырағымда жатуым керек қой» деп ылғи айтатын. Ол ғұмырының осылай оқыс үзілетінін жақсы білді, сондықтан мәңгі қонысын қамдап мазасызданып кетті. Бірақ «ажалун-мусәман» үлгіртпеді...
Иә, ақынның кез-келген пікірі құнды еді. Енді бағасы күн өткен сайын арта берері сөзсіз.
Қазір ақынның ең жақын қарындасы Жанат Әскербек пен Жомарт Оспанов атты інісі бұрын дайын болған эсселер жинағын шығармақ. Ағамыздың дәрілфәниден өткенін шарасыз мойындап, мұраларын дүниежарыққа әкелмекке кірісіп, жоспар жасап жатырмыз. Өзі айтпақшы: «Әзіргінің бәрі – әлқисса, шын қиссаға кірісер күн» алда...
Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ:
–Поэзиясы, сұхбаттары, эссесі, басқа да толғамдары, ауызекі айтқан әңгімелері – бәрі де классика дер едім. «Есесі кеткен еліне Есенғали айта алмаған сөз қанша»,– деген еді ғой бір өлеңінде. Ес-ағам айтқан және айтатын қанша сөз бар еді. Үнемі ізденіс үстінде жүрді, болдым, толдым демеген тұлға ғой. Бір хабарласқанда заманауи оқу процесіне сай «Әдебиет теориясын» әзірлеу керектігін айтқан еді. Бұл тарапта да ағаның тереңнен тартар құнды ойлары бар екенін аз-мұз айтқан әңгімелерінен аңғаруға болатын. Шығыстық поэзияның хас үлгілерінің бірі – аруз туралы жазу жоспарында екенін көп айтып жүрді.
2019 жылдың шілде айында Ташкентке жолым түсті. Сол жақта жүріп ағаның Ташкент туралы өлеңін қайталай оқып жүрдім де, өзіне смс арқылы жолдадым. Аға қолма-қол хабарласып, Ташкентте екенімді білген соң, арузға қатысты кітаптар кездессе ала жүруімді сұрады. «Адресіңді айтсаң, Мехман ағай екі кітап әкеліп береді, соны маған жеткізсең», – деді. Өтінішін орындап, Астанаға орала салысымен кітапты Алматыға жөнелттім. Перғауындар туралы жазсам деген. Ақтөбе театры тарапынан «Ер Едіге» пьесасын жазуын өтінгенін, тарихи, фольклорлық деректерге қатысты бірсыпыра ойларын айтып еді... Қай тақырыпта әңгіме қозғаса тереңнен толғайтын. Классик ақынның ой-толғамдарының өзі жекелеген тақырыптарға жүк боларлық дүниелер...
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ:
— Есенғали Раушанов — Абай секілді ұлттық деңгейге көтерілген ақын. Ол өзіне дейінгі барлық ақындардың озық тұстарын өзіне толық сіңірген, әлем әдебиетіне де мейлінше бойлаған, өмірінің ақырына дейін ізденуден танбаған шайыр. Бізде әрбір топтамасы бұрынғы топтамасынан бір бас жоғары болып отыратын бір ақын болса, ол — Есенғали. Ол оқырманын соған үйретті. Оның әрбір топтамасы, әрбір сұхбаты ғана емес, аузынан шыққан әрбір сөз жұртшылықты елеңдетті.
Жазушылар одағының жұмысына да құмбыл кірісіп еді. Ұлықбек аға, Мереке аға секілді замандастары, Бауыржан, Ақберен, Бақыт секілді інілерімен бірге біраз шаруаны қолға алған.
Өлеңдегі аруз өлшемі туралы ғылыми мақала жазып жүр еді. Осыған қатысты маған өзбек, қарақалпақтың көп кітабын алдыртқан.
Ол айтып, қағаз бетіне түспеген дүние көп. Ендігі мақсат — соларды жинақтау. Әркімнің өз Есенғалиы бар. Сол «Есенғалилар» ақынның тұтас болмысын қалап шығарса керек.
Qalamger.kz