Есенғали – көзі тірісінде-ақ қаламдастарының ілтипатына бөленген ақын еді. Бүгін сіздердің назарларыңызға ақынның болмысы мен поэзиясының асқақтығын айшықтайтын бір топ арнау өлеңдерді ұсынып отырмыз.
ӨЛЕ АЛМАЙТЫН ЕРТЕГІ
Есенғали Раушановқа
..аңғал едің
алдап тынды сенгені –
Ертегі өлді,
Есенғали, рас бұл!
Жалған емнің
зар қақтырды кермегі –
мені аясаң, жаңа ертегі құрастыр.
Сеңдей көшкен дүние бізден озарда
бір боқтармыз
«сеніп едік...» деп өксіп –
Телмеңдескен құс жолына бозарған
жетім елге
жаңа ертегі айт. Емексіт...
Берері жоқ безбет көкке телміреген
Жусан – ағам ...жоқ бақыттан дәмелі.
Бауыздама ертегіні сен бірден! –
Бізге ...соған сеніп өлу – әдемі:
Арғы тегін Авраамға тіреген
(Ебіреймен егіз туып, бір қалған?)
Алаш қой бұл...
Айға да азу білеген,
желіктірсе жылқы-қиял, жынды арман!...
Әр ертекші «әкеңмін!» деп алдаса,
Әзиз елдің асқынады дерті өстіп –
«Нағыз қазақ – домбыра» емес. Аңдасаң,
Нағыз қазақ –
кемпір туған Ер Төстік!
Солай...
ылғи Төстіктеріміз біз деген,
артқандаймыз кімдерге өкпе, неге мін?
Кәрі әкеміз (жаннан күдер үзбеген!)
жалмауызға беріп кеткен егеуін.
Біз қонар жұрт – Сорқұдықтың маңайы,
Сайқал тағдыр – Бекторы қыз торыған.
Біз – Алашпыз
тайқылықтан талайы
сұмдық түсін сұлулыққа жорыған...
Алдай берсін аяу білмес сенгені –
Төстік тірі!
Есенғали, рас бұл.
Өлең жазу – өле алмаудың ермегі.
Мені ая, сен.
...мықты ертегі құрастыр!
Мейірхан Ақдәулетұлы
ЕСЕНҒАЛИДЫҢ ҚҰСТАРЫ
Үзілген соң қажып бір сіңір еті,
Келмейтінін білген соң ғұмыр екі;
Есенғали деген бір ерке ақын бар,
Құсты сүйген,
Құдайдың құдіреті...
Өлсе ол осы құстардың жолында өлед,
Жапалақ, (не – Жантықтың қолында өлед!),
Құсты сүйген, (әрине, сонан кейін,
Зеңгір көкті сүйетін болу керек?).
Таранғанда аққулар сүмбе қанат,
Көкке қарап, көктегі Күнге қарап; -
Ғаламзатқа аң-таң ғап,
Адамзатпен, –
Тілдесуден о шіркін, мүлде, қалад...
Соны байқап, біз де сан таңданып ек,
Таңданып ек, кейде кезде шамданып ек:
Ол сүйеді Сұңқарды жаны қалмай,
(Онда неге қасында Қарға* жүред?!).
Неге жүред жұртқа жат түс, реңі –
Құзғынменен ( о да оның құсы ма еді?).
Бұ-дағы бір Құдайдың құдіреті,
Түсінсе оны –
Сол ғана түсінеді.
Құс қой...
Құсты құр босқа мұңайтпайық,
Ұнатайық не оны ұнатпайық;
Тәңірінің алдына түсіп енді,
Есенғали қахында түк айтпайық.
Серік Ақсұңқарұлы
АҚЫН ДЕГЕН БIР ҰЛТ БАР
Есенғали Раушановқа
Азап шектi-ау
Ақын деген бiр ұлт-ай,
Аттан салып,
Ашайықшы құрылтай.
Басында жүр бозторғайлар баз кешiп,
Тұсында отыр темiр тұяқ тұрымтай.
Тайталасып
Тағдыр деген тақсырмен,
Тартысам деп
Тарих деген тәпсiрмен,
Жүрсiңдер ме жазаланып жазықсыз,
Бәрiн жеңiп,
Жеңiлiп тек нәпсiңнен...
Аттанғанды
Ақын деген бұл елден
Ажалменен арпалысқа жiберген.
Құс қанатты Парнас таудың Пырағын
Байлаған кiм жер бетiне шiдермен?
Адамзаттың арман-сөзiн жаздым дер,
Ақын ұлты!
Азаптан бiр жазғын бел.
Қайдасыңдар,
Абайлар мен Хайямдар,
Үн қатыңдар,
Махамбет пен Мәжнүндер!
Ақын ұлты!
Алу үшiн дербестiк,
Тартыспасақ тағдыр бiзге бермес түк.
Қай патшадан,
Қай тәңiрден қорқамыз,
Жаратқан соң данышпан һәм жарымес қып!..
Ұлықбек Есдәулет
ТҰЛПАР
Есенғалиға
І
Жер тарпып тұрды түсiмде тектi жануар,
Туған топырақ көрпемiз түбi жамылар.
Келiнтөбе мен Қарашық жақта кешкi үйде,
Екi қыз, бәлкiм, есiне ап бiздi сағынар.
Құлын ек шапқан аңғал да саңғал қорадан,
Сағынышымыз сол қырат сағым ораған.
Шулы қаланы шиырлағанда шайырлар,
Ұлылықты бiз iздедiк ескi моладан.
Жотасын жонның шаң қылдық сұрап шалдарды,
Толғай жырладық толқын да толқын жылдарды.
Кешегi Тоқаш, Жұматайлармен бiрге iштiк,
Кiнәмшiл бұл жұрт,бұл жайдан ненi аңғарды.
Айтып та жүрмiз, жазып та жүрмiз астарлай,
Менде ес, сенiң басыңда бiр тал шаш қалмай.
«Тас маңдай» қазақ жылы сөзiн де қимайды,
Сағым кiлкiген туған топырақты жастанбай.
ІІ
Сырласы болған жұлдызды аспан, бұла түн,
Қараштан шығып, Алаштан асқан ұлы ақын.
Жаңақорғаннан жаңбырда iздеп келгенсiң,
Бала Қасымды Бабайқорғанда тұратын.
Ескi дос, ескi жылдарды сүймей бола ма,
Өкiнiштердiң орыны ертең тола ма.
Екеумiз бiрге екi атпен талай барып ек,
Келiнтөбенiң етегiндегi молаға.
Сен ойнап өскен ескi жал анау алда тұр,
Жасырып сырды жатады-ау шiркiн сан ғасыр.
Келiнтөбенiң етегiндегi бейiтте,
Екеумiзге ортақ ардақты сары шал жатыр.
Сары шал сонда, кемпiрi Самның құмында,
Ғарышта олар, сонан-соң сенiң жырыңда.
Есенғали-ау, Қарашықтағы қасқа жол,
Ескi бейiтке бастайды екен шынында.
Сырласы болған жұлдызды аспан,бұла түн,
Қараштан шығып Алаштан асқан ұлы ақын.
Жаңақорғаннан жаңбырда iздеп келгенсiң,
Бала Қасымды Бабайқорғанда тұратын.
Қасымхан Бегманов
ЕЛДЕН КЕЛДІ ЕСЕНҒАЛИ
(Баллада)
Жүруші едік, сыртыңнан сұрау салып,
Тырау шалып алыстан жырау шабыт.
Соңғы көшті жеткізіп Маңғыстауға,
Алматыға оралдың, Раушанов.
Елдің атын жетер ем тегін мініп,
Музейде тұр ақ бас ер, өмілдірік.
Алматыға мен бүгін тұңғыш рет,
Ата жұрттан оралдым,- дедің күліп.
Ән ағызып жатқан шақ көк тал бүрден,
Сар даламның самалын жоқтап жүргем.
Шыр-шыр етіп кеудемде балапаным,
Маңғыстау жақ аман ба?-деп қалдым мен.
Деп жатыр жұрт:
Жол қайыр!.. Көш көлікті!
Сонда қалай?... Қызбалау дос демікті.
Ол жайында сен айтшы, - дедің маған,
Е, бұл да елге емге айтар естелік-ті.
Жететін жан жиналды бір кеңеске,
Көмейдегі көп сауал тұрды өңеште.
Түгіскендік бір досым күңкілдеп жүр:
Бұл жігіттің ауылы Сырда емес пе?
"Тұқымы еді бұл да бір сойдың ірі,
Өз еліне іріні қойды ма ұры?!"
Күрсінемін мен іштей, жігіттердің:
«Жизақ жақтан деп жүрсек...»- дейді бірі.
Жапыраққа жиналған төгіліп нұр,
Асылады көк тасқа емініп гүл.
Араға алпыс жыл салып Алматыда,
Маңғыстаудың қос ұлы жолығып тұр.
Жолығып тұр құтылып құрығынан,
Бірі - баран болғанда, бірі — қылаң,
Бірі - бұлан болғанда, бірі — құлан.
Абыз шалдар кешегі тірі Құран.
Бір марқаның құлағын бөліп беріп,
Бір қолқаның су ішкен құдығынан.
Қос жүгермек бір - бірін танымай қап,
"Иә, Бекет!" — деп, содан соң "А, Құдайлап!"
Оралғасын табысты тіліне ұран,
Артында Ақпан, Сам, Матай, Бостан қалып,
Ауған, Иран, Үшқұдық, Қостам барып
Түп қазығын (мың шүкір!) тауып жатыр,
Жұтта азығын алдырып босқан халық.
Шүкірана, уақытқа! — салған назар,
Зар шындығын мен емес жалған жазар.
Маңғыстауда жамырап шығады алдан,
Әр төбенің басында қалған мазар.
Бесқаладан көш түзеп, Шағадамнан,
Қайтып жатыр ауылға көп оралман.
Құлпытастың қынасын сүртіп көрсе,
Шежіресі шығатын молалардан.
Кәрін төккен зәр заман қанды ғалам,
Әр қыраттан табылып, әр жырадан.
Тентек шалдың тұяғы тұздай құрып,
Кете жаздап, әйтеуір, қалдық аман.
Қызыр — Ілияс ауыл ек құраған бақ,
Бақ ұшқасын жол кетті бұралаңдап.
Балапаным кеудемде шырлайды үзбей,
Бозторғайды жұтқандай жылан арбап.
"Сен айт!" — дейсің...
Айта алмай алқынды ақыр,
Жүрек ыстық болғанда салқын ба тіл?
Кірпігімнің түбінде қайнар қайнап,
Алпыс жылдың аңызы алқымда тұр.
Көшкенменен көзімнен көп керемет,
Айта алмаспын әңгіме көпке керек.
Түртіп қалып қалғыған қызғалдақты,
Оятады шошытып көк көбелек.
Кейінгі ұрпақ оқитын қайтып келіп,
Уақыт - кітап, жатады жай түптеліп.
Құтылдым мен, орнына әңгіменің
Аралбайдың "Жұт жылын" айтып беріп.
Осы жерге алпыс жыл жеттік жүріп,
Босауға ерік бермейді тектім күліп.
"Бізге жаман жазуға болмайды"-деп,
Қол бердің де жүзіңді кеттің бұрып.
Шыр - шыр етті кеудеде балапаным,
Желіп барады нар ұлы нән атаның.
Сар даланың шықты исі cap баладан,
Ыстық неткен, япырмай, алақаның.
Желіп кеттің, жанымда бола тұрмай,
Жә! Желе бер!
Үш көкке қанатың жай.
Көз алмаймын ізіңнен,
Көзімді алсам
Мәңгілікке көз жазып қалатындай...
Светқали Нұржан
АЛМАТЫ
Алпыс екі тамыры ақырын бүлкілдеп,
Шаһар жатыр, көшелері күңкілдеп.
Ақындары аттанады үн-түнсіз,
Кеңсай жаққа біртіндеп.
Көкірегі сірілері - қамыққан,
Жалтақтайды сатылмалы жарыққа.
Әнебіреу талант еді тәп-тәуір,
Жатыр бүгін арықта.
Е, бұл қала кімді марқұм қылмады,
Алатаудың басында өлсін шын дарын.
Көсем болам! – деп келеді ауылдан,
Көкбазардың құлдары.
Болар жағдай боламын деп болар ма,
Құдай қыли қарайтындай оларға.
Қарындыға қала ішінен үй дайын,
Дарындыға – қол арба!
Қыз ақынның маңдай соры бес елі...
Ашыныспен артық айтсам, кеш, елім.
Бұл қаланы шеше көрген барлығы,
Әкесінің... мұндай өгей шешенің!
...Кел, ақындар, менен де бір ішіңдер,
Күбірлейді қып-қызыл мас мүсіндер.
Бұл қаланы
Құс аңдыған көшеден,
Есенғали ғана түсінген...
Ақберен Елгезек