ЕСЕНҒАЛИ РАУШАНОВ. ШОЛПАН

Шығыс шайырлары тахаллус, біз бүркеншік ат, лақап ат деп, орыстар псевдоним деп әр елде әртүрлі аталатын бір әдеби термин бар. Әңгіме атында емес затында десек, бұның шығу себебі яки тарихы ұзақ һәм  даулы. Даулы болған соң да қызық. Бірақ біздің бүгінгі әңгімеміз қызыққа арналмақ емес. Біздің бүгінгі әңгімеміз – қызық емес әңгіме. Шығыста өлең жазу  деген не? Ол – өзін өзі сыйлаудың бастамасы. Шебер боп өзін өзгелерге  сыйлата білген  тұстан бастап шайыр тахаллус  алады. Оны иемденудің жөн-жоралғы, сән салтанаты жеке бір этнографиялық һікаяның арқауы. Әңгімемізді ә дегеннен мұхтасарлап-қысқартып айтсақ тахаллус екі рет берілмейді, бір рет таңдадың екен – бұдан былайғы жерде ол сенің өмірлік серігің, серігің емес-ау өзің. Сөздің киесі бар дейді. Аспаннан түскен төрт кітаптың бірінде Сөз әуел баста Құдай еді дейді. Сөз – Құдай. Амалдың ат құлағы көрінбес айсыз қара түндерінде жолға шыққан кезіңіз болды ма? Сондайда алыста-а-н көз, көз дегеніңіз не, құдай-ау, дауыс жетпейтін туу сона-ау бір жеті қиян жер түбінен кенет жарқ етіп жасын ойнап өтпеуші ме еді. Маңайыңыз бір сәт жап-жарық боп кетеді де қайтадан қара түн орнай қалады. Қап-қара түн. Кейін тағдыр жолдары сізді  талай жерлерге алып барады, талай түнек пен шуақты күндерді бастан кешіресіз. Бірақ амалдың сол бір  қайталанбас түні есіңізде мәңгі қалуы мүмкін. Өзбектің Шолпан деген ақынын оқыған сайын сол жасынның жарығын көзіме елестетемін. Ол неге өзіне Шолпан деген тахаллус алды екен деймін іштей, бейне бүркеншік аты басқа болса төніп келген зұлматтан тірі қалатындай. Шолпан – таң алдында туатын жарық жұлдыз. Әттең тәңірі, ғұмыры қысқа. Көп болса екі-үш сағат қана жарқырап тұрады да батып кетеді. «Шолпан жұлдыз туғанша» десек, әлі төңіректі қараңғылық басып тұрғанын айтқымыз келгені. Біздің кезегіміздің әлі келмегенін тұспалдағанымыз. Шолпан шайырдың ғұмыры да таң жұлдызындай қысқа болды. Ол өзінің алғашқы өлеңдерін «Қаландар» (бізше дәруіш, елкезбе дегенге жақын сөз), «Әндижандық» деген сияқты бүркеншік атпен жариялап жүріп, ақыры осы Шолпан деген есімге тоқталғанда не ойлады екен? Сөздің киесі бар деген бекер емес-ау, әсте. Кемпірбай: «Әсетжан, осы аурудан өлем білем, Алланың аманатын берем білем» деген соң-ақ ұзамаған. Күні кешегі орыс ақыны Н. Рубцов «мен қақаған қыста өлемін» деп өлең жазды. Айтқаны айнымай келді. Бар-жоғы аз жыл ғана өмір сүріп (1889-1923), соңына «Айтшы, ақ қайың» атты өлмес мұра қалдырған махаббат құрбаны Бернияз Күлеев «қыршынымнан қиыламын»  деп неге жазды екен? Мұқағали өлетін күнін дәл  айтқан. Бұл туралы белгілі әдебиетші, шебер аудармашы Әбілмәжін аға Жұмабаев әсерлі әңгімелейді. Еділ-Жайық екі өзеннің арасын ереуілдетіп «Банды Аманғали» атанған қайран ер: «Кешегі көрген түсім рас болса, Басында туар айдың шаталамын» деген. Айтқаны келді. Аманхан ақын Әлімқожа  өзінің тамаша бір өлеңін «Күзде өлемін» деп бастайды. Оған «Қорқытпа мені» деп Лермонтов сөзімен жауап бергіміз келеді. Қазақ атаң «жақсы лепес – жарым ырыс» деп осыны білген соң айтса керек.

   Шолпан! Оның толық аты  жөні Абдулхамид Сүлейменұлы екен. 1897     жылы  Әндіжанда туыпты. Біздің Мұхтар Әуезовпен түйдей құрдас. Кейін бір бірін жақсы таныған, танып қана қоймай жақсы араласқан екі алыптың ұқсас тұсы тек бұл ғана емес, бірақ ол  басқа әңгіме.

    Шайырдың әкесі Сүлеймен Мухамадюнусұлы Әндіжанның қатардағы бір саудагері болса керек. Әндіжан – ерекше өлке. Кезінде бұл туралы Бабыр да жазған. Қатар жатқан Наманган, Фарғана, Әндіжан – бұл үш аймақты  өзбектер води, яки аңғар деп ұлықтайды. Тұрғылықты ел өздерін саф өзбектерміз дейді. Асылында, бүгінгі өзбек әдеби тілі Фарғана мен Ташкент өңірі өзбектері сөйлейтін тілде қалыптасып, дамып келеді. Біздегідей емес, өзбек ағайындардың әр аймағы өзінше сөйлейді. Кейде бірін бірі түсінбей де қалатын тұстары бар. Аңғарлықтардан ақын да, әнші де, биші де көп шығады. Олардың кісіге мәмлесі де ерекше. Шолпан осындай құнарлы топырақта туды.  Жоғарыда біз тахаллус туралы айттық, бұл шайырларға берілетін құрметті де ғиззатлы есім болса, Шығыста жәй адамдардың да   өз есіміне қосымша лақап аттары болады. Лақап ат кәсібіне (мысалы, Фаридиддин Аттар, демек косметика сатушы  дегені), мінезіне (Ғулам қапақ, демек  ақылы кем), шыққан тегіне (Кошмир Махмуд, демек ата-бабасы кашмирден ауып келген), сырт келбетіне (Қораз Муса, демек қойқалаңдап жүретін  кеудемсоқ), (Мехриниса Таруыз, демек қарбыз секілді домаланған семіз әйел) қарап қойыла береді. Және бұған ешкім шамданбауға, ашуланбауға тиіс. Қазаққа бұл жат. Шолпан ақынның әкесін  әндіжандықтар Сулаймон боззаз деп құрметейді екен. Мұнысы  мата  яки кездеме сатып аты шыққан адам дегені. Болашақ ақын бала кезінен-ақ әкесінің кездеме дүкеніне сыймайды. Соны сезген Сүлеймен ака баласын  «кездемеші болмаса да молла болса екен» деп медресеге оқуға береді. Соңыра Шолпан: «Медреседе оқып жүріп бір түрікпен таныстым. Құранды бастан аяқ жатқа білетін керемет сауатты кісі  еді, кейін білсем Стамбулдағы пантүркистер ұйымы Шығыс Түркістанға әдейі жіберген жан екен, жолай біздің Фарғанаға аялдап елді жалпытүріктік идеяларға үндеп жүрсе керек. Газет-журнал оқу дегенді сол кісіден  үйрендім, Медресе сабағы жәйіне қалды. Мен әдебиетке бір жола бет бұрдым», – деп жазады жәдид жолына қалай  түскені туралы әңгімелей келіп.        

    Сөйтіп, Сүлеймен аканың үміті ақталмауға айналды. Кездемеші болады деген бала керемет жаңашыл ақын боламын деді. Әкенің биік самғаған  қиялдары күн санап төмендей берді. Құрбан айттар мен  іфтар кештерінде, қадыр түндері мен тарауық намаздарында Кәләм-Шәрифті басынан аяғына, аяғынан басына қарай  оқып, мұхтарам жамағаттың аузын аштырар тақуа бола ма деген  ұл таспихтың орынына трост ұстап, сәлденің орнына  сәнді шляпа киді. Әндіжандағы орыс-түзем мектебінде  оқи жүріп әлем халықтары классикалық шығармаларымен танысты, сөйтіп заманауи өзбек тәржіме мектебінің  негізін салды. Ол тарихта тұңғыш рет Шекспирдің «Гамлетін», Пушкиннің «Дубровский», Гогольдің «Тергеуші», сондай-ақ Р. Тагор, М. Горкий шығармаларын өзбекшелеген ақын. Біздің Мағжан секілді басына қиын іс түскен 1930-жылдары елден шығып кетіп, Мәскеуге келеді. Мәскеудегі В. Брюсов атындағы әдебиет иниституты жоғары курсында тыңдаушы болады. Біздің Мағжан секілді оның да іште де, сыртта да дұшпаны көп болды. Осы жерде  басты сұраққа жауап бере кетудің реті келетін сыңайлы. Ол – Шолпан  несімен ерекше, несімен жаңаша ақын деген сауал.

   Жәдид ағымы, басқа түркі халықтарына қарағанда өзбектерде өте ауыр жүрді. Олай болуы заңды да еді. Ғасырлар бойы қалыптасқан ескі ұғымдарды өзгерту қиын еді. Отырықшы ел жаңалық атаулыны асқан сақтықпен қабылдайды, онда да қабылдаса. Дамолла Садриддин Айнидің «Бұхара» атты романында сол заманда Еуропадан әкелінген аяқ киімді кигені үшін талай қорлық көрген  тәләбә туралы айтылмаушы ма еді? Жай, арзымайтын, нәйеті сырт киімге қатысты гәп осындай болғанда  мәзкүр ортада адамның ішкі әлемінің өзгеруі, дүниетанымның басқаша қалыптасуы қалай бағаланатынын көзге елестете беріңіз. Мұның барлығы ескі салт-дәстүр, ортадоксал танымдарға байланысты ма еді? Әлбетте, солай. Бірақ бұған қосымша, Шолпан секілді дара тұлғаның жыл келгендей жаңалық әкелген жәдид ұсылына ерекше талпынатын тағы бір себебі болды. Енді бір-екі ауыз сөз сол хақында. Ол замандарда Шығыс елдеріндегідей өзбек поэзиясы да ескіден келе жатқан классикалық әдебиет негізінде қалыптасып, дамыды. Медреселер мен мектептер әдебиетті оқытса, ол міндетті түрде араб не парсы тіліндегі поэтикалық дүниелер болды. Түркі деп негізінен Құл Қожа Ахмед Иассауи, Әлішер Науайы, Софы Аллаяр секілді орта  ғасырлық жауһарлар оқытылды. «Мир Алишер пирим» деп қанша ұлықтағанмен, өкінішке орай, ол жазған жырлардың басым көпшілігі қарапайым өзбекке түсініксіз еді. Әлі күнге дейін өзбек оқырмандарының басым көпшілігі оны оқып-ұғу үшін түсіндірме сөздіктері пайдаланады. Әр саладағы «Науайы лұғаттары» деген сөздіктер бар. Әйтпесе оған тіс батыру қиын. Бұл салада  бауырларымыздың қол жеткізген табыстары ұшан-теңіз. Бір халықтың  ауызекі тілі мен әдеби тілінің екі басқа болуы талай қиындықтар туғызатыны анық. Бұл мәселе, біздерге, қазақтарға түсініксіз. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші басына түскен елдер мұның қаншалықты оңтайсыз нәрсе екенін жақсы біледі. Жер бетінде қырықтан астам түркі тілдес халықтар бар, соның біріне саналатын өзбектердің әдеби тілі о бастан көрші парсы тілдес әдебиеттер байлығын игере отырып қалыптасты. Төрт жол өзбекше өлеңде түркі сөзі қанша болса, кейде парсыдан енген сөздер саны  да  сонша болатын. Әлі күнге дейін  өзге түркі тілдес ағайындардың өзбек әдебиетін еркін оқып кете алмайтыны содан. Шолпан халыққа жақын болғысы келді. Өз халқына, өзбегіне түсінікті, жалпыға бірдей ұғынықты тілде жазғысы келді. Нағыз өзбек тілінің, нағыз өзбек  ақынының қандай екенін  танытқысы келді. Ол үшін  негізгі рухани қазына-байлықты сырттан емес іштен, өзбек халқының өзінен іздеді, тұйықталып қалмай  өзге елдердің поэзияларын  да оқыды. «Күн мен түн» деген романының кейіпкері: «Орынборда, Қазанда, Уфада, Бакуде, Астараханда, әсіресе Мәскеуде қандай тамаша газеттер бар. Бақшасарайға бес сом жіберсеңіз бір жылға дейін «Тәржіман» келіп тұрады» дейді. Мұнан шығады – ол жас кезінен-ақ тынымсыз ізденісте болған ақын. Бұл – бір.   Екіншіден, ол  классиктер жасаған  образдар жүйесінің, гәптің ашығын айтсақ, ескіре бастағанын, ұлттық поэзияға жаңару керегін білді. Айналып-үйіріліп келгенде сол баяғы қызыл гүл менен шарап, иран бағы мен хор қыздары, бұлбұл мен періштелерден өзге де теңеулер мен тақырыптар барын, және ол тақырыптарды игеруге өзбек тілінің құдіреті анық жететінін танытуға ұмтылды. Таныта білді де. Біздің оны бақытты ақын дейтініміз содан. «Заманауй өзбек  әдебиетінде  екі ұлы дария бар, оның бірін Сырға, бірін Әмударияға теңеген жөн  десек, Сыр деп Шолпанды, Әму деп Абдулла Қадриді  таныған абзал» деген  сөзге де толық қосылатынымыз содан.

   Әр жыл сайын көктемнің тұңғыш келетіні секілді әр ақын әдебиетке  келерде Жаңалық боп келеді. Оның өзінен бұрынғыларды кейде жоққа шығарғандай, кейде шетке ысыра келгендей боп көрінетіні сондықтан ба екен? Әлбетте, бұны  қазақ айтатын  «қардың басын қар алар жауып тұрып, ханның басын хан алар шауып тұрып», яки жаңа келген патшаның бұрынғы патшаны құрта келетінімен салыстыруға мүлде болмайды. Екеуі екі басқа  жәйттер. Жалпы, ақындық пен әкімдік сырттай ғана демесек мүлде ұйқаспайды.

     Өткен ғасырдың басы, шынында ізденістерге толы болды. Әсіресе түркі халықтары ұлттық құндылықтарына перзент көзімен қарап, қадірлей бастады. Шолпан «Әдебиет деген не?» атты мақала жазып:  «Әдебиет өмір сүрсе, ұлт та өмір сүреді» десе, әзірбайжан Мухаммад Һади: «Азаттықсыз өмір – тұл», татар Ғабдолла Тоқай өз тілі туралы: «Ей, туған тіл, ей матур тіл, әткәм, әнкәмнің тілі, дүнияда куп нәрсе білдім син туған тіл арқылы» деп тебіренді, біздің Сұлтанмахмұт ағамыздың:  «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» дейтін кезі  де  сол кез еді.

    Шолпанның ұлтшыл ақын болатын жөні де бар еді. Ұлтшылдық сезім оның түбіне де жетті. Бірақ бұл ақ өлім еді, ұлт үшін өлгендер ақ шейіт болады депті бұрынғылар. Сенгіміз келеді. Сенгіміз келеді Шолпанның о дүниеде рухы шат болып, жұмақта жүргеніне...

    Өзбек жерін орыстар түгел жаулап алуға айналды. Әуелі, 1868 жылы Бұхара әмірлігі, 1873 жылы Хиуа  хандығы, кейін, 1876 жылы Қоқан  хандығы тарқатылып ақ патшаға бағынды да, ол аймақ Түркістан генерал-  губернаторлығы аталды. Ел езгіге түсті. Мұның бәрі ақынның жүрегінен өтіп жатты. Ол ұлт азаттығын аңсады. Шолпанды жаңашыл ақын дейтін  үшінші бір себебіміз осы. Сөйтіп жүргенде «Түрікстанның босағасынан келін болмай кесір боп  1916 жыл аттады » (Асқар Сүлейменов). 1917 жылдың Ақпан төңкерісіне өзбектер де біздің қазақ зиялылары секілді зор үмітпен қараған еді, амал нешік,  ол үміт ақталмады. Қазан төңкерісінен соң Түркістан жәдидшілері Қоқанды «Ресей Федерациясы құрамындағы аумақтық орналасуы жағынан автономиялық республика» деп жариялады. 22 қарашада өткен сьезд ә дегенде Министр-төраға және ішкі істер министрі етіп Мұхамеджан Тынышбаевты сайлады. Оны кейінірек Сыр бойын жайлаған қалың қыпшақтан шыққан Мұстапа Шоқай  алмастырды. Жалпы сол дәуірде түркі тілдес елдер зиялылары арасында қазақ азаматтарының үлес салмағы анағұрлым басым еді. Мұстапа Шоқай Шолпанды «өзбектің Мағжаны » деп бағалады. Өзге де түркі тілдерімен қатар өзбек тілін өз ана тілі қазақ тілімен бірдей білген Мұсекең үшін шайыр шығармашылығын бағалау қиын емес еді. Екеуінің де түрікшілдігі алты алаштың көсеміне қатты ұнайтын.

   Біз жоғарыда Сұлтанмахмұтты бекер ауызға алған жоқпыз. Ол кезінде «Алашорданың» әнұранын жазса, Шолпан Мұстапа Шоқайдың тікелей қамқорлығын көре отырып,  Қоқан  автоном мемлекетінің әнұранын жазды.  1918 жылдың ақпанында орыстар бұл Үкіметті қанға тоғытып таратып жіберген соң, Шолпан  Орынбор кетіп, қазақ зиялыларымен араласа түсті. 1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынборға жиналған Алаш зиялылары Жалпықазақтық сьезд өткізіп, оған қазақ даласынан өзге Фарғана, Сырдария облыстарының зиялылыры да қатынасты. Сондай жиындарда Шолпан шайырдың талайлармен  сұхбаттас, сырлас болғаны күмәнсіз емес пе? Ол жылдары қазақ зиялылары Орынборда  ай сайын, күн сайын  әртүрлі басқосулар өткізетін. Бұл жиындарға түбі бір түркі тілдес елдер шығармашыл зиялылары  ылғи да шақырылады екен. Кейбір деректерге қарағанда, қазақ зиялыларының  кеңесімен Шолпан сол жерде  құрылған Башқұрт үкіметінің  хатшысы боп қызмет істеген.

  Сөйтіп жүргенде Нәзір Төреқұлов 1922 жылы Ташкентке келіп, өзбекше шығатын «Инқилоб» (яки «Төңкеріс») деген журналға Бас редактор боп тағайындалады да, Шолпан  шайыр қайда деп сұрастыра бастайды. Нәзір – шын мәніндегі түрікшіл адам болатын. Ұзамай  Бұхараны басып алған  орыс большевиктерінің қанды тырнағынан қашып шыққан Шолпан мықидан қашқан торғайдай боп Нәзір Төреқұловты паналайды. Нәзірдің қоластында жүріп көптеген жаңа шығармалар жазды. Бір нәрсені айтуымыз керек – ол   жылдары Мұстапа Шоқай мен Нәзір Төреқұловтың, Мұхамеджан Тынышбаев пен Тұрар Рысқұловтың қамқорлығын көрген түрікшілдердің алды-арты тек Шолпан ғана емес еді, сондай-ақ Фитрат, Усман Насыр секілді өзбек таланттары  еңбектерін Нәзір Төреқұлов түпнұсқадан оқығаны, оқып қана қоймай бағалап, жариялап отырғаны дау туғызбасы анық. Қазақ пен өзбек  жазушылары жақсы араласып тұрды. Шолпан Шымкент қаласын бек ұнатты. Оған арнап жақсы-жақсы өлеңдер жазды. Ташкент педогогика иниститутында ол жылдары Халел ақсақал Досмұхамедов, Мағжан ақын Жұмабаев, Ахаң Байтұрсынов, Құрманбек Жандарбековтер сабақ беріп, «Шолпан» атты журнал шығатын.

    Әлбетте, қалай дегенде де ол ең біріншіден ақын еді. Халыққа  Шолпан әуелі сонысымен қымбат. Рас, ол сол дәуірдегі  барлық қаламгерлер секілді проза да жазды, драматургия жанрына да қалам тартты. Өзбек елі тәуелсіздік алғалы бері оның бәрі де жарияланып жатыр. Біздің Мағжан секілді туған елімен кеш табысқан  кемеңгер талантқа деген елдің ықыласы ерекше. Әсіресе, поэзия жанры Шолпан мен Усман Насыр ортаға оралғалы өшкені жанып, өлгені тірілгендей көзайым күн кешуде.

   Біз бұл мақаламызда Шолпан өлеңдерін  жолма-жол аударма арқылы бергенді жөн көрдік. Оның себебіне кейін тоқталамыз. Ол бір өлеңінде:

 «Тілінген тілдерге қан жүгірмес пе,

 Бос қалған індерге жан кірмес пе,

 Тікенді бақшалар шешек атпас па?» –

деп жырлайды. Тілінген тілі де, бос қалған іні де, тікенді бақшасы да астарлы сөздер еді.

«Көңіл» деген  өлеңі сол кездегі өзбек жастарының  ұранына айналған еді.

 «Тірісің, өлген жоқсың,

 Сен де адам, сен де инсансың,

 Аш кісенді, басыңды име,

 Сен азат боп туғансың!..»

Ел егемендік алған соң талай жылдар бойы жабулы жатқан  қазыналар қайта ашылды. Соның бірі – Шолпанның лирикалары. Жоғарыда біз үзінді келтірген өлеңнің  ақындар арасында кең тарағаны сонша, кезінде  Өзтүрік деген тахаллуспен танылған  марқұм шайыр Рауф Парпи оған мұхаммас жазды. Осы жерде мәзкүр жанрдың не екеніне аз ғана тоқтала кетелік. Шығыста аруз үлгісімен өлең жазған шайырлардың мұхаммасқа соқпай кеткені жоқтың қасы. Мұхаммас әдетте бес жолдан ибарат яки бес тармақтан құралады. Соның алғашқы үш тармағын автор өзі жазады да, соңғы екі жолына ұстаздың (немесе  мұхаммас арнаған  автордың ) екі тармағын пайдалады. Бұл бестік өзара ішкі мағынасы мен де, ұйқасымен де жымдасып тұруы шарт. Болашақта қалай болатынын құдай білсін, әзірге  біздің қазақ поэзиясына бұл сіңбей-ақ келеді. Жалпы бізде аруз жоқтың қасы. Бұл бөлек әңгіме.

   Шолпан жаңа  үлгідегі  лирик ақын еді. Оның  махаббат әлемі  бұрынғы шалдар жырлағандай әлдебір қол жетпес  алыс  әлемдегі, қиялдағы қашық дүние емес. Хор қызының орнына ол кәдімгі өзбек қызын ұлықтады. Абай қалай деуші еді: «Сөз айттым Әзірет Әлі, айдаһарсыз, Мұнда жоқ алтын иек сары ала қыз». Өзбек оқырмандары жаттанды болған, көзі, құлағы  үйренген Ләйлі мен Мәжнүн, Тахир мен Зухра, Фархад пен Шырын  хикаяларынан гөрі тонның ішкі бауындай жақын, ертеден бірге келе жатқандай етене таныс, түсінікті сөздерге бірден ұйыды. «Шашылған  шашыңдай шашылсын сырың» деп жазды ол сүйген қызына.  Осы бір жалғыз тармақтың өзі дүниеге жаңа ақын келгенін білдірген болатын. Поэзия бұған дейінгідей тек  байпатшалар мен ғұламалардың ғана ісі емес  екен. Жастар күтпеген жерден пайда болған әрі  таныс, әрі жат мына тосын дүниеге таңғала қарады, бірінен бірі көшіріп алып, ауыздан ауызға таратты. Біздің Шәкәрім қажы айтпақшы: «Бұл ән, шынында да бұрынғы әндерден өзгерек еді». Ғашықтығын бұдан талай ғасыр бұрын жазылған ғазалдар мен мәснәуилер арқылы білдіріп, көне бәйіттер мен ескі  дастандарды жаттап өскен жастар бұдан былайғы жерде кәдімгі қарапайым өзбек тілімен де сезімін жеткізуге және әдемі де әсерлі жеткізуге болатынын  көріп қуанды, поэзияға ықыласы оянды. «Анар жүзіңді кімге тұтасың?» деген өлең  де ғашықтардың сүйікті әуеніне айналды. «Өзің оларда опа жоқ дейсің, Опасыз адамды неге күтесің?» деген өлеңі талай ақынға  жаңа өлеңдер жаздырды. Ғашықтық деген ескі шайыр жырлайтын «Нәзіктігі соншалық, бір жұтым сумен жұтса болардай» (Лутфи) қиялдағы сұлуларды сағыну не іздеу ғана емес екен. «Махаббат аспанындағы сұлу Шолпан едім мен, достар» дейді бір өлеңінде.

Оның әлі толық зерттелмей келе жатқан тағы бір қыры – қара сөзбен жазған өлеңдері. Өзбектер мұны оқ шьер (ақ өлең) дейді, кейде мансурә деп те жүр. Соңғы атау еркін өлең деген мағына береді. Бұл,  сол заман үшін шын мәніндегі, назар аударарлық жаңалық еді. Және бір өзгешелігі – Шолпан  қысқа өлеңнің шебері болды. Кейін өткен ғасырдың 70-80 жылдары бұл дәстүрді аса талантты ақын досымыз Мұхаммед Салық (Салай Мадаминов) жалғастырды. Ақынды туған топырағынан айырып бола ма? Бүгінде ұзаққа созылған алыс сапарда амалсыз жүрген Мұхаммед Салықтың  ата-мекенге  аман-есен оралып туған елі үшін әлі талай игі істер тындыратынына сенгіміз келеді. Тілегімізді періште «әумин» дегей, иншалла. Асылы, өзбек әдебиетінде, Кеңес идеологиясының қылышынан қан тамып тұрған кезеңде де де  Шолпан дәстүрін жалғастырған Рауф Парпи мен Мұхаммед Салық және олардың бір топ талантты шәкірттері болды.

    Әр ақынның атағын аспандатып, қадырын арттыратын  ерекше бір өлеңі        (дастаны, топтамасы)  болады десек, Шолпан шайырдың  сондай шоқтығы биік  дүниесі ретінде «Гузәл»деген өлеңін атаған жөн болар деп ойлаймыз. «Гузәлді» білмейтін өзбек кем де кем шығар. Біздің Мағжанның «Сылдыр, сылдыр, сылдыр» деп басталатын өлеңі сол дәуір үшін қандай жаңалық болса, бұл да сол секілді керемет резонанс туғызған дүние болды. Бұлар интимдік лириканың алғашқы қарылғаштары болатын. Оған дейін: «Жанар менен анарға ақын елді қаратқан, Одан төмен жырлауға тыйым салған жаратқан» (Олжас Сүлейменов) деген ұстаныммен қалыптасқан Шығыс үшін бұл әрі таңсық, әрі қызық еді. Төменде біз  мәзкүр жырдан жолма-жол аударма арқылы үзінді келтіріп отырмыз:

Қараңғы түндерде көкке көз тігіп,

Ең жарық жұлдызға сені қайда  деп едім.

Ол байғұс ұялып,  төмен қарады,

Мен деді оны тек түсімде көремін,

Түсімде көремін, керемет сұлу жан,

Бізден де сұлу ол, айдан да сұлу.

 

 Ақ таңның самалы шаштарын  жайып,

Жанымнан өткенде сұрадым сені.

Ол айтты бір көріп ғашық боп қалып,

Тау кезіп іздеумен келемін деді.

Бір көрдім мен оны, сондай сұлу ол,

Айдан да сұлу-дүр, күннен де сұлу.

    Соңғы жылдары бұл өлеңге Ахунжан Мадалиев деген жас әнші ән шығарып, тор  атты музыкалық аспаппен айтып жүр.

     Туыс тілдерден өлең аудару қиынның қиыны. Прозаның жөні басқа. Бір қарағанда бәрі түсінікті, бәрі белгілі секілді, ал қолға қалам алып аударуға отырғанда көз алдыңыздағы көркем дүниенің солғын тартып бара жатқанын көріп қаламды тартып ала қоясыз. Мұның себептері көп. Әр елдің әдеби тіл нормалары әр түрлі жағдайда қалыптасады. Соған орай  көркемдік деңгейі де әртүрлі болмақ. Бұл заңды да. Мысалы, қазақ поэзиясы  өткен ғасырдың 60-жылдарында бұрын-соңды болмаған сапалық өзгерістерді бастан кешірді. Өлең техникасы қатты құбылды, ұйқас күрделеніп, бірнеше буынға жетті, көркемдік компоненттерге қойылар талап күшейді. Нәтижеде өлең аудармасына деген жауапкершілік артты. Шынын айтқанда, ақындарымыз басқа ұлт шайырларын тәржімалағаннан гөрі негізгі ойды алып қайыра қазақша жазып шыққанды мақұл көре бастады. Бұл жақсы ма, жаман ба? Жауапты әдебиеттанушылардың бергені мақұл. Қалай болғанда да Шолпан секілді дара таланттың жырларын қазақшаға аударуымыз керек–ақ. Нағыз поэзия құс секілді емес пе, құс шегараны мойындамайды. Айта кету керек, Шолпан, Мағжан тұсында  қатты дамыған сол әдеби байланыстар соңғы жылдары сиырқұмшықтанып  үзіле бастады. Өзбек қаламгерлері арасында Нәсір аға Фазыловтың біз үшін орыны ерекше. Түбі түркістандық тағы бір бауырымыз Рахымжан Атаұлы бүкіл саналы ғұмырын қазақ поэзиясын насихаттауға арнап келеді. Одан бергіде Мірполат Мирзо, Бахром Ғоиб секілді ақындар ауыз әдебиетімізден бастап бүгінгі ақындарға дейін қалт жібермей қадағалап отырады, үзбей аударумен келеді. Кейде қазақ поэзиясы туралы қазақ сыншылары айтпаған ойды өзбек қаламгерлері айтып таң қалдырады.

Бүгінде Ташкентке бара қалған қазақ Науайы даңғылы мен Абай даңғылының қиылысатынына назар аударар еді. Тап сол жерде Шолпан атындағы қолжазбалар иниституты бар. Екі ағасының ортасында еркін ақын, ерке ақын ғимараты тұр...

Шолпан туралы әңгіменің көңілді басталуы да, көңілді аяқталуы да мүмкін емес. 1937-38-жылдары тура біздегідей зобалаң өзбектердің де басына түсті. Құл-құтан құтырып, асылтектілердің ардақ бастары босағада қалды. Режим зиялыларды бір-біріне айдап сала бастады. Арыз-шағым көбейді. Әуелі  ел басқарып жүрген Акмал Икрамов, Файзулла Ходжаевтер ұсталды. Іле-шала ұлт зиялыларын құрықтай бастады. Оның ішінде Усман Насыр секілді он екіде бір гүлі ашылмаған қыршын таланттармен бірге өзбек көркем сөзінің көсеміне айналған Абдулла Қадыри де бар еді. Руханият  аспанының Шолпанындай Шолпан шайыр ұсталғанда халық күңіреніп, суға кеткен тал қармайдының керімен соттан әділдік  күтті. Сот дейтін сот та болған жоқ. Кеңес Үкіметі оны 1937 жылдың күзінде «халық жауы» деп танып, Ташкенттің түбіндегі бір қанды сайда атып тастады. Сөйтіп тағы бір Шолпан мезгілсіз сөнді. НКВД (осы бір атың өшкір атауды қазақшалаймын деп, тілімізді былғап керегі не?) тәркілеген дүниелерінің ішінде өлеңдерімен бірге «Түн мен күндіз» атты дилогиясы да кеткен екен. Кейін романның бірінші бөлімінің қолжазбасы табылып, қайта басылды. Ал екінші бөлімі ұшты-күйлі жоқ. Солай болуы мүмкін бе? Мүмкін емес дейді қалың жұртшылық. Әдебиетшілер мен тарихшылардан, қаламгерлер мен ресми билік өкілдерінен құралған іздеушілер әлі үміт үзбей, бақыты қара романның сол бөлігін, ең көркем, ең көлемді, ең тамаша бөлігін  таба алмай келеді. Ақынның, сонымен әлі күнге дейін «Түні» бар да, «Күндізі»  жоқ, ей бейопа жалған! «Жоғалған пышақтың сабы алтын» дейміз бе, әлде баяғы шалдардың «бірі кем дүние» дегені осы ма екен, әттең, тәңірі...                                                   

 «Өзбек өз ағам, қазақ көз ағам» деген сөз қашан шыққанын ойлаймын. Мұны ешкім де білмейді. Берісі ауылымыз аралас, қойымыз қоралас қоңсымыз делік, ежелде, екібастан түбіміз бір шалдан тараған  түркібаласы  екеніміз  адамға да, Аллаға да аян-десек те өзбек бізден, біз өзбектен бөлекпіз. Басқамыз біздер. Әсіресе,  кешегі Әбілқайырдан  бөлініп шыққан Жәнібек пен Керей  кірмембес ауыр қолға бас болып, күллі жұртты күңірентіп Күн түбіне қарай келіп Есенбұғадан жер алып, Қозыбасыда Алаштың ала туын асқақтата тіккелі бері біздің тарихымыз бірігудің, қосылудың емес, керісінше  бөлінудің,  жырақтаудың, іргені алыс салудың жылнамасына айналған сыңайы бар. Бұл жақсы ма, жаман ба? Тарихтың әр кезеңінде ат құлағы көрінбес айсыз қара түндерде жарқ етіп сөнген жасындай  «түрік баласы, түгел бол!» деп дабыл қағып өткендер екі жақта да болған, бірақ оларды кім естіді? Тарих дегеніңіз солай, оны көп оқығандардың кейде жынданып  немесе жынды атанып әйтпесе ел кезіп дәруіш не сопы боп кететіні тегін емес. Хадис-шәріп «ештеңеге де құлай берілме» деп үйретеді. Біздің әдебиеттеріміз де екі бөлек арнада  қалыптасты, екі бөлек ортада дамыды. Тарихты білем дегендер айтса қазаққа өзбектен жақын халық жоқ. Бірақ қазақ әні мен өлеңі өзбек  әшулясы мен шериятына ұқсамайды. Олар бізден гөрі  атасы басқа болса да парсы мәдениетіне жақын. «Алыстағы ағайыннан жақындағы жат артық» дегене сөз осындайда шықса керек.