Алматыдағы «Жазушы» баспасынан «Есенғали» атты жинақ жарық көрді. Кітапта қазақ поэзиясының классигі Есенғали Раушанов туралы мақалалар, зерттеулер және жүрекжарды лебіздер топтастырылған. Құрастырғандар Жанат Әскербекқызы мен Жомарт Оспан. Жауапты редакторы Светқали Нұржан.
Ақынның өмірден өткеніне жүз күн толуына байланысты Мереке Құлкеновтың естелігін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
***
Ол бұл дүниеге ақын болып келіп еді, о дүниеге де ақын болып кетті. Ол қазақ руханиятының көгінде поэзиямыздың жарық жұлдызы болып тұра береді. Мәңгілік жарық жұлдыз. Бозбала Есенғали Раушанов бір кітап болатын өңшең көк мойнақ жырларын шұрқыратып: «Мен келдім, жолымды кеспеңдер» деп шулата жеткен. Ақынның жырларымен тұңғыш танысқан қазақ поэзиясының корифейлері – Қуандық Шаңғытбаев, Ғафу Қайырбеков, Қадыр Мырзалиев, Сағи Жиенбаев, Тұманбай Молдағалиев, Жарасқан Әбдірашев, Иранбек Оразбаевтар әдебиетке құбылыс келді деп айдай әлемге жар салған. Ал ақын ағасы Жұмекен Нәжімеденовтің «Бастау» атты жас ақындар топтамасының қолжазбасындағы Есенғалидың жырларына мысал келтіріп:
«Құла тай үзіп шылбырын,
Құдағай сасып жүгірді.
Құлан боп қапты-ау «құрғұрың» –
Құданың ауылы «бүлінді».
Бүлігін, сосын, өршітіп,
Үйірге қарай ұмтылды.
Керзі етікпенен жер шұқып,
Ер жетіп қалған ұл тұрды.
Тұманды сайға он барып,
Тұсауын құлан жоғалтты.
Іздеген болдық – таппадық,
Таптадық жасыл қол атты.
Тұңғиық көзді тұнық қыз,
Отыр ғой, міне, өмір-ау,
Тұсауды іздеп жүріп біз,
Тұсалып қалған едік-ау.
Әдемі-ақ қой, әдемі-ақ!
Кез келген өлеңді үзінді ғып алсақ болардай. Кез келген бетті, кез келген шумақты көшіре бергің келеді. Тұнып тұрған сезім, әсер», – деп тамсанғанын оқып, біз бәріміз, Есентайдың достары бөркімізді аспанға атып қуанғанбыз.
Сөйтіп тұнық жырларға шаттана мәз болып жүргенімізде, суық ызғарымен жүрегімізді мұздатып 1986 жылғы 16 желтоқсан келді Алматыға. Ол кезде біз, Есенғалимен бірге «Жалын» журналында қызмет істейтінбіз. Әлі есімде, ертесіне Орталық Комитетке барып хабар алып келген Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы Әбіш Кекілбаев жазушыларды конферец залға жинап алып, еңіреп жылап тұрып, мән-жайды түсіндіргенде, залдағы қаламгерлердің барлығы еңкілдеген...
Сосын екі-үш күннен кейін Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің майоры бізден жауап ала бастады. Не себепті екенін білмеймін, сөйлесуге Есенғали екеумізді бірге шақырды. Біз кірер-кірместен түсі суық майор:
– Кешегі жүгенсіздікке сендер де қатыстыңдар ма, шындарыңды айтыңдар, – деп дүрсе қоя берді.
– Бардық, біз бармағанда кім барады? Осы елдің ұлымыз деп жүрген жоқпыз ба? – деді Есенғали жұлып алғандай.
Қауіпсіздік комитетінің адамы тосылып қалды. Сәлден кейін қайда, кім болып істейтінімізді сұрап алды да: «Бара беріңдер, керек болсаңдар кейін тағы шақырамыз», – деп қоя берді.
Көп кешікпей Есенғалидың топтама өлеңі жарық көрді. Сондағы оның:
Биылғы қыстың жайлылығына
Мәз болып жүрсек шат күліп,
Аяқ астынан айныды құда,
Көрпесін жыртып лақтырып.
Бұрқырап төніп төңірекке енді,
Құдамыз тісін тұр қайрап.
Келеге түсер кер үлек болды,
Кешегі жүрген сұр тайлақ.
Аялдамада жан қарындастар,
Қара көздері мөлдіреп,
Бұтағы сынған алманы нұсқар:
«Сенбеймін қысқа енді», – деп,
«Сенбеймін қысқа!» налып тұр маң да,
Налып тұр алма ғұмар да.
– Ой, бәлі, – деймін – жаңа ұқтыңдар ма?!
...Басқа не айта алам, шынында... – деген өлеңін мен әлі күнге дейін толқымай оқи алмаймын...
Біраз жаз, біраз қыс өтіп, жүрек жарасы жазылғандай күй кешіп жүргенде, күндердің бір күні Есенғали маған қомақты қолжазба ұсынып:
– Оқып шықшы, – деді.
Кешкі шәйімді ішіп отырып, қолжазбаны қолыма алдым – «Ғайша бибі» (поэма). Ал оқиын, ал оқиын. Апырмай, мынадай, мынадай алапат дастанды бұрын-соңды ұшырастырмаппын. Мүлдем жаңа дүние. Өлең сөздің жан тебірентерлік құбылысы. Жаңа символдар, астары жүз қатпар тосын ойлар. Гүлсім екеуміз қайта-қайта оқимыз. Біздің ақындардың поэмаларына ұқсайтын интонация, иірімдер іздейміз, жоқ, ешкімге ұқсата алмаймыз. Мүлдем жаңа туынды, қазақ әдебиетіндегі тосын шығарма. Сол түнді сіздерге өтірік, маған шын ұйқысыз өткіздік. Мына кереметті, ғажайып сиқырлы жырды кімге айтамыз?!
Неге екенін білмеймін, таңартең мен қолжазбаны сол кездегі Қазақстан Ленин Комсомолы одағының хатшысы Иманғали Тасмағамбетовке алып бардым. Оның әдебиетті жақсы көретінін білгендігімнен шығар, сірә. Иманғали орнында болмай шықты. Мен қолжазбаны хатшы қызға қалдырып, Иманғали Нұрғалиұлының өз қолына тапсыруын өтіндім де, жұмысқа кеттім. Түс қайта телефон шыр ете қалды.
– Мереке, қал жақсы ма, мен Иманғалимын ғой, Есенғали екеуің қазір маған келіңдерші, – деді де телефонды қоя салды.
Мен Есенғалиды тауып алып, екеуміз алып-ұшып Иманғалидың бөлмесіне жеттік.
Ол екі беті қабарып жұмыс столында қағазға шұқшиып отыр екен, басын көтерместен: – келіңдер жігіттер, – деді де, қоңыр даусымен оқи жөнелді:
– Ажал қолын бұлғады,
Жаббар ием, қолдашы.
Жан-жағымды шырмады
Жыландардың ордасы.
Қабағына мұз қонып,
Жалаңдаған жалдап кіл,
Қысыр жылан қыз болып,
Қызыл тілмен арбап тұр.., – деп бір тоқталды да, қара сөздің өзіне ұнаған жерінен әрі жалғастырды:
Халық айтады: «ол заманда ел билеушілер мен ақындардың таным-түйсігі екі басқа болған. Тіпті, керек десеңіз, олардың тұратын үйлері де, тұрмыс-жағдайлары да екі бөлек еді», – деп...
Ал, енді бұл тұжырымға ғылыми дәйектеме іздесеңіз, біз төмендегі еңбекке сілтеме жасаймыз: Н қаласының Орталық кітапханасы сирек қолжазбалар қорының ДСП («Для служебного пользования» деген сөз) бөлімі. Майсей Абрамович Қойбағаров: «Мы – тюрки» 26-28-беттер. «Біздің түркі халықтары үшін дүниедегі ең ауыр азап – от та, су да, жұрт та, дозақ та емес – бағынышты болу. Әр түркінің өз құдайы өзінде. Әлі күнге дейін олардың ұрпақтары көк пен Құдайды, Құдай мен ел басқарушыларды шатастырып ала береді. Сондықтан дұшпандар үшін оларды жаулап алу қай кезде де аса қиынға түскен», – деп оқыды да, сәл кідіріп бізге қарады. Аузына Алла салды ма, сәл жымиған күйі орнынан көтеріліп: «Сен ұлы ақынсың, Есенғали», – деп құшағын жайды. Сонда аққұба жүзі алабұртқан Есенғалидың «қой, қой» дей бергені әлі көз алдымда. Ой, дүние-ай! Талай, талай заман өтті ғой...
Мен Есенғалидың өлең, дастандарын қалай сүйіп оқысам, прозалық шығармаларын да ерекше құрметтеймін. Оның жазу стилі ешкімге ұқсамайды, тілінің бояуы қанық, оқырманын бірден баурап алатын құдіретті жазушы. Бір қызығы, ол көркем прозаны әлімсақтан бүркеншек атпен жазып келеді, соңғы әңгімелерін Қожа Досымсейіт деген бүркеншек атпен жариялады. Сірә, талантты ақын өз атын өлеңде ғана қалдырып, жазушылығымен жарыстырғысы келмеген болуы керек...
Мен онымен соңғы рет 2020 жылдың желтоқсан айының 31 жұлдызында «Алматау» тұрғын үй кешенінің мейрамханасында жүздескен едім. Біз бірнеше көңіл жарасқан інілерімізбен бірге емен-жарқын әңгімелесіп, көңілді отырдық. Жылдың соңғы күнгі кездесуден кейін ол хабарсыз қалды, телефонын көтермеді. Біз ойымызда ештеңе жоқ, «Жә, бір күні өзі жарқ етіп алдымыздан шыға келер» деген оймен оның үнсіз қалғанына онша мән бермедік. Ал үш айдан кейін, төбемізден жай түскендей суық хабар есеңгіретіп тастады. Қазіргі ахуалға байланысты Кеңсайдағы бейіт басына бір топ дос-жарлары мен ағайын-туыстары барып, қазақтың ұлы ақынын соңғы сапарға шығарып салдық.
Оның мәйтінің жанында ағыл-тегіл жылап тұрып, соңғы кезде көп оқитын өлеңі есіме түсті:
Ол деген
Өлмеген,
Мені аяп, ылғи таңдайы кеуіп шөлдеген,
Анау бұлттардың арғы жағында әжем жүр,
Сендер көрмейсіңдер, оны мен көрем!
Бала күнім өтті ақ әжемді іздеп аспаннан,
Болмады өзге ой, болмайды тіпті басқа арман.
Дәл мендей ақын туған жоқ әлі, тумайды,
Бақытсыздығы бала күнінен басталған.
Бала күнім дейді ел, ол күннің несі шырайлы,
Оны ойлап кетсем жүрегім тағы жылайды.
Сұрағаныңды бермейтін біреу деп өстім
Өлмейтін біреу деп өстім тағы Құдайды.
Қажыдым әбден десем де сол сәт сөнбепті еш,
Қартайған бура – бота-тайлаққа ермек бос.
Мына қалпымда көрсете көрме әжеме
Мың болғыр бұлттар көлегейлей көш, көлбей көш.
Баратын тауың балқантау дейді түбінде,
О дүние бар деп сенемін қатты бүгінде.
Мен әлі күнге елегізимін кеш бата,
Мен әлі күнге біреуді күтем іңірде.
Егіліп тұрып, Алматының ала бұлтты аспанына қарадым. О, Құдай шебер, шарба бұлттардың арасынан Есенғали жұмсақ жымияды. Мен өз көзіме өзім сенбей, жанымда тұрған Ұлықбектің, Жауынбайдың (Қараев), Қасымханның, Бауыржанның қайғылы жүздеріне көз тастадым. Олар да бұлттарға қарап қалыпты...
Иә, ол деген
Өлмеген.
Мереке ҚҰЛКЕНОВ.