Qalamger.kz әдеби-танымдық порталы қазақ өлеңінің «қара бауыр Қасқалдағы», ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, аса көрнекті ақын Есенғали Раушановтың шығармашылығына арналған апталықты бастаған болатын. Апталықтың келесі күні ақынның сөзіне жазылған бір топ әндерге арналады.
ҚАСҚАЛДАҚ
сөзі: Е. Раушанов
әні: І. Амановтікі
Қара бауыр қасқалдақ, қайда ұштың пыр-пырлап?
Сазың қалды сәбидің еңбегіндей былқылдап.
Қара бауыр қасқалдақ, кері қайт,
Сиреп қалған тоғайға «қамықпа» деп көңіл айт.
[Қайырмасы]
Ұя қалса иесіз - айдын үшін сол қайғы,
Қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды.
Өз босағаң - бұл жердің тауы, қыры, белесі,
Босағасын басқаға тастай ма екен, о, несі.
Қара бауыр қасқалдақ, кері қайт,
Сиреп қалған тоғайға «қамықпа» деп көңіл айт.
[Қайырмасы]
Ұя қалса иесіз - айдын үшін сол қайғы,
Қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды.
ЖАЗ НЕ ДЕП ЕДІ?
сөзі: Е. Раушанов
әні Қ. Құрманалиев
1. Құшағында жаз қалды қоңыр түннің,
Көз алдыңда көйлегі оның күлгін.
Сары шаш күз кездесті, бұрын, тегі,
Күз көрмеген секілді сен ұмтылдың.
[Қайырмасы]
Ол мұңайған мұң шалып көкірегін:
Үйренісіп өзіңе кетіп едім,
Маған қиын болады жалғыз қалу,
Қалшы осында, қала ғой, өтінемін. (2 рет)
2. Жабығып жүр,
қажып жүр демесін деп,
Күлген болып, сол баққа келесің көп.
Жаз кіреді түсіңе, шошып тұрып,
Күздің суық ерінін өбесің кеп.
[Қайырмасы]
3. Сары күзге сенбейсің, шүбәлісің.
Сыбырлайсың...қан жылап тұрады ішің:
Саған қиын болады жалғыз қалу,
О, аяулым, сен соны ұғамысың?
[Қайырмасы]
САҒЫНЫШ
Сөзі: Е.Раушанов
Әні: А.Мұхтарұлы.
1. Ақсұңқар құстай кеш түлеп,
Соңырақ ұшты өлеңім.
Сағыныш деген — ескі дерт,
Табысу болар емі оның.
Уайым деген тағы бар,
Қауышу деп біл дауасын.
Саз қылып, әнге салып ал
Самалды түннің ауасын.
[Қайырмасы]
Телміріп, жаның жабықты,
Таусылды білем тағатың.
Терезең алды жарық-ты,
Жарықтан әрі қара түн.
Қап-қара түннің қойнында
Қап-қара шашың төгіліп,
Шегіне жетпей ойдың да,
Шетсіз бір мұңға беріліп;
2. Шемен мен шерді ақтарып,
Шешіліп бәрін жаз маған.
Бақытым жансын хатты алып,
Балауыз шамдай маздаған.
Қарашы, айнам, қарашы,
Күтпеген сезім, тосын ой:
Жарық пен түнек арасы
Жарты кез деген осы ғой.
СЫҢАР ҚҰС
Сөзі: Е.Раушанов
Әні:Е.Әбдіхалықова
1.Екеуіміз де кешіктік, сыңар Құсым,
Енді, міне, жолбайлау тұманды шың.
Тұнба сырдың тұмасын ашып қойсам,
Мұндасыңның жүрегін ұғармысың,
[Қайырмасы]
Сені жібермеген
Айдының екен.
Мені шідерлеген
Қайғы-мұң екен.
2.Көлің жатыр әніңмен әні бірге,
Өзің кетсең, кетердей сәні мүлде.
Сағыштан басқаны жаза алмадым,
Себебі сені күтем әлі күнге.
[Қайырмасы]
3.Сағыныштар жыр құйды санама кеп,
Сорлы көңіл болады соған әлек.
Қиялымнан әлі күн жібермеймін,
«Жалғыз жүріп, жабығып қала ма» деп.
[Қайырмасы]
4.Мен бармын ғой, сыңар Құс, сен егілме,
Сағынамын сол жанды неге күнде?
Жылап бара жатады жалт бұрылып,
«Жары болдым өзгенің» дегенімде.
ЖЫЛДАРЫМ
сөзі: Е.Раушанов
әні: Қ.Құрманәлі
1. Есік алды беткей-ді,
Беткей жақтан көктем әнін тыңдаймын.
Қармен бірге еріп неге кетпейді
Мұң-қайғым?!
[Қайырмасы]
Әлі талай жайлауларға қонғым бар,
Келеді әлі қаншама әнді тыңдағым.
Маған сонша неге қатал болдыңдар
Жылдарым?!
2. Артта қалды қара қыс,
Шыныменен көктем келді жайнап қыр.
Тереземнің дәл алдында бала құс
Сайрап тұр.
ЕСЕНТАЙ ӨЗЕНІ
сөзі: Е. Раушанов
әні: Е. Құли
1.Қыз кетті, басқа жігіт ұнады да,
Күз еді, ит үреді тым арыда.
Ол күнде сен де Есентай, мен де Есентай,
Қосылып екі Есентай жыладық, ә?!
Сол сурет өшпейді де, өлмейді де,
Сол бір от келе жатыр сөнбей, міне.
Қосылып екі Есентай жылағанын
Содан соң көрмеді ешкім, көрмейді де.
[Қайырмасы]
Өмірдің басы қайда, қайда-ау соңы,
Ескі жұрт дегеніміз - жайлау соны.
Барамыз күзге кіріп, байқаймысың,
Аулақта ит үреді... әй, қойшы оны.
2. Содан соң өзім көрдім не көрсем де,
Өшсем де, кенелсем де, теңелсем де.
Тақырды тастай қашқан ақ киіктей,
Алыстап кете бардың менен сен де.
Жарасын зекетіңе мал, дияр, бақ,
Шаршадым ән-күй арнап, сан қиялдап.
Аттас-ай, сол дәуренге бір апаршы,
Алдыңа жығылайын алдиярлап.
[Қайырмасы]
3.Өр едің - сағасы өткел бермес мүлде,
Бүгінде лай сумен теңдестің бе?
Менің де өткен жолым өзіме аян,
Бірақ мен кештім бәрін, сен кештің бе?
ЖОЛДАНБАҒАН ХАТ*
Сөзі: Е.Раушанов
Әні:Т. Досымов
1. Дәл осылай болатынын сезгем мен,
Ғұмырым.
Сен кеткенмен ештеңе жоқ өзгерген,
Тірімін.
[Қайырмасы]
Іздеймін кіл жалғыздықтан торықсам,
Мұң торлайды іргеден.
Басымды иіп өте шығам, жолықсам,
Көр де тұр.
2. Өкінетін мәжнүн деп пе ең не мені,
Сәтсіздікке кез келген.
Ештеңе де керек емес, себебі,
Ештеңе жоқ өзгерген.
[Қайырмасы]
Сөйлейді аспан қара жаңбыр тілімен,
Сол Алматы, сол өзен.
Ағыл-тегіл жылайды үнсіз түнімен,
Терезем.
*Бұл әннің Роза Әлқожа жазған екінші нұсқасы – «Мәжнүн деп пе едің?»