ЗЫЛИХА ЖАҢАБАЙ. СЕН БАРСЫҢ ШЫНАЙЫ ҚАЛПЫҢМЕН...

 

*  *  *

Тамсантады өзің жайлы тәтті елес,

Кербез күннің қытықтайды шуағы.

Біздің күй ол – санадағы сәтті егес,

Таусылмайтын сезімдердің сынағы!

 

Босаңсыған бойымды бір от қарып,

Сарсаң уақыт сынаптайын сырғиды.

Сүйген жанға әппақ сырын ақтарып,

Тұман ойдың жетегіне сүңгиді.

 

 Махаббаттың  бөлек  болған мәні де,

Сен жолыққан кездер қайтып оралмас.

Айналып та үлгергенсің әніме,

Жанарыңмен тілдескенде сол алғаш!

 

 Өзің барда  айтушы едім төкпелеп,

Саған аян сырларыммен сыңармын.

Болмашыға бар жаныммен өкпелеп,

Болмашыға қуануды шығардым!

 

Білінер ме білеу-білеу сиқымнан,

Ойға аламын хәлі қалай деп кейде.

Түсіме еніп оятпашы ұйқымнан,

Ұйқысыз көп түн өткіздім, жетпей ме?

 

ӨТКЕН-ӨТКЕН

Өткізгенмен айға қарап өткенді,

Қалдырмаған қалам құсап көп белгі.

Күз келгенде долы құйын санамнан,

Өшіргендей өз қолымен көктемді.

 

Тым көңілсіз сосын орнап тыныштық,

Естелік те еріп кеткен тым ыстық.

Төзімдерім тоз-тоз болып шықса да,

Әр талынан іздеп жүрдім ырыс-құт.

 

Өткен-өткен. Оған қылар не шараң,

Белгіленген белден аспас еш адам.

Жеткен күннің өтіне әкеп мазақтап,

Соған тартып тұрған тағдыр-есалаң!

 

Ілессек деп артқы шаққа аңғалдар,

Сүріншектеп, суға сүңгіп тал қармар.

Маңдайына тәубе еткеннің бақ бітіп,

Жағдайына жұлдыз туар жанған дәл!

 

Өткен-өткен! Оған қылар не шараң,

Өкінішпен өмір кешкен неше адам.

Ескі күннің ессіздігін езіп кеп,

Ескі жібін естілікпен кес, адам!

 

ЖАНЫМДА

Жанымда,

Бөлейтін көңілді жалынға.

Сен барсың шынайы қалпыңмен,

Дамылда, жүректе дамылда.

 

Тым ыстық естелік барында,

Тыныштық өзіңнің жаныңда.

Жанарың бар сырды ұқтырып,

Айналдың барыма, бағыма.

 

Арнайын жырымның жақұтын,

Сыр айтсын өзіңе тағы түн.

Мен сені, сен мені тапқандай,

Адамдар тапса екен бақытын!

 

*  *  *

Ақын қызсың дейсің бе, мұңды жүзің,

Тартқылайды жел құсап жебір қайғы.

Жалағаштың жап-жарық жұлдызының,

Көргені бар емес пе небір лайды?!

 

Сыбырлайды əрнені жылымық түн,

Зырлағысы келеді қалам сауыт.

Бар екенін білемін бір үміттің,

Менің үнім сыйлай ма саған шабыт?!

 

Ақын қызсың дейсің бе, өзгешелеу,

Қиялым да қияға жетеғабыл.

Сипаттайтын сырымды сөз де шебер,

Өлеңіме куəгер екен ауыл!

 

Реңім де дөрекі. Барым!- дер ем,

Дұрыс емес мəміле сірə, мұным.

Өзіңді емес, жарығым, жанымменен,

Жырды сүйгенім үшін – кінəлімін!

 

ҒАШЫҚ ҚЫЗ

Сізді осы біле ме күзгі бақ,

Ғажапты көрмейді-ау түз бірақ.

Жанымның емдеген жарасын,

Жүз тұрып жүргенде жүз құлап.

 

Мен күлдім, содан соң күлді таң,

Наздана нәзіктеу сыр жұтам.

Кездескен сәттегі мендегі,

Жалынды көрсеңіз бір тұтам.

 

Көрсеңіз, енсеңіз жүрекке,

Жайқалтып жібергін гүл ек те.

Біздердің бақытты тілеңіз,

Жалынып Құдайға "бір ет" деп,

Қалғанын береді реттеп...

 

Тілек те бір еді айтарым,

Тегін де емес қой байқауым.

Болайық әрдайым бірге біз,

Көрсек те сезімнің сойқанын.

Дейін бе көзіме үңілгін,

білдіріп қоярмын, қой, тағы!

 

Көп сырды көрсетпей сөзіміз,

Біз үшін талайға төзіңіз.

Қазанда кезіккен қорғаным,

Жазарға шабытым өзіңіз.

Ұнайды-ау соншалық өзіме,

Күлімдеп қарайтын көзіңіз...

Көп жазып қойдым ба білмеймін,

Ғашық-ау осы қыз!

 

ЕКЕУМІЗ

Армандары да аласармайтын,

Төтеннен ешкім таласа алмайтын.

Көз сүйсініп, жарасардай тым,

Жұп сияқтымыз екеуміз!

 

Құлақтан кетпей қиялымдағы ән,

Білместей сезім сиярын ғалам.

Жетелейді ме қиялың маған,

Күзде кезіккен "Көктемім".

 

Жанарға жылу ұялатып ақ,

Шыңдардан ұшып қиялатып-ақ.

Сенің есімің сия алатын-ақ

Жүрегімде орын бар!

 

Ғажайып күйге түсіретіндей,

Көңілді көкке өсіретіндей.

Ұйқымды ұрлап көшіретіндей,

Сендегі  осы не сиқыр?

 

ЖІГІТ СЫРЫ

Барлығына белгілі асықтығым,

Сүйкімді етер  қызғанып күйгенің де.

Сендік айып тым ессіз ғашықтығың,

Мендік айып өзіңді сүйгенімде!

 

Біз жүрген бақтар басын иеді кеп,

Қос мұңлықтың зар жүгін арқалаған.

Айтыңдаршы мені оны сүйеді деп,

Айтыңдаршы жүректі қанталаған!

 

Шартарапта сандалған қу басыма,

Қайбір қырсық мезетте теңесті екен?!

Қарап тұрып құстардың сұлбасына,

Сенің еркелігіңді елестетем!

 

Үйім еді құшағың,

күлкің дәрім,

Кете барды сені алып келмес кеме.

Жетем деп мен сол күні жұлқынбадым,

Қызықтыра алмайды енді ештеңе!

 

Көзімнен мұң сорғалап, тілімдеді,

Жеп барады жанымды жалғыздығым,

Жарық болсын жан-жағың, күнім менің,

Жер көрпені оранған жалғыз гүлім!