ЖАРҚАНАТ ХИНАУХАН. ҚАНАТЫНАН ӘН ҮЗІП ҚАЗ БАРАДЫ...

 

*  *  *

Күз келгенде қайтады жаз қонағы,

Қайтатыны бір оттың маздағаны.

Тебірентіп, толқытып саз даланы,

Қанатынан ән үзіп қаз барады.

 

Тұлпар тұяқ дүбірлі дала, тамыз,

Келеді де басады қараша күз.

Неге таулар біздерден ұзап қалады,

Неге біздер таулардан аласамыз?!

 

Қараша ауыл,  ақ боз үй жұмыр тіккен,

Баран тартып барады іңір тіптен.

Күнде жиын қылатын қара сазда,

Көп шағалам бар еді, Кім үркіткен?!

 

Шыймай-шыймай  шық тұрған  дала түні,

Шық қонақтың бар тағы алатыны.

Жаздың соңы – шалдардың  әңгімесі:

Биыл қыстың қаттылау болатыны.

 

Жүйрік тұрып алса егер шабан бәйгі,

Елге қайғы болғаны маған қайғы.

Жаз бойына жотада тұрған үйір,

Өзен жаққа түсе алмай табандайды.

 

Қыр баласы бірі деп жыры бардың,

Өлең жолын қыр жаққа бұрып алдым.

Ғасыр көрген қарттардың әжіміндей,

Тау сілемі  теңбілі  сүрі қардың.

 

Қараңыз да аспанға, елеңдеңіз,

Құстың ізі емеспе төбемдегі із?!

Неге құстар біздерден ұзап кетеді,

Неге біздер құстардан төмендеміз?!

 

Қосылатын ойлар бар жолда бірер,

Батылдық пен тұрса егер бойда жігер.

...Көрші ауылда жүретін керімсал қыз,

Қала жаққа қайтуға ол да әбігер.

 

Қандай жырдың қағамыз қақпасын қай?

Жеткізуге барлығын таппас ыңғай,

Өзгелермен бөлісіп бір ататын,

Өлең деген шалдардың шақшасындай.

 

Күз келгенде қайтады жаз қонағы,

Күңірентіп, толқытып саз, даланы.

Күздің басы – шалдардың әңгімесі:

Жаздың жылдам өткені, маздағаны.

 

P.S.Шақша атысқан шалдарың мәз болады.

 

*  *  *

Сипаттасам болады жерді не деп?

Мен көретін бұрынғы белгі бөлек.

Дархан далам құшағын неге ашпайды,

Төрімде өскен құлыным келді ме деп?

              

Қайтсін бірақ хәлі де мүшкіл еді,

Аяз болып шыққасын ішкі демі.

Суық тиіп ауырған сай жөтеліп,

Тымауратқан төбелер түшкіреді.

 

Құзар шыңдар басына тұман іліп,

Шұнақ шоқы қарайды тым аңырып.

Тарақ тісті қыраттың жондарына,

Қаңтар аяз қағыпты сына қылып.

            

Алты ай қыстан ап берсін кім азаттық?

Тәлкегі деп тағдырға кінә жаптық.

Сәлде таққан басына мұзды таулар,

Құбылаға қарайды мінәжат қып!

 

Жер жарасын ораған мата- қырау,

Жалаң аяқ жаббыққан жота мынау.

Басындағы бақытын елден алыр,

Қайда шөгіп барасың, бота күн-ау?!

 

ДАЯШЫ ҚЫЗ

Маған да сыры аян ғой ақтық істердің,

Кептеліс көрдім жолдардан, қақтығыс көрдім.

Жол бойындағы кірдім де кафеге келіп,

Бір кесе ыстық кофеге тапсырыс бердім.

 

Таныған сәттен сыйлар ма тілесе жарды,

Жазылмай жүрген ойларда жыр етек алды,

Дайындап келген кофені төгіп алардай

Даяшы қыздың саусағы дір ете қалы.

 

Өз бойымды еркін биледі өзгелік қылық,

Шықпауы қиын екен ғой, сөз келіп тұрып.

Ас болсын деген бір сөзді айта алмаса да,

Қиылып қана кеткендей көзбен ұқтырып.

 

...Жапырақтардың тыста бақ саясы күзгі,

Жаурап барамыз сен дағы аяшы бізді.

Жүрегім неге тағы да дір еттің екен

Қолдарындағы кеседей даяшы қыздың.

 

Ақыл сыйлаған не болды ашу сыйлаған,

Осындай сәтте өзімше ақынси қалам.

Төгіліп неге кетпеді мендегі сезім,

Ыстық еді ғой ол тіпті капучинодан.

 

*  *  *

Кездейсоқтық боларын білдік пе не,

Бір ортада екеуміз жүрдік неге?!

Кеңістікті қаперсіз шарлап келіп,

Жанарымыз түйісті бір нүктеде.

 

Бір нүктеге түйіскен көздеріміз,

Ұмыттырды сол сәтте өзгені күз.

Қос жанардың қалғаны сәл тосылып –

Алапатты мендегі сезгеніңіз.

 

Адалдыққа тисе егер пайда себі,

Төзер едік... білмеймін, қайда шегі.

Ұятыңыз кірпікке салмақ болды-ау,

Көздеріңіз, көзімнен таймас еді.

 

Әдеп дейтін біздерге жетсе сүннет,

Ұялудың бояуы бетке сіңбек.

Сіз аяған боларсыз сонда мені,

Жүзіндегі нұр ұшып кетпесін деп.

 

Ғашықтықтың таппадым дәрісін кей,

Жанымызға келеді әлі сіңбей.

Ар, ұят та мен үшін ең қымбаты,

Сізге қымбат шариғат шәлісіндей.

 

Бұралаң ба, жазымыш, қиыс па екен,

Пенде соған көнуге тиісті екен?!

Кеңістігін әлемнің шарлап  келіп,

Тағдырымыз бір жолда түйіссе екен.

 

*  *  *

Басқа әңгіме сіз енді бастамаңыз,

Жолдар өзі айтады дастан, аңыз.

Бізде болған еңсоңғы қоштасудың,

Себепшісі тағы сол, Астана. Күз.

 

Сеп болмаса сіздегі ізгіліктен,

Қуантатын не қалды бізді үмітпен?

Қарқаралы жеріне асығарсыз,

Сізді күткен жандар бар, күзді күткен.

 

Біздің жолдар бөлінер осы жерде,

Көрінеміз мұңлық боп сосын елге.

Күзбен сіздің ұқсайтын тұстарыңыз,

Құқыларың жоқ әсте кешігерге.

 

Бір сенімді санама тұмар етем,

Шіркін, көңіл қай күні тынар екен.

Жолымызды бөлуге осы  біздің,

Астана мен күз неге құмар екен?

 

Қолдан ұшқан бақ дейтін құстарымыз,

Сағынышпен қалдырдық тысқа бір із.

Менде  өлең, ал күзде сарғаю бар,

Осы біздің ұқсайтын тұстарымыз.

 

ІЗДЕУ

(С-ға)

Қинайды сана сауыға қалмай,

Күнім-ау маған күз боп қарадың.

Күтпеген жерден тауып алардай,

Көш құрым сені іздеп барамын.

 

Айтуға бәрін батпайсың кейде,

Сосын ғой көңіл өлеңге құштар.

Сені бұл жақтан таппайсың дей ме,

Қиқулап барад төбемде құстар.

 

Сенің бейнеңдей ақылдым кенет,

Көз алдымдағы қала да өзгерді.

Атыңды атап шақырғым келед,

Орамал таққан  қара көздерді.

 

Айналама да толады елесің,

Өзің боп кетті кең көше жаңа.

Жүріп өткендей бола бересің,

Мына жолдармен сен кеше ғана.

 

Іздемесіме бір бермейді ерік,

Жүрек лүпілін есіттің бе екен,

Сен жүрген жерге үлгермей келіп,

Кездесер сәттен кешіктім бе екен?

 

Армандап босқа аңсамағанмын,

Шырмалып ойдың мың жыры жанға

Қасымнан өткен қаншама жанның,

Бірі көрмепті тым құрығанда.

 

Махаббат деген анық айдын ғой,

Көріне қоймас бескүнде шегі.

...Ешкімді мұнда танымаймын ғой,

Танымайды екен ешкім де сені.

 

p.s Өзіңді күту құзырда мына,

Іздеймін өмір майдан дегесін.

Әйтпесе менің Қызылжарыма,

Қарағандыңнан қайдан келесің?