ЖАМБЫЛ БАҚЫТӘЛІҰЛЫ. ЖАНАРЫҢНАН ҚАРАЙДЫ ЖҰЛДЫЗ КҮЛІП...

 

*  *  *

Қаншалаған қара көздің мұратын,

Боршалаған кім біледі, мына түн?

Тағдырды оқып көшелерде отырам,

Кездесумен қоштасудан тұратын.

 

Түндер баяу батқан сәтте балбырап,

Қаншама жан қаңғырады қан жылап?!

Сүйгеніме жолығып ем менде әрең,

Сүйгеніне жолықпапты ол бірақ.

 

Мына қала құлазиды кейде бір,

Ол әрине,  солай өтсін мейлі өмір.

Өмірді тек махаббат пен өлшейтін

Маған кімдер сенім артсын?

                                          қой көңіл!

әәәәәййй менде бір…

 

*  *  * 

Басталғандай бір тылсым бұла ғұмыр,

Айналаға аппақ ай құяды нұр.

Екеумізді жасырып бұл әлемнен,

Түнге  иегін артады мынау іңір.

 

Сенде мендей жалығып біткесің бе?

Тілге алмайсың өткеннен  түк кешірме.

Көгенделіп көпірде  тұрдық ұзақ,

Көңілдердің тоғысқан нүктесіндей…

 

Біткен екен сүйкімдім саған да ұстам,

Сұқтанамыз жандардай сәл аңдысқан.

Сиырған боп басыңнан сипап алам,

Самайыңды сылынып самалға ұшқан.

 

Тілдеспей-ақ, дегендей тұрмыз біліп,

Жанарыңнан қарайды жұлдыз күліп.

Томсарып тұрған сені тоңдырды да,

Құшағыма құлатты түнгі ызғырық…

 

*  *  *

Сен туралы не біледі мынау ел?

Мен  туралы не біледі мынау ел?

Сенің күлкің - шаттығың мен, қамсыздық.

Менің күлкім - сағынштың мұңы-ау ол.

 

Мұңлы өлеңің - деп сынайтын кісі мол,

Қашқынмын ғой, мені кімдер түсінер?

Елім қалған езеуіреп, егіліп,

Жерім қалған  арғымақтар кісінер.

 

Мына  өмірдің хикмет қой түні кей,

Мына түрім сал мырзаның түрі ғой.

Анам жүр-ау айласы жоқ тағдырға,

Баласынан  айырылып тірідей.

 

Әкем менің  ән салатын сарынды.

Содан менің бойымда жүр сан үлгі.

Кеше түнде хат жазыпты, қарасам,

«Сағындым ғой сары ұлды».

 

Бәріненде маңызды еді елдігім.

Өткеніне өкпе айтады енді кім?

Ер қашанда істейді ғой ерлігін,

Бірақ, бірақ кінәламаңыздаршы,

Бір егіліп жылап алам мен бүгін.

 

*  *  *

Білесің бе,

сен қалаға келеді дегенді естіп,

анам тойдан қайтқандай елеңдестік.

ән-күй салдың алғашқы бас қосуда,

әлқисамды бастадым мен енді өстіп.

 

Білесің бе,

көрер көзге жүргенмен көңіл алшаң,

жын ұрады сен жым-жырт болып алсаң.

күңіреніп жатады менің мұңым,

қобызыңды қиылып қолыңа алсаң.

 

Білесің бе,

саған мендей қандай жан елжіресін?!

маған сендей қай асыл  мөлдіресін?!

Әрегідік әрлесем домбырамды,

күмбірінде күлімдеп сен жүресің.

 

Білесің бе,

сол кеште бір қар жауды, сәл күн борап,

«Берші дедім «дұрыстап шарфымды орап».

Сылтауым да бар тапқан сол-ақ еді,

топқа ілесе жөнелдің салқын қарап.

 

Білесің бе,

сен жүргенге минуттар санаулы еді,

темір жолдан еседі самал лебі.

жаныңда екі қаланың жалмауызы,

жақындата қоймады саған мені.

 

Білесің бе,

суыта алған жоқ мынау қыс демімді,

доғармадым сен жайлы түс көруді.

Сол бір жолы шығарып салғыныммен,

шығара алмай қайтып ем іштегімді…

 

Білесің бе,

қаңыратып қалдырып қала жақты,

сыйлап сол күн бойыма сан азапты,

Арал жаққа  бет алған от арбада,

от жүрегім өртеніп бара жатты.

 

Иә, сен ештеңеде білмейсің…

 

*  *  *

Қара түнде ақ дидарын нұр шалып,

Сұлу отыр тағдырына мұң шағып.

Құла дүзден тапты ма екен бізді өмір,

Құлазытып қоятындай мұншалық?!

 

Көзімізден көңіл-күйлер мөлтектер,

Екеумізді шаршатқаны-ай ертектер…

-Түсінем - деп түсінбейтін арулар,

Сүйіп барып сүймей кеткен еркектер…

 

Жаны сұлу жарығым-ай гүлден де,

Өкпеңді көп өксітпесін  мұң кеуде.

Өзін өзі түсінбейтін пенделер,

Екеумізді түсінген бе?

Білген бе?

 

Бұл сырлы түн біздей сыршыл жанға тән.

Ұйқысызбыз, өте шығар жорға таң…

Өмір сондай,

өкпеңді артып төсекте

Таусылып көп жыламашы «Жанботам»!

 

Таусылып көп жыламашы жанботам!

 

*  *  *

Қара жолдан зымырап көлік өткен секілді,

Қара дөңге гүл көктем келіп өткен секілді,

Енді ойласам сол күзде менің сорлы басыма,

Сіз арқылы бір бақыт қонып өткен секілді…

 

Өмір аңқау, сондағы бала түрім секілді…

Өмір ғажап, ғашық боп қалатыным секілді…

Ал шынында бұл өмір сынақ екен білгенге

Сонда маған әпке боп алатының секілді…

 

Бүгін сізді ойладым, сағыныппын ойласам,

Бұл тірліктің түбіне жетемін бе бойласам?

Сіз кеттіңіз, ал содан ұмыттым мен барлығын,

Адамдық не?

Мейір не?

Жоспар қалай?

Той қашан?

 

Тағы бір күз келіпті, тағы бақыт қонар қай?

Оны ойласам, өзекте өрт қаулайды тонардай.

Жапырақтар сарғайып түскен сайын жаутаңдап

Айналаға қараймын сіз кезігіп қалардай…

 

Жобалаймын, әлі ұзақ бұраң-бұраң жол басам,

Бірақ сізді таппасам, бұл өмірде бар ма сән?

Түбі терең тұңғиық шыңырауға баттым мен,

«Әпке-ау» енді мені өзің тез шығарып алмасаң…

 

*  *  *

Қалқам, сен білмейсің ғой…

Тілсіз түннен күнде ақыл сұрағанды,

Жырым жанын жырымен құрағанды.

Аңсары ауып, ақылдан адасардай

Ынтық болған өзіңе бір адамды.

 

Сені сүйсе – игені арда басын,

Ақылың бар жансың ғой, аңғарасың,

Қорғағысы келеді қорқаулардан,

Емдегісі келеді жан жарасын.

 

Қалқам, сен білмейсің ғой…

Сол адамның жеп біткен жан-жүйесін,

Әлмисақтан бертінгі әңгімесін.

Арзан сезім, арзан сөз қажытса да,

Махаббаттан жалғап жүр мәнді көшін.

 

Қалқам, сен білмейсің ғой…

Сені көріп жанына жандырғанда от,

Сүйетінін айта алмай қаңғырған көп.

«Ағатайым» дегенде бейғам сұлу,

Алқымынан алатын тағдырлар кеп…

 

Қалқам, сен білмейсің ғой…

Жамылыш қып сонан соң қара түнін,

Дарияның бойына баратынын.

Су бетіне сырларын жыр қып жазып,

Суретіңе тесіліп алатынын…

 

*  *  *

Жарығым-ай, емес бұл жастық екпін,

Өзіңе-өзің  қалайша қастық еттің?

Естеліктер ес-түссіз қалады енді,

Тамырына айналып тас жүректің.

 

Махаббатқа мен де бір мықты сері,

Мықтыға да кей-кейде жүк түседі.

Кінәлі дей алмаймын мен өзімді,

Кінәлағым келмейді тіпті сені.

 

Махаббатқа сен де бір мас періште,

Періштелер жығылмас әсте күшке.

Жазғыруың орынды жаным мені,

Жазымышқа бірақ та жас төгіспе!

 

Мына өмір – білдің бе, бос іргесі,

Селге кеткен сезімнің жесір көші,

Сезіп бола алмайтын жүректердің,

Кезіп бола алмайтын кешірмесі…

Екеумізде осыны кеш түсіндік,

кешір…кешір…