ЖАЛМУХАНБЕТОВ АЛПАМЫС. «ҰМЫТҚАНДАР ІЗДЕЙДІ ЕРТЕҢ МЕНІ»

 

***

 

Біз екеуміз! 
Өзім және өлеңім,
Өлеңімді бірақ артық көремін.
Өлең керек десе біреу қуанам,
Ал өзімнің болмай жүріп керегім.

Өмір жаздым, өлең жаздым ересек,
Менің ойым мансап қуу емес ед(і).
Ауылымда ақыратын түн демей,
Менен гөрі атақтылау көк есек.

Шығарудың мәнісі жоқ даңқымды,
Өлең үшін жаным пида әр түнгі.
Кекірікке шала тойып алғанша,
Аш-жалаңаш сүрген өмір тартымды.

Төзім қажет ұстау үшін дарынды,
Бәріне де даяр етем жанымды.
Өнеріме қол соққыштар лепірер,
Өкініштен соғып қалсам санымды,
Сондықтан да ұштау қажет дарынды.

***

 

Көрер көзге сөзі асыл, ісі керім,

Көп пенденің паңдығын түсінемін.

Бірақ есек тұлпар боп жарытпайды,

Келсе-дағы жылқыша кісінегің.

 

Шын батырға мұрадан үлес - өре,

Өресі жоқ ары үшін күресе ме?

Иттің қасқыр болуы екіталай,

Апанында қасқырдың түнесе де.

 

Биік тұрмас қашан да ер елінен,

Кейбір даңғой көрінер өрелі, кең.

Қарға қыран болмайды қанша жерден,

Жеген етін қыранның жегенімен.

 

Адамдық тұғырына бекі өкше,

Әйтпесе күн кешесің жетімекше.

Маймыл адам болмайды ЕС кіргенмен,

Адам маймыл болады есі кетсе.

 

***

 

Жолында ардың ерегес,
Шаққандай шыбын болмайды.
Ақылың азса, түк емес,
Ақшаңның жоғы зор қайғы.

Сөз айтып небір масаттан,
Аузыңмен салдыр сарайды.
Орнына тістің жасатқан,
Алтынға ғана қарайды.

Тазалық деген Ақ тауды,
Қорысаң-дағы жалаңаш.
Итіне айтқан мақтауды,
Айтуға саған жарамас.

Сөйтсе де үзбе үмітті,
Қайтпайды оңай жақсылық.
Жүрегін жұтқан жігітті,
Кемсіте алмас тапшылық...

***

 

Көңілімнен көрмеңдер қауіп ала,
Бірақ қазір ойымды сау ұға ма?!
Ұмытқандар, іздейді ертең мені,
Досым түгіл, қажетпін жауыма да.

Жанымда жүр күлгендер миығынан,
Сырын бермес ожданы биік ұлан.
Көтерілер айбыным, өмір байғұс,
Түскен кезде жалғанның иығынан.

Жаралған ғой жылау мен күлуге бет,
Құлап жатып, ер ісі - тұру кенет.
Білетінім, ұялмай өлу үшін,
Өміріңді өлместей сүру керек.

***

 

Салам деп тезге жат ұлды,
Шайнауға түсті бармағым.
Кинодан көрген батырды,
Өмірден көре алмадым.

Қайтарып бойдан мың уды,
Сауығу еді арманым.
Хайуаннан сезген жылуды,
Адамнан сезе алмадым.

Алдына салды атсызды,
Арқырар тұста тарланым.
Баладан естір пәк сөзді,
Данадан ести алмадым.

Болса да қыран шын мықты,
Дәурені жүрді қарғаның.
Сөздерден ұққан шындықты,
Көздерден ұға алмадым.

Бетіме кімдер қақырды?
Ойлаумен өлем ар қамын.
Патшаға айтқан датымды,
Құлына айта алмадым.

 

***

 

Жүйрік емес санамыз,
Жаяу жүріп жерменен.
Өле-өлгенше бабамыз,
Аттан түсіп көрмеген.

Шапса жүздеп шақырым,
Салмаған ғой байбалам.
Үсті тұрмақ, атының,
Құлағында ойнаған.

Жон теріден таспа кес,
Шықсын десең ер сенен.
Ердің құнын, басқа емес,
Ат құнымен өлшеген.

Бермес бабам билікті,
Сыншылығы жағынан.
Жүлде бермес жүйрікті,
Тұяғынан таныған.

Күші қайтса тақымның,
Намысы да тапталған.
Опат болған батырдың,
Ер-тұрманы сақталған.

Жауға қатты тиіпті,
Киіп алып кебінін.
Талай жігіт қиыпты,
Ат жалында өмірін.

 

***

 

Ұнату күнә кімге?!
Таба алмадың өзімнен тұрақ, ірге,
Басқа түссе, ұнату күнә кімге?!
Мен сорымнан қарқылдап күле салам,
Сен бақыттан өкіріп жылап жүрме.

Үмітпенен атқанда, байып таңым,
Іске аспады жыл жүдеп, ай ұққаным.
Көңілімнің бостығын сенен көрдім,
Сен қалтамның бостығын айыптадың.

Бар болғаны сезімді биіктеттім,
Сол үшін де соңынан күйіп кеттім.
Мен бәрінде сүйетін жан едім ғой,
Сен өзіңді бәрінен сүйікті еттің.

Асып түспес тағдырдан ешкім мықты,
Ажар сұлу болса да, кескін құтты.
Мен өмірдің өлшемін аңдап жүрмін,
Сен ертегі көресің бес күндікті.

Мұң жастанып жатқанда, құлап бақта,
Жазған жырға сыйғыздым, трактатқа.
Мен өзіңді жоқ жерден тауып алдым,
Сен өзіңді бар жерден жырақтатпа.

Жайқалғанда айнала, кеткенде рең,
Сендік күйге күз де мен, көктем де мен.
Сен кетесің дәм-тұзың таусылғанда,
Мен кетемін, өмірден өткенде өлең.

 

***

 

Жақын тұтып, қалжыңдассам тәп-тәуір,
Артық айтып, жаққан емен аққа кір.
Неге маған қырсығасың себепсіз?
Өле-өлгенше қара жерді таптағыр.

Әперем деп алдамаймын күн-айды,
Айы бар да, күні бар да жылайды.
Сезіміңді мен сынаудан аулақпын,
Бір сынаса жүрек қана сынайды.

Айта-айта қажығасын салт әнді,
Пана тұтып, сүйей келдім арқамды.
Сен таусылма, бұйырғанға ырзамын,
Аш отырып, жесек-дағы талқанды.

Екеумізден қоныс тепсін шалғай мұң,
Бар мәселем өзің ғана, бар қайғым.
Өмір сүре алар едім бар қызбен,
Тек өзіңсіз өмір сүре алмаймын. 

 

***

 

Алматыға келіп пе едіңіз...? 
Келсеңізші ақын аға!
(Желідегі хатқа жауап)


Алматы ма? Алматыңды көрмедім,
Көрмесем де құсалықтан өлмедім.
Бір қалаға сыймай кеткен ақын бар,
Ал мен сыям жартысына бөлменің.

Сиқырымен елітеді дала сан,
Айта алмаймын сол сиқырдан әрі асам.
Басқа жерде жүру қайда, мен кейде
Көшесінде Ақтөбенің адасам.

Асан Қайғы жұмақ іздеп өтті игі,
Мен басымнан кешірмеппін көп күйді.
Саяхаттап шығуға ақыл жеткенмен,
Қалтамдағы тиын-тебен жетпейді.

Әр қаладан шақырса да достарым,
Барамын деп жасамаймын босқа ырым.
Досыма дос қоса алмасам амал не?
Маған бақыт өлеңге өлең қосқаным.

Кәсіп осы, түрім де осы данышпан,
Балапанбыз ұясынан жаңа ұшқан.
Бір барармын сендер жаққа сағынтып,
Өзің келсең тіпті жақсы таныс жан.

 

Кітапқа сыр

 

Әуел бастан кітаптың досымын мен,

Айырмасын өмірдің көші мүлдем.

Ет жақындар кеудеден сыртқа теуіп,

Кітап қана кіргізді есігінен.

 

О кітап! Алып шыңым, тау, ақ қарым,

Сені оқысам, білемін сауап барын.

Бетсіздердің сұм ісін көргенімде,

Беттеріңнен іздедім жауаптарын.

 

Тек өзіңнен үйренем тағылымды,

Одан сайын ағартшы ақ ұлыңды.

Жар таңдауға уақытты таппасам да,

Уақыт табам таңдауға жанрыңды.

 

Төгіп-төгіп жіберсе қаламым мұң,

Естелігін білесің саналы ұлдың.

Жүрегіме тым жақын бір суретті,

Арасына жасырғам парағыңның.

 

Қалмағанын қаласаң бақтың жұтап,

Жеке қалған екеуміз пәк күнді тап.

Салқын сөзден суыған қойынымды,

Жанартаудай жылытып жаттың кітап.

 

Әзір бақыт сені оқып, сәл күлгенім,

Жұлынбастан жағамда қалды ілгегім.

Сенің әрбір санаулы беттеріңдей,

Санаулы ғой менің де әр күндерім...