СЫРЛАСУ
Жапырақ,
Сен де жалғыз, мен де жалғыз,
Екеумізді бұл мұңға көмген-ау күз.
Тамырлы қара талдан үзіліп бір,
Түбінде қара құртқа жем болармыз.
Жапырақ, сен де ғаріп, мен де ғаріп,
Қайтеміз, таптап біткен елге налып?
Қай қиянды қаласа сонда ұшырар, -
Қайтеміз, тағдыр дейтін желге налып?
Тағдыр желі - талайды талқандаған,
Төзбеген текті де оған, «тарпаң» да оған.
(О, Неткен жасқаншақтар әлемі бұл,
Тағдырға қарсы шығар жан қалмаған.)
Екеумізде тапталдық табанға әрбір,
Төбеміз де жақсы да, жаман да жүр.
Қара талдан үзіліп жерге түстік, -
ал, жерде:
қара асфальт, қараңғы өмір.
Жапырақ, жел өтінде кетеміз бе?
Уақытша, бақыт сыйлар мекен іздеп.
Маңдай сорым миықтан күлім қағар,-
Қандай тағдыр жазылды шекемізге?
Жапырақ, сен де ғаріп, мен де ғаріп,
Қайтеміз, таптап біткен елге налып?
Қай қиянды қаласа сонда ұшырар, -
Қайтеміз, тағдыр дейтін желге налып?
Жапырақ,
Сен де ғаріп, мен де ғаріп...
* * *
Мен өлең жаза білмеймін. Бірақ анда-санда белгісіз бір күштің жүйкеме тат басқан темір инені сұғып-сұғып алатыны өтірік емес. Сондайда, сана түкпірінде сандырақ пайда болады. Сан-ды-рақ... Мен оны «Тәңіріммен тілдесуім» деп атаймын. Ренжи көрмеңіз. Олай дейтінім, түптеп келгенде, менің Тәңірімнің Сіздің, Оның, Олардың Тәңірінен мүлдем бөлек болуы мүмкін ғой...
(с) Әділ Ботпанов
Болмаса да жүректің хәлі бүтін,
(Түн ауғанда боламын кәдімгі үкі.)
Сені ғана ойлаймын осы күндер,
О, менің жүрегімнің тәңірқұты.
Түндер мені өзіне жетелеп мың,
Түсімде дәл қасымнан өте кеттің.
Сен менің жүрегімнің тәңірісін,
Парызымды қалайша өтемекпін?
Ойларыма оралып шырай бейне,
Елестейді көзіме Ұмай кейде...
Көк-түріктің тәңірі болмасаң да,
Көркем бейнең, мен үшін Құдай бейне.
Ақынды жақыны ұқпас, ұнатар кім?
Жүрегін жегідей жеп жылатар мұң.
Өзгелерге сыйыну күнә дейді...
күнәһармын...
Көгімде сен тұрғандай, жанымда да,
Кеуде - көр, жүрек - қапас, жаным - нала.
Бір өзіннің сүйікті құлың емен,
Тек сол ғана бататын қабырғама...
АБСУРД
кешқұрым.
бақыттың елемей ешбірін,
ерсілеу көрініп елге тым.
сол қыздың аңсадым келбетін,
кескінін.
аңсадым.
өзіңе жеткенше қанша адым ?
көзіме көрінші, көріктім.
өзіңді сағынып зеріктім,
шаршадым.
қамалдым.
қызығын тәрк етіп ғаламның,
дүбірін елемей думанның.
мен сені сүюге туғанмын,
мен сені сүюге жаралдым.
ғаріп түн.
тар бөлме ішінде тарықтым,
жындының ұғады шерін кім?
өзіңсіз өмірден жеріндім,
зарықтым.
перделер –
бір вальс биледі желменен,
мұңлы әуен аза айтып күзге өлген.
келсеңші билейік біздер де,
тербеле.
тәң сәрі.
мәнсіздеу ойлардан шаршадым,
ең соңғы бар шағым:
өзіңді аңсаймын қанша жыл?
қанша күн?
* * *
Жазмышымды жазып жүрген пендемін,
(Шарана боп жатқанда да шерлі едім.)
Долы күннің дауылындай неліктен
Тәңірімнің салып берген өрнегі?
Өліарада ғұмыр кешіп жүр жаным,
Бар өмірім – бір өлеңнін құрбаны.
Мендік тағдыр – тұмшаланған түнекте
Алматының ақыны жоқ бульвары.
Мендік тағдыр масайраған мың ойдан,
Мендік тағдыр айырылған шырайдан.
Қалам деген қайғы ұстатқан қолыма,
Тағы нені сұра дейсің Құдайдан?
Өлең деген бір қазыққа байланып,
Аспанымда жұлдыз жылар, ай налып.
Мың қамалдан қалың шерді кім ұғар?
Бұл қоғамда сана – дімкәс, ой – ғаріп.
Шемен шердің шырмауына шырмалып,
Көкіректі қалың қатпар мұң қарып.
Мендік көңіл мият таппай қоғамнан –
Адамдарға жүр налып.
Жазмышымды жазып жүрген пендемін,
(Шарана боп жатқанда да шерлі едім.)
Долы күннің дауылындай неліктен
Тәңірімнің салып берген өрнегі?..
* * *
Қасірет мәңгіге жалғасады...
(С) Винсент ван Гок
Егер сен біреуді сүйіп, ал ол сені сүймесе қасірет.
(С)Карл Маркс
Жан дүниеме қасиет боп кірсе мұң,
Ұлы өлеңге айнала ма шын шерім?
Қасіретің картина боп тұр ұлы,
Қасиетің шығар бәлкім бұл сенің?
Кезіп жүріп өлең дейтін майданды,
Көкірегімді қалың қатпар қайғы алды.
Мөлдір жасым ақ қағазға тамды да,
Қасіретім қара өлеңге айналды.
Толған қайғы, қасірет һәм мұң ғалам,
Мұң ғаламда бақытымды бұлдағам.
Тағдырымды түсінбедің неліктен?
Бар мұңымды сезіне алды қылқалам.
Бұл күндері бейбақ жанға жақын кім?
Тас темірдей мығым едім, уатылдым.
Арда мұңын ардақтайды ақ қағаз,
Бар қадірі кетіп қалған ақынның.
Тымық түнде ай бетімді аймалап,
Өзің жайлы, сезім жайлы ойланам.
Сендік жүрек қасіретімді ұққанда –
Қара өлеңім шын шаһқарға айналар...