* * *
Қарашы, тал бүрледі,
тал бүрледі ,
Көбелектер бақытты әр гүлдегі!
Қай көктемде кездестік сен екеуіміз,
Қай көктемде шығарып салдың мені?..
Қарашы, көк өрледі,
көк өрледі,
Бір махаббат оянды-ау тереңдегі.
Мені сенен қай көктем алыстатты,
Қайсы көктем әкетті сенен мені?!
Тыңдашы, қаздың үні
бұлбұл әні,
Бұлбұлдың салған әні «кім кінәлі».
Көз ішіне бір тамшы тұнып қалды,
Көз ұшында бір арман бұлдырады…
Қарашы, жаңбыр жауды,
Жаңбыр…Жаңбыр,
Мен де жалғыз тамшымын қаңғырған бір...
Тас сияқты мелшиіп мыңқ етпейтін,
Не деген тағдырлар бұл?!
* * *
Маусымдар көшеді,
ізім өледі...
Өрнек қып салып кетеді жүзіме нені?!
Жапырақ жауып жатады жан алғыш сынды,
Көшелер күңіренеді!..
Жапырақ жауып, толады жолдар ағынға,
Боздатып тұрып ән салар боз дарағың да.
Күңіреніп тұрған көшеден күңіреніп жылап,
Мейірім іздеп қаңғырған мен ғанамын ба?!
Батып та көрдім тұңғиық тереңге шыдап,
Жарқ етіп қашан жағылар әлемге шырақ?
Боз дарақтың түбіне маңайламашы,
Басыңа түсіп кетпесін әнеееу жапырақ!..
* * *
Күз.
Ақмешіт.
Суық жел аймалаған.
Қайыр сұрап қаңғырдым қайманадан…
Ауылдан алыс кетіп сені таптым,
ал қазір сенен кеттім…
қайда барам ?
Көз жасымды көл етіп түнде небір ,
жұбануға сөз таппай тілге жеңіл.
Түзге айналып барады қайран көңіл,
Күзге айналып барады сүрген өмір …
Жүрегімде қалғаны сөрмен кектің,
Арасында адасып жер мен көктің.
Ешкімді аңсамадым,
содан кейін –
ешқайда апармайтын жолмен кеттім…
Күз.
Ақмешіт.
Қараша.
Қабарған ай.
Қабырғамды сөкпеші
O, жалған-ай!
Сапарға жалғыз шыққан жолаушы едім,
Мен енді оралмаймын
солай… солай!..
* * *
Сүйгеніме әдемі гүл алмағаным секілді,
өзімді-өзім өтірік жиі алдағаным секілді,
Алматы қатты ұнағанымен, тұра алмағаным секілді –
өмір екен бұл!
Ауылым түгіл анаммен қоштаспағаным секілді,
қолын созғанның бәрімен достаспағаным секілді,
зұлымды көріп, тіліне шоқ баспағаным секілді –
өмір екен бұл!
Аяғым көктен аяусыз құлағаным секілді,
ешкім түсінбес қазіргі мына хәлім секілді,
жалғыз отырып езіліп жылағаным секілді –
өмір екен бұл!..