* * *
Көбелегім,
Ақ қанат көбелегім,
Күн күйдірген қанатыңды қорғалап,
Жанарыңнан жассыз моншақ сорғалап
Дәруіштей дәрмен таппай жалғаннан
Қорқасың ба, сенде жалғыз қалғаннан?
Мен сияқты.
Көбелегім,
Ақ қанат Көбелегім,
Мейірімінен дәметіп жат қаланың,
Шырқай алмай өтерміз ақпан әнін.
Көктемді ерте кетейін күте тұршы
Менде сендей Көкке ертең аттанамын.
Көбелегім,
Ақ қанат Көбелегім.
Құйттай денең қалшылдап діріліңнен,
Күйредім мен ең соңғы күбіріңнен.
Шыр айнала бересің Жермен бірге
Мен жоғалам, сен өлген күні мүлдем.
Көбелегім,
Ақ қанат Көбелегім.
Білмей далмын өзіме не керегін?
Көз ұшынан алыстап кете бардың
Жанымда қалмайсың сен неге менің?
Ақ қанат Көбелегім…
Imagine…
Жәй ғана елестетіңіз:
Әуендер егерде қанатты құс болса,
Таппайды тыным кеудеден ұшқанша.
Қақ жарып жүрегін көкпеңбек аспанның
Әуелей ұшады бір ұлы Музыка.
Не деп тіл қата алам?
Ғасырдың көз жасы төгіліп нотадан,
Сонда ол не айтты, біз оны
Түсіне алдық па, о, тоба?!
Құрғатып қайтеміз моншағын жанардың?!
Қолды бір сілте де бәріне,
Оданша:
Даланы боздатып,
Қаланы шулатып,
Гүлдерді жылатып
Жалғыздығымызды құшақтап
билейік Леннонның әніне.
Соңында:
Бітерін білсек те бәрінің,
Билейік шыққанша құмардан.
Жұпарын шашайық сағыныш жапырағының
Күнәларыммен суарған...
* * *
Иә,
Менің көзімнің жасына малшынған тамыздың түні
Жұлдызын жоқтады сөнген.
Жанымның ең нәзік жарықшақтарында
Гүлдердің рухы бар өлген.
Сен,
көзімдегі өмірдің жүрегін көрсең соққан,
Ернімде – ерте үзілген гүлдің демі.
Аспаннан ең жарық жұлдызды көрсең аққан
Есіңе ал мені.
Мен,
саған хат жазып жолдармын нұрымен Айдың,
Аударып тіліне Түннің.
Сен өз Жүрегіңнің жұлдызын өшіріп алғаныңды
Өте кеш білдің...
Өкінішті…
* * *
Сен тағдырға сенесің,
Ал мен саған,
Жүрегінде өртенер өртенсе адам,
Жұпарыңды бақилық сезіне алмай
Бәлкім, сені болармын ерте аңсаған.
Сен сенесің Құдайға,
Ал мен кімге
сенерімді білмеймін
өлгенім бе?..
Жүрегіме бағыштап түймедақты
Қойып кет те...ешқашан келме мүлде.
Сосын менде қоярмын жылауды іштей,
Мәңгі сенің көгіңнен тұрам түспей
Рухым ғазиз деміңмен тыныстасын
Үш қайтара оқи сал дұғаңды іштей.
Сен тағдырға сенесің,
Мен тамшыға,
Тамшыда да мүмкін тағдыр бар шығар
Алматының жаңбырына кеудеңді
тосып тұрып
Жүрегіңді аршып ал...
Бастайды ылғи неліктен жолдар саған,
Жалғыздықты тағы да мен қарсы алам.
Өртеніп-ақ кетер ем...әттең бірақ
Сен тағдырға сенесің,
Ал мен саған.
Көктемімді тым ерте көкседім бе?
(Кім жаназа оқиды өлсе гүлге?)
Тағдыр жайлы айтпашы, өтінемін
мен Құдайға ғашықпын
Ал сен кімге?..
Cappuccino
Ақпан айы.
Кофехана.
Кітаптар.
Мынау қала қас-қабағын ашты әрең,
Менің көзім – жауабы бар сұрақтар
Ал сенің ше?
Жанарыңда басқа әлем.
Жүрегіңе біреу сызат салды ма?
Тым тұнықсың,
Тым тереңсің,
Тұңғиық.
Мынау ащы капучино орнына
О, даяшы, берші бізге жыр құйып.
Сөредегі ашылмаған кітаптар –
Оқылмаған сырымдай
Кермек дәмі бір стакан кофенің
Менің ащы мұңымдай.
Уды тек мен умен ғана қайтарам
Кофехана-мұңлықтардың мекені
Бар қайғымды ішке жинап қайтадан
Сарқып іштім соңғы стакан кофені.
Ащы болса да…
Көz
Талыққан қолдар,
Жалыққан жолдар,
Шаршаған арман,
Кеудемде - үмітім тонған
Көзімде - өмірім солған
Ең соңғы шырағын өшіріп Жүректің тұрғанда
Жолықтың қайдан?
Айтшы бір байлам.
Жазықсыз сезім,
Сыздаған сөзім,
Алқымды жұлмалап үнсіз
Аңсағанымды,
Жан самалымды,
Жеткізер сөздер де құнсыз.
Мөлдір жанарың,
Еріп барамын
Сенің көздерің – мінсіз.
Үміттің шоғын,
Өшірді қолым,
Ең асқақ сезім үшін
Сынған қанатым,
Құрбан болатын
Бір сенің Көзің үшін…