ҮШЕУДЕН КЕЛГЕН ХАТ

 Ақбота Рауанқызы  

                                                       Жәнібек Бердімұрат                                           

Аягүл Боранбай

 

ҮШЕУДЕН КЕЛГЕН ХАТ

Жақында электронды почтама Ақбота Рауанқызы, Жәнібек Бердімұрат және Аягүл Боранбай деген Көкшетау қаласында оқитын студент жастардың бірлескен автор ретінде жазылған бір топ шығармасы түсті. Пікіріңізді білдіріп, прозамызға бір-екі ауыз лебізіңізді, ойыңызды қалдырсаңыз деген өтініштері және бар. Сын мен мін іздемей, барынша ілтипатпен ерінбей оқып шықтым. Жастардың тауы шағылмасын деген ниет тағы бар. Оқып отырып талаптарына тәнті болдым. Қолына қалам алып, әдебиет айдынына қайығын салған кейбір жас талаптың желкеніне жел, ескегіне дем болсын деп, ара-кідік пікір білдіріп, шығармашылық тұрғысында ой бөлісіп, жазған-сызғанын шолып отыратын әдетті тағы бір қайталап, қаламгерлердің туындыларын зер сала қарап шықтым.

 Бірлескен авторлардың  шығармаларының дені махаббат тақырыбында. Алдымен бірлескен авторлар жайлы әңгімеге ат басын бұрсақ. Бұл үрдіс тарих беттерінде жиі кезігеді. Мысалы: М.Әуезовтің «Ақан-Зайра» драмасы Сәбит Мұқановпен шығармашылық ынтымақтастықта (соавтор) жазылуы,  Тұманбай Молдағалиевтің «Елім менің» әнінің сөзі Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге аталды. «Нұрекең мен Тұмекең... өлеңнің авторы кім екен?» - деген сөз мәтелге айналып, ел ішін кезгелі қашан?!  Әйгілі фотошежіреші Блехман жайлы «Қымбат қазына» деген атпен көлемді очеркті  Ғ.Мүсірепов пен С.Досанов бірлесе жазғаны да еске түсіп отыр. Айта берсек ұзын сонар тізбек жалғаса береді. Сондықтан жастардың бет алысына, бағытына ризашылықпен қарайды екенсің.

          Кез-келген адам – сезім арқылы бір-бірімен тағдыр жолында табысып жатады. Әлемдік тартылыстың ең ұлы күші махаббат екенін сөзсіз мойындайсың. Бірақ сол ғажап жан тебіреністі барлық адам жалпақ жұртқа жайып салып, қарап отырса еш құны қалмас та еді. Жүрек түкпірінде сақталып, сыр болып қатталып қалғанымен де бағалы болар, бәлкім. Ал, ынтымақтастықпен, бір-бірінің жанын ұға, жарыса жазған жастардың жастық максимализмі еш нәрсені жасырмай, оқырманға таза жүректерін ұсынып отыр. Кіршіксіз сүйіспеншілік, табыла бермейтін адал махаббат, адам құндылығы факторларын алға шығарған, төмендегі қос шығармада да авторлардың бет бейнесі, дүниеге көзқарасын, жан әлемдерінің таза екенін оңай аңғардым. Тәжірбие мен жазу стильдері толық қалыптаспаса да, ішкі бұлқыныс пен жазарман құлшынысқа таңдандым.

          “Өлмейтін гүлдер» шығармаларында: “Менің тұлғамда екі жан өмір сүреді. Біреуі – ерке, ұяң, тым ұялшақ қыз, екіншісі – өте көңілді, жарқын мінезді, тым қарапайым қыз” - деген жан тебіреністері еріксіз толқытады. Адамдық болмыстары көркем шығармамен астасып жатқанын тағы бір байқағандай болдым. Екі шығарма да жастыққа тән, талай адамның басынан өткен құбылыстармен сәйкестігі ашық көрінеді. Тілі жеңіл, баяндау тәсілі арқылы жеткізген ойлары анық. Проза сүйер әр оқырманға оқуға кеңес беремін және қазақ әдебиетінде қолтаңбалары қалатын үш болашақ ірі жазушыларға  ақ жол тілеймін.  Аталған шығармадағы басты кейіпкер Асылан мен Батырхан образдары талай нәзікжандының ішінде өмір сүргенін, әлі де сүріп жатқанын сөзссіз сеземін.

Мерей Қарт,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

 

 

ӨЛМЕЙТІН ГҮЛДЕР

Махаббат – жанымызды тыныштандыратын Құдайдың тілі.

Ребе

-Сəлем, Асылым, қалың қалай?

-Сəлем, жақсымын, кешірші, асығып барамын, кейін сөйлесерміз... Менің күнде еститін диалогым мен күнде айта беріп, жаттап алған сөздерім. Менің тұлғамда екі жан өмір сүреді. Біреуі - ерке, ұяң, тым ұялшақ қыз, екіншісі - өте көңілді, жарқын мінезді, тым қарапайым қыз. Театрдағы қойылымдардай кейде рөлдерімді алмастырып отырамын. Дегенмен, сол бір бала тағы да “Сəлем,Асылым” деп қалса, жүзімдегі екі бетім қызыл түске боялып, дауысым да өзгеріп, өзге жанға айналып кететіндігім бар. Бұл құбылысты жан-дүнием түсінбей көп уақыт бойы алаңсыз жүргенім əлі есімде. Дəл осылай ұялып, екі бетім қызарып, асығып барамын деп өтірік соғып сол бір орта бойлы, қара шашты, сымбатты келген, сүйкімді реңкті баладан қашып, ұялып жүретінмін. Менің ұялшақтығымның кесірінен екеуміздің əңгімеміз хал-жағдай сұрасудан ары қарай жалғаспайтын да еді. Дегенмен, үнсіз ғана оған сырттай тамсанып тұра беретінмін. Махаббат поэзиясындағы, менің бойжеткен шағымдағы “үнсіз сүю” символының ескерткіші дəл осылай қаланды. Расымен, маған əрқашан оның маған қарағаны, сөйлегені немесе жанымда болғандығы маңызды болмады. Ең бастысы, оның бақытты жүзің, қуанышты сəттерің, кейде ашуланып, ерегесіп қалатын түсініксіз күйінің баршасын сырттай бақылап, сүйсініп, тамсанып тұрудың өзі менің кішкентай жүрегімді бақытты күйге жетелейтін еді. Дегенмен, қай күні болмасын, мектеп қабырғасында сол сүйкімді баламен кезігіп қаларымды жүрегім сезіп жүрді. Дəл сол күнді қаламасам да, іштей жүрегім қызық күйге бөленді. Бейне бір ертегідегі қиялдан туған кейіпкердей. Мектеп мен үшін əрдайым қызу өмірдің, шым-шытырық күндердің толағай туындысындай болды. Мен сырттай жақсы көріп жүрген адамның алдында ұялып, көзімді əрқашан төмен ұстап, шиедей қызарыңқырап жүргенім болмаса , мен мектептегі ең үздік, əрі озат оқушы қыздардың бірі болдым. Концерттерге де жүргізуші болып көргенім бар, кейде сыбдыры естілмейтін дауысымды ырғақты əуенге қосып əн айтатын едім. Дəл осы қасиетім мені сол жанмен қосты. Қызық болса, аздап еркелеп, ғашықтықтың балындай, тəтті махаббатымның алғашқы кезеңің сізбен бөлісейін.

Мектептегі асханадан түскі асымды ішіп, қоңырау болған соң, сыныпқа қарай күлімдеп кетіп бара жатқан едім, сол мезетте “-Сəлем, Асылым” деген дауысты естідім. Өзгелердің дауысы тұрмақ, түрің, немесе есімдерің жаттай алмай жүретін қыз, дəл осы дауысты қай жерде болмасын танып қалатындығыма таң қалдым, мен ұғынбайтын, түсінбейтін, беймəлім сырға толы осы сезімді əлденеше рет сезінсем де, сезімімнің сұрағына жауап таппадым. Осы жолы ол тек “сəлем” деп қана қоймай, “ Асылым, тағы асығып бара жатқан шығарсың, бірақ ұстазым екеуміздің вокалымызды қосып дуэт жазсын деп сұрады, менімен жұп болуға қалай қарайсың?” ,- деді де жымия салды. Ал менің жүрегімнің дүрсілі 2 есе ғана емес, 200 есе тез соғып кеткендей көрінді, аздап үндемей тұрған соң “Жақсы, тек қана дуэтте жұп болсақ болайық” деген сөз ауызымнан қалай шығып кеткенің аңғармайда қалыппын, расымен жұп болуға ұсыныс жасаған адамдай, неге сонша өзіншелік танытып, əдемі жауап айта алмадым деп ішімнен өзіме ұрсып тұрмын. Неге екенін білмеймін, бірақ ол мен айтқан сөздің бəріне жай ғана жымиып тұра беретін. Ал мен ол жымиған сайын оған қарап тұра бергім келетін еді. Екеуміз 2-3 минут көлемінде бір- бірімізге күлімдеп, күлімдеп сабағымызға кеттік. Сыныпқа кірген соң, қоңыраудың тез болғанын армандап кеттім, кейде осындай кезде уақыттың өзі өтпей қалады. Сабақ бойы езуіме күлкі жиылып, есуас адамдай өміріме мəз болып отырдым. Ал, ол болса мені сабақтан кейін күтіп аламын деп уəде еткен болатын. Геометрия сабағының 40 минуты маған енді 40 ғасырдай көрінейін деп тұрғанда, қоңыраудың дыбысы естілді де 40 ғасырға татымай қалды.Сыныптан шығып, киімімді алып, мектептен шықсам ол мені күтіп тұр екен. Күннің көзінің өзі оған ғана арналып төгіліп тұрғандай, бейне күннің шуағындай. Көзінің коңырлығы күнмен таласып, өзгеше түске боялып тұр. Жанына жақындадымда, вокалға қарай екеуміз үндемей кете бардық. Жол бойы үнсіз келе жатқанымыз жақсы ма, жаман ба білмедім, бірақ, мен оның жанында өзімді бақыттырақ сезіндім. Вокзалға барар жол тым қысқа болғанымен, маған ұзақ даңғыл, ұлы жолдай көрінді. Ол өте сыпайы ер азаматтың көрінісін көрсетіп жолда мені өткізіп, есіктің тұтқасын маған ашып, байқап жүруімді қадағалап жүретін. Оның мен білмейтін əлі де қанша қырлары бар екенін білу мен үшін үлкен құпияның кілтін ашқандай сезімге бөледі. Дəл осы күннен бастап, екеуміз жақсы араласа бастадық, ол менің нөмірімді алып, интернет желісінде де сөйлесетін едік. Тəтті күндер одан сайын тəттірек бола түскендей менің жанарыма шуақтай жылулық, жүрегіме теңіздей тулаған сезім нəрін сыйлады. Достық сезім, сырттай сүйсіну - адами фактордың қысқаша көрінісі, демек, маған да жарасар қылық болады деп ойладым. Мектеп қабырғасындағы екеуміздің достық қарым-қатынасымыз дəл осылай басталған еді. Мен сырттай сүйсініп жүрген ер баланың есімі – Аслан болатын.

Мектептегі соңғы жыл көзді ашып жұмғандай, жылдам өте шықты. Тоқсандық бақылау, бестік бағалар, оқудан құтыламын деген балалық ой мені бір шетінен қуантса да, екінші жағынан көңілімді ала бұлт қаптағандай болды. Өйткені, Асланды күнде көру, онымен бірге вокалға дейінгі жолда үнсіз бару, үнсіз жымию, үнсіз қоштасу бəрі де дəл осы мектеп қабырғасында қалып қоярдай, сағыныштай көңілімді басты. Алай-дүлей сезімімді өзгелерге де, оған да білдірмей жүрсем де, сырымды ұғар жан табылар деп өзімді жұбаттым. Əрине, Аслан екеуміз жақсы дос бола білдік, жақсы дуэт құра білдік, бірақ жақын дос бізден шықпады. Менің ойымша, əрбір адамның басынан өтетін ең тəтті махаббат бізде де дəл осы мерзімде болды деп ойлаймын. Қысылу, жақсы көретін адамынның көздеріне тіке қарай алмау, кейде алақандарымның өзі терлеп кететін еді, ал жүрегім кейде баяу, кейде тым қатты соғатындай беймаза күйге енгізетін. Аслан мылжың сөзден аулақ, арзан сөзден ада, мағынасыз бос сөйлеу беруден өз бойын алшақ ұстайтын. Сол себепті де шығар, екеуміз өмірде тек байыпты əңгіме айтып, вокалда тек əріптес ретінде əнді талқылайтынбыз, интернет байланысында да аса қатты сөйлескен емеспіз. 4 тоқсанның соңы да таяды, ал бұл біздің мектеп бітіруіміздің кеші жақындады деген сөз. Барлық қыздар мектеп бітіреміз деп қуанып жүргенде, сыныптағы бұл жайтқа мəз емес жалғыз қыз мен болдым. Күндер өтті, уақыт өтті, ең соңғы мектептегі күн де жетті. Дəл осы күні мен үлкен қадамды, тіпті болсын мен естігім келер сөздерді күттім, бірақ, оның ешбірі болмады... Аслан екеуіміз бірге дуэт болып əн орындадық, бұл менің мектеп қабырғасындағы ең соңғы айтылған əнім болды. Естелікке сыныптастармен суретке түскен соң, мен бірден үйге қарай бет алып, кетіп қалдым. Өзіме де, оған да ашулы кейіп танытып күні бойы жүрдім. Жындандым, долдандым, ашуландым, қырсықтым, кейін ұзақ ойланып отырып, түйін түйдім. Адамды жақсы көру ол тек адамның өзінің сезімі, жүрегінің қалауы, ешкім мені күштеп оған ғашық қылмады, ешбір жан келіп “сен оны жақсы көруге тиіссің” деп айтпады, демек мен не үшін өзгелерге ренжуім керек, бұл менің өзімнің таңдауым деп ойлап, тағы да терең ойға баттым. Шынымен, ғашық болған соң, дəл сол сезімді біз ғашық болған адамнан да күтеміз, кері ғашық болу байланысының жалғасы секілді дерсің. Өзімде бар сезімді одан талап ету - эгоизмнің бір түрі емес пе?! Демек, мен тек эгоист ретінде ғана жақсы көруді сезіне алмай тұрсам, онда бұны ешқандай махаббат деп атауға келмес. Осы күннен бастап, мен өзімнің сырымды, өзімнің сезімімді ешкімге айтпай, жүрегімде сақтап жүруді қаладым. Бірақ, ол кездері Асланның да мені жақсы көретіндігін сезбей жүріппін. Осылай өзіммен-өзім сөйлесіп отырғанда, телефоныма хабарлама келді, хабарламаның иесі Аслан: «Асылым, бағана сені таппадым, үйіне кетіп қалыпсың, бəрі жақсы ма? Мектептегі досыммен қоштаса алмай қалдым. Енді, қай оқу орнына түсесің? Мүмкін, жолымыз бір шығар?». Осы смсті оқыған мен тағы да не жауап жазарымды білмей, ұзақ ойландым. Мектепте əдебиет пəнің сүйіп оқыған мен, əрдайым филолог болуды армандайтынмын. Үлкен қалаға оқуға түсу мен үшін арман еді. Үлкендердің қарсылығымен, алысқа бармай- ақ Көкшетау қаласына оқуға түсесің деген шешім шығарды, мен де тəрбиелі қыз болғандықтан, қарсылық танытпай келісе кеттім. Ешкімнен хабарлама күтпесем де, Асланнан əрдайым хабарлама күтіп отыратын едім. Кейін, ол хабарламаға жауап жазғанша қиналып бітетінмін. Қолым да дірілдеп, езуім екі елі болып, мəз-мейрам болып телефоныма қарап отыратынмын. Кейін, Асланға мен де жауап жаздым. «Аслан, бағана асығып кеттім, сенімен қоштасуға ұмытып кетіппін. Мен Көкшетауда қаламын. Осында оқуға түсемін, ал сен?». “Ал сен?” деген сұраққа мен тек бір ғана жауап күттім, өйткені, оның да менімен бір қалада жүргенін қаладым. Өмірдің қызығы ма, осы сұрақтан кейін ол интернеттен шығып кетті, жауабын түні бойы күтіп отырдым, таңертең тағы да ашып қарадым, əлі де жауап берілмеген, кейін бағанағы ашуыма басып, қайтадан ашуланып қалдым, іштей оған ренжіпте алдым, қыз баласы өзі сондай қызық жандар ғой, ренжімейтін затқа да ренжіп, қуансақ қуанып та аламыз. Күні бойы экзаменға дайындалып болған соң, телефонымды ашып едім, мен күткен хабарламам келді, ал ол жерде былай жазылған еді: « Асылым, тым кеш жауап беріп жүргенім үшін кешір, уақытым болмай қалды, мен де сен сияқты осы қалада оқуымды жалғастырамын, əншілік қырымды дамытатын боламын. Қарсы болмасаң, ары қарай араласып тұрайық?». Осы бір сөздер мені қаншалықты бақытты күйге бөлегенің білсеңіз ғой. Мен, əрине, деп бірден келісе кеттім. Дəл сол күннен бастап біз интернетте жақсы тіл табысып кеттік, ол əрқашан менің хал-жайдайымды, көңіл-күйімді сұрап жүретін, менің сырласым бола білді. Дегенмен, бірнеше уақыт өтер, өтпес Аслан екеуміздің арамыз суып, мүлдем сөйлеспей кеттік. Кейін, мен де Асланды ұмыта бастадым. Интернет желісінде де, өмірде де екеуміз көріспедік, сөйлеспедік. Дəл осы кезден бастап мен басқа ер баламен сөйлесе бастадым, сырластым, дос болдым, ол дəл Асландай болмаса да,  менің көңілімнің шексіз тұңғиығының бар сырын аша білетін. Бірақ, ішімдегі көбелектер дəл Асланмен сөйлескендегідей ұшып, аласұрмайтын еді. Достарыммен кездескенде олар маған Асланның да басқа бойжеткенмен сөйлесіп жүргендерің айтты. Аса қатты мəн бермегендей кейіп танытып, ол туралы да ұмытып кеттім. Дəл осылай, Аслан екеуіміз бірнеше айға бір-бірімізден алшақтап,алыстаған соң, əркім өз жолымен кетті. Көктемнің арайлап атқан таңың қарсы алып, ұйқыдан тұра сала мəз болып инстаграм желісіне кірген едім, денеме біреу мұздай су шашып жібергендей күй кештім. Менің жүрегім мен миым, ойым, жан-дүнием бар жайтты қабылдамай, алаңсыз күйге енді. Алғашқы минуттар бойы мен үнсіздікпен дос болдым. Асланның ауыр дертке шалдыққанын «интересные» деп аталатын жерден көрген соң,мен бірден Асланмен тілдескім келді. Сол себепті, өзімнің мінезімді, ойымды жинақтап, кеш тамамдағанда Асланға хабарлама жібердім. Барынша жылы сөздермен оның көңілін аулағым келді. Оның көңіл-күйің, өзің қалай сезініп тұрғандығын, денсаулығы жайлы сұрай бастадым, бірақ ол менің хабарламама тым баяу жауап берген еді. Аслан өзінің ауыртпалығы жайлы сөз қозғауды ұнатпайтын, өзінің қиыншылықтарын да бізбен бөліскенді қаламайтын еді. Дəл солай менің де хабарламаларыма “бəрі жақсы” деп жауап берді. Əрине, мен оның жан- дүниесін сол кезде түсіндім, оның не сезіп тұрғандығын өзімше сезіндім. Алғашқы күндері ол ешкіммен араласқысы келмеді, сөйлесуге көңілі болмады, əлемнен алшақтағысы келді. Оған бұл əлем тоқтап қалғандай еді, күннің жарығы да, түнде жарқыраған айдың да əдемілігі де бос қалғандай. Аслан үшін мен барымды беруге даяр болдым. Тек оның сол аурудан айығып кеткендігін қаладым. Аталған күннен бастап мен өзімді моральдық тұрғыда тек жақсылыққа даярлап, мықтырақ, əрі өжеттірек болуға талпындым. Асланның жауап бермейтіндігін сезіп, интернет желісінде ешбір қол-ұшымды бере алмайтындығымды аңғарғаннан кейін мен оны тыныштықта қалдыруды жөн көрдім. Бірақ, жүрегім ол тыныштықты қаламады. Күндерді артқа тастап, мен бірден ең жақын құрбыларыма мəн-жайды айтып, біз үшеуіміз Асланның ауылына бардық. Асланның жанұясы бізді жылы қарсы алды. Ата-анасы, отбасы жылы шырайлы, қарапайым адамдар. Сырттай жанұясының беріктігіне, ұйымшылдығына, олардың бірліктеріне қарап тамсандым. Менің жүрегім тағы да беймаза күйге еніп, қаттырақ соғуды бастады, қобалжығаным соншалық алақандарымның өзі терлеп, не айтамын, не деймін деген ойлар мазалап кетті.. Алғашында Аслан да сөйлесе алмай, ұялып отырды. Кейін, бір- бірімізге бауыр басып кеттік. Ол өзінің барлық іштегі сезімтал сырларының баршасын маған айтып, өз ойымен, өзінің көңіліңдегі мұңымен, ойымен бөлісті. Оның маған деген сенімі мені бақытты күйге бөледі. Дəл осылай менің махаббатмның басты кейіпкері екеуіміз тым жақынырақ танысқан болатынбыз.Аслан өте иманды жігіт еді, оның барлық əңгімесі діни тұрғыда сауатты əрі Жаратқанға деген сенімі мен ықыласы, іштей тілеген сауапты тілектерінің баршасы мені өзіне ғашық қыла түсті. Асланды білген əрбір адам оның тұлғалық мінезіне, кіршіксіз таза абыройына, сəбидей пəк көңіліне, əр адамға деген құрметті пікірі мен көңіліне ерекше бас иетін шығар деймін. Аслан маған өмірдің барлық сырын ашып берген ең жарық жұлдыз. Біз кездескен күннен бастап екеуміз əрдайым вконтакт желісінде күнде сөйлестік. Мен əр минутымды оған бөлуге тырыстым. Əртүрлі ярмаркалар жасап, қолымнан келгенше оған көмек қолымды созғым келді. Өйткені, мен бар жан-жүрегіммен, ықыласыммен дертті жеңіп шығатынына сенгім келді. сенімді болдым.... Əр түн сайын Алладан Асланымның тезірек жазылып кетуін тіледім. Осылай күндерден соң күндер өтті, түндерден соң таңдар атып жүрді. Дəл осындай күндердің бір күніңде екеуіміз интернет желісінде сөйлесіп отырғанда, Аслан өзің мүлде өзгеше ұстап, тым сүйкімді, əрі өте əдемі сөздер жаза бастады, оның əр сөзі əлі де менің есімде, мен ол сөздерді ешқашан жүрегімнен шығармаймын, қазынаның кілтің құлыптағандай, ол айтқан əрбір сөзді жүрегімде құлыптап қоямын деп өзіме серт бердім.Біраз уақыттан соң Аслан маған өмірімде мен оқыған ең тəтті хабарламаны жіберді, ал ол жерде былай жазылған еді:

“Асылым, менің өмірімде барың үшін саған зор алғысымды білдіремін. Сенің барың мені əрқашан бақытты күйге жетелейді. Осы күнге дейін батылым жетпей, айта алмай жүрген сөздерімді бүгін айтуға шешім қабылдадым. Мен сені риясыз жақсы көремін! Менімен жұп болуға келісе аласың ба? Сенде мені жақсы көре аласың ба?” . Мен үшін бұл күн ең бақытты күн болды. Өзің сүйген адамыңнан осындай сүйікті сөз есту қандай бақыт! Ойланбастан, жүрегімнің лүпілінің соғысынан да тездетіп мен өз жауабымды айттым. Сол кездегі жауабыма əлі күнге дейін өкінбеймін, өйткені мен ең бақытты бойжеткеннің бірі болдым. Аслан менің кіршіксіз таза, пəк махаббатымның ең басты кейіпкері болды. Ол маған махаббаттың, сезімнің не екенін ұқтырды, сүйе білуді жəне сүйікті бола білуді үйретті. Махаббаттың қай түрі болсын адамды мейірімділікке, ізгілікке, жақсылыққа тəрбиелейді. Аслан менің дəл сондай махаббатымның жарық жұлдызы еді...

Біз жүрегім екеуміз сегіз ай бойы ғашықтар ретінде қол ұстасып жүрдік, оның əр сөзі мені баурап, өзіне əрдайым ғашық қылатын, кейде еркелеп əн айтып беруін өтінетінмін, сол дауыс əлі де менің жадымда сақталды. Бірде көзді ашым жұмғанша алты ай уақытымыз зымырап өтіп кетті, ол кездері ол өз үйіңде жүрген еді, ал сол күні екеуміздің қыз бен жігіт ретінде дос болғанымызға тура алты ай толған болатын, мен көп мазаламайын деп, оған бұл мерекені аса қатты айта қоймадым, кенеттен қоңырау дыбысы естіліп, менің жігітім (күліп қойып) мені кешкі асқа шақырды, бұл менің ең қызықты, тəтті естелігім. Ең сағынатын естелігімнің де бірі осы күн.  Шақыруды естігеннен кейін мен бірден дайындала бастадым, əдемі болуды, көркем көрінуді қаладым. Кейін шағын кофехана келдім, ал сол жерде мені махаббатым күтіп тұрды. Ол мен үшін əлемдегі ең сымбатты ер адам. Маған қараған көзқарасы да сондай ерекше, мəңгілікке дəл сол көздерге қараумен өткім келетіндей, жадымда сырлы арманым болды. Асландай адамның жанымда болғаны үшін мен дəл сол сəтте риясыз қуандым. Орыстардың сөзінше «свиданиямыз» керемет өтіп жатты. Ерніме далап жағайын деп мəз болып айна жаққа кетіп, қайтар жолда үстелімізге қарасам. Аслан жоқ, уайымдап далаға шыққаным сол еді, қолында гүлі бар менің жүрегім жерде ессіз жатыр...

Аурухананың аппақ тақталары, аппақ халат, үнсіз күй. Уайым, қорқыныш деген зұлымдар жанымды жегідей жеді. Кеудесіне басымды қойып, бəрін ұмыта бастап едім, кенет жүрегінен соғысты естімедім, дəл осы кезде менен мəңгілікке кетіп қалды, жүрегімнің жартысын өзімен бірге жұлып алып кетті, «сені жақсы көремін, Асылым» деген сөзді естімей қалдым, мəңгілікке періште кейпіне енді, жүрек дүрсілі тоқтады.... Жанарымнан жас тамып, өзіңді сағынамын, сенің əр сөзіңді, маған махаббатпен қарайтын көзқарасыңды, жымиып қана тұратын дидарыңды, иманы мен парасаты бар ақылыңды, жылы жүзіңді, өзіңді сағындым! Бұл жаханда өмірдің не екенін ұқтырғаның үшін, бір адам мен қатар бар əлемді сүю білуді үйреткенің үшін, жүрегімде махаббат деген ұғымды қалдырғаның үшін, мені құлай сүйгенің үшін өзіне шексіз, риясыз рахмет! Менің кіршіксіз, таза, пəк махаббатым! Сыйлаған келген гүл шоқтарың əлі де менің бөлмемде. Ол гүлдер ешқашан өлмейді!....

 

ГҮЛДЕМЕЙ ӨТКЕН КӨКТЕМДЕР

                                                       Ғашық жүрек қарттығына көнер ме?

                                                                                          Мұхтар Шаханов

Аурухана дәлізіндегі үшінші күн де өз мәресіне жетті.Соқыршекпен ауруханаға түсемін деп мүлде ойламаған едім,бұл сәттің мақта маусымында болғанын қарашы! Кеш шамасында дәліздегі телелдидарды қарауға шықтым (ауруханадағы жалпыға берілген жалғыз телелдидар) Теледидар қарап отырғаным сол еді,көрші бөлмеден ұзын бойлы,қасы-көзі қою қара,сымбатты жігіт шыға келді. Бір қараған көзқарасы менің жас бала жүрегіме садақтың жебесіндей дөп тиді. Оның бөлмесінен шығып,дәліздің соңындағы мейірбикенің бөлмесіне дейінгі жолы маған «Шымкент-Алматы» бағытындағы поезд жолының арақашықтығы секілді ұзақ болып көрінді. Бірақ, бұл оқиға жәй ғана 2 секундта өтіп кеткен екені болмаса, ұзақ уақыт секілді жадымда сақтап қалдым.

-Умарова Роза құжаттарыңызды алып, үйіңізге қайта беруіңізге болады.

Аурухана есігінен шығып жатқанда, «тағы біраз күн қала тұрсам болушы еді» деп бір күрсіндім де, «әрең шыққан жоқсың ба?» деп жатақханаға қарай жолға шықтым. Бөлмеге кіріп келгенімде, қыздардың мені күтіп алғандағы қуаныштарын көріп, ауырып келгенімді ұмытып кеткендей болдым. Бір-бірімізге деген сағынышымыздың қатты болғаны сонша, таңға дейін әңгімеміздің соңы бітпеді. Таңға жуық  жоғары бөлмеде тұратындар, жылу құбырын қайта-қайта ұрмасы барма. Көңіл-күйіміздің жақсы болып отырғаны болар, бізде кері байланыс жасадық. Шамалыдан соң,тереземіздің түбіне жіпке байланған хаттың келгенін аңғардық. Гүлмира бірден:

«-Қыздар,көгершіннен хабар келді» деп терезедегі хатты алып,оқи түсті:

-Сәлем қыздар! Танысуға қалай қарайсыңдар? Есімдерің кім? Қай факультетте оқисыңдар?

-Сәлем жігіттер! Байқағанымыз бойынша,жұмбақтап сөйлескенді ұнатады екенсіңдер. Жарайды, таныссақ -  танысайық. Өздерің секілді «технология» факультетінде оқимыз. Есімідерімізді сосын біле жатарсыңдар!

Осылай біраз күн сөйлесіп жүрдік. Біз үшін бұлай сөйлесудің түрі қызық болып көрінді, бірінші курсқа жаңа келгенбіз ғой, шытырман оқиғаларды жанымыз сүйеді. Әдетте біз жігіттер қауымымен көп жақындай бермейміз. Ауылдан келгенбіз, бізге ол тақырып жат болып көрінді, не дегенмен «тәрбие» деген ұғым бізбен туылғалы жанымызда. Үлкендердің дастархан басында айтып отыратын әрбір ақылдарын ұтымды пайдалануға тырысып жүрген шағымыз болатын.

Осылай күнде сөйлесіп жүргенбіз,бір күні тағы да терезеге хат келді:

«-Қыздар,сендерге барып шәй ішсек қалай қарайсыңдар?»

Ал,бұл сұрақ бізді кішкене ойландырып қойды.Ойлана келе,келістік.

Сонымен, бөлмемізді ретке келтіріп,қазанда тұрған асымызды дайындадық. Ең қызығы-біз ол жігіттерді бір ретте көрмегенбіз.

Жатақхана дәлізінен жігіттердің күліп келе жатқан дауыстары естілісімен, күтіп отырдық. Есік ашылды және ішке ұзын бойлы төрт жігіт кіріп келді.Бірден көзім көк торлы жиде киген,шашын оң жақ иығына қарай қайырған жігітке түсті. Әлгі аурухана дәлізінде мені  601 км шақырым қашықтыққа дейін алып кеткен жігіт, біздің бөлменің есігінен кіріп келгеніне таңқалғанымды жасыру қиынға соқты. Қолдарына гитара ұстап,бөлменің төріне жайғасты, сонда білдім есімі - Батырхан екен. Солай менің жүрегіме жебе қадаған жігітпен таныстық басталып кетті.

Мақта маусымы басталды. Тағы да,қалып кетпесім барма, қап! Сол уақытта әпкем Баянның құдалығы болып жатқан,мақтадан қалдым ғой,тым болмаса сонда барайын деп ауылға келдім. Кіріп келіп едім әкем бірден

-Қызым мақтаға неге бармағансың?

-Кешігіп қалдым,барсам барлығы кетіп қалыпты.

-Жоға,қалып кеткенің жарамас,жүр жеткізіп тастайын.

Осылайша әкемнің арқасында мақтаға да жетіп алдым. Барлығы мақтадан кешкісін қайтты,топ арасынан Батырханды бірден байқадым. Жаныма келіп:

-Келген екенсің ғой,мен сені ұзақ іздедім, таба алмай қойып едім.

-Мақтаға үлгермей қалдым,әкем жеткізіп салды.

Барлығымыз бірге қайттық та, жол бойы екеуміз сөйлесіп келдік.Жастармыз ғой «дискотека» десе қуанамыз,ал сонымен бидің уақытында Батырхан жаныма келіп, сезімін жеткізді де,суық қолдарымен қолымнан ұстады.Мендегі кері байланыстың орнында, екі бетімнің Алматының алмасындай қып-қызыл болып кеткені,жүректің соғысы бөлек әңгіме. Осылайша,біздің керемет жастық шақтың қызықты күндері басталды.Кездесуге шақырғанда,ол алғаш таныстығымызға себеп болған жылу құбырын ұратын,менде кері қайтара ұрып, екеуміз кездесуге шығатынбыз. Бірде мен оған таңдап жүріп, көк түсті галстук сыйлағаным бар және ол оны тастамай институтқа тағып баратын.

Солай жүргенде талай қызықты кештерді бірге өткіздік.

                                                         

*  *  *

Үшінші курсқа да аяқ бастық. Бұл уақытта әбден есейген шағымыз. Барлығы баяғыша,тек Батырхан ол кезде отбасылы адамға айналған еді.Ата-анасы айтқандарынан қайтпай,ортақ достарының қызына үйлендіріп қойған екен. Бірақ Батырханның маған деген көңілінің орнын ешқандай қыз алмастыра алмағанын,жатақханаға келіп, менің бөлмемнің қасында торуылдап жүруінен байқаған болатынмын. Батырханның жасағанын кешіру мүмкін емес еді, сол уақытта ауылдан әпкем хабарласып, маған бір жігіт құда түсіп  келейін деп жатқанын хабарлап, тез ауылға жетуімді сұрады. Ауылға келіп, жігітті сыртынан көрдім де, «былай сымбатты жігіт сияқты, бірақ менің сезімдерім ше? Жә, Батырхан мені сол кезде ойлаған жоқ қой, жарайды, шықсам-шығайын» дедім де келісім бердім. Бар-жоғы екі айдың ішінде дүркіреп той да өте шықты.

                                                

*  *  *

Бесінші курсты да аяқтадық. Тойлау үшін «Отау» дейтін қаладағы белді мейрамханаға бардық, мейрамхананың сол бетінде біз болсақ, оң жағында қайын сіңілім төртінші курсты тәмамдағандарын тойлап жатты. Кештің ортасында қарсы алдымда тұрған үлкен әйнектен маған қарай сағыныш сезімімен қарап тұрған Батырханның бейнесін байқап, кері бұрылып едім, есіктің жанында тұрғанын көрдім. Бойымды әлдебір сезім билеп алды, көздеріме жиналып қалған жас, мөлдіреп жерге қарай түсе бастады. Оның сол бір сағынышқа толы жанары мендегі барлық өкпе-ренішті ұмыттырғандай болды да, жүрегім қайта сол бір гитара ұстаған жігіт деп соға бастады. Сол сәттің тәттілігіне бөленіп отырғанда:

«-Роза,тұр бізбен билеуге жүр» деп қайын сіңілім биге тартып әкетті.Билеп жатқанымызда  Батырхан жіберген жігіт қайта-қайта ымдап қояр емес. Ішімнен:

 «-Қап,қазір ерке қыз байқап қойса масқарам шығады ғой» деп салқын терге түстім.Солай абыроймен кешті аяқтап,қыздармен жатақханаға қайттық, бөлмеміздің алдынан Батырхан күтіп алып, сөйлесуді сұрады:

- Неге келдің, отбасылы жандармыз,бұлай тұрғанымыз саған да,маған да сын болады, сондықтан кет!

- Күйеуіңді көруге келдім, менің орнымды басқан қандай жігіт болды екен, сол қызық.

- Күйеуім келген жоқ, ал енді өз жөніңе бар

Тарс етіп есік жабылды, есіктің арғы бетінде баяғы сезімдерін айтып, Батырхан қалып қойды.....

 

*  *  *

Бұл неке мен үшін сәтсіз аяқталды. Бірақ өмірдің маған сыйлаған ең үлкен сыйлығы балаларым мен немерелерім болды. Елуден асқан шағымда осы бір естеліктердің бетін ашып отырған себебім,арадан жылдар зулап өтсе дағы мендегі сол қара қасты жігітке деген сезімнің жалыны сөне қоймаған еді. Бірде немерелерім келіп,қанадй да бір әлеуметтік желі туралы айтты, «Мой мир» деп аталады ғой деймін,сол жерден ескі таныстарымды тауып беретіндерін айтты:

-Ал, айтыңыз кімді тауып берейік?

Менің кімді айтатыным сөзсіз-ақ белгілі еді.

- «Батырхан Бекболатов» осылай іздеп көрші.

- Ооо,міне «Техникалық институт»,жасы елу сегізде екен,қараңызшы осы кісіме?

Оның да сымбатты келбетін уақыт аямаған екен,  алайда көзіндегі оты әлі де сөнбеген сияқты болып көрінді. Солай достық жіберіп,қайта сөйлескеніміз бар.Телефон тұтқасын алып, алғаш дауысын естігенде менің жастық шағымның бақытты сәттері құлағыма жаңғырық секілді естілді.

-Роза, сенің дауысың да,түрің де баяғыша нәзік қалпын сақтаған екен (суретімді көріп айтқаны ғой).

-Рахмет, сенде біршама жас көрінесің!

Осылай жастық шақтағы таспалар қосылды. Ондағы әрбір тастар,судың аққан сылдыры,әр жылғы көктемде бүршік атқан гүлдер біздің жадымызда күні бүгінге дейін сақталып тұрғанын қараңызшы! Әңгімеміз жараса кетті.Отбасы туралы сұрап едім,жауап ретінде үш әйел алғаны туралы айтқанда,көңілімдегі сол бір сезім су сепкендей басылды.Сол баяғы жүрегі махаббатқа берік жігіт,өз-өзін жәй ғана жоғалтқандай көрінді.Ойыма келгені,ол үшін үш рет отбасын ауыстыру оның бойындағы мен байқамаған «тұрақсыздық» қасиеті мен білетін «тез шешім қабылдау» қасиетінің қосындысынан туындаған дүние екен. 40 жыл бойы ол десе де соғысы жиілейтін жүрегімнің,бес минуттық диалогтан соң, мүлдем ештеңе сезбестей өзгергені менің өмірімді де кішкене жеңілдетті.Соңғы әңгімемізде, ол маған мен сыйлаған көк галстукты әлі сақтап жүргенін және кешке тойға сол галстукпен баратынын айтып еді. Сондағы әңгіменің соңы:

-Жақсы ендеше, көк галстукты үтіктеуді ұмытпа...