ШАДИЯР ЕСЕНӘЛІ. КЕТЕЙІН БАУЫР БАСЫП ҚАЛМАЙ ТҰРЫП...

АЙ (нала)

Тамұқтай түнде белгісіз қайда барарым,

Қамықпай бірден аспанға, айға қарадым.

Көруге ұялып, ай көзін бұлтпенен жапты,

Жалаңаш талды арсыз жел аймалағанын.

 

Көрініс көркем тəңірім берген есебін,

Көрікті ойлар сыйлай ма кеудеге сенім?

Сансыз жұлдыз ішінен жұбын таппаған,

Көктегі айдың тағдырын жерде кешемін.

 

Үңілдім айға бастапты көшін ілгері,

Түңілдім ойдан, жалғыздың кеші мұң ба еді?

Түсіндім енді... мен деген Айға ғашықпын,

Құмартып жүрген бір қыздың есіміндегі.

.........-айға ғашықпын!..

 

ШІРКЕУ ТУРАЛЫ ЕМЕС

Бақшада біздің алма гүлдеді,

Ал, жаным қалай жайнасын?!

"Мәңгілікпіз" деп алдадың мені

Мәңгілік болсаң, қайдасың?

 

Аша бастапты алмұрт та гүлін,

Берер ме дертке дауаны?!

Сүюді сүйген албырт көңілім

Сен жаққа ғана ауады.

 

Арыңдай ақ боп алша гүлдеген,

Салады ол да тәтті ойға.

"Өзіңді қатты аңсадым" - деген

Мазайлай бергіш хат қайда?!

 

Иіскедім де өріктің гүлін,

Өкіндім аздап өткенге.

Ұқпай қалғаным, көріктім, бүгін

Сағынтқан сен бе, көктем бе?!

 

Кетпейді көркем бейнең есімнен,

Есімде – епсіз сүйісу,

Керімсал кеште жейдеме сіңген

Гүлден де жұпар иісің.

 

Жырлайды гүлді ақын-бақташы,

Сен де бір гүлсің әдемі.

Өтінем, маған жақындатпашы

Жалғыздық дейтін бәлені.

 

Сезімнің шарлат байтақ әлемін,

Сарылтпа мені жат үшін.

Бақытпен төлеп қайтарар едім

Сүйгізгеніңнің ақысын.

 

...Келсе де құшып "сүйемін" дегім,

Сенбессің "бәрі аңыз"- деп.

Қолыма ұстап шие гүлдерін

Мен бақтa жүрмін бақ іздеп...

 

*  *  *

Бұлыңғыр бақыт, сағым саз, тосыңыз мені,

Тұрлаусыз ойлар тор көзді досын іздеді.

...Сен менің Алғашқы махаббатымсың!

(осы күздегі.)

 

Мұңсызым менің, мұңыма бай-мұрамысың?!

Жабыққыш жаным жазықсыз қайғырады шын.

Құдайым мені өзіңе шын ғашық етті!

(қай күнəм үшін?)

 

Еріте ме еліткіш сырдың еселенгені,

Ұғына алсаң сөзсіз-ақ кешер ең мені.

Сен секілді əдемі қыз көрмедім!

(кешеден бері.)

 

Есенгіреттің көңілге ене сап бəрін,

Естен шығарам өткеннің елес аттарын.

Мен өзіңді сүйемін соңына дейін!

(келесі аптаның.)

 

*  *  *

Сен менің толықсыған айым едің,

(Ай қарап түзу жолдан тайып едім...)

Мен көрмеген Жібектей әдемі қыз,

Мен бермеген көп сыйға лайық едің.

 

Өткеннің елесінен кету үшін,

Төзімнің тұрғыздың ба бекінісін?!

Білем, сені түндерде мазалайды

Менікіне ұқсайтын өкінішің.

 

Құдай неге мұң артты екен бізге,

Осылай өтерміз бе?!

Тағдырын Естай менен қыз Қорланның

Көшіріп жаза салды-ау екеумізге...

 

Түрлі ойлар қинайды жанды бүгін,

Мойындамай өмірдің заңдылығын.

Әр қылығың жадымда сақталып тұр

Ұмытуға ұмтылмас Мәңгілігім.

 

...Ал, жағалау орнында жатыр әлі,

Тым ерке қос ғашығын шақырады.

Сылдырап Есентайдың таяз суы

Мені терең ойларға батырады.

 

*  *  *

Қош деймін, қимастықпен қол беремін,

Босатам жүрегімнің бөлмелерін.

Тым қиын ол дегенің...

Ең соңғы сезімімді сығып жазған

Бұл менің саған деген соңғы өлеңім:

 

Кернесе қызғаныштан бұлыңғыр мұң,

Қаншама сабырымды шығын қылдым.

Бірақ сен жылындырдың.

Сезудің оңай жолы - шын бақытты

Төзуде екендігін ұғындырдың.

 

"Көзіңде сырлар жатыр қандай тұнық,

Сөзіңде әуез бар деп таңдай тымық"-

Кездейсоқ өміріңе еніп едім,

Кетейін бауыр басып қалмай тұрып.

 

Мені іздеме -  жан жылап, шөлдесе ерін.

Ұмытайын сырыңды мен де сенің.

Тұрақсыз екенсің деп ренжімессің

Тұрақты болсам саған келмес едім.

 

Қаяу түсер жаныма менің бүгін,

Бірақ, табам бұл мұңның жеңілдігін.

Мен сүйген алғашқы қыз сен емессің

Соңғысы да болмайсың, cенімдімін!

 

Дұрысы – осы. Сен де басқа аңызды ізде,

Енді айтпайық қысқа – наз, арыз – күзге,

"Әр істің қайыры бар" - дейді емес пе?!

Бұл тағдыр бір-бір Қайыр қарыз бізге.

 

Теңін табар сен кетіп босаған қол,

Өзің де  төзімменен дос адам бол.

Шаттығың басыңдағы таусылмасын,

Аққуым, осыменен қош, аман бол!

 

*  *  *

Түн. 2:55. Тас қараңғы.

Жұлдыздар жымыңдауды бастаған-ды.

Сені қатты қалайтын асау жүрек

Ойлағысы келмейді басқа адамды.

 

Ой тұнық. Сезім сынық. Жүрек кірбің.

Тұтқынына айналдым түнек түннің.

Сен жайлы тілектерді айту үшін,

Көп жұлдыз құлағанын тілеп тұрмын.

 

Ұйқысыз түн. Сағат тілі : 3-тен 40.

Көңіліме тосыннан күш берді үміт.

Сол бір күш ертең барып махаббатқа

Орнатқысы келеді үстемділік.

 

Солайша рухым жалын, от болады,

Сезіміме сенімділік кеп қонады.

Өкінішті, сол батылдық таң атқанда

Анау тұрған жұлдыздардай жоқ болады.

 

...Таң атқанда, тарқайды өлең шері,

Көтеріп өр еңсені.

Сыр тұнған  жанарыңа үңілмеспін 

Сыртыңнан көрем сені...