СОЛ БІР КҮЗДІ СҮЙЕМІН
Жаздың жанын жүнжітіп, дүрдана қып,
Бар шаттығын байқатпай ұрлап алып.
Сол қалаға тағы да күз келеді,
Сол бір қыздың жанарын мұңға малып.
Не болады, ертеңі не болады?!
Жоқ екен-ау шіркіннің тегі обалы.
Сырт адамға сыр ашпай жүргеніммен,
Ұмыта қойған жоқпын мен оны әлі.
Әлі есімде, білемін күз не істеді?
(Сағынған жан үмітін үзбес, тегі)
Бар үмітін үзіп ап жазатайым,
Жаза басқан жүрегін қыз кешпеді.
Содан бері қаншама күндер өтті
Қайран уақыт кімді аяп, кімді елепті?!
Сол қыздың бар қызығы қарашада,
Топ болып, қайтқан құспен бірге кетті.
Бөтен қала, бұл күнде бөтен мекен,
Көп ұзамай күз тағы жетер, көкем.
Мен қорқамын келер күз сол бір қыздың
Тағдырын тағы ойрандап кетер ме екен?...
Құдай талай өмірге өң кіргізді,
Құдай талай жүректі қор қылды ізгі,
Сол бір күзді жек көрсем қаншалықты,
Соншалықты сүйемін сол бір күзді
( Тура солай сүйемін сол бір қызды...)
ЖАПЫРАҚ ЖЫРЛАР ЖЫЛАЙДЫ
Жабырқау тағы қалаға күз келгені ме?
Жоғалды демде жаз қалай?
Жапырақ біткен жәудіреп біздерге егіле,
Жылайды келіп, жазған-ай.
Жылайсыңдар-ау барлығың жазды аяп ұдай,
Жанарларыңнан байқағам.
Жаз келе сала жамырап, бәз баяғыдай
Жайқаларсыңдар қайтадан.
Жарымай аз бір шаттыққа дала жүдеген.
Жаралы жанды жол емдер.
Жүнжіген бақта адамның табаныменен
Жаншылып жатыр өлеңдер...
Жауқазын жырға қош десіп қалдым дәрменсіз,
Жұбата алмадым, барлығын.
Жұлым да жұлым жаралы тағдырлар дерсіз,
Жапырақтардың әрбірін.
Жалт ете қалған жаз ғұмыр мынау алдамшы,
Жарқ етті тағы жоқ болды.
Жапырақтар-ау, жалынам, жыламаңдаршы,
Жыламадым мен көп болды...
* * *
Көз ілмей түнде, жұлдыз сөнерде ертемен,
Кеудеңді келіп кернеген кезде өрт өлең.
Оңай ма қалқам, өз кеудеңді өзің тырналап,
Өз өкінішіңе өзіңді өзің өртеген.
Амалым қанша, құдайдан жетсе бұл үкім,
Жаныма бір мұң маза берместен күні-түн.
Жұлдыздай бейне сөніп қалатын таң ата,
Менің де қанша үзіліп тынды үмітім.
Қанекей, кеудем, жетім ботадай боздашы.
Мәлім ғой маған сол сағыныштың тозбасы,
Жанымды менің қинап жүр әлі неліктен,
Екі жыл бұрын жылаған қыздың көз жасы?…
Қасымда менің қаларын білмей кім түбі,
Ой кесел құрғыр санамды күнде сілкіді.
Оңай дейсің бе, жұлым да жұлым жүректі,
Естелік біткен тілгілей берсе күн-түні.
Жат болды сол бір мейірімді жүз, жылы рең,
Сезген ем, бұрын бұлай боларын біліп ем.
Арманым енді алдамайды деп, сенемін,
Алдамайтын да шығар-ау бәлкім, шынымен...
КӨКТЕМ КЕЛЕДІ
Көктем келеді,
Көктем келеді!
Көктемге менің өкпем көп еді.
Мына жер тағдыры тоғысып сонда,
Ақын ғашығын өпкен жер еді...
Көктем келеді,
Көктем келеді!
Сол жылы көктем өктем кеп еді.
Егіліп сонда жылаған қыздың,
Көзінің жасы кепкен жоқ еді.
Көктем келеді,
Көктем келеді!
Қайғы басады көктемде мені.
Жылағанында жұбата алмадым,
Көктемім үшін сөкпеңдер мені.
Көктем келеді,
Көктем келеді!
Сол көктем мені көп тергеп еді.
Көз ілмей атқан көп таңым менің,
Мұңды өлеңменен шектелген еді.
Көктем келеді,
Көктем келеді,
Мүмкін бұл бәрін доғару.
Көз жасын көктем төккенде мені,
Есіне алады сол ару....
* * *
Айтарымды айта алмай, тынып барам,
Жан едім ғой, жан сырын досқа ашпаған.
Ұмытқанның барлығы ұмытпаған,
Қоштасқанның барлығы қоштаспаған...
Шын сүйіп, шын сағынып, шын қаталап,
Бола алмаған жан қанша, бірге мүлдем?!
Ілеуде бір болады шын махаббат,
Шын ғашық бола алмайды кім көрінген.
Жайлаған жалғыз нарсе миым ішін,
Адалдықты өлгенше кірлетпен еш.
Бір адамды шынайы сүю үшін
Онымен бірге болу міндетті емес.
Жабығып, жүз күрсіне, мың сыздана,
Өткенін жүрек еске жиі алады.
Ғашық адам жырақта, үнсіз ғана,
Сағынады, күтеді, сүйе алады!
САҒЫНЫШ
Түсіме кейде сол бір күз енеді,
Түсіме кейде сол бір қыз енеді.
Екеумізге ыстық боп көрінетін,
Сол бір жатақхананың сыз едені.
Ұяң мінез қыздар мен жігіттерміз,
Ғұмыр кештік, өзгеше ғұрыппен біз.
Тағдырымыз ұқсайды бір-біріне,
Барлығымыз үкілі үміттерміз.
Жатақхана, сыз еден, салқын бөлме,
Бағаланбас бағасы алтынмен де.
Апайымыз бар еді, бөлмемізге,
Ұрсып-ұрсып кететін әр кіргенде.
Сөнбейтін бөлмеміздің шамы бірақ,
Бойымызда жастықтың жалыны қап
Кілең қиял жатушы ек дірдек қағып,
Қабат-қабат көрпені жамылып-ап.
Болғасын еңбегі адал, бейнеті ұлық,
Уайымдап қалмасын деп, үйде отырып.
Хәл сұрап хабарласса, үй ішіне
"-Қарнымыз тоқ", дейтінбіз кейде өтірік.
Қайран сол бір достарым, аңғал бәрі,
Алатаудай асқақ-тын армандары.
Бұл күндері санаулы досым қалды,
Хат-хабарсыз жоғалды қалғандары.
Тек өлім құқылы деп, бізді айыруға
Ұмытты мені сол бір қыз қай жылда?
Қоштасарда сол балауса қызға берген
Сертімді әлі бұзғам жоқ, бұзбаймын да!
Кемді күн өмірімді мұң-нала қып,
Күндер өтіп, ай жылжып, жыл жаңарып
Уақыт құрғыр зымырап бара жатыр,
Менің балалығымды ұрлап алып...
ОРАЛУ
Кіндігімді кескен жұрт
Кір-қоңымды жуған жұрт
Қазтуған
Баурайынан сонау Алтынтөбенің,
Сағымданған жастығымды көремін.
Сол ауылда жалаң-аяқ доп қуып,
Еш алаңсыз өскен бала мен едім.
Осы менің өскен бағзы мекенім,
Жайлай қонған Қаржантаудың етегін,
Осы күнгі мен іздеген бақыттың,
Сезбеппін-ау сол ауылда екенін.
Осы маңда қалған менің көп белгім,
Бәрін қалай ұмытармын өткеннің?
Сол бір жылы қоштасар сәт келгенде,
Іштен тынып, қимай-қимай кеткенмін.
Сол күн әлі маза бермей жүр маған
Кейде есіме түсіп кетіп, сұрланам.
Мен ауылдан ұзап шығып кеткенше,
Жол шетінде қимай жылап тұрды анам.
Содан бері, жылдар өтті бір-бірден
Арылта алмай пәк өмірін кірбіңнен
"-Адам болам" деп кеткен сол баланың,
Ақын болып ораларын кім білген?...
ШЕР
Әлдебір мұң күлкімді жүр жасырып,
Сазардым ба білмеймін, бозардым ба?
Құрғаған су секілді құмға сіңіп,
Өмір өтіп барады көз алдымда.
Көп достарым бір жүрген мәнді өмірде,
Табылмады басымнан ауғанда бақ.
Аға дедім, алдаусыз әлдекімге,
Сол ағам кетті арқама қанжар қадап.
Жалт ете қалды білем, жазда аңғармай,
Десе де, үзілмейтін үміт бар бір.
Адамдар алдайтыны аз болғандай,
Түнде түстер алдайды, құрып қалғыр!
Бір жарасып, жұртпенен бір керісіп,
Жұбатып жұлым-жұлым жүрегімді.
Аузым күйіп, асымды үрлеп ішіп,
Сүріп келе жатырмын бұл өмірді.
Бірін ұғып, сөзімнің бірін ұқпай,
Дүйім ел, өзі өлтірді қалғандарын.
Мына жұмыр жүректе жұдырықтай,
Кім білсін, Алатаудай арман барын?!
Басыма төнердей-ақ, заман ақыр,
Жасымды білмеймін қай тұста сүртем?..
Анамды қарттық жеңіп бара жатыр
Әкем болса, анамнан үш жас үлкен…
Олар маған өмірді сыйлағандар,
Не себеп бар дейсіңбе, мұңаюға?!
Мені "шалдың баласы" дейді адамдар,
Күлейінбе қайтейін, жылайынба?..
Сұрқия ойға шырмалып қалдым тағы,
Өмір өстіп шығарады кейде есімді.
Ақ боз тартқан ақ шаштың әр бір талы,
Жүрегіме шаншылған ине сынды.
Күрсінсемде сорлы боп қалардай нақ,
Көз жасымды былайғы ел көрді қашан?
Мен жыласам жыладым, анамды ойлап,
Әкемді ойлап жыладым, мен жыласам.
Күндер өтіп барады, жыл жаңарып,
Сазардым ба білмеймін, бозардым ба?..
Ата-анамның ажарын ұрлап алып,
Өмір өтіп барады көз алдымда…