***
Жаныңды түсінбей ме, кейбір асыл?!
Сен де оларды ұқпайсың,
кейде ұғасың...
Теңіздей қиындықты көтере алмай
Көзіндегі тамшыға сыйдырасың.
Несіне адамдардан безінесің?!
Жалғыз жылағыныңның өзі де сын.
Көзіңнен ыршығанда бір ыстық жас...
Кімнің ыстық екенін сезінесің.
Көз жасың ғой – өмірді саралаушы.
Мөлдірлік сол. Қашан да жан - арбаушы.
Бәрін қойшы,
Қайтесің өзіңді алдап?!
Жылағың келсе, жылап алсаңшы...
***
Жас ағады жүзінен қыздың мақта,
Ұйықтап жатқан шығарсыз сіз бұл уақта...
Менің көңіл - күйімнен хабар беріп
Аспан тағы бұлттанды біздің жақта...
сай сүйегім сыздайды, білмейді көп,
Құтқарсыншы аспаным күн - бейнең кеп.
біз сенетін Құдайдың, кейде ойлаймын
Осы аспанға әмірі жүрмей ме деп?!
Сүйегімді уқалай түн қарайды.
сыздағанын жанының Кім қалайды?!
Аспан түгіл жердегі жыбырлаған
Адамдар да құдайды тыңдамайды...
Кетпесін деп айқайым сыртқа тарап
Әлемімді кілттеп, құлыптап алам.
Ертең қандай күй мені күтеді деп
үнсіз болжап отырам Бұлтқа қарап....
Уайым қылам қашанғы жайтты бұлай?!
Дұға етейін.
Айтқаныңды адамзат ұқпаса да,
"Аспан бұлты тарқасын", - айтшы Құдай...
***
Мен ұшқым келеді.
Мен ұшақпен де ұшып көрмегем.
Мені ұшырса, қиналады жер неден?!
Бір босатып, ұшырып жіберер ем
Кеудемдегі ыза - кекті кернеген.
Кенеттен құсқа айналып ұшар болсам,
О, дүние!
Басқа кеңістік.
Басқа дем.
Аспанға қарай бірден заулап ұшып,
Құс тұмсығыммен бұлтты мамықтарша шашып тастар ем!....
Сосын, аспан бұлттанбайтын болады.
***
Жүректі тыңдамаймын.
Дейді: "Үнін тағы тыңда"
Хаттарды кінәлаймын
Келмеген уақытында.
Арада шақырымдар,
Көнбейді уақыт деген...
Адамды шақырыңдар,
"Емдейді уақыт" деген?!
Жауабы қайда, дерек?!
Мен сенгем,
өкінішті.
Барлығы айта беред,
Барлығы өтірікші.
Менің де ғашығым бар,
Сүюге қауіптенем.
Ақынды шақырыңдар,
"Сүюді бақыт" деген...
Төзбесең, осалмын де.
Алынбас шың қамалдар.
Махаббат – бос әңгіме.
Мені де тыңдамаңдар...
***
Бірде ауыр, ал бірде жеңіл ой көп.
Өмір осы.
Бір күрсініп аласың "Өмір - ай!.." деп.
Әлдекімдер бірдеңе деп кетті ме,
Шытынай бердің неге көңіл - әйнек?!
Жапырағын жанымның дір еткіз мың –
Мен бе әлсіз?!
Қолдаушым да, қорғаным, тірек те - өзім.
Тағы біреу жаныңды ауыртты ма,
Жасаурай бердің неге жүрек - көзім?!
Суық жел де жанымды қалтыратқан.
Мен бе тоңған?
Шыдайықшы, өмір ғой, сан жылатқан.
Бәзбіреулер мезгілсіз жұлды ма екен,
Үзіле бердің неге жапырақ - жан?!
Шыдаңдаршы.
Мен шыдамай, өмір ғой, кемсеңдедім.
Сен ғой Жүрек, Көнілім, Сен - сенгенім.
Ешкім мені көтеріп, жетелемес:
- Көтере аласың ба, еңсем, бәрін?!