ҚОҢЫР ӘНІМ
Кірпігіне мұз қатқан ақпан анау,
Терек, қайың жалаңаш бақ та жадау.
Терезеге бір мұңлық телміреді,
Сағынышын дәл мендей таппаған-ау.
Сүңгі мұздар шатырдың сырғасындай,
Сүмбілеге сұқтанам сырласымдай.
Қалып қойған сезімдер құс жолында,
Қала берген кеудемде сыр да ашылмай.
Кімге айтамын ғашықтық ғаламатын,
Кім түсінер жанымның алау отын.
Ай сәулесі шағылса ақ жүзіңе,
Жүрегімді тербейтін ғаламат үн.
Ұмыта алман ақпанның ақ әлемін,
Бозбала күн басталған бар әлегім.
Түсім болып оралса, сағыныштан -
тек өзіңді көруге барар едім.
Қарлықтырып мектептің қоңырауын,
Қол ұстасып кетерме-ек соңыра бір..
Айлы аспанын ақпанның тербетеді,
Құшағыма сыймаған қоңыр әнім.
СЕЗІМ ГҮЛІ СОЛМАЙДЫ
Еркелеші қыса түссем беліңнен,
Қашқақтама кездесуге келуден.
Түн құшағы тыныштықты бұзбастан,
Ай сүйеді үлбіреген еріннен.
Тал да, ши де сөйлеп кетер күбірлеп,
Қымсынасың тұрғаныңмен күлімдеп.
Сездіреді сезімдердің толқынын,
Сенің нəзік саусақтарың дірілдеп.
Жанарыңа шағылысса ай нұры,
Жарқ етеді жанның ішкі байлығы.
Түндер өтіп, сағынышты үдетіп,
Енді біздер кездесерміз қай күні.
Түн. Тыныштық. Сен жəне мен көшеде,
Тулап жатты жүрегімде неше өлең.
Бірте, бірте сөніп жатты шамдар көп,
Бірте, бірте сезім солай өше ме?!
Мүмкін емес, тіпті де олай болмайды,
Сезім жалған болса жаным сол қайғы.
Шық бүркеніп, мұз құрсанып жатса да,
Сезім гүлі, ешқашан да солмайды!
ТЫҢДАМА
Жүрек түбін, тілдің ұшын қуырар
Бұл жалғанның шындығы.
Пенделердің пендешілік уынан,
Мұң басады күнді ұлы.
Өзекті өртер өкініш-шер ұмтылмас,
Өлмегендер шыдайды.
Ой билесе жалғыз жанға түн сырлас,
Іздеп кетер Құдайды.
Сыбап, сілеп отырғанда таң атқан,
Тастай суық тағдырды.
Күй күрсініп сорғалады-ау шанақтан,
Үміт тағы жарға ұрды.
Алаңдама, жол әлі ұзақ сапар мың,
Балгерің де оттайды.
Жан-жараңды құшаққа алып батар күн,
Алмасады бақ-қайғы.
Өмір өзі батырады тереңге,
Шығарады шыңға да.
Тағдыр деген - тым тәкәпар керең бе?!
Керек болса -
Тыңдама!
* * *
Тыным кетер, түнім де өтер байқалмай,
Бұлтты құшып бауырында шайқалды Ай.
Терең жолдан қол ұстасып аттандық,
Тағдыр жайлы бір ауыз сөз айта алмай.
Қырлар қалды, сырлар қалды бұйығып,
Ғұмыр-ай деп кеттім қанша күйініп.
Көктем қалды, өткен қалды білемін,
Терең жолдан тағдыр жайлы күй ұғып.
Сен гүліңді, мен мұңымды ұнатып,
Қала бердік қара аспанды жұбатып.
Біздер жайлы аңыз қалды ауылда,
Шын ғашықтар қосылмайды... құба-құп.
Тыным кетер, түнім де өтер байқалмай,
Бұлтты құшып бауырында шайқалды Ай.
Терең жолдан қол ұстасып аттандық,
Тағдыр жайлы бір ауыз сөз айта алмай...
ҚЫР СОҢЫНДА ЖҮРГЕН ЕКЕМ ҚИЯЛДЫҢ
Жүрген шақта пәк сезімді кірлетпей,
Қалса деуші-ем, ай жылжымай, күн де өтпей.
Уысымнан сусып кетті қайтейін,
Уақыт дейтін пәтшағарың бір беткей.
Шын сезімді жүрегінен қияр кім..
Бала күнгі қылығымнан ұялдым.
Бір ауылдан шықпайтындай күн кешіп,
Қыр соңында жүрген екем қиялдың.
Сен бе,
Мен бе,
Махаббатқа құрбан кім?!
Сағынышым жанарыңа тұнды-ау мұң.
Есіміңді парақтадым түн сайын,
Елесіне елеңдеумен жылдардың.
Өзің барда сезім басқа, күй басқа,
Жан-тәніме сыйлайтын-ең күйді асқақ.
Түн кіргенде сен жолығып қалардай,
Терең жолға телміремін ши басқан.
Сенің мөлдір жанарыңдай ұяң күн,
Бәрін қалай сағынышқа қиярмын.
Мен өзіңді ұмытуы ұмытам,
Пәк сезімді ұмытуға ұялдым.
ҒҰМЫР БОЙЫ ОЙДА ЖҮРСІН ДЕДІҢ БЕ?!
Сенің мөлдір жанарыңның ішінде,
Менің ұлы сағынышым сайрап тұр.
Жыламашы өңім түгіл, түсімде,
Шын сүюге керегі жоқ айғақтың.
Сенің ыстық алақаның секілді,
Қара түнді жарып шыққан таң нұры.
Қиялыма ерік бердім не түрлі,
Саған бастап кете барды барлығы.
Бар құпия сенің ыстық деміңде,
Бас айналып, ақылымнан жаңылғам..
Ғұмыр бойы ойда жүрсің дедің бе?!
Елеске еріп, сені іздедім сағымнан.
Менің іңкәр көңілімнің айнасы,
Сенің аппақ кір шалмаған жүрегің.
Тағдырымның болса дағы айласы
Өзің барда місе тұтпан түнегін.
Мені оятқан ұлылық қой сендегі,
Көздеріңді шоқ жұлдызға теңедім.
Сезім деген - шексіздіктің шеңбері
Мені саған апарады,
Сенемін!