***
Тамылжытып қыркүйектің іңірін,
Жүрегімнің дүрсілдеттім дүбірін.
Күрең күзде күңіреніп естідім,
Күбір-күбір жапырақтар күбірін.
Түрілмеді бүгін ерте түндігім,
Терең ойға тереңірек сүңгідім.
Аспандағы ай жатқанда шалқадан,
Сағынбайды көктемдегі гүлді кім?
Айлы аспанда тым жарқарап сүмбіле,
Маужыратты ұзан қонған түнді де.
«Содан кейін жауын жауа бастады»
Жұлдыздарды қалың бұлтқа көмді де.
Сол бұлттардан қарақшының іздерін,
Тыраулаған тырналардың тізбегін,
Күзден қалған естеліктер болсын деп,
Зарығып та, сағынып дүр іздедім.
АУЫЛҒА СӘЛЕМ
Көңілімді басқан кезде ауыр мұң,
Мазам кетіп, түні бойы ауырдым.
Кеудемдегі сағынышым басылар,
Елестесе көрінісі ауылдың.
Жаз айы да өтіп жатыр аңқылдап,
Төбемізден қаздар ұшты қаңқылдап,
Көлге сәлем айтыңдаршы, ей, қаздар,
Жағасында отыратын ән тыңдап.
Сұлу қыздай жәудіреген жанары,
Аялдашы, Көкшетаудың самалы.
Қанжығаңа сәлем байлап берейін,
Сыйпап өтші өзім туған даланы.
Терең мұңға батыратын Күнді де,
Жұлдыз бермей жылататын Түнді де,
Туған жердің шөлін басып қайтайық,
Қара аспаннан салбыраған сүмбіле.
...Сен де бір күн сағыныштан өлерсің,
Келші, қане, бақыт құсы көгершін,
Торсығыма өлең құйып берейін,
Ауылымның төбесінен төгерсін.
АУЫЛДЫ САҒЫНУ
Жүрегімді жүдетіп сағынышым,
Жүргені рас күн-түні мазамды алып.
Ауылдағы әр атқан таңым үшін,
Өлең жазам, көресің ажарланып.
Қас қарая кеше әкем хабарласты,
Ауыл жайын ол біраз баяндады:
«Боран соғып, ұлыйды табан асты,
Көктем әлі құшағын жая алмады.
Жабағысын үйретіп інің де жүр,
Наурыз тойдың қосам деп бәйгесіне .
Анаң оған ұрсады іңірде бір,
«Құтырасың боранда, әй, несіне?!»»
Наурыз айы болғанмен біздің жақта,
Қисаймапты қалың қар мұрты да әлі.
Тебіндейтін аңғарды күн ұзаққа,
Жүдемесін ауылдың жылқылары.
Әр адамның жүзінде мейірім бар,
Келер көктем секілді күлімдейді.
Әлі қардың жатарын кейін ұғар,
Гүл Көктемді сағынсын бүгін мейлі.
Ауылымды ерекше сағынумен,
Сабылумен барады күндер өтіп.
Гүл Көктемнің жұпарын тағы кеудем
Аңсайды ғой, аңсайды түнделетіп…
КҮЗ
Күрең күзде мұң жамылған түндерден,
Жалығасың баяны жоқ күндерден.
«Жаз дәуренін жол ортада жоғалтып»,
Анау қырда гүл де өлген.
Көңілімдей жүдетіпті даланы,
(Жаз қызығын бітірмедім қап, әлі).
Қоңыр күзге аманат қып айдынын,
Бақыт іздеп құстар қайтып барады.
Кәрі шалдай мына ағаштың түрі анық,
Дірілдейді күз бұйрығын құп алып.
Қыркүйекте аспан неге тым ерке,
Қыркүйекте аспан неге жылауық?!
Періштедей би билеген жадырап,
Ақ қайыңнан үзіледі жапырақ.
Періштелер арасында қоштасқан,
Қос ғашық та ақымақ.
…
Бір ғажапқа жетелейді күзгі үміт,
Асығамын соған қарай үздігіп.
Қайтқан құстай бақытыма жеткізер,
Күйбең тірлік, ал, әзірше, бізді ұмыт!
***
Қаладамын.
Ауылдың да жүрегін жараладым.
Санамдағы аңсауды ауыл жайлы,
Ақ қағазға түсіру, бар амалым.
Қалың тұман көңілді тұмшалаған,
Сағыныштан құс қанат жыр самғаған.
Қайғы-мұңсыз өсірген, қайран ауыл,
Боларсың ба тым алыс мұнша маған?!
Туған ауыл жуған жер жөргегімді,
Саған барар жүректе жол бөгелді.
…Түс көремін. Түсімде жүрем ылғи,
Торғын белде желдіртіп торы дөненді.
Сұлулығы даланың қандай ұлы, ә?!
Самал желі бақ беріп маңдайыма.
…Қой кезекте ерекше күй кешемін,
Қой бүлдірген лақтырып таңдайыма.
***
Арман атты тұлпардың жетегінде,
Тағдырдың белесіне жетемін бе?
Құрысыншы, жазамын осы өлеңді,
Содан кейін ауылға кетем мүлде.
Оты сөніп кеудемде балалықтың,
Балалықтың бал шағын қалада ұқтым.
Ұзағалы мен сенен, қайран ауыл,
Жүдеп жүрген көңілі, қалалықпын!..
ТҮН
Аспандағы көп екен жұлдыздар тым,
Олар менің жаныммен мұңдасуда.
Көз жазып қалмайын деп түнді ұзарттым,
Бүгін бәлкім шығамын сырласуға.
Бізді көріп, Ай күледі мазақ қылып,
Ол бірақ біздің жайды түсінбейді.
…жанарынан жұлдыздар жас ақтырып,
Мен сүйген бір аруды мүсіндейді.
Көздері көрінеді мөлдіреген,
Ыңтық қылып барады еріндері.
Сүйіктім боп қалуға көндірер ем,
Ай жүргізбей тастады мені ілгері.
Сонысымен ұнатып жұлдыздарды,
Мазақ қылған сол айды жек көремін.
…үйге қайтып барамын түнде ызғарлы,
Айға мазақ болмасын текке өлеңім…
МҰҢ
Неге сенің жанарыңды мұң басқан,
Неге сонша күрсінеді түнгі аспан?!
Сені көріп Ай да сонша қамықты,
Жұлдыздар да жылап жатты тынбастан.
Аяй салдым. Сосын сөйлеп сайтаным,
Бүгін тағы… тағы өтірік айтамын.
«Сүйем» дедім, ғашық болған күйге еніп,
«Сүйші» дедім, бір өтсін деп жай таңым.
Ай күлімдеп, жұлдыздар да жыламай,
Жанарыңнан мөлдіреп жас құламай,
Мойыныма асылдың сен, сағынып,
Ерінімнен сүйе бердің шыдамай.
Уақыт бізден ұзай берді жұлқынып,
Ары қарай кетті ойымнан ұмтылып.
…әйтеуір тек мына жағдай есімде,
Қоштастың сен жанарыңа мұң тұнып.
БАЛАЛЫҚ
Кеше ғана аяқты шала басып,
Жүруші едім әкеме жағаласып.
Әкеме еріп жылқыға барғанымда,
Құтыратын жирен тай ала қашып.
Тастағым кеп бойымнан балалықты,
Мен дарыттым ойыма шалалықты.
Әрқашанда қасымнан табылатын,
Ең қадірлі асыл жан, Ана — мықты.
Мектеп кезі. Қоңырау…
Ұмытпаспыз,
Сол кездердің қадірін дым ұқпаппыз.
…Сыныпта ылғи күлімдеп отырушы еді,
Мен сүйетін сыныптас қыз.
Одан бері:
Күрең күзде жапырақ күбірледі,
Қыс та өтті, жаз сыры «бүгілмеді».
Сыныптағы мен сүйген сол арудай,
Талай Көктем күлімдеді.
Жылдар жүйрік асудан барады асып,
Қол бұлғайды күндер де қабағы ашық.
Балалығым кетіпті баяғыда,
Жирен тайдай ала қашып…