***
Сақ-сақ күлген жек көріп сағатты әр күн,
Ақ қағазға шерімді сан ақтардым.
Ал, сонан соң...
Сонан соң құлағымда -
Жанайқайы жыртылған парақтардың.
Жапырағын жанымның қырау басқан.
Түнерді әлем беймезгіл, түн аумастан,
Көшіп келген бұлттардың көңілі бос,
Жұбата алмай, қосылып жылауда аспан.
Көңілімнің аша алмай не түндігін,
Мен отырмын, жанымда жетім мұңым.
Көзімді ілсем - Қорымдар... Адасам кеп.
Өліарада қап қойған секілдімін.
Мына тырсыл ұзамай тынады анық.
Мынау аспан шыққанша күн ағарып,
Менің жаным секілді өздігінен
Жұбана алса жақсы ғой жылап алып.
Жұбана алса жақсы ғой, жұбана алса,
Жылай берді-ау, бұлттарда кінә қанша?
Тәңір жазған... аспаннан қара жерге
Тамшылардың ғұмыры - құлағанша.
Қанық шығар мендегі сырға түн-ақ,
Бұлттар көшті, көз жасын құрғатып ап.
Жалғыз қайың басында, тағдырласым -
Үзіле алмай тұр әлі бір жапырақ.
Жеткенімше сөндірме шырағыңды, үй.
Мең-зең қылып жіберді мына бір күй.
Әр түсімде әлдекім бейіт жақтан
Құлпытасын көтеріп шығады ылғи.
Өзім шығармын...
* * *
Ішім - қамау, шаршадым, сырт та - қамау,
Өлең өшті...
Ал, хаттар...
Жыртпағам-ау.
Түйдек-түйдек қалдырып көңілге мұң,
Көшіп кетіп барады бұлттар анау.
Күрең күздің күрсініп шығар демі,
Есеңгіреп, еске сап тұр əрнені.
Сол бұлттарға өтініш айтар болсам,
Сенің барып төбеңе жылар ма еді?
Жылуы жоқ, барады жат боп қала,
Көңілсіз бір орнаған сəт баққа да.
Төбеңе кеп төгілген жүрегімнің
Тамшыларын кетпеші таптап қана.
Ол - мендік жас, түн куə, жан көрмеген,
Ол - мендік жай, бейшара хəл меңдеген.
Алақанды жай-дағы, аспанға тос,
Жан жараңды жууға жəрдем берем.
Естеліктің əлі жүр есте дені,
Еш қаламай жалғаннан ештеңені.
Менің соқыр сезімім жылап жатыр,
Сенің керең күйіңді кешпегелі,
Ал, жүрегім...
Жүрегім не істер еді?..
* * *
Жылымды ұрлап сағаттар сағымды үкті,
Жаным көктік, ал тəнім қабірлік-ті.
Тақтаға да жаза алмас тағдырымды
Тар маңдайға сыйдырған Тəңір мықты.
Қырдан өсек қашқанда, ойдан бір сын,
Жоғалар жол іздедім қайран қыршын.
Сыртың сөйлеп тұрғанын ұқпайтындар
Ішіңде не жатқанын қайдан білсін.
Құлшыныстан арылдым, құса басып,
Өңнен соқпақ таба алмай, түс адасып.
Тек, түндерді "сырласым" деп ұққанда,
Кеткім келді дұшпанға құшақ ашып.
Берілгенде сын сағат - пендеге хəл,
Жетесіздер жетеді-ау жерлеген ар.
Бір кещеден қалғанда көңіл шіркін,
Жер-жаханды жек көру менде де бар.
Жарамсаққа іс түссе қазір ғана:
Атақты - апа,
Бай - көке,
Азулы - аға.
Пенделердің күнəсі пейілінде,
Періштенің кінəсі жазуда ма?
Бақыт бақи орнайтын бар ма шағы?
Аяй берсең адамнан ар қашады.
Соқа басың сорыңнан арылғанда,
Бақа-шаян балаққа жармасады.
Жаратқаным кетпедің жанымды ала,
Тамызық бер мұздаған тамырға да.
Көңілім-ай, күніне мың көмілген,
Жүрегім-ау, қамалған қабырғама.
***
Қабіріме қашалмас, мейлі өлеңім,
Қашанғы "көңілі үшін..." дей беремін?
Қанатым жоқ.
Шіркін-ай, аспан жаққа
ұшып кеткім келеді кейде менің.
Өкініш-ау... өткен күн өтемесі.
Бақытына баратын төте көші,
Жолы болғыш адамдар бұ Тəңірге
Не өткізіп қояды екен осы?
Шынында, күлкім - жалған, шекер - мұңым.
Шер ақтарсам, шертеді шекемді кім?
Дүние қуғандарға қайтіп айтам?
Кебіннің қалтасы жоқ екендігін.
Бəрі жалған екенін жиі ұқтырып,
Өтеді өмір. Өтеміз күйіп-күліп.
Апыр-ай, сонда-дағы биік-ті үміт,
Тағдырды тəңір берген сүйікті ғып.
Естеліктің шырқатып ежелгі əнін,
Көкейдегі көмескі кезерді ағын.
Көңіл-ай, көзді жұмып қарасам да,
Көз жұмып кетпейінше, сезем бəрін.
Жүрегіме қылғанмен жырымды егіз,
Арқа қағып, айтпайды ғұмыр лебіз.
Қиялдаған қанатым бітпесе де,
Көкке ұшып кетеміз ғой түбінде біз.
***
Көрмегендей жалғанда мүлде өкініп,
Күннің көзі күледі күнде өтірік.
Қайтқан құстың əніне əлем мүлгіп,
Терек-талдар тұрғандай тербетіліп.
Жəудіреп ай, жайылса түн етегі,
Тағдырым деп, - тапталып түбі өтері,
Жапырақтар жап-жасыл жылап тұрып,
Бір апталық ғұмырын жыр етеді.
Əлім бітті-ау алысып əр ойменен,
Айлы аспаннан нұр емес тарайды өлең.
Күз келерде мен неге көп күрсініп,
Кешегіме бұрылып қарай берем?
Тауқыметсіз тіршілік тағы алдайды,
Жалбарынып, төксе де жанар қайғы,
Күз келеді...
Ешкім де бізді аспанның
көз жасынан құтқарып қала алмайды.
Осы күзге о, неге бəрі құштар?
Жүрек іші - жанайқай, жарылыстар.
Сағыныш - ол сарғайып күту болса,
Сап-сары бояуларда сағыныш бар.
***
Өткен шақ... өткен - кіл өкпе,
Келерге жетпес тағы өрем.
Жауапсыз ғана жүрекке
Адасып кірген ақ өлең.
Біздерден қалған бар аңыз -
Үміт пен күдік, не түрлі...
Жақын да емес арамыз,
Алыс та емес секілді.
Ұмытқым бірақ келмеді.
Жалын ба? Жалын, ол сөнген.
Құмартып тұру мендегі
Қырсықтықпенен өлшенген.
Жолықпай қалсақ емдер кім?
Жолығып қалсақ кім деймін?
Сәл уақыт сендей сенделдім,
Сүймедім... сүйдім... білмеймін.
Түсімде - "Табам бір емін,
түсінем, бәрін айт" депсің.
Жаңылып соққан жүрегім
"Сағындым" десе, қайтпексің?
***
Мен бұрын мұнша мұңды болмағанмын.
Сен бұрын мұндай мұңсыз емес едің.
Тағдырым - соңғы хатты жолдаған күн,
Тəңір-а-ау, тарқамады неге шерім?
Өкінішім өзімді тапқанымша-ақ,
Ойы қызықтырмайды о, тіпті елдің.
Ішімде шындығымды ақтарып сап,
Түсімде саған өлең оқып бердім.
Жылдар...
Жолдар...
Бөледі тағы араны,
Бұл - өмір. Ертегідей емес, білем.
Көктем ғой... жер-дүние жаңарады,
Неліктен мен ескірем?
Тағдыр - дауыл, кетіппіз өтінде өліп,
Тəңір бізге жазбайды тағы əрлі сəт.
Сен мүлде сағынбаған секілденіп,
Мен мүлде ойламаған адам құсап
тағы да жолығайық көшеде ескі,
Жиілетіп барады күндер демін.
Ерте жанған жұлдызға кеше кешкі,
Сыр шертіп үлгермедім... Үлгермедім.
Жүрекке бұйырмапты-ау тоба, тыным.
Жарығым, жатар қалай ішің күліп?
Үнсіздіктің сонша ауыр болатынын,
Сəт сайын түсіндіріп.
Ойсыздау ғұмыр кешу оңай ма еді?
Ұнайды ма? Мен тіпті аңсамағам.
Сынық күйі көңілдің сол əйнегі,
Жараланып кетті екен қаншама жан?
Сəуірдің мезеттері мезі қылды,
Үп етсе үмітімді тағы үзеді.
Кірлеткен ең алғашқы сезімімді
Бұл көктем маған "бақыт" қарыз еді.
***
Көңілім саған күрсініп келді,
Көзімнен алшы мұңды ұрлап.
Тастайық сосын тіршіліктерді
Тас құлыппенен шынжырлап.
Өлеңге сөзім симай тұр, қарғам,
Өлсе егер сезім - ақтығым.
Біздерге бақыт қимайтындардан
Кетіп қалайық тап бүгін.
Тыныштық жанға табайық, күнім,
Бар дейді бақыт, сірə шын.
Кешегімізге бар айыптының
Кешіре салып күнəсін,
Кетейік, тастап жүректен жара,
Қимастықты енді жиып ал.
Тəуекел етсек, түнектен ғана
Біздерге бір жол бұйырар.
Қос жұлдыз əне, барады құлап,
Жүзімнен шаттық жүз ұға.
Жарығын əлем жағады, бірақ,
Таппайды бізді... Қызық, ə!
Ештеңе бізді тұсап қалмасын,
Айтпасын ешкім ақыл да.
Бұрмайтын жаққа ұшақтар басын
Кетіп қалайық. Мақұл ма?..