Әр ақын – өз әлемінің әміршісі десек, Нұртайдың әлемі – еркіндік әлемі. Жаттанды сезім, жасанды өлеңдерден аяқ сүрінетін алмағайып уақытта оның өлеңдері өзінің шынайы толғанысымен тартымды. Кең тынысты өлеңдерді оқып отырып оқырман ұйқастағы кей кемшіліктерді кешіре салатыны сөзсіз. Нұртайдың өмір коллизияларын көз алдыңызға келтіретін өзіндік көркем мәнері, ырғағы бары, оның өлеңдерінен әр оқырман өзін табатынына сенімдіміз. Ал, ондағы кеткен аз-кем ағаттық болса, оны әдеби сын мен талғам-талабы биік оқырманның еншісіне қалдырайық. Өлең оқыңыздар!
* * *
Мен сені сағындым, Жанэль!..
Самалдың сарнай соқса бетке лебі -
Уақыт менің мұңымды өткереді.
Сен жанымда жүргенде бүкіл әлем,
Тым бақытты сәтімді көп көреді.
Мен сені сағындым, Жанэль!..
Жапырақпен жармасып құласа үміт.
Қара аспан да жанымды жыласа ұғып.
Сен тартылыс заңынан күштірексің
Жүрген мені жазықсыз бағындырып.
Мен сені сағындым, Жанэль!..
Кеше күннің көркінен сәуле құлап
Сені ойлап тұр тағы үнсіз мәуелі бақ.
Сен де мені сағынып жүрсің бе іштей
Бірде күннің, бірде айдың сәлемін ап.
Мен сені сағындым, Жанэль!..
Терезеңді тағы ұрса тамшылап мұң.
Жігерімді жылдарға қамшылаттым.
Сені жаңбыр мұңайтып кете ме деп,
Қара аспан қаралы жасын бақтым.
Мен сені сағындым, Жанэль!..
Қоңыраулар үзіліп, хаттар солып,
Сарша сырым жанымда ақтаралып.
Самал жел кеп шашыңнан сипап кетсе
Жүрегімнің сағынып жатқанын ұқ!..
ҚОШТАСУ
Жүрегі дауаламаса да, қоштаса алатындар үшін...
Қоштасу бар алдыда - сөзсіз білдік,
Бұйырмайтын сияқты мұның бәрі.
Үкілі үміт, тұр алда көзсіз күдік,
Біз бекембіз, тағдыр ғой құбылмалы.
Қауышу да жоқ емес, құрбым, бірақ
Кімнің қалай түседі бетіне әжім.
Кетеміз деп қоямыз тағдыр сынап,
Мүмкін емес шындыққа жету әзір...
Сағыныш па сыбдыры жанды өпкен күз,
Махаббат па қартайған көзінде оның?
Қандай мазақ жаныңнан жырақ жүріп
Жүрегімде бақытты сезінгенім?!
Кез ілгері... қылар ек қандай күнә?
Көз ілгелі қиял да, қалау да - Сен.
Тағдыр мені жазбасын маңдайыңа,
Мен іздеген жерлерден табылма сен!
Табылма сен! Торықсын аспан сосын.
Сағынышты сіңірсін хаттар кәрі.
Анда-санда сабылған өлеңді осы
Оқып іштей жыларсың, артта бәрі...
Көкжиегін қызартып күн көмілсе
Кеудең өксік құшар-ау, көзің тамшы.
Көктем келіп, жер жүзін гүл көмкерсе
Бәйшешегін мені ойлап үзіп алшы.
Жылдар жортса, алдыңа ақын болып,
Келем қалқам, кезігем - көзімді ілмей.
Тағдырға сен, жүректі жақын қылып,
Кездесерміз мен білмей, өзің білмей.
Аспаныңа қарашы, айнам, бүгін,
Жас тамуға болады үзік моншақ.
Қоштасамыз деп жүріп сезім жібін
Абайсызда алқынып үзіп алсақ?..
Жазып алсақ қайтеді сырларды осы,
Пешенеге жазылған тағдыр сынды.
Мен ойлаған мәңгілік мұңдар сосын
Жадыңызға жалғыздық тағы ұсынды.
Қарлығаштар оралды...- өлке біздің
Қуаныштан ән салған сияқтанды.
Көктем тұрды алдында көркем қыздың
Қоштасудың артында Ұят қалды...
ХАНДРА
Сәттер сынып, айна жүзден арай ұшты...
Сынықтары сен ұстаған қолымды ылғи кеседі.
Кеселі көп, көлгір мінез түлен түрткен жындыдай
Өң мен түсте бір-ақ жанды көп ойлайды деседі...
Тарам-тарам тағдыр жолдан тайқыған көп, тайған көп,
Ойран болып, обыр ойдың салдарынан ақ сезім.
Сені сүйген ес ауыс шақ, еңкіш көңіл тоналған
Өзге түгіл өзімді де танымаған жат кезім.
Сезім арын көп аттаған, біз кәніккен өтірікші шығармыз(?)
Шырағданын сұлу шақтың күнәлі оймен өшірген.
Қия басқан, қағілездеу сезіміңді сұрықсыз
Менің қандай жомарттығым кешірген?
Құлай-құлай биік тозар, сезім семер - уақыт ұзақ кемірген,
Келелі ойлар келешекке жеткізе ме, жарығым?
Үстел үсті, көп жазбаған қалам мен
Сен жазбаған хаттардың да — бәрі мұң...
Мұң меңдеген мезгіл тынық, не борансыз, не жырсыз.
Тереземді сығалайды үбек қаққан сорлы үміт.
Жидіген жан жақсылыққа жарамсыз һәм аярлы
Келе жатыр шетсіз, шексіз жол жүріп.
Желкенімді сезім кеулеп, адастырды аңғалдық
Сана жібін соқыр құмар матады.
Жапан түзде құлазыған мазарындай ақынның
Жалғыздығым жүрегіме жат әлі.
Сәттер сынып, айна жүзден арай ұшты,
Сынықтары сен сүймеген жүрегімді тіледі.
Тағдырымды табан асты қалдырып
Тек сен жайлы ойлағым-ақ келеді,
Тек сен жайлы ойлағым-ақ келеді.
ЖАС
Жанарың жанды жұбаныш көрмей жабығып,
Жұлқиды есің жұлым жылдардың желісін.
Көңілің күйреп көрмеген ешбір жан ұғып
Еңкілдей бердің не үшін?
Елең де алаң сәт туып сосын жадымда
Жылжып жатaды жер шары сынды көз жасың.
Ақ құба беттей жасыңды жұтып алдым да,
Тылсымға айналдым, кеңістік болып туғасын.
Кездерде керуен күй көшіп жатыр көңілшек,
Кереғар тағдыр тоғыстырыпты біздерді.
Мен де жылайын, сіз де жылаңыз бүгінше
Жыр да жылайды…Кім білсін, бәлкім, сізге ерді?
Тоңғақ ойлардың тостағындағы у-шәрбат
Төңкеріп тастап, тәлтіректеді...тозды ақын.
Қытымыр аяз қатырған жасың шытынап
Қысқа айналдырды қағілез, қатал күз де атын.
Паң болмысымды орамал қылдым жасыңа,
Топалаң тағдыр тұтқасын бермей қойғасын.
Қауқарым құлап мұңыңнан әрі асуға
Ұмыту – сірә, көңілге медеу, ойға сын.
Жас парлап келіп жатсынды жерді, адамды
Ақындығымды аттап өтті де шерменің.
Содан кейін бе, сағыныш басты санамды
Көз жасын әлі тыя алмай жүрген Сен дедім.
Қателігіне қалтырай қарап жасы үдеп,
Қара көздердің таусылар емес жылғасы.
Кіл күнәларды кеше ала ма екен бұл жүрек
Кіл күнәларды кеше ала ма екен бұл ғасыр?!