***
Жұтылдың ба екен тынып ішіңнен түнге кей,
Сезімге қазір Өзім де өгей, Сен де өгей…
Мен жылап қалдым “көк аспаныңның” астында,
Жан дауысыммен үндемей…
Бар дауысыммен үндемей…
Сені де мендей мұңайтады ма дерт кілең,
Өршіл жанымның өлшенбейтұғын екпіні ең!
Ақ махаббаттың шырқау шыңына жете алсам,
Ол сенің арқаң деп білем…
Сен жасын е(ді)ң,
жарқ еткен көптің ішінен,
Өзіңді неге өзімдей, айтшы, түсінем?
Соңында қалған орындалмайтын арманның
Мен сенің бала құсың ем…
Сонда да бірақ…
Өмірдің аттап сызығын,
Өзіңе тастап сәби жанымның үзігін…
Сен жоқ Оралдан жаз көшіп бүгін барады,
Сен жоқ Оралдың күп-күрең енді күзі бұл…
Жұтылдың ба екен тынып ішіңнен түнге кей,
Сезімге қазір Өзім де өгей, Сен де өгей…
Мен жылап қалдым “көк аспаныңның” астында,
Жан дауысыммен, бар дауысыммен үндемей…
Элегия
(I)
Сормаңдайлар мына біздей жоқ тегі,
Көз жасы боп қарашыққа мұң сіңген.
Мен сен жайлы ойлағанда, көктегі
аспан жылап, Алатау да күрсінген...
Қос жанардың нұры сөнген секілді,
Көктөбеден көрік кеткен, сән кеткен
Ғашықтықтың балладасын не түрлі
Алғашы рет сонда жүріп әндеткем.
Сұр перденің арасынан сығалап,
Қу әйнекке телміреміз еріксіз.
Сен болмасаң Алматының ең әсем
жерлерінің барлығы да көріксіз...
Сезгендей-ақ жүректегі мұңды кіл,
Кәрі таулар тыныштыққа бас ұрған.
Тимирязев.
Кофехана.
Түнгі бір.
Көрмеген боп өте шығам қасынан.
Күз келсе айып жапыраққа тақпа түк,
Жаны жетім мен сияқты оның да.
Қурағанша тәнін жерге таптатып
кетпеші деп жылап жатқан жолыңда.
Мекеніне кештеу жеткен хабар бар,
Қалам - қару, ал жазылған тор - түнек.
Бір-бірімен түйіспеген жанар бар,
Бірін-бірі ұғынбаған жоқ жүрек.
Үнсіздікті ұға алсақ қой құба-құп,
Мен-мен деген сезімдер де тым әлсіз.
Ғашықтар жүр бірін-бірі жұбатып
Тек біз ғана сыңарсыз...
***
Жолданбаған хаттарыма жыр куә!
Сезіміме түндер куә бейкүнә!
Теңіз болып толқын тербеп тілдесіп,
Аспан болып ақ арайдан нұр кешіп…
Қайыры жоқ тәуекелге бас ұрып,
Талай күнді бұлт ішіне жасырып –
…біз екеуміз – жаңбыр болдық жаумаған.
Шағаламыз қиқу әнге салмаған.
Біз екеуміз – еріп кеткен ақ қармыз,
Біз екеуміз – ерте біткен ақпанбыз…
Біз екеуміз – сары ала күз сағыныш,
Біз екеуміз – жазылмаған жазымыш…
Басымыздан талай нәубет өткеріп,
Тағдыр бәрін қалғандай ма көп көріп?!
Қыз-қыз қайнап өкінішім тұр іште,
«Кетпеші!..» деп жылайтындай Періштем.
Мен ажалға асықпаймын дегенмен,
Сенің ғана құшағыңда өлер ме ем?!
Аттап өтіп бұйрығынан Құдайдың,
Құшағыңа үнсіз келіп құлаймын…
Сен туралы түрлі ойларға көмілем…
Айтпай кеттім екен тағы нені мен?
Өткен күннің буына үнсіз масарып,
Тамып жатты қимастықтың жасы анық…
Мұң сіміріп алдыдағы құс жастық,
Біз екеуміз жас боп тамып, қоштастық…
Тербетіліп бесігінде дәуірдің,
Тербеп бізді тұрғандай ма тәуір мұң?!
Менің мәнсіз ғұмырымның – ғажабы!
Менің мәнсіз ғұмырымның – Ғазалы!
«Сен!» деп үнсіз тілейтіндей тек іштен,
«Сен!» деп үнсіз сыбырлайды Періштем…
Сағымға еріп бара жатып Мен күлдім,
Сағымға еніп кеттің де Сен ұмтылдың…
Қош!..
***
Біз ешқашан жолықпайтын көшемен,
Жолығудан жалықпайтын көшемен.
Ізін қуып есте қалған көп күннің,
Ізін қуып есте қалған көп түннің
«жалғыз» өттім кеше мен…
Басын иіп жолымдағы ақ қайың,
Ақ қайыңның жапырағын қайтіп қана таптайын?
Көз алдымда ойнақтайды сағым сәт,
Кеше ғана орын алған шақтайын…
Мың құбылып сабыры жоқ көңілім,
Күйін кешіп тірінің һәм өлінің.
Осы жолда өтіп жатыр өзіңсіз
Менің мынау мағынасыз ғұмырым.
Алыстатып тентек тағдыр араны,
Қала бердім, болмай басқа амалым.
Жалғыз кезіп сен жүрмейтін жолдарын,
Сен тұрмайтын қаланың…
Қуысында көкірегімнің мұң сыздап,
Қанаттарым қатулы ғой сенсіз де-ақ…
Кімді, не деп жазғырамын мен бұған,
Болған ба еді мұңсыз бақ?..
Біз ешқашан жолықпайтын көшемен,
Жолығудан жалықпайтын көшемен.
Естелігін теріп ескі күндердің,
«жалғыз» өттім кеше мен…
Сен ешқашан оралмайтын қаланың,
Мен сені іздеп бара алмайтын қаланың,
Көшесінде жалғыз кетіп барамын…
Біз алыс болайықшы…
Сүйгеннен де жақын боп кетпес үшін,
Сосын, сосын көзден жас төкпес үшін.
Күтемін деп тағы серт бермеу үшін,
Ол мекенге қайтадан келмеу үшін.
Айға атыңды жасырын айтпас үшін,
Жалғыздықпен дос болып қайтпас үшін.
Өрт сезімге сірә да жанбау үшін,
Ұмыт болып қайтадан қалмау үшін.
Жарты әлемнен міз бақпас мекен іздеп,
Тағы, тағы жақын боп кетеміз деп
...әлі жүрмін сенделіп, маза бар ма?
Тек біз емес, бұл жолда жазалы ар да.
Сен үнсізсің...
Айтарың жоқ білемін,
Менің неге жылайды тас жүрегім?
Сағыныш па?!
Құдай-ау, аз ба бәрі.
Сәруәр мұң, жүректің маздағаны...
Бірақ, бірақ менің тас жүрегімді,
Сен секілді еш пенде қозғамады.
Жарамызды кіл мықты емдесе де,
Қайран жоғын білеміз,
Мен де!
Сен де!
Бағым менің!
Басымнан тайғанаған,
Қоңыр түнде мұң мені аймалаған...
Мөлдір жырым Жайықтың кешіндегі,
Нұр жүзіңді параққа көшірмеді.
Менің жалғыз сүйгенім неге керек?
ӨЛЕҢ сені сүймейді,
Кешір мені!
***
Көздеріңде күлкім кетті, жастығыңда иісім…
Қарашығым мөлтілдеген қарашыққа түйісіп…
Өмір көрдім алғаш сонда, тілдесуден ең үнсіз,
Ғұмырыма айналдыңыз бейуақытта менің Сіз…
Сіз армансыз – менің мылқау үмітімді жалғаған,
Сізсіз енді бұл тірлікте мен іздейтін бар ма мән?
Сіз – ең тәтті есте қалған менің ерке шақтарым,
Дүниеге жан даусыммен айта алатын ақтарып…
Сіз – жақыным, жалғыздыққа болған мендік араша,
Жеңісімсіз – тартып алған тағдырыммен таласа…
Сіз – тәтті түс, түндерімде сыйпалаған шашымнан,
Мәңгілігім татитұғын шексіз, шетсіз ғасырға…
Шексем-дағы мехнат талай, жұтсам-дағы қайғы кіл,
Сіз жоқ өмір қалатындай мазмұнынан айрылып…
Сәттерімде жылап қалған, сәттерімде қорыққан,
Сіз – алғашқым, жұбатуға сонда мені жолыққан…
Сіз – әуенсіз, жан сарайын жүрегімнің еліткен,
“Тәңір Әкем алыстатып қойды бізді неліктен?…”
– деп үн-түнсіз іштен тынып, ертелі-кеш үздігем,
(Сосын…)
“Қайыстайын” қаймықпастан сүйем шексіз Сізді мен…
Жанарларға оқтай өткір “Мен” болып бір нұр сіңді,
Мен жыласам – бірге жылап, мен күрсінсем – күрсінді…
Сол көздерде күлкім кетті, сезім кетті тоналған,
Сол көздерде өзім кеттім, жас боп тамып жоғалған…
Сол көздерде бір нұр қалды сіз үздігіп іздеген,
Сол көздерде Сіз қалдыңыз, мен үздігіп іздеген…
***
Айта алмай кеткен сыр бар,
Қарашы көздеріме.
Сендегі суық жанар,
Оны да сезбеді ме?..
Кімге айтам ақтарылып,
Сезімді тереңдегі?
Мен сенің ең бақытсыз
Аруың өлеңдегі...
Үнсізсің... Жауабың жоқ,
Тұр бәрін сезіп ішім.
Мен үнсіз қалар ем ғой,
Бір ауыз сөзің үшін...
Ойыңда басқа ару,
Алдыңда көктем қызың.
Біртүрлі маған ыстық,
Тоңдырып кеткен күзің.
Көңілім астаң-кестең,
Жұлқынып тар әлемге.
Өмірде қалмасаң да,
Қалсаңшы, қал өлеңде...
***
"Қош бол" дедік,
Қара аспан да ағыл-тегіл жылап тұр.
Уақыт шіркіннің білмеппіз қайда асығарын.
Ей, ерке Жайық, мұңыма менің құлақ түр,
Қайдасың, бағым?
Жаяу келемін Достықтың даңғылыменен,
Тағдырым бұрын дәл бұлай кектенбеп еді...
Қайғымды жуып көк аспан жаңбырыменен,
Оралға ертең сағынған көктем келеді...
Таста тіл қатты. Ей әлем, құлақ түр маған!
Тісіңді неге қайрайсың, ашынып, арбап.
Сәттерім қайда Құдайдан жылап сұраған
Бөліске түспей қалған ба тамшыдай бір бақ?
Жалғыздық деген бейне бір мұң сияқтанып,
Ол өтіп барад(ы) қолында тал гүліменен.
Тамырдан үзіп алған сол гүл сияқтанып,
Сүйреліп, ақсап,
Сай-сүйек қақсап
Мен әлі келем Достықтың даңғылыменен...