САҒЫНЫШ
Көкірегімді қайғыдай қарып,
Қажытты бір мұң, талдырды.
Көзіңнен мөлдір айнымай қалып,
Тұрды ойда тұнық əн мұңлы.
Іздейді көңіл əні несіне
Өлген күн, өткен елесті?..
Сендік мінезді салып есіме
Сан түннің жібек лебі есті.
Жан сырын айтып - наз үнің сынды
Жан үздіктірген түнге айлы,
Сəуле етіп аңсар, сағынышымды,
Соны іздеп жүрек тынбайды.
Бүгінін тəрк қып, өткенге елтеді,
Тілейтіні оның - тəтті мұң.
Сонда да, жаным, неткен келте еді
Қайран да менің шат күнім?!
...Неткен сырлы еді!.. - Жұлдыз ағады.
Мақпал көк жасын тұр сүртіп.
Жасаурады да тұрды жанары,
Тұнық бір мұңлы əн ұмсынтып.
Ұлық бір нұрдан айнымай қалып
Лаулатқан жүрек алауын
Жұмыр Жерді, əні, Ай жүр айналып,
Ал бізге серік - нала-мұң.
Неге мұң ғана?.. неге, əнім?!
* * *
Күншығыстан салқын бір еседі леп.
Түксиеді - кең көңіл кешегі көк.
Таразының кəрі айдап мақта бұлттар,
Бірі қалмай бірінен көшеді кеп.
Жаздың-дағы, дариға-ай, өткені ме-ей?!
Мұң жайылып келеді көкке дүлей.
Тірілтеді-ай өлген күн, ескі шерді
Сонау қырда сұр нөсер төккен үдей.
Шіркін құстар!..
Көңіліне нала тұна,
Сәлем жолдап мәңгі өлмес ән атына,
Жылу іздеп жалғаннан барады ұшып,
Бір-бір жырдан іліп ап қанатына.
Мен де сөйтіп,
Алдансын деп көңілге ән қондырдым,
Көнер ме деп ырқыма жалған бір күн.
...Өрт боп жанып қайтерсің бататынын
Таңда қырды ақ нұрға малған Күннің?..
Жұбанғым кеп,
Деймін сосын: "Құстар да келер қайтып."
Әннің үзілгеніне сенем қайтіп?
Жырдың тоқтайтынына сенем қайтіп?!
Оралар-ау, оралсын...
бірақ, құрбым...
Келеді олар мүлде өзге өлеңді айтып...
Көзім көкте, көңіл пәс, сана күңгірт.
...Тағы да, əне, қазбауыр дара бір бұлт
Құбылаға бет алып қызыл жалқын,
Еріксіз барады ілбіп…
ҚАРАОЙДАҒЫ ОЙ
Қараой.
Бұ жерде ер Махаң жатыр, білемін.
Осында алған деседі ақырғы демін.
Ат-шапан қуған жалпаңдар шапса да басын,
Жасыта алмапты шіркіннің батыр жүрегін.
Қанатын жаза шырқаған ұшып аспанда
Өр қырандықты қулықтың мысы басқан ба?
Өксікке толып өзегі Қараой қалған ба,
Өкпесі қара қазан боп Ықыластарға?
Өткелін бермей тұрғанда қыр-асу алдан,
Тоқтамай тартып шыққан ба ұлы асыл арман?
Есітіп күйін, кеп тұрмын, киесі тылсым
Қараойдан қасқыр тағдырдың куəсі болған.
Қанға қараймай сан басты бөлген қылышы,
Жалынға кірмей біткен бе еді ерлердің ісі?
Жасымен елдің аты өшіп залымдар қалды-ау
Кең далаға да сыймаған кердең жүрісі.
Ерлік пен қулық. Батыр-рух. Ақын-жыр. Өлім...
Осында алған деседі ақырғы демін…
* * *
Үнсіздікке Жер бөккен шақта мына
Жайған сырды мен түнге ақтарыла,
Сезем, сенем, көз ілмей, осы қазір
Естіп сенің жүрегің жатқанына.
Жарық Айдан бөлмеме саулаған нұр -
Білем, өзің мұңайып салған ән бұл.
Оны ұқтырған -
кеулеген көкірегімді
Сенің тұнық көзіңнен аумаған жыр.
Ұдай көңіл жүрсе де шаршап, жүдеп,
Ұлық нұрды, тынбасын, аңсап жүрек,
Ұмсынсын да сендегі тылсым сырға,
Өкінбесін, соққанша ең соңғы рет!
Бақ қой, жүрек аңсаудан қажып, талса,
Сезе алмайтын сол бақты ғаріп қанша?
Түстерімнен жоғалма,
сендік нұрдың
Белгісімен өңімде жолыққанша.
Жан шіркіннің сол болсын алданғаны.
Қиял - мәңгі. Өзгенің жалған бәрі!
Көп елестің бірі боп кете көрме,
Өтінерім сол ғана, бар болғаны.
Қайырлы түн!..
* * *
Күңгірттеу шақ уайымға тұр салып,
Күлкі-ойынға зауқым болмай бүгін түк.
Күй төгілген көңілімді мұң шалып,
Күйкі өмірден жібергендей түңілтіп.
Адал ардан көрмеп едім əрі аттап,
Жүрмін мұңға жиі ұшырап, алайда.
- Не болды, - деп, - аңғал ақын ары аппақ? -
Батқан күн де мүсіркеумен қарай ма?
Жасып-жүдеп, дəрменсіз боп қалам ба
Мұңды уатқан тұрған кезде өлең-от?
Күн күркіреп қоя берсін одан да,
Батқан күннің аяғаны керек ед!