ӘЛИ БЕКМҰХАНБЕТОВ. СОЛ БІР КҮЗБЕН ҚАЙТАДАН ТАБЫСТЫРШЫ...

ҰМЫТ ДЕЙСІҢ

 

Естеліктер кешегі қол бұлғайтын.

Бастан кешкен сезімдер, ол кімге айқын?

Шынымен де махаббат болмайды екен,

Күйдірмейтін адамды, тоңдырмайтын.

 

Ұмыт дейсің...

Ұмытуға оп-оңай себеп, қәні?..

Өшпепті есімің де терек те, әні.

Таңдайыңда бәрібір қалады ғой,

Бал-күндердің тәп-тәтті, бөлек дәмі.

 

(Жолдар, жолдар... көпсің-ау адам басқан,

Ақ-қарасы кезекпен сан алмасқан.)

"Ұмытылды өткенім" дедім саған

Жалғаншыдан бір шындық таба алмастан.

 

Өткен күндер айналып көшеді еске,

Мен де өзіммен түсемін бос егеске.

"Уақыт емші бәріне" дедің неге,

Жара қылған бәрін де осы емес пе?!

 

Жолымыз бөлек, дедің, шамасы анық.

Содан аспан кеткендей аласарып...

Барам енді жол салып, қиқалаңдап,

Қу тағдырға барлығын жаба салып.

Мұңнан сарай тұрғызып, қала салып.

 

ЖЕРҰЙЫҚ САЯБАҒЫ

 

Күзгі бақ. Самал жел... "Жерұйық"...

 

Мұңсыз бұлттар көзіне жас алмайды,

Күздің тымық күн райы қашан да әйгі.

Қарсы алдымда "Жерұйық" саябағы,

Таппай кеткен шарқ ұрып, Асан қайғы.

 

Өткен күндер қол бұлғап шақырғаны-ай.

Өткен шақтан боп кеттік ақын қалай?!

Осы бақта бір қызбен серуендеуші ек,

Сезім оты күйдіріп... жақындамай.

 

Періштеге ол қызды ұқсатқан ем,

Бір адамның бақытын ұстатты әлем,

Атқыласа жүрегім жанартау боп,

Кеудем шыдап жүріпті қыспаққа әрең.

 

Шөлдете түсуші еді шырын-сезім,

Қызғанушы ем қараса Ай, үңілсе Күн.

Бар әлемді ұмытып "Жерұйықта"

сөзіне ұйып ол қыздың жүруші едім.

 

"Жерұйық" деп қойды екен атын қалай?

Сенсеңіздер, сыршыл бақ ақынға бай.

Адам ата секілді бұл жұмақтан,

Біз де айырылдық Құдайым мақұлдамай...

 

Сол шақтардан бүгінге көшкен елес.

Сол шақтардай көңілді кестелемес.

Сол арусыз "Жерұйық" маған бүгін

Жұмағың не... тозақтан еш кем емес...

 

АҢСАР

 

І

 

Сізді аңсадым...

Содан соң күзді аңсадым...

Аңсадым мен қайтқан құс қанатымен

Зерлі аспанды шимайлап сызған шағын.

Мына өмірде аңсаумен, сағынумен

Аман жүрер екенбіз біз қанша күн?!.

 

ІІ

 

Сізді аңсадым...

Бақтардан алас ұрып,

Өңменімнен өтсе де қара суық.

Қол ұстасқан теректі қызғанам да,

Өлең жаза бастаймын тағы ашынып.

 

Сізді аңсадым...

Күттіріп күз де келді.

Күзге ұқсайтын мен сізді іздегем-ді.

Бақыт деген ұлы ұғым қонақ болып,

Мәңгілікке кеткендей бізден енді.

 

Сізді аңсадым...

Бұлдырсың, тұмандайсың,

Не десем де көрінер қиялдай, шын...

Бұл өмірді қалайша жек көрмейсің,

Бұл өмірді қалайша сүйе алмайсың!?.

 

Сізді аңсадым... тағы да сізді аңсадым...

Телініпті тағдырдан бізге арса мұң.

Аңсаттырмай, жауап бер, о Құдайым,

Сіңілісі қай жақта Күз ханшаның?!

 Сізді аңсадым!..

 

ЕЛЕС

 

Өмірдің самал желі өпкенменен,

Бір мұңға батырады өткен деген.

Көзді арбар дүниенің ғажабының

Өзіңе ұқсап бәрі кеткен неге?!

 

Өзіңе кеткен неге ұқсап бәрі?!

Ұқсап бәрі, шығармас ұшпаққа анық...

Өмір сүріп жатыр ғой елес-бейнең,

Кең байтақ көңіліме қыстап қалып.

 

Гүлге ұқсатам бейнеңді ара-тұра,

Көремін көбелектің қанатынан.

Үздігіп маған қарап тұрғандайсың

Ай болып мақпал түнде жаңа туған.

 

Жаныңмен, жүрегіңмен үңілші деп,

Дәл сендей, жұлдызды аспан күлімсіреп.

...Өткенде, жаңбыр жауған.

Терезеден көріндің тамшы болып,

бірінші рет.

 

Қанатты Періште ме, Ұлы Құс па,

Айналдың беймәлім бір құбылысқа.

Байқатпай жүрегіме жасырынып,

Ойнағың келіп жүр ме тығылыспақ?!

 

Ғажайыпсың, сан түрлі жерге көшер.

Толқын болып, шақырдың көлге неше?

Үмітімнің шөлінде көретінім

сағым екен, алдамшы. Сен бе десем.

 

Көрсем де елесіңді, көзім күлер.

Өшпейді сондықтан да сезім, білем.

Көбелек те, гүл де емес... көре алсам ғой

Бір-ақ рет болса да өзіңді мен.

 

Шіркін!

 

АҚҚАН ЖҰЛДЫЗ...

 

Көңілімді, қамбаз түн, сезе алдың ба?

Бұл күнде жоқ мен сүйген гөзал мұнда.

Ұстатпаған ең соңғы үмітімдей,

Жұлдыз ағып барады көз алдымда...

 

Зәу биікте бір орын таба алмастан

жұлдыз ақты. Мекені болар басқа...

Қоңылтақсып көңілім қалғанындай,

Жетіспей ме бірдеңе саған да аспан?!

 

Өткеніне қалдырып бұл қаланы

жұлдыз ақты, сағыныш-мұңға оранып.

Жұлдыз ағып кеткендей мәңгілікке,

Бар қызығын өмірдің ұрлап алып.

 

Түн... Бақ іші...

Иінінен дем алып жатқан бұл күз...

Жұлдыз болып жоғалды бақтан бір қыз...

Тілегімді орындай аласың ба,

Саған бақыт тілесем, Аққан жұлдыз?!

 

Мен оқыған тыңдаушы ең жырды ұзақ түн,

Сол бір кезде бақытты ем, мұңсыз-ақпын.

Қалдырды екен аспанға кім сызатты?

...Жұлдыз ақты!

 

КҮЗДЕГІ ЖАУҚАЗЫН

 

Білерімнен көп екен білмейтінім,

(Мінім де бар бойымда мін дейтұғын).

Білмеппін, сол күзде өзің жолыққанша,

Жауқазынның күзде де гүлдейтінін.

 

Бір көргеннен ұнаттым сені білем,

Жауқазындай жайқалдың көңіліме.

Сенің қоңыр мінезің күзге ұқсайтын,

Алтын күздей бек әсем көрініп ең.

 

Сол бір күзім, айрықша аңсап тұрар,

Сонда көрдім айды да ән сап туар.

Сол бір күзде ерекше бақытты едім,

Мұңға бүгін батырған сол шақ шығар.

 

Азап пенен жүрсем де қайғыңды ішіп,

Қанатыңды қиялда жайдың құсым.

Түнгі аспанда екеуміз тыңдаушы едік,

Жұлдыз жырын және де ай күлкісін.

 

Таппай жүрек шерменде жандай тыным,

Тағдыр берген "сыйының" қандай түрін?..

Сол бір күзден мен енді, анық білем,

Сол жауқазын ешқашан солмайтынын.

 

Бақ ауылы сәл менен алыс тұрсың,

Уақыт, шіркін, төзімді тауыстың, шын.

Құдай сенен жұмақты сұрамаймын,

Сол бір күзбен қайтадан табыстыршы..